Мұғалімнің көшбасшылығын дамыту жұмысы (МКДЖ) Мұғалімнің көшбасшылығын дамыту жұмысы жоғарыда аталған барлық іс-әрекеттерді қамтуы мүмкін. Дамыту бойынша жүргізілетін жұмыс басқаларды серіктестікке тартып, рефлексия мен өзін-өзі бағалауға қатыстыратын тапсырмаларды қамтиды. Мұндай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады, мысалы: әріптестер арасындағы пікірталастар, желіде орналастырылған есеп беруді оқу, оқушылардың өздерінің іс-тәжірибелері туралы пікірлерін жинау, әріптестерімен іс-тәжірибе алмасу мақсатында басқа сыныптардың сабақтарына қатысу. Дәл осы жағдайда зерттеу үдерісті аяқтау үшін емес, диалог үшін ізденістің негізгі стратегиясы болып табылады. Бұл үдерістер ауқымы мен көлемі бойынша азғантай ғана болуы мүмкін, бірақ олар педагогикалық пікірталас қалыпты жағдай деп саналатын ортада мәдениеттің қалыптасуы мен жаңаруына үлес қоса алады.
Мұғалiмдер дамыту жұмыстарын жүргізу барысында рефлексияны, жоспар құруды, кеңес беруді біртіндеп жүзеге асыру әдісі арқылы қолдау таба алады. Алғашқы қадам – әрбір ұстаз үшін маңызды шешімдерді талап ететін құндылықтар мен мәселелерді анықтау. Келесі қадам – өзгерістер бағдарламасы жөнінде әріптестерінің кеңестері. Осы әрекет басымдықтарын ұғыну мен келiсу бойынша атқарылған жұмыстардан соң мектептегі мәжiлiсте қаралып, мақұлдануы мүмкін. Мақұлданған соң мұғалім өзінің мәселесі бойынша нақты жоспар құра бастайды. Бұл жоспар жүзеге асатындай және оның құрамына кіретін әрбір әлеуетті қатысушы оны талқылай алатындай болу керек. Егер бұл келісу мен кеңесу үдерісі тиімді болса, онда дамыту жұмысы да жоспар бойынша жүзеге асырылады. Дегенмен мұндай жұмыс мектеп әкімшілігі тарапынан ұйымдастырылып, қолдау көрсетілгені маңызды. Мектеп әкімшілігінің мектеп құрылымы мен дамытудың басымдықтарын қайта қарастыруы қажет, себебі олардың кеңесі мен жетекшілігі өте маңызды.
Бұл үдеріс жалпы түрде төмендегідей кезеңдерде айқындалады.
1-кезең. Құндылықтарды анықтау.
2-кезең. Кәсіби міндеттерді анықтау.
3-кезең. Дамыту бағдарламасын құруға арналған келісім мен кеңестер.
4-кезең. Атқарылатын жұмыстардың жоспарын құру.
5-кезең. Атқарылатын жұмыстардың жоспарын құруға арналған келісім мен кеңестер.
6-кезең. Зерттеуге негiзделген көшбасшылықты дамыту бойынша жұмыс.
7-кезең. Кәсiби бiлiмдердiң дамуына жәрдемдесуге ықпал ететін желілік қоғамдастықтағы жұмыс.
Көшбасшылықты дамыту бойынша жұмыс мектепте жаңа білімді қалыптастырады, дегенмен мектептен тыс жерде алынған жаңа білімдерді беру де мұғалімнің өз мектебіне орасан зор пайдасын тигізеді.