Бауыржан Момышулы. Ушкан уя



Pdf көрінісі
бет5/16
Дата01.04.2023
өлшемі0,82 Mb.
#78189
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Байланысты:
Бауыржан Момышұлы — Ұшқан ұя

Кір жуып, кіндік кескен жер, аман бол,
Шортандай жүзген айдын көл, аман бол!
Бір басы ер жігіттің не көрмейді
Келгенше біздер қайтып ел, аман бол!
Не келіп, не кетпейді ер басына,
Ермейді ер жігіттің ел қасына.
Келерміз төрт-бес айда елге қайтып,
Аз уақыт ойнап жүріп ор басында.
Қожамқұл хат танымайтын. Оның үстіне жыр шығарып көрген емес.
Шамасы окопта жатқан қазақтар елін сағынғанда елжіреп отырып бірігіп
өлең жазса керек. Жазу білетін біреуі қалаған кісінің бəріне көшіріп берген
сияқты. Ел сүйген азаматтардың осы бір шынайы жыры бала күнімнен
жүрегімде қалып қойыпты.
Бүкіл ауыл болып Қожамқұлға қаржы жіберіп тұрды. Айтқандай-ақ, бір
жылдан соң ол елге аман-есен оралып, баршамызды қуантқаны бар. Əр үй
кезекке тұрып. Қожамқұлды таласа қонақ ететін болды. Жаз бойы біздің
ауылда сыйлы адам болып жүрді де, кейін сый-сияпат жиып алып, өзінің
қара жұмыста бірге болған тағдырлас жолдастарының еліне аттанып кетіп,
содан қайтып оралған жоқ.
Алғашқы империалистік соғыс жайлы менің есімде қалғаны осы еді.
* * *
Ел «жаманшылық жылы» немесе «жылан жылы», «ашаршылық жылы»
деп атаған сонау 17-18 жылдардың ауыртпалығы есімде қалып қойыпты.
Екі жыл қатарынан біздің жақта құрғақшылық болып, жерден дəн


өнбеді. Көктемнің өзінде-ақ көгеріс шөп қурап, айнала сартап болып сазара
бастаған еді. Малдың аузына қорек ілінбей, cap даланы кезіп жүрді. Оның
үстіне қыс та құтырынып келіп еді. Қолда қоры жоқ кісіде не шара болсын.
Қыстың алғашқы күнінен-ақ мал бишара жаппай қырылды. Қора іші өлексе
сасып қаңси берді. Қорадан мал, қолдан амал кеткен. Адамдар шамасыз,
шарасыз қайғыға түсті. Осылайша олар келесі көктемді құр алақан жайып
қарсы алды. Біздің малдан небəрі үш ешкі аман еді. «Жуанның созылып,
жіңішкенің үзілер шағы» түскенде сол үш ешкінің шандырын тартқылап
амалдадық. Аз ғана сүтке су қосып ағарған атын көбейткен боламыз.
Шалап болса да, талшығымызға жарайтын сол еді. Кейде əкем үй
мүліктеріне айырбастап бірер қадақ үн əкелсе, быламық көже ішіп
көтеріліп қаламыз.
Сол жылы көктемде Бурное станциясына шойын жол тартылды да, бұл
жер сауда-саттықтың қызу орталығына айналды. Əкем жарты пұт ұн,
бірнеше қадақ құмшекер тапқан еді. Станциядан жатақ үй қарастырды да,
көкем мен əжемді сонда орналастырды. Сөйтіп əлгі үн мен шекерді əжем
мен көкем базарға сатып азын-аулақ пайда түсірмек, əжем мені өзімен бірге
ала келді. Еңселі үйлерді, ығы-жығы көшені, сапырылысқан сан халықты,
ауқымды құрылысты алғаш көргенім осы еді. Бұрын есектің ақырғанынан
күшті дауыс жоқ деп жүруші едім. Сөйтсем, паровоздың жай
ысқырғанының өзі құлағыңды бітеп жіберердей ащы келеді екен. Бір күнде
көрген жаңалығым мен əртүрлі əсерден қатты шаршаппын. Ауыл мен
станция арасы төрт шақырымдай еді. Мені шаршатқан жолдан бұрын
жолай көрген қызықтарым сияқты. Əкем бізді əкеп салды да, қайтып кетті.
Əжем болса бірден өз тірлігін қамдастыра бастады. Мені төсекке
жатқызған соң, өзі үн мен құмшекерді араластырып жент жасай бастады.
Əжемнің қимылына көз салып жатып ұйықтап кетіппін.
Таңертең əкем келіпті. Көзімді ашсам үйдегілердің бəрінің жүзі қуарып
отыр екен. Үрейленіп сыбырласады. Еш нəрседен бейхабар жатқан мен «не
болды?» деп ұшып тұрыппын... Алайда əжем басымнан сипады да:
«Ұйықтай бер, құлыным» деп сыбырлады.
Үй-іші дымқыл тартып күңгірттенеді. Төбеден тамшы ағып тұр. Түнде
нөсер жауын жауған еді.
— Жоқ, aғa,— деді аз үнсіздіктен кейін əкем, — жиналыңыз, ауылға
қайтамыз. Тəуекел дейтін түк те қалған жоқ. Көк піскенше, амалдап күн


көрерміз.
— Мен өзім қала берейінші, — дейді көкем.
Əкем ашулана тіл қатты.
— Саған сенген тəуекелің бар болсын!
Тез арада жиналып та үлгердік. Төртеуміз тысқа шықтық. Көрші үйдің
алдында, неге екені белгісіз, жұрт топталып тұр. Біз жылдамдатып өте
шықтық. Жолай əжемнен ұққаным: «көрші үйде бір жапырақ нан үшін
адамды тамақтап өлтіріп кетіпті».
Енді көкем үйде бадырайып отыра алмайтын болды. Жаяулатып
Қаратау жақтағы əпкелеріне тартып кетеді. Мінер көлік жоқ. Алайда ол
жақтан көкем құр қол, салбырап қайтып кеп тұрғаны.
Ауылымыздың екінші қапталынан Ташкент — Пішпек (Фрунзе) тас
жолы өтуші еді. Біз оны «Қара жол» деп атайтынбыз. Мыңбұлақтың бір
көзі — Көлбастауда почта станциясы болатын. Көкем сонда барып ат
айдаушы болып орналасты. Əжем көкеммен бірге сол «Бекетке» кетті. Үйде
қалғандарымыз ақ шалап пен быламықты қанағат тұтып отыра бердік. Бір
күні əкем жолаушылап барып көгеріп кеткен екі қап бидай əкелді. Сол
бидайды қайнаған сумен жуып, кептіріп, шетінен қуырып жеп қаужалақтап
қалдық.
Біраз уақыттан соң күн жылынып, жер кебе бастады. Əкем ары-бері
шапқылап жүріп өлмес ауқат тауып жүр. Бір күні ол бірнеше қадақ
құмшекер, жарты пұт ұн жəне бір түйір шай əкелді. Мұны советтік азық-
түлік комитеті көмекке беріпті. Сүт көже жасап, аздан тойынып қалдым.
Күн көзі əбден жылынған соң, əкем мені ертіп «Бекетке» əжеме əкелді.
Əжем қатты сағынған екен. Бізді көргенде көзіне жас алып босап кетті.
Бəріміз де жүздесіп жадырап отырмыз. Əкелген шай-қантымызды, ұн мен
жармамызды бердік. Көкем жолға шығып кетіпті. Барлық ат айдаушылар
ұзын сарайға ұқсас жатақта тұрады екен. Жағдайлары мəз емес.
Біз көкемнің келуін күттік. Көкемнің қуанышында шек жоқ еді. Мені
аймалап сүйіп, аспанға көтеріп, əпкелерімнің хал-жайын сұрап жатыр.
Біраз шүйіркелесіп отырған соң, əкем мен көкем станция бастығына кетті.


Біржола есеп айырысып, жұмыстан босап қайтып келді. Көп аялдамай
төртеуміз ауылға қуанып қайтып едік. Əжем ат айдаушылардың
əйелдерімен, бала-шағаларымен көңілді қоштасты.
— Құдайға шүкір, немерем келіп ертіп барады. Тəңірім бұл қуанышқа
да жеткізді. Сендер де жақсылыққа жетіңдер, — деді əжем жолға шығар
алдында.
Жолай əжемнің досы — Иманқұлдың үйіне аялдадық. Əйелі бізді
айранмен сусындатып, барын алдымызға тосты. Жолға шығарда Иманқұл
бұзаулы кер сиырды алдымызға көлденең тартты. Əкем ақшасын төлеп,
көкеме жетелетті. Иманқұл бізге бір пұт тары сыйлап, қошеметпен
шығарып салып еді.
Ауылға келген соң ақ көбейіп, аузымыз қою айранға тие бастады.
Сөйтіп жүргенде май айы да туған еді. Көкем төрт күн бойы жер
аударып, оған тары септі. Əпкелерім даладан əлдебір шөптерді теріп
əкелетін. Қандай шөп екені есімде жоқ. Əжем сол шөптерді сүтке
қайнатып, кейде құр суға салып ас жасайтын. Біз соны жеп қанағат етеміз.
Бірде сондай көк сорпаны ішкен соң, бір сағат өтпей жатып шетімізден
баудай түсіп құлағанымыз бар. Менің жағым қарысып, көзім тұнып кетті.
Басым
айналып,
лоқси
бердім.
Əжемнің
зəре-құты
қалмады.
Əрқайсысымыздың басымызды бір сүйеп зыр жүгіріп жүр. Жалма-жан
сиырдың желініне жабысып, сүт сауып əкелді. Сол сүтті кезек-кезек біздің
ернімізге тосады. Кешке келген əкем мен көкем біздің қирап
жатқанымызды көргенде көздері шарасынан шыға жаздады. Біз белгісіз
шөптен уланып қалсақ керек. Содан бастап көк сорпа жасауды мүлде
доғардық.
Əкемнің астына ат бітіп, ауыл-елді аралай бастады.
Көкем үйден ұзаған жоқ. Іргемізге бөтен бір бай адамы қоныс тепкен
екен. Көкем сонда барып қойларын қырқысып, қозыларын отап жалданып
жүрді. Кейде станцияға барып жүк түсіріп, тапқанына бір бөлке нан
əкелетін.
Əкем төрт қозылы қой əкеліп тастады да, қайтып жол жүріп кетті.
Бір айдан соң үйге өгей шеше алып келді.


Осылайша қаз тұрып, қаңбақша қалтырап жүріп, екінші жылды да
аяқтап едік. Көршілеріміздің көбі күн көріс қамымен жан-жаққа тарап
кеткен. Солардың кейбірі үшінші жылы ғана бас қосты. Бұл жылы ел
мемлекеттен тұқымдық қор алған еді. Патша құлапты, «қызылдар» мен
«ақтар» айқасып жатыр дегенді сол кезде естідік. Үлкендер «күніміз туды,
кедейлердің таңы атты» десіп жүрді. «Енді патшаның шабармандары
халықты қалай алдайды. Ел мен елді, адам мен адамды теңестірген заң
шығыпты» дескен жұрттың қуанышында шек жоқ еді. «Қара тізім»
жасалып, байлар соған тіркелді. Алты ай сайын сайлау жүретін болды.
Старшындар дамылсыз ауыса берді. «Қосшы» одағының бастығы
сайланатын болды. Жаңа заман, жаңа заң, жаңа тірлік жайлы, ұлы
төңкерістің көсемі Ленин жайлы ел жиі айтатынды шығарды. Совдептің
төтенше өкілдері келе бастады. Басшылар кедейден сайланды. Əрбір он
үйден бір белсенді сайланатын еді. Сол белсенділердің ішінде көкем де
жүрді. Оны талай рет ауыл советтің председателіне де сайлады.
Жаңаша жер бөліс орнады. Бұрын кедейдің жерін иемденіп шалқып
отырған байлар жерінен айрылды. Жер кім баптаса, соныкі болды. Жұрт
иығы көтеріліп, жаңа өмірге жұмыла құлаш ұрды. Бас-аяғы бес жылдың
ішінде бəрі тойынып, қабағы жадырап, қайғысы азайып еді.
Əкем мені арабша, орысша оқуға үйрете бастады. Есепті де үйретіп
жүрді. Əртүрлі тірлікке араластырып, бұғанамды қатайта бастағанын сонда
сездім. Ат суарып, ақырға жем салу, өгізге мініп тас бастыру сияқты
жұмыстар енді менің де қолымнан келе бастады.
* * *
Біздің Өтеулі тұқымынан Бабас дейтін кісі өткен. Бабастың Қабаш атты
інісі болыпты. Қабаш жекжат-жұрат, тамыр-таныстарды аралағыш екен. Бір
аттанса, үйіне айлап оралмайтын əдеті болса керек. Үйге келуін келгенмен,
байыз тауып отыра алмайтын көрінеді. Ертерек ел қыдыруға шыққанша
асығып жүреді екен. Осындай кезекті бір сапар алдында атын ерттеп
жатқан інісіне Бабас тіл қатыпты:
— Ей, сен қайда тағы да...
Інісі де ожарлау болса керек. Ағасын қағыта сөйлепті:
— Сендер сияқты қашанғы үйкүшік болып отырайын. Ошақ түбін


аңдуды саған-ақ бұйыртсын. Менің қатыным жоқ, балам жоқ. Салт басты,
сабау қамшылы, арқам кең адам емеспін бе. Сен-ақ қатыныңды құшақтап
жата бергін.
— Қабажан-ау, қолымызды мал қысқартып отыр ғой. Əйтпесе отау тігіп
беріп, келінімнің қолынан дəм татып отырмас па едім.
Ағасының мына мəймөңке сөзіне Қабаш тағы да қияс жауап беріпті:
— Қолың ұзарғанша, жолым ашық шығар. Менің қайда жүргенімді
қадағалап қайтесің, — деп аттанып кетіпті...
Содан Қабаштан хабар болмай үш айдың жүзі өтіпті. Бабас қобалжып,
үй-іші үрпиісе бастаған екен. Осындай бір күпті күні Түлкібастағы Темір
руының адамдары Қабаштың қолын байлап ауылға алып келіпті.
Қашан да даушының даусы өктем шығатын əдеті емес пе. Қабаш болса,
қабағы түсіп, елге қарай алмай жер шұқылап тұр. Оны байлап əкелген
жігіттер ел адамдарына қамшы үйіргендей қара бұлтты төндіре сөйлейді.
— Мінеки, мынау сұмаяқ, суыққол туысқандарыңды Шымкент
базарынан ұстап əкелдік. Ауылымыздан ат ұрлап əкеп сатқалы тұрған
жерінен тұтылды бұл бетсіз...
Бабас қатты абыржып қалбалақтай берсе керек. «Ел арасына жік
түспесін, ала жіп аттаған алаяқ атанбайық» деген намыс іші-бауырын
жегідей жеген жайы бар көрінеді.
Айналайындар-ай, амалым қанша! Қатар жатқан ел едік. Алыс-беріс,
барыс-келісіміз жарасқан ауыл едік қой. Аттан түсіп, аяқ суытыңдаршы
тым болмаса. Дəм үстінде, дастарқан басында отырып келісімге келелік.
Айып бізден, ағайын, ауыртпалықтарыңцы көтеруге əзірмін, — деп Бабас
қол қусырып, тізе бүгіпті.
Жоқ іздеп, ұрысын ұстаған ауылдың жігіттері ат үстінде шатқаяқтап,
шамалары келгенше шіренсе керек. Бабас онан сайын шыжгөбектеніп
жалынады.
— Тілегімізді қабыл етіңдер. Жерге қаратып кете көрмеңдер,
айналайындар.


Айыптының жүзі төмен ғой, ауыл адамдары Темір елінен келген
жігіттерді жүгіріп жүріп күтіпті. Аяғының ұшымен кіріп, қаңбақша
қалқып, дамыл алмай дастарқан тасыпты. Бəрі де мал иесі қуғыншылар мен
дау иесі — билердің алдына шала жүгініп қызмет көрсетіпті. Мейлінше
егіл-тегіл шашылады.
Қуғыншыларды Əлмембет бидің баласы басқарып келген екен. «Олар
да бірқауым ел ғой. Жөн-жобасын білетін кісілері бар шығар. Мына жігітті
ауылына алып барыңдар. Бір жылқының дауын өздерің-ақ шешерсіңдер»
деп кіші баласы мен үш жігітті жұмсаса керек.
Бидің өзі келсе, салмағы ауыр түсетініне түсінген біздің елдің билері
лайықты жөн-жоба таба алмай, қиналып отырғанда. Бабастың өзі ретін
тапқан көрінеді:
— Менің алты қарам бар. Енді тағы да алты қара керек.
— Бұның қай сасқаның? Алты қара іздегенің не? — деп билердің біреуі
сөзге араласыпты.
— Е-е, ақсақалдар-ай, əйтеуір көңілден шығып, көпке түрткі болмасақ
дегенім ғой. Тоғыз қара айыпқа деңіздер, ал қалған үш қара сіздердің əділ
қазылықтарыңызға төленеді.
Мұны естіген билер тапқыр шешімге тəнті болған екен.
— Дұрыс айтасың Бабас. Əлмембет бидің келгенінен келмегені бізге
ауыр тиіп тұрғанын түсініп айтқан сөзің ғой бұл... — деп күрсінеді би. —
Ал онда не отырыс бар, əлгі жетпей жатқан малыңның біреуін мем берейін.
— Ойбай, биеке! Жасыңызға құлдық, — деп Бабас қол қусырып
орнынан ұшып тұрады.
— Сабыр ет, Бабас. Əлі сөзімді аяқтаған жоқпын, — деп би қолын
сермеп, менің бабам Имашқа қарапты. — Ал, Имаш Əжібаласы не бермек.
— Біз де бір жылқы береміз ғой, биеке.
— Ақабай-ау, Имаштан сенің жолың үлкен емес пе. Сенің лебізің қалай
екен, — дейді би біздің ұрпақтың үлкеніне.


— Біз де қатардан қалмаспыз, биеке.
Би аз үнсіздіктен соң, бəсең үнмен төңірегіндегі билерге тіл қатыпты.
— Иə, енді міне тоғыз қара болды... — деп жер шұқылап отырады. —
Жетер осы да... Өзге ер бір жолға тілегімді аяқсыз қалдырмас деп үміттеніп
отырмын. Осы жолы екі тізгін мен шылбырды маған беріңдер, кейіннен
көре жатармыз.
Өзге билер əділдікке жүгініп, əлгі уəждің алдын кеспепті.
— Сіздікі жөн, сіздікі жөн, — деп бəрі де құп алады.
Осылайша Бабастың есебінше жетпей жатқан үш қараның да орны
толыпты. Айып төленіп, даушылар ауылдарына аттанады. Барын беріп қара
жерге қарап қалған Бабастың үйі, ескі қоныстан көтеріле алмай отырып
қалған екен. Ел маңынан өткендер «қарақшылар қонысы», «ұрының ұясы»,
«алаяқтар ауылы» деп өтетін болса керек. Қара таңба əркімнің бетіне
шіркеу болып, жүздері төмен жүреді.
Тіптен бас қосыла қалған жерде əлгі айғақты ат бадырайып шыға келеді
екен. Бірде сейсенбі базарына барған біздің базаршыларды біреулер
мұқатыпты:
— Е-е, сендер ұры ауылының жігіттері екенсіңдер ғой.
Бұл сөзге жауап қата алмай. ауыздарына құм құйылған біздің жігіттер,
іздерінше ат басын ауылға бұрған екен. Базаршылардың алдынан шыққан
ел, құралақан жігіттерді көріп аңтарысып қалған көрінеді.
— Неменеге тесіле қалдыңдар. Елге қарауға бетіміз күйіп, «ұры» деген
атақтан қашып кеп тұрмыз, — дейді базаршылар.
Мұны естіген Бабас қайғыдан қатты күйіп, қаһарға мінген екен.
Қабаштың шашын ұстарамен қырыпты. Сонан соң құйқасын маңдайынан
желкесіне дейін, оң самайдан сол самайына дейін тіледі. Басына жарғақ
тұмақ, үстіне айналдырған тон кигізеді де, қолына таяқ ұстатады.
— Енді қайда барсаң, онда бар. Сендей арам ағайыннан адал арым
артық, — деп теріс батасын беріп, ата қоныстан аластап шығарған екен. Ол


заманда қарғыс ауыры «теріс бата», жазаның үлкені «қасқа» етіп əйгілеп,
елден қуып қаңғытып жіберу болыпты ғой. Сол Бабастың кенже ұлы
Орманқұл менің көкем Момынқұлмен жасты еді. Нағашымыз Текебай
бидің кенжесі Құлжабай да бұлармен құрдас болатын.
Орманқұл қырықтан асқанша кедейлік қолын кесіп, үйлене алмаған. Ал
Құлжабайдың атастырып қойған қалыңдығы өліп, оның 8-9 жастағы
сіңлісінің бой жетуін күтіп, амалсыз жүрген кезі екен. Ол кезде қос
бойдақтың да жастары отызды иектеп қалып еді.
Қысқы шілде кезінде құтырынған боранның құрсауынан шыға алмай
Құлжабайдың ауылда жатып қалғаны бар.
Құлжабай мінез жағынан ағасы Серкебайға мүлдем тартпаған. Ол
сабырлы, биязы, өзін-өзі қай жерде болса да, қай ортада болса да ұстай
білетін байсалды, орта бойлы, қара торы жігіт еді.
Сондағы боз боранға қарамай ол Момышқұлды ертіп алатын.
— Жүр, малтамға барып, қайтайық, — деп қымтана киініп үйден
шығып жүрді. Аздан соң қас-кірпігіне дейін қар болып қайтып келеді.
— Уһ! Астапыралла-ай, мұндай боранды кім көрген, Ұйытқып ұлып,
үйіре борап тұр ғой тегі. Көз қаратар түрі жоқ. Тыныс алдырмайды.
Жотаның жазы жақсы болғанмен, қысы тапа қиямет қайымның өзі ғой, —
деп киімдерін шешіп, қарын сілкілейтін.
Мұндайда қысқа күннің өзі ыбылжып тұрып алатыны бар ғой. Бəріміз
үйге сыймай, ермек іздейміз. Содан кешкі тамақтан соң ертегі, жұмбақ,
күлдіргі əңгімелер айтып, Құлжабай бізді еліктіріп отырушы еді.
Ой, шырағым-ай, сен болмасаң, əсіресе мынадай қарлы күн, қараңғы
түнде ішіміз пысып, жарылып кететін екенбіз ғой. Тіптен сенің айтып
отырғандарың мына балаларға рахат болды-ау, — деп əжем Құлжабайға
алғыс айтып отыратын.
Бір кеште ол «Сұрмергенді» айтып берді.
Екінші кеште «Сұрмергенді» асықпай қайталады. Момынқұл көкеме
жаздырып отырды.


Менің екі құлағым соларда болатын. Үшінші естігенде мен өзіне айтып
бергенімде:
— Оу, Бауыржан-ау, өзің құйма құлақ екенсің ғой, шырағым, — деп
Құлжабай арқамнан қақты.
— Е-е, нағашысына тартқан ғой, — деп əжем мақтанып қалды.
Оның ертеңіне əкем аспаптарын құрып, Момынқұл су жылытып,
балшық иледі. Одан əкемнің айтуынша қалыптар құйды. Мен үлкен
табаншаның үстіне ағаштан күркешелеп отын жағып, көрік басып
отырмын.
— Aл, aпa, күн қысқарсын, бəріміз де тірлік істеп отыралық, — дейді
əкем əжеме. Сөйтеді де əр жерде шоқшиып зерігіп отырған қыздарды
нұсқады. — Сіз мыналарды да қарап отырғызбаңыз, aпa.
Əжем орнынан тұрып, үлкен алашаны бөлменің бір босағасына жаяды.
— Сен, балам, ауызғы бөлмеден бір қап жүн алып кел, — деп
қыздардың үлкені Үбианды жұмсайды. Өзі мүйіштен екі ұршықты əкеліп,
алашаның төр жақтағы бұрышына қояды. Үбиан алып келген жүнді
алашаның ортасына үйіп, қыздарға орын көрсете бастайды. Өзі де
көрпешенің үстіне жайғасады. Əжем бəріне тиесілі жұмысын тапсырып
жатыр.
— Сен, Əлиман мен Құрманкүл, екеуің жүн түтесіңдер. Асықпай
үлпілдетіп жібекше түтіңдер.
Екі қыз əжемнің айтқанын екі етпей, іске кірісті. Енді əжем Үбианға
бұрылды:
— Сен мына ұршықтың біреуін қолыңа ал. Екеуміз жіп иірелік.
Жалтақтап отырған келіндеріне көзі түскен əжем, оларды да құр қол
қалдырған жоқ.
— Үйлеріңді сыпырып, ыдыс-аяқтарыңды жуып, күлдеріңді шығарып,
қазан-ошақтарыңды реттеп, тамақ пісірудің қамына кірісіңдер. Сендерге
сол да жетер.


— Əпке! Маған да бір нəрсе жүктесеңізші...
— Сен қонақсың ғой, қарағым!
— Қашанғы қонақ болып отыра бермекпін, əпке.
— Ыңылдап өлеңіңді айтып отыра берсеңші, қарағым, Құлжатай, —
дегенде бəріміз күліп жібердік.
— Тоба, сондай да тірлік болады екен-ау, — деп Құлжабай да күліп
жатыр.
Жүн түтіліп, ұршық иіріле бастады. Көрік басылып, көмір оттанып,
күміс еріп қалыпқа құйылды. Қорытындының беті қарайып қатая
бастағанда, оны қысқашпен алып, темір тегенедегі суға тастап жібергенде,
су баж етіп шашырап, буы бұрқырайды. Суыған күміске төс үстінде балға
соғылады.
Осылайша
əрқайсымыз
өз
тіршілігімізбен
отырғанда
байқамаппын. Қайдан алып келгенін білмеймін, Құлжабай жуандығы сұқ
саусақтай, ұзындығы төрт-бес қарыстай алшыбықты бəкісімен жонып отыр
екен. Сөйтіп біздің үйде «өндіріс цехтарының» жұмыстары қыза бастады.
Біреумен біреудің ісі жоқ. Əркім өз тірлігін үделеп отырған.
Түскі тамаққа қою майлы быламық істелген екен. Сол кездерде біздің
ауылда сұйық тамақты да «екеуара», «үшеуара» табақтасып бір қасықпен
ішетін əдет бар еді. Быламықтың түрі де көп болатын. Ең сұйығын «атала»,
күбіге ашытса — «ашыған быламық», айран қатса — «ақ быламық», сүтке
пісірсе «сүт быламық», тек суға пісірсе — «қара быламық», оған құрт езіп
қатса — «құрт быламық», май салса — «майлы быламық» деуші еді.
Құлжабай тамақ үстінде быламық туралы талай күлдіргі сөздер айтып
отырды...
Алыс жолдан арып келген екі жолаушы бір үйге түстенгелі ат басын
тірепті. Үй иесі шайдан кейін өзге рəует білдірмей, тымпиып отыра берсе
керек. Қарны тойып, қабағы жадырамасын білген жолаушының біреуі
тысқа шығып келген соң, серігіне «аттаналық» деп тықыр салыпты.
— Тұр енді, аттаналық. Отыра бергенмен оңала қоймаспыз, — депті.
Серігі орнынан қозғалғысы келмей қипақтай берген екен.


— Əй, тұрсаңшы енді...
— Досым-ау, қалай тұрайын. Жай-күйім өзіңе əйгілі ғой, — деп
мынадай өлең айтқан екен:


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет