Бердібек соқПАҚбаев "менің атым қожа"



Pdf көрінісі
бет11/29
Дата15.12.2023
өлшемі0,56 Mb.
#138631
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   29
ОНЫНШЫ ТАРАУДА
Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа,
жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа
Өзінің тырнақалды прозалық туындысын шағын повесть түрінде бастап
отырғанын автор бір де минутке есінен шығармайды. Сондықтан да ол əр
адамның басынан күнде кешетін тұрмыстың ұсақ-түйек құбылыстарына
онша жүгіне бермейді. Онда автордың бұл еңбегі мүмкін шағын повесть
емес, кітап магазині полкасының белін қайыстыруға жарарлық нəн романға
айналар еді. Жоқ, Аяз əліңді біл, құмырсқа жөніңді біл дегендей роман
жазу қайда бізге. Ол үшін құшақ-құшақ қағаз, құрығанда бірер бөтелке сия
керек. Артыңды столға желімдеп тастап, айлар-жылдар бойына тапжылмай
отыруың шарт. Ал, сосын сабаққа кім барады, үйге берілетін
тапсырмаларды кім орындайды? Бұзауды кім тауып əкеледі. Жо, жо, роман
жазу менің жасымда тіпті де қол емес.
Бұлар сөз арасында айтылып жатқан жайлар. Енді əңгіме желісіне қайта
оралайын. Біз жайлауға келгелі табаны трактордай бір ай шамасы уақыт
өтті. Өткенде көңілді өтті. Соның бəрі Сұлтекеңнің арқасы. Бір де бір күн
көліксіз болып көргем жоқ. Нелер жорға-жүйрік сəйгүліктерді сол тауып
əкеледі. Ертте мынаны дейді, ерттеймін. Кеттік дейді, – ілесіп берем. Қайда
барамыз деп сұрамаймын да. Не керек, Сұлтекеңнін арқасында ат мініп,
асыр салып, жетісіп жүрмін.
Бір күні жайлауда малшылар күніне арналып, ұланасыр той болды. Той
десе, қу бас домалайды. Ал Сұлтан екеуіміздің басымыз піскен алмадай
торсиған майлы бастар. Біз қалай шыдап қалайық. Тойдың дақпыртын
естігеннен бастап-ақ делебеміз қозып, күтіп жүрдік. Көкпарға түсеміз деп,
ат жаратқан боламыз.
Той болады деген күні таңертең мамам сиыр саууға кетіп, мен төсекте
шынтақтап «Робинзон Крузоны» оқып жатыр едім. Есік алдына кеп қалған
ат дүбірі, сонымен қабаттасып Сұлтанның айқайы естілді.
– Қара Көже, бармысың?


– Бармын.
Сұлтан аттан тарс етіп секіріп түсіп, үйге кіріп келді.
– Ой, қара басқыр, əлі жатырмысың. – Сұлтан менің қолымдағы кітапқа
жармасты, – Осы сенің-ақ қолыңнан кітап түспейді екен. Тасташы былай.
Немене, бүгін той екенін ұмыттың ба?
– Тоқта, тоқта, келген жерімді белгілеп қояйын.
– Мына бір мылтық, ұстаған адам ба, албасты ма, осы бетке келіпсің. Жүз
жиырма төртінші бет. Кəне, тұр жылдам. Киін, тойға барамыз.
Тойды сыпаттап жатуды жəне артық деп санаймын.
Өйткені оның қалай болатынын бəрің де білесіңдер. Осы күні тойдан көп
нəрсе жоқ. Мейрам күндер – той; біреу қыз ұзатса – той; бала туса – той,
жоспар артығымен орындалса – той; шет елден мықты біреу келе қалса –
той, шетелге мықты біреу бара қалса – той, артиллерияшылар күні, флот
күні, ұшқыштар күні, металшылар күні, құрылысшылар күні,
физкультурашылар күні – тағы басқа аты аталмаған толып жатқан қастерлі
күндердің бəрінде той. Құдайға шүкір, əйтеуір тойдан кенде емеспіз. Бір
шеті сонау Алматы болып қилы дəрежелі қонақтар қатысқан, «ЗИМ»,
«ЗИС», Волга», «Победалар» қаздай тізілген («Москвичтер» мен
Қаратайдың мотоциклі тəрізді үш дөңгелекті салдырлақ мотоциклдерді
машина санатына қосып та отырған жоқ), іргелес екі ауданның қара қорым
малшылары түгел бас қосқан ұлы дүрмектің нағыз қызған шағы еді.
Палуандар күресі болып жатқан. Бір кезде ортадағы тойбасы тағы бір соны
дабыл тастады:
– Ендігі кезек балалардікі. Балалар күресін бастаймыз.
Бағанадан бері күрескендерге қарап, делебем қозып тұр еді.
– Мен күресемін, – деп ортаға жүгіріп шықтым.
– Кел. Жүрегіңнің оты бар бала көрінесің, – деп, тойбасы арқамнан қағып,
мақтап қойды. Күрес аудан мен аудан болып жүріп жатқан. Тойбасы қарсы
жаққа дауыстады:


– Ұйғыр ауданы, шығарыңдар палуандарыңды.
– Ұйғыр ауданы бойы сорайған, менен де өткен қапқара, қоңқақ мұрын бір
баланы шығарып еді. Мына жақта тұрғандар жамырап кетті.
– Өй, мыналарың бала емес, жігіт қой.
– Қаршадай балаға жігіт шығарғандарың қалай?
– Өз теңін əкеліңдер!
– Бұл əділдік емес!
Басы-көзі өрттей қызарып, лепіріп тұрған тойбасы бұған құлақ аспады:
– Күш атасын танымайды. Кəне, күресіңдер, – деп, Қоңқақ мұрын
екеуімізді құшақтастыра салды.
Мен іштен қайыра шалып жығуға машық едім. Əу дегеннен-ақ сол əдісіме
салуға тырысып бақтым. Бірақ Қоңқақ мұрынның ұзын сирақтары көстиіп
анадайда жатыр. Аяғымды шолтаң-шолтаң сермегенмен жуымайды.
Менің пиғылымды түсіне қойған қоңқақ мұрын аяғын онан əрмен алып
қашып, денесінің бар салмағымен үстіме шойырылып жатып алды. Олай-
бұлай ырғап көрсем, қозғалта алар емеспін. Ал оның бар сенгені қол күші
болу керек. Мені көтеріп алып, қойып қалмақ болады. Бірақ қалай тастаса
да, тарбиып, аяғыммен түсем.
Кенет менің ойыма бір қулық əдіс сап ете қалды. Ылдиға таман
ыңғайланып келдім де, бір жамбасыма жата қап, қоңқақ мұрынды
лақтырдым. Əлгі байғұстың мұны күтпегені соншалық, тартынуға
мұршасы келмей қалды да, асып барып, мойны астынан кеп, гүрс ете түсті.
Бұлт беріп, үстіне қона кеттім. Халық ду ете қалды.
– Ой, жарайсың!
– Міне жігіт!
– Жасың ұзақ болсын!


Тойбасы бəйгіме деп, Гайдардың екі томдық жинағын қолыма ұстата берді.
Екі езуім екі құлағымда, көңілім тасып, əлгіндегі орныма қарай жөнеле
бердім. Тойбасы айқайын салып, күреске басқа балаларды шақырып жатыр.
Кенет өкпе тұсымдағы иін тірескен халықтан маған қарай ақ қалпақты
біреу жүгіре шығып келеді. Мен оған мəн де бере қоймап елді, əлгі келген
бетте білегімнен шап беріп ұстай алды:
– Ə, залым бала! Қолға түстің бе!
Басқа ештеңе деместен іс-міс жоқ əлгі мені қаңбақтай ұшырып, сүйреп
əкетіп барады. Беті-жүзі əйтеуір бір таныс секілді. Бірақ қайда көргенімді
жөпелдемеде есіме түсіре алмадым.
– Не... Не... керек сізге?
Топтың сыртына шыққаннан кейін шошқа сақалды ашудан дір-дір етіп,
тістеніп, əлгі мені алқымнан қылғындыра ұстап, сілкіп-сілкіп жіберді.
– Мойныңды үзіп жіберейін бе! Баламды алдап, қымызымды рəсуа етіп
ішкеңдеріңмен қоймай, қаракөлімді неге ұрлайсыңдар?
Арқамнан тасбақа сырғанап түскендей, дір ете қалдым. Көзінен ашу
шатынап тұрған ақ қалпақтыны енді таныдым. Бұл анада бізден шылым
тұтатып тартатын, жол үстінде кездескен қойшы еді.
– Ақсақал, қаракөліңізді мен алған жоқпын, – дедім жалынышты үнмен.
– Енді кім алды?
Мына масқара оқиғадан мен өзімді дереу ақтап алуым керек болды.
Шынымды айттым:
– Қасымдағы бала алыпты.
– Ол қайда? Ол кім дегеннің баласы? – деп əкіреңдейді шоқша сақал.
– Сұлтан деген бала, анда... ана жерде тұр. Шоқша сақалды ертіп, əлгінде
Сұлтан екеуіміз тұрған жерге келдім, жоқ. Сұлтаным зым-зия зытып
отырған түрі бар. – Қайда? Кəне?


Əлгінде осы арада тұрған.
Сол арада бір талай əуесқой жұрт: не болды? Не? Бұл не істеді? – деп,
күресті қойып, бізге назар аудара бастады. Өлімнен ұят күшті дегендей не
істерімді білмеймін. – Сұлтан! Əй, Сұлтан! – деп, дауыстаймын. Кенет
біреудің:
– Сұлтан əне. Атына мініп, зытқалы жатыр, – деген үні саңқ ете қалды.
Ол нұсқаған жаққа жалт бұрылып қарасам, Сұлтекең ат үстіне қонып та
қалған екен.
– Сұлтан! – деп айқайлап жібердім. Бірақ ол тыңдамады, атына қамшыны
бір басып, тік төмен қарай құйғытып, тартып отырды.
– Кетті! Əне кетті! – дедім шоқша сақалға.
– Қап...
Баяндалған оқиғадан кейін менің қандай халге түскенімді сезіп отырған
боларсыңдар. Тойға мамам да барып еді. Абиыр болғанда, шаршы топтың
алдында жалғыз ұлының қандай масқараға душарланғанын ол көре қойған
жоқ. Ол кезде мамам артистер ойын қойып жатқан жақта болатын.
Кірмегенім қара жер, өзім өз болғалы еңсем мұндай түсіп көрмеген шығар.
Той-думан жайына қалды, ұрыдай сусып келіп, атыма міндім де,
Сұлтанның соңынан тартып отырдым.
Мен қазір Сұлтанды көзіме көріне қалса, жеп қойғалы келе жатырмын.
Оның опасыздық қылығына қалай ыза болмайын. Қолмен істеген нəрсесін
мойнымен көтеруге жарамау ер адам үшін неткен пасықтық. Мен
Сұлтанның мұншалық жаны тəтті жарғанат екенін біле қойған жоқ едім.
Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа. Жаманмен жолдас болсаң,
қаларсың ұятқа, – деп, қазақ атам осындайдан айтқан екен ғой.
Жүрген бойда жылқылы ауылға келдім. Сұлтанның өзі тұрған ізі де жоқ.
Одан өзіміздің фермаға келдім. Мұнда да тырс еткен пенде көрінбейді.
Жұрттың бəрі тойда жүр. Атымды мама ағашқа байладым да, жаппаға
кіріп, сұлай кеттім. Ех, шіркін өмір. Неткен қызық нəрсе едің... Біресе
шаттаңдырып, күлдіресің, біресе бүлдіресің. Соның бəріне адам өзі кінəлі.


Мазасыз ой тепкісінде басым қатып жатып, қалғып кеткен екенмін.
– Əй, шық бері! – деген қаһарлы дауыстан селк етіп, шошып ояндым. Атып
шықсам, Сұлтанның əкесі Сүгір жылқышы келіп түр. Астында түйедей
қызыл ат, білегінде іліп алған құрығы бар.
– Сұлтан қайда?
– Білмеймін.
– Неге білмейсің? Өй, ант атқан алаяқ немелер! Бірін-бірі тануын
бұлардың.
Сүгір мені шошытып қойғысы келді ме, жоқ əлде шынымен ұрмақ болды
ма, атын тебініп, қамшысын тік көтеріп, ұмтыла берді. Жалт беріп, жаппаға
қайта сүңгіп кеттім. Ойнақшыған қызыл ат жаппаны омырауымен қағып,
енді бір тебінсе тіпті басып, таптап өтуден тайынар емес.
Сүгір босағаны қамшымен сарт еткізіп, бір тартып қалды.
– Ерін ал да, қоя бер ана атты!
Маған берген бұйрығын Сүгір өзі орындады. Мама ағашта байлаулы тұрған
аттың ерін алды да, анадай жерге тарс еткізіп тоқымын шашып, лақтырып
тастады. Сонан соң аттың жүгенін сыпырды да, сауырға бірді салып, айдап
жіберді. Еркіндік алып рахатқа батқан ат құйрығын желбірете тігіп, пырт-
пырт жел шығарып, қуана кісінеп, ойнақтап тартып отырды. Қарына ілген
құрығы жер сызып, оның соңынан алды-артына қарамастан Сүгір
жосылтып жөнелді.
Жығылған үстіне жұдырық – зығырданымды қайнатқан Сұлтанның
қылығына мынау қосымша болды. Қара жаяу қалды деген осы.
Мамама сыр бермейін деп, ер-тоқымды əкеп босағаға жиып қойдым.
Кешқұрым мамамдар келді. Ол əлі де ештеңе сезе қоймаса керек.
– Сендер неге ерте кетіп қалдыңдар? – деп сұрады.
– Шаршадық, шаршаған соң кетіп қалдық...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет