Сыныптан тыс жұмыстың маңыздылығы
Сыныптан тыс жұмыс - мұғалім ұйымдастырған, оқушы тұлғасының әлеуметтенуіне қажетті шарттарды қамтамасыз ететін оқудан тыс уақыттағы оқушы іс-әрекеттерінің әртүрлілігі.
Сыныптан тыс жұмыс – мектептің оқудан тыс уақытында өткізілетін, міндетті оқу бағдарламаларының шекарасынан асып кететін түрлі тәрбиелік-білімдік іс шаралар.
Сыныптан тыс жұмыс түсінігі кең, әрі бірмәнді емес. Ол өзіне сабақтардың түрлі мазмұнын, берілуін, өткізу әдістемесін, түрі мен тәсілін кіріктірген. Мысалы, пәндік үйірме отырысы, сыныптан тыс оқу, мектеп мерекелері мен кештерін ұйымдастыру сыныптан тыс жұмысқа кіреді. Бірақ кейбір жағдайларда (үйірме, сыныптан тыс оқу) оны мұғалім басқарады, ал кейбірінде (мереке мен кештерді ұйымдастыру) өзін өзі басқару негізінде оқушылардың әрекетінен сипат алады.
Осыған байланысты «сыныптан тыс жұмыс» түсінігінің орнына кейбір педагогикалық әдебиеттер мен тәжірибеде «оқудан тыс жұмыс», «сабақтан тыс жұмыс» терминдері қолданылуын түсіндіру қажеттілігі туындайды.
Сабақтан тыс жұмыс мақсаты, мазмұны, әдіс бойынша оқу үдерісіне қосылады.
Оның орнын анықтау жоспарлау мен ұйымдастыру кезінде мұғалімге жүктеледі. Мұның мысалы ретінде мұғалімдердің қабілетті оқушылардың бағдарлама материалын тереңдету мен кеңейту мақсатында және үлгермеушілердің білімдерін дұрыстау мақсатында пән мұғалімдері қолданатын жұмыстарды айтуға болады.
Оқудан тыс жұмыстар мұғалімдер мен сынып жетекшілерінің бағытымен өзін-өзі басқару, белсендіру, әрекеттендіру негізінде оқушы ұжымында жүргізілетін жұмыстарды айтамыз.
Сыныптан тыс жұмыс оқушыларға жағымды әсер беретін кең мүмкіндіктерден, әрекеттердің әртүрлі жиынынан тұрады және сабақ кезінде жұмыстың байланыстылығынан тұратын мұғалімнің өзіндік оқу-тәрбие жұмысы болып табылады.
Информатикадан сыныптан тыс жұмыстар компьютер мен ақпараттық технология ұсынатын мүмкіндіктер мен құралдардың әртүрлілігіне байланысты пәнаралық сипат алуы мүмкін. Компьютерлік әдістер информатикадан, физикадан, шет тілінен, көркем өнер және география және тағы басқа пәндерден сыныптан тыс жұмыс кезінде сәтті қолданылады. Мұндай сыныптан тыс жұмыс түрлерінің арналары оқушыларды түрлі қызығушылықтарды біріктіріп, басқа пән мұғалімдерінің ақпараттық технологияны толық деңгейінде қолданыла алмауына байланысты сыныптан тыс жұмысты информатика пән мұғалімдері жүргізеді.
Сыныптан тыс жұмыстардың мақсаты мен міндеттері
Сыныптан тыс жұмыс мектептегі тәрбиелік жұмыстың құрамдас бөлігі болғандықтан, оқушыға қоғамдағы өмірге қажетті әлеуметтік тәжірибе меңгеруге, яғни оқу мен тәрбиенің жалпы мақсатына жетуге бағытталады.
Сыныптан тыс жұмыс келесі міндеттерді шешуге бағытталған:
Оқушыда жағымды МЕН-тұжырымының қалыптасуы, ол келесідей сипатталады: а) оған басқа адамдардың жақсылық тілейтіндігіне сенімділігі; ә) түрлі әрекеттерді сәтті меңгергеніне сенімділігі; б) өзіндік мағынасына сезіммен қарауы. Жағымды МЕН-тұжырымдамасы оқушының жеке тұлғасының әрі қарай дамуының негізі болып табылатын оқушының өз өзіне жақсы қарауымен, өзін-өзі бағалауымен сипатталады. Түрлі сыныптан тыс әрекеттер сабақта көріне бермейтін оқушының жеке мүмкіндіктерін ашады. Сыныптан тыс әрекеттердің әртүрлілігі баланың өзіндік құрылуына, өзін-өзі бағалауға, өзі-өзі сенуіне, яғни өзін-өзі жақсы қабылдауына әсер етеді. Оқушыларды түрлі сыныптан тыс жұмыстарға қатыстыру олардың өзіндік тәжірибесін арттырады, адам әрекеттерінің әртүрлігі жайында білім береді, қажетті біліктілік пен дағдыны қалыптастырады.
Қарым-қатынас дағдысы мен ұжымдық өмір тәжірибесінің жинақталуына жағымды шарттар құру. Мұнда оқушылар көпқырлы өзара қатынасқа түседі. Сыныптан тыс жұмыстардың түрлі формасында өздерінің жеке қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, ұжымда өмір сүруге үйренеді. Осыған байланысты сыныптан тыс әрекеттер оқушыларға оқу тәрбиелік әсер береді.
Әрекеттердің әр түрімен танысып, сәйкес жеке қызығушылық пен қажетті біліктілік пен дағдыны меңгеруге бағытталған өнімді, әлеуметтік қызмет қажеттіліктерін құру. Сыныптан тыс жұмыстарда біліктілікті қалыптастыру үшін өнімді, әлеуметтік қызмет қажеттіліктерін құру шарттары қалыптасады. Бұл кезең қоғамға қарсы өмір салтын (қылмыс, нашақорлық, ішімдік және т.б.) ұстанатын жеткіншектер санының өсуі кезінде өте маңызды.
Достарыңызбен бөлісу: |