Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқас (роман)



Pdf көрінісі
бет13/45
Дата19.05.2023
өлшемі1,68 Mb.
#94921
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   45
Байланысты:
199Бауыржан Момышұлы-Москва үшін шайқас 230330 123802

КАПИТАН КИРСАНОВ 
...Төрт бұрышты бұйра қара сақалды, ұзын бойлы капитан кіріп келді.Үстіндегі ақ сілтірі 
жағалы шолақ тонының жоғарғы ілгектері ағытулы; басында төбесі қызыл мәуітімен 
тысталған көк каракуль кубанкасы бар. Аяғында сары қоңыр былғарымен әдіптелген 
жүндес — сабалақ қара бурка — кавказдың киіз етігі. Сірә мен оның цыган түстес «дұрыс 
пішілмесе де, бекем тігілген» адамның сырт көрінісінің үйлеспей тұрғанына таңдансам 
керек, бірден тұрып сәлем бере қоймаппын. Тек жуан даусымен күрілдеп: 


90 
— 
Мұнда батальон командирі кім? — дегенде ғана мен орнымнан ұшып тұрып, аты-
жөнімді айттым. 
Капитан қалың қасты қабағын түкситіп. өткір қара көзімен мені жек көргендей түйрей 
қарап, рұқсатсыз орындыққа шалқая түсіп отыра кетті де, енжар сөйлеп: 
— 
Гвардия миномет дивизионының командирі капитан Кирсанов деген мен боламын, 
— деп өзін таныстырды. 
«Е, мұны лайықтап қарсы алмаған екенмін ғой» деген ой сап ете қалды. Арамыздағы 
аздаған кірбеңді жуып-шаю үшін: 
— 
Жолдас капитан, есіміңіз кім? — деп сұрадым. 
— 
Мен сізге, сірә, анық айттым - ау деймін, капитан Кирсанов! — деп маған аре ете 
түсті. 
— 
Менің атым Бауыржан... 
— 
Бурлыбуржаншылаудың керегі жоқ бұл жерде, — деп ол сөзімді шорт үзіп жіберді. 
— Онан да іске кірісейік. Мен саған құда түскелі келгенім жоқ. 
— 
Құп болады, жолдас капитан! Кіріссек кірісейік. Бірақ алдымен мен сіздің 
келгеніңіз туралы генералға хабарлауым керек. 
— 
Хабарлай беріңіз, — деді ол жақтырмай 
Телефон арқылы генералмен хабарластым. Генерал маған телефон трубкасын «Мария
Ивановнаға» беріңіз деген кезде, трубканы қаба сақал капитанға беріп тұрып, күліп жібере 
жаздадым.
— 
Телефон тыңдап тұрған капитан Кирсанов, жолдас генерал... Сіздің 
қарамағыңызға... маған баруға бұйрық етілген аймаққа келдім... жиырма бес... Әзірше 
байланыс жоқ. Бірақ реттейміз. Құп, құп... Түсіндім, жолдас генерал. Ия, ия, қазір. Құп 
болады... — деп сыпайы жауап қайтарып тұр. Жаңағы менімен сөйлескендегі қарқыны 
көп бәсеңдеген. 
Кирсанов трубканы маған берді. 
Жолдас Момышұлы, мен «Мария Ивановнамен» сіз арқылы байланысып тұратын 
болайын. Оның қарамағына екі командирді жіберіңіз. Егер мүмкіндігіңіз болса, 
адамдарын тамақтандырыңыз. Менімен байланысты үзіп алмаңыз. Бәрін де менің 
командам бойынша істеңіз. Мен осы жерден жөн сілтеп тұрамын. 
Мен трубканы орнына қойған кезде, капитан орындыққа жайыла сүйеніп алға 
ұмтылыңқырай: 
— 
Аға лейтенант, сен өзің осында генералдың арнаулы уәкілі құсап отырады екенсің, 
— деді. 
— 
Несі бар, жолдас капитан? 
— 
Генерал сіз туралы тым сыйлы, сыпайы сөздер айтты. 
— 
Біздің генерал дөрекі кісі емес, жолдас капитан. 


91 
— 
М-м, сен өзің кекшіл жігіттің біреуіне ұқсайсың. 
— 
Қайтсеңіз де мен сіздің атыңызды білемін, жолдас капитан, 
деп орынды жерін тауып қытығына тигеніме рақаттана күлдім. 
— 
Қайдан білесің? 
— 
Генерал сізді «Мария Ивановна» деп бикеш ретінде атады. 
Кирсанов саңқылдап, қарқ-қарқ күліп жіберді. Сол кезде Рахимов пен Бозжанов келіп 
кірді. Олардың сәлеміне сәлеммен жауап беріп, Кирсанов отырып былай деді: 
— 
Техникамыз арнаулы, жаңа техника. Бізге тағылмаған ат жоқ. «Катюша» дейсің бе, 
тіпті жай «Рама» дейсің бе, толып жатыр. Ал, білгің келсе, менің есімім Сергей Иванович. 
Сергей Иванович екеуміз бірсыпыра тығыз жұмыстарды реттедік: оның бір 
бақылаушысын біздің бір офицермен бірге полковник Капровқа, басқа біреуін Ядрово 
аймағына, менің полк командирім майор Елинге жібердік. Біздің отырған бөлмеге 
Кирсановтың өзінің радиостанциясын кіргіздік. Рахимов біздің командалық пункт пен 
темір жол будкасынан терістікке, орман ішінде тұрған «РС» дивизионының позициясы 
арасына телефон байланысын орнатуға басшылық етпек болып кетті. Біздің штаб тек 
телефон торабы ғана емес, радио байланыс торабына да айналды... 
Кирсанов 
шешініп, 
картасын 
жайып 
қойып, 
планшеткасынан 
аспай-саспай 
хордоугломерді, транспортерді, артиллерия өлшеуішін, циркулін, істік ұшталған түрлі-
түсті қаламдарын — жұмысқа қажетті нәрселердің бәрін алып, столдың үстіне рет - 
ретімен тізіп қойды да: 
— 
Менің жұмыс орным дайын болған сияқты. Енді картадан болса да, атыс үшін 
дайындық жасауға кірісу керек. Сен қалай ойлайсың, — деді ол маған. — Алғашқы кезек 
қай аймаққа керек болып тұр? Менің небары жиырма бес дүркін ататын оғым бар. Сенің 
генералың соның өзін үнемдеп жұмсауды бұйырды. 
Мен оның картасына танып келіп, өз пікірімді айттым, соғыс жүріп жатқан алдағы 
шептегі бірқатар жepлepдi көрсеттім. Кирсанов менің айтқанымның бәрін зейін қоя 
тыңдап, картаға дивизионның орнын түсіріп, мен көрсеткен жерлерге қаламмен түртіп - 
түртіп белгі соғып, қолына аспаптарын алып, картаға еңкейе түсті де: 
— 
Ал енді, хохолдар айтпақшы «треба трохи пидраху-вати», — деп есеп жасай 
бастады. 
Бозжанов бір шетте капитанның істеп жатқанының бәріне үнсіз-түнсіз қадала қарап тұр 
еді, ол бір уақытта дыбыс білдірмей шығып кетті. Mен аң-таң қалдым: ол бір қолына 
тарелка толған тамақ, екінші қолымен бір шиша арақ ұстап аяғының ұшынан басып 
қайтып келді. Іске жұмыла кірісіп отырған Кирсановқа қарап, — «қонақты сыйлау керек 
қой» дегендей маған көзімен ымдап қалды. 
Мен онысын мақұл көріп, басымды изедім. 
Жалмұхаммед тарелканы столдың шетіне абайлап қойып алып, жарты стакан арақ құйып 
еді... Кирсанов жұмысын істей отырып, Жалмұхаммедке көзінің қырымен қарап: 
— 
Құйсаң толтыра құй! — дегені... 


92 
Бозжанов қуана жымиып, стаканды толтыра құйды. Кирсанов картадан жер арасын 
өлшеп, көптеген үшбұрыштар сызып, біресе транспортермен, біресе целлулойды 
дөңгелекпен бұрыштарды өлшеп, тағы ішіп, өз жазуын тағы тексеріп, бірнеше 
тригонометриялық есеп шығарды. 
Бұдан бір сағат бұрынғы Бозжанов құсап, мен оның мұнша мұқият сызып отырғанына 
қызыға қарап тұрмын. Менің өзім де жаман чертежник емеспін, бұрын артиллерист болған 
адаммын. Бірақ Кирсановтың зейіндене, шын ынтасымен жұмыс істеген тәсілін көріп әрі 
қызығып, әрі таң қалдым. 
Кенеттен телефон шыр ете түсті. Мен трубканы алдым. 
— 
Жолдас Момышұлысыз ба? 
— 
Мен тыңдап тұрмын, жолдас генерал. 
— 
Қалай «Мария Ивановнаны» жайғастырдыңыз ба? Байланыс қалай? 
— 
Бәрі де дайын, жолдас генерал... 
— 
Біздің ұшқыштар станцияға жау әскері топтасып жатыр деп хабарлады. Сірә, 
Капровты соқпақ болса керек. Алдымен тұзын татып көрсін, сол жерге екі дүркін «Мария 
Ивановнаның» оғын жұмсаңызшы. 
...Кирсанов өз есебін жедел тексеріп шықты да басқа телефонды алып, команда бере 
бастады. 
— 
Огневая! Цель №... Угломер... Уровень... Прицел... Пока пристрелочный, 
готовность доложить! 
Кирсанов енді радиостанцияға келіп, оның құлақшынын басына қаптай киіп, қолына 
микрофонды ұстап тұрып: 
— 
«Дауыл» мен «Найзағаймын». Қабылда! Цель №... Прицел... пристрелочные... 
Жақсы!.. қадағала... хабарла... Енді мен тыңдаймын... 
Құлақшыны мен микрофонды радиске беріп, өзі орындыққа отырды да телефонистен: 
— 
Огневая, дайын ба? — деп сұрады. 
— 
Цель №... УгЛомер... Уровень... Прицел... Дайын! — деп баяндады телефонист. 
— 
Огонь! — деп бұйырды Кирсанов. 
— 
Огонь! — деп қайталады телефонист. 
— 
Атылды, — деді телефонист. 
— 
Оңға ноль - ноль... берірек.... — деді радист. Кирсанов өз есебіне тез ғана түзетулер 
енгізіп, телефониске: 
— 
Солға таман ноль - ноль... Уровень... Прицел... — деді.
Телефонист капитанның командасын микрофон арқылы қайталады. 
— 
Дайын! 
— 
Огонь! 


93 
— 
Атылды! 
— 
Дәл тиді! —деді қуанып кеткен радист айқайлап. 
— 
Веер! —деп команда берді Кирсанов. 
— 
Веер! —деп қайталады телефонист. 
— 
Дивизион екі дүркін огонь! 
Бірінен соң бірі жаңғыра шыққан дауыс бізге келіп естілді. 
— 
Дәл тиді! — деп радист бақылаушының хабарын баяндады. 
— 
Огонь! — деп қайталады Кирсанов. Тағы да екі дүркін күндей күркіреді. 
— 
Дәл тиді! — дейді радист. 
— 
Жолдас капитан, генерал екі дүркін деп бұйырды ғой, сіз төрт рет бастырмалатып 
жібердіңіз! — дедім мен сасқалақтап. 
— 
Рас-ау, аздап асыра сілтеп жіберіппін! — деп Кирсанов өзіне-өзі ыза болғандай 
телефониске қарап: — Тоқта! Цель №... атылған белгілер жазылсын! — деді. Телефонист 
бұл бұйрықты Огневаяға жеткізді. 
— 
Сен бері қарашы, — деп Сергей Иванович кінәлі адамдай маған бұрылды,— егер 
генералдың өзі сұрамаса сен оған төрт дүркін аттық деп айтпай-ақ қой. Ол маған үнемде 
деп бұйырып еді. 
— 
Жолдас капитан, «ботқаны май бүлдірмейді» деген емес пе, рас нысанаға дәл тиген 
екен, демек ол фашистің төбесі ойылды деген сөз... 
— 
Әй, бәрекелді, жігітім! — деп, ол ұшып тұрып, бар күшімен иығымнан сарт 
еткізгенде, мен шыдай алмай еріксіз еңкейіп қалдым. Ол болса қарқ-қарқ күліп: — Байқап 
тұрсам, сенімен бірге жұмыс істеуге болады екен... Атың кім еді сенің? Есімде қалмапты... 
— деді. 
— 
Оның қажеті не, жолдас капитан?.. 
— 
Жоқ, айт! Мен саған өз атымды айттым ғой. 
— 
Бау-ыр-жан, — дедім мен буын - буынға бөліп. 
Капитан менің атымды қайталап, иығыма тағы соққан кезде мен күшті пәрменге төтеп 
бере алмай, тағы да тізем бүгіліп шөгіп қала жаздадым. 
Генерал мені телефонға шақырып алып: 
— 
Ұшқыштар тағы хабарлап тұр: «Мария Ивановна» Немістердің төбесінен дәл 
түсіріп шәт - шәлекейін шығарыпты. Есін жиып болмай тұрған кезде тағы бір дүркін беріп 
жіберіңдер. 
Мен генералмен сөйлесіп тұрған кезде, капитан бұзықтық істеп қойған бала құсап, 
бақылаушының баяндауына қызығып «дәл тиді» дегендегі артиллериялық құмарға түсіп 
кетіп, артық жіберілген екі дүркін туралы айтпай-ақ қой деген өтінішін қайталап, маған 
көзін қысып ымдап тұр. 
Мен оған генералдың бұйрығын айттым. Ол байсалдана ойланып тұрды да: 


94 
— 
Генералдың бұйрығынсыз атылған екі дүркінді қайтеміз? — деді. 
— 
Ештеңе етпес, жолдас капитан. Рас, дәл нысанаға тиген екен, ендеше үнемдемей-ақ 
қояйық. Қайтала деп бұйрық берілген соң, қайталау керек. 
— 
Ал, егер генерал барлық атыстың бәрін жазып отырса қайтеміз? — деді ол тағы 
абыржып. 
— 
Қайткені сол, екі дүркіннің орнына төрт дүркін аттық деп шынымызды айтамыз. 
— 
Олай болса, огонь! 
— 
Дәл тиді! — деп хабарлады радист. 
Бір жарым сағат бойы генералдан хабар болмады. Телефон шылдырын минут сайын күтіп, 
капитан екеуміз үн-түнсіз біраз сарылып отырдық. 
Көптен күткен шылдыр кенет соқты, телефонист маган трубканы алып берді: 
— 
Елин Ядроводан кетті, — деді генерал, — ал, Возмищеден колонна созылып келе 
жатыр, сол екі пунктқа да дивизионная екі дүркін оқ атылсын! — деп бұйырды. 
.. .Тағы да есеп, тағы да команда, баяндау, тағы станциядағыдай байқау, ақырында «дүркін 
ат», «огонь!» деген өктем бұйрық... 
Радист абыржып, көзі жыпылықтап қаймыға сөйлеп: 
—Жетпей қалды—недолет, — деді. Капитан орнынан ыршып тұрып, беті түтігіп, түгі 
тікірейіп радистке төніп барады: 
— 
Не-е-е? Не дедің сен? 
Байғұс бала кінәлі адамдай-ақ кейін шегіншектей берді. Кирсанов жел ұшырғандай кілт 
бұрылып, телефонистің қолындағы трубканы жұлып алып, бар дауысымен айқай салды. 
— 
Огневая! Тез шақыр бері бастығыңды! — Сірә, аға офицердің даусын естіді білем, 
үлкен қара көзі қанталап, бет-әлпеті күреңіте түтігіп, долы ашудан шашалып - қақалып 
қалып, ызалы боқтау, балағаттауды тасқындатты - ай келіп. Сол тасқынның ішінен «мына 
сөз кішкене имантаразылау ғой» деп теріп - теріп берерім мынау: 
— 
Неге недолет?.. Неге жетпей қалды?.. Милау... Есек! Сені артиллериялық 
училищеден қандай ақымақ оқытып шығарды екен! Уровень ол емес қой... Малғұн! 
Есірік! Ақтама өзіңді өзің, сайтанның сапалағы! Әттең, қап құдай-ай, қасымда емессің. 
Әйтпесе әкеңді танытып, төбеңді ойып, желкеңді үзер едім... 
Өзі бұйра дудар шашын оң қолымен уыстап алыпты. Бір уыс шашын ет терісімен қоса 
жұлып алатындай болып көрінеді маған. «Мынау адам мұндай сұрапыл ашу үстінде 
арыстанды да түтіп жіберер» деп ойладым ішімнен. 
Қасына жақындап барып: 
— 
Капитан, енді қашан атамыз? — дедім мен. Ол есін енді жиып алғандай селк етті 
де, келістіріп тұрып бір боқтап: 
— 
Уровеньді түзетіңдер! Огонь! — деп трубканы лақтырып жібергенде, оны 
телефонист қақшып қағып алды. Енді Кирсанов орындыққа барып отырып, қос қолымен 


95 
шашын уыстап алды. Әлі толастамаған ашудан безгек адамша қалшылдап тістеніп 
алыпты. 
— 
Осындай дүмбілез шалағайлардың кесірінен жүздеген снаряд айдалаға қаңғып 
кетеді! — деді. Онан соң: «О-о-эх!» деп дәу жұдырығымен столды қойып қалды. — Мен 
саған көрсетермін, бәлем! — Қарлыққан даусы діріл қағады. Сол сәтте ол өксіп жылап 
жіберетіндей болып көрінді маған. 
— 
Дәл тиді! — деп радист шаңқ ете түсті. 
— 
Не - е? — деп аңырып, капитан арыстан жалды басын радиске бұрды. 
— 
Дәл тиді, жолдас капитан, — деп қайталады радист. 
— 
Ендеше, огонь! Огонь! Огонь! 
Залп артына залп дүрмек - дүрмегімен күңірене жөнелді. Капитан дирижер құсап залп 
ырғағына сай жұдырығымен столды қойып-қойып қалады. 
— 
Дәл тиді! Дәл тиді! Дәл тиді! — деген даусы естіледі радистің. 
— 
Огневаяға айт! Үш қайтара лағынет естісе де, үш қайтара рахмет айт! Бәрекелді! 
Тоқтат енді! Белгілерді жазып алсын, ана есалаң бастығы! 
Капитан барып, сұлқ түсіп, орындыққа отыра кетті. 
— 
Жолдас капитан, сәтсіз кеткен бір залпқа бола осынша қиналмаңыз, — деп оны 
тыныштандырмақ болдым. 
Генералдың бұйрығы бойынша атылған кейінгі залптар капитан мен огневаяның арасында 
ұрыс-жанжалсыз сәтті өтті. 
...Аспан түнере берді... Жапалақтап қар жауа бастады... Марков телефон соқты. 
— Панфилов Шехтманға кетті, — деді ол сабырлы үнмен. — Оның сигналын күтуді 
бұйырды. Кирсанов Строково мен Быково жақты көздеуге дайындалсын. Неміс салмағын 
сол жаққа сала бастады. Үлкен кісі қаршыға құстарын жібермекші еді, бірақ өзіңіз көріп 
тұрсыз ғой, қар жапалақтап жауып кетті. Қап, кесірін қарашы... 
Біз сигналды күттік. Әбден ашыққан капитан тамақ сұрады. Бозжанов оған тағы қызмет 
етті. Сергей Иванович аузын толтыра - толтыра асап, шабыттана тамақтанып отырып, 
жайдарылана жымиып Украинаның сықағы мен түрлі күлдіргі әңгімелер айта бастады.
Бозжанов кіріп-шығып тамақтың түр-түрін әкеліп жүрді. 
Мен мына ерекше екі адамға қарап отырмын: бірі тамақ жеп, әзіл-оспақ айтып, 
рақаттанып отырса, бірі Сережаның бүгінгі көңілді болып, жақсы тамақтанғанына қуанған 
қамқор анадай рақаттанып жүр. 
...Бір уақытта Марков телефон соқты. Строково мен Быковоға «огонь!» деп бұйырды. 
...Кеш түсіп қалған. Телефонмен генерал сөйлесті. 
— 
Мен Шехтманның штабында тұрмын, халдеріңіз қалай?.. 
— 
Екі-үш рет бізге де ұшқыны тиді, жолдас генерал. 
— 
Ештеңе етпес, әзірше олар сіздерді тұспалдап атып жатыр. 


96 
— 
Ия, сол қаңғыған снарядтардың біразы бізге де түсті. 
— 
«Мария Ивановнаның» халі қалай? Қанша сомы қалды? 
— 
Төрт пе, әлде алты ма сомы қалған сияқты. 
— 
Төрт,— деп Кирсанов сыбырлады. — Екеуі менің өз басымды қорғауыма керек. 
— 
Немене, кім сізді шаужайлап тұрған? — деді генерал маған. 
— 
Ешкім шаужайлап тұрған жоқ, жолдас генерал, жай, ақшаның санын анықтадық. 
«Мария Ивановнаның» төрт сомы бар екен. 
— 
Төртеу ме? Төрт-ақ сом ба?—деді көңілі көншімей.—Елин Рождественскоені 
тастап шығып, Шишкиноға кетті. Атыңыздар, Рож... — генералдың даусы кілт үзілді. 
— 
Ия, халдерің солқылдақтау екен. Сендерді тұс-тұстан қыспақтап жатыр екен. 
Жақсы емес. Мен ақымақ басым үш залпты жөнсіз, жорықсыз беталды тарс-тұрс еткізе 
салыппын, — деді Кирсанов. 
— 
Кәне, жолдас капитан, Рождественскоедегі немістерді сыйлаңыз... 
...Марков тағы да телефон соқты. Бізбен байланыс үзілгеннен кейін генерал Марковпен 
сөйлесіпті. — Генерал сізбен байланыс үзілгеніне өкініп жатыр,— деді Марков, — 
көрсеткен жәрдемі үшін Кирсановтың өзіне жеке және оның адамдарына рахмет 
айтпақшы екен. Ал, Кирсановтың кете беруіне рұқсат етті. 
Осының бәрін мен Кирсановқа айттым. 
— 
Демек, сен осында қаласың ғой, — деді ол маған, қабағын түйіп тұрып. — 
Генералдарың, сірә, ескіден шыққан асыл адамға ұқсайды. ... Өзің білесің ғой, біздің 
техника жаңа, әрі өзгеше құпия. Сондықтан бұл жерде бұдан артық уақыт қалуға 
болмайды. Мен сенімен бірге қалып, сенімен бірге жаумен найзаласар едім, бірақ өзің де 
түсінерсің, бұйрықтың аты бұйрық. Барлық жаралы адамдарыңды маған жеткізуге бұйрық 
бер. Тым болмаса соларды машинамен госпитальге апарып салайын.
Кирсанов дөрекілеу болса да, шын ықыласымен, жылы шыраймен бәріміздің қолымызды 
алып қоштасып, машинаға мініп жүрді де кетті. Оның артынан Бозжанов көпке дейін 
қарап тұрды да: 
— Түрі аюдай болса да, шіркін жақсы жігіт екен. Осындай артиллеристер көбірек болар 
ма еді... — деді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет