Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқас (роман)


АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕГІ КӨРІНІСТЕР



Pdf көрінісі
бет11/45
Дата19.05.2023
өлшемі1,68 Mb.
#94921
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   45
Байланысты:
199Бауыржан Момышұлы-Москва үшін шайқас 230330 123802

АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕГІ КӨРІНІСТЕР 
Рахимов пен Бозжанов батальонды аралап, дайындық қызметін атқара берсін. Ал, оқушы, 
сіз екеуміз алға — соғыс болып жатқан жерге барып, кеш батқанша, ең болмаса шет-
жағасын көріп қайталық. 
Мыканино деревнясына баратын жолмен он жеті жауынгер жүріп келеді. Олардың 
алдында баяғы өзіміз білетін лейтенант Петр Угрюмов. Ол жан-жағына жалтақтамай 
қолын құлаштап, ешқайда бұрылмай, сілтеп басып барады. Тұрпатына қарағанда, бұл 
айналада болып жатқан арпалыс - шайқастың бәрін елемей, адымдай басып бара жатқан 
сияқты. 
Ақ құба келген, ұзын бойлы бір жігіт аяғын жылдам басып, сапты қуып жетті. Бұл — 
политрук Григорий Георгиев... 
Айнала күңіреніп снарядтар мен бомбалар түсіп, жерді қопара көтеріп, отты қара 
жалынын құйындай аспанға үйіре будақтатады. Миналар аңдай ұлып, келіп түседі де тарс 
етіп жарылады, оқтар зу-зу өтіп жатыр... Кейбір үйлер жанып жатыр, алдыңғы жақта бір 
окоптан екінші окопқа жүгіріп жан таласа соғысып жүрген жауынгерлер, биік 
қыраттардағы бақылау пунктінен төңіректі мұқият қадағалай қарап тұрған командирлер 
көрінеді. Траншеялар жонын тілгілеген сұрғылт дал ада сойқаны шығып соғыс жүріп 
жатыр. 
Кетіп бара жатқандардың бәрі де танкке қарсы шабуыл жасауға бейімделген он жеті 
жасөспірім, жас жігіттер. 
Олар Мыканино деревнясының түбіндегі бекініске келіп орналасты. 
...Строково деревнясының жанындағы көпірге ауыр жүк арқалаған бір топ жауынгерлер 
келіп, екіден, үштен деген команда бойынша бөлініп-бөлініп, төртбұрышты жәшіктерді 
қар үстінен сүйретіп, бірі көпір үстіне, бірі астына тарай бастады. Көпірдің жуан - жуан 
таяныштарымен өрмелеп, бірдеңе іздегендей, бірдеңе істеп, бекітіп жатқандай, балтамен 
шауып, балғамен ұрып, байлап-матап жатыр. Сырттан көргенде, олар көпірді жөндеп 
жатыр екен деп қаласың. Жоқ, олар көпірді жөндеп жатқан жоқ... Олар көпірді миналап 
жатыр. Жау танктері таяп келісімен, көпірді бұзу керек, тапсырма солай. 
Бұлар — саперлер, он бір жауынгер. Бір топтан екінші топқа жүгіріп, «дұрыс емес» 
дегендей қолын сермеп, «менің айтқанымдай істеңдер» деп жұртқа айқайлап, шала бүлініп 
жүрген сол он бірдің командирі секпіл бетті жас жігіт лейтенант Иван Березин. 
Траншеядан ытқып шығып артқа қарай жүгіріп, он қадам жерден кейін оқ тигендей 
мұрттай ұшып құлап, қайта тұрып, асыға басып тағы жүгіріп, тағы құлап, орманға 


77 
жеткенше бір тұрып, бір жығылып бара жатқан лейтенант Мұқаметқұл Исламқұлов. Оны 
полк штабы шақырыпты... 
...Орманның қалың ортасында үсті брезентпен жабулы арбалар тұр. Арбаларға байланған 
аттар, қар үстіне тасталған шөптің кәшегін жеп тұр. 
Одан арырақта, зәулім қарағайлардың түбінде, бір-біріне арасы жиырма-отыз метр жерде 
жорық ошақтарының түтіні шығып жатыр. Әрбір қазанның басында шолақ тонның 
сыртынан кір-кір халат киіп алып, қолдарына шөміш ұстап, аспаздар жүр. Бірнеше 
жауынгер: бірі ағаш жарып, бірі ошаққа отын жағып, бірі үсіген картопты аршып отыр. 
Бұл — батальонный ас дайындап жатқан жері. Онда жүргендер — аспаздар, отыншылар, 
сушылар, олардың көмекшілері. Барлығы жиырма адам. 
...Орман шетінде қар басқан төбе тұр. Оған қарай бірнеше телефон сымы өрмек жібіндей 
созылған. Ол—полк командирінің бақылау пункті. 
Төбе астындағы ықшамды ағаш блиндаж жертөле. Оның төр алдында сығырайған терезе. 
Үш аяқты артиллерия дүрбісі, жердегі ағаш скамейкалардың үстінде бірнеше телефон 
апараттары және қысқа антенналары, қысқа толқынды радио станция... Күңгірт 
блиндаждың ортасындағы кішкене стол үстінде екі майшам. Аласа бойлы. ашаң жүзді, 
қыр мұрынның суарағында төрт бұрыштап қойған қара мұртты бар, полковник дүрбіге 
үңіле қарап тұр. Егер көкшілдеу келген көзі болмаса, оны түріне қарап, қарақұмның күнге 
күйген түрікмені ғой деп қалар едің. Бұл дивизия полк командирлерініц ішіндегі жасы 
жағынан да, қызмет мерзімі жағынан да жолы үлкен — полковник Капров Илья 
Васильевич.
— 
Дубосековоның солтүстік шетінде екі дивизионның оғын қосарлап тез атыңдар. 
Сол жерден тағы да жаудың танктері мен жаяу әскерлері көрінеді. Тез! Солай, солай. 
Жақсы... Капитан Молчановқа хабарлаңыз, енді артиллерияның салмағын станцияға 
салмақпыз. Сол жерлерден де жаудың танктері мен жаяу әскерлері көрінеді. Бұдан былай 
Молчанов өз күшіне ғана сенсін. Бізден көмек күтпесін. Артиллеристерге бұйрық беріңіз. 
Н.биіктігін атқылап жатқан жау дивизионының үнін өшірсін. Ешкім орнынан 
қозғалмастан жауды оқпен қарсы алсын. Тез арада танк бұзатын гранаталар жеткізіліп, 
жауынгерлерге таратылып берілсін!.. 
Полковник соғыс алаңын қадағалай бақылап тұр, артына бұрылмастан, үздіксіз тапсырма, 
бұйрықтар беріп тұр... 
Бақылау пунктінің жертөлесіне генерал Панфилов кіріп келді. Қасында ашаң жүзді, қара 
қатпа, ойлы көзді, артиллерия полковнигі бар. Үстіне үйлесіп қонып тұрған әсем әскери 
формасы болмаса «бұл күнәһар дүниеде бәрі де өтеді де кетеді, өзгерістен кім қашып 
құтылсын» деп мырс күліп мысқылдап тұрған салқын мінезді философтың тас мүсініне 
ұқсайды. Бүл артиллерия полкының командирі Курганов. 
— Жолдас генерал-майор, менің қарамағындағы полк... 
— 
Сәлеметсіз бе, Илья Васильевич. Сәлеметсіз бе, — деп генерал қолын ұсынып, 
полковниктің сөзін бөліп жіберді. — Отырыңыз, отырыңыз, Илья Васильевич,— генерал 
аспай-саспай шолақ тонының ілгегін ағытып болып. — Илья Васильевич, құлақ салыңыз: 
мен генералмын, сіз жолдас полковниксіз. Ал, жасырмай - жаппай айтсақ, сіз екеуміздің 
ісіміз генералша да, полковникше де болмай жатқан жоқ па, осы? Сіз қалай ойлайсыз, 
мырзам? Осы біз не жарытып жатырмыз. Екеуміздің шеніміз де, шекпеніміз де әп-әдемі. 
Бірақ біздің ісімізге қарап жоғары дәрежелі бастықтар және халық ішінен «сенгендерім 
сендер болсаңдар...» деп жүрмесе игі еді! —деді. 


78 
— 
Жолдас генерал... 
— 
Мен 1938 жылдан бері генералмын, — деді Панфилов даусын көтеріңкіреп. — 
Одан елге не пайда, Илья Васильевич? Рузадан шегіндік. Волоколамскіні жауға беріп, ал, 
сіздің сол жақ қанаттағы күшіңіз — яғни сіз өзіңіз бүгін жауға станцияны бердіңіз... 
— 
Берейін деп бергенім жоқ, тартып алды... Капров осыны айтқанда Курганов өзін-өзі 
ұстай, алмай қарқ-қарқ күлді. 
— 
Тартып алса ол дұрыс істеген екен, — деді Панфилов жымия күліп тұрып. 
— 
Ия, жолдас генерал, бізде устав бойынша шегінуге де рұқсат бар ғой. Біз басым 
күшті жаудың тықсыруымен уставта көрсетілгендей ұйымдаса, бытырамастан шегіндік... 
— 
Демек, барлығы устав бойынша, ресми ереже бойынша, доп-домалақ, жұп-жұмыр 
екен, ә? 
— 
Ия, жолдас генерал! Әрине біз... 
— 
Демек, дәлме-дәл устав бойынша істепсіз ғой, жолдас полковник? Ал, біздің устав 
бойынша жоғары дәрежелі командирдің бұйрығынсыз шегінуге болмайтынын сіз неге 
ұмытасыз, Илья Васильевич? 
— 
Әрине, жолдас генерал, бірақ та... 
— 
Илья Васильевич, сіз уставты бетке ұстап ақталмақсыз, бұл жерде устав сізге жақ 
бола алмайды. Оның сізге әзір пайдасы жоқ. Одан да гөрі соғыста болған жағдайға 
байланысты өзіңіздің шешіміңізді айтып, негіздеу дәлелдеріңізді келтіріңіз. 
— 
Жолдас генерал, ол өзі айтып тұр ғой, өз еркіммен шегінген жоқпын, неміс мәжбүр 
етті деп, меніңше әрі нақты, әрі шын айтылған сөз, — деді Курганов күліп тұрып. 
Жә, жарайды, онан да сізде қазір жағдай қандай, соны саралап, саптайық. Мен бұл жерге 
Курганов жолдасты ертіп, жайбарақат ауыл қыдырып келген жоқпын. Жағдайыңыз қалай, 
кәне бәрін рет-ретімен айтыңыз. 
- Шынымды айтсам, жолдас генерал, жағдай жақсы емес, тіпті жаман. Міне, жолдас 
генерал, көріңіз, мынау карта... 
— 
Картаның керегі не? Біз алдыңғы шепте тұрмыз ғой. Жер жағдайы алдымызда. 
Онан да осы жердің өзінен көрсетіңіз, картаны мен оқи білемін ғой... 
Бір сағаттан соң олар бақылау пунктіне қайта оралды. Үшеуінің де жүзі ызғарлы, үшеуі де 
терең ойда. 
— 
Сонымен, Илья Васильевич, сіз бәрін де көрсеттіңіз. Сіз немістерге өте ұнап 
қалыпсыз. Ол сізді ұнатып, қапсыра құшақтап алыпты, құшағын жаза алар емес. Сіз 
жағдай жаман дейсіз, ал мен олай демес едім. Жауды осылайша кешке дейін ұстап 
тұрыңыз, ал түнде ол жинақталып алып, таң ата сізді тағы да тоқпақтай бастайды. 
— 
Білмеймін, жолдас генерал, егер жау тағы қыспақтаса, шыдай алар ма екенбіз? 
— 
Шыдай алар ма екенбіз дегеніңіз не дегеніңіз? — деп Панфилов қатаң сөйлеп, 
Капровтың сөзін бөліп жіберді. — Сізге шыда деп бұйрық берілді емес пе? 
— 
Құп! Ұстауға бұйрық болса, ұстап тұрайық, жолдас генерал. 


79 
— 
Жау соғыстан біраз қалжырап қалғанға ұқсайды. Ал сіз саспасаңыз, ол бүгін елеулі 
шабуыл жасамайды. Күшті күтіңіз де, күшіңізді жинақтап, таңертең жау шабуылға 
шыққан кезде, оны оқты бетіне бүрке қарсы алыңыз. Біз үшін оның танктері қауіпті. Бүкіл 
артиллерияның бәрін көзбе-көз дәлдеп ату позициясына қойыңыз. 
— 
Жолдас генерал, менің де зеңбіректерімді ме? — деді Курганов. 
— 
Ия, сіздікі де. 
— 
Онда артиллерияның мойнындағы басқа міндеттерін қалай орындаймыз. 
— 
Енді артиллерия жау танктерін қарама-қарсы тұрып, тікелей ататын болсын. 
— 
Онда біз бір күннің ішінде барлық артиллериямыздан айрыламыз ғой. 
— 
Әлбетте, біразынан айрылатынымыз анық, бірақ бүкіл артиллериядан мүлдем 
айрылмаспыз.Сонымен менің резервімнен басқа артиллерия бірі қалмай, жекпе-жекке 
шықсын. 
— 
Құп болады, жолдас генерал! 
— 
Біз үшін ұтымды нәрсе, ертең оның сілесін қатыра соққы беріп, сыртындағы күшін 
олардың белгілеген мерзімінен бұрын соғысқа ендіруге мәжбүр ету. Жау кейін тұрған екі 
полкін соғысқа салғанша дамыл бермей шайқаса беруіміз керек. Әзірше жақын арада 
сақтаулы тың күші жоқ кезде, осы шепте оның шоқтығын жауыр қылып жаралайық, одам 
әрі көре жатармыз. Артымыздан жаралы қасқырдай қалай сүйретілер екен. Түсіндіңіздер 
ме? 
— 
Түсіндім, жолдас генерал. 
— 
Түсінікті, жолдас генерал. 
— 
Сіз осында қалыңыз, жолдас Курганов, ал мен Елин мен Шехтманға барайын. Олар 
да қатты қысылып жатса керек, әсіресе Елин. Бүгін неміс күні бойы Ядровоны, Мыканино 
мен Ченцыны артиллериямен де, авиациямен де үсті-үстіне соққылап, әйтеуір тас жолға 
шығуға тыпыршып, тынбай жанталасуда. 
*** 
Буырқана тұман басқан сұрғылт таң. Дәл кешегідей әлем күңіренткен артиллерия 
атыстары азынап тұр. Дәл кешегідей от шарпыған жалын атқан, жан таласқан қызу ұрыс... 
Сәске түсте тұман сейіліп, күн көзі сығалап еді, аспанда жүрген самолеттер көрінді. 
Айнала орағытып ұшып, тез іздеп, тіміскілеп, шүйіле түсіп бомба тастайды. 
...Лейтенант Березин окоптан окопқа жүгіріп жүр. Көпірдің алдында бірнеше мотоцикл 
дөңгелектері аспанға қарап серейіп, қирап жатыр. Тышқан терісін дей сұр шинельді 
өліктер ана жерден де, мына жерден де көрінеді... Қарбаласқан немістер тізбегі... Бәрі де 
дәл Остошоводағыдай. 
— 
Оқты беталды боратпай, нысанаға, нысанаға атыңдар, бос жіберме, түгі, әйтпесе 
жау сенің шекеңді шұрқ тесік қылады. Қимылдандар! Иванов, сен неге айдаланы атып 
жатырсың?
Лейтенант, неге құла дүзге себелеп жатырсың... Дәлдеп ат! — лейтенант Березин 
жауынгерлерді бірінен соң бірін жағалай окоп окопқа өтіп күйбеңдеп жүгіріп жүр. 


80 
Саперлердің шебіне ірі снарядты артиллерия дивизионының оғы жай түскендей сарт-сұрт 
гүрсілдеп, айналаны жаңғыртып жіберді. Жүз жын-шайтан қосылып, секеңдесіп ұлып, 
аңырап тұр ма дерсің. Адам көрмеген алып барабан дүңкілдеп ондаған отты қара орасан 
діңгек көкке шаншыла атылды... жылан бауырлары шықырлап - шықырлап, моторлары 
парылдап - гүрілдеп, төбедей, дүңкиген үлкен тас бақалардай танктер өріп келеді. 
— Гранат дайындаңдар, білтелер орындарында ма екен, тексеріңдер! — деп бұйырды 
лейтенант Березин. — Менің ишаратымды бақылап тұрыңдар!.. 
Әне, алдыңғы танк көпірге жақындап келіп тоқтай қалып, зеңбіректен, пулеметтен үш 
қайтара лоқси жалын құсып, оқ бүрікті де, іркілместен көпірдің үстіне шықты. Оның 
артынан тағы үш танк ілесті... Саперлер көпірдің астына лезде жүгіріп түсіп кетті. Көпір 
үстінде үш танк сумаңдап, сусып тым асығып, қымсына сақтанып келеді. Алдыңғы танк 
міне, міне көпірдің арғы шетін «аттап» өтіп, шықырлап, шиқылдап сояудай темір 
тырнақты жылан бауырмен тас жолды жаншып, илеп келе жатыр еді... Қан мен топырақ 
араласып, баттасқан беті сіресіп, құшырлана тістеніп екі көзі ыстық шоқтай уыттана 
жалындап, басынан қан сорғалаған Березин орнынан ұшып тұра келді де, оң қолын жалма-
жан тез көтеріп, сілтеп жіберді. Қас қағым арасында бір нәрсе жарқ етті де, гүрс ете 
қалды. Жердің тынысынан танауын тарылтып жіберген болып, қошқыл сұр орасан түтін 
күйдегі көпірді айқара қамтып, орап алды. Жер үстіне табан астында сол түтіннен будақ-
будақ атан шудалы қара бұлт пайда болғандай, сол бұлттың ішінен көпір де көрінбейді, 
жауынгерлер көрінбейді, лейтенант Иван Березин де көрінбейді... — бәрін де күңірене 
құсаланған тажал дауысты сұрқия сұр бұлт жұтып жібергендей зым-зия. 
*** 
Лейтенант Угрюмов пен политрук Георгиев траншеяның қабырғасына сүйеніп қатар тұр. 
Угрюмов аяғының ұшына көтеріліп, мойнын созып қарап, Георгиевтен: 
— 
Не көріп тұрсыз, жолдас политрук? — деп сұрайды. 
— 
Не көруші ем? Өңмеңдей түсіп, өрмелеп қысып келеді, Петя қысып келеді 
нәлетілер. Баудай түсіп, құрымдай болып қайта көтеріледі... Әне, ана жақтан танктері де 
көрінеді. 
— 
Мына қырсық трамшеяның тереңін қарашы, менің бойыма шақ емес екен,— дейді 
Угрюмов өкіне сөйлеп тұрып, патроннан босаған екі жәшікті бірінің үстіне бірін қойып, 
солардың үстіне шығып. — Кешеден бері осыларды сүйретіп жүрмін, әй қайран шешем - 
ай, мені мұнша неге мыртық қып тудың? 
— 
Уайым жеме, Петя, бой деген өсетін нәрсе ғой. Сен өзің кішкентай тапал болсаң да, 
алғыр жігітсің ғой. 
— 
Ха, ха! Бәрекелде! «Бой дейтін өсетін нәрсе ғой» деуін. Айтқаныңа болайын, ә! 
— 
Шын айтам, Петя осыдан қарап тұршы, — деп міңгірледі Георгиев ойланбай айтып 
қалғанына өзі қысылып. — Бір жыл, екі жылдан кейін, ең құрығанда екі сүйем өсесің, сен 
әлі жап-жас жігітсің ғой, қайда әлі өскен үстіне өсе бересің... 
Осы кезде олардың үстінен ұяласа ұшқан оқтар зу-зу етіп өте шығады. 
Екеуі де еріксіз бұғып қалады. 
— 
Бері қараңызшы, жолдас политрук, менің не ойлап тұрғанымды білесіз бе? 
— 
Білмеймін. Сен командирсің ғой. Айт тоқтамыңды. 


81 
— 
Айтсам, жолдас политрук, осы жолы ерлік көрсетейік. 
— 
Қалайша? 
— 
Әне, көріп тұрсыз, ана жиырма танк тура біздің окопқа қарай ентелеп келеді. Біздің 
әрқайсымыздың бір-бір бума танк жарғыш гранаттарымыз бар. Бірақ олар тым ауыр, бес-
алты метрден асырып лақтыра алмайсың. Ендеше біз біраз күте тұрайық, ал, танктердің 
жылан бауыры біздің окоптың бетін тырнай бергенде, гранаталарды дәл астына тастап 
жіберсек, сөз жоқ, ұрып жығамыз. Құдай біледі, күлін көкке ұшырамыз, ішек - қарнын 
ақтарамыз. 
— 
Мақұл - ақ, Петя, сен оң жақтан, мен сол жақтан команда беріп, үлгі көрсетейік. 
— 
Мақұл, жолдас политрук... Сөйтейік... Қолдан келген осы болды дерміз... 
Моторлары сарқырама судай сарылдап, лоқси, жалын үстіне жалын құсып, айдаһардай 
арындап, жиырма танк жер тырмалап қаз-қатар келе жатыр. Гранаттарға папиростың 
тұқылындай имек гильзаларды салып қойып, жауынгерлер окопта қыбыр етпей, 
шиыршықталып бұғып отыр. 
Міне, танк жылан бауыры шықыр-шықыр шиқылдап, траншеяның жағасында өрмелеп 
келе бергенде бір жауынгер бума гранатты құлаштай сермеп, лақтырып жіберді. Танктің 
асты жарқ етіп, жер дір етіп бір қозғалды. Танк траншеядан аса омақаса құлап, қақпанға 
түскен қасқырдай шыр айналып барып, кілт тоқтап, жалын құшып, будақ-будақ қап-қара 
түтінге бөленді. 
Арада небары бірнеше минут өтті. Бұл жерде «жанталасқан», «қиян-кескі», «арпалысқан» 
деген сөздерді айту олқы... траншеялардың үстінде жиырма жерден отты қызыл өрт төбе 
пайда болды. Жиырма танк бірінен кейін бірі жанып жатты. Танктердің артын паналап 
келе жатқан жаудың жаяу әскерлері біздің пулеметтерден жаудырған оғымызға төтеп бере 
алмай, жер бауырлап, бас көтермей жата қалды. 
Траншеяның түбінде бетіне жас нәрестенің күлкісі үйіріліп, таңқыш мұрынды, көк түтін 
торлаған аспанға қарап орыстың бір қарапайым, ақпейіл, адал жігіті Петр Угрюмов 
жатыр.. Оның түрі мына жағдайда: «Қолдан келгені осы болды», дегендей. Лейтенант 
Исламқұлов полк штабынан қайтып келе жатыр, жолда орман ішіне орналасқан 
батальонның ас пісіріліп жатқан жеріне кідірді. Ол азық-түліктен босаған жәшіктің 
үстінде, қолына котелок алып, капуста сорпа ішіп отыр. 
— 
Жолдас лейтенант! Немістер орман шетіне таяп қалды, — деді асыға - аптыға 
жүгіріп келген бір жауынгер. 
— 
Қаруға! — деп Исламқұлов котелокты қоя салып, айқайлап команда берді. 
Жауынгерлер винтовкаларын сайлап алғаннан кейін, оларды қатарға тізіп тұрғызып, 
орманның шетіне бастап алып кетті. Рас екен, орманның ашық далаға қараған алаңында 
маска - халат киген немістер тізбегі жүріп келеді. Исламқұлов жауынгерлерді бір-бірінен 
бес-алты метр ажыратып, әрқайсысын әр ағаштың тасасына тұрғызды. Өзі айналасына жас 
шыбық өскен үлкен еменнің діңгегіне сүйеніп ортада тұр. Немістер ашық алаңның 
ортасына келе бергенде: 
— Огонь! — деп команда беріп жіберді. 
Сол команда бойынша жиырма винтовка бір мезгілде, біркелкі гүрс-гүрс ете түсті. 
Сол сарыннан тағы да, тағы да үстін-үстін атыла берді... 


82 
Сыртымызды орап тылға өтіп кеткен жау автоматчиктерінің бір тобы жусап түсті, бір 
тобы орман ішіне бытырай қашты... 
...Алда домбыраның пернесінің үстінен кере тартылған қос ішектей темір жол рельсі 
созылып жатыр. Қызыл кірпіштен соғылған бірнеше үй көрінеді. Сол үйлердің жан-жағын 
ала түйе мойнындай сорайған шлагбаумдар (тосқауылдар) тұр. Темір жолдың екі жақ кіре 
берісінде екі бақанға дастарқандай жалпақ темір қағылған. Оған оқ тиіп, бетін снаряд 
жаңқасы тырмалапты. «Поездан сақтан!» деген жазу бар. Бұл Дубосеково разъезі. 
Траншеялар мен окоптарды қар басқан. Окоптағы жауынгерлер шолақ тон киген. Олар 
винтовкаларын окоптың ернеуіне тіреп қойып, көздеп алға атып жатыр. Винтовканы қайта 
оқтап, суық затвор қарыған қолдарын үрлеп жылытады да, тағы да дәлдеп, тағы да атады. 
Атыс та атыс... Арт жақтан зеңбіректер даусы гүрсіл - гүрсіл шығып, алдыңғы жақтан, 
немістердің дәл қалың ортасынан қап-қара күл топырақ аралас, қою түтін шаншылып, 
аспанға бірінің соңынан бірі шапшып құйындап жатыр. Біреулер құлап жатып, бас 
көтермей қалады, біреулер шегініп, далбақтап тұра кейін қашады, дулығалар, қолғаптар, 
етіктер, шинельдің етектері ербеңдеп құйын - тозаңмен бірге аспанға ұшады... Жаяу 
әскерлерді серкедей бастал келе жатқан жау танктері қоп-қою түтін қауып, зыр қағып, 
шыр айналып барып, бейне - пішіннен, ұсқыннан айрылып бір орыннан тапжылмай 
өртене тоқтап қалады. 
— Бәрекелді! — деп айқайлайды жағасында үш шаршы қызыл тоқаш түймесі бар 
қайратты, жас сұлу жігіт. Шолақ тонының түймелері ағытылып кетіпті, құлақшыны 
артына қарай сырғыған, қара бұйра шашын аязды Жел желбіретіп түр. Жіңішке кайме 
баулы дүрбісі омырауында салаңдап тұр: — бәрекелді азамат, біздің артиллеристер! 
Азамат! — деп айқайлайды ол. 
Фашистердің қақ маңдайынан соқты - ау! Ол қасындағы жауынгердің иығынан ұрып 
қалып, жағасынан тартып қуана дауыстап, — көрдің бе, біздің азаматтардың істегенін, — 
дейді. 
Бауырым, сен де солардай бол, көрдің бе, біздің жігіттерді!.. Бұл — төртінші ротаның 
политругі Василий Клочков. 
Кенеттен, табан астынан аспанды қақ жарып, найзағай жарқылдап отты тілін сумаңдатып, 
күн күркірегендей көк аясын жаңғырықтырып жүздеген зеңбірек аңырап, өз әуеніне 
салып, сарындап қоя берді. Снарядхар мен миналар кейде шырылдап ысқырып ұшып, 
кейде ыңырана ұлып барып, отау үйдің орнындай жер қыртысын астынан қопарып саз 
балшықтай илеп, шәх - шәлекейін шығарып жатыр. Әрбір дүмпуден соң қап-қара бұйра 
толқын сабау түткен жүндей болып аспанға көтеріледі. Осы бір ұлымалы, ызғырықты, 
жанкешті үрейлі сарын жиырма минуттай сарнап, зарлап тұрады. Бұл соғыс музыкасы. 
Орман шетінен тиісіп, ұмтылған жау танктеріне қарсы біздің архиллерия жаппай бет 
бұрып, зіркілдетіп ұрып тұр. Есеңгіректерлік, естен қандырарлық атыстан шыққан 
қошқыл қара түтін қоюланған үстіне қоюланып, орман шетіне бөлеп алды. 
— 
Қараңдаршы, жолдастар, қараңдаршы, — деп айқайлайды Клочков, — жау біздің 
архиллеристерге барын төгіп, шүйіле төнді. Ол біздің архиллерияны аяусыз таптап, өз 
танктеріне жол ашпақ, — осыны айтып ол аспанға көтеріле ербеңдей, аударылып, 
төңкеріліп жатқан зеңбірек дөңгелектерін, үлкен-үлкен фугастық бомбаның керемет 
шарпуынан тас-талқан болып, жан-жаққа ұшқан бақылау пунктінің бөренелерін көріп, 
зығырданы қайнап, өзіне-өзі сөйлегендей: «М-да-а-а! Сұм жау есіріп, лепіріп тұр екен, әй 
лағынеттер - ай!» — дейді. 


83 
— 
Жолдас полихрук, — дейді оған жауынгер айқай салып, — самолет! Самолет! 
Аспан мен жер түйіскен көкжиектен көтеріліп, үш-үштен, бес-бестен қорқау - құзғын қара 
құстай самолеттер айналып ұшып келеді. 
— 
Орын - орынға! Командирлер, маған кел! — деп бұйырды Клочков. Оның 
командасы бойынша жауынгерлер траншеядағы өз орындарына тұра - тұра қалысады. 
Жүгіріп жеткен командирлерге Клочков келте - келте, нақ-нақ бұйрық береді. 
—Қазір артиллерия ойнағын тоқтатып, бомбалауды бастайды, оның соңынан танктерін 
айдап салады. Гранат пен жанармайды дайындаңдар! Бір адым кейін шегініс болмасын! 
...Штурмовиктер жер бауырлай жұбын жазбай тізбек - тізбегімен өтіп, шүйіліп, оқ 
себелеп, бомба құмалақтап, соғыс алаңын сұрапыл тамұқ қызыл шоққа бөлеп жүр. 
Алдыңғы жақтан моторлардың гүрілі естіледі... Әлсін-әлсін, тоқтап - тоқтап оқ жаудырып, 
жайына өріп танктер келе жатыр. 
Арт жақтан біздің сау қалған зеңбіректердің жекелеген даусы шығады. Біздің бір снаряд 
алдыңғы танктің қақ маңдай алдына барып тиіп жарылады. Танк құлаққа ұрған танадай 
есеңгіреп сырт айналып кілт тоқтап қалды. 
— 
Айналайын бауырларым - ай, бар екенсіңдер ғой! — деп Клочков қуана айқайлап, 
арт жаққа бұрылды... Тағы да бірнеше снаряд нысанаға дәл тиді, бірақ одан қорқар 
танктер жоқ, танктер көп, өріп келеді. 
— 
Демек, біздің артиллерияның қатары селдіреп қалғаны ғой, — дейді Клочков 
ызаланып. Онан соң бір жағына қисайған құлақшынын түзеп киіп, дауыстап айғай салып: 
—Жігіттер, гранатты сайлаңдар! Әрқайсымыздың бәсіремізге екі-екі танктен тиеді! — деп 
бұйрық береді. Траншеяны аралап келе жатып, бір жауынгердің жанында тоқтап: — 
әрқайсымызға екі-екіден, — деп қайталайды, — бұл аса көп емес. Сен тек жақынырақ 
келтір, ерім! 
— 
Жарайды, жолдас политрук, — дейді оған әлгі жауынгер. Біреуін мынау бумамен 
жайратсам, біреуін жанармаймен жайғастыруға тырысамын... 
— 
Сөйт, азаматым, — деп Клочков оның қолын сілке тартып қатты қысады. 
Қызған қырғын соғыс. Жаяу әскерлер мен танктердің соғысы. Танктер әзірше 80-100 
метрдей жерде. Жауынгерлер танктердің сығалау саңылауын дәлдеп атып жатыр. Бірнеше 
танк тоқтап қалды. Сірә, сауытқа тиіп, мыжыла шашыраған оқтың қорғасынынан ішіндегі 
немістер жайраса керек. Бірақ басқалары анталап, траншеяларға таяп келеді. Міне - міне, 
траншеяны енді енді таптап өтеді-ау... Жоқ, кенет бір мезгілде бірнеше гүрсіл қатар 
шығып, окоптың ернеуіне ілінген танктердің омырауын от жалап, лаулай бастады. Сөйтсе 
де бір танк жауынгерді жаншып, граншеяны басып өтіп, ары асып түсті, сол сәтте ол 
жауынгердің көршісі окоптан ырғып шығып, танктің артынан қуып жетіп, жанармайлы 
бөтелкемен дәлдеп ұрды. Танк қоңырсып жана бастады да, тарс жарылды. Ал, жауынгер 
болса, сандала басып, тәлтіректеп барып, траншеяға құлап түсті.Клочков окоптың жиегіне 
теңселе сұлап түсіп сүйенді де... сәтке дәрмені бітіп басы төмен салбырап кетті. 
— 
Жолдас политрук, сіз жараландыңыз ғой? — деп бір жауынгер шошығандай қасына 
жүгіріп келді. — Медпунктке барыңыз. 
— 
Ия, мына бір жерімді бір нәрсе күйдіріп өткендей болды. Ештеңе етпес, жазыла... 
Тағы да өріп келеді! — деді, ол дене бойына жаңа бір толқын күш жиналғандай серпіліп, 


84 
қалжыраған, қажыған құп-қу өңі тастай түйіліп, жанын қинаған ауыр жараны ұмытқандай 
- ақ, сілкініп, жауынгерлерге қарап, тау қыранындай саңқылдап айқай салды. 
— 
Россия ұлан байтақ — бірақ шегінуге жер жоқ. Арқамызда Москва! — деп атойлап, 
ол қолындағы бір бума гранатпен алдында келе жатқан танкке ұмтылады... 
Тірі қалғандар соның істегенін істеп, соның «ерлік» деген жалғыз сөзге сыймас аз да болса 
мол, қас қағым болса да зор қимылын қайталайды... 
Дубосеково разъезінің түбіндегі айқаста снарядтар мен бомбалардан айғыздалып, 
жараланып, қанға бөгіп қақыраған жерде жау танктері жалқын жалын мен бықсық түтінге 
оранып, жеткен жерлерінде жанып жатты... 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет