Бердібек соқПАҚбаев "менің атым қожа"



Pdf көрінісі
бет6/29
Дата15.12.2023
өлшемі0,56 Mb.
#138631
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
Байланысты:
(pdf) Менің атым Қожа (Бердібек Соқпақбаев)

БЕСІНШІ ТАРАУДА
Менің Жанармен дойбы ойнауым жəне қиял
құсының самғай ұшатын бір шағы айтылады
Екі күннен кейін бір топ бала думандатып, пионер лагеріне жүріп кетті.
Мен ішім күйіп ауылда қалдым. Түстен кейін бригадир келіп тұр есік
алдына.
– Қара Қожа үйдемісің? – деп дауыстады.
– Үйдемін. – Есік алдына шықтым.
– Киім-кешек, төсек-орныңды дайындап, əзірленіп тұр, – дейді бригадир, –
шөп шабысқа барасың. Ауылдағы балалардың бəрі барады. Шөп
жинайсыңдар.
– Бармаймын, – дедім мен.
– Неге?
– Мен үлгісіз, тəртіпсіз оқушымын. Ештеңеге де жарамаймын.
Менің ренішімнің жай-жапсарын білгеннен кейін бригадир:
– Ой, жолың болғыр, жігіт адам соны да сөз дей ме екен. Не бар дейсің сол
лагерьде. Қызықтың көкесін сен шөп шабыста көресің. Біз онда сендерге
көңіл көтеретін барлық жағдайды жасаймыз – деп, үгіттей бастады.
Үгітте, үгіттеме Қожакең айтқанынан қайтпайды. Əрі шөп шабысқа
Майқанова да барады дегенді естідім. Жоқ, Майқанова жүрген жерде мен
жүре алмаймын. Тым құрса, жазғы демалыста одан құлағым тыныш
болсын.
Мамамның колхозда сауыншы болып істейтінін мен сендерге айтқан
жоқпын ба? Олардың фермасы осыдан бірнеше күн бұрын ғана жайлауға
кеткен болатын. Жайлауды көрмегеніме бірнеше жыл болды, одан да сонда


барғаным рахат емес пе деген ойға келдім. Ол үшін көлік керек, оны қайдан
алам? Бригадирден сұрағанмен бермейді. Шіркін-ай осындайда меншікті
бір атыңның болғаны абзал емес пе. Қалаған жағыңа соқтырып жөнелер
едің. «Ер қанаты – ат» деп, қазекем бекер айтпаған ғой.
Сонымен, атты қайдан табамын?
Отырып, отырып, кенет шапалақпен саныма салдым. Осы да сөз болып па?
Қазір бұрынғы жеке меншіктің заманы емес. Колхоз малы – менің малым.
Соның біреуіне мінемін де кетемін. Белсенділердің əрқайсысында бірнеше
аттан бар. Үстеріне өздерінен басқа шыбын жорғалатпайды. Жазда
жайлауға қоя беріп, семіртеді де, қыстыгүні қанжырдай етіп жаратып, қас-
қыр, түлкі қуып шығады. Сонда олар бұл үшін қолхозға төлей ме бірдеңе?
Түк те төлемейді. Əкем Қадыр осы колхоз құрылған күннен бастап, ұста
болып істеді, мамам сауыншы. Бір аттың бір күндік терін пайдалануға
менің неге қақым жоқ.
Шешім қабылданды, өзен бойындағы жайылымнан бетіне тура қараған
аттың бірін ұстап мінеді де, Қожекең түнгі салқынмен жайлауға тартып
отырады. Сонан соң бригадир бар, Майқановасы бар, таңертең менің
ізімнің қалай қарай кеткенін тауып көрсін.
Тамақтанып болып, тысқа шықтым. Көз байланып қалған екен.
Маужыраған қоңыр кештің құшағында, қора аузындағы сырғауыл қашаның
үстінде, қонақтаған тауықтай шошайып отырмын. Ойымда Жанар. Түнде-
летіп жайлауға кетіп қалатын болсам, көпке дейін оны көре алмаймын,
сағынамын-ау!
Мен кейде сұрақ қоям өзіме өзім: «Жанарды неге ойлай берем? Оны
көрмесем ала көңілденіп, тынышым кетіп тұратыны несі? Əлде осының өзі
əлгі жүрт айтатын, кітаптарда жазылатын не... емес пе?» Япыр-ай, осы бір
сөзді ойға алғанның өзіне селк ете қалам-ау. Егер мұны Майқанова білсе
ғой. Не болар еді онда күнім? «Ə, Қадыров. Қаршадайыңнан қызға ғашық
болып! Қарай гөр мұны! Бұл сұмдықты саған кім үйретті, ə?» Нағыз
масқара, міне, сонда болар еді.
Менің Жанарға лəм деп, бірдеңе айтпақ түгіл, тіпті оның қасына баруға
жүрексініп тұратын себебім міне, осы.
Жанар үйі көшенің басына таман, өзенге таяу. Əкесі Балабек бригадир


болып істейді. Мамасы Қырымға курортқа кеткен. Үйде өзінен басқа мені
онша ұната қоймайтын қытымыр əжесі ғана бар. Қолыма таяқ алып, əлде-
кімдерге еліктеп сылти басып, солай қарай келе жатырмын. Жанардың
төбесін анадайдан бір керсем де дəтке Қуат емес пе. Мүмкін ол ұшырасып
та қалар. Жайлауға баратынымды айтам. Менің қайда екенімді ол да біліп,
ойлап жүрсін. Жанар мені жайшылықта ойлай ма екен, ойламай ма екен, ə?
Бұл үйде Жанардың əжесінен бетер сескенетін тағы бір қорқынышым –
осы үйдің антұрған қабаған қара төбеті. Атты кісінің омырауына
шапшитын жауыз төбет. Ол бос болса, үй маңынан тірі жанды қия
бастырып өткізбейді.
Жоқ, қара төбет байлаулы екен. Арғы көше жақтан келген біреуге арс-арс
үріп, жұлқынып тұр. Мен бергі қора жақтағы ағаш шарбаққа жақындай
түстім. Осы кезде үйден Жанар жүгіріп шығып:
– Ақтөс, жат! Бар орныңа! – деп, зеки бастады. Қақпаның ар жағынан əйел
даусы естілді:
– Жанаржан, əжең үйде ме?
– Əжем бағана тауық фермадағы Сүйінбай атамдікіне кетіп еді. Əлі келген
жоқ.
Жанардың үйде жалғыз екенін білгенде, қуанышым қойныма сыймады. Не
де болса, бірер ауыз тілдесіп қалуға бел байладым.
– Жанар! – деп дауыстадым, ол жүгіре басып, бері қайтып келе жатқанда.
Үнім бейне бір шошыған немесе аяқ астынан ғажайып бір қымбат зат
тауып алған адамдай жарқын шығып кетті.
Селк етіп, тоқтай қалды Жанар (Үй маңдайшасына электр шам
орнатылғандықтан есік алды сүттей жарық еді). Дауыстың қайдан
шыққанын тұспалдай алмай, төңірегіне жалтақ-жалтақ қарап барып, көрді
мені.
– Кеш жарық, Жанар.
Жанардың таңданған жүзі дереу күлімсіреді. Қасыма жүгіріп келіп, ағаш
шарбақтың үшкіл басынан ұстап бетпе-бет тұра қалды.


– Кеш жарық, Қожа. Неғып жүрсің? – деп сұрады ол.
– Мен түнделетіп жайлауға кетем.
– Мамаңа барасың ба?
– Иə, сен неге лагерьге бармадың?
– Мамам келгенше үйде болып, əжеме көмектесем. Майқанова апай
лагерьге келесі кезекке жолдама берем деді.
Жанар осыны айтты да:
– Қожа, менің əжем үйде жоқ. Жүр, дойбы ойнайық, – деді.
Өзегімді нұрлы сезім жарып өтіп, қолтығыма қанат біткендей болды,
қашаға пəрменіммен секіріп шықтым да, ар жағына топ ете түстім. Сол
кезде шынжырын сылдыратып, қара төбет те арсылдап, тұра ұмтылды.
Иттен қорыққансып, Жанардың білегінен қысып ұстап, жабыса түстім. Ит
есік алдына жете алмастай етіп байланған екен. Екеуіміз иық түйістіре
жүгірген бойда үйге кіріп кеттік.
– Сен дойбыны жақсы ойнаймысың? – деп сұрады Жанар.
– Жоқ, онша емес, – деп, сыпайы жауап қайтардым. Ал шындығында, өзім
теңдес балалардың көбін ұтушы едім.
Жанардың бетпе-бет отырған сүйкімді жүзіне, иығына төгіліп көмірдей
қап-қара əсем қолаң шашына алаң-елең қарап, толқып отырып, бірінші
ойында қалай ұтқызып алғанымды байқамай қалдым. Ол маған үш бұзау
айдатты. Бірақ Жанардың мəз болған кейпіне қарап бұл ұтылғаныма өзім
іштей қуандым да.
Екінші ойынды əлгіндей емес, сағырақ ойнауға тырыстым. Үнемі қыздан
жеңіліс таба беруге болмайды ғой. Бірақ үш-төрт жүрістен кейін Жанар
менің үш пешкамды бірден қырып салғаны.
– Əллуі! – деп, жағымды шапалақпен бір салып, отырдым да қалдым.
Берекесі бір ұшқан ойынның мəні бола ма. Лезде тағы ұтылып қалдым. Бұл
жолы топырлатып, алты-жеті бұзау айдатты.


– Байыдың, байыдың! – деп, Жанар онан əрмен мəз бола түсті. Енді менің
намысым келе бастады.
– Қазір ұтамын, – дедім сенімді үнмен. – Ұтпасаң не боласың?
– Не бол десең, со болайын.
– Дүние жүзіндегі барып тұрған мақтаншақтың өзі боламысың?
– Жарайды.
Үшінші ойын шиеленісіп басталды. Əу дегеннен-ақ екі пешкадан
қарпысып алдық. Бірақ біраздан кейін ойынның ара салмағы тағы өзгере
бастады. Бір-екі жерде мүлт жіберіп алдым. Жанардың екі пешкасы тағы
артып кетті.
– Əй, бəлем, көрермін жеңілмегеніңді, – деп, қанаттанып, оның мерейі аса
түсті.
Менің ендігі үміт артқаным оң жақ шеттегі бір пешкам еді. Түпкірлетіп
отырып, соны биге алып шықтым. Қырғидай тиіп, жайпармын-ау енді
бəлем.
Бірақ тап осы кезде майдан даласында мен ойламаған ғаламат бір оқиға
болды. Айлакер Жанар орта шенде елеусіз тұрған бір пешкасын маған
жегізді де, басқа бір пешкасымен менің əлгі батырымды белден басып, биге
өтіп кетті. Онымен де тынбады. Əлгі биімен менің өзге үш жауынгерімді
тағы жайпап салды.
– Ура! Ұтылдың! Мақтаншақ Қожа. Мен енді сені бұдан былай мақтаншақ
Қожа деп атаймын.
– Тоқта, қалай... қалай боп кетті?
– Міне, былай... Сен менің мына пешкамды жедің бе?
Жедің. Онан соң мен былай жеп, биге шықтым. Одан кейін міне былай...
былай... былай жедім. Əй, мақтаншақ Қожа. Ұтамын деп мақтанып едің.
– Тоқта. Менің əлі де бір биім бар ғой.


– Оның қолынан не келеді?
– Көрерміз. Сен əлі ұтқан жоқсың. Жүріс кезегі менікі ме?
Менің бір биіме қарсы Жанардың төрт пешкасы қалды. Оның да біреуі би.
Ал қалғандары да енді еш бөгетсіз біртіндеп биге шығуы даусыз. Сосын
төрт қара би менің жалғыз сары биімді аш бөрідей ортаға алып, тырп
еткізбей бассалуы сөзсіз. Осы қатер айдай анық танылып тұрғандықтан
бірден-бір жан сауғалайтын орын – ұзақ жолға шығып кеттім.
Бұл пиғылымды түсіне қойған Жанар:
– О, қорқақ! – деп, ызаландыра түсті. – Састың ба, бəлем. Сонан соң қайда
барар екенсің.
– Жан-жағымның бəрі қатер, қайда барушы едім. Ұзын жолдан қия бассам,
мерт кететінім сөзсіз. Сондықтан тақтайдың ол шетінен бұ шетіне ілгері-
кейін сырғанап, жүрдім де отырдым.
– Бұның ойын емес, шық ұзын жолдан.
– Өз еркім. Шыққым келсе, шығам, шыққым келмесе, шықпаймын.
– Жоқ, шық ұзын жолдан.
– Шықпаймын.
– Ендеше сен жеңілдің.
– Жоқ, жеңілгем жоқ.
– Жеңілдің.
– Жеңілгем жоқ.
– Жеңілдің. Бұдан былай мен сені мақтаншақ Қожа деп атаймын.
Жанар екеуіміз осы арада кəдімгідей қызыл кеңірдек болып қалдық. Ол
жеңілдің дейді, мен жеңілгем жоқ, кəне ойын аяқталғанша ойнаймыз
деймін. Ендеше ұзын жолдан шық дейді ол. Шықпаймын деймін мен.
Ақыры:


– Ойнамаймын сенімен, – деп, Жанар ұртын бұртитып, дойбыны жинап
алды.
– Ойнамасаң қой, – дедім мен де есемді жібергім келмей.
Осы кезде қақпа алдындағы қара төбет арс-арс үріп барып басылды.
Шиқылдап дарбаза ашылғандай болды.
– Əжем келді ғой деймін, – деп, Жанар сыртқа жүгіре жөнелді. Мен
соңынан шықтым.
Қақпаға кіріп келе жатқан əжесі Жанарға:
– Ой шыбыным, жалғыз отырмысың? – дей берді де, мені көріп, – мына
бала Қожа ма? – деп сұрады.
Кемпірдің үнінде мені жаратпағандық бар еді.
– Иə, – деп жауап берді Жанар маған бұртия қарап.
– Бұ неғып жүр мұнда?
– Екеуміз дойбы ойнап отырдық.
– Балам, бар үйіңе, – деді кемпір маған. – Жанаржан, ит қауып алмасын,
шығарып жіберші.
Мен итті шабаландырып, қақпаны айналып жүрмей-ақ шарбақтан секіріп
жөнелгім келді. Мейлі, дойбыдан салуым болмаса да тəуір физкультурашы
екенімді Жанар тағы бір рет көрсін. Осындай орайы кеп тұрғанда сондай
өнеріммен болса да оған ұнап кеткім келді.
– Сау болыңыздар.
Жүгіріп келем шарбаққа қарай. Секірдім... Қойсаңдаршы, адамды қырсық,
шалайын десе оп-оңай ғой. Осы арада ойламаған жерден масқараға
ұшырап, абиырым айрандай төгілді де қалды. Не болды дейсіңдер ғой. Бір
балағым сырғауылдың үшкіл басына ілініп қалып, созылған күйде
ұзынымнан түспесім бар ма. Оңбай жығылдым. Бірақ өлімнен ұят күшті
деген емес пе, жалмажан тез түрегелдім де, алды-артыма қарамастан зытып


отырдым.
Жанар мен əжесі қарқылдап күліп қала берді.
«Япыр-ай, Жанарды ренжітіп кеттім-ау. Соншалық, неге егестім. Əй, осы
қайсарлық мінезім мені абиырға жолдас етпейді ғой. Ұзын жолдан шығып,
жеңіле салсам, нем кететін еді».
Жанардың өкпелі пішінмен бұртия қараған кейпі көз алдыма келеді.
«Кешірші, кешірші, Жанар, тұрпайылық істеппін. Кінə менде».
Үйге кіріп бара жатқанда, иттен қорыққансып, Жанардың жұп-жұмсақ
білегінен қысып ұстап, жабыса түскенімді ойлағанда, бойымды тəтті бір
сезім жайлағандай болды. Сол сүйкімді білек қазір де уысымда тұрғандай,
өз алақанымды өзім құшырлана қысамын...
Басыма қилы-қилы ойлар сапырылысып келеді. Оныншыны бітірген соң
армияға шақырылам. Ал Жанар болатын болса, институтқа оқуға түседі.
Сонда, бəлем, мен оған өлеңдетіп тұрып, неше алуан ғажап хаттар-
жазармын-ау.
Сөз жоқ, Жанар да жауап жазады. «Жаным Қожа», – деп бастар, мүмкін.
Қандай сүйкімді сөз.
... Көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы. Сабалап жаңбыр құйып тұр.
Жентектелген қою қара бұлт аспан төрінде дарияша сапырылысады. Күн
күркіреп, найзағай шартылдап, көзді шағып, құлақты тұндырады. Күркіреп
тасып аққан көкбурыл тау өзенінің жағасында табиғаттан, долы мінезін
елең қылмай, қаруын кезеп ұстап сұсты шекарашы тұр. Бұл жауынгерлік
борышымды өтеп тұрған мына менмін.
Мүмкін ауа райының осы қарбаласын пайдаланып, зұлым жау елімізге
қанды шеңгелін салмақ болар. Қасиетті совет шекарасын бұзуға
əрекеттенер. Бірақ, мен қасық қаным қалғанша онымен алысуға əзірмін.
Əне, жау танктері зəулім ағаштарды шөптей ұмтылып келеді. Мен бір
бұтаның түбінде танк бұзатын гранаталарды қасыма ыңғайлап қойып,
аңдып жатырмын. Алғашқы танк құлаш жетер жерге келіп те қалды.
Орнымнан көтеріле беріп, лақтырдым гранатаны. Дəл тиді маңдайдан.
Жарылды.


Екінші, үшінші танктер де осының аяғын құшты.
Басқыншы жау қия баса алмай, жер жастанды.
Мен армиядан батыр атанып, орден тағып келе жатырмын. Көпір аузында
шоқ-шоқ гүл бумаларын ұстаған нөпір жұрт жолымды тосып тұр.
Солардың ішінен көзіме оттай басылып, Жанар ұшырай кетеді. Аңсап
көріскен Қозы мен Баяндай бір-бірімізге құшақ жая ұмтыламыз.
– Жанар!
– Қожа!
Мектеп директоры Ахметов бастаған бір топ мұғалім қасыма келеді.
«Жарайсың, Қожа. Жігіт-ақ екенсің. Біз сенің мұндай ержүректігіңді
білмей, баяғыда бекер ұрсады екенбіз ғой. Кешір», – дейді Ахметов. «Иə,
талқыдан талқыға сап, күн көрсетпеуші едіңіздер, – деймін мен. – Əсіресе
əлгі Майқанова апай...»
Майқанова маған батып келе алмай, бір шетке таман ыңғайсызданып
тұрады. «Сіз неге оқшауланып тұрсыз, бері таман келіңіз» деймін. Ол
қалтырай басып, жақындай түседі. «Кешір, Қожа... Баяғыда мен саған
пионер лагеріне жолдама бермегенімді ұмытпаған боларсың». «Иə,
ұмытқаным жоқ». «Кешір, кешір айналайын, Қожатай».
Кешіремін бе, қайтем? Жоқ, өзгені кешірсем де, Майқановаға кешірмеймін.
Өйткені оның ызасы əбден өтіп бітті. Ахметовты оңаша шығарып алам да
«Майқанованы шығарыңыз мұғалімдіктен», – деймін. Сонымен бітіп
жатыр. Совет Одағы Батырының айтқанын Ахметов орындамай көрсін.
Ех, шіркін ұшқыр қиял адамға не істетпейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет