2. Қышқылдардың қасиеттері, алу жолдары, қолданылуы
Қышқыл — химиялық қосынды, көк лакмус қағазына қызғылт рең беретін ерітінді, дәмі қышқыл. Қышқылдар құрамына қарай оттекті, оттексіз болып, олардағы сутек атомдарының сандарына қарай бір және көп негізді деп бөлінеді.
Азот, тұз, күкірт қышқылдары сұйық заттар, ал фосфор және бор қышқылы (Н3BО3) - қатты заттар болса, кремний қышқылы суда ерімейтін іркілдек зат. Көмір және күкіртті қышқылдары тұрақсыз, оңай айырылатын заттар.
H2CO3→ CO2↑ + H2O;
H2SO3→ H2O + SO2↑
Қышқылдардың құрылысының формуласын жазғанда әуелі сутектің таңбасын шетіне жазамыз, өйткені ол бір валентті элемент.
Оттексіз қышқылдарда сутек қышқыл түзуші элементпен тікелей байланысады:
Н—CI Н—S—Н, т.б.
Аталуы. Кейбір қышқылдардың тарихи қалыптасқан атаулары бар: HCl - тұз қышқылы, HF - балқытқыш қышқыл; Н3РO4 - сутектің ортофосфаты, ал Н2СO3 - сутектің карбонаты деп аталады.
Ал, халықаралық номенклатура бойынша Н3РO4 тетраоксотриг идрофосфат деп молекула құрамындағы атомдардың сандары грек сандарымен көрсетіліп аталады. Қышқылдарға сәйкес келетін оксидтерді қышқылдардың ангидридтері (сусыз қышқыл) деп атайды.
Алынуы. 1.Оттексіз қышқылдарды жай заттардың тікелей әрекеттесуі (синтез әдісі) бойынша алады:
H2 +Cl2 = 2HCl
H2 +S = H2S
2.Түзілген газдарды суда еріткенде қышқылдар алынады.
Кейбір оттекті қышқылдарды сәйкес оксидтерін сумен әрекеттестіріп алады:
SО2 + H2О = H2SО3
SО3 + H2О = H2SО4
3.Егер фосфорды жағып алып, түзілген ак буға су қосып шайқасақ, ерітінді лакмусты қызғылт түске бояйды, себебі мына реакциялар жүреді:
4P + 5O2 = 2P2O5
P2O5 +3H2O =2H3PO4
4.Кейбір ұшқыш, тұрақсыз және ерімейтін қышқылдарды олардың тұздарына концентрлі қышқылмен әсер етіп алуға болады.
Ас тұзының кристалдарына концентрлі күкірт қышқылын қосқанда хлорлы сутектің ақ тұманы газ күйінде бөлінеді, оны суда ерітіп тұз қышқылын аламыз.
2NaCl +H2SO4 =2HCl↑+ Na2SO4
5. Осы реакцияны кеңсе желіміне концентрлі тұз қышқылымен әсер етіп көрсетеміз.
Na2SiО3 + 2HCl = H2SiO3↓ + 2NaCl
Қышқылдардың химиялық қасиеттері. Қышқылдардың қасиеттері алуан түрлі болып келеді, оны көрсету үшін мынадай сұлба жазып аламыз:
Қышқылдар:
1) Белсенді металдармен әрекеттеседі.
2) Негіздік оксидтермен әрекеттеседі.
3) Негіздермен әрекеттеседі.
4) Тұздармен ірекеттеседі.
5) Қыздырудың әсерінен (кейбір қышқылдар үшін) алуға болады.
1. Қышқылдардың металдармен әрекеттесуі металдың белсенділігіне қарай жүреді; белсенді металдардың көпшілігі қышқылдардан сутегін ығыстырады:
H2SO4 + Ca = CaSO4 + H2↑
H2SO4 +Zn = ZnSO4 + H2↑
2. Қышқылдардың негіздік оксидтермен әрекеттесуі нәтижесінде тұз бен су түзіледі:
H2SО4 + CaО = CaSО4 +H2О
2HCl + ZnО =ZnCl2 + H2О
3.Қышқылдар еритін де, ерімейтін де негіздермен әрекеттеседі:
HCl + NaOH = NaCl +H2O
2HCl + Cu(OH)2↓= CuCl2+2Н2O
4. Қышқылдар тұздармен алмасу реакциясына түседі
H2SО4+BaCl2= BaSО4↓+2HCl
HCl+AgNО3=AgCl↓+HNО3
2НСl+СаСO3= СаСl2+Н2O+СO2
5. Кейбір қышқылдар қыздырғанда айырылады
H2SiO3→SiO2+H20
Қолданылуы.1. HNO3 - азотты тыңайтқыштар алу үшін қолданылады.
2. H2SO4 - өте кең қолданыс табады, сондықтан оны химия өндірісінің «наны» деп атайды.
3. Н3РО4- фосфор тыңайтқыштарын алу үшін HCl - тұздарын алу үшін, медицинада қолданылады.
Қышқылдық орта. Қышқылдық (орысша: кислотность) - ортаның рН өлшем бірлігінен берілетін сипаттамасы. Бұл өлшем бойынша рН =7 мөлшері бейтарап орта саналады, егер ол көрсеткіштен жоғары болса
рН ˃7 ортаның сілтілік әсері жоғарылайды. РН шкаласы 10-дық логарифм негізінде жасалған, сондықтан рН ˃ 4 артық, рН =5 ортасына қарағанда 10 есе қышқыл, ал рН =6 ортасына қарағанда 100 есе қышқыл болады
Қышқылды жаңбыр – атмосфералық жауын-шашын түрлері (оған қар да жатады). Жаңбыр құрамында қышқылдың (pH<5,6) болатындығы ауа құрамында өндіріс қалдықтары (мыс., SO2, NO2, HCl, т.б.) мөлшерінің көптігіне байланысты. Осындай жауын-шашын түскен топырақ пен су айдындарының қышқылдығы артып, соның нәтижесінде қоршаған ортаның экожүйесі деградацияға ұшырайды. Атап айтқанда, су айдындарындағы балықтар мен су жануарлары жаппай қырылып, топырақ құнарсызданып, жемісжидек пен көкөніс және орман ағаштары өспей, солып қалады.
Атмосфера құрамына еңген өндіріс қалдықтары күкірт диоксиді және азот оксидтері ондағы ылғалмен әрекеттесіп күкірт және азот қышқылдарын түзеді. Соның әсерінен жерге жауатын жаңбыр мен қар қышқылданады. Әдетте рН <5,6 кем болса жауын- шашын «қышқыл жаңбыр» деп аталады. Күкірт және азот оксидтері металургия өндірісінде және көмір, мұнай мен әр түрлі газдар жиналған кезде түзіліп атмосфера құрамына енеді, күкірт оксиді жылу электр станциясынан бөлінсе, азот оксиді автомобильде жанармай жанған кезде түзіледі.
Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек бір тонна отын жанғанда, жылу электр станциясында орта есеппен 150 кг, ал автомобиль моторында 1кг бензин жанғанда, 270 г ластағыш заттар бөлінеді. Көмірді және мұнайды жаққан кезде түзілетін күкірт диоксиді газы атмосферада күкірт триоксидіне дейін тотығады. Түзілген оксид сумен әрекеттесіп қышқылға айналады.
2SO2 +О2 → 2SO3
SO3 +Н2О→ Н2SO4
Күкірт қышқылы ауа құрамында аэрозоль және майда тамшы түрінде болады. Азот оксиді де ауадағы ылғалмен әрекеттесіп,азот қышқылына айналады.
2 NO + O2 →2 NO2
4 NO2 + 2 Н2О + О2 → 4 НNO3
Қышқыл жаңбырлар топырақ құрамына еніп, өсімдіктердің өсіп-жетілуіне қорек болатын қажетті заттармен бірге улы ауыр және жеңіл металдардың еруіне мүмкіндік туғызады. Өз кезегінде улы заттар келеңсіз жағдайларға алып келеді. Мысалы, аздап қышқылданған судағы алюминий мөлшерінің 0,2 мг/л балықтар үшін өте қауіпті, сонымен қатар ағаштардың өсуін тежейді.
Қышқыл жаңбыр әсерінен ормандардың құрғақшылыққа және ауруға төзімділігі нашарлайды. Ал орман – табиғат санитары. Барлық тірі ағзаның тыныс алуына қажетті оттегінің мөлшеріне де әсер ететіні белгілі. Жаңбыр тамшыларында еріген күкірт қышқылы атмосферада тұман түзіп, адамдардың аллергия және басқа аурулармен науқастануына әкеледі. Қышқыл жаңбырларды болдырмаудың негізгі тәсілі техникалық қондырғыларды қолдану арқылы күкірт және азот оксидтерін атмосфераға жібермеу.
Достарыңызбен бөлісу: |