Бауыржан Момышулы. Ушкан уя



Pdf көрінісі
бет4/16
Дата01.04.2023
өлшемі0,82 Mb.
#78189
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Байланысты:
Бауыржан Момышұлы — Ұшқан ұя

Балам менің қайда екен?
Қыздарменен тауда екен.
Тауда неғып жүр екен?
Алма теріп жүр екен.
Алмасынан кəнеки?
Жаңа теріп жүр екен.
Қызыл алма қолында
Қыз-бозбала соңында, — деуші еді-ау.
Кейде қиястықпен қыңқылдап мазасын ала берсем, алдына алып
отырып:
Жылама бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Жілігінің майы жоқ


Жіпке тағып берейін.
Көк сиырдың сүтінен
Көже жасап берейін.
Оның тұзын кім татар
Жыламайтын ұл татар,
— деп мəпелейтін еді. Сол кезде əдемі əнге елтіп жатып балбырап
ұйықтап кетер едім.
Қайран сол балалық, қайта келермісің, сен! Кей кезде сол бір алаңсыз
балалығыңды аңсап, еріксіз сағынасың. Əлдеқайдан асыр салып, жол
шаңын бұрқыратып, тұлымын жалбыратып, екі бетін албыратып, дүниені
даңғыратып сол балалығым шыға келетіндей, айналаңа жалтақтай беретін
кездерің жиі болады. Алайда бал балалық қайдан келсін. Ойыңа сол
шақтардың өрнектері ғана, үзік-үзік бөлшектері ғана, сапырылысқан ретсіз
саздары ғана оралады. Сен соны тұшынасың да тамсанасың. Тамсанасың
да еріксіз жымиясың. Осы сəтте бір шеттен балалық дəуірдің бір елесі де
жымиып тұрғандай сезіледі.
Біздің кейде өткенді еске алсақ, тұтас тұлға іздеп, бүтін бір жүйелі
оқиға іздеп, кесек-кесек кереметтер іздеп, ерекше мəн беріп қарайтынымыз
бар. Дəл осы өлшем балғын кезге келе бермейді. Өйткені бала жүрегі, бала
көңілі, бала ойы алғашқы көргенін, алғашқы сезгенін, алғашқы
тұшынғанын қаз-қалпында, тұнық күйінде болмысына ұйытып алады да,
сол қалпында сақтай біледі. Бала қиялы ол көргендерінен көлемді ой түйіп
жатпайды, қайта үзік-үзік үміттің өзінен рахат сезімге бөлене береді. Дəл
қазір менің көз алдыма да сонау сəби кездегі қызық пен қуаныштың
елестері түйдек-түйдек жаңғырып, жанымды жай таптырмай отыр. Көзге
ыстық көне суреттерді қайта қарағандай, соның бір-екеуін келтіре кетейін.
...Міне Үбиан əпкем үлкен үйден шықты да, қазан басына бет алды.
Мен оны көре сала борсаңдап, сүріне-қабына еркелей жүгірем. Əпкем
аяғымды жерге тигізбей қағып алып, аспанға көтереді. Мен сықылықтай
берем. Əпкем биікке мені бой создырып мəз болады. Сонан соң ол кенет ет
бауыры елжіреп мені қамзолының омырауын ашып, қойнына жасырып
алады да, жүгіре жөнеледі. Бауыр құшағы қаңдай ыстық еді, шіркін...


Енді бірде ортаншы əпкем Əлиман мені ойнатып жүріп, үйдің ескі-
құсқысынан дөңгелек қора жасады. Сол қораға еліктіріп əкеп қамап, аузын
ермен бекіткені бар. Өзі көрші қыздармен кетіпті. Содан қоршаудан шыға
алмай, жалғыз өзім бақыра беріппін, бақыра беріппін. Бұл «азаптан»
жеңгем келіп құтқарып, «əй, жаман қыз-ай!» — деп əпкемді жазғырып,
мені əлдилеп еді. Көпке дейін ортаншы əпкемді жек көріп жүрдім...
* * *
Əлі есімде... Əкемнің кенже інісі мені оң алақанына тік тұрғызып алып,
алты қанат үйдің ортасында арлы-берлі жүріп алды. Мен болсам зəре
құтым қалмай қорықсам да, тіземді бүкпей қаздиып тұра беріппін. Көкем
«Қаз! қаз!», — деп өзімен-өзі. Атамның ескі түлкі тұмағына отырғызып,
мені керегеге іліп қойған да сол көкем ғой. Өзі киізге жайғасып алып ұзақ
уақыт əуестікпен əурелеп еді. «Ал, кəне, балапаным? Қанаттанып қашан
ұшасың?..» деп қояды. Мен қыңқылдап жылай бастағанымда, «дуана келіп
қалады» деп қорқытқан... Содан бастап көкемнің көзіне түспеуге
тырысатынмын...
* * *
Əкем базардан келе жатқан. Үлкен əпкем мені əкемнің алдынан алып
шықты. Əкем қоржынды түзулеп, ерге мені отырғызды. Жалма-жан ердің
қасынан шап беріп ұстай алдым. Əкем ат тізгінін жетектеп келеді.
Үйге дейін отыз шақты қадам болса да, мен ердің екі жағына алма кезек
ауытқып, қоржын ішіне сырғып түсе бердім. Əкем рахаттана күліп алып
қайтадан ерге отырғызады. Əпкем болса қатарласа жүріп: «Қорықпа,
қорықпа! Берік отыр!» — дейді.
Бұл менің ат жалына алғашқы қол артуым еді.
* * *
Тағы бір жай ойыма оралады... Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл
ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен... Əкем
дастарқан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да
құлағыма: «Сен немене, аталарыңа сəлем беруді ұмытпа дегенім қайда?!»
— деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта
біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып


тұрып: «Ассялам алейкүм, аталар» деп əр сөзді қадай-қадап айттым. Бұған,
əрине, бəрі күлісіп жатыр. Өткенмен мені араз етіп алмау үшін бəрі де бір
ауыздан «алейкүм салам!» десті. Сонан соң əрқайсысы маңдайымнан сипап
мақтайды. Жақсы сөзге мəз болып мен əкемнің тізесін ала жайғасамын. Ол
басымнан сипап отырып: «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде əрқашан
үлкендерге сəлем беруді ұмытпа. Əдепті бала сүйтеді», — дейтін.
* * *
Əкем маған ата-тегіміздің аты-жөнін үйретуші еді.
— Кімнің баласысың? — деп сұрайтын ол.
— Мен Момыштың ұлымын.
— Момыш кімнің баласы?
— Момыш — Имаштың баласы.
Осылайша жеті атаға дейін жетелеп отырып санатады. Ал келген қонақ
ең алдымен атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніндегі
білімімді тексеретін. Ел танудың басы ең алдымен осылай басталатынын ол
кезде кім білген.
* * *
Əжем малдың «тілін» ұғуды үйретуші еді. — «Қозы маңырайды, бұзау
мөңірейді, құлын кісінейді, бота көзі мөлдіреп ақсайды, қодық ақырады...»
Əжем маған зұлым қасқыр, жымысқы түлкі, дəрменсіз қоян, сүйкімді
құс, сұрапыл сұңқар жайлы ертегілер айтатын...
* * *
Кавказды аралаған кезімде үш күн қатарынан ашық аспан астында
түнегенім бар. Сонда ұзақ уақыт ұйқым келмей елес қуып, өмір
өткелдерінің теңізіне жүзіп кеткен кездерім көп болды.
Сол өткелдердің көбіне аялдамай, балалық шағым мен əскери өмірімнің
белестеріне қайта-қайта көтеріле бергенімді өзім де аңғармай жаттым.


Қасымдағы серіктерім ұйқыда жатқанда, мен ұшып тұрып əлгі елестерімді,
ойға түскен оқиғаларымды қағазға түртіп алғым да келді. Алайда оған
жарық қайда. Мен тек аспанға қарай бердім. Менің шарасыз күйімді
түсінгендей жамыраған жұлдыздар жан-жақтан жымыңдап көз қысады.
Əлдеқайда алыс тоғай ішінен, тау жынысының тыныштығын қорғағандай,
үкінің үні құлаққа келеді. Қылаусыз ашық аспан... Жарқын күлкісі жүзін
жайнатып жібергендей биікте ай баяу жылжиды. Майда, мамық сыбдыр
бар — бұл түнгі ұйқыдағы ағаштардың тынысындай секілді... Өркеш-
өркеш жота. Жоқ, бұл қаз тізілген түйелердің өркешіндей елестеді. Сонау
көгілдір аспан жиегінде шөккен түйенің өркештері көз алдымнан кетпей
тұрып алды... Бұл Алатаудың айғыз-айғыз шындарына тіпті де ұқсамайтын
еді. Нағыз алып өркештер көргендей болдым. Сол сəтте тағы да бала кезім
ойға оралып еді...
Онда мен бесте ме, əлде алты жаста шығармын. Əжеммен бірге жатушы
ем. Əже құшағы қандай ыстық, қандай мейірбан десеңші. Көзім ұйқыға
кеткенше, əжем айналып-толғанып арқамнан қағып жатқаны. Еркелеп
жатып қалғып кеткеніңді өзің де аңғармай қаласың. Бір күні түн
жарымында оянып кеттім. Орнымнан сездірмей тұрдым да, əжемнің
төсегінен алыстай бердім. Ондағы ойым қораның екінші бетіндегі .жем
жатқан үйге бару еді. Екі үйдің ортасында иін тіресіп, мойындарын көкке
созған күйі маңғаз түйелер жатыр екен. Жүндері үлпілдеп түнгі самалға
желпілдегендей сезілді. Түйелердің арасымен жүріп келе жатып мен мамық
жүнді ақ ботаның қасына еріксіз тоқтадым. Осы жерде отырып жұлдызды
аспанға телміріп ұзақ қарағаным есімде. Ай мені еркелете күлгендей
сезілді. Ал қаз тізілген түйелердің өркеші тау жоталарындай көлбеңдеп
көрінгендей еді. Түннің мамықтығы сонша, мен боталардың баяу демін
айқын естіп тұрдым.
Мен əкеме келе жатқанымды ұмытып, осы жерде таңырқап тұра
беріппін...
Ертеңіне үйдегілер мені екі ботаның ортасында ұйықтап жатқан
жерімнен тауып алды. Əкем мейірлене күліп алды, ал əжем қатты
ашуланды. Содан бастап əжем үйдің есігін бекітіп алатын болды...
Осы бір алыста қалған балалық шақтың бал түні сұрапыл соғыс кезінде
елестер деп үш ұйықтасам түсіме енген емес еді. Алайда қан майданда
жүріп мен сондай түнді елестеткенім бар. Өзімді көп өркештің ортасында,


тау ішінде, нұрлы айдың аясында баяғыдай кіп-кішкентай сəби сəтімде
тұрғандай сезіндім...
Сөйтіп мен бес жаста едім. Ауылымыз Алатаудың Ақсай жəне Көксай
шатқалынан төмен ауып, жаз жайлаудан Мыңбұлақ ойпаңына келіп қонып
жатқан. Бұл жер шөбі шүйгін, айналасы ашық, жалпақ жазық. Сол жазыққа
ауылымыз жағалай үй тіге бастады. Ерте күздің еріншек күні қоңырқай
жылуын себелейді. Ел іші көші-қоннан əлі басыла алмай абыр-сабыр. Көз
жеткен жердің бəріне мал қаптап, жағалай жайылып жатыр. Үлкендер
қамқор тірліктің қамымен жүргенде біз емін-еркін ен жазықта жалықпай
ойнаушы едік-ау. Өстіп жүріп есейе бергенімізді де аңғармай қалыппыз.
Даланың «дарқан балабақшасынан» қол үзер сəт жақындай беріпті.
* * *
Кейде менің өнеге алған, тəлім үйренген, дəріс оқыған ұстаздарымды
еске түсіріп ойға бататыным бар. Сондай шырын шақтарда ең алдымен ата-
аналарымның бейнесі елестейді. Солардың уағызы басымырақ бола
береді...
Өйткені есейе келе көрген көп ұстаздарым талай-талай тағылымға бой
ұрғызғанымен, солардың бірде-бірі нақ өзімнің əжемдей, əке-шешем мен
ауылдың қадірлі ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған жоқ,
молынан құлаш сермете алған жоқ десем, ардақты ұстаздарымның көңіліне
келмес. Бұл сезім өзіме қанымның тартқанынан немесе жақыныма
сезімімнің бөлектігінен, əлде ата-анаға деген парызымның молдығынан
ғана туып отырған жоқ. Өмір шындығының өзі ақиқатқа бас ұрары даусыз.
Дүние тарихы. жаратылыс шежіресі, жан-жануар болмысы жайлы алғашқы
əңгімені əжемнен естігенімді, адамзат қауымының қалыптасуы туралы
тұңғыш мағлұматты əжемнен алғанымды қалай ғана ұмытармын... Иə,
əлемнің пайда болуы, тірлік дамуы, адамзаттың шығуы, өмір жайлы
шынайы сезіммен азаматтық тұрғысындағы жан баурайтын аңыздарды
айтқан; ненің жақсы, не жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді
үйреткен; ар заңының, əдеттің жинағынан алғашқы тарауларды
таныстырған да, ең алдымен, ата-ана, ағайын-туған еді. Əрине, ол кезде
мен де өзге сəбилер сияқты əжем айтқан ертегі мен аңыздардың түпкі
байыбына бара бермейтінмін, əке əңгімесінің өсиетін ұға бермейтінмін
жəне үлкендердің талай-талай өнегесін орындай бермейтінмін... Ол кезде
мені қызықтыратыны ертегі-аңыздардың ғажайып оқиғалары еді... Енді,


міне, есейіп ер ағасы болғанымда ойласам, мен сол əңгімелерден адамзат
өресінің өрісін тани берген екем ғой...
Менің ұстаздарым əріптен бастап буынға дейін, сонан соң ақ қағазға
қаламмен өрнек жазуға дейін үйретті. Келе-келе жүйелі оқып. есепті
жүйрік шығаруға қол жетті... Ал өмірдің өзі ше? Осынша ғұмырымның
ішінде түрлі-түрлі күрделі жағдайда; толқымалы тоқсан сырлы кезеңде
кездесіп дидарласқан, тағдырлас болған, табақтас болған адамдар ше?
Мамыражай сəттерден мазасыз майданға көшіріп, көбік шашқан өмір
дариясының бір толқынынан екінші толқынына аямай лақтырған уақыт
ше? Осының бəрі де менің тірлігімдегі тірек болған, жүрек болған, қол
ұшын берген, қорған көрсеткен ұстаздарым деп білем. Осындай уақыт
талқысы ғана. өмір өткелдері ғана, тірлік тізбегі ғана менің əжемнен
үйренген «жақсы», жаман», «мақұл», «иемақұл» деген сөздердің байыбына
терең бойлата алды.
Əжемнің «осылай болған екен» деген сөздері мені бірде ғасырлардың
шыңырауына сапар шектірсе, бірде құс қанатындай демеп ілгері
ұмтылдырды, биікке самғатты...
Міне, енді өзім де əке болып ұл өсіріп, қыз өсіріп отырғанда, немере
сүйіп мейірленген сəттерде, олар да маған аңғал да адал, бірақ
құштарлыққа толы шынайы сұрақтар береді. Тағы сол сəтте осы
балаларымның дəл менікі сияқты ғұлама əжелері азайып бара жатқанына
қайта өкінем, қабырғам қайысады.
«Қаншаға келдің, қарағым»... — деп қай баладан сұрасаң да, өз жасын
мақтанышпен айтатыны мəлім. Қазір жыл сайын баланың туған күнін
тойлау дəстүрге сіңіп болған əдет. Ал менің балалық шағымда туған
жылды, туған күнді емес, мүшелді кезеңдерді тойлаушы еді. Алғашқы
мүшел — нəрестенің қырқынан шығатын күн. Бұл күні үй ішінде елдің
ауыл-аймақта да көтеріңкі көңіл, көп шаттық үстем болатын. Екінші мүшел
— баланың жеті жасқа толған күні. «Жетіге келгенше бала жерден таяқ
жейді» деп тегін айтылмаған ғой. Сол жетіге толған күні əрең аяғын жерде
нық басты деп санайды. Азаматтыққа аттанар жолдың алғашқы қадамы да
осы жерден басталса керек. Ата-ана мен төңірекке бұл үлкен қуаныш.
Ендігі мүшел — 13 жас. «Он үште отау иесі» деген мақал бар. Бұл енді
оңды-солыңды тани бастадың, ер санатына іліктің, сенімен есендесер, ақыл
бөлісер кезең келді деген сөз. Енді сен өзгенің жетегінен гөрі өзің тізгін


ұстағанды, өзің ат жалын тартып мінгенді қалайсың. Азамат мүшелінің
алды осы. Ең ақыры толықсыған жігіт шақтың мүшелі — жиырма бес жас.
Əкем маған жастайымнан қазақша жыл қайыруды, күн мен ай аттарын,
жыл аттарын жаттатты. «Тышқан жылы, сиыр жылы, жылан жылы, жылқы
жылы, мешін жылы, тауық жылы, доңыз жылы, қоян жылы, қой жылы,
барыс жылы, ит жылы, ұлу жылы» деп жаттаушы едім. Алайда əкем сол
жылдардың мəнін, неліктен осылай аталатынын түсіндірген емес. Бірде
əкеме жаттағандарымды жаңылмай айтып бердім. Ол мені мақтап арқамнан
қақты. Осы мақтауға масаттанып, əжем отырған үйге жүгіре жөнелдім.
Сондағы ойым — білгенімді тақпақтап, олардан да құптау сөз есту еді...
Үй іші қоңыр салқын екен. Əжем қос сабаумен тулақты кезек-кезек
тарсылдатып жүн сабап отыр. Сабау дыбысына құлақ тоссаң, əлдебір əуен
сазын ойнағандай сезіледі. Екі əпкем мен жиен қызымыз біреуі жүн тасып,
екіншісі тулаққа төсеп, үшіншісі ұршық иіріп көмектесіп жүр... Мен
дүниені көшіріп жіберердей ентелей келіп, əжемнің иығынан сілкілей
беріппін:
— Əже, əже, тоқташы! Не үйренгенімді айтып берейінші.
— Құлыным-ау, сабыр етші. Мен жүнімді сабап алайын. Сонан соң
асықпай тыңдаймын ғой, —дейді əжем еркелетіп.
Енді менің екпінім бəсеңдеп, əжемнің қасына отыра кеттім де, жүн
шашып ойнай бастадым. Кіші əпкем түйдекті жұлып алып итеріп жіберді.
Қатты ызаланып мен оны «маймылсың» деп келемеждедім. Əпкем өкпелеп
жағымнан тартып жіберді.
— Неге маймыл дейсің?
— Өйткені сен маймыл — мешін жылы туғансың.
— Ал онда сен доңызсың. Өйткені сен доңыз жылы туғансың! — деп
əпкем маған тілін шығарып келеке етті. Мен шыдап тұрайын ба, ызаға
булығып əпкеммен жұлқыса кеттім. Əжем мейірлене күліп, екеумізді
арашалап жүр.
— Құрманкүл қай жылы туған? — деп сұрадық біз.


— Тауық жылы, — деді əжем.
Құрманкүл тұлымы желбіреген жіп-жіңішке нəзік қыз еді.
Бəріміз енді оны «жүнін жұлған тауық» деп мазақтадық.
Құрманкүл сөз таба алмай жылап жіберді...
Сонда ғой, əжемнің бəрімізді отырғызып ыстық күлше үлестіргені.
Сөйтіп өзі ортаға отырып алып əдемі аңыз айтып еді-ау.
— Балаларым, құлақ салып тыңдаңдар. Көңілге түйіп, ұғып алыңдар.
Жаппар ием жарық дүниені, Күн мен Айды, ж арық пен қараңғыны
жаратарда күнге, аптаға, айға жəне жылға ат қоюды ұмытып кетіпті... Жер
бетіндегі тірі дүниенің бəрі, жан-жануар күн санауды, уақыт өлшеуді
білмей бейберекет жүре берген екен. Ақыры дүниенің сапырылысқаны
сонша, тіптен кімнің үлкен, кімнің жас екенін ажыратудан қалыпты. Жасты
бойға қарап өлшейтін болыпты. Кімнің бойы ұзын болса, үлкені сол деп
есептеліпті. Қытымыр қыс қашан түсіп, көгілдір көктем қай кезде келерін,
жадыраған жаз мөлшерін, берекелі күз кезеңін ешкім де ажырата алмайды
екен. Сондықтан қой мен түйенің жүні түлемей сабалақ боп жүріпті.
Адамдар болса, қойдың өлі жүнін, күзем жүнін қырқуды да білмепті.
Жаратушы ием, осы сан-сапалақ сапырылысқан тірлікке зер сап тұрып,
дүниеге көңілі толмайды. Сондықтан да адамдарды саналы тірлікке
үйретпек болады. Адамдар уақытты өлшей білсін, уақытпен санаса білсін,
уақытты қастерлей білсін, ол үшін айды аптаға, аптаны күндерге, ал жылды
он екі айға болу керек деп түйіпті тəңірі. Сонда адамдар мал төлдеп, аққа
ауызы жетер кезді біледі; жүн қырқып, киіз басатын уақытты біледі; жаз
жайлауға шығатын шақты сезетін болар депті. Сөйтіп тəңірі əр айды жыл
мезгілімен атайтын болыпты. Ал Айға адамдардың көмекшісі бол, жүзіңді
ашып-жауып тұрып, есеп жүргізуге көмектес депті. Жұлдыздар күн
райының хабаршысы болады деген екен.
Осылайша адамзат ұзақ жыл өмір сүріпті. Күндердің күнінде жыл
мезгілдері қайтадан ауысып кетіп, адамдар жаңылысып қалады. Бір жыл
бір жылға ұқсас: көктемнен көктемнің, қыстан қыстың айырмасын аңғара
алмай, адамдар аңтарылып отырыпты. Сондықтан да олар өткені ізсіз,
болашақтан бейхабар қала берген екен.
Жаратушы тəңірінің жар құлағы жастыққа тимей күндіз-түні ойға


батыпты. Ақыры жан-жануар аң біткенді жинаған екен. Осы жиында өз
ойын білдіріпті. Енді есеп жүргізуді он екі ай бойынша енгізетінін айтады.
Ол үшін он екі жылдың əр жылын жануарлар атымен атайтынын
баяндайды. Сондықтан жан-жануар тегіс жазық далаға шығып, таң
сəулесін күтсін. Шығыстан күн көтеріліп алғашқы алтын нұры жер бетіне
төгілген сəт жыл басы болсын. Сол нұрды бұрын көргеніңнің атымен
бірінші жылды атаймын. Екінші көргендері екінші жылға ие боласыңдар.
Осылайша он екі жануар он екі жылға иеленеді деген екен.
Аң біткеннің барлығы ашық алаңға жиналып, бозала таң атқанша бір-
біріне мақтана бастайды. Біреулер көзінің қырағылығына, біреулер өзінің
жүйріктігіне сеніп, күн сəулесіне бəрінен ерте жететініне шүбəсіз болады.
Ал түйе болса маңғаз басып, ырғала ыңыранып, ернінен көбік шұбыртып,
мойнын сан құбылтып, төңірегіндегінің біреуін де көзіне ілмей жатқан
екен... «Таласып таусыла беріңдер, бейшаралар, босқа болдырғанша
алаңсыз тыныға берейін. Мен сендер сияқты күн сəулесін күтіп шығысқа
жүгірмеймін де, көз майын тауысып төңірекке үңілмеймін де. Құбажондай
бойым бар, құлаш-құлаш мойын бар. Осы жатқан күйімде мойнымды бір
созсам, бəрің жер бауырлап қаласыңдар. Күн шапағы шашырарда, мен
мойнымды созып жіберіп, жыл басын өзім көрермін əлі. Тəңірден алғашқы
жылдың атын өзім алып қайтам», — деп тікенек күйсеп жата береді.
Бишара тышқан өзінің дəрменсіздігін мойындап жан ұшыра безек
қағады. Мынау жатқан алып түйенің қасында ол өзін құмырсқадай
сезінгенде, бар болмысы шиыршық ата шиқылдапты. Сонда да жылдан
дəмелі неме емес пе, əркімге жалбарына қарап, жалына сұрақ берумен
болған екен: «Мен қайтемін?! Мен қайтемін?!» — дей беріпті. Тіптен
түйенің қасына келіп шыңғыра шиқылдап одан да əлгі сұрағына жауап
іздейді. Маңғаз түйе мойнын да бұрмай, ақкөбік жынын тышқанға бүркіп
жіберіпті де былай депті: «Масадай болған бишара, мазамды алмай көзіңді
жоғалтшы. Сенің бойың шөптен де аласа, шөңгемен тең емессің бе?
Кеудеңде жаның бар демесең, кесек құрлы мыжып кетуге жарамайтын
сорлы, сен жылдан дəметпей-ақ жайыңа жүрсең қайтеді...» — деп көзін
жұмып ыңыраныпты түйе.
Тымық түн төңіректі əлдилеп, дүниені теп-тегіс маужыратқан кез
орнапты. Сонан соң көгілдір аспанның көздеріндей болып жұлдыздар
ойнақшыпты. Сар далада тек қана əлсін-əлсін алыстан шие бөрінің ұлыған
үні естіліп тұрған екен. Онан өзге дыбыс та, онан өзге сыбыс та


білінбепті... Айналаны торуылдаған аң біткеннің бəрі күншығысқа
қадалған күйі көз ілмей күткен екен...
Miнe, таң арайы таңдайланып алыс көкжиекті ақ сүтке шомылдыра
бастапты. Түнімен тағатсыз күткен жан-жануар безек қағып берекесі
кетеді. Біреуі мойнын созып, бірі секіріп, алғашқы сəулені алдымен көруге
арпалысып жүр. Қу түлкі болса құйрығын бұлғақтатып əр тұстан жылт етіп
бой көрсете береді...
— Е-е, осыларды қойшы... Маған не асығыс бар, — деп есінепті түйе.
Кенет оның төбе тұсынан шіңкілдеген үн естіліпті:
— Мен көрдім, мен көрдім. Алтын сəулеге шомылған ақша бұлт
көтеріліп келеді.
Бұл — түйенің төбесіне шығып алып бəрінен бұрын жыл басын көрген
тышқан еді.
— Үнің қайдан шығып тұр, құмалақтай болған сен бəленің? — деп
бұрылыпты түйе.
— Мен сенің төбеңде тұрмын. Бəрі анық, бəрі əдемі көрінеді екен.
Алғаш көрген өзіммін, жыл басы да өзіммін, — деп тышқан мəз болып
шиқылдапты. Ашулы түйе басын сілкіп қалғанда, байғұс тышқан атқан
кесектей ұшып «мен бірінші көрдім» деп айқайлаған күйі алысқа топ ете
түскен екен.
Жыл басы тышқаннан басталатыны содан, құлындарым. «Түйе бойына
сеніп, жылдан құр қалыпты» деген мақал осыдан шыққан ғой. Кейде
«түйедей бойың болса да, тышқандай ақылың жоқ» деп неге ұрсады дейсің
адамдар. Бұл бойыңа сенбе, ойыңа сен, мақтан сөзге ерме, мағыналы
тірлікке ер дегені. Сондықтан түйеге ұқсап орынсыз түксие бермеңдер,
шырақтарым. Ақылға жүгініңдер, — деп күліп еді əжем.
Осы сəтте үйдің шаңырағынан бір қарлығаш ұшып кірді. Мұны сезген
ұядағы шақалақ балапандар аузын ашып қорек тілей бастады. Бəріміз де
төбеге қараппыз. Қарлығаш төбедегі ұясының шетіне жайғасты да,
балапандарын кезектеп жемдей бастады. Алғашқы шақалақтың аузына жем
тастап жіберген қарлығаш қайта ұшты. Қарлығаштың аспанға тік атылып,


канат қақпай қайтадан төмен құйылғаны шаңырақтан айқын көрініп тұр.
Көп ұзамай ол екінші балапанға жем əкелді. Осылайша қалқып ұшып,
қайта кіріп қанаты талды ма, ақырғы балапанын жемдеген қарлығаш енді
ұя аузында отырып тарана бастады. Шіркіннің сүйкімдісін-ай. — Фью-ю!
—деп ысқырып жібердім де, əжемнің сабауын ала салып, қарлығашқа
сілтеп үркіттім.
— Е-е! Жаман бала болмасаң етті! Бұзақының тірлігі ғой мынауың, —
деп əжем қолымнан ұстай алды. — Қарлығашқа неге тиесің? Бұл киелі құс
екенін, адамның досы екенін білмеуші ме ең, сен бейбақ? Балапанын емін-
еркін ұшырып, бақытын тапқанша, бұл құс менің үйімнің төріндегі ең
қадірлі қонағым ғой... Қонағыма қол көтергенің — менің де сыйламағаның
емес пе, шұнағым, — деп ұялтып тастады.
Қыздар мені мұқатқанына мəз болып күліседі. Сонда əжем мені
бауырына тартып, маңдайымнан иіскеп былай деп еді:
— Қоя қой, құлыным. Кел, алдыма отыршы, мен саған қарлығаштың
құйрығы неге айыр болғанын, масаның тілі неге жоқ екенін айтып берейін.
Мен қуанып кеттім. Өйткені əжемнің əңгімесі ерекше баурап,
жанымызды жайлап алатын:
— Ұлы патша Сүлеймен деген өтіпті баяғыда, — деп бастайтын əжем
əңгімесін. — Ақылы асқан, жер бетінде де, су астында да, аспан əлемінде
де əділдігімен əйгілі екен. Патша барлық жан-жануардың, құрт-құмырсқа,
бақа-шаянның, балықтың тілін біліпті. Күндердің күнінде патшалығына
жау шауып, əлек салғанда, жау бетін у себелеп қайтарған жылан екен. Бұл
баға жетпес ерлікке риза болған Сүлеймен патша жыланға:
— Қалауыңды айт, не тілесең соны берем, — депті.
— О, ұлы патшам, — депті жылан үш оралып жатқан күйінде басын
қаздитып, — жалғыз-ақ тілегім бар. Мен жəне менің ұрпақтарым жер
бетінде ең тəтті қанды сорып өтсе деп тілеймін...
Сүлеймен біраз ойланып қалыпты. Алайдахан сөзі қашан да біреу емес
пе.
— Айтқаның болсын. Кімнің қаны тəтті екенін өзің ата, — деген екен.


— О, ұлы патшам, — деп шағыныпты жылан, — кімнің қаны тəтті
екенін мен қайдан білем. Мен бір құдайдың сүйкімсіз жаратылған жəндігі
емеспін бе. Көргеннің бəрі жиіркене жиырылады, бар денем тастай, он
бойымда жылу жоқ, ешкімнің мейірімін көре алмай, ешкімнің құшағына
ене алмай қалған жексұрын бейбақпын ғой. Қауыз-қауыз алапес денемді
көргенде, тірі жанның бəрі тітіркеніп теріс айналады. Ұшарға қанат жоқ,
жүрерге аяқ жоқ — бауырмен жер сызған бишарамын. Қусам жете алмай,
қашсам құтыла алмай қор боп жүр емеспін бе? Тіптен күн сəулесінің өзі
менен қашып, тайғанақтап тұрмайды. Амалсыз құмда қыздырынып ұзақ
уақыт жатқаным. Аяғы барлар алыстап қашады. Қанаты барлар қалықтап
асады. Осы мүсəпір халіммен кімнің қаны тəтті екенін қайдан білейін?
Басқасын былай қойғанда, Алла Тағала сілекейімнің өзін у етіп жаратыпты!
Əділетті Сүлеймен əбден ойланыпты. Тірі жанның қай-қайсысын болса
да азапты өлімнің аузына апарып беру оңай дейсің бе. Сүлеймен патша
соны ойлап көп кідіреді. Амал қанша, уəденің аты уəде. Патша жарлығы екі
айтылмаған. Уəдесін қайтып ала алмайды. Не де болса орындау керек.
Содан патша ине тұмсық шаққыш жəндіктерді шақырыпты да, дүниенің
төрт бұрышына жұмсапты. Ұшып жүріп, жан-жануарды шағып, қанын
сорасыңдар, сонан кімнің қаны тəтті екенін анықтап кайтасыңдар деп
жарлық етіпті. Патша жарлығын бұлжытпай орындауға шабармандар ұша
жөнеледі.
Содан талай күндер өтеді. Шабармандар қан татып, қара біткеннің
бəріне қонады. Кеудесінде жаны бардың бəрі тегіс келер хабарды қалтырап
күткен екен. Бақытсыз күн қайсысының басына орнарын білмей, жандарын
қоярға жер таппапты. Жылан тілінен, жылан уынан өлуді кім тілейді
дейсің.
Осындай үрейлі уақытта қарлығаш күн сайын қанаттының бəрінен
бұрын аспанға ұшып шығып хабаршылардың алдын тосумен шолғын
шолады. Бір күні ол салпақтап ұшып, самарқау ызыңдап келе жатқан
хабаршы масаны көріпті. Хабаршы біткеннің алды осы маса еді. Қарлығаш
оны көріпті де, алдынан қарсы шығыпты. Жай білуге асығып, жайдары
амандасқан болыпты.
— Аманбысың, масажан... Басыңнан бақ кетпесін. Сапарың оң болды
ма? Сүлеймен патшаның қарауындағы аспан мен жерде, тау мен көлде,


жазық пен жапанда қандай жаңалық бар екен? Не көріп, не білдің? Не
тұшынып, не түйдің?
Маса қарлығаштың сəлемін көңілді қабылдамай, əңгімеден тайқып,
патша жарлығын орындап келе жатқанын, енді соны естіртуге асығыс
екенін білдіріпті.
— Онда мен сенің жолсерігің боп ұшайын. Əңгімеңді де жолай
естірмін, — депті қарлығаш.
Екеуі қатарласа ұшып келе жатқанда маса қарлығашқа əңгімесін
айтыпты. Сүлеймен патшаның жарлығын қалай орындағанын мақтана
баяндапты.
— Сонда кімнің қаны бəрінен де тəтті екен? Есіткенше мен де
құмартып барамын,— депті қарлығаш.
— А-дам-ның қа-ны! — деп маңғаздана ызыңдайды маса.
— Жо-жоқ... Сен алдап келесің! — деп шошып кетеді қарлығаш.
— Ант етемін! Өтірік айтсам, Алланың аспаны төбеме құлап түссін.
Адамның қанынан тəттісі жоқ. Тілімнен дəмі əлі кетер емес...
— Кəне, тіліңді көрсетші!
Ақымақ маса тілін шығара бергенде, қарлығаш оның тілін көмейімен
жұлып алыпты. — Өтірік айтқанның тілі осылай кесіледі! —деп қарлығаш
қуаныштан сайрап жіберген екен. Мұнан кейін ол өзге шабармандардың да
алдынан шығыпты өзгелердің де жауабы масаның жауабындай боп
шығады. Адамға жаны ашыған қарлығаш сонаның да, араның да, көк
шыбынның да тілін суырып алыпты.
Хабаршылар түгел жиналып болғанда, Сүлеймен патша тағына келіп
отырған екен. Ол алдымен масаға сұрақ қойыпты.
— Ал, кəне, кімнің қаны тəтті екен. Соны айтшы?
Маса тіл қатпақ екен, бірақ «вззз» деп ызыңдағаннан басқаға шамасы
келмепті.


— Немене, маспысың? Тілің жоқ па өзіңнің? Түсіндіріп айтшы.
Тілі жұлынған маса «вззз» деуден аса алмаған екен. Масадан мардымды
ешнəрсе шығара алмасын сезген патша əлгі сұрағын араға да, сонаға да,
көк шыбынға да қойыпты. Алайда бірі «дззз», бірі «жжжжж», бірі «жжууу»
деп төңіректі ызыңға толтырып жіберген екен.
—Бұларға не болған. Мына ызыңнан бірдеме ұққандарың бар ма, сірə,
— деп Сүлеймен патша ашу шақырады. Сол кезде қарлығаш топ алдына
ұшып шығыпты да, патшаның аяғына бас иіп былай депті:
— Мен түсіндім. Ұлы патшам, бұлардың бəрі де бірауыздан бақаның
қаны тəтті деп тұр.
Сүлеймен патша тағынан тұрыпты да, жарлығын бекітіпті.
— Айтқаның болсын! Бақаны саған бұйырттым, жылан еке.
Хан тағының етегінде жатқан жылан алас ұрып жынданғаны сонша,
тіптен өз уына өзі шашалыпты.
— Қарлығаш алдап тұр. Бұл жалған! — деп ысылдапты жылан.
Айтқаның болсын, —деп қайталапты Сүлеймен патша.
Патша жарлығы екеу болмайды. Бақа қаны бұйырды саған.
Сонда айбарлы жылан қарлығашқа тап берген екен. Алайда қарлығаш
қанат қағып үлгіріпті. Тек жылан оның құйрығын тіліп өтіпті.
Міне, қарлығаштың құйрығы содан айыр болған деседі, ел аңызы,
шырақтарым. Ал маса, сона, шыбын, араның аузынан адам қанының дəмі
əлі кетпепті деседі аңыз. Сондықтан да адам сəл мызғып кетсе, əлгілер
үйіріліп келіп шағып кетеді екен, — деп əжем ақжарқын кейпімен күлді де,
мұрнымнан шертіп қойды. — Енді түсіндің бе, ботам?
Содан бастап мен таңертең көз ашқаннан ел ұйқыға кеткенше
қарлығаштың сайрауына сұқтанып, дос сезіммен қамқор боп жүретін
болдым.


Əжем айтқан аңыздың тағы бірі ойыма оралып отыр... Бірақ оны
кейінірек баяндармын...
Момынқұл көкем атам мен əжемнің ең кенже баласы екен. Ұзын бойлы,
сұлу, сымбатты, дөңгелек қара көзді, кертпе мұрындау, астыңғы ерні
дүрдіктеу, аққұба жігіт болатын.
Əжеме өз ұлының осы дүрдек ерні мен кертпіш мұрны ұнамаушы еді.
Жайшылықтың өзінде жаратпай қымсынып отырғаны. «Тəңірдің мұнысына
амал бар ма. Бір биеден ала да, құла да туа береді деген осы да. Əйтпесе
өзіме тартайын деп-ақ тұр екен ғой», — дейтін ол. Оның есесіне көкем
əжемнің ең еркесі, ең сүйіктісі болатын. Кенженің аты кенже ғой. Əжем
оның көптеген қыңыр-қышықтарын, бұрыс мінездерін кешіре беретін.
Кейде сондай шалдуарлығына күйіп кетіп жазаламақ болғанда, көкем
іргедегі үйге зып беріп кетіп қалушы еді. Қайтып келгенше, əжемнің
ашуынан жұрнақ та қалмайтын. Əйтеуір көкеме келгенде əжемнің
ұмытшақтығы да ұлғаяды. Қайта айналып соққанда көкемді еркелетіп
отырғаны. Көкем əлденені бүлдіріп көпе-кернеу тайраңдап жүргенінің
өзінде, əжем басын шайқап тіл қатып отыра беретін.
— Ай, тентегім! Ай, тентегім! Кімге ғана тарттың екен? — дейтін өзіне-
өзі. — Əкең жуас еді... Құдды нағашы көкеңе, менің Серкебай ініме
тартқансың ғой сен. Серкебай да төңірегін шаңдатпаса жүре алмайды.
Əжемнің ашуы одан əрі аспайтын. Мұнысы кейде ашудан гөрі сүйсінуге
ұқсап тұрушы еді. Ерке баланың жөні бөлек қой, шіркін! Анасының еркесі
болғанға не жетсін!
Жас кезінде көкем шынында да шектен шыққан ерке, қолды-аяққа
тұрмайтын мазасыз еді. Жаяу жүрсе, екі иығын жұлып жеп, сермеген қолы
айналасын адақтап жүретін. Атқа мінсе, жау шапқандай құйындатып, ай-
шайға қарамай, ой-шұқырды елемей еліріп алатын. Атқа қарғып мініп,
шауып келе жатқанда қарғып түсетін. Атқа да, аяққа да батыр еді.
Жаз айының мамыражай кеші еді. Алтын күн құлан тауына иек артып,
төңірекпен қоштасқысы келмей қызара қиналып тұрғандай сезілді. Батыс
жақ қарттанып күлгін шапаққа шомылып тұрған кез. Шақпақ, Жабағылы,
Бұралдай жондарында сол шапақ бұлаң қаққандай сезіледі. Алатаудың
құзар басынан күннің соңғы сəулелері қуат алғандай көзді ұрады.


Жайлауды
мамық
түн
баяу
көмкеріп,
даланың
бояуын
біресе
қошқылдандырып, біресе бозғылдандырып жібереді. Ақ самал аңқып тұр.
Ауыл іші азан-қазан. Əркім іңір қараңғылығы алдындағы қарбалас тірлігін
тамамдауға тырманып жатқан кез. Əйелдер сиыр сауып болып, бұзауларын
қазыққа байлап жатыр. Бір шетте қозы көгендеп жүргендері де көп.
Беткейде үйір жылқы шүйгіннен бас көтермей жайылып жүр. Осы кеште
жігіттер асау қуып, аласарсаңға түсіп еді-ау. Құрық тимеген ту қашаған
желмен жарысып жеткізбей-ақ бағады. Ат құлағында ойнайтын айлакер
жылқышы құрығын ептейлеп соңынан қалар емес. Танауынан шыққан дем
тас ұшырардай жүйткиді. Құрық тиер-тиместе шұрқыраған дауысы
жайлауды басына көтергендей еді. Жылқышы сонда да ізінен қалмай жүр.
Құрық қашағанның жалына жақындамай жатып асау жалт береді. Содан
жігіттің екі аяғы ат бүйірін далақтай соғып, қайтып қайырылғанша, əлгі
қашаған қара жердің апшысын қуырып құрықтан алыстап үлгереді. Ауыл
адамдары мынау тосыннан басталған тамашаға түгелдей көз тігіп,
өздерінше дабырласып тұр. Арқасы қозып айқаймен айбат шегіп
тұрғандары қаншама. Кейбіреудің иығы өз-өзінен құнжыңдап анау
құрықшы жігіттің қимылын құптайды.
— Енді құтқармайды, — деп айқайлайды бірі.
— Солай-солай... Енді құрық таста, — дейді екіншісі аулақтан ақыл
беріп.
— Қап, əттеген-ай, алданып қалдың-ау, — деп қорланып тұрғандар да
бар.
— Япырай, жаз бойы жалын сипатпай əбден əккі болған екен, мына
асау, — деп өкінеді тағы бірі.
Қара тер боп ат үстіңде əлегі шыққан құрықшыны құрдастары қарап
тұрып-ақ мазақтайды.
— Оған жылқыны емес, сиыр ұстату керек қой дұрысы.
— Жігіт боп атқа мінген соң, жүгенге иелене алмағаны масқара ғой.
— Өзіңнің шамаңды көрер ме еді...
— Одан қайбір ілгерілеп тұр едің сен.


Осылайша ел дабырласып, екеу-екеу пікір таластырып тұрғанда,
жылқышы жігіт ат басын игеруге əлі келмей тұрып еді. Енді бері бұрылып
келе жатты. Жейдесі терге малынып, желкесі төмен салынып, құйысқаны
далақтап, құрығы босқа салақтап жиналған жұртқа ат басын тіреді. Демін
əзер алып тұр. Астарындағы аты ақкөбік боп еліріп алған екен. Əлі біраз
егеске шамам бар дегендей, көздері ұшқын атып шатынайды. Осы кезде
көкем жайдақ атқа қарғып мініп, қашағанның жолына кесе-көлденең қарсы
құйындата жөнелгені. Төтелей тартып, төтеп шауып барады.
— Ей, мынауың желіккен бе... желбегей шыққан батырша жөн-
жосықсыз шаба жөнелгені несі! Құр асауды құрықсыз ұстамақ па, — десті
топ ішінен əлдекім. Өзгелері демін тартып тына қалғандай еді. Өйткені
көкем оқыс қимыл жасады. Қашағанмен қатарласа беріп құйрығына
жабысқаны сол еді, жерге топ ете түсті. Көз тіккен жұрт шу ете қалды.
Аттан құлап майып болды ма деген ой əркімді де бір зірк еткізген еді. Жоқ,
сөйтсем, көкем сол асаудың құйрығынан ұстаған күйі аяғы жерге тимей
бүйірлей тартқылап барады екен. Мұнысы сілтеген тұяқты дарытпаудың
амалы екенін кейін білдім. Бөксесі бұраңдаған қашағанның екпіні
бəсеңдеп, осқырына ойқастап барады. Бір мезет асаудың сəл бұрылып
шабысын кідіртуі мұң екен, көкем қас қағымда ат арқасына мініп үлгерді.
Сөйтті де жалға жабысып қыбырсыз жатып алды. Асау болса, жайлау
жазығын жалғыз иемденіп беталды жөңкіле берді. Ақыры дəрмені кетіп,
дəмсіз шабысқа шыдамады білем, əлгі асау айдалада қалт тұрып қалды. Көз
тіккен жұрт қуаныштан ду ете түсті.
Енді көкем асауды ырқына игеріп, жалынан қақпайлап бізге тақай берді.
— О, аруақ, сақтай гөр!
— Тіл-көзден аулақ, əйтеуір.
— Азамат деп осыны айт.
— Диюға да құрық тастар құдірет иесі болар.
— Не де болса епті екен, шіркін!
Жұрт осылай желпінісіп тұрғанда асауды аяңға салып көкем де келді.
Көкем мақтауды жек көрмейтін. Сол мақтауға ілігем деп ол от пен суға


орынсыз қойып кетуден тайынбаушы еді. Ол мықтымын деп жүктің
ауырын көтеретін. Күреске де даяр тұрады. Жаяу жарыстан да қалған емес.
Не керек, соның бір де бірін берік тұтынып, үдесінен шықпайтын. Осыған
орай оның ел қойған аты да көп еді: «Епті», «Алаңғасар», «Қаракүш»,
«Таубұзар» — сияқты аттың талайы көкеме үйір болатын. Шынында да, ол
бапкері жоқ тұлпардай, байлаудағы сұңқардай өзіне-өзі сыймай жүретін. Ат
үстінде де, қаражаяу кезінде де қарап жүрген сəті жоқ-ты. Қашан да ел
көзіне түсіп, ерекше бір қырымен екшелене беретін. Осындай мазасыз
мінезі оны талай-талай тасқа да соқтырды.
Көкемнің көкпар десе арқасы қозып тұратын жəне сол көкпардан бір
жерін жараламай қайтқан кезі жоқ шығар. Бір рет бұғанасы шығып келді,
енді бірде — аяғы сынып қайтты, ал есінен танып, ел жігіттері көтеріп
келгенде, зəре-құтымыз қалмаған кезі де болған. Бірақ басын көтерісімен
сол баяғы аласапыран тірлігіне сүңгіп жүре беруші еді. Толғақ азабын тез
ұмытқан əйел сияқты, көкем көрген тауқыметін елеу дегенді білмейтін.
Сақтанып жүру санасына да кірген емес.
Жаны ауырып, жамбасы төсекке тигенде кейде тістеніп жатып қатты
ыңырситын. Сонда бəйек болған əжем шыжгөбектеніп көзіне жас алатын:
— Сен тентек, мені ажалымнан бұрын өлтіретін болдың ғой. Əр
жарақатың мені жегідей жеп, белім бүкірейіп бара жатқанын, аясаң етті
тым болмаса! Қандай жын екен сендегі алып-ұшып тұрған. Қайтейін,
шырағым, аман бол əйтеуір.
Сонан соң лезде ренішін ұмытып, əжем баяғы қамқор пейіліне көшуші
еді.
— Қай жерің ауырады, құлыным? Сусын берейін бе? Жастығың жайсыз
емес пе? Расында да, көкемнің əрбір аңғал қадамы əжемді қатты
қайғыртатын. Ұлының қасынан бір елі кетпей, тілеуін тілеп қалтырап
отырғаны. Мұндайда өзге дүние түгілі біз сияқты немерелері де шет
қалатын. Бар ықыласы көкеме ауып, өзге дүниені көзге ілмеуші еді.
Мұндайда біз əжемізді көкемізден қызғанып, кəдімгідей қынжылатынбыз.
Əкем тулап тұрған жігітке байсалдылық қонар деп, оқуға отырғызды.
Алайда көкеме кітаптың да септігі тие қойған жоқ. Бұдан нəтиже шықпаған
соң, əкем оған қолөнер шеберлігін, зергерлік өнерін үйретуге кірісті.


Үйде жүріп мұның да үдесінен шықпайтынын білген соң, көкемді
нағашыларымызға, əжемнің інісі — қатал мінезді Серкебайдың қолына
бермек боп шешіпті.
Серкебай нағашымның сонда ауылға келгені əлі есімде. Ол кезде
нағашым алпысқа таяған кісі еді. Бүкіл ауыл боп аяғынан тік тұрып қарсы
алғаны бүгінгідей көз алдымнан кетпейді. Сонау алыс көкжиектен қатар
түзген төрт салт атты көрінгеннен-ақ ауыл адамдары күтіне бастаған.
Алдыңғы жорға төбелдегісі Серкебай нағашым екенін бəріміз айнытпай
таныдық. Ал желе жорытқан үшеуі қасындағы қосшылары болса керек.
—Серкебай келе жатыр. Серкебай келе жатыр! —дегенде, əжемнің
қуанғаны сонша, жас балаша елпектеп кетті. Киіздің жаңасын, көрпенің
шəйісін, жастықтың жайлысын əзірлей бастап еді.
Əкем мен көкем тысқа шығып, құрмет көрсеткен кейіппен қол қусырып
тұрды.
Бұл екеуін көргенде Серкебай нағашым үзеңгісін шіреніп, ат жүрісін
аялдата бастады. Серіктері де тізгіндерін тартып баяу жүріске көшті.
Үйге тақап келгенде əжем көкемді Серкебайдың атын ұстауға жұмсады.
Көкем де ебелек қағып «Саламалайкүмін» жолай айтып ат шылауына
жармасып жатыр.
— Алейкүм салам! — деп Серкебай нағашым сəлемін алды да,
көкемнің иығына қолын салып аттан түсе бастады. Көкем сол сəтте
нағашымның қолтығынан сүйей қойды. Сонан соң Серкебай нағашым
алшаң басып менің əкеммен сəлемдесті. Серіктері де аттан түсіп жатыр еді.
Əкем ауыл жігіттеріне əмір берді.
— Меймандардың атын ұстаңдар!
Жігіттер жедел басып, ат тізгініне жармаса беріп еді, Серкебай
нағашым қамшысын көтеріп, ақырып қалды.
— Маған көрсеткен құрметтерің аздай несіне елпектейсіндер, — деп
тоқтатып тастады. Нағашыммен еріп келген жігіттерге осынау күрт мінез
шалдың əдеті əбден күрт мінез болған ба, жылмиып қарасты.


Неменеге мəз боп тұрсыңдар! — деп тағы да зекірді нағашым. — Өзге
ауыл болса, өзім мен сендер түгілі, еріп келген итіме де құрмет көрсет деп
шіренер едім. Ал əпкемнің алдына келгенде, бəрің де үйдегідей қызмет
көрсетіңдер.
Осынау ашуы адырайып тұрған қатал кісіден жасқанып біздер жан-
жаққа тығылып жатырмыз. Жабықтан сығалап бақылаймыз.
Əкем меймандарды үйге бастап жүрді. Есіктен ең алдымен Серкебай
нағашым бас сұқты. Əжем оны балаша аймалап, еркелетіп жатыр. Осы
кезде нағашымның атқосшы жігіттері ішке қоржын көтеріп кірді. Серкебай
төрге жайғасып болған соң əжемнің қал-жайын сұрады.
—Аманбысыз,əпке. Ауру-сырқаудан саумысыз. Көңіліңіз жайлы ма?
— Құдайға шүкір, шырағым, — дейді əжем де елжіреп.
Мұнан соң жаппай жай сұрасу басталды. Ел адамдарының есендігі,
мал-басының түгендігі сұралды.
Бұл кезде қоржынның аузы сөгіліп, нағашымның əкелген сыйлықтары
көріне бастады. Өрік-мейіз, қант-шай, бауырсақтан басқа əжеме арналған
көйлектік мата да шықты.
Серкебай асыл киімдерді қонымды етіп, сымбатты киініпті: алдымен
құндыз бөркі құлпырып көз тартады. Бөркін шешкенде, көк тақыр етіп
қырған басында оқалы барқыт тақиясы қалды. Бешпет сыртынан буған
кемер белдігінің жалпақтығы кере қарыстай еді. Сабы күміспен күптелген
қамшысын сəнмен қос бүктеп қасына қойыпты. Етсіз қыр мұрыны,
қысыңқы өткір көзі ашақ жүзін айбарландырып жібереді екен. Қияқтай етіп
бастырған мұртының ұшы екі езуін жиектеп көмкеріп тұр. Селдір ұзын
сақалы кеудесіне түседі. Ол аз сөйлеп, əр сөзін нығарлап, таптап, қарсы
отырған адамына қарай қамшысын немесе сұқ қолын нұқып сесті айтады
екен. Нағашым ешкімді бет қаратпайтын, айналасын айбармен меңдеп
алған, өркөкіректеу көрінді. Өз қатарларының өзін менсінбейтін кісі, біз
сияқты бала-шағаға көз қиығын да салған жоқ.
Бір кештің ішінде Серкебай талай рет көкемді де, қасына еріп келген
жігіттерді де қыжғыртып алды. Туа біткен мінезі ме, əлде көңілінің хошы
жоқ па, əйтеуір бұл кездесуінде нағашым нақ бір ескі дəуірдің қатал


əміршілеріндей елестейді.
Əжем бізге өрік-мейіз үлестіріп берді. Аузымыз томпаңдап бəріміз мəз
болып жүрміз. Мал сойылып, ошақта от маздады. Жұрт күндегісінен
көтеріңкі көңілде болатын. Бəрі де абыр-сабыр асығыс үстінде. Біз одан
бетер мəзбіз. Желідегі аттардың ер-əбзеліне сүйсіне қарап қызығамыз.
Күміспен көмкерілген құйысқан еріксіз көз тартады...
Қонақтар көп жатпады. Ертеңіне жолға жинала бастады. Көкемді
əкетуге арнайы келген екен. Көкем бұрынғыдай емес, тіптен жуасып
қалыпты. Айналсоқтап əкеме жалтақ-жалтақ қарайды. Серкебай нағашым
өзі атқа нығарланып отырып алған соң, баяғы əмірлі үніне көшті. Тіптен
қатуланып алған. Көкемді қамшымен екі-үш салып қалды да ақырып
жіберді.
— Жаман күшікше неменеге жалтақтап тұрсың? Ұзатылатын қыздай
сызыла қалыпты ғой, қызталақ. Мен саған əлі көрсетермін. Ауылға барған
соң екі аяғыңды бір етікке тықпасам ба. — Сөйтті де əжем жаққа алара көз
тастап, тістене сөйледі. — Балаңның сүйегі ғана сенікі, əжеке! Қалғанын
өзіме жіберіңіз бұл тентектің...
Көкем əжем жаққа соңғы рет жалынышпен қарап еді, əжем де шыдай
алмай даусы дірілдеп кетті...
— Қайдан білейін, шырағым. Сүйек өзіңдікі ғой əйтеуір. Адам етсең
болғаны да. Серкебай үзеңгіге шіреніп тұрып бізбен қоштасты да, ат басын
ауылына бұрды. Соңынан ат үстінде иығы салбырап еріксіз адамдай көкем
еріп бара жатты. Бұрынғы өжеттігінен, қайсарлығынан, жігерінен жұрнақ
та қалмағанына бəріміз де таңдандық. Жат қолға түскендей жабығып кете
берді. Əжем соңдарынан ұзақ қарап тұрды да, жанарына үйірілген жасты
жаулығымен сүртті.
Тəңірім жолыңды оңғара көрсін, құлыным! — деді ол ұлына арнаған
тілеуін болар-болмас күбірлеп.
Бір ай өтпей жатып əжем көкемді сағына бастады. Жатса-тұрса атын
атап отыратынды шығарды. Ақыры үш айдың жүзі толар-толмаста əжем
көкемнің соңынан іздеп, төркініне аттанды. Баласының қасында бір
аптадай болып, мауқын басқан соң оралды. Алайда үйге келген соң қайта
сағынып аһылап-үһілеп əкеме əр жайды айта беретінді шығарды.


— Шырағым, тігітен арып, құр сүйегі сорайып қалыпты. Серкебай оны
ертелі-кеш кітап оқудан бас алдырмайды екен. Бүйте берсе жас баланың қу
сүйегі қалады ғой.
Əжемнің айтуынша, Серкебай көкемді матап ұстайтын көрінеді. Əр
қадамы санаулы екен. Содан бір елі ауытқуға көкемнің еркі де жоқ, шамасы
да жоқ болса керек. Мен көкемдер ауылдан аттанарда Серкебай нағашым
еліне барған соң, шынында да, көкемнің «екі аяғын бір етікке» тығып
қояды деп қиналған едім. Сөйтсем онысы қатал тəртіпте ұстаймын дегені
екен ғой. Көкеме ұзын ақ шапан кигізіп, басына сəлде оратып оқуға
үңілдіріп қойыпты.
— Серкебайдың үйіне кіргенім де сол еді,—дейтін əжем, қарасам, бір
бұрышта ақ шапан, ақ сəлделі жас «ғұлама» заулатып құран оқып
отырғанын көрдім. Аңғарып қарасам, өзімнің Момынқұл құлыным екен, өз
көзіме сенбей аңырып тұрып қалдым...
Енді бір барғанында əжем көкемді ауылға біраз күнге алып кетейін деп
Серкебайдан өтінген екен, нағашым тыйып тастапты.
— Бұл баланы қолыңа адам етіп берем, əпке. Ал адам болмаса, итаяқ
тазалайтын құл етіп қоямын.
Əжем қанша жалынса да, Серкебай айтқанынан қайтпайды. Екі жыл
өткен соң ғана көкем ауылға оралды. Үстінде ақ шапан, басында сəлде.
аздап едірейген тікенек мұрт қойыпты. Ауыл адамдары жас жігіттің мысық
мұртына сол күні-ақ күлген.
Ертеңіне-ақ көкем сəлдені тастап, бұрынғы түлкі тұмағын киіп еді,
кəдуілгі өзімізге үйреншікті қалпына келді. Содан бастап көкемді ауылдағы
екінші көзі ашық білімдар адам санайтын болды.
Əжем өзінің кейбір көңілсіз сəттерінде бізді қасына отырғызып алып
аңыз-ертегілер айтушы еді. Бəлкім осындай əңгімемен көңіліндегі көмескі,
көлеңкелі сəттерді қуатын шығар. «Балаларым, құлақ салыңдар» деп
бастайтын əжем.
— Бұл тəңірінің жер бетінде тірлік орнатқаннан кейін болыпты. Ол
кезде жаратушы адамзатты жарылқап, топан суынан да сақтаған екен, —
дейтін əжем. — Адамдар «тəңір жарылқасын» деген сөзді, алғыс айтуды


білмесе керек. Күннің жылуын, самалдың шипасын, айдың ақ сəулесін, жер
жемісін керегінше пайдаланғанымен, бірде-бір іш жылытар ықыласты сөз
айтпапты... Сондықтан қажыған Күн Алла Тағалаға арыз айтыпты:
— О, жаратқан ием, дамылдауды білмей, сабырлауды білмей, ұйқы
көрмей, күлкі көрмей тірлік үшін қызмет етем. Дүниенің түкпір-
түкпіріндегі кеудесінде жаны бардың бəрін шуағыммен қыздырам. Бір тал
шөбінен бастап, жер бетінің бəріне шұғыла төгем. Таң сəріден арай шашып
ғаламды түнектен арылтамын. Бəріне нұр беремін. Жарқырап көрінгенімде,
тірліктің бəрі жадырайды, күледі, қуанады, жұбанады. Суықтан тоңғандар
жылынады, жауыннан мас болғандар денесін құрғатады. Ал өзің өмір
берген дүние бой жазып керіліп, сəулеге көміліп, гүл шашағы өріліп
мамыражай күйге енеді. Мен түн мен түнек сияқты дүниеге ауыр зіл,
қоңырқай түр əкелмеймін. Мен өзіммен бірге күлкі мен қуаныш əкелем.
Мен барда қар еріп, сай-сала сылдыраған бұлаққа толады. Мен барда
бұтаққа бұлбұл қонады. Бірақ осыншама баға жетпес еңбегімді елеп бірде-
бір тірлік иесі алғыс 'айтқан емес. Мұндай əділетсіздікке шыдар шама
қалған жоқ. О, тəңірім, сондықтан мені бұл азабыңнан босат. Тыным бер,
аздап тынығайын!
— Бара бер. Баяғы қызметіңнен танба, — депті Алла Тағала Күнге, —
мен сенің баға жетпес еңбегіңнің алғысын немен өтеуді ойланайын...
Күн кеткен соң Алланың алдына Ай келіпті. Жадырай күліп, жарқын
сөйлепті:
— О, тірліктің тірегі, бар əлемнің жүрегі — жаратушы ием, өзіңе
тілекпен келіп тұрмын...
— Неден тарықтың, неден түңілдің, түн еркесі — алтын Ай.
-— Айналайын тəңірім. Сен маған көмескі нұр беріпсің,суық сəуле
сыйлапсың. Күн көзі жұмылған соң, зіл қараңғы түннің бар тұңғиығын
жарық етем деп мен келем! Қара аспанның қақ төрінде тұрып төңіректі
мамық сəулеге бөлеймін, адасқанға нысана боламын... Бетімнен сəукелемді
бірте-бірте ысырып, күн санауға, апта мен ай санауға көмектесем. Ал жүзім
толған күні аспанның ақ еркесіндей ашық кейіппен күлгенімде, торғын
сəулеме тояттамай бар əлем үнсіз рахатқа батады. Ай сəулесі түнгі ұйқыны
күзетіп, бақытқа бөлейді. Мен болсам, Күн сияқты шақырайып


жалыныммен қарымаймын. Менің нұрым жұмсақ, сəулем саумалдай
татымды. Тіптен күндіздің өзінде дамыл көрмей, Күн соңынан ілесіп жер
бетіне қараумен болам. Бірақ менің бұл қимас қылығымды адамдар
байқамайды. Өйткені Күннің шақырайған сəулесі менің ұлпа нұрымды
тұншықтырып тастайды. Осы уақытқа дейік менің ұзақ жылғы адал да
айнымас, жайлы да жағымды еңбегімді бағалап бір тірі жан алғыс айтқан
емес. Қайта адамдар жүзіндегі дағын, маңдайындағы əжімін менен көріп,
«ай бетіндей шұбарланып бітіпсің ғой» деп бір-бірін келемеждейді. Ал
əбден толысқан шағымда ең сүйкімді болармын деп дəмеленсем, ол ау», —
деп ойлапты жаратушы. Сөйтіп қайтадан жарлық береді:
— Күн мен Ай, Жел мен Су баяғыдай қызмет етсін. Сендерді тірлікке
тірек болсын деп жаратқам əуелі. Содан танбаңдар, — депті. Бұған қатты
ашуланған Күн өзінің сəулесімен жарқанаттың көзін ағызып жіберіпті.
— Енді көзіме түссең, күл етіп күйдіріп жіберемін, — депті Күн.
Жел бұрқана долданып:
— Маған тап болсаң, пəрше-пəршеңді шығарып, жүнше түтермін, —
дейді.
— Мен сені тұншықтырып өлтіремін, — депті Су.
Ал Ай өзінің жарқын күлкісін төккен күйі үнсіз қалған екен.
— Енді қайттім мен сорлы. Жазығым жоқ бишара едім ғой. Өзім үшін
емес, бүкіл тіршілік үшін тілек білдірмедім бе, Тəңірім? — деп зарлапты
жарқанат.
Сонда жаратушының жарқанатқа жаны ашып жарлық беріпті.
— Күн көкжиектен көрінбей, көз байлана бастағанда; Айдың жүзі əлі де
шыға қоймаған сəтте; Жел тынып, жекен жапырағы ұйыған сəтте ұшып
шығасың. Ал күндіз Күн көзінен жасырынып, қуыс-қуыс жырада, тастүнек
сынада, үйдің жəрегінде жатасың. Аштан өлмес үшін қос емшек беремін.
Бірінде сүт, бірінде су болады. Осылай тірлік етесің енді.
Содан бастап жасқаншақ адам Күн мен Айды, Су мен Желді сыйлайтын
болған деседі, төртеуіне табынатын болған деседі. Жарқанат болса


адамның абыржып, үрейі қалмағанын көргені үшін адам атаулыдан талай-
талай қорлық көретін болыпты.
Адам да жарқанаттан жасқанып қорғанып жүретінді шығарыпты.
Міне, балаларым, жақсылыққа жамандықпен жауап бермеңдер.
Жақсылықтың өтеуі де жақсылық болсын.
Біз осылай үлкендерден ғибрат алып өсіп едік. Ал үлкендердің əр өсиеті
— өнер мен өнегенің ең шыңы ғой.
* * *
Ауылда бас қосып, байыпты əңгіме айтар кештер көп болушы еді. Мал
өрістен қайтқан соң, ымырт үйірілгенше бір төбенің басына шығып алып
үлкендер шүйіркелесер еді. Ел жаңалығы, күнделікті тірлік қамы, ертеңгі
күннің еншісі — бəрі-бəрі осы басқосуда ортаға салынатын. Егер əңгіме
арқауы ұзаққа созылмаса. кəриялар балуан күрес, жаяу жарыс, тартыспақ
сияқты ойындар ұйымдастырып, қызығына мəз болып отырар еді. Қараңғы
қоюланып, көз байланарда бəрі үйді-үйіне тарасатын.
Кейде ел ішіне ақын келіп қонар еді. Бұл — ең бір сəтті күн, ең тəтті
күн болатын. Барша жұрт ақын түскен үйге жиналып, иінтіресіп тұратын.
Үйге сыймағандары жабықтан сығалап, ал кейбіреуі ақынның үнін алыстан
естігеніне риза болатын.
Көкем келгелі, ел адамдары əжемнің отауына жиналатын. Көкем əндетіп
отырып халық жырларын, хиссаларды оқыр еді. Өзгелері ентелей түсіп,
ұйып мүлгіп, теңселе толқып тыңдайтын. Осылай көкем жарықтық өле-
өлгенінше ел ішінің ең қалаулы жыршысындай өтіп еді-ау.Хиссалардың
маржандай тізілген таза тілі, оралымды ойы, қиял жетпес теңеулері, ертіп
отыратын екпіні, ұйытып тастайтын ұйқасы тыңдаушының жан сарайын
жарқыратып жібергендей сезілетін. Мен осынау халық қазыналарын алғаш
рет ақындардан, көкем сияқты көзі ашық білімділерден сіңіргем. Солардан
дəм татып, солардан сусындағам.
Көкемді көрші ауылдар қолқалап шақырып əкетіп, түнімен жыр
оқытатын. Көкем де мұндай кештерден бас тартып көрген емес. Көкеме
жыр құмар жанның бəрі, хиссаның қай жерін жаттап алғысы келген
ынтызарлар, жұрт отырған жерде бір жырдың кей шумақтарын жырымдап


айтса да «біледі екен» деген атқа ие болу үшін қызыққандар да келетін.
Көкем болса ерінбей-жалықпай əр толғауды бір айтып еске түсіретін.
Шынында да, өздері қара танымайтын жыр құмарлардың кейбіреуі келесі
бір кеште өзінше жыр соғатын. Сондықтан ондай кісілердің көбі көкемді
«ұстазым» десетін. Серкебай нағашым көкемнің дін жолына түспей,
сəлдесін алып тастап ойын-сауық, əн-жыр қуып кеткеніне талай рет
ренжіді. «Ауылдың «жын-шайтандарының» бəрін төңірегіне жинап алып
албасты басты ма сені» дейтін.
— Онан да ата-бабаларыңның аруағы риза болсын деп құран оқып
тұрмайсың ба? «Е-е», «е-е» деп ешкіше маңырап отырғаннан қашан
арылмақсың, түге? — деп көкемді мазақтағаны да бар.
—Құранды жұма сайын оқимын ғой, нағашы,—деп көкем ақталмақ еді,
ана кісі бұрынғысынан бетер ашуланды:
— Тьфу, антұрған неме. Бір жұмада бір-ақ рет құран оқығаныңды да
міндетсінесің-ау осы, сен шірік. Күніне неше реттен оқысаң да
аруақтардың парызын өтей алмайтыныңды ұмыттың ба?
Сонан соң нағашым өзінің бауырларының ынжық екенін, бүкіл ел
намысы, ел ары өзінің мойнында екенін, ауылдың атын шығарам деп жүріп
құранға құлап отыруға мұршасы да, уақыты да жетпейтінін айтып ренжіді.
Көкемді оқытқанда арнаулы ғұлама шығар, құранды соның қолына
берермін деп үміттенгенін айтты. Енді сол үмітінің ақталмай, шəкіртінің
селкілдек шегірткеге ұқсап кеткеніне өкінетінін білдірді.
Байқасам, нағашымның өзі де құранға құлшылық етіп отыруға мойны
жар бермейді екен ғой. Жасынан дін құдіретіне иланып, дін жолына беріліп
өскен соң, енді аруақтар алдындағы парызынан қорқып, ақыреттің
тауқыметінен тайсалып көкем арқылы күнəсін жумақ екен.
Бір қызығы — нағашым ұрысқанда, көкем шынымен-ақ кінəлі адамдай
мойнын салбыратып үнсіз отырып алатын. Мұнысы қатал мінез
Серкебайдың көңілін басу ғана еді. Нағашым ауылына аттанысымен, көкем
ескі əдетінше жыр айтып, хисса оқып өз қызығына түсіп кеткен.
Есейгенде көкем елді шулатып жүріп үш рет үйленді. Үшеуінде де дау-
жанжал, ұрыс-керіс, айтыс-тартыссыз тынған емес. Ат-шапан айып төлеп,


құдалардың алдына жығылып жатып, ел ақсақалдары əрең дегенде
бітістіруші еді. Жас күніндегі ұрыс десе ұмтылып тұратын ұрма мінезі,
жанжал десе жанып кететін жарғышақ қылығы кейін осылай тынған
болатын.
Əкемнің үлкен ағасы Төлебай атам ұзын бойлы, кең жауырынды,
тəмпіш мұрын шал еді. Ағара бастаған шоқша сақалын тараштап тұйық
отыратын. Қолынан ұзын таяғы түспейтін. Үйде байыздап отыру əдетінде
жоқ еді. Базарға да шықпайтын. Малмен бірге өріп, өрістен малмен бірге
қайтатын əдеті болатын. Отар соңынан қалып қойған қозы-лақты
жинастырып жүргені. Ішім-жемі орталау, көп балалы кісі еді. Осылай баяу
тірлікпен ілбіп жүріп сол атам бір күнде дүние салды. Ізінше үш-төрт
жылдың ішінде балаларының көбі өліп, жалғыз ғана Құрманкүл атты қызы
қалған болатын. Оның менен үш-төрт жас үлкендігі бар.
Ал үлкен əпкем Үбішті мен еміс-еміс қана білемін. Əкемнің айтуынша,
ол ерте хат танып, кітап оқыпты. Жазу да қолынан келеді екен. Біздің
аймақта алғашқы қара танып, хат жазуға қолы жеткен қыз — сол əпкемнің
жалғыз өзі көрінеді. Əпкемді Байтана руынан Рысқұлбек Омаров дегенге
бесік керті етіп атастырған екен. Ол сауатсыз, салауаты аздау боп өсіпті.
Қыз бой түзеп ел көзіне көріне бастағанда, жұрт ішінен «қайран ақтотыдай
сайрап тұрған қыз, аузын ашпас білімсізге қор бола ма» деген сыбыстар
көбейген екен. Əкем бата бұзбаймын, серттен кетпеймін, бұйрықтан аса
алмаймын, арыма таңба түсірмеймін деп 1912-13 жылдары əпкемді ұзатқан
екен. Неден екені белгісіз, əйтеуір он кем ұзатылып барған соң, бір жылға
жетпей дүние салды. Ел бұған қатты қайғырды. Əкем өмір бойы қызының
мезгілсіз өліміне күйініп жүруші еді. Бəлкім, өзі өкініш өртін тұтатқанын
сезген шығар. Осы өкініш оның өзге қыздарына деген көзқарасын, тіптен
бүкіл əйел қауымына деген ұғымын өзгертіп жіберіпті. Үнемі
қамқорлықпен қараушы еді.
Ауыл жатаған кесек үйлерде қыстап шығатын да, көктемде алыс
жайлауға қоныс тебетін. Шабындық пен егіндікті ат тұяғы шиырламасын
деп содан күз түскенше мал біткенді жайлаудың бір танабынан екінші
танабына кешіріп жүрер еді. Ауыл адамдары егінді аз егетін. Ағаш соқамен
аздаған жерді атыздап жыртып, дəн сепсе болды деп жүре беретін. Тек
күзде ғана егін оруға оралады.
Егінді қол орақпен орып, ат тұяғымен бастырушы едік. Мұндайда


əсіресе ат тізбегін шыр көбелек қуалап, айқай-шуға қарық боп қалатын да
балалар, жұрттан көңілді жүретін де балалар. Ақыры тамағымыз қарлығып,
əбден шаршағанымызда айдауға түскен малдарды еркіне жібереміз. Сонан
соң үлкендер сабанын екшеп, дəн суырар еді. Жел тұрғызу үшін бар бала
жиылып ысқыратынбыз. «Жел шақырғанға келеді» деген сөзді онда жиі
еститінбіз. Астық суырып, ақ сабанынан тазалаған соң — қалбырға салып
елейтін. Онан соң барып бала біткен дəннің ірі тасын теруші ек. Үлкендер
астықты тақиядай етіп үйетін де, шынтақтап өлшейтін. Сол арқылы қанша
батпан өнім алғанын есептеп шығарады. Ауылдың ақсақалы қызыл
қырманға келіп, үйілген дəннің жанына тізерлеп отырар еді. Береке сұрап,
молшылық тілеп, ырыс дəметіп алақан жайып ақ тілеу арнайтын. Дəннің
алдын қапқа сонан кейін ғана көсіп салатын. Диқан бабаның берген
ризығынан əркім нысабына қарай қаптап-дорбалап алатын. Ешкім де бір-
бірінің қолын қақпайтын мұндайда. Өйткені егін жинап-бастыру, дəн
тазалап екшеу сияқты бар тірлік ортақ күшпен, асармен біткен соң, жемісі
де ортақ деп білетін олар.
Бала кезімде егіншінің осындай əдемі дəстүрін көріп едім. Кейін орыс
диқаншыларымен іргелес қонып, отырықшылыққа үйрене бастаған ауыл
адамдары бірте-бірте жерді сапалы жыртуды, егінді бабымен егуді үйрене
бастады. «Аттың жалын қамыт қажап, ат сауырын қайыс соққылағанның
несі жақсы» дейтін қазақтар, жерден алған жемістің дəміне түсіне берді.
Сонан соң орыстармен ортақтасып егін салуды əдетіне айналдырды.
Ал тақыр кедейлер байлардан күш-көлік, киім-кешек, тамақ алып дəн
сепсе, өз жерінің өніміне өзі қожа бола алмай, түсімнің төрттен бірін ғана
иемденіп жүрді.
Көшпелі тірліктің көлемі тарылып, ауқымы азая бастаған сайын
егіншілік ұлғая берді. Малды ауыл қыс бойы Қаратаудың ар жағын жайлап,
ерте көктемде елге оралар еді. Сөйтіп кедейлерге қос беретінді шығарды.
Біздің Үсен əулетінен Нияз байдың тұқымдары жарлыларға қос беріп-ақ
табысқа белшесінен батып жүрді.
Біздің үй қосқа жалдануды білмейтін. Өзінің шағын тіршілігін күйттеп,
қысы-жазы елден ұзай қоймайтын. Оның есесіне Үсеннің бір бұтағы
Баймен мен Тойтабайдан тарағандар коллективтендіру кезеңіне дейін
жалшылықтан арылып көрген емес. Жұпыны шаруасымен жұрт қатары
тірлік ететін үсендіктер. байлығы тасыған Нияз ұрпағына қарағанда,


өздерін бір-біріне жақындау сезінетін. Кейін жұтқа ұрынып жұтап қалған
Нияз ұрпағының жарымы əлгі қарабайыр ағайындарының қатарына
қосылып жатты.
Менің əкем үлкен үйдің иесі есебінде үсендіктердің ішіндегі құрметтісі
саналатын. Диқан ауылы əкемді мүлтіксіз тыңдап, оған арқа сүйеп
отырушы еді. Нияз ұрпағының екінші жартысы 1925 жылдары бір тойдың
жанжалына килігіп, мал-мүліктен жұтады да, біздің диқаншыларға
қосылған болатын.
* * *
«Соғыс» деген сөзді қашан естігенім жадымда жоқ. 1916 жылдың
оқиғаларын дəлме-дəл елестете алмаймын. Əйтеуір əйелдердің жас төккені,
ерлердің үрейлі жүзі, күннің тұтылғаны көз алдымда.
Елге келген жолаушылар «Жұмысшылар алып жатыр! Жұмысшы қолы
керек екен! Ор қазуға жұмсайтын көрінеді! Жер қаздырады!» деген суық
хабарларды қаптатып жіберген.
Əлі ауылдан ешкімді шақыртпаса да, əлгі хабарлардың өзі-ақ көзге жас,
көңілге қайғы əкеле бастаған еді.
Күні бұрын күңіреніп зар илегендер де табылды: «Енді қайтем,
қарағым-ау? Соғысқа сені де шақыртар күн жеткені ме шынымен...
Жарығым-ау, қандай амал табайын», — деп еңіреген аналардың көз жасын
көргенде, жас жігіттер абыржып, еркінен айрылып қалғандай болушы еді.
Күңіренген ауылда күй болар ма. Бұрынғы əн-жыр төгілетін көмейлерден
зар шертілсе, ауылда не сəн болар. Күндіз-түні қабақтары ашылмай,
мойындарына бұршақ салып тілеу тілеген əжелер, бебеу қаққан аналар,
мұңайған жас келіншектер бар тірлікті ұмытқаны сонша, мал-мүлік тұрмақ,
біз сияқты бала-шағалар да назардан тыс қалып қойып едік. Амал таппай
бастарын тау-тасқа ұрған ерлер алдымен көз көрмес жаққа көшпек болды.
Онан соң əскерге адам жинаушылармен белдесіп ұрыспаққа бекінді... Одан
болмаған соң жас жігіттерді жекжат-жұраттарына, туған-туыстарына,
нағашыларына жедел жөнелтіп жатты. Бұл аласапыран бірнеше күнге
созылды. Үлкендер əлдеқайда бір жиынға барып, суық хабармен оралып
жүрді. Ақыры əйелдер көз жасын тыйып, белдерін бекем буып, үй басынан
қаржы жинай бастады. Шөп тартып жігіттердің бағын сынауды шығарды.


Сонан соң шөп түскен жігіттерді ауыл боп улап-шулап станцияға
аттандырысатын. Кешке қарай əлгі «əскерге алынғандар» қайтып оралады.
Еріп барған ел жақсылары «жастарды бастықтан құн төлеп алып қалдық»
дейтін. Қайтадан түңлік басы əскерге берер адам іздеуге көшкенде, ауылдан
он жігіттің орнына жалғызбасты Қожамқұл жарлыны ғана бодау ететін.
Оған жылы киім кигізіп, үй басы қаржы жинап, көп болып станцияға дейін
шығарысады. Тап сол күні кешке күн тұтылып, батыс жақ үрейлі күлгін
түске малынып еді.


«Күн күйді! Күн күйді!» десіп, жамандыққа жорып зарлаған əйелдердің
үні құйқа тамырыңды шымырлатады.
— Ақыр заман! Ақыр заман келеді! — десіп ел қорқынышпен
күбірлеседі.
— Бір шеттен молда шығып азан шақыра бастады.
— Алла акбар, алла акбар! Иля и ляха илалла, ля иляха илалла!
Мухаммед расулла. Мухаммед расулла! Алла акбар! Алла акбар! Ля иляха
иллала! — деп күңірентіп ала жөнелді.
Азан уақытында жұрттың бəрі сілтідей тынып, іштей дұға қайырып
отырды. Əкем мен көкем Қожамқұлды аттандырып салушылармен бірге
кетті. Мен əлдебір беймəлім кесепаттың келгенін жүрегіммен сезгендей
шошынып əжемнің етегінен жармасып алдым.
— Бисмилля де! Бисмилля де! — дейді əжем менің сұп-сұр өңіме
үңіліп. Жұрт ес жиып өзді-өздеріне келгенше, күн бетіндегі қара дақ
қайтып та қалған еді. Мұны көргенде бəрі шу ете түсті.
— Ə, құдай! Ə, тəңірім, жар бола гөр!
Əйелдер енді қуаныштан жылап жүр. Бəрі молдаға табынып, ақыр
заманнан алып қалған нақ бір соның өзіндей тағзым етіп жатыр. Əркім
атаған құдайыларын, сый-сияпатын да молдаға төге бастады.
Сол кештен бастап ел бір апта бойы құрбандық шалып, құдайы
таратумен болды. Үлкендер «құдайың қабыл болсын» деп дəмді етке кекіре
тойып жүрді. Біз болсақ, солардың сарқытына мəз боп, кешегі үрейлі күнді
ұмытып та кетіп едік. Ел жадырап еркін тірлігіне қайта ауысты.
Бірнеше айдан соң Қожамқұлдан хат алдық. Өлеңмен жазылған екен.
Қожамқұл алыста жүріп ауылды аңсағанын, жат жерде жалғыздық
шеккенін, көңілі қайғыға, көкірегі шерге толы екенін, туған-туыстарының
жүзін көруге зар болып жабығып жүргенін жырмен шағынып айтыпты.
Ауыл адамдары бас қосқан жерде сол хатты оқып, көздеріне жас алысатын.
Əркім жаттап алып елден-елге таратып жіберген еді.


Мен əлі күнге дейін Қожамқұлдың сол хатынан кейбір жыр жолдарын
ұмытқам жоқ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет