Мадақтау түрлері: алғыс айту, мақтау, сыйлық беру, марапаттау. Жазалау - жағымсыз мінез-құлқы мен іс-әрекетінің теріс екендігін балаға үғындыру және істеген теріс ісіне қынжылту. Мұғалім мектептегі жазалау шарасына өте сақтықпен қарауы тиіс. Оған қойылатын талаптар:
• жазаны талап қою әдісімен ұштастыру;
• жазаның кек алу, баланың жеке басының адамгершілік қасиетін кеміту, намысын қорлау, жәбірлеу түрінде болмауы;
• жазаның әділдігі, әділетсіз жаза балаларды тәрбиеленушілерден алыстатып, ұжымнан бөлектенуіне әкеліп соғады;
• жаза қолдануда педагогтік әдепті сақтау. Тәжірибелі педагогтар оқушылар ұжымының көмегіне, қолдауына сүйеніп, тәртіпсіз оқушыны жазалайды.
Жазаның түрлері оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай болып, тәрбиенің басқа тәсілдерімен байланысты болуы шарт. Жазалаудың түрлері: ескерту, сөгіс, т.б. Жарыс жастардың бір-бірімен еңбектегі, спорттағы, өнердегі табыстарын көрсету үшін қолданылады. Жарыс оқушының іс-әрекетіне жаңа серпін, жаңа өріс беріп, өзіне талап қоюына мүмкіндік туғызады.
Тәрбие әдістерінің төртінші тобы: Өзін-өзі байқау және бақылау әдістері. Тәрбие әдістерінің ықпалын, оның сапасын және нәтижесін анықтау және талдау үшін мінез-құлық пен іс-әрекетке бақылау жасау, адамның өзін-өзі бақылауы және өзіне-өзі баға беру әдістері қолданады.
Өзін-өзі байқау және бақылау әдістері тобындағы әдістің бірі -тәрбиелейтін жағдаят туғызу әдісі. Тұтас педагогикалық процесте жеке адам ең алдымен әр түрлі әрекеттер барысында қалыптасып дамиды. Сондықтан баланың өмірін, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын ұйымдастыру ісі белгілі міндетті шешуге барынша жауап беретіндей ұйымдастырылуы керек.Балаға өмірде әр түрлі жағдаяттарды шешуге тура келеді. Зерттеулер бұл жағдайда баланың дайындығы жеткіліксіз екендігін дәлелдеді. Автобуста отырғанда жаныңа келген қарт кісіге орын бересің бе? Ескертуді естімеген боласың ба? - деген мұғалімнің сұрағына оқушы өзінің көзқарасына, мінез-құлқына сүйеніп жауап беруі жаңа талаптарға сай іс-әрекеттері мен қарым-қатынасын өзгертеді.