Зертханалық журнал (дәптер)
Орындалған зертханалық жұмыстардың қорытындысы зертханалық журналға (дәптерге) жазылады. Бұл журнал студенттің жұмысты орындағаны туралы жазба түріндегі есебі болып табылады. Тәжірибелерді орындау барысында оның нәтижесін дәптерге бірден жазу керек. Жеке қағаздарға жазуға рұқсат етілмейді. Зертханалық жұмысты орындағаны туралы журналда мынадай деректер болуға тиіс: 1) жұмыстың орындалған күні; 2) жұмыстың нөмірі және тақырыбы; 3) жеке тәжірибелердің нөмірі мен аттары; 4) тәжірибені орындағанда қолданылған аспаптардың сызбанұсқасы мен суреттері; 5) тәжірибенің қысқаша мазмұны, тәжірибенің жүру жағдайлары, реакциялардың сапалық дәлелдемелері (ерітінді түсінің өзгеруі, тұнбаның түзілуі, не оның еруі, тұнбаның түсі, мөлшері, газдың бөлінуі, оның иісі, түсі, қыздыру не салқындату); 6) жасалған тәжірибелердің химиялық реакцияларының теңдеулері; 7) бақылаудың сандық көрсеткіштері (кейде таблица түрінде беруге де болады); 8) сандық сипаттағы тәжірибелердегі есептеулер; 9) қорытынды. Барлық жазулар, есептеулер орындалып, сурет салынғаннан кейін жұмысты орындаушы – студент өзінің қолын қояды.
Зертханалық жұмыстардың толық және дұрыс орындалғанына, студенттің орындалған жұмыстарды саналы меңгергеніне көз жеткізгеннен кейін практикалық жұмыстың жетекшісі әрбір жұмысты жеке-жеке қабылдап, өзінің қолын қояды.
Достарыңызбен бөлісу: |