3.-Зекет Ибраһим (а.с.) пайғамбардың Исмайл және Исхақ деген екі ұлы болды. Ол екеуі екі анадан туылған және сәйкесінше әкесінің дінін ұстанған пайғамбарлар еді. Демек, олардың діндегі ұстазы – Ибраһим (а.с.). Алла Тағала қасиетті кітабында «Марям» сүресінде Исмайл (а.с.) туралы айтарда былай дейді: «وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ إِسْمَاعِيلَ إِنَّهُ كَانَ صَادِقَ الْوَعْدِ وَكَانَ رَسُولًا نَبِيًّا (54) وَكَانَ يَأْمُرُ أَهْلَهُ بِالصَّلَاةِ وَالزَّكَاةِ وَكَانَ عِنْدَ رَبِّهِ مَرْضِيًّا» – «(Мұхаммед (с.а.у.), Құрандағы Исмайлды (а.с.) еске түсір. Расында ол уәдесіне берік әрі елші, пайғамбар болатын. Ол отбасына намаз бен зекетті орындауды бұйыратын еді». Бұл аяттан байқағанымыздай Исмайл (а.с.) әрдайым намаз оқу мен зекет беруді отбасына үйретіп отырған. Яғни, ол намаз бен зекетті беруді тек әкесі Ибраһимнен (а.с.) ғана үйренгені айтпасада белгілі. Себебі, ол уақытта әкесінен басқа Алланың дінін, намаз бен зекет құлшылығын үйретуші ешкім болмағаны айдан анық. Осыдан шығатын қорытынды зекет беру парызы да тікелей Ибраһим (а.с.) пайғамбарға барып тірелетінін көруге болады.
4. – Ораза Оразаның Ибраһим (а.с.) пайғамбармен байланысын білу үшін біз алдымен одан тараған ұрпақтарды нақтылап алуымыз керек. Оның үлкен ұлы Исмайлден (а.с.) Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға дейін арада ешбір пайғамбар болған емес. Яғни, Мұхаммед (с.а.у.) Исмайлден (а.с.) тараған соңғы пайғамбар екеніне исламның тарихи деректері куә бола алады. Бұл сөзімізді кеңінен түсіндіру үшін «Бақара» сүресінің мына бір аятына зер салайық: «رَبَّنَا وَابْعَثْ فِيهِمْ رَسُولًا مِنْهُمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِكَ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَيُزَكِّيهِمْ إِنَّكَ أَنْتَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ» – «Раббымыз! Біздің ұрпағымыздан Сенің аятыңды оқитын, Кітабыңды әрі үкімдеріңді үйрететін және олардың бойларын тазартатын өздерінің арасынан болған елші жібергейсің!». Бұл дұғаны Ибраһим (а.с.) қасиетті Қағбаны ұлы Исмайл екеуі тұрғызып болғасын айтқан болатын. Аяттағы «Біздің ұрпақтарымыздан» деген сөйлемде Исмайлдың ұрпағынан Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар келгені белгілі. Демек, дұғада айтылғандай, адамдардың бойларын тазарту үшін соңғы елші жіберіліп, сәйкесінше оған Кітап (Құран) пен үкім аяттары түсірілген болатын. Ал, осы үкім аяттары жиналған қасиетті Құран айлардың сұлтаны Рамазан айында түскені белгілі. Бұл жайында «Бақара» сүресінде: «شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنْزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ» – «Рамазан айы ол сондай ай, ол айда адам баласына тура жол және ақ пен қараны ажырату үшін Құран түсірдік», делінген. Ендеше, қазіргі біздің асыға күтетін 30 күн оразамыз, айт мерекеміз бұл – Ибраһим (а.с.) пайғамбардың жоғарыдағы дұғасы қабыл болған күн, десек артық айтпаймыз. Яғни, біздің көзімізді ашу үшін Ибраһимның (а.с.) ұрпағынан адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.а.у.) Алланың елшісі болып келді. Ол біздерге Алланың үкімдерін әкеліп оқытты, онымен бойымызды тазартумен айналысты. Бүгінгі таңда қасиетті ораза айы – Құранның адамзатқа түсуімен қадірлі. Бұл өз кезегінде Ибраһимның (а.с.) дұғасы мыңдаған жылдарды артта қалдырып ораза айында тікелей қабыл болғандығын айғақтайды.