Батыс тарих философиясыныњ негізгі



Pdf көрінісі
бет15/32
Дата05.05.2023
өлшемі1,93 Mb.
#90520
түріМонография
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   32
Байланысты:
қazaқtanu-tarih-filos.

қатынас. 
Ұлы Моғолдар мемлекетін және басқа да орталықазиялық 
ортағасырлық саяси бірлестіктерді зерттеу нәтижелері сол замандағы 


105 
бірлестіктерге қазіргі уақытта өмір сүріп тұрған этнонимдерді тарату-
дың шекті екендігін көрсетеді. Бұл этностар көптеген жағдайда өздерін 
Шыңғыс ханның және оның ұрпақтарына қатысты бірегейлендіріп 
отырды және діни ерекшеліктер де маңызды болып шықты.
Шағатай ұлысы саяси екі жікке жарылғанда ислам дінінің әсері 
басым Самарқан, Бұқара жағы Жетісулық тайпаларды кемсітіп «жете» 
(дінсіз, бұзақы деген мағынада) деп атаса, жетісулықтар оларды 
«қараұлыс» (қараунас) деп атаған. Осы қайшылыққа қарамай Бабыр 
өзінің Шайбани ханға (1451-1510) қарсы күресінде қазақтармен одақта-
сып, жақтасып отырған [96, 136]. 
Ұлы моғолдар империясындағы билеуші топ түрлі түркілік және 
парсыланған моңғол тайпаларынан құралғаны белгілі. Жаңа мекенде 
олар империяның «саяси халқы» ретінде қалыптасады.
Захир ад-дин Бабырдың «Бабырнама» еңбегіне мәтіндік, 
герменевтикалық және типтік талдама.
«Ферғана» деп аталатын «Бабырнаманың» бірінші бөлі-мінде 
һижра бойынша 899-908 (б.з. 1493-1503) жылдары автордың өзі басынан 
өткізген оқиғалар тарихи-мәдени кеңмәтінде қарастырылады.
Мұрагерлік дәстүрмен Захир ад-дин он екі жасқа қараған шағында 
Ферғана аймағының билеушісі болып табылған. Кітаптың басынан-ақ 
Бабыр өзінің Әмір Темірдің шөбересі Омар Шейхтың ұлы болғандықтан 
өзінің бұл өңірге билік жүргізуінің заңдылығына еш күмән келтірмейді. 
Тарихи өмірбаяндық әдістемені қолдана отырып, Захир ад-дин өз 
әкесінің адалдық бейнесін әділ суреттеп береді. Омар Шейхтің шыққан 
тегі мен сырт келбеті, мінезі мен әдеті, әйелдері мен айқастары оның 
тұлғалық, саяси, мәдени орнын айқындай түседі. «Омар Шейх мырза 
ханифит жолын тұтатын, діншілдігі берік еді,... сауатты болатын, 
«Хамсаны», мәснауи кітабын, жылнаманы, көбінесе «Шаһнаманы» 
оқитын... Өзгенің жерін жаулап алуға келгенде ол еш нәрседен 
шімірікпейтін: бейбітшілікті – соғысқа, достықты - қастыққа айырбастап 
шыға келетін» [87]. Бабырдың өз өміріне назар салсақ, оның әкесіне 
ұқсап баққысы келгендігін аңғаруға болады. Әкесінің мінезі мен әдетін 
суреттей келе, Бабыр оның көрсеқызарлығы мен құмарпаздығын да атап 
өтеді.
«Бабырнаманың» бірінші бөлімінде Орталық Азияның мәдени 
ерекшеліктері туралы да көптеген мағлұматтар келтіріледі. Мысалы, 
Ташкенттің аты Шаш, кейде Чач деп жазылады делінеді. «Чач садағы» 
деген сөздің төркіні де содан шыққан болу керек деген болжам жаса-
лынады.
Өзінің нағашы атасы моғолстандық Жүніс ханның ұрпақтарының 
тағдыры туралы жазбаларында Бабыр Қазақ хандығына қатысты көпте-
ген деректер келтіреді. Айталық, Жүніс ханның үшінші қызы – Хұб 
Нигар ханым, ол Мұхаммед Құсайын Гурхан Дулатқа күйеуге шыққан. 


106 
«Хұб Нигар ханымның баласы Хайдар мырза еді. Әкесін өзбектер 
өлтіргеннен кейін, ол үш-төрт жыл менің қасымда болды. Содан кейін 
рұқсат сұрап Қашқардағы Ханға кетті.
Алтын, күміс, қорғасын, 
Нендей асыл болмасын, 
Тартады өз тегіне. 
Енді ол орнықты, байсалды азамат болып, жақсы жолға түсіпті деп 
естідім. Жазуға, сурет салуға машық, жебе жасауға, зергерлікке, садақ 
шыбығын июге қолының ебі бар. Он саусағынан өнер тамған жігіт. 
Ақындық дарыны да бар еді. Ол менен кешірім сұрап хат жазыпты, сөз 
саптауы тәп-тәуір», – дейді Бабыр. 
Захир ад-дин Мұхаммед өзінің шешесі жағынан туысы сұлтан 
Нигар ханымның қазақтың атақты ханы Қасымға күйеуге өз еркімен 
шыққаны туралы айта келе, Қасым ханның ерекше мемлекеттік 
қайраткерлігін еске салады. Бабырдың бір әйелінің шешесі арғын руы-
нан. «Хорасанға келгенімде көріп ұнаттым да, құда түсіп, Кабулға алып 
келген соң үйлендім», – дейді «Бабырнаманың» авторы.
Этникалық сипаттамаларда әр заманның өзіндік ділін қашанда 
ескерген жөн. Мысалы, Бабыр Самарқан қаласының 140 жыл Әмір Темір 
әулетінің қолында болғанын айта келе, «бұл өзбектің қайдан шыққан 
жау екенін білмеймін, жаулық жасай келген жат жұрт аяқ астынан 
қаланы басып алды», – дейді. Өзінің ата жауы – Шайбани ханды 
суреттегенде, Бабыр оны «даланың жолбарысы» деп атайды. Бұл жерде 
Шағатай әулетінің Мауеренахрдағы қалалық мәдениеттің, ал Жошы 
тұқымдарының далалық мәдениеттің өкілдері екендігі аңғарылады. 
Қалалықтар мүмкіндігі болғанда көшпелі өзбектерді қуып шығуға дайын 
болған: «Кейбір қамалдағы өзбек даруғалары қорық-қанынан өздері 
қашып кетті, ал кейбір қамалдың тұрғындары өзбектерді қуып шығып, 
өздері бізге қосылды, кейбір жерлерде бастықтарын қамап, қамалдың 
қақпасын бекітіп алды. 
Осы кезде Шайбани ханның туыстары, бала-шағасы, оның 
қызметкерлері Түркістаннан келді; ал Шайбани хан болса Қожа Дидар 
мен Әли-Абаттың маңында еді. Қамалдың қолыма қиындықсыз өтіп, 
адамдардың өз еркімен маған келіп қосылып жатқанын көрген Шайбани 
хан, отырған қонысын тастап Бұхара жаққа беттеді. Құдайдың 
қолдауымен үш-төрт айда Сағуда мен Мианқала қамалы бізге қарады» 
[87]. 
Әрине, ХV-ХVІ ғасырлардағы көшпелі өзбектер мен қазіргі өзбек 
халқының арасындағы этникалық айырмашылықтарды ескерген жөн. 
Кейін Ферғананы билеген Қоқан хандары өздерін Әмір Темір әулетінен 
шығаруға ниет білдірген.
«Бабырнамада» сол заманда Орталық Азияның оңтүстік шығыс 
аймағын мекендеген моғолдардың салт-дәстүрі мен мәдениеті туралы 


107 
көптеген деректер келтірілген. Захир ад-дин өзінің нағашы жұрты 
моғолдардың түркілерден де, өзбектер де бөлек екендігіне назар 
аударады:
«Біздің басымызға Шайбани хан сияқты жау пайда болды; оның 
қастығы моғолдарға да, түріктерге де бірдей; оның қарекетін қазір 
ойламаса кеш болады, ол туралы әзірге біздің иеліктерімізді түгелдей 
жаулап алмай тұрғанда, күші де басым емес кезде ойлануымыз керек. 
Мынадай бәйіт бар емес пе:
Отты сөндір, сөндіре алар кезінде, 
Өртке айналса өртенерсің өзің де. 
Қолдан келсе жауға болма нысана, 
Жауыңды жой, қарауылға тез іл де... 
Кіші ханның адамдарының бәрі моғолдарша киінген: моғол қалпақ, 
алтын зерлі жіптермен кестеленген, қытай жібегінен тігілген шапан. 
Моғол қалқан, сауыт, ерлері жасыл шегіренмен қапталған, мінгені моғол 
жылқысының сәйгүліктері. Мұның бәрі олардың салта-натын 
байқатады». Немесе Бабыр Ауғанстанға жорық жасағанда сол елдегі 
моғолдардың көпшілігі өз еріктерімен оның әскеріне барып қосылған.
Жалпы алғанда, «Бабырнаманың» бірінші бөлімінде үш әскери-
саяси топтың: моғолдардың, Жошы тұқымы билеген түркілердің 
(өзбектер, қазақтар т.т.) және Әмір Темір әулетінің арасындағы 
қатынастар жан-жақты суреттелген.
Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр еңбегінің бір құндылығы оның қазақ 
халқының этногенезі туралы көптеген деректер беруінде тұр. «Қазақ» 
этнонимінің пайда болуы туралы тарихи әдебиетте көптеген 
түсіндірмелер мен пікірлер бар екендігі мәлім. Егер «Бабырнама» 
мәтініне түркілік әскери топтардың мемлекет құру тәжірибесіне көңіл 
аударсақ, онда Мұхтар Құл Мұхаммедтің белгілі алаш қайраткерлері 
Ж.Ақбаев пен М.Тынышбаевтің еңбектеріне сүйене отырып, келтірген 
сараптауы көңілге қонымды болып табылады.
«Ж.Ақбаевтың пікірінше, тарихи әдебиетте «қазақ» ұғымы «солдат, 
әскер, шерік, әскерилер (әскери сословие)» мағынасында қолданылады. 
Бұған дәлелге түрлі тарихи құжаттардан үзінділер келтірілді. Атап 
айтқанда, Қазан ханы Абдуллатиф ұлы князь Василийге «өз казактарын 
соғысуға» жібермеуге уәде беретінін жазған; өзбек ханы Ибақ 1000 
«казагымен және Ноғай мырзалары 15000 казагымен Алтын Орда ханы 
Ахметке шабуыл жасап, оны өлтірген» және т.т.» [96, 319]. 
«Әскер және атты әскер» ретінде «қазақ» сөзі Кавказда да, Алтын 
Ордада да, Өзбекстанда да, Көшімнің Сібір хандығында да, Қырымда да, 
Түркияда да қолданылған. Басқаша айтқанда, тарихшы М. Тынышбаев-
тың пайымдағынындай, халықтың өзі емес, бұрынғы Алтын Орда 
халықтарының бүкіл әскер бөлімдері Қырым мен Кавказда, Сібір мен 
Моғолстанда (Моғолстан – Жетісу) қазақтар деп аталған».


108 
Керей мен Жәнібек хандығының әскери-саяси бірлестік ретінде 
құрылғанына, оның әлеуметтік негізі белгілі бір этникалық топ емес, 
қайта казактардың әскери сословиесі болғанына тарихи әдебиетте 
Ж.Ақбаев бірінші болып назар аударды деуге толық негізім бар. Тек 
белгілі бір уақыт өткеннен кейін, осы саяси бірлестікке басқа ұлыс-
тардан жай халықтың келіп қосылып, оның жер аумағының кеңеюіне 
қарай, ол мемлекетке айналған да, халқы қазақтар деп атала бастаған, 
сөйтіп ол енді әскери-саяси емес, этникалық мән алды. Бұл үрдіске 
барлық пайпалардың түркі тегінен шығуы себепші болды. Әлбетте, 
халықтың қалыптасу үрдісі бірнеше ұрпақ өмірі бойы жүріп жатты. 
Әскери-саяси бірлестікті құрған әскери сословиеге өзбектер деп 
аталатын жай халық келіп қосыла бастағандықтан, бастапқыда оның 
халқы өзбек-қазақтар деп аталды. Мұны «Тарих и-Рашидиде» Мұхаммед 
Хайдар Захир ад-дин «Бабырнамада» растайды». 
Еуразиялық 
Ұлы 
Далада 
қалыптасқан 
мәдениеттің 
төл 
туындыларында этикалық-дидактикалық желілердің басым болатынды-
ғына тарих куә. Ж.Баласағұни мен М.Қашқаридің, «Кодекс Куманикус-
тың», Қ.А. Иасауидің ж.т.б. еңбектерінде жақсылық пен жамандық, күнә 
мен кінә, қанағат, тәубеге келу сияқты әдептік ұстындар тартымды 
суреттелген. «Бабырнама» да бұл тұрғыдан жеке тұрған жоқ.
Көшпелі және отырықшы түркілік халықтарға тән «құттылық», 
«әділдік», «имандылық», «ынсап» тәрізді ұғымдарды Захир ад-дин 
мұсылмандық парыз кеңмәтінінде қарастырады. Мысалы, Самарқанда өз 
билігін қалпына келтіргеннен кейін, Бабыр тоналған мұсылмандардың 
барлық заттары қайтарылсын деген жарлық шығарады. Ол, әсіресе, 
қатігездік пен зұлымдыққа әуес билеушілердің қылықтарын қатты 
айыптайды. Осы жөнінде «Бабырнама» мәтінінен бір үзінді келтірейік: 
«Хұсрау шаһ осы кезде Байсұңқар мырзаны Хисардан шақырып 
алған. Бұл кезде өз әкесіне қарсы шығып, хазарлықтарға кеткен Ұлықбек 
мырзаның ұлы Миран шаһ мырза хазарлықтарға әр түрлі қылықтар 
жасап, онда да орныға алмады. Ол да Хұсрау шаһқа келді. Кейбір келте 
ойлайтындар үш ханзаданың да көзін жойып, Хұсрау шаһтың атынан 
құтба оқу керек деп есептеді. Мұндай істі пайдалы деп таппаған, жалған 
дүниенің баянсыздығына мән бермей, өткінші өмірдің қызығына бола 
зұлымдық жолға түскен бұл опасыз жан жас кезінен өзі тәрбиелеп, 
баулыған Сұлтан Масуд мырзаны ұстап алып, ине сұққызып көзін 
ағызып жіберді. Мырзаның емшектес бауырлары, құрдастары, қарт 
қызметшілері Самарқандағы Сұлтан Әли мырзаға алып бармақ болып 
Кешке келді. Бірақ Сұлтан Әли мырзаның адамдары Сұлтан Масуд 
мырзаға өшпенділік ниетте екенін көргеннен кейін, Кештен қашып, 
Шарджу өткелінен өтіп, Сұлтан Құсайын мырзаға беттеді. Мұндай 
зұлымдық жасаған, осындай зұлымдыққа барған адамды жүз мың мәрте 
қарғыс атсын! Мұндай зұлымдықты естіген адам бұл сұмдықты естіп, 


109 
лағынет айтуы керек, егер ол адам сұмдықты естіп, лағынет айтпаса, 
онда ол адамның өзін қарғыс атады!». 
Захир ад-дин өз жақтастары мен одақтастарының арасында 
кездесетін шарапқұмарлық, пашшақұмарлық, нәпсіқұмарлық сияқты 
исламға жатпайтын теріс әдеттерді де аяусыз әшкерелейді. Елбасылары-
ның бейбастығына, бұзақылығына халық қатты налиды.
Жасырғанмен жанның ауру жарасын, 
Өліміңмен әшкере боп қаласың. 
Осал деме жүректің наласын, 
Ол аһ ұрса, жанартау боп жанасың [87] 
Ерекше атап өтетін жәйт: «Бабырнаманың» тәлім-тәрбиелік ұстындары 
әйгілі Жүсіп Баласағұнның этикалық қағидаларымен үндес келеді: 
110. Есіңе ал елдің көне мақалын: 
«Ұлға қалар аты, орны атаның. 
246. Жақсы атпен ерлер алғыс алады,
Жаман атпен қарғыс қана табады.
274. Ақыл көркі тіл болғанда, тіл көркі – сөз, 
Кісі көркі жүз болғанда, жүз көркі – көз. 
1664. Ұят, шындық, түзу қылық қосылған, 
Үш тарау жол көрсетеді жосылған. 
1865. Қайда тисе қиянаттың аяғы, 
Бар жақсылық сол арадан таяды. 
4057. Оң аяқпен аттап кірген есіктен, 
Жарлық берсе, ықтиятпен есіткен. 
4114. Қақалғандай қақырынып, түкірме. 
Бұл – надандық, қадіріңді түсірме. 
4115. Малдас құрмай, жата кетпе жантайып, 
Қарқылдама қатты күліп,шалқайып. 
4129. Оң қолмен қойған асты алдыңа, 
Әуелі алла түссін аузыңа. 
4506. Ұл-қызыңа әдеп үйрет, білім бер, 
Екі дүниені қызығынан күлімдер. 
4509. Қара ұлыңа, сенделіп бос жүрмесін, 
Қаңғыбас боп кетер текке жүргесін [97]. 
«Бабырнаманың» «Кабул» деп аталатын екінші бөлімінде Захир ад-
дин Мұхаммедтің өзіне ерген бар-жоғы 300 адаммен, көптеген 
қиындықтар көріп, ақырында Ауғанстан жерінде билік еткені жөнінде 
жазылады. Бұл жерде Бабырдың жеке басының ерлігі мен даналығын 
атап өткен жөн.
Әдістемелік тұрғыдан тарих философиясы үшін әскери топтың 
бөтен халықта билік жүргізуі маңызды болып табылады. Оның 


110 
теориялық қағидалары О. Тоффлердің «бөтен мәдениеттің соққысы» 
ілімінде баяндалған. Мәдеиеттің соққысы – ештеңеден бейқам саяхатшы 
жаңа бір жерге келіп түскенде, сол жердегі өзге мәдениеттің саяхатшыға 
ететін ықпалы. Ғаламдық Корпустың еріктілері бұл ықпалды Борнео мен 
Бразилияда сезінген. Марко Поло да бұдан Катайда зардап шеккен болса 
керек. Яғни, «мәдениеттің соққысы» – саяхатшы кенеттен «ия» деген сөз 
«жоқ» дегенді білдіретін, келісілген бағаның айналасында келіссөздер 
жүргізілетін, қабылдау бөлмесінде күту қорлық болып есептелмейтін, 
күлкі – ашуды білдіретін жерге тап болғанда бастан кешетін күй. Бұл 
соққы қарым-қатынастарға сызат түсіріп, жағдайды еркіне бағын-
дырудан айырып, ақиқатты бұрыс түсіндіруге алып келеді. Соған 
қарамастан, «мәдениеттің соққысы» өзіне қарағанда салмақты дерт 
«болашақтың соққысына» қарағанда әлдеқайда «жұмсағырақ».
Бабыр Ауғанстанға жорыққа шыққанда,, әрине, сол елде тұратын 
түркі, моғол тайпаларының қолдауына үлкен үміт артты. Іс жүзінде 
солай болып шықты. Ол қатты қантөгіссіз Кабул мен Ғазни 
патшалықтарын иеленді. Бабырдың ісін жеңілдеткен бір факторға сол 
аймақтағы халықтардың көпэтникалық құрамы да жатады.
«Кабул аймағында әр түрлі ұлттар мекен етеді. Ойпат пен 
жазықтықта аймақтар, түріктер мен арабтар; қала мен кейбір қыстақ-
тарда сарттар, жалпы аймақта пашай, парадж, тәжік, беркі, ауған 
тайпалары мекендейді. Ғазни тауында хазар, никудер тайпалары өмір 
сүреді, сол хазар мен никудерліктердің ішінара кейбіреулері моғол 
тілінде сөйлейді.
Таудың солтүстік-шығыс жағында кәпірлердің Катур, Гибрик 
қыстақтары, оңтүстігінде ауғандардың қыстағы бар.
Кабул аймағының тұрғындары он бір немесе он екі тілде сөйлейді; 
бұлар: араб, парсы, түркі, моғол, үнді, ауған, пашаи, парадж, гибр, бирж, 
ламған тілдері. Бізге мәлім ешбір аймақта әр түрлі тілде сөйлейтін 
мұншалық көп тайпа мекендемейді», – дейді Бабыр.
Бір орталықа күшпен бағындырылған құрама елдің тағдыры одан да 
қуатты күш келгенде беймәлім болып кетеді.
Ауғанстанды жаулап алғанда Бабыр екі түрлі саясат ұстанды: 
бағынбаған тайпаларды қатал жазалап, ал өз еркімен билікке 
көнгендерге алым-салық белгіленіп қойды. Бабырға дейінгі Ғазниді 
жаулап алған Ала ад-дин Ғұрид бүкіл бұл өлкені қиратып кеткен 
болатын. Бабыр тоғандарды қалпына келтіріп, орталық билік жоқ 
жағдайында қаптап кеткен қарақшыларды жазалауға кірісті.
Бабыр өз істерін Шайбани ханның Гератты басып алғаннан кейін 
жасаған зұлымдықтарына қарсы қояды.
«Шайбани хан Гератты алғаннан кейін (екі) шаһзаданың бала-
шағасына әңгіртаяқ ойнатты, оларға ғана емес, бүкіл халыққа қасірет 
шектірді. Қысқа өмірдегі аз күнгі қызыққа бола ол жарамсыз қылыққа, 


111 
дөрекілік іске барды. Шайбани ханның Гератты ең алғашқы тұрпайы ісі: 
арамзалық пиғылмен, өш алмақ қара ниетпен Хадиша бикені 
зинақорлықпен бұзылған Шаһ Мансұр Бахшиға зорлатқызып, қорлатты. 
Қасиетті адам Шейх Пуранды Әбді әл-Уаххаб моғолға берді, оның 
ұлдарын өзге жұртқа үлестірді. Шайбани хан барлық ақындарды, 
дарынды адамдарды Молда Беннаидің қарамағына берді.
XVI ғасырдағы Орталық Азиядағы этникалық процестерді түсіну 
үшін Бабыр, Дулати, Әбілғазы, Қадырғали сияқты тарихи жазылған 
еңбектермен қатар, көшпелілер арасында кең тараған ауызша 
тарихнаманы да ескерту қажет. «Бабырнаманың» үшінші бөлімі 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет