Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы



Pdf көрінісі
бет35/38
Дата06.04.2017
өлшемі3,75 Mb.
#11193
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38

Абайдың тіл тағылымы

Абайды  қазақ  көркем  сөзі  мен  әдеби  тілінің  жаңа  кезеңін 

бастаушы,  оларды  жаңа  сапаға  көтеруші  деп  танығанда,  сол 

жаңалықтардың  әрі  қарай  жалғасуын  іздейміз.  Егер  жал- 

ғаспаса,  ол  жаңа  кезең,  жаңа  сапа  болып  саналмай,  дүниеге 

бір-ақ рет келіп, тұйықталып қалған феномендік құбылыс бо-

лып табылар еді. Абайды ұлы деп танытып отырған белгі оның 

суреткерлік  өнері  –  өлеңінің,  рухани  діні  мен  көркем  тілінің 

жалғастық  тапқандығынан,  өзінен  кейінгілерге  үлгі-өнеге 

болғандығынан көрінеді. Бұл жайында жиі айтылып, көп жа-

зылып  келеді.  Дегенмен  бұл  концепцияны  әлі  де  нақты  тал-

даулар  арқылы  дәлелдей  түссек,  артық  болмас  дейміз.  Осы 

мақсатпен ұлы Абайдың ізбасары – Шәкәрім қажы Құдайберді 

ұлының тіліне үңіліп едік. Ақын мұрасын өзгелер атауға бата 

алмай,  бара  алмай  жүрген  шақта  орыс  тілінде  –  сол  кездегі 

барша  Одақ  қауымына  беделді  тілде  –  жария  еткен  ойлы, 

білімді  ғалым  Мұхтар  Мағауиннің  сипаттамасымен  айтсақ, 

«Абайдың өлең өрнегін ұстанған, Абайдың тіл мәдениетін үлгі 

тұтқан»  Шәкәрім  тілінің  поэтикалық  кестесінен  бір  үзік  сыр 

шертпекпіз.

Шәкәрім  есімі  ақталып,  қалдырған  мол  мұрасы  қалың 

жұртшылыққа ұсынылғалы 4-5 жылдың жүзі болғанмен, бұл 

тақырыпқа  қазір  оралып  отырғанымыздың  дәлелді  уәжі  бар. 

Ең  алдымен,  белгілі  бір  қаламгердің  көркем  тілін  талдаудың 

негізгі  мақсаты  ондағы  көріктеу  құралдарын  эпитет,  теңеу, 

метафора  т.б.  тауып  көрсетіп  беру  емес,  бұндай  жұмыс,  бір- 

іншіден, зерттеу болмай, дерекнаме (фактография) ғана болар 

еді, екіншіден, көркем шығарма, әсіресе поэзия болғандықтан 

көріктеу құралдары ақын-жазушының қай-қайсысынан да мо-

лынан табылады, сондықтан оларды не ерекшелік, не жаңалық 

деп тану әрдайым ғылыми ізденіс болып шықпайды. Осы се-

бептен де суреткердің тіл көркемдігін көрсетуде оның әсемдік 

әлемін  танытатын  көркем-бейнелеуіш  құралдарды  пайдала-

ну  амалдарын,  алдындағы  үлгісін,  о  бастағы  қайнар  көзін, 

әрі  қарай  ұласуын  танып-таныту  дегендей  мәселе  қырларын 

(аспектілерін) нысанаға алу керек.



518

Ал  Шәкәрімнің  көркемдік  өрнегін,  яғни  поэтикалық  тілін 

Абайдың сөз кестесімен ұштастырмай әңгімелеу мүмкін емес, 

өйткені  Шәкәрім  –  Абайдың

 

поэтикалық  мектебінің  өкілі, 



жалғастырушысы,  кеңейтушісі.  Демек,  Шәкәрім  тілін  сөз 

етпес  бұрын  Абайдың  тілдік  поэтикасын  танып-білу  керек- 

тігін сеземіз. Ұлы ақынның поэтикалық өресін жүйелі түрде, 

лингвостилистикалық  тұрғыда  арнайы  зерттеген  моногра- 

фиялық  еңбектер  әлі  жоқ.  Сол  себептен  соңғы  жылдары 

Абайдың  тілдік-көркемдік  әлемін  танудағы  ізденістеріміз 

(баспаға дайындап жатқан зерттеу жұмысымыз) белгілі бір ша-

мада Шәкәрім тілін де сөз етуге мүмкіндік берді. Әрине, бұл 

шағын  мақалада  Шәкәрімдей  зор  суреткердің  тілін  тұтастай 

алып,  жан-жақты  талдауға  бару  мүмкін  емес.  Бұл  қиындық 

тіпті мақала көлеміне де қатысты болмас. Әрі ақын, әрі про-

заик жазушы, әрі публицист, әрі ғалым – Шәкәрім мұрасының 

стильдік-жанрлық  сипатының  кеңдігінде,  тілдік-көркемдік 

ізденістерінің саналы түрде жүргізілгендігінде, қаламына тән 

ерекшеліктердің  молдығы  мен  әр  алуандығында.  Осылардың 

барлығын игеріп, мол материал жинаудың өзіне уақыт та ке-

рек, көп іздену де қажет (ол – біз болмасақ, өзгелердің алдында 

тұрған болашақтағы игі істердің бірі болмақ).

Біз бұл мақалада Абай мен Шәкәрім поэзиясының көркем 

тіліндегі іліктестіктің бірнеше сәтін талдамақпыз.

Шәкәрім  де,  ұлы  ұстазы  сияқты,  ең  алдымен  қазақтың 

күшті дамыған байырғы поэтикалық мектебінен, поэтикалық 

тілінен нәр алған, сол тілдің бай мұрасын: образдар дүниесін, 

образдарды беретін сөздер мен фразеологизмдерді орынды әрі 

молынан пайдаланған. Ұстазы Абай:

Шортанбай, Бұхар менен Дулат жырау,

Сөздері бары – жамау, көбі – құрау,

113


 –

деп сынаса, шәкірті – Шәкәрім:

Сыпыра жырау, Шортанбай,

Үмбетей мен Марабай

Алды-артына қарамай,

113


 Өлеңнің бұл тармағы кейбір басылымдарда «бәрі – жамау, бәрі – құрау» болып, 

енді  бірқатарында  «бірі  –  жамау,  бірі  –  құрау»  деп  жазылып  жүр.  Ал  1905  жылғы 

қозжазбада: «Өлеңі бары – жамау, көбі – құрау» деп жазылған. Біз осы варианты дұрыс 

болар дейміз.



519

Соққанда жырды суылдап – 

Жел жетпейтін құландар, –

деп, оларды қазақ поэзиясының ең ірі өкілдері ретінде тани-

ды.  Бұл  жерде  шәкірті  ұстазымен  сыпайы  түрде  пікір  сайы-

сына барып тұр-ау дейміз. Абай Бұхар, Дулат, Шортанбайлар-

ды  сынағанда,  сірә,  олардың  шығармашылығынан  біркелкі 

тұтастықты,  төменнен  жоғары  көтерілетін  жүйелілікті  көре 

алмай,  «сөздері  жамау,  құрау»  десе,  шәкірті  бұл  «кедір-

бұдырдың» сырын өзінше дәлелдейді:

Ескі жырдың ұйқасы 

Бірі – қысқа, бірі – ұзын. 

Буындары бұзық деп, 

Біз баспаймыз ол ізін.

Неге бұлай айтты деп,

Сынамаймыз негізін. 

Ойлай келсең, ескі жыр

Салады тұлпар жүрісін, 

Міне, байқа мұнысын.

Кейде жорға, кейде жел,

Бұлдыр қағып асар бел, 

Кейде арындап, кейде шап. 

Адымын алыс құлаштап, 

Алады кейде тынысты,

Солғындатып жүрісті, 

Осындай жырды ұнаңдар! –

дей келіп, бұрынғы ақын-жыраулардың өлен-жырларына:

Сырына баға берсеңіз, 

Таңғаларлық ісі бар, 

Көңілді тартар күші бар, 

Асықпай тыңдап шыдаңдар, –

дейді. Осы арқылы өзіне дейінгі қазақ поэзиясының көркемдік 

әлемін  мойындайды.  Мойындайды  да  қабылдайды.  Шәкәрім 

тіліндегі:  қасықтай  қар,  тобықтай  тоң,  көз  тойып,  көңіл 



толу, мінсіз, бақ, сансыз дәулет, жүзі бар айдай, мінезі май-

дай,  дариядай  мол  ақыл,  сұр  жыландай  сусылдау,  ноқталы 

басқа – бір өлім, көз алартып, күресін адырайту сияқты об-

раздар мен оларды беріп тұрған сөз кестелері қазақтың көркем 



520

тіліне бұрыннан тән кәнігі дүниелер. Бұлар Шәкәрімнің айтпақ 

ойларының  –  поэтикалық  идеясының  тірегі,  негізі.  Мыса-

лы, ақынның «Өлімнің хақ екенін көрсең де» деп басталатын 

шағын өлеңіндегі сөз өрнегі түгелімен бұрыннан қалыптасқан 

образдар дүниесімен келген:



Өлімнің хақ екенін көрсең де,

Өлместей омыраулап шатасың. 

Дозақтың барын біліп жүрсең де,



Күнәға әлің келсе, батасың...

Алланың адал ризығын жесең де, 

Арамды әдейі іздеп татасың... 

Алланың ақ өлімі келгенде, 

Амалсыз қара тастай қатасың...

Сырт  қарағанда,  өлең  тілінде  жарқыраған  әшекей  сөздер 

де,  көзге  ұратын  тосын  қолданыстар  да  жок,  бірақ  ақынның 

айтпағы – «біле тұрып күнәға батпа, дұрыс емесін білген соң 

бұрыстыққа  барма»  деген  идеяны  оқырманына  оның  құлағы 

қаныққан,  тілі  жатыққан  сөз  бояуларымен  әсерлі  етіп,  әдемі 

жеткізген.

Алайда бұдан Шәкәрім тілінде ешбір жаңалық жоқ, ізденіс 

жоқ  деген  тұжырым  шықпайды.  Керісінше,  кәнігі  фонда 

Шәкәрімнің Абайша тапқан соны дүниесі көріне түседі.

Абай  тілінің  өзіне  дейінгі  қазақ  көркем  сөзінің  поэтика-

сынан  ерекшеленетін  бірнеше  тұстары  бар.  Солардың  бірі 

–  Абайдың  өзіне  тән  қолтаңбасының  айқын  көрінуі  болса, 

бұл  ерекшелікті  танытатын  белгілер  де  аз  емес.  Суреткердің 

өзіндік  қолтаңбасын  ғылымда  «шығармашылық  контекст» 

деп  те  атайды.  Шығармашылық  (творчестволық)  контекст 

дегеніміз  –  жазушының  (ақынның)  көркемдік  тұр-тұрпатын 

көрсететін  тілдік  фактілердің  жүйесі,  яғни  шығармада  ұсы- 

нылған  идеяның  көркем  сөзбен  берілудегі  тілдік  механизмі, 

сол  механизмнің  жазушының  өз  қаламына  тән  көріністері. 

Бұл  тұрғыдан  алғанда,  Абайда  өзіндік  қолтаңба  айқынырақ 

білінеді. Әрине, Абайға дейінгі не Абайдан өзге ақын-жыраулар 

шығармашылығында  творчестволық  контекст  байқалмайды 

деген тұжырым тумайды. Қазақ өлең теориясын арнайы зерт-

теген ғалым 3.Ахметов қазақтың өткен ғасырлардағы авторлы 



521

әдебиет иелерінің ішінде Махамбет ақынның өзіндік даралығы 

жақсы көрінетіндігін атайды (3.Ахметов Казахское стихосло-

жение. - Алма-Ата, 1964. - С.189). Бірақ ақындық даралықтың 

тілдегі сипатын көрсететін белгілер жүйелі түрде ашық айқын 

көрінуі жағынан келгенде, Абай өзгелерден айрықша тұрады.

Бұл белгілердің бірі – поэзия тілінде соны сөз образдардың 

молынан  орын  алуы.  Бұл  жердегі  образ  деп  отырғанымызды 

«кейіпкер  образы»  дегенмен  шатастырмау  керек.  Көркем 

шығармада айтылмақ ойдың теңеу, эпитет, метафора, метони-

мия, әсірелеу, шендестіру, ұластыру (градация), қатарластыру 

(параллелизм) т.б. сияқты көріктеу құралдары арқылы көрінуі, 

көмкерілуі  «поэтикалық  образ»  (бейне)  деп  аталады.  Осы 

образдардың  жасалу  жағынан  да,  беретін  мағынасы  мен 

оқырман  түйсігінде  тудыратын  ассоциациясы  жағынан  да, 

сезімге тиетін эмоциялық әсері жағынан да мүлде тың, қазақ 

құлағы  бұрын  көп  естімеген  түрлерін  Абай  еркін  және  мо-

лынан ұсынды. Мысалы, Абай: Жүрегім менің қырық жамау 



Қиянатшыл дүниеден дегенінде «әділетсіздікті көп көрген» де-

ген образды (идеяны) қырық жамау жүрек деп білдірсе неме-

се «арылмас үлкен уайым-қайғы» деген идеяны саңырау қайғы 

деп бейнелесе, бұлар – тың образдар. Бұл сияқты авторлық об-

раздарды  жасауда  ақын  сөз  мағынасын  ауыстыру,  яғни  мета-

форалау, жеке сөздерді экспрессоидке айналдыру (экспрессо-

ид – белгілі бір әсер туғызатын стильдік жүгі бар сөз), сөздің 

эстетикалық  өрісін  кеңейту  сияқты  амалдарды  қолданады. 

Міне,  осы  амал-тәсілдердің  жалғасын  Шәкәрім  творчес- 

твосынан  табамыз.  Айталық,  соны  образдар  жасауда  Абай 

жандандырған  тәсілдің  бірі  –  мағынасы  жағынан  бір-біріне 

жанаспайтын сөздерді тіркестіру болса, осы амал Шәкәрімде 

молынан  жұмсалған.  Мысалы,  оның  «Улы  жүрек,  долы  тіл 

сөйлеп отыр, Ыза қысып, тісімді байлаулымын» дегенінде улы 



жүрек, долы тіл, тіс байлау деген тіркестер мағыналары жуыс- 

пайтын сөздерден жасалған: улы болатын дәрі, ішімдік сияқты 

нақты  заттар,  ал  жүрек  сөзіне  тіркескенде,  улы  компоненті 

мағынасын  ауыстырып,  «әділетсіздік  көрген,  ызаға  толған 

(көңіл, адам)» деген ұғымға ие болып тұр, долы тіл де – сон-

дай: долы болатын нақты адам болса керек (долы қатын деген 



522

сияқты),  ал  адамның  өзі  емес,  тілін  долы  деп  бейнелегенде, 

тағы да жанаспайтын сөздердің түйісуінен жаңа ұшқын – тың 

экспрессия пайда болып тұр.

Тағы  бір  өлеңінде  Шәкәрім:  «Қайсыбірі  қайғы  айтып, 

Үміттің  үйін  құлатты»  дейді.  Үй  –  нақты  зат  атауы,  үміт  – 

дерексіз  есім.  Деректі,  дерексіз  есім  атаулары  тіркеспеуге 

тиісті,  ақын  осы  «заңсыз  тіркес»  арқылы  жаңа  ассоциация 

туғызып  тұр,  оның  үстіне  осы  «үйді»  құлатып,  бұл  тың  об-

разды одан сайын күшейткен. Бұрынғы «үмітімді үзді» деген 

образды үміттің үйін құлатты деп жаңаша ұсынуы – Абай 

үлгісі.

«Еріксіз  маған  ел  жапты  Болыстықтың  тоқымын» 



дегенінде  де  «өз  ықтиярымсыз  ел  мені  болыс  етіп  сайлады» 

деген идеяны ел маған болыстықтың тоқымын еріксіз жап-



ты  деп,  әсерлі,  әсем  образ  ұсынған.  Тоқым  атқа  жабылады, 

адамға жабылмайды, бұл – бір мағыналық кереғарлық болса, 



болыстықтың тоқымы дегенде, тоқым сөзі мағына ауысты-

рып, «әкімшілік» деген ұғымдағы метафораға айналып тұр. Бұл 

мысалдардың моделі – үлгісі Абайдың күлкінің ерні, үміттің 

аты, көңілдің жайлауы, ақылдың көзі немесе үрпейген жүрек, 

нұрлы ақыл деген сияқты қолданыстарында жатыр.

Осы  қатарда:  талапқа  ноқта  тағу  («Талап  деген  бір 

жүйрік тұлпар сынды, Бабын таппай мінгенді қылар жынды. 

Ынсап,  рақым,  ар,  ұят,  сабыр,  сақтық  –  Талапқа  алты  түрлі 

ноқта тақтық»), айла жамылу («Ар кетіп, айла жамылдым»), 

ғылымнан жалаңаш болу («Бұтасыз біткен шоқыдай Ғылымнан 

едім  жалаңаш»),  ноқтасыз  ой,  бояулы  дін  («Ноқтасыз  оймен 

тексердім,  Бояулы  діннен  сескендім»),  ұяттан  жүген  ұстау 

сияқты образдарды көре аламыз.

Абайдың  қолтаңбасында  кейіптеу  көзге  түседі.  Әрине, 

бұл  –  мүлде  тың  тәсіл  емес,  дегенмен  ол  жаңа  образдар  жа-

сауда ұлы ақынның жиірек иек артқан амалы. Мысалы, оның 

қысты кәрі шал, күнді күйеу, жерді қалыңдық деп, адам кейпіне 

келтіріп  бейнелеуінің  әсері  Шәкәрімге:  «Күн  батып  жоғалды 

Нұрыңнан ұялып. Жұлдыз бен ай қалды Сәулеңнен нәр алып. 



Жетіқарақшы айналып Сені іздеп жүр. Бәрі де сені ойлап, Мас 

болып сандалып» деп сұлу қызды суреттеуіне немесе: «Тойға 

523

келген таң желі сыбырласып» деген сияқты өлең жолдарында 

күн, ай, жұлдыз, желдерді адамша ұялттырып, мас қылдырып, 

сыбырлатып қоюына жол берген.

Шәкәрімнен,  Абай  сияқты,  образдар  дүниесін  теңеу, 

шендестіру  арқылы  беруде  де  жасалу  моделі  бұрынғы 

болғанымен, күтпеген соны қолданыстарды табамыз. Мысалы, 

ІІІәкәрімде  өлең  –  әскер  («Әскерім  –  өлеңім  мен  сөздерім»), 



ән  –  өлшеуіш  (таразы),  өлең  –  күміс  (ол  күміске  мыс  қосып, 

оны  артық  алу  не  кем  салу  жарамайды),  қағазым  –  жолда-



сым, қаламым – сырласым, сөз сөйлеу – ер қосу («Ер қосқанға 

ұқсайды  сөз  сөйлемек»)  тәрізді  мысалдар  ақынның  образдар 

дүниесіне тың үлгілер енгізіп тұр.

Абайдың  шығармашылық  контексінен  орын  алған  құбы- 

лыстың және бірі – мағынасында жағымсыз реңк бар сөздерді, 

әсіресе етістіктерді эксперссоид етіп жиі қолдануы көзге түссе, 

бұл  амалы  Шәкәрім  де  жалғастырады.  Мысалы,  ұстазы  бо-

лыс пен пысықтардың, керім-кербездердің, бойы былғаң, сөзі 

жылмаңдардың,  білімсіз  надандардың  портретін  беруде  дал-

пылдап,  жалпылдап,  барқылдап,  тарқылдап  сияқты  сөздерді 

қолданса,  шәкірті  де  қалжыңшыл,  қылжақбастарға  арнаған 

өлеңінде  ыржақта,  жыртақта,  бұлтылда,  жылпылда,  ар-

сылда,  жырқылда,  тырқылда  сөздерін  бір  өлеңде  шоғырлап 

келтіріп, олардың жағымсыз экспрессиясынан образ жасаған. 

«Сәнқойлар»  деген  өлеңінде  де  олардың  шедірейіп,  шекиіп, 

қасын  керіп  кекиіп...  жүрсе,  тұрса  бұлықсып  мұнысы  тапқан 

қылықсып  суреттелуі  тегін  емес.  Мұндағы  жағымсыз  бояу-

лы етістіктер қылжақбастар мен сәнқойларды сөзбен Абайша 

«сілейтіп салған».

Образдың  эстетикалық  өрісін  кеңейтуге  келгенде,  Абай 

тосын  эпитеттерді  колдануды  жүйелі  тәсілге  айналдырса, 

Шәкәрім мұны да іліп әкетеді. Жоғарыда аталған ноқтасыз ой, 



бояулы дін, улы жүрек, долы тіл дегендері сияқты, жүрек, тіл, 

көңіл, ой сөздерінің эпитеттерін сан құбылтып отырады. Мы-

салы, толқынды көңіл, өлген көңіл, жаралы жүрек, от жүрек, 



аптыққан  жүрек  (басылса),  жарық  жүрек,  таза  жүрек,  ақ 

жүрек, жылы жүрек т.т.

Абай  шығармашылығының  негізгі  объектісі  –  адам,  оңың 

ішкі  жан  дүниесі.  Сондықтан  ол  жүрек,  көңіл,  ой  деген 


524

сөздерді  адамның  символы  етіп  алып,  оларға  «жан  бітіріп», 

көп өлеңдерін соларға қарата айтады, Шәкәрімде де бұл атау- 

лар – автордың жан сарайы. Сондықтан бұлар қаратпа сөз бо-

лып  келеді:  «Шошыма,  ойым,  шошыма...»,  «Қажыма,  ойым, 

қажыма...»,  «Шарлайсың,  ойым  шарлайсың,  алыстан  мені 

барлайсың...», Қой, жүрегім, қайғырма...».

Бұрынғы қазақ өлең-жырларымен салыстырғанда, Шәкәрім 

поэзиясында көзге түсетін ең үлкен ерекшелік өлең архитек-

тоникасы мен ырғақтық-әуендік бітімінде көрінеді. Абай мен 

Шәкәрім поэзиясының арасындағы үлкен іліктестік те – осын-

да, дәлірек айтсақ, өлең құрауда қазақ көркем сөз тәжірибесінде 

бұрын-сонды  болып  көрмеген  Абай  ұсынған  жаңа  тәсілдерді 

(тәртіптерді), Шәкәрімнің де саналы, сауатты түрде қабыл алу-

ында.

Архитектоника дегеніміз – шығарманың, айталық, өлеңнің 



композициялық  құрылымы,  екінші  сөзбен  айтсақ,  шығарма 

құрылымының сыртқы пішіні және оны құрайтын бөліктердің 

бір-бірімен  байланысуы.  Абай  қазақ  өлеңінің  сыртқы  құры- 

лымына  мүлде  тың  жаңалықтар  әкелді,  бұл  ретте  қазақ  по-

эзиясын  жоғары  сатыдағы  жазба  әдебиет  қатарына  қосты. 

Ұлы жаңашылдың бұл еңбегін үстіміздегі ғасырдың басында 

Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар тұңғыш рет танып, 

атаған болатын. Одан кейін Абайдың ақындық шеберлігін ар-

найы зерттеген Қажым Жұмалиев пен қазақ өлеңі құрылысын 

ғылыми негізде талдаған Зәки Ахметов Абай поэзиясының ар-

хитектоникасын кеңінен сөз етті.

Абай  ең  алдымен  өлеңнің  құрылымдық  бөліктерінің  жаңа 

түрлерін  енгізді.  Әдетте  өлеңдер  шумақты,  шумақсыз  және 

шоғырлы  (тирадалы)  болып  келеді.  Абайға  дейінгі  қазақтың 

шумақты  өлеңдері  негізінен  бір  ғана  түрде:  төрт  тармақты 

(жолды),  а  а  б  а  ұйқасты  болып  келетін  11  буынды,  кейде 

7-8  буынды  туындылар  болып  кездесетін  болса,  шумақсыз 

өлеңдерге көбінесе 7-8 буынды жырлар мен кейде 11 буынды 

өлеңдер жататын. Зерттеушілер (3.Ахметов) қазақтың эпостық 

жырларында шоғырларға бөлінген түрі де бар дегенді айтады 

(шоғыр немесе тирада деп өлең-жырдың бір ұйқаспен келген 

бір  тақырыпты  сөз  ететін,  төрт-бестен  бастап,  одан  да  көп 

тармақтарын атайды).


525

Ал  Абай  шумақты  өлеңдері  мен  шоғырлы  құрылымдарды 

түрлендірді, атап айтқанда, 8 тармақты («Сегізаяқ»), 6 тармақты 

(«Қор  болды  жаным»,  «Бай  сейілді»  т.б.),  7  тармақта  («Сен 

мені не етесің?», «Ата-анаға көз қуаныш»), 9 тармақты («Тайға 

міндік»), 14 тармақты («Қатыны мен Масақбай») шумақтардан 

тұратын өлең құрылымдарын ұсынды.

Бұлардың  ішінде  6  тармақты  өлеңдердің  өзі  құрылымы, 

интонациясы,  өлшемі,  ұйқасы  жағынан  бірнеше  түрлі  болып 

келеді. Мысалы, алты тармақты «Қор болды жаным», «Қуаты 

оттай бұрқырап» деп басталатын өлеңдері мен «Бай сейілді», 

«Ем таба алмай», «Кешегі Оспан», «Бойы бұлғаң» деп баста-

латын  өлеңдерінің  құрылымдары  бірдей  емес.  Демек,  Абай 

қазақ өлеңінің бұрынғы төрт тармақты шумақтардан тұратын 

түрлерінен  басқа,  тармақ  саны  жағынан  тағы  да  бес  түрін 

енгізген  екен  және  олардың  өлшемдік,  ырғақтық,  әуендік 

өрнегін құбылтып, әртүрлі етіп ұсынғанын көреміз. Осы арқылы 

Абай өлең құрылымын түрлендірудің жолын ашты, үлгісін сал-

ды. Ұлы жаңашылдың бұл «ұсынысын» шәкірттерінің ішінде 

бірден қабылдап, амалды әрі қарай жалғастырған, жалғастыра 

отырып, бұл орайда ұстазынан асып түспегенмен, қалыспаған 

Шәкәрім болды деп батыл айтамыз.

Ең  алдымен,  Шәкәрім  «сегізаяқты»,  яғни  сегіз  тармақты 

құрылымды  қолданды.  Сегізаяқтың  Абай  келтірген  өлшемін 

және  ұйқас  суретін  сақтап  Шәкәрім  «Жастық  туралы»,  және 

«Кәрілік туралы» деген екі өлеңін жазған. Мысалы, «Жастық 

туралы» өлеңінің 1-шумағы мынадай:

Гауһардай көзі, 

Бұлбұлдай сөзі

Жаннан асқан бір пері. 

Жүзі бар айдай, 

Мінезі майдай,

Өзгеден артық сол жері. 

Дариядай ақыл мол еді

Жан ғашығым сол еді.

Бұлардан басқа тағы бір өлеңін («Шын сырым») 8 тармақты 

құрылыммен  береді,  бірақ  мұның  ұйқас  суреті  мен  өлшем 

сандары  Абай  ұсынған  сегізаяқтан  мүлде  бөлек.  Бұл  өлеңде 



526

сегіз  тармақтың  барлығы  да  6  буынды  өлшеммен  келген, 

ал  ұйқасы  абвбгдеб  тәртібімен  қиыстырылған,  яғни  мұнда 

2,  4,  8-тармақтар  ғана  ұйқасады,  ал  классикалық  (абайлық) 

сегізаяқта  ұйқас  суреті  аабввбгг  болып  келетінін  ескерсек, 

Шәкәрімнің  «Шын  сырым»  өлеңіндегі  сегізаяғы  мүлде  жаңа 

ырғақ, жаңа құрылым екені көрінеді. 

Шәкәрімнің «Қалжыңшыл қылжақбас», «Таң» журналына» 

деген өлендері тармақ саны жағынан «алтыаяқтар» болғанмен, 

Абайдың  алты  тармақты  «Буынсыз  тілін»  деп  басталатын 

өлеңінен  ырғағы,  өлшемі,  ұйқасы  жағынан  мүлде  басқаша 

құрылған: Абайдың алтыаяғы ааб вв б, яғни сегізаяқтағыдай 

параллель  құрылымды  (аа  вв)  болып  келсе,  Шәкәрімнің 

аталған өлеңінің ұйқас суреті ааа бб в, ал өлшемі тіпті қызық: 

алғашқы  үш  тармақ  8  буынды,  келесі  екі  тармақ  3  буынды, 

соңғы тармақ 2 буынды «әйда» деген редиф (әрбір шумақ сай-

ын  қайталап  келетін  бір  сөз).  «Таң»  журналына  жаңа  әнмен 

байғазы» деген өлеңінің кейбір шумақтары да – сегіз тармақты 

құрылым, мұның ұйқасы суреті кәдімгі сегізаяқтағыдай, бірақ 

өлшемі  басқаша.  Абайдың  «Сегізаяғының»  өлшеміне  келсек, 

параллельдер болып келетін 1, 2 және 4, 5-тармақтар 5 буынды, 

3, 6, 7, 8-тармақтар 8 буынды, ал Шәкәрімде бұлар тіпті келте: 

1, 2, 4, 5-тармақтар 3 буынды, 3,5-тармақтар 5 буынды, соңғы 

екі тармақ 7, 8 буынды (ақын шығармаларының 1988 жылғы 

басылымында «Жазушы» баспасы) бұл өлең тексі шумақтарға 

дұрыс ажыратылмаған:

Толға, шырқа байқап, жас жүрек, 

Әншілерден сол тілек, – 

деген екі жол бес жол етіп жазылған. Ал жалпы Шәкәрімнің 

кейбір  өлеңдерінде  құрылымдық  тәртіп  қатаң  сақталмайды, 

яғни  бірқатар  шумақтары  сегіз  аяқты  (тармақты)  болса,  сол 

өлеңнің  келесі  шумақтары  әртүрлі  тармақты  болып  келеді. 

Мысалы, мына шумақты ұйқас суретіне қарап 10 тармақты де-

уге болады:

Әні – тән 

   – а

Сөзі – жан 

– а

Жарасымды болса 

 – б

Тыңдар оны дос 

      – в



527

Жыршылар 

– г

Ән салар 

     – г

Толғанып ойдан 

     – д

Мұңлы зар 

  – е

 Қозғалар 

      – е

Байқалып бойдан 

      – д

Бұл  –  «Таң»  журналына  жаңа  әнмен  байғазы»  деген 

өлеңінен  алынған  мысал.  Осы  өлеңнің  келесі  мына  шумағы 

алты тармақты деуге болады:

Жаңа әнім 

                – а

Байғазым 

                   – а

Құттықтап журнал                     – б

Кәрі жан 

                   – в

Салып ән 

                   – в

Жыбырлап козғал                       – б

Шәкәрімде 12 тармақты өлең де бар, ол – «Достыңыз зор» 

деп  басталатын  өлеңі.  Шәкәрім  Абайда  жоқ  құрылым  –  5 

тармақты өлеңдерді де ұсынады. Олар «Бұл ән бұрынғы әннен 

өзгерек», «Жаралыс басы – қозғалыс» сияқты туындылары.

Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген өлеңін 

біз  Абайдың  «Сегізаяғы»  сияқты  қазақ  өлеңі  техникасына 

тыңнан қосылған жаңалық дер едік. Оның жаңалығы – кейбір 

шумақтарының  тіпті  Абайда  жоқ  «бесаяқ»  (бес  тармақты) 

болып  құрылуында  ғана  емес,  ең  алдымен,  өлеңнің  жаңа 

интонациясында  және  Абайдан  бұрынғы  қазақ  өлеңінде 

кездеспейтін,  Абай  үлгісін  салған  тасымал  (өлең  тасымалы) 

дегеннің орын алуында, сөйлем түзілісінің проза синтаксисіне 

жақын  келуінде,  сондай-ақ  стильдік  мақсатта  инверсияның 

(сөздерді орнын алмастырып жұмсаудың) қолданылуында. Бұл 

көрсетілген белгілердің барлығы да – күшті жетілген жазба по-

эзияны сипаттайтын құбылыстар. Мысалы:

Бұл ән

Бұрынғы әннен өзгерек.



Бұған

Ұйқасты өлең, сөз керек

Өзіне орайлы

Бұл шумақ тұтасымен тасымалмен келген: Бұл ән бұрынғы 



әннен өзгерек, өйткені бұған өзіне орайлы ұйқасты өлең сөз  

528

керек  деген  сөйлемнің  бір  тармақта  келуге  тиісті  сөздері 

тармақтан  тармаққа  тасымалданып  (көшіріліп)  берілген. 

Әрине,  бір  сөйлемнің  бірнеше  тармаққа  бөлініп  берілгенінің 

бәрі  тасымал  болмайды.  Поэзияда,  оның  ішінде  Абай  мен 

Шәкәрімдерде  бір  сөйлемнің  екі  не  одан  да  көп  жолға 

сыйғызылып берілгені жиі кездеседі. Мұндайда әр тармақтың 

синтаксистік-интонациялық дербестігі болады, яғни сөйлемнің 

синтаксистік  дербес  бөліктерінің  (единицаларының)  шека-

ралары  тармақтардың  жігіне  сайма-сай  келеді,  ашып  айтсақ, 

бір  тармаққа  бір  единица  орналасады,  ол  единицалар  – 

күрделі немесе жайылма мүше, бірыңғай мүшелер, құрмалас 

сөйлем  компоненттері  сияқты  сөйлемнің  тиянақты  бөліктері. 

Бұлардың  тармақтан  тармаққа  ауысып  орналасуы  –  заңды, 

қалыпты құбылыс.

Ал  Шәкәрім  жоғарыда  келтірген  шумағында  2-3  буын-

ды бір ғана сөзден тұратын сөйлем мүшесін жеке бір тармақ 

етіп құрастырған немесе өзіне орайлы деген бір анықтауышты 

сөйлемнің соңына шығарып жеке тармақ етіп берген.

Қысқасы,  бұл  шағын  мақалада  Шәкәрімнің  өлең  архитек-

тоникасын  толық  талдап  сипаттау  мүмкін  емес  екенін  ескер-

те  отырып,  оны  арнайы  зерттеудің  объектісі  демекпіз.  Ал 

біздің  бұл  жердегі  көздегеніміз  –  қазақ  өлеңі  құрылымына 

Шәкәрімнің де өзгеріс енгізгенін көрсету және бұл әрекеттің 

үлгісін Абайдан алғанын айту болды.

Бұл  үлгі-өнегені  Абайдан  кейінгі  қазақ  поэзиясы  жақсы 

қабылдағанын және кұр еліктеу түрінде емес, Абайша мазмұн 

мен  түрді,  яғни  поэтикалық  идея  мен  оның  тілдік  көрінісін 

сәйкес  келтіру  мақсатында  қолданғанын  байқаймыз.  Мыса-

лы,  Шәкәрімнен  бастап,  Сұлтанмахмұт  Торыайғыров,  Ах-

мет  Байтұрсынов,  Ілияс  Жансүгіров  т.б.  жан  толғанысын 

поэзия  тілімен  айтуға  келгенде,  сегізаяққа  жүгінеді.  Абай 

«Сегізаяғында» өзінің философиялық, азаматтық, суреткерлік 

ой-толғамын  білдірсе,  Ахмет  Байтұрсынов  та  үстіміздегі 

ғасырдың  басында  елдік,  ұлттық  тәуелсіздігінен  айырылып, 

отаршылдық күн кешіп отырған, ғылым-білімнен де құр қалған 

халқына:


529

Казағым, елім, 

Қайқайып белің

Сынуға тұр таянып. 

Талауда малың, 

Қамауда жаның,

Аш көзінді оянып. 

Қанған жоқ па әлі ұйқың, 

Ұйықтайтын бар не сиқын, –

деп  қазақ  қоғамының  ұлттық  намысын  оятады,  оятпақ  бо-

лады.  Бұл  идея  Ахмет  Байтұрсыновтың  бүкіл  ақындық, 

ағартушылық  қызметінің  лейтмотиві  болса,  оны  білдірудегі 

ең  бір  ұғымды  шыққаны  –  сегізаяқпен  жазған  өлеңі,  өйткені 

мұнда  ақын  ұстаз  тұтқан  Абайдың  үлгісімен  алғашқы  екі 

жұпты  алты  жолда  айтылмақ  идеяның  тезисін  (баяндауды) 

береді де соңғы екі жолда сол тезистен шығатын түйінді, яғни 

антитезисті ұсынады. Түйін-антитезис көбінесе ақыл сөз, өнеге 

сөз  (сентенция)  болып  келеді.  Абайдың  «Сегізаяғындағы» 

шумақтардың соңғы 7-8 тармақтары нақыл сөзге, тіпті мақал, 

мәтел  сөзге  айналып  кеткенін  білеміз.  Ал  Шәкәрім  өзінің 

«Сегізаяқтарында» әлеуметтік тақырыпты емес, жеке адамдық 

әңгімені – жастық пен кәрілікті сөз етеді. Бұлар да – ақынның 

жан толқынын сездіретін тақырыптар. Шәкәрім өлеңдеріндегі 

түйіндер сентенциядан (ақыл сөзден) гөрі, болған не болатын 

істің  жалпы  қорытындысы  түрінде  келеді,  демек,  мұнда  да 

Абай сегізаяғының құрылымы сақталған әр шумақ тезис пен 

антитезистен тұрғызылған.

Сөйтіп,  Абай  тағылымын,  яғни  шығармашылықтың  ішкі 

өнегесі мен сыртқы үлгісін Шәкәрімнен іздейтін болсақ, оны 

барлық  тұсынан  табамыз.  Сол  тұстардың  бірі  –  поэтикалық 

тіл  кестесі  мен  жаңашылдығы.  Оны  арнайы  кеңінен  талдап 

зерттеу – алдымызда тұрған үлкен міндеттердің бірі, өйткені 

осындай зерттеулер арқылы теңдесі жоқ феномендік құбылыс 

–  қазақ  поэзиясының  Абай  бастаған  тарихи  кезеңіндегі  күй-

қалпын білетін боламыз. Атап айтқанда, қазақ сөз өнерінің та-

рихына бойлаймыз. Сол тарихты жасаушылардың бірі, бірегейі 

Шәкәрімді тағы бір қырынан танитын боламыз. Ал Шәкәрім 

кажыны,  Шәкәрім  философты,  Шәкәрім  ғалымды,  Шәкәрім 



530

ақынды  тереңірек  тану  өте  қажет.  Өйткені  ол  –  дүниеге  бір 

келіп, қонып кеткен қонақ емес.

Мен бір қонақ кеттім ғой бірде қонып

Қайтатұғын қалыпты мезгіл толып.

Осы қонақ қалай деп сынға алмаңыз, 

Тәуір деп-ақ айта сал оймен жорып.

Ақын өзі осылай десе де, бұл айтылғанның бәрін керісінше 

қабылдау  керек:  Шәкәрім  шығармашылығын  оймен  жорып 

тәуір деп айта салу емес, оны барлық қырынан (аспектіден) тал-

дап, қазақ мәдениетіндегі өте жоғары орнын көрсете түсуіміз 

тағы  қажет.  Ол  орынға  Шәкәрім  мұрасының  тек  мазмұны 

кең  арналылығы  жағынан  емес,  соны  білдірген  тілі  жағынан 

да  ие  болатындығын  жалпы  сөзден  гөрі  нақты  талдаулармен 

дәлелдеудің де қажеттігін сеземіз. Бұл мақаламызды осындай 

жүктің алғашқы бағдарлама іспеттес бір үзігі ретінде ұсынып 

отырмыз.

Абай және қазіргі заман. - Алматы: Ғылым, 

1994. - 137-148-б. 


531



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет