АШ ҚҰЛАҚ «Аш құлақтан тыныш құлақ» деген мәтелдің
мағынасы түсінікті, ол «бір нәрсеге араласпай тыныш жүру», «қаш-
қалақтау», «жан тыныштығын сақтау» деген мәндерде жұмсалады.
Мәтелдің соңғы бөлігінің де (тыныш құлақ) мағынасы мен
лексикалық құрамы айқын, ал аш құлақ дегендегі компоненттердің
тіркесу қабілеті, мағыналық қисындылығы күмәнді, түсініксіз:
әдетте құлақ сөзі сақ құлақ, ұзын құлақ деген тіркестерде келеді,
ал аш болу құлақтың қасиетіне жатпайды. Ислам дініне қатысты
әдебиеттерді оқығанда, арабша аш қуллаһ деген тіркесті кездестірдік.
Ол «Аллаға деген шынайы махаббат» дегенді білдіреді екен. Бұл –
Ясауи ағымының постулаты. Ясауи діни ағымы орта ғасырлардан
бастап (ХІІ-ХІІІ ғасырлардан) қазақ халқын құраған тайпалардың
арасында кеңінен таралғаны мәлім. Бұл ағымның негізін, жолдарын,
қағидаларын терең түсінбесе де, ислам дінін уағыздайтын, қалың
жұртшылықты осы дінге тартатын жолдардың (ағымдардың ) бірі
деп санаған қара халық осы кезеңдерде (әрине, бұдан да бұрын) ис-
лам дініне қатысты сөздерді, араб тілінде ұсынылатын уағыздарды
да жиірек ести бастаған. Сірә, алғашқы кезеңдерде қара халықта
дінге деген фанатизм күшті болмаған болу керек, яғни ислам дінінің
қағидаларын жергілікті халық тілінде (түркі тілінде) тәптіштеп
түсіндіру, арабша айтылған әрбір сөздің, әрбір сөйлемнің, тіпті
әрбір уағыздың мағынасын дәлме-дәл айқындап түсіндіру қарекеті
де күшті болмағаны белгілі, яғни ерте орта ғасырларда мұндай діни
үгіт-насихат жүргізудің мықты базасы да (негізгі құралдары, жолда-
ры, әдістері де) болмағандығы аян. Сондықтан арабша жиірек айты-
латын сөздер мен фраземаларды қара халық өзінше түсініп, мақал-
мәтелдерінің компоненті (сөзі) етулері де әбден мүмкін. Сондықтан
аш қуллаһ, аш қуллаһ деп жиірек естіген сөздердің мән-мағынасын
52
жақсы білмей, аш қуллаһ (аш құлақ) деп айта бергеннен гөрі тыныш
жүргенім артық деген өз философиясын ұсынса керек.
Сірә, жалғыз бұл мәтел емес, қазақтардың тілінде «Алладан ой-
байым тыныш», «Ұра берсе, Құдай да өледі» деген сияқты мәтелдер
де бар, бұларда да дінге деген фанатизм жоқ, керісінше, таза праг-
матизм байқалады. «Аш құлақтан тыныш құлақ» та, мүмкін, осы
қатардан табылар. Әрине, бұл – әзірге жорамалымыз, әлі де «аш
құлақтың» сырын іздестіре түсу керек.
АШУ (ҚАРНЫ АШТЫ. АРЫП-АШТЫ). Қарны ашты, арып-
ашты дегендердегі ашу етістігі қазіргі қазақ тіліндегі ашығу сөзінің
мағынасын береді. Көне түркі тілдерінде «ашығу» ұғымын аш-
тұлғасы білдірген. Орта ғасырлардағы түркі жазба үлгілерінде қазіргі
ашығу (ашық-) етістігі ач- түрінде келген (Наджип, 123). Аш- пен
ашық- сөздерінің түбірі бір: аш-. Бұл тұлға қазақ тілінде жоғарыда
көрсетілген тіркестер құрамында ғана сақталған. О бастағы түбір
тұлғаға қазақ тіліне келгенде белгілі бір жұрнақтар жалғанып,
қолданылуы аз кездеспейді. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде аяңдау
(айаңда-) етістігінің түбірі ай-, бұл түбір «адымдау» мағынасын
білдірген, оған қосылған -а қимылдың күшеюін немесе бәсеңдеуін
білдіретін жұрнақ болса, мұның үстіне -ң жұрнағы жалғанып, қимыл
есімін жасаған, ал қазақ тілінде етістік түбірлі есімнен қайтадан
етістік пайда болған (айаң + да). Мұндай мысалдар едәуір кездеседі.
ӘЙКЕЛ. «Қыз Жібек» жырының 1887 жылы жазылған қолжазба
бойынша берілген бір нұсқасында Алашабайдың қызы – Жібектің
портретін берген ақын оны:
Қостан әйкел тағынған,
Жүз теңгелік опа, ендік,
Екі бетке жағынған, –
деп суреттейді. Мұндағы әйкел сөзі контекске қарағанда сәндік үшін
әйелдер тағынатын зат екені түсінікті болып тұр. Жыр нұсқасының
орысшаға аудармасында әйкел сөзін «қамзолға қадайтын әшекей»
деп түсіндіреді («Қыз Жібек, 1963, 128). Әйкел сөзінің «барқытқа зер
қадап, оған күміс ақша тағып, сол иықтың үстінен әкеліп, оң қолтық-
тың астынан түймелейтін, қыздардың сәндікке киетін әшекейінің
бірі» деген де түсіндірмесі бар.
БАЙҒҰС «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» байғұс сөзін «сорлы,
бейшара, мүсәпір» деп, бір ғана мағыналы сөз ретінде көрсеткен. Бұл
53
түбірден туындаған байғұстық, байғұстау сөздерінің мағынасын
да осыдан шығарады («мүсәпірлік, сорлылық»). Ал байғұс сөзі күні
кешеге дейін, тіпті Абай заманында, Абайдың өзінде екі-үш іргелес
мағыналардың бірі – жоғарыда көрсетілген «мүсәпір, бейшара» де-
ген, екіншісі – «жалпы кедей адам», бай дегеннің антонимі, үшіншісі
– «жалшы, бақташы» мағыналарда қолданылған. Мысалы, Абайдың:
Бай байғұсым десіп деп,
Шақырып қымыз берсін деп, –
деген өлең жолдарындағы байғұс – малшы, жылқышылардың біреуі.
Байғұс сөзінің ілгергі ғасырларда «кедей, жоқ адам», мағынасында
жұмсалғандығын мына мысалдар да дәлелдейді. Сәкен Сейфуллин
жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінде:
Бай кісі мен байғұсты
Бәрін бірдей тең көрген, –
деген жолдар бар. Мұнда байғұс сөзі – бай сөзінің антонимі, яғни
қарама-қарсы мағынаны білдіреді. Бұхар жырауда да байғұс – жарлы
сөзінің синонимі:
Өтермеден кетер ме
Жарлы менен байғұстар.
ХІХ ғасырда түзілген екі тілдік сөздіктерде де байғұсты «бедняк,
бедный, бедняжка (с оттенком сожаления и участия)» деп аударғанда,
бұл сөздің түпкі мағынасы бір болғанмен, бірде әлеуметтік топ ата-
уы – жарлы, кедей деген сөздердің синонимі болса, бірде аяу реңкі
бар бедняжка сөзімен аударылған. Бұл жерде мағына реңктері жақын
болғанмен, екі сөзді қосып жіберген. Сірә, ертеде байғұс сөзі – жалпы
белгілі бір әміршінің қол астындағы бағынышты адам, яғни қарашы
сөзінің синонимі болып та қолданылғанға ұқсайды. Ал қарашы –
ілгергі орта ғасырларда (ХVІ ғасыр жазбасы – Жалайыр Қыдырғали
бидің шежіресінде) ханның қасындағы кеңесші (осы кітаптың
сөзтізбесінен қарашы сөзін қараңыз), ал кейінгі кезеңдерде ХVІІ-ХІХ
ғасырларда қазақ қоғамындағы әлеуметтік топтар айқындалып, бай-
лар экономикалық жағынан хан үйлерінен кем түспейтін дәрежеде
күшейген кезде, олардың айналасында да қарашы тәрізді әлеуметтік
топ пайда болады. Бір кездерде байғұс сөзі осындай топты да атаса
керек. Мысалы, Катанов жинаған мақал-мәтелдердің ішінде «ханның
ісі қарашыға түсер, байдың ісі байғұсқа түсер» деген мәтел бар. Абайда
да жоғарыда келтірілген мысалда байғұс сөзі осы мағынада көрінеді.
Ал ХVІІІ ғасырларда байғұс сөзінің бұл мағынасы көмескіленіп,
енді «жарлы, кедей» деген әлеуметтік топ атауына айналғаны бай-
қалады. Бұл сөз бай атауының қарама-қарсысында тұратын антонимі
54
болып қолданылады. Оның бұл тұста беретін мағынасы «жалшы, жал-
дама еңбек адамы, малай, қызметші, күндікші» (Букин сөздігінде).
Демек, байғұс сияқты кірме сөздің мағыналық қозғалысы (өзгерісі)
соңғы бірер ғасырдың өзінде құбылып отырғаны байқалады. Оның
«жалшы, қызметші» мағынасы ескіріп, «бейшара, мүсәпір» сияқты
мүсіркеу реңкі бар мағыналары тұрақтала түскен.
БАЙСАЛДЫ. БАЙСАЛ ТАБУ. Байсал сөзі қазіргі әдеби тілімізде
жеке тұрып көп қолданылмайды. Ол не байсалды деген туынды сөз
түрінде, не байсал табу, бойы байсал тарту деген тіркес түрінде
келеді. Байсалды сөзі «сабырлы, ұстамды, байыпты» деген сын есім
мағынасында көбінесе адамға байланысты айтылады. Ал бұл сөздің
қазақ тіліндегі ертеректегі мағынасы адамға қатысты «сабыр» де-
геннен гөрі, жалпы мәндегі «тыным-тыныштық» деген екендігі
байқалады. Байсал табу деген тіркестің «тынышталу, тыным табу,
тыну» деген мағынасы осыған саяды. Қазақ тілінде «Көш байсалды
болсын!» деген тілек сөз бар. Мұнда байсалды сөзі осы күнгідей «са-
бырлы, ұстамды» деген мәнде емес, «тыныш, тыныштықты» деген
мағынада келген.
Байтөбеті маңқылдап,
Байсал тауып үрген жер...
Көштің байсал тапқаны –
Көкорайға қонғаны.
Даудың байсал тапқаны –
Төрешіге барғаны (С. Сейфуллин VI, 53), –
деген ескі нақыл сөздерде байсал табу фразасы «тыным табу,
орналасу, шешілу» дегенді аңғартады. Бұхар жыраудың: Байсалды
үйге түсіңіз дегеніндегі байсал сөзі де – «тыныш, ұрыс-керіссіз» деген
мәнде. Демек, байсалды, байсал табу сөздері бұрынырақ қазіргіден
өзгешелеу мәнде де жұмсалған.
БАЙТАҚ. Өткен дәуірлердегі қазақ тілінде байтақ сөзі актив
қолданылған. Шалкиіздің бір толғауында:
Алаштан байтақ озбаса,
Сыпайшылық сүрмен-ді, –
деп келеді. Байтақ сөзі батырлар жырында тіпті жиі кездеседі.
Бұларда:
Байтағымның ішінде
Он сан елім ноғайлы...
Менен қалған байтақ ел, –
деген жолдарды, «Едіге» жырында:
55
Хан Тоқтамыс қарланып,
Байтағым деп зарланып, –
дегенді оқимыз. Бұл сөз Махамбет ақынның аузына да жиі оралған:
Біздің Ер Исатай өлген күн,
Он сан байтақ бүлген күн.
Бұхар жырауда:
Байтағың байып, мал беріп,
Байрақты жерге қыстатқан, – деп келеді.
Байтақ сөзі бұл күндегі әдеби тілімізде «ұшы-қиыры жоқ кең»
деген сындық-мағынада қолданылады (ҚТТС, II, 41). Ал жоғарғы
мысалдарда бұл сөз осы көрсетілген ұғымда емес. Байтақ сөзі
бұрын қазақ тілінде зат есім мағынасында қолданылып, «белгілі бір
этникалық-территориялық тұтастық (мысалы, хандық), ел, жұрт» де-
ген мағынаны білдірген. «Едіге» жырында ханға ренжіп, қайырылмай
кеткен батырға кері қайт деп өтіне келген Жанбай:
Байтақ бөліп береді,
Патсалықты құр сәна, –
деп уәде береді. Мұндағы байтақ деп отырғаны – белгілі бір
мекендегі (территориядағы) белгілі бір құрамды ел, яғни кішігірім
хандық. Өйткені осы идея «Ер Тарғын» жырында:
Бес жүз ауыл береді,
Өз алдыңа сұлтан боп,
Сүйген жерің жайлашы,
Неғыласың бір қызды!?–
деп, байтақ сөзінің орнына бес жүз ауыл деген әбден нақты мағы-
надағы сөз тіркесі ұсынылған.
Ертеректегі үлгілерде кездесетін байтақ ел, байтақ жұрт де-
гендер қазіргідей «барлық ел, барлық жұрт» дегенді емес, «жеке
бір хандық сияқты тұтастық, ел-жұрт» деген ұғымда жұмсалған,
яғни ел және жұрт деген жеке сөздердің баламасы ретінде келген,
сонда байтақ та – «ел», ел де – «ел». Бұл тіркесте мағынасы бірдей
екі сөздің қатар айтылып, плеонастық құбылыс жасап тұрғанын
көреміз. Мағыналары бірдей немесе өте жақын сөздердің қатар келіп
қолданылуы, яғни плеоназм дегендер тілімізде аз кездеспейді (мы-
салы, телегей-теңіз, бекер босқа, құр текке, ел-жұрт, бала-шаға
дегендердің сыңарлары мағыналас дербес сөздер екені мәлім).
Байтақ сөзінің өзге сөздермен тіркесулері де қызғылықты. Он
сан байтақ тіркесі – «көп рудан, көп жұрттан құралған ел (хандық,
мемлекет т.б.)» деген мағынадағы метафоралық тіркес. Осы сөздің
бұл мағынасы байтақ ел, байтақ жұрт дегендерді өткен ғасырдағы
56
қазақша-орысша, орысша-қазақша екі тілдік сөздіктердің «сансыз
көп халық» («многочисленный народ») деп аударуларына себеп-
кер болған тәрізді. Келе-келе, біздің кезеңімізде, байтақ сөзінің о
бастағы мағынасы өзгеріп, «кең, ұшы-қиыры жоқ, үлкен, барлық»
деген мәндерге ие болып, өзге сөздермен тіркесте ғана қолданылатын
болған. Мысалы, байтақ дала, байтақ өлке, кең байтақ, ұлан байтақ.
Ал қырғыз тілінің диалектісінде бұл сөз «алыс, қиыр» және «өте
ертедегі, баяғы» деген мағынада жұмсалатындығы көне сөздердің
алғашқы мағыналарының көмескіленіп, ауыспалы бірнеше мәнге ие
болатындығын танытады.
Байтақ сөзінің өзі қазақ, қырғыз сияқты түркі тілдеріне өте ер-
теде парсы тілінен енген болу керек. Парсыша пайтахт сөзі «аста-
на» (дәлме-дәл: «тақтың төменгі жағы, аяғы») дегенді білдіреді.
Түркі тілдерінде «тақтың төменгі жағы» дегеннен «тақта отырған
билеушінің «ханның» аяқ астындағы (қол астындағы) бағынышты ел»
деген ауыспалы мән пайда болғанға ұқсайды. Байтақ сөзінің «жұрт»
деген мағынаны білдіретіндігін қазақ тіліндегі көне мұраларда және
жырларда кездесетін астана жұрт тіркесі дәлелдей түседі. Бұл –
байтақ жұрт дегеннің тура баламасы, мағыналары бірдей.
Қазақ тілінде байтақ сөзінің «астана, орталық қала» мағына-
сындағы қолданысы да жоқ емес. Алпамыс батыр:
Байсын деген өз елім,
Жиделі байтақ қаламыз, –
дейді. Мұндағы байтақ қала тіркесінің өзі «орталық, астана қала»
дегенді аңғартады. Бұл сөздің қазақ тілінде «кең, үлкен, ұшы-қиырсыз»
деген ауыспалы мағынада қолданылуы тіпті ауыз әдебиетінің өзінде
де байқалады. Мысалы, «Қобыланды» жырында:
Жасыл байтақ жері бар,
Айдынды шалқар көлі бар, –
деген жолдарда байтақ сөзі осы күнгідей сындық мағынада.
БАРЫМ. «Алпамыс» жырында:
Талқан қып алды шаһарымды,
Талауға салды барымды.
«Қамбар батыр» жырында:
Патшадан барым садаға
Қолыңнан келсе, жәрдем ет, –
деген тармақтар бар. Мұндағы барым сөзін әдетте «қолымдағы бар
нәрсені (байлықты, малды) талап әкетті» және патшадан қолымдағы
бар нәрсем садаға деген сөз деп түсінеміз де, барым сөзінің түбірі бар
57
(орысша есть) сөзі болар деп ойлаймыз. Ал, шындығында, барым
сөзі көне түркі тілдерінде «мал» және «мүлік» деген екі мағынаны
білдірген (ДС, 84). Сонда бұл сөздегі -ым қосымшасы – тәуелдік
жалғауы емес (балам, үйім, шапаным дегендердегі сияқты), сөз
тудырушы жұрнақ болып табылады. Жоғарғы сөйлем қазіргі тілмен
айтсақ, талауға салды менің малымды, тіпті дәлірек аударсақ, малды
талауға салды немесе мүлікті талауға салды деп айтылар еді.
Қазақ тілінде бар малы (бар малым, бар малың, бар малдары т.т.)
деген тіркес о баста барым-мал болуы мүмкін, сонда бұл «барлық
мал» деген мағынаны емес, жалпы «мал-мүлік» деген жинақтау
ұғымды беретін қосар сөз болып шығады. Қазақ тілінде «мал-
мүлік» ұғымындағы барым тұлғасы ұмыт бола түскендіктен, кейде
қысқарып, бар тұлғасында да қолданылғаны байқалады. Мысалы,
«Алпамыс» жырында:
Қатардағы нарларың,
Қазынадағы барларың
Тәңірі берсе менікі, –
деген жолдардағы бар сөзі барым сөзінің қысқарған варианты деп
танимыз. Бұлайша қысқартуға өлең шарты да себепкер болып тұр:
әдетте өлең өлшемі көтермесе, яғни белгілі өлшемнен буын саны
асып кетсе, мүмкін жерде сөз тұлғасын ықшамдау поэзияға жат емес.
Бар сөзінің «мал-мүлік» мағынасы үйлі-баран деген тіркесте
де сақталған, мұнда баран тұлғасы – көптікті білдіретін -ан деген
қосымшамен келген тіркес, ол «мал-мүлкі бар» деген ұғымды береді.
Бар сөзінің «мал-мүлкі» мағынасы Абайдың:
Ұлық болдым мінекей,
Бар малыңды шығындап, –
деген жолдарында да байқалады. Бұл жердегі бар малым дегенді бар-
мал(ым) деп жазуға болады, өйткені мұнда ақын «барлық малымды
шығындап» деп тұрған жоқ, «мал-мүлкімді», яғни байлығымды
шығынға ұшыратып деп тұр. О баста, тегі бар сөзі негізінен «мал >
байлық» деген бір ғана мәнді берген болар. Кейін келе мал сөзінің
мағынасы мен қолданысы активтеніп, бар сөзін ығыстырған кезде
барым-мал немесе бар-мал түрінде плеонастық тіркес құраған деп
табуға болады.
БАРЫМТА. Бұл сөзге түсіндірме сөздік былайша анықтама
береді: «Кектеніп жауласқан екі рудың бірінің-бірі мал-мүлкін
күшпен тартын алуы» (ҚТТС, 1976, II, 109). Бұл түсіндірме дәл емес.
Біріншіден, барымтаға кектеніп жауласқан сайын бара бермейді,
58
екіншіден, барымта – рулар арасында ғана емес, жеке адамдар ара-
сында да болатын акт. Барымта сөзінің мағынасын өткен ғасырдағы
қазақша-орысша сөздіктер дәлірек көрсетеді. Мысалы, 1897 жылы
Орынборда шыққан қазақша-орысша сөздікте: «Барымта (ба-
ранта)– зорлап алынған не ұрланған малдың немесе басқа да бір
көрсетілген жәбірдің есесін алу үшін жәбірленушінің қарсы жақтың
малын өз ұйғарымымен айдап алып кетуі» деп берсе, Л. Будагов бұл
іс-әрекеттің ертеректегі мәнін аша түседі: «Барымта ерте кезде (де-
мек, XIX ғасырға дейін – Р.С.) дауласушы жақтардың біреуі билер
үкіміне мойынсұнбаса, кесікті орындамаса, жәбір көрген жақ оның
малын, жанын айдап әкетіп, күшпен орындауға праволы болғандықты
атайды (Будагов, I, 224).
Демек, дауласқан екі жақтың (дау-дамай рулар арасында да, жеке
адамдар арасында да болуы мүмкін) айыптысы билікке көнбей,
кесілген құнды, айыпты т.б. төлемесе немесе түгел төлемесе, даулау-
шы жоқ оны күшпен төлету шарасын істейді. Ол шара – барымталау
актісі. Барымта – би (билер) кескен үкімді жазықты жақтың дұрыс
орындамағанын даулаушы жақтың дәлелдеу актісі.
Барымта сөзінің төркіні монғолдың барымт сөзіне апарады деп
ойлаймыз. Монғолша барымт «1) негіз, дәлел, аргумент, 2) факт,
жағдай, 3) есеп» деген мағыналарды білдіреді. Қазақтағы барымта –
о баста құр тартып алу, талау емес, өзіне билікпен кесілген айып, құн
сияқтылардың тиісті екендігін дәлелдеудің әрекеті. Сондықтан ерте-
ректе тек мал-мүлік емес, адамдар да барымтаға ілігетін болған (мы-
салы, қанға қан, жанға жан сұрайтын сәттерде). Әрине, барымтаға
алынған зат (көбінесе мал, оның ішінде жылқы) даулаушыға тиісті
мөлшерден артық болып кетеді (немесе айыпты жаққа солай бо-
лып көрінеді), сондықтан барымтаға қарымты қайтарылуы мүмкін.
Қарымты, қарымта сөзі де монғолдың хариу сөзімен түбірлес, бұл
сөздің мағынасы – «қайтару, жауап, есені қайтару». Осы мағынадағы
қару сөзі қазақта да қолданылады: бір нәрсенің (іс-әрекеттің)
қаруын қайтару – белгілі бір іс-әрекетке жауап ретінде, оның есесін
қайтаратын әрекет істеу. Сірә, барымта, қарымты дегендер ер-
теден келе жатқан, түркі-монғол тайпаларының көпшілігінде орын
алған жөн-жосық болу керек. Сол себептен қазақ тіліндегі барымта,
қарымты сөздері – монғол тілінен соңғы дәуірлерде енген сөз емес,
өте ертеден бар ортақ сөздер деп есептейміз. Ал әр кезеңде барым-
та актісінің өзінің сипаты өзгеруіне байланысты, бұл сөздің беретін
мағынасы да өзгеріп отырған. Соңғы кезеңдерде, Л.Будаговтың ай-
туына қарағанда, барымта сөзі жай «тонау, талау» дегенді білдіруге
көшкен тәрізді.
59
БЕДЕУ АТ. Қазақтың аса бай ауыз әдебиеті үлгілерінде, ақын-
жырауларының өлең-толғауларында бедеу, бедеу ат сөздері жиі
кездеседі. Мұндағы бедеу сөзінің бірден ойға келетін мағынасы «бала
көтермеген әйел» және «қысыр, бойдақ ұрғашы мал». Сондықтан,
сырт қарағанда, бедеу ат тіркесі ақылға сыйымсыз көрінеді, өйткені
ат дегеніміз – «үйірге түспейтін, піштірілген, ақтатылған жылқы»
(ҚТТС, І том, 464), демек, еркек мал. Бірақ қазақ тілінде, әсіресе
«Батырлар жырлары» сияқты көркем дүниесінде малды жақсы білген
атам қазақ бедеу ат деген тіркесті қалайша қалыптастырған? Демек,
бедеу сөзінің өзге де мағынасын іздеу керек болады. Бір қызығы
– «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» бедеу сөзінің 1-лексикалық
мағынасы етіп «жүйрік, бәйгі аты, жараған жылқы» дегенді көрсетеді
де ат сөзімен тіркеспей, жеке тұрып қолданысқа түскенін мысалға
келтіреді: Шапса да қанша жүйрік бедеу озар (Ақан сері). Демек, бе-
деу ат дегеннің мағынасы «мықты ат, жараған ат» , ал халық жыр-
ларында бедеу ат – жай мықты ат емес, тіпті бәйге аты да емес,
көбінесе батырлар, бектер, хандар мінетін мықты ат, сұлу ат, бағалы
жылқы. Оны Мұрат ақын (ХІХ ғ.):
Жібектей жалын төгілтіп,
Ерні төмен салынған.
Құйрығы гүлдей малынған,
Күдергі бел, күпшек сан
Бедеу атқа мінген жер, –
деп сипаттайды. «Қамбар батыр» жырында:
Бектер мінген бедеу ат
Темір менен тағалар, –
деп келеді. Алпамыс батыр қалмақ ханына:
Байлаудағы бедеу ат
Астыңдағы алтын тақ
Я сенікі, я менікі! –
деп айбат көрсетеді. Кедей жігіт Қамбар батырды күйеу бала етпек
болғанда, оған:
Мінгізді бедеу атын да,
Кигізді қамқа тонын да, – деп баяндайды.
Бұл мысалдардың барлығында да бедеу ат – хан, бек, батырға
лайық мықты, бағалы ат.
Бұл атау наз бедеу деп те келеді: Тайбурыл иесі Қобыланды
батырға:
Қарағай менен бітер тал,
Кімге келмес керім сал.
60
Наз бедеу атқа бітер жал
Аямай тарттың қамшыңды,
Батыр туған Қобылан нар! –
деп өкпе айтады. Наз бедеу – сұлу ат. Наз – парсы сөзі, наз бедеу де-
генде оның «грациозный» деген бір мағынасы алынған болуы керек.
Бедеу ат деген тіркес бұл күнде күнделікті сөйлеу тілінде көп
қолданылмайтыны белгілі, ал қазіргі көпшілік қауым ауыз әдебиеті
жырлары мен ХV- ХVІІІ ғасыр ақын-жырауларын да көп оқымайтын
болар. Тіпті «тіл білеміз» деп тілдегі кемшіліктерді теріп жүрген ере-
сек журналистеріңіздің өзі сөздіктерге тіркелген бедеу ат дегенді
сынап, ондай қолданыс жоқ деп білгішсінгендері де бар. Іздей білсек,
әлі біз көп естімеген, мағынасын білмейтін, танымайтын сөздеріміз
баршылық екен. Бабаларымыздың тіліндегі осындай қазынаны біле
түсу үшін де осынау еңбек ұсынылып отыр.
Бедеу ат тіркесінің мән-мағынасын іздей жүріп және бір қызық
фактіні кездестірдік. Жалайыр Қадырғали би жазған тарихи еңбекте
(ХVІ ғ.) ақта/ахта ат деген тіркесті кездестіреміз. Ақта ат – бе-
деу ат дегеннің синонимі, яғни хандардың, батырлардың жорыққа
мінетін мықты аты. Мысалы: Уа анларны йахшы ахта атларға
міндіріб, йолда йүргүздім (Қадырғали би …, 196-бет). Ечкі оғлы
Хасан Едіге бинің ахта атын алып турур ерді (сонда, 235-бет). Тіпті
осы сөзден жасалған ақтачы «атбегі» сөзі де бар. Ақтачы/ахтачы
− Шыңғыс хан тағайындаған мәртебелі 10 қызметтің біреуінің иесі,
сондықтан көбінесе жалқы есіммен тіркесте келеді: Буқатай ахта-
чы, Нурин ақтачы т.б.
Парсы тілінің өте білімді маманы – Ислам Жеменей құрастырған
«Парсыша-қазақша сөздікте» («Санат» 1994) әхта (ахта) сөзінің
қазақшасы бедеу деп көрсетеді. «Бедеу» мағынасындағы эхта (ахта,
ақта ат) парсының өз сөзі ме, кірме сөз бе – оны мамандар айқындар,
ал бізге бұл жерге көңіл аудартып отырған – ахта ат пен бедеу ат
деген тіркестердің таза синонимдер болып келетіндігі. Сірә, ХV-ХVІІ
ғасырларда қазақ тілінде мықты ат, жорық аты деген мағынада бе-
деу ат тіркесі өлең-жырларда жиі қолданылса, жазба тілде ақта ат
атауы да қолданылған деп түюге болады. Ақта ат синонимі парсы
тіліндегі тарихи жазбалардың ықпалы болуы да мүмкін.
Ахта (ақта, ағта) сөзінің этимологиясы мен мағынасы
Э.В. Севортян сөздігінде берілген. Зерттеуші бұл сөз иран тілдерінен
келген дейді, мағынасы – «азбан» («мерин»). П.М. Мелиоранскийдің
ахта сөзі түркі мен монғол тілдеріне монғол жаулап алулары кезінде
енген дейді. Ахта/ақта атауының түркілік ақта – «малды тартты-
61
ру, піштіру» деген сөзімен қатысты болуы да мүмкін. Қазіргі қазақ
тілі сөздіктерінде ақта- етістігінің бұл көне түркілік мағынасы
көрсетілмеген.
«Азбан, яғни ақтатылған, піштірілген жылқы малы» деген мағы-
надағы ақта атауы қазақ тілінде жұмсалмағанын ертедегі өлең-
жырлар тілінде, ХV-ХVІ ғасыр ақын-жырауларының тілінде кездес-
пейтіндігі дәлелдейді. Бірақ жорыққа, ұзақ сапарға мінетін мықты
атты қазақтар да жақсы білген, ол бедеу ат деп аталған. Демек,
бедеу ат сөзі де, ақта ат сөзі де құлындамайтын бие мен үйірге
түспейтін айғырды, яғни ұрпақ бермейтін ұрғашы да, еркек те малды
(бұл жерде жылқы малын) атаған болып шығады. Ақта ат пен бе-
деу ат – бір-біріне синоним тіркестер. Қазақ тілінде соңғы варианты
қалыптасқан. Ақта ат жазба тілде, оның өзінде де парсы тіліндегі
әдебиеттің ықпалы болған үлгілерде, мысалы, Қадырғали бидің жаз-
басында қолданылған деп топшылауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |