§3. Өнер төңірегінде және оның ХХ ғасырдағы орны жөніндегі пікірталас. Өнердегі дағдарыс концепциясы
XX ғасыр ең алдымен, модерндік ағымдар мен бағыттардың, оның ішінде авангардизмнің қалыптасуы мен бекемденуімен байланысты болып келетін көркем шығармашылық салаларын зор өзгеріс пен жаңалануға ұшыратты. Шығармашылық амаляттағы жаңа құбылысқа, әдетте, өнер теорияшылары үн қатты. XX ғасыр дегеніміз – әлемдік әдеби-көркем процестегі жаңа да, жоғарғы саты деген түрлі нұсқадағы көптеген пікірлер айтылды. Бұл саты туындылардағы жеке авторлық мифологияның (символистік эстетиканың) орнығуы, социалистік реализмнің (марксистік әдебиеттанудың) тарихи тұрғыдан салтанат құруы, өнердің (постмодернизм құрамындағы) проблемадан аулақтау ізгілігі, өзінің байыптылығы мен рухани тереңдігі ұстаздық пен көріпкелдікті еске түсіреді де, ойнақы ойын үшін, еркін эссеистикаға басы бүтін кетуі мен көркем тілдің шексіз жаңғыра жаңаруы ретінде сипатталды. Осы секілді теориялық ұстаным "бағыттаушылық" және революциялық сипатқа ие. Олар, әдетте, заманалық көркемдіктегі алды артқа қаратпайтын оптимизмнен, не болмаса, әлдебір бастау көз бен кезеңді танып-түсіну мен күй кешуді аңғартады. Бұл теориялар ізбасарлыққа сенімсіздікпен қарайтын "антитрадиционализмге" бейім. Көптеген эстетикалық ойдағы жаңашылдықтар ницшеандық атеизм мен нигилизмнің жетегінде кетеді.
Революциялық, радикалдық модерндік және авангардтық көркемдік қондырмалар мен теориялық түзілімдер қарсы бағыттағылардың тарапынан мансұқтаулармен, оның ішінде, «өнердегі дағдарыс турасында» әңгімелер туғызды. 1918 ж. Н.А. Бердяев[254] осындай атаумен өз брошюрасын жария етті. Кейінірек техника мен техникалық парасат өнердің бастау көздерінің тамырын байлап, оның құрып бітуіне бастап әкелетіндігі[255]; қазіргі жасалып жатқанның бәрі өнерді бірте-бірте өлтіріп тынатындығы жайында[256] сөз болды. Әлемге әйгілі әлеуметтанушы П.А. Сорокиннің сөзінше, "гротескілік жалған құндылықты" өмірге әкелуші заманалық өнер "әлеуметтік және мәдени патологиялардың мұражайы" болып табылады; бұл өнер "адамның төменшіктеуі мен алжа-алжасы шығуы" ретінде "өзінің ажал құшуының негізін қалайды"[257]. Шетелдердегі орыс гуманитарларының белді өкілі В.В. Вейдле замана көркемдігінің осы жағымсыз қырына өзінің монографиясын арнады. Ол, кейіпсіз масса деп ұғынылатын "суреткердің адамдар ортасынан аулақтауынан", "мәдениет адам мен табиғаттың тұтасуынан өз іргесін барған сайын аулақ салып", көркем іс-әрекеттің христиандық сеніммен рухтануын тоқтатушылығы бүгінде тіптен көбейіп кетті деп тұжырымдап: "Өнер <...> өлі, сондықтан өзін қайыра тірілтуді қажет етеді" деген қатал қорытынды шығарды[258].
Осы тақлеттес ой түйіндеу гегельдің романтизм эстетикасымен тартысқа түскендей болып көрінеді. Философ, романтизм өнердің аяқтаушы сатысы, сондықтан, оның шегінен шыққан суреткердің маңдайына жазғаны ең бастысы комедияға тән болып келетін таза субъективтік юмордың соңынан еру болып табылады деп есептеді. Гегель өнердің "субъектіленуін" құрып біту мен іріп-шіруге бастайтын қауіп ретінде қарастырып, оның дәуірінде өнердің философиялық танымға, діни түсінікке, ғылыми ойлау прозасына өтуі байқалып; өнер формасы рухтың жоғарғы қалауы болып табылмай қалады[259].
Өнердегі жаппай дағдарыс туралы, оның тығырыққа тіреліп, өлім құшағында тұрғандығы жайлы (XX ғасырды көркемдіктің жоғары сатысы санаған) біржақты көбіне жартыкеш ойды Гегельдің ізін ала Хайдеггер мен Маркузе, Сорокин мен Вейдлелер сөз етті. Өнердің тағдыры туралы ақиқат, біздіңше, дау-дамайдан тысқары тұруға тиіс. Әл әзір өз ерік-жігерін ойлау мен азап шегу (Traume und Sehnsuchte) арқылы таныта алатын адам барда өнер құрып бітпейді: "Әрбір байыбына бармай, ағаттықпен жар сала айтылған өнердегі ақырзаман жаңа өнердің аяғынан қаз тұруы болып табылады",-деп айтқан Г.Г. Гадамердікі дұрыс. Замана әдебиетіндегі дағдарыстық құбылыстың қауіптілігіне (елдің эстетикалық талғамының мәнісін кетіретін кез келген суррогаттар мен жасындылықтарға толы шексіз қойыртпақтауға) қарамай, белгілі неміс ғалымы, сонымен бірге, нағыз суреткер қаншалықты қиын қыстау жағдай болса да, техника дәуірінің контрмәдениетіне қарсы тұра алады дегенді де айтты [260].
Біздің жүз жылдықта сырқаулы-дағдарыстық көркем құбылыстың орнығуы ғана емес, сонымен бірге (бұл, әрине, ең бастысы) түрлі өнер түрлеріндегі, оның ішінде, әдебиеттегі ұлық көкке самғаулар атойлады. XX ғ. жазушыларының тәжірибелері толыққанды теориялық талқылауларды қажет етеді. Қазірде біздің ғасырда орын алған жоғалтулар мен қол жеткізулердің нәтижесін шығару кеңінен сөз болуда.
Достарыңызбен бөлісу: |