«Абайтану»пәні бойынша оқу жұмыс бағдарламасын (Силлабус) өңдеген:
1. Кулибекова Ж.С., ф.ғ.к., доцент_______________
(қолы)
Кафедра меңгерушісі
Қадыров Ж.Т.
(қолы) (Т.А.Ә)
ЛЕКЦИЯ КЕШЕНІ
№1 Лекция
ТАҚЫРЫП: Абайтанудың мәні мен мақсаты
1. Абайтанудың зерттелу жайы. "Абайтану" - ұлы ақын мұрасын жан-жақты, терең зерттеуді мақсат ететін қазақ әдебиеті тарихы салаларының бірі. Совет өкіметі орнасымен-ақ, өткендегі мұраға қамқорлық маркстік-лениндік жаңа дүниетаным негізінде жүргізіле бастады. Ал Абай мұрасын тану, таныту, насихаттаудың алғашқы белгілері революцияға дейін-ақ көрінгенімен, оны шын мағынасындағы ғылыми тұрғыдан танып бағалау ісі біздің заманымызда ғана жүзеге асты. 1933 жылы М. Әуезов Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянын жазып, Абайтанудың негізін бастап берді. Бірақ 30 жылдардың аяғына дейінгі кезеңде жазылған сын мақала, зерттеулерде бұл мұраны танып, бағалауға сол тұстың әдеби атмосферасында орын тепкен тұрпайы социологиялық, компаративистік негіздегі теріс танымдардың салқыны тимей қалған жоқ.
Абайтану мәселесі жылдар бойына зерттеушілер назарынан тыс қалған емес. Қазақ әдебиеті туралы сөз қозғаған зерттеуші, ғалым, ақын, жазушылар сөзінің біссімілләсін Абай шығармашылығынан бастайтыны көзі қарақты оқырман қауымға әбден таныс. Себебі, ғалым Б.Майтанов айтқандай, қазақ терең ойлы, сауатты да алғыр, талантты да шешен ақынға кенде болмаған. Алайда, талғампаз тағдыр сөз өнерінің мұзарт шыңына Абайды ғана көтерді. Абай шығармашылығы туралы революцияға дейінгі жазылған азды-көпті мақалалардан бастап қаншама зерттеу мақалалар, монографиялар, диссертациялар жазылды. Бірақ, Абайдың аса бай шығармашылық мұрасын тауыса талдау мүмкін емес. Өйткені, Абай – бір пайызы ғана көрініп, тоқсан тоғыз пайызы тылсым дүние болып қала беретін ақындық өнердің Айсбергі. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап Абай шығармашылығына жаңа көзқараспен пікір айтыла бастады. Қ.Мұқамбетқанов, М.Мырзахметов, З.Ахметов, т.б. Абай шығармашылығының қыр-сыры төңірегінде түрлі бағытта келелі зерттеулер жүргізгені белгілі. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Абай шығармашылығының кеңес үкіметі кезінде тыйым салынған тұстары жаңа көзқараспен зерделенуде. М.Әуезов бастаған зерттеушілер шоғыры жылдар бойы жабулы күйінде қалған Абайдың ақындық айналасы деген мәселе төңірегінде шәкірттері, балалары Шәкәрім, Ақылбай, Әріп, өзімен үзеңгілес жүрген Байкөкше шығармашылықтары туралы да кеңінен зерттеу қолға алынып жатқаны қуантарлық жайт. Осы дүрмекке әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің жанынан құрылған Абай ғылыми-зерттеу институты өз үлесін қосуда. Абай институтының хабаршысының әр санында Абайдың әдеби мұрасы туралы келелі зерттеулер жариялана бастады.
Б.Майтановтың «Абай тұлғасының ерекшелігі» атты ойтолғамында Абайдың психологтық қыры әдемі ашылып, объективті және субъективті байқау, пайымдау, индукция, дедукция, силлогизм, интроспекция, ретроспекция тәсілдерін жете меңгергені, оның өзге әріптестерінен өзгешелігі – көзге түсе бермейтін, қарама-қайшылығы мол жан сырының нәзік сезімталдықпен суреттей білетіні туралы тұшымды тұжырым жасалған.
Тұрсынбек Кәкішев «Абай институтының хабаршысының» 2010 жылғы №2 санында жарияланған «Абай өнері – өсер сынға өрелі өрнек» атты мақаласында Абай шығармашылығы төңкеріске дейін де біраз жазылғанына баса назар аударады. Ғалым Абай өлеңдерінің шет тілінде жарық көрген кітаптарда аталып, орыс зерттеушілерінің назарын аударғаны туралы көптеген мәліметтерді келтіре отырып дәйектейді. Т.Кәкішев келтірген деректерге сүйенсек Абайдың ақындығы туралы 1889 жылы Лондонда шыққан Джордж Кеннанның «Сібір және жер аудару» деген кітапта аталса, А.Алекторов «Дала уалаяты» газетінде Абайдың «Күлембайға» деген өлеңін талдайды. 1903 жылы «Россия. Полное географическое описание нашего отечества. Настольная и дорожная книга для русских людей» деген еңбекте А.Н.Седельников Абайдың Пушкиннің «Евгений Онегинін», «Татьянаның хатын» және Лермонтовтың шығармаларын аударғанына айрықша тоқталады. Т.Кәкішев А.Н.Седельниковке сол кезде Ә.Бөкейхановтың кеңесі болғанын айтады. Абай атының кеңінен таралуы мен даңқының асқақтауы оның қайтыс болғанына он жыл болған 1914 жыл болғаны айтылады. Сонымен қатар Абай шығармашылығы «Шора» журналында, «Айқап» журналында, башқұрт ақыны Шахизада Бабичтің, татардың классик жазушысы Ибраһим Ғалимжановтың, қазақтың тұңғыш журналисі Нәзипа Құлжанованың, Нух Рамазановтың, Ахмет Байтұрсыновтың мақалаларында кеңінен сөз болғанын түрлі деректермен дәлелдеп көрсетеді.
2. Абай Құнанбаев мұрасын танудың маңызы. Осы салада атқарылған ғылыми жұмыс түрлері, ауқымы, әр түрлі деңгейдегі зерттеу істері. Отандық және шетел ғалымдарының абайтануға қосқан өзіндік үлестері.
Республиканың жоғарғы оқу орындарында студент жастарды ұлы ақынның әдеби мұрасымен тереңдей таныстыру үшін өтілетін арнайы семинар-сабақ 1942-43 оқу жылында ҚазМУ-дің филология факултетінде М.Әуезовтың жетекшілігімен ұйымдастырылған. Абайтану саласында Әуезов негізінен ақынның шығармаларын оқып-білу, мән-мағынасын терең меңгеру, оны өз бетімен талдау арқылы ой қорыту, оған сын пікір айту, реферат жаздыру, баяндама, қосымша баяндама жасату жолдарына көп көңіл бөліп, ерекше мән берген. Мәселен, "Абай жөніндегә тақырыптар" ұсынғанда Абай шығармаларының толық қамтылуын және оларды студенттердің жан жақты танып-біле алатыныдай болуын ескерген. Мәселен, "Абайды тану жөніндегі зерттеулік мәселелер", Отыз бесінші сөз деп аталатын сабақтарында студенттердің Абай поэзиясымен қарасөздеріндегі пікір сабақтастығы мен тақырып жағынан үндестігін ажырата білуіне ден қойған.
Абай творчествосының халықтығын зерттеу — айрықша маңызды міндеттің бірі. Өткендегі еңбектерде бұл проблеманы дұрыс шешуге қазақ әдебиеті "бір арнамен" дамыды деген аса қате түсінік кедергі жасады. "Бір арнамен даму теориясы" рухында жазылған зерттеулерге Абай өзінің тағдыры мен творчествосын байланыстырған ортадан — қазақтың реформадан кейінгі дәуірдегі шаруаларынан оқшау алынды.
Мақалалардың көпшілігінде Абайдың халықтығы ақынның қайдағы бір мұрат-мақсатқа ұмтылуы ретінде көрсетілді, ол мұрат-мақсаттың өзі нақты тарихи сипаттарсыз, қайшылықтарсыз көрсетілді, асылына келгенде, марксизмнің "еңбекшілер бұқарасының тарихын, халықтар тарихын" ескеру керек деген қағидасы еленілмеді.
Абайдың тікелей халықтығы — халықты езушілерді қаналушы бұқараның тұрғысынан әшкерелеуінде. Бұл ретте ол халықтың ауыз әдебиетіндегі нақыл сөздерді, мәтелдерді, тілдегі метафораларды, халық юморының тәсілдері мен құралдарын пайдаланады. Ол ауыл кедейін, батырағын, қазақ әйелін, қарапайым адамдардың бейбіт еңбегін жақтайды, надан әкелердің содырлы мінез-құлықтарының кесірі тиетін жас ұрпақты жақтайды. Бұл — тікелей халықтық белгілері. Ақын шығармаларын өз халқының тілінде жаза отырып, халық ойы мен арманын неғұрлым өткір, терең, нәзік түрде жеткізу үшін бұл тілді байытып, дамытады. Абай халық жыршылары айта алмаған, бірақ халық бұқарасының санасында жүрген ойларды айтты.
Осыдан келіп Абай халықтығының екінші бір саласы басталады. Халықтың саналы түрде түсініп болмаған, стихиялы тілектерін саналы түрде айтып, бұл үшін өз бойына жинаған нәрді пайдаланып, сол кездегі орыс мәдениетінің шыңына құлаш ұра, ақын жалпы мәдениеттік, жалпы тарихтық маңызы бар бүкіл ұлттық қазына жасайды. Оның творчествосында көрінген Белинскийдің, Чернышевскийдің эстетикалық принциптері, оның өлмес-өшпес лирикалық туындылары, Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты аударушы және насихаттаушы ретіндегі ағартушылық қызметі, адамгершілік қасиеті жоғары адамның маңызы мен ұлылығы туралы поэмалары — айрықша бағалы қазына. Бұл шығармаларда Абай халық тағдыры, халықты езушіліктен құтқару амалдары туралы тікелей айтпайды, бірақ та Абай мұрасының бұл саласы да терең халықтық болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |