Бердібек соқПАҚбаев



бет8/51
Дата06.06.2023
өлшемі280,24 Kb.
#99012
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   51
Байланысты:
Balalyk\' shak\'k\'a saiakhat - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

Әдемі өмір туралы аңыз




Егін қол орақпен, шалғымен орылады. Бірлі-жарым лобогрейка жұмыс істейді. Комбайн жоқ.
Орылған аңыздан біз масақ тереміз. Әрқайсымыздың қолымызда атдорба секілді бір-бір дорба. Сол толған кезде қырманға әкеп төгеміз. Қырмандағы астық тұлықпен, аттың тұяғымен басылады. Күрекпен ұшырылып тазаланады. Қазіргідей әлеп-жәлеп тұрған меха­низация ол кезде біздің өлкеде дүниеге келмеген.
Масақ теру – ол азап жұмыс. Белің жағылмайды, бір талдап терген масақ өндімейді. Кішкене дорбаның өзі оңайлықпен толмайды. Жалқаулана бастасаң, Жү­ніс­бай әкіреңдейді.
– Жөндеп тер! – дейді.
Жүнісбай өзі шаршау дегенді білмейді.
Кей күні масақ теруге Сағатбай да келеді. Ол бірге болса, шаршағанымыз білінбейді, уақыт көңілді өтеді. Демалып отырған кезде Сағатбай неше алуан қызғылықты әңгімелер айтып береді.
Сағатбай көп оқушы еді. Қолынан кітап, қағаз түс­пейді. Сәл ғана демалыс болса, Сағатбайды қоршап алар­мыз. Әңгіме айтып беруін өтінеміз. Текестің суы мен тоғайынан өзге түк көрмей, ауыл арасының өсек-аяңынан басқа түк естімей көрбала болып өскен біздің көзімізді кең дүниеге тұңғыш ашқан адам осы Сағатбай. Маңайымызды қоршаған надандықтың қара түнек тұманын Сағатбай әңгімелері дауыл болып ысырып, ар жағынан бізге ұшы-қиырсыз кең өмір, жарық сәуле көрсеткендей болады.
Менің Ыдырыс әкемнің де дүние турасында өз ұғым-білімі бар. Ол маған кейде кешкі астың соңынан көңілденіп, ерігіп отырып, әңгіме айтып беретін. Жер стол беті тәрізді төрт бұрышты жалпақ нәрсе, оны мүйі­зімен көк өгіз көтеріп тұрады. Бір мүйізі талып, екінші мүйізіне ауыстырғанда жер сілкінеді. Аспан, көк, жұл­дыз, ай, күн бәрі құдайдың жаратқаны. Өлген адам о дүниеге барады. Тозақ, бейіш дейтіндер болады, т. т...
Сағатбай бұның бәрін басқаша айтады. Жер шар секілді домалақ... Құдай жоқ, қараңғы адамдар құдайды қолдан жасап алған дейді. Әкемнің айтқандары мен Сағатбайдың айтқандары менің басымның ішінде таласқа түседі. Жер домалақ деген сөз ақылыма сыймайды. Жер домалақ болса, біз құлап кетпей, қалай жүре­міз? Өзен-көлдер қалайша төгіліп кетпейді? Жер айналса, анау тау айналып, неге ана жаққа келмейді? Біз­дің басымыз неге айналмайды?
Қандай қиын мәселе болса да Сағатбай біздің ұғы­мымызға лайықтап түсіндіре біледі. Шұбалануға жол қалдырмайды. Сайып келгенде, әкемнің айтқандарынан Сағатбайдың айтқандары беделді болып шығады.
Саясат мәселесін де Сағатбай әдемі ертегідей етіп айтушы еді. Он жетінші жылғы революция, патшаның тақтан құлауы, болашақ коммунизм заманы туралы Са­ғатбай майын тамызып айтады.
– Ленин кім, қазақ па? – дейміз. Соншама жақын болып, жүрегіміздің түбіне орнап алған адамды қандас, бауырлас етіп, біржола өзімізге қосып алмақшымыз.
Біздің аңқау сұрағымызға Сағатбай мырс етіп күледі. Күлген кезде мейірбан көкшіл көздері одан бетер жадырап, жып-жылы болып кетеді.
– Лениннің ұлты орыс, – дейді Сағатбай, – бірақ ол барлық ұлтты бірдей көрген. Орыс, қазақ деп бөлмеген. Ұлттардың татулығы, теңдігі үшін күрескен.
– Қазақтарды Ленин білген бе?
– Білген, – дейді Сағатбай. – Қазақтың отырықшылануы, ауылда мектептер ашылуы – осының бәрі-бәрі де Ленин бастап кеткен іс екенін айтады.
Ленинді Капланның қалай атқанын біз аса күйзе­ліс­пен тыңдаймыз. Ертегілерде неше алуан жауыздық істеп жүретін мыстан кемпірлер болады ғой. Каплан біз­дің көзімізге сол мыстан кемпірдің нақ өзі боп елестейді.
– Сосын, ұстап алғаннан кейін, Капланды не істеді? Атты ма?
Капланды атпағанын, тек айдауға жібергенін айтады Сағатбай.
Жоқ, біз бұған риза емеспіз. Ату керек еді Капланды! Ату аз. Басын төмен қаратын, азаптап іліп қою керек еді! Кескілеп, қинап өлтірсе, сол лайық болар еді.
Мен қиялыммен мыстан кемпір – Каплан жасап алам. Шашы жалбыраған албастының нақ өзі. Ленинді атқан сенсің ғой? Олай болса, тарт жазаңды!
Қиялымдағы Капланға менің көрсетпеген азабым қалмайды. Ұрамын, атамын, асамын, отқа салам...
– Енді аз жылда социализм орнайды, – дейді Сағатбай. – Колхозда жақсы-жақсы үйлер салынады, ки­ім, тамақ көп болады. Социализмнен кейін коммунизм орнайды. Нағыз рақат өмір, міне, сол. Тамақ та, киім де, дүние-мүліктің бәрі де тегін болады.
– Дүкенде сатушы болмай ма?
– Болмайды.
Менің көзіме есігі айқара ашық тұрған, сатушы жоқ дүкен елестейді. Жұрт шұбап кіріп жатыр, керек деген нәрселерін құшақ-құшақ алып жатыр. Жоқшылықтан көз ашпай келе жатқан мен байғұсқа коммунизм өте-мөте ұнайды. Орнаса, тезірек орнаса екен деп арман етем. Коммунизм орнаған күні дүкенге бірінші боп барар едім. Бастан-аяқ түгел жаңа киімдер алмақшымын. Қалта-қалтамды толтыра кәмпит салып алам. Еркімше то­йына жеймін. Ешкім алма, жеме деп айтпайды. Өйт­кені коммунизм.
Өзім қатты қызығатын Жанбосынның аяғындағы бұжыр табан қара бәтіңке бар емес пе? Бәлем, түстің бе қолға деймін де, біреуін таңдап киіп алам. Және бір­неше парын үйге әкеп, әбдыраға салып қоямын. Бұрын қолыма түспей, ыза қылғаны үшін енді күн сайын жаңасын киіп шығатын болам.
Коммунизмнің рақатын осылай көрмекшімін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   51




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет