Фольклор және жазба әдебиет. Дәстүрлік пен нормативтілік. Вариант және версия, көпнұсқалылық. Халық ауыз әдебиетінің мәні өте зор. Ең алдымен ол халықтың өткендегі өмірі, тұрмыс тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, дүние танымы, арман-мүддесі, таптық күресі т.б. таныстырып көптеген мәлімет береді. Ауыз әдебиеті өткен өмірді, «халықтың психологиясын», оның «арман-мүддесін» білуімізге аса керекті материалдың бірі болып табылады.
Халықтың ертегілері, аңыз әңгімелері, мақал-мәтелдері, басқыншы жаудан ел қорғау жолында ерлік жасаған батырлар жайында шығарған жырлары – адал еңбекті, халыққа қызмет етуді, халықтың жауларына қарсы күресуді, езілген еңбекшіге болысып жәрдемдесуді жырлайды. Бұл жолда халыққа адал ниетімен қызмет еткен адамдарды ардақтайды, олардың ісін кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге етіп ұсынады. Ал жағымсыз мінез-құлық, іс-әрекеттерді халықтың ауыз әдебиеті жиренішті түрде суреттейді, олардан безуді, жек көре білуді уағыздайды.
Ауыз әдебиеті жалпы әдебиет тарихынан да елеулі орын алады. Ол өзінен кейін туған көркем әдебиетке көп әсер етті. Сюжет құру, образ жасау, тіл байлығын пайдалана білу т.б. жөнінде ауыз әдебиеті көркем әдебиетке негіз салды. Бұл ретте де ауыз әдебиетінің мәні өте зор.
Әдебиеттер
1.Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы, Ана тілі, 1991.
2.Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы, Санат, 1996.
3. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, Ана тілі, 2005.
4.ҚирабаевС. Ұлт тәуелсіздігі. Алматы, Ғылым, 2001.
Фольклорды идеялық-көркемдік ерекшеліктеріне, құрылысына, өмірде атқаратын функциясына қарай жіктеу. Фольклор шығармаларынан халық тағдыры, оның өмірден көрген қайғы-қасіреттері мен мұң-зары, келешектен күткен арман-тілектері айқын көрініс тапқан. Жоқтау, сыңсу, қоштасу өлеңдерінде халық өз теңіне қосыла алмаған қазақ қыздарының ауыр тағдырына үн қосқан әрбір айтушы ипровизатор өз тыңдаушысына ұстаздық жасап, олардың түйсік-сезміні келелі ой-ниеттерге бастап отырған. Мұндай өлең-жыр мен ән-күй көп жағдайда өмірдің өзінен туындайды. Оған қазақ фольклорының көтерген мәселелері мен тақырыбы да айғақ бола алады.
Фольклор туындылары адам тәрбиесі, қоғам мәселелерінен шет жырланған емес. Оның басты айтар ойы – халықты, адам баласын сүйе біл, еңбек пен ерлікті қастерле, досқа жылы, қамқор, дұшпанға берік бол, жас та болсаң, елге ағалық көрсете біл, өмірден үйрен де, өрге, өнерге ұмтыл дейтін ғибрат. Мұның бәрі адам, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажет болған. Ертегі мен эпоста көптеген образдар бар десек, солардың мінез-құлықтары, психологиясы бір-біріне қарсы қойылған. Онда бірлік пен араздық, достық пен жаулық сарындары шендескен. Мұны біз халық гуманизмінің фольклордағы көрінісі дейміз. Тұлғасы сом, жан-дүниесі таза, рухы күшті ірі образдар жасаудағы халық поэзиясының сүйенген арқауы – осылар. Шоқан мұның бәрін қазақ эпосының образдары Европаның жазба әдебиетінен ешбір кем соқпайтындығын айтқан.
Қазақ фольклорының ұнамды образдары үнемі халық ортасында, коллективтік рухта жасалған. Ерлік, махаббат, әділдік, адамгершілік – бәрі де солардың бойына жинақталған. Ақылды Аязби «жаман» атанса да, хан жарандарынан озып шығады. Алдар көсе, Тазша бала бейнелері – халық тапқырлығының жарқын көрінісі. Эпостық жырларға келер болсақ, ондағы образдар ұлғайтылып, ұлы қаһармандар дәрежесіне жеткізілген. Баян, Қозы, Қобыланды, Құртқа, Алпамыстар – жалпыхалықтық образдар болып шыққан. Олардың іс-әрекеті, ой-ұжданы мен арман-мүдделері халық санасымен әркез бірге.