Бекет Өтетілеуовтың аудармашылық шеберлігі Бекет Өтетілеуовтың есімі көп жерде қазақтың бас ақыны А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин, С. Көбеевпен қатар аталғанмен , оның әдеби мұрасы өз алдына дара зерттелінген жоқ. Ол аудармашы, ақын сонымен қатар ұстаз болған. Б.Өтетілеуовтің артында қалған әдеби мұрасы онша көп емес. Ол ақындық, аудармашылық жұмыспен не бары 4 – 5 жыл шұғылданып, кейіннен науқасы себеп болып, шығармашылық істен ұзақ уақыт көп қол үзіп кеткен екен. Ақынның тұңғыш кітабы «Дүниенің ісі ахиретке кетпесті» екі дастаннан құрылған. Бірінші өлеңнің аты кітапқа да қойылған, екіншісі – «Жансыз сәуегей сипатында» деп аталады. Бұл кітапты оқушыларға алғаш таныстырғаны – «Айқап» журналы болды. Ақынның Крыловтан аударған өлеңдері өте көп. Мысалы: «Түлкі мен жеміс», «Балапан қарға» , «Арыстан», «Аң аулаған қоян», және т.б. Соның ішінде «Мирон» деген мысал өлеңін қарастырсам. Бұл өлеңде қазақтың ежелден келе жатқан шық бермес Шығайбай бейнесін жасайды. Өлеңде кейіпкердің бай екенін былай суреттейді:
«Сандығында миллион теңге бар десті,
Көк тиын да бермейді екен жанға ешбір». Әрі сараң, әрі арам пиғылды адамдардың жақсы көрінбек ойы болып жағымпазданатын қасиетін осы өлеңде әшкере етеді. «Ойласақ кім сүймейді мақтанғанды?
Бай даңқын шығаруға ойын алды.
«Жарқылдап жұма сайын тойғызамын,
Келсін, - деп жетім - жесір» , - деп ауылға жақсы көрінгенмен, қабаған итін босатып адамды үйіне жолатпайды екен. Автор да, аудармашы да сараң байды ирония арқылы қатты әжуалайды. Бұл жерде Мирон емес жаман атаққа қалатын иттер. Ақын Мирон тәрізді байлардың бәріне ортақ жағымпаздық, жасампаздық, жалған мырзалықтың сырын ашады. Міне осы сынды бірқатар аударма өлеңдері бар. Ақын мысалдар арқылы адамдардың жаман қасиетін көрсетіп отырған. Ол көрнекті жазушы Ғ.Мүсіреповтың ұстазы болған екен. «Ондай жақсы оқытушыны мен кейінде сирек кездестірдім. Ол үлкен мағынада ағартушы болатын тілегі бар адам еді» -деп, өзінің «Автобиографиялық әңгімесінде» есіне алады.