Тілге тән сипаттар Тілдің таңбалық, мағынлық және функциялық сипаты Дыбыс тілін таңбалар жүйесі деп санау қазіргі заман тіл білімінде ең көп тараған пікір. Тілдің таңбалық сипатын дұрыс түсіну үшін, алдымен таңба, семиотика дегендердің өздерін біліп алған жөн.
Таңба (знак) дегеніміз – басқаларға білдіруге, хабарлауға арналған белгілі бір ұғымның шартты белгісі. Мысалы, бағдаршамның (светофордың) қызыл жарығы – «жүруге болмайды» деген, шеберхананың маңдайшасына ілінген теледидардың немесе жазу машинасының суреттері – «көрсетілген зат осында жөнделеді» деген мағынаны білдіретін таңбалар.
Лингвистикалық әдебиеттерде таңба (сөз, белгі), таңбалаушы (халық) және таңбаланушы (зат, ұғым, мағына) деген терминдер бар. Сөздің өзін, яғни бір нәрсе қойылған атауды – таңба, сол атаушы жасаушы халықты – таңбалаушы, ал әлгі таңба (сөз) білдіретін мағынаны (ұғымды) – таңбаланушы деп атайды. Кейде таңбаның өзін – таңбалаушы деп, ал ол білдіретін мағынаны – таңбаланушы деп те атайды. Таңба мен таңбаланушының арасындағы қатынас шартты болады. Ол алдын ала келісуге байланысты. Мәселен, «жүруге болмайды» деген мағынаны білдіру үшін бағдаршамның қызыл жарығын алмай, басқа бір жарықты, айталық, көк немесе сарыны алуға әбден болатын еді.
Ғалымдар тілдік элементтерде де таңбалық сипат бар дегенді алып жүр. Өйткені таңба атаулының бәріне ортақ – «бір нәрсе жайында хабар беру» қызметі (коммуникативтік қызмет) тілге де тән, - дейді олар.
Енді осы мәселеге кеңірек тоқталалық.
Өмірде кездесетін таңбалар лингвистикалық таңбалар, лингвистикалық емес таңбалар делініп, екі топқа бөлініп қарастырылыпжүр. Лингвистикалық таңбаларға дыбыс тіліне тән элементтер жатады да, лингвистикалық емес (шартты) таңбаларға бағдаршам жарықтары, жол белгілері, түрлі сигналдар, гудоктар, маяктар, бакендер, математика, физика ғылымдары қолданылатын шартты белгілер т.б. жатады.
Бұл екеуінің бір-біріне ұқсас жалпы жақтары да, өзгешеліктері де бар. Олардың ортақ қасиеттері (белгілері) мыналар:
1)Таңба атаулының барлығы да сезім мүшелерінің біріне әсер ететін материалды (зат, түс, сурет, дыбыс, т.б.) болады. Материалды болу – таңбалардың ең негізгі белгісі.
2)Таңба атаулының барлығы да белгілі бір мағынаға, мазмұнға ие болады. Мағынасыз, мазмұнсыз – таңба, таңбасыз – мағына болмайды.
3)Таңба атаулының негізгі қызметі – бірдемені білдіру, хабарлау, яғни қатынас құралы қызметі.
4)Таңба атаулының барлығы да өзі білдіретн мағынамен, ұғыммен шартты байланыста болады. Олардың арасында ешқандай табиғи байланыс жоқ.
Бұлар сияқты ортақ қасиеттермен бірге тек лингвистикалық емес таңбаларға ғана тән өзгешеліктер де болады. Олар:
1)Лингвистикалық емес таңбалар бір ғана мағыналы болады.
2)Олардың білдіретін мағынасын адамдар өзара келісе отырып, алдын ала белгілейді.
3)Сондықтан да, таңба мен сол таңба білдіретін мағына арасында ешқандай байланыс жоқ. Олар мейілінше автономиялы болады.
4)Лингвистикалық емес таңбалар ешқандай экспрессивтік, эмоциялық мағына білдіре алмайды.
5)Лингвистикалық емес таңбалардың таңбалық қызметі олардың табиғатына тән қасиет емес, оларға шартты түрде кейіннен жүктелген қосымша міндет. Ол қосымша міндетінен айырылған күні таңба таңбалық сипатынан айырылады.
Таңбалардың ішіндегі ерекше түрі – тілдік (лингвистиалық) таңба.
Тілдік таңбаларды лингвистикалық семиотика1 зерттейді.
Лингвистикалық семиотиканың негізгі мақсаты – тілдік таңбаларды қарастыру, тілдік элементтердің таңбалық сипатын ашу, олардың құрылымдық, функционалдық ерекшеліктерін, мағыналарын айқындау.
Ф. де Соссюр өзінің «Жалпы тіл білімінің курсы» деп аталатын еңбегінде: «Таңба екі жақты болады: оның бірі – материалдық жағы да (яғни дыбыстық жағы – акустикалық бейне), екіншісі – идеялық жағы (мағынасы). Материалдық жағы – сөз, сөздік форма болады да, идеялық жағы – зат, ұғым,мағына болады. Бұл екі элемент өзара тығыз байланысты. Таңба дегеніміз – осы екеуінің бірлігі», - дейді (1933, 78-79).
Осыдан келіп ғалымдар: Тіл – таңбалар жүйесі, таңбалар жиынтығы. Таңба болу – тілдік элементтердің табиғатына тән қасиет, олар сол үшін жаралған, - дейді де, таңбаға дыбысты да, морфема мен сөзді де, сөздер тіркесі мен сөйлемді де жатқызады.2
Шындығында да, осы пікір дұрыс. Өйткені бірдемені білдіру, хабарлау – таңба атаулыға тән қасиет болса, бұл қасиет тілдік элементтерге де тән. Олай болса, тілдік элементтердің ең кішісі - дыбыстан бастап, сөйлемге дейінгі тұлғалардың бәрі де таңбаға жатады деу орынды.
Ендеше, таңба дегеніміз – сезім мүшелерінің бірі арқылы қолданылатын, бірдемені білдіретін, хабарлайтын материалды эленмент, ал таңбаланушы дегеніміз – сол таңбаның білдіретін мағынасы. Яғни таңба болу үшін, оның сыртқы формасы мен ішкі мазмұны (мағынасы) бірдей болуы керек. Бұлардың бірі болып, екіншісі болмаса, таңба бола алмайды. Бұдан таңба мен таңбаланушының өзара тығыз байланыстығын көруге болады. Бірақ бұл екеуінің бірлігі тепе-теңдік бірлік емес, бір- бірінен өзгешеліктері бар бірлік.
Ғалымдар тілдік таңбаларды білдіретінмағыналырының мәндеріне қарай симптомдар, сигналдар, символдар деп үшке бөледі.
Мұның біріншісін хабар берушінің ішкі психикалық күйін білдіретін таңбалар дейді де, оған уһ, аһ, паһ деген тәріздес одағай сөздерді жатқызады. Олардың қызметін тілдің экспрессивтік қызметі дейді.
Сигналдарға дыбыс беру (ей), шақыру (моһ-моһ), өзіне қарату (ата! қарындас!)мәнінде қолданылатын қаратпа сөздерді жатқызады да, оларды таңбалардың (тілдің) апеллятивтік қызметі дейді. Тілдік таңбалардың ішіндегі ең маңыздысы – символдар. Адамдардың бір-бірімен сөйлесуін, пікір алысуын қамтамасыз ететін – осы символдық таңбалар. Көбінесе сөйлем түрінде көрінетін символдық таңбалардың қызметін – қатынас құралы (коммуникативтік немесе репрезентативтік) қызметі деп атайды.
Лингвистикалық таңбалардың өзіндік ерекшеліктері:
1)Лингвистикалық таңбалар тек бірдеме жөнінен хабар беріп қана қоймайды, сонымен бірге, ол – айналадағы өмірді білудің, танудың ойды қалыптастырудың да құралы.
2)Лингвистикалық таңбаларға таңбалық қызметті біреулербелгілеп бермейді. Ол – сол тілде сөйлейтін бүкіл қауымның ортақ табысы, сондықтан ол жалпыхалықтық болады.
3)Қызметі жағынан алғанда лингвистикалық емес таңбалардың коммуникативтік рөлі мейілінше шағын, шектеулі. Ал лингвистикалық таңбалар қоғам өмірінің барлық саласында және мейілінше кең көлемде қолданылады. Олардың беретін хабары алуан түрлі, әрі мол. Сол алуан түрлі хабарларды жан- жақты етіп, құбылтып, түрлендіріп бере алады.
4)Лингвистикалық емес таңбалардың бір ғана мәні, мағынасы болады. Өз жүйесіндегі басқа таңбалармен мағыналықбайланысы болмайды; олардың мән, мағынасына әсер етпейді. Ал лингвистикалық таңбалардың құрылымы мен жүйесі мүлде басқа. Тілдік таңбалар өзара күрделі қатынаста болады. Олар бір- бірімен байланыса келіп, жаңа мазмұнды екінші бір деңгей (қабат) құрайды. Соның нәтижесінде тілдік таңбалар мағыналық жағынан түрленіп, өсіп, дамып отырады.
5)Тілдік таңбалардың екі түрі болады: оның бірі – номинативтік таңбалар да (сөздер, фразалық тіркестер), екіншісі – синтаксистік таңбалар (сөз тіркестері, сөйлемдер). Бұлар басқа таңбалардай тек коммуникативтік қана емес, сонымен бірге, репрезентативтік те (заттық), сигнификативтік те (ұғымдық), экспрессивтік те (сезімдік) қызмет атқаратын көп функциялы болады.
6)Тілдік таңбалардың көп функциялылығын сөз еткенде оның эмоционалдық-экспрессивтік қызметіне ерекше мән беріледі. Өйткені бұл қызмет басқа таңбаларда болмайды, ол тек лингвисткалық таңбларды ғана ұшырасады.
7)Егер лингвистикалық емес таңбалар мен олар білдіретін мағыналар арасында ажырамас бірлік болмаса, яғни ондағы мағыналар кейіннен (шартты түрде) жүктелген қосымша қызмет болса, ал тілдік таңба мен оның мағынасы өзара тығыз байланыста, диалектикалық бірлікте тұрады. Әрбір лингвистикалық таңбаның мағынасы – оның өмірлік серігі. Мағынасы жойылса, таңба да (сөз де) жойылады. Бұған керісінше, бағдаршам жарығының «өтуге болмайды» деген мағынасы жойылғанмен қызыл жарық жойылып кетпейді.
Сонымен, тіл таңбалық сипатқа ие екен. Сондықтан да, тілді – таңбалар жүйесі немесе семиотикалық жүйе, - дейміз. Бірақ оның басқа таңбалар жүйесінен өзгешелігі – тілге құрылымдық, жүйелік сипат тән. Оның атқаратын қызметі де мол, әрі қат- қабат.
№12 дәріс тақырыбы: Тілдік жүйелік, құрылымдық сипаты