Бердібек соқПАҚбаев "менің атым қожа"



Pdf көрінісі
бет13/29
Дата15.12.2023
өлшемі0,56 Mb.
#138631
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29
ОН ЕКІНШІ ТАРАУДА
«Жанар, сені сағындым» дейтін өлеңнің дүниеге
келу тарихы айтылады
Жол бойы менің ойымнан Жанар шықпады. Мен оны көрмегеніме бір ай
емес, көп-көп уақыт өткен тəрізді. Қазір ол қайда екен, ə? Үйінде ме екен,
жоқ əлде екінші кезектегі лагерьге кетті ме екен?
Машинадан түскен бойда мен əдейі орағытып, Жанар үйі тұрған көшемен
өттім. Міне, олардың үйі. Қоражайдың төңірегін қаулап өскен қалақай,
алабота басып кетіпті. Қақпаның маңдайшасында бірнеше суық, торғай
қонақтап жырлап отыр. Тырс еткен пенде жоқ, жым-жырт.
Қораның сырт жағын айналып көз тастадым, есікке құлып салынбаған.
Қабырғаға шапталған жас тезектер бұл үйдегі қытымыр қара кемпірдің
осында екенін баяндап тұр. Кенет құлағымның дəл түбінен:
– Кімді іздеп жүрсің? – деген суық үн саңқ ете қалды.
Жалт қарадым – Жантас қу. Жүрегім су етіп, сасып қалдым.
– Неғыласың? – деген сөз аузымнан абайсыз шығып кетті.
Жантастың бір иығында ауыр рюкзак. Қағаз пилотканың астынан қоңыр
көздері жылт-жылт етеді. Көнтиіп жарылып кеткен еріндерін жалап қойып:
– Сағынып қалдың ба? – дейді.
– Кімді? Нені? – деп, Жантасқа айбаттана бұрылдым. Жантас қу саусағын
жебеп тайқи берді.
– Білем, білем кімді қарап тұрғаныңды...
– Білсең, біле бер.
Ох, бұл сөзді мен қалай батыл айтып салдым десейші. Қай мағынада


айтқанымды аңдап өзім селк ете қалғандай болдым. Не болса, со болсын,
бұным ерлік болды. «Мейлі Жантас қуға сол керек».
Соңынан білдім, Жанар ауылда жоқ екен, лагерьге кетіпті. Құлазыған
далада жалғыз қалғандай болдым. Екі иінімнен зіл батпай көңілсіздік
басты.
Түн. Төргі бөлмеде өлең дəптерімді алдыма жайып қойып, жападан-жалғыз
өзім отырмын. Бірнеше жынды көбелек қалдыраңдап, айнала ұшып,
шамның шынысына соғылды. Келші бермен, шабытым! Қайдасың! Кеудем
толы сезімді сүйкетейін жыр етіп. Бүгінгі жырымның тақырыбы Жанар.
Жол ортасына əдемілеп «Жанар, сені сағындым» деп жазып қойдым.
Бірінші шумақ көкейімде күндізден сайрап жүр еді, мөлдіреп түсе қалды
заматта:
Жанар, сені сағындым,
Келші, келші тезірек,
Жатпай-тұрмай ойлаймын,
Іші-бауырым елжіреп.
Бірнеше қайталап оқимын, жаман шықпаған тəрізді. Мүмкін, көркемдігі
пəлендей жүйрік бола қоймас, бірақ шындық бар, сезім бар. Əлде көптен
қолыма қалам ұстамағандықтан кеудем жырға толып кеткен бе, əлде
Жанарға деген сағыныш сезімнің тасқындап құйылған түрі осы болды ма,
шүпілдеген екі бет өлеңді тапжылмастан ешбір қиналыссыз жазып
тастадым. Өте-мөте сəтті шыққаны соңғы қорытынды шумағы болды:
Жанар, сендей жан тумас,
Туса, туар, артылмас.
Бір өзіңнен басқаға
Сағынышым айтылмас.
Шіркін-ай, мойынға алған жұмысыңды тындырып тастап, рахатқа бататын
кездерің де болады-ау! Сондай бір жетіскен халде орнымнан түрегелдім,


сағатқа қарасам, он бір болып қалыпты. Ұйықтайтын уақытым болған екен.
Тысқа шығып келдім де, жатып қалдым. Бірақ, мұндайда ұйқы келе қоя ма.
Жанар шықпайды ойымнан. «Мақтаншақ Қожа. Мен енді сені бұдан былай
мақтаншақ Қожа деп атаймын». Осыны айтып, қолын қуана шапалақтап,
Жанардың дөңгелене жөнелген кейпі көз алдыма келеді. Жаңағы оған
арнап жазған өлеңім түп-түгел тілімнің ұшында тұр. Жатталып қалыпты.
Қараңғы үйде шалқамнан жатып алып, соны бастан-аяқ сықпыртып,
мылқау фильм тəрізді үнімді шығармай тақпақ етіп айтам.
Жанар, сені сағындым...
Кенет өлеңнің соңғы шумағын көкейімде тағы бір қайталап айта
бергенімде, «тоқта!» деген бір сұрақ көмейіме көлденең тұра қалғандай
болды. «Бұл өлең сенікі емес тəрізді ғой?» дейді əлгі сұрау шұбаланып.
«Енді кімдікі». «Ойланып көрші». Ойланамын. «Иə, шынында да... Кенет
көзім бақырайып, тынысым бітіп қалғандай болды. Мəссаған! Əкем-ау,
мынауым Абай өлеңі ғой! Дəл өзі.
«Айттым сəлем қаламқас» деп басталатын Абай атамыздың өлеңі.
Əркімнен ұрлап-қарлап ақын болу деген менің ойым түгіл түсіме кірмейтін
сұмдық нəрсе. Өзімнің мына қылығыма төбе шашым тік тұрып кеткендей
болды. Əрине, ұрлық дейді бұның атын. Жай ұрлық емес, əдеби ұрлық.
Оны əлгі... не деуші еді... бірдеңе деген термині де бар.
Əлгі арада ұшып түрегеліп, Абай атамнан ауысып кеткен шумақты сызып
тастамақ болып бір тұрдым да, тағы ойға қалдым. Бұған, біріншіден,
дəптер былғанады. Ал, екіншіден, Абай болса, ұлы ақын. Мен тəрізді жас
талапкер оның бір шумақ өлеңін кəдеге жаратқан екен, одан ұлы ақынның
шалқар мұрасы, немене, азайып қала ма? Мен оны бəрібір, баспаға ұсынып
жатқан жоқпын. Сондықтан тұра берсін, сызбаймын. Сайып келгенде, Абай
кім, мен кім? Екеуіміз де қазақпыз, екеуіміз де ақынбыз. Ақын – ақынға
қарайласпасын, жəрдемдеспесін деп, еш жерде жазылмаған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет