Базар жырау шығармаларының лексикалық қабаттары
Қазақ тіл білімінде Кеңес дәуірінен келе жатқан бір ізгі дәстүр – әдеби
шығармаларды тілдік тұрғыдан зерттеу. Әсіресе, өткен ғасырдың екінші
жартысында бұл жұмыс біршама биікке көтерілді десек, артық айтқандық
емес. Бұл кезеңде ұлы Абайдан бастап, Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар,
Сәбит, Ғабит, Ғабиден тәрізді алдыңғы толқын классиктердің, бірсыпыра
солардың ізін баса шыққан кейінгі толқын ақын-жазушылардың
шығармалары тілдік тұрғыдан арнайы зерттеулердің нысанына айналды.
Осылардың ішінен қазақ тіл білімі ғылымның дамуына өлшеусіз үлес
қосып, өзінің саналы ғұмырын түгелдей осы ғылымға арнау арқылы қазіргі
кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі
дәрежесіне жеткен, сексеннен асса да қаламының қарымы қайтпаған,
филология ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Сыздықты ерекше
атауға тура келеді. Себебі, ол алғашқылардың бірі болып ұлы Абайдың
шығармаларына тілдік талдау жасап, соның негізінде 1968 жылы «Абай
шығармаларының тілі» атты ғылыми-зерттеу монографиясын жарыққа
шығарған еді.
Осы кітаптың кіріспе бөлімінің Абай өмір сүрген тұстағы әдебиет
түрлерінің бірін былай сипаттайды: «2. Қазақтың тарихи көркем әдебиет
үлгілерін әрі алып барған жеке ақындар шығармалары. Бұлар идеологиясы
жағынан әр алуан. Халықтық-демократиялық мүдделерді жырлаған және
заман қайшылықтарын сынап, халыққа бүйрегі бұрған мотивтері күшті
Шөже, Сүйінбай,Күдері, Біржан, Жаяу Мұса, Ақан, Майлықожа, Нұрым,
Арыстан, Орынбай, Кемпірбай т.т. тәрізді ақындар мен феодалдық-
реакцияшыл идеологияны қостаған Шортанбай, Дулат, Мұрат, Нысанбай,
Досқожа, Базар, Әубәкір Кердері т.б. ақын жыраулар». [1; 16-б.] Осындағы
соңғы аталған ақын-жыраулардың қай-қайсысы да Кеңес дәуірінің
идеологиясына жат көзқараста деп есептелгендіктен, мүлдем ауызға
алынбады. «Зар заман ақындары» деп аталған бұлар тек өткен ғасырдың 80-
жылдары ғана ақталып, ауызға алына, зерттеу нысанына айнала бастады.
Осылардың ішінде Кеңес дәуірінің алашқы кезінде шығармалары алаш
ардақтыларының ауызына ілінгенімен, кейін солармен бірге «қызыл
қырғынға» ұшыраған, бүгінде біз мақаламызға арқау етіп отырған Сыр бойы
жырауларының алыбы Базар жырау Оңдасұлы да бар.
Әрине, жоғарыдағы сөзі үшін тіл ғылымының майталман маманы
Рабиға апамызды кінәлаудың еш орны жоқ. Сол кездегі қоғамның
идеологиялық талабы солай болды. Оған көнбегендердің басынан қандай
нәубет өткенін біз білеміз.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» демекші, осы еңбек жарыққа
шыққалы, міне, елу жылдай уақыт болыпты. Еліміз егемендік алды, жаңа
заман орнады. Жаңа қоғам әдебиетшілеріміздің де, тілшілеріміздің де алдына
«өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандыру» талабын қойып отыр. Өз
алдымызға отау тігіп, өркен жая бастаған 20 жылдың көлемінде бұл бағытта
біршама шаралар жасалды. Әсіресе, «зар заман» ақын-жырауларын жарыққа
шығаруға алдымен әдебиетші ғалымдарымыз білек сыбана кірісті. Сонымен
бірге жеке авторлардың шығармаларын тілдік жағынан зерттеу де өзінің
жалғасын тапты. Соның бір дәлелі ретінде филология ғылымдарының
докторы, профессор Б.Момынованың Шәкәрім шығармаларының тілін
лексика-функционалдық тұрғыдан зерттеп, 2008 жылы «Шәкәрім
поэзиясының тілі» атты еңбегін баспадан шығарғандығн айтуға болады.
Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің
түлегі Өтемісова Гүлмира 2010 жылы біздің жетекшілігімізбен «Сыр бойы
ақын-жыраулары
тіліндегі
көнерген
аталымдардың
функционалды-
семантикалық сипаты (Нұртуған Кенжеғұлұлы және Ерімбет Көлдейбекұлы
шығармалары бойынша)» – атты кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл
жұмыс Сыр бойы ақын-жыраулары шығармаларын тілдік жағынан ғылыми
айналымға түсірудің басы десек те болады.
Біз тақырып етіп отырған Базар жырау шығармалары да ширек ғасыр
бойы жинақталып, екі рет (1986, 2008 ж.ж.) баспадан шықты және әдеби
талдауға түсіп, зерттеу нысанына да айналды. Бірақ тілдік талдауға түскен
емес. Міне, мақала осы бір олқылықтың орнын толтырудағы алғашқы
тырнақалды еңбек ретінде ұсынылып отыр. Материалдар Базар жыраудың
2008 жылы шыққан «Жамиғы қазақ бір туған» атты жинағынан алынды.
Базар жырау шығармаларының тілін зерттеуді оның лексикалық
қабаттарын анықтаудан бастаудың өзіндік жөні бар деп есептейміз. Оған
себеп, ең алдымен жырау өмір сүрген орта мен қоғам болса, екіншіден, сол
ортада қолданылған тілдік бірліктерді автордың қалай пайдаланғандығын
анықтау, сол арқылы оның тілдік (лексикалық) байлығын саралау болып
табылады. Өйткені, Базар да сол тұста өмір сүрген өз замандастары (Абай,
Майлықожа, Жамбыл, Құлыншақ т.б.) тәрізді бұрын қолданылып, кейін
қоданыстан шығып қалған көне сөздерді, мұсылман діні арқылы енген араб-
парсы сөздерін, орыс бодандығы кезінде келе бастаған орыс сөздерін, түркі
халықтарына ортақ байырғы сөздерді, диалектілік ерекшеліктерді т.б. толып
жатқан сөздерді қолдануы әбден мүмкін ғой. Сондықтан біз де бір кезде
Р.Сыздық таңдаған осы бір дәстүрлі жолды таңдадық.
Р.Сыздық Абай шығармаларының лексикасын үш қабаттан түрады деп
есептейді. Олар: қазақтың төл сөздері (яғни түркі тілдік), араб-парсы сөздері,
орыс сөздері. [1; 72-б.] Ал кейінгі ғалымдар да (Ф.Ш.Оразбаева, Г.Сағидолда)
лексикалық байлықтың үш қабаттан тұратынын атағанымен, оны былайша
жіктейді: 1) жалпытүркілік қабат, 2) қазақтың байырғы төл сөздерінен
тұратын қабат, 3) кірме сөздер қабаты. [2; 10-б.] Соңғы жіктеу қазіргі ғылым
талаптарына жауап бере алатындығын айтқымыз келеді.
Осы бір мақала көлемінде Базар жырау шығармаларының лексикасын
осы қабаттар тұрғысынан толықтай талдап көрсетіп беру мүмкін емес екені
өзінен өзі түсінікті. Мақала мақсаты жырау шығармаларының тілімен
оқырманды таныстырудың алғашқы бастамасы болғандықтан, осы тілдік
қабаттарға қысқаша шолу ғана жасалады. Ал оларды этимологилық,
қызметтік ерекшеліктері тұрғысынан терең талдауларға салу, қолданылу
аясы мен мағыналық-стильдік сипаттарын анықтау келешектің ісі болмақ.
Қазақ лексикасын зерттеушілердің қайсысы болмасын кірме сөздер
қабаты араб-парсы, монғол және орыс тілдерінен сөз ену арқылы пайда
болатынын айтады. «Кірме сөздер дегеніміз – тілдің өзіндік сөзжасамдық
тәсілімен емес, басқа тілдердің ықпалымен жасалған немесе олардан енген
сөздер... Қазақ тілінің сөздік құрамындағы кірме сөздер негізінен төрт
халықтың тілінен енген: 1) араб тілі, 2) парсы тілі, 3) моңғол тілі, 4) орыс
тілі» [3; 135-б.] Осы жағынан алғанда, өз замандастары мен тұстас ақын-
жыраулар тәрізді, Базар жырау шығармаларында да ең көп қолданылатыны
араб-парсы тілдерінен енген сөздер болып табылады. Соның ішінде, әсіресе
дінге байланысты сөздер басым орын алады. Мысалы: Алла, құдай, тәңір,
пайғамбар, періште, кәләм, ібіліс, жалған, жалғаншы, кәпір, кітап (құран
мағынасында), маһшар, шариғат, пір, мүрті (мүрит), ұжмақ, сират көпір,
үмбет, зиярат т.б.
...Басы жұмыр пендесін
Жаратқан жалғыз құдайым
Не күйлерге салған жоқ... (44-б.)
...Сүйген досты Алланың –
Пайғамбары өтіп жалғаннан,
Артында қалған сахаба
Қойдай шулап қамалған... (61-б)
...Хан мақтанар жұрты бар,
Пір мақтанар мүрті бар... (113-б.)
...Шариғаттың бұйрығы
Кәләмынан таралған... (125-б.)
Жырау шығармаларында негізі араб-парсы тілдерінен ертеде еніп, төл
сөздеріміздей жалпыхалықтық қолданысқа еніп кеткен алуан түрлі сөздер
молынан кездеседі. Олардың бәрін бірдей тізіп көрсетуді мақала көлемі
көтермейтіндіктен, бірсыпыра үзінділер келтірумен шектелеміз. Мысалы:
...Халқына басы қадірлі,
Кейбір жерде жігіттің
Көрінсе көзге зайыры... (38-б.)
...Атамыз алыс болғанмен,
Жамиғы қазақ бір туған... (38-б.)
...Ысырапыл соққанда,
Тау қаңбақтай домалап,
Тас бұршақтай жұмалар... (44-б.)
...Бай да өткен, батыр да өткен, патша да өткен,
Түбіне жұмла жанның өлім жеткен... (89-б.)
Ажалдың тура құрығы түскен күні,
Пенденің қол-аяғын серметпеген... (90-б.)
...Күнаһар ғаріп пендеңмін,
Рахым айлап әлі де,
Қате ісімді өзің жап... (124-б.)
Осы үзінділердегі қарамен терілген сөздер ішінен зайыр, жамиғы және
жұмла сөздерінің мағыналары бізге бұрын тек сөздік арқылы белгілі
болатын (зайыр – жарқын, анық, айқын, тамаша, көркем; жамиғы –
жалпылық, ортақтық; жұмла – жиынтық, бәрі, қосынды) көне сөздер
қатарына жатса [4; 55, 62, 65-б.б.], қалғандарының қазақ тілінің ішкі
заңдылықтарына сәйкес кей дыбыстық өзгерістерге ұшырап, күнделікті жиі
қолданылатын өз сөзімізге айналып кеткені анық. Тіпті, бұрын көне сөздер
қатарындағы діни сөздер де қазіргі кезде Базар жырау тұсындағыдай жиі
қолданылатын дәрежеге жетсе, ал зайыр сөзі қазіргі біздің жаңа
қоғамымыздың мақсат-мүддесіне сай саяси терминге де айналып үлгірді
(Қазақстан – зайырлы мемлекет).
Шығармада моңғол тілінен сөздердің бар-жоқтығын арнайы зерттеу
арқылы анықтау қажет.
Базар шығармаларында орыс тілінен енген сөздер өте аз, тіпті жоқтың
қасы десек те болады. Оның да өзіндік себебі бар. Жалпы жыраудың орыс
бодандығына қарсы болғандығы шығармаларынан айқын көрінеді. Жырау
оларды барынша жек көрген. Бұған жыраудың мына сөздері дәлел бола
алады:
...Бағындырып өзіне,
Иландырып сөзіне
Ерлерге ыза шектірді,
Атаның мекен қонысын
Кәпірлер алып, жерленіп.
Азаттыққа қару жоқ,
Қарусыз жауға бару жоқ –
Бала асырап, мал бағып,
Тіршілікті қыламыз
Енді қалай күн көріп?! (66-б)
Немесе:
... Тек көкіректе бір арман –
Діні басқа кәпірге
Бір «кәлима» дегізбей... (69-б.)
Тағы да:
...Шаш пен мұртын өсірген,
Ықпалы өрлеп есірген,
Қолайлы қоныс жерінен
Қазақты күштеп көшірген –
Солардан кейін бұл жерге
Келімсектердің кем-кемнен
Жиналып басы құралды.
Қолдан келер амал жоқ,
Тырп етуге мажал жоқ –
Кәлимагөйдің баласы,
Арманда кетіп барамыз,
Бір шақыра алмай ұранды!.. (81-б.)
Міне, жыраудың жат елдің жат сөзін өз тіліне көп дарытпауының,
ондай сөзді жиі пайдалану сөз саптау сапасын төмендетеді деп түсінуінің
себебі оның осы көзқарасынан болса керек.
Әйтсе де, өлеңнің мағыналық, ұйқастық ретіне қарай бірлі-жарым орыс
сөздерін қолданғанын көреміз. Мысалы:
...Адамизат атамыз
Көп болған жазық күнәйі.
Заманаға көз салсақ,
Заң мен закон өзгеріп,
Айналған теріс сыңайы... (53-б)
...Жау десе орыс тартады барабанын,
Жүргізіп бет-бетіне аламанын... (146-б.)
...Ауылың жәрмеңкенің базарындай,
Бейіштің кірсең іші ажарындай... (152-б.)
...Мінгізіп пәйтон арба сейселемен,
Жайларды жан көрмеген аралатты... (152-б.)
...Өзге мал өз кеуліме қиын емес,
Сүрікте састырып тұр жүз сом ақша... (165-б.)
Базар жырау шығармалары тілінің түркілік қабаты қазақтың байырғы
төл сөздерін құрайтын қабатпен тарихи ұштасып жататындықтан, мақала
ауқымын және алғашқы қабаттың тарихи-салыстырмалы зерттеуді талап
ететіндігін ескере отырып, түркілік қабатқа арнайы тоқталмай, байырғы төл
сөздерге жалпы шолу жасаумен шектелеміз.
Қазіргі грамматикаларда тілдің бұл қабатына мынадай анықтама
берледі: «Байырғы төл сөздер дегеніміз қазақ халқының өмір тіршілігі мен
шаруашылығына,, тұрмысы мен мәдениетіне, дүниетанымы мен түсінігіне
байланысты жалпыхалықтық сипатта қалыптасқан, оның өзіне тән сөздері»
[3; 132-б.] Егер осы анықтаманы басшылыққа алар болсақ, жырау өмір сүрген
кезде және оған дейінгі дәуірде қолданылған байырғы төл сөздерді
қолданылу сипатына, стильдік-семантикалық ерекшеліктеріне қарай алуан
түрлі топтарға бөлуге болар еді. Біз солардың бірсыпырасына ғана
тоқталамыз.
Тіл білімінде жалпыхалықтық сөздерді қолданылу аясына қарай актив
және пассив сөздер деп ажырату бар. Актив сөздер күнделікті қарым-
қатынаста ауызша да, жазбаша да жиі қолданылатын, мағынасы қазақ тілінде
сөйлейтін азаматтардың бәріне түсінікті сөздер екені белгілі. Ал пассив
сөздерге көнерген не көнере бастаған, сөйтіп күнделікті қолданыстан шыға
бастағанымен, әдеби шығармаларда қолданыла беретін және тілге жаңадан
ене бастаған сөздер жатады. Пассив сөздерді ғалымдар архаизм, неологизм,
термин сөздер деп бөліп қарастырады.
1) Базар жырау шығармаларында сол тұстарда тілде жиі қолданылған,
бірақ кейінгі кезде қолданыстан шығып қалған немесе шығуға жақын
біршама көне сөздер (архаизм, историзм) кездеседі. Жалпылай алғанда,
оларға мынадай сөздерді жатқызуға болады: найза, садақ, жебе, қылыш,
дулыға, алмас (қылыш), болат, қынап, берен, айбалта, сардар, кереге, уық,
қанат, күлдіреуіш, үзік, бақан, түндік, безбен, байрақ, кермиық, шандоз,
назбедеу, кіре, дар, жасақ, мажал, өре, аран, жыға т.б.
Шығармалардан алынған үзінділерге жүгінейік:
...Асыл туған назбедеу
Қаптай шапқан көп дудан...(39-б.)
...Батырлар жауға шапқанда,
Қолына жасыл ту алар.
Найзасын қарға асынып,
Алмасын қанға суарар... (43-б.)
...Балдағы алтын ой болат
Керегеде ілулі –
Кімдерден иесіз қалған жоқ?!. (45-б.)
...Дар құрғызып, ту тігіп,
Жауға жасақ сайлаған... (61-б.)
...Мына шолақ дүниеден
Бай өлмейді дер едім:
Бұқар шығып пұл алған,
Пұлына сатып құл алған... (63-б.)
...Күдері баулы көк шыбық,
Сыпырма қылыш қынаппен... (65-б.)
...Белгілі бір өзенде бір күзер бар,
Кетпейтін керуендердің соқпай жолы... (74-б.)
...Айбалтаны мұқатқан
Қайыңда қатты без болар... (79-б.)
...Елу жас салмағыңды сәл кемітер,
Ауғандай таразыны басып безбен... (82-б.)
...Хан мақтанар жұрты бар,
Пір мақтанар мүрті бар... (113-б.)
...Ақ жүген, екі тізгін сағалдырық,
Маңдайша, босаға мен табалдырық.
Кереге сегіз қанат, бес буда уық,
Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық.
Екі үзік, бес туырлық, жаңғыз түндік,
Барлығын бір арқанмен қойған буып... (169-б.) т.б.
Үзінділердегі қарамен терілген сөздердің бәрі дерлік Базар жырау
тұсында жалпыхалықтық сипат алып, тілімізде молынан қолданылған сөздер.
Алайда, олардың кейбіреуі сөз, атау ретінде әдебиетте қолданылғанымен,
тұрмыс-тіршілікте қолданылудан шыға бастаған заттардың атаулары еді.
Сондықтан да ондай сөздер кешегі Кеңес дәуірі тұсында-ақ қолданыстан
шығып, көне сөздерге айналды (найза, дар, жасақ, құл, күдері, айбалта,
күдері, хан, пір, мүрит т.б.). Ал кейбірі, мысалы киіз үйге қатысты
атаулардың бірсыпырасы жаңа мағынаға – мемлекет салған тас үйлердің
бөліктерінің атауларына енсе (табалдырық, босаға, маңдайша), бірсыпырасы
киіз үйдің қолданыстан шыға бастауына байланысты өте сирек
қолданылатын дәрежеге жетті (кереге, уық, күлдіреуіш, үзік, туырлық,
түндік). Қазіргі кезде жойылып барып, қайта тіріліп, қолданысқа енген
сөздер де бар: олар – жасақ және шаңырақ сөздері. Егемендігіміздің
арқасында жасақ сөзі әскери терминге айналса, шаңырақ сөзі ұлттың
символы ретінде мемлекеттік рәміздерімізден орын алып, саяси терминге
айналып отыр.
2) Тілші ғалымдар қазақ тілінің қазіргі кезде ең бай, ең оралымды
тілдердің қатарынан орын алуын оның үнемі жаңа сөздермен байып
отыруымен байланыстырады. Бұл үдеріс әр кезеңде, әр дәуірде байырғы төл
сөздердің негізінде солардың мағыналық жағынан кеңеюі, әр түрлі
қосымшалардың қосылуы және сөздердің өзара тіркесіп жаңа мағыналарға ие
болуы арқылы жүзеге асады. Ондай сөздер пайда болған кезінде жаңа сөздер
аталғанымен, кейінірек жалпыхалықтық қолданысқа ие болып, қазақтың
байырғы төл сөзіне айналады, соның санында, сапасын да молайтады. Ал
кейбірі қолданыста қанатын кең жая алмай, кейін тілден шығып та қалуы
мүмкін. Дегенмен, ондай сөздердің өзі, уақытша болса да, сол кезең үшін
жаңа сөздер болып қала береді.
Тіл ғылымында жаңадан сөз жасаудың үш түрлі жолы, тәсілі (лексика-
семантикалық, синтетикалық, аналитикалық) бар деп есептеледі. [5; 202-203-
б.б.] Жырау шығармаларындағы жаңа сөздерді де, қысқаша болса да, осы
тұрғыда топтап көрсетуге болады.
Ескерте кететін бір жай – жаңа сөздерге басқа тілден енген сөздер де
жатады. Бұндай сөздерге жоғарыда арнайы тоқталғандықтан, бұл жерде оған
айрықша көңіл бөлінбейді.
Базар жырау шығармаларындағы төмендегідей сөздерді сөзжасамдық
тәсілдер арқылы пайда болған жасалымдық бірліктер ретінде түсінуге
болады деп ойлаймыз.
а) Лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер:
...Ділуар болды бұл күнде
Дым білмей тұрған анайы... (53-б.)
...Алыстайды қасынан –
Күйі жақсы күнінде
Қадірлес болған сыбайы... (53-б.)
.. Кеулімді қостым талай алтайыға,
Әлде де өзімді-өзім сынайын деп... (72-б.)
...Жаманнан қорлық жетісер,
Жар досың жылжып кетісер... (80-б.)
...Қаса бөрі қалған жоқ,
Қайырылып қайғы жегендей,
Қақпанға түссе жұбайы... (53-б.)
...Айтқан сөзі-ай екі ұшты,
Көбейген аяр, мүдәйі... (52-б.) т.б.
Бұл үзінділердегі қарамен терілген анайы, алтайы, жаман, аяр,
мүдәйі сөздері негізгі мағынасында сын есім сөздер болып табылады. Бұл
жерде олар зат есім қызметінде, яғни субстантивтеніп тұр. Оның себебі сын
есімдер тіркесуге тиісті зат есім сөздерінің (анайы адам, алтайы түлкі – бұл
жерде де кісі мағынасында, аяр, мүдәйі кісі) түсіріліп айтылуына
байланысты. Ал сыбай сөзі ертеректе жолдас, дос мағынасында
айтылғанымен, қазіргі кезде сыбай-салтаң, сыбайлас түрінде қолданылады.
Жырау сол көнерген сөзді жаңартып қолданған. Сол тәрізді қасқырдың
қаншығы орнына адамға байланысты айтылатын жұбай сөзін пайдаланған.
Сондай-ақ, Базар жыраудың өзі жанынан шығарды деуге тұрарлық,
қазіргі оқырманға жекелей алғанда мағынасы түсініксіз, бірақ мәтінді,
сөйлемді оқу барысында ғана мағынасын ажыратуға болатын сөздер де жиі
кездеседі. Бұлар ерте кезде қолданылған көне сөздер болуы да не кірме
сөздер болуы да әбден мүмкін. Ол арнайы зерттеуді қажет етеді. Мысалы:
...Айтқан сөзі-ай екіұшты
Көбейген аяр, мүдәйі... (52-б.)
Араны жүріп тұрғанда,
Байтаққа дәрпі шашылған... (77-б.)
...Атымын таппай іс қылса,
Қайратқа сеніп күш қылса... (79-б.)
... Біреулер малға ғани – бай болып жүр,
Дарияның иірім тартқан кемешіндей... (82-б.)
...Төрінен қызба құлақ өлеңдетіп,
Жөш етіп қызыл тілім, сен желіктің... (92-б.)
...Гүмірә демі бітсе, пенде ғаріп,
Мысалы сұр киіктей мерген тосқан... (117-б.)
ә) Қазақ тілінің сөз байлығының басым көпшілігі сөзжасамның
морфологиялық (синтетикалық) және синтаксистік (аналитикалық) тәсілдері
арқылы жасалған сөздер екені жөнінде ғалымдар арасында алшақ пікір жоқ.
Әсіресе сөздің жұрнақтар арқылы жасалуы ең өнімді тәсіл деп есептеледі.
Базар жырау шығармаларында мұндай сөздердің алуан түрін кездестіруге
болады. Олардың ішінде жалпыхалықтық тілге еніп кеткендері де, тіпті
жыраудың өзі жасады дерлік сөздер де жеткілікті. Мысалы:
...Таланды ерге тап болар
Ақылға дана арулар,
Талшыбықтай бұралған... (50-б.)
...Қадірлеп қанша бақсаң да,
Ере алмас қырсау қатарға
Ерқашты болған қамшыдан... (59-б.)
...Адамизат атамыз,
Көп болған жазық-күнәйі... (53-б.)
...Затсыздан күтпе жақсылық,
Не айтарын білмейтін... (57-б.)
...Жігіт жауға шаппай ма,
Толғаулы найза бір атпен.
Күдері баулы көк шыбық,
Сыпырма қылыш қынаппен... (57-б.)
...Жанға жайлы жақсы сөз
Татаусыз таза тыңдауға
Жауқазындай аршыған... (59-б)
...Серлеттім сөздің түрлерін
Әр саладан қамтылған... (60-б.)
...Келімін таппай сөз айтып,
Ретке келмес лаққан... (65-б.)
...Жарлылық пен жалғыздық
Дұшпанына қылар мат... (110-б.)
Осы үзінділердегі асты сызылған сөздердің барлығы да белгілі бір сөз
таптарынан жұрнақтар жалғану арқылы жасалған жаңа сөздер. Мысалы,
талан – зат есім + -ды – сын есі тудыратын жұрнақ, зат – зат есім + -сыз –
сын есім жасайтын жұрнақ, жақсы – сын есім + -лық – зат есім жасайтын
жұрнақ, сер – зат есім + -ле – етістік жасайтын жұрнақ т.б.
б) Синтаксистік тәсіл арқылы жасалған сөздерге күрделі сөздер мен
тұрақты сөз тіркестерін жатқызар болсақ, оған мына мысалдарды дәлел етуге
әбден болады:
...Тұлпардаң толмайды оясы,
Сулыққа сүйеп пардамен,
Тізгінін орап қақтырмай.
Оқтын-оқтын жаздырып,
Ойпаңдау жермен аңтармай... (40-б.) (қос сөз)
...Рәтін көрмей тіріде,
Ақырында жер тартқан... (41-б.) (тұрақты тіркес)
...Келімі келген кермиық,
Сағағынан үзілген
Кімдерден жесір қалған жоқ!.. (45-б.) (біріккен сөз, тұрақты тіркес)
...Кетпеген кімдер кіжініп
Кемтаршылық зарпынан... (60-б.) (біріккен, туынды сөз)
...Ерлерге ыза шектірді,
Атаның мекен-қонысын
Кәпірлер алып, жерлерін... (66-б.) (тұрақты тіркес, қос сөз)
...Шөл қылмағай құдайым,
Байтақтың күзер-суатын... (111-б.) (қос сөз)
... Жетім-жесір мұңлы мен
Ғаріптердің панасы... (125-б.) (қос сөз) т.б.
Базар жырау өз шығармаларында халықтық мақал-мәтелдерді еркін
пайдаланған. Мақал-мәтелдердің синтаксистік құрылымы өлең-жырдың
құрылысына қарай синтаксистік құрылымы бұзылғандары болғанмен,
мазмұны толық сақталынған. Үзінділерге назар аударайық:
...Өнбейтін даудың ізінен
Өспейтін жігіт қуалар... (43-б.)
Жанастырмайды жанына
Жабы, шіркін, қорсылдап,
Мойнында тұтам жал болса... (54-б.)
...Атың барда ел танып,
Ерді сыйла ас барда... (57-б.)
...Ер көгерсе алғыспен,
Жер көгерер деген бар
Жаңбырмен жауған тамшыдан... (60-б.)
...Қанағат қылса, кісінің
Тойғызар қарнын деген бар
Қайғысыз жеген жарты нан... (60-б.)
...Өлшеулі демі бітпесе,
Қырық жыл қырғын болғанмен,
Ажалы жетпей ер өлмес... (67-б.)
...Әр кемелге – бір зауал... (78-б.)
...Аласы малдың сыртында,
Айыру қиын адамның
Ішіндегі қылаңды... (80-б.) т.б.
Сондай-ақ, жыраудың өз жанынан шыққан, кейінгі ұрпаққа үлгі
боларлық, мақал-мәтелдік мәні бар тіркестер де кездеседі. Мысалы:
...Басында іспет бермесе,
Ағармас күнде бет жуған... (39-б.)
...Безенген жігіт сыналар
Қарындастың дауында-ай... (41-б.)
...Алладан аухал келгенде,
Батырлар тұрмас бағында-ай... (42-б.)
...Қадірлеп қанша бақсаң да,
Ере алмас қырсау өатарға... (59-б.)
...Жолдас болсай нәмәртқа,
Аунатар бір күнде батпаққа... (74-б.)
...Құлазыған далаға
Құладын тұрмас, байласаң... (79-б.)
...Тозаңнан – жер, тамшыдан – теңіз болар,
Кірпіштен қаланбай кент істеле ме?.. (84-б.) т.б.
Сонымен, мақалада Базар жырау шығармаларының тілдік қабаттарына
қысқаша шолу жасау арқылы біз оның қазақ тіліне тән тілдік байлықтың қай
түрін болса да, еркін пайдалану арқылы, заманға, замандастарына деген
көзқарасынан туындаған ойын тыңдаушысын тәнті етер небір оралымды сөз
қолданыстары арқылы дәл жеткізе білгенін аңғарамыз. Бұл жағынан
келгенде, жыраудың өз замандастарынан озық тұстарын да, кейбір ортақ
ерекшеліктерін де байқауға болады. Ал мұндай тілдік ерекшеліктерді
теориялық тұрғыдан тереңірек зерттеп, ғылыми айналысқа түсіру алдағы
уақыттың еншісінде деп ойлаймыз.
Жеңіс Сәдуақасұлы – ф.ғ.д., Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Сыздықова Р. Абай шығармаларының тілі. – Алматы, 1968.
2.
ОразбаеваФ.Ш., Сағидолда Г., т.б. Қазіргі қазақ тілі. –Алматы, 2005.
3.
Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикасы мен
фразеологиясы. –Алматы, 2006.
4.
Қазіргі қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 4-том. – Алматы, 1979.
5.
Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002.
Достарыңызбен бөлісу: |