Білім беру бағдарламасы Қарағанды 021 Дәріс «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша



бет13/18
Дата21.11.2022
өлшемі201,88 Kb.
#51584
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
Байланысты:
multi-86 x13053814

Негізгі әдебиеттер
1. Қирабаев С. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет. –Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2001. – 448 б.
2. МәшҺүр-Жүсіпов Қ. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. – Павлодар: Павлодар унив-ті басп.. 1999. -384 б.
3. Жарылғапов Ж. Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер. –Қарағанды: Гласир, 2009.-400 б.
4. Нұрғалиев Р. Телағыс. - Алматы: Жазушы, 1986. - 440 б.,
5. Еспембетов А. Уақыт өрнегі. – Алматы: Інжу-маржан, 2005. -515 б.
6. Майтанов Б. Қазақ прозасындағы замандас бейнесі. - Алматы: Ғылым, 1982. - 147 б.,
7. Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы. - Алматы: Ер-Дәулет, 1996. - 252 б.,
8. Кәрібаева Б. Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік даму арналары. Сын-зерттеу. – Астана: Елорда, 2001. – 312 б.


Қосымша әдебиеттер
1. Ысқақбай М. Шығарма шырайы - шындық. Алматы: Рауан, 1994. 240 б.
2. Дәстүр және жаңашылдық. - Алматы: Ғылым, 1980. - 367 б.
3. Тоқбергенов Т. Үш тоғыс. Әдеби сын. - Алматы: Жазушы, 1997. - 196 б.
4. Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начала ХХ века и современность). - Алматы: Ғылым, 1998. - 394 с.
5. Дәдебаев Ж. Шымырлап бойға жайылған. Алматы: Жазушы, 1988, 189 б.
6. Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті: Лекциялар курсы. Алматы, Қазақ университеті, 2002, 311 б.


12 дәріс

« Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша
ХХ ғасыр соңы қазақ прозасының типологиялық сипаттары. Стиль және типология.
1. ХХ ғасыр соңы қазақ прозасындағы стилдік ізденістер
2. ХХ ғасыр соңындағы қазақ прозасының типологиялық мәселелері


1. Әдебиеттану ғылымындағы стиль – аса кең ұғым. Зерттеуші ғалымдар, қаламгерлер В. Виноградов, В. Гусев, В. Жирмунский, В. Звягинцев, М. Кузнецов, М. Храпченко, В. Ковалев, О. Лармин, В. Новиков, И. Осмоловская, Г. Поспелов, Гете, Е. Сидоров, А. Чичерин, А. Эльяшевич, т.б. бірге бұл мәселеге теориялық тұрғыдан анықтама берушілерге қазақ ғалымдары Қ. Жұмалиев, М. Қаратаев, З. Қабдолов, т.б. жатады.
Қаламгердің стилі, яғни оның қаламынан туған шығарманың стилі сол туынды дүниеге келген әдебиеттің өре-деңгейін байқатады, себебі, талғамы биік оқырман тек тәуір деген шығармадан ғана рухани-эстетикалық ләззат алады. Бүгіндері қанатты сөзге айналып кеткен мына пікірге сүйенсек, «Стиль – шын талант, ұлы ақын-жазушылардың қаламдарына тән сипат. Кез келген ақын-жазушыдан стиль іздеу – бекершілік...дарын жоқта – стиль жоқ».
Соңғы жылдары дүниеге келген шығармаларға, әсіресе, Д. Исабековтің «Қарғын», О. Бөкеевтің «Өз отыңды өшірме», Ә. Таразидің «Тас жарған», «Кен», Қ. Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты», Т. Әбдіковтің «Өліара», Ә. Сараевтің «Тосқауыл» романдарына талдау жасай отырып, қарастырып отырған кезеңдегі осы туындылардың әкеген азды-көпті жаңалығына, жазушының шығармашылық даралығына, т.б. мәселелерге тоқталайық.
Шығармашылық жолын өз замандастары сияқты прозаның шағын жанрларынан бастауы Д. Исабековтің үлкен жауапкершілігін байқатады. Егер стиль дегеніміздің өзі кез-келген қаламгердің ешкімге ұқсамас даралығы десек, Дулат прозашыға тән стильдік сипаттар қандай? Бәрінен бұрын, жазушы жақсылық пен жамандықты негізгі объект етіп ала отырып, ішкі сұлулықты, ішкі тереңдікті, рухани күштілікті жоғары қойып дәріптейді. Шығармаларына психологиялық, лирикалық сарындармен қатар философиялық ой дарыту – қаламгерге тән құбылыс. Сондай-ақ асқынған драматизм, трагедиялық тағдыр, қызық характерлер ұтымды көрінген. Жазушының авторлық баяндауы қарапайым тұрмыстық детальді сәтті пайдалана білді. Оқушыны оқтын-оқтын езу тартқызып отыратын әдемі юмор ойлана, толғана білген оқырманға автордың ұтымды әжуасын аңғартады. Яғни, қоғамдағы келеңсіздіктерді, адам бойындағы бойкүйездікті сипай қамшылап, мақтамен бауыздай отырып, сөйте отыра кейіпкерлерін іштей езіле жақсы көре отырса да, әжуа етуі, сөйтіп, өмірден ойып алынған шыншыл суреттеуді жасау – Дулат шығармаларына тән қасиеттер. Жақсы сомдалған кеіпкерлер бейнесі, қапысыз тартылған оқиғалар желісі, ең бастысы, қоғамның әлеуметтік тіршілік тынысын дөп басып айта алу сияқты сипаттар Дулат Исабеков шығармашылығына тән. Домбыраның қос шегіндей «Адам. Қоғам» дейтін қос мүддені назардан тыс қалдырмайды. Бұл екі ұғым шығармаға қойылар негізгі талап дейтін болсақ, Дулат қоғамы зұлмат соғыс жылдарының, одан кейінгі қарын орта болса да, тіршілікке тәуба деп, социалистік құрылысқа бел шеше араласан тұс, одан соңғы «тоқырау кезеңі» деп айдарланған жылдар бар ауыртпалығымен, бар қуаныш-қызығымен қамтылса, Дулат Исабеков адамы сол тіршілік кезеңдерінде өз бойларына шақ тағдырларымен, өздеріне тән болмыс-бітімдерімен есте қалардай бір-бір тұлға ретінде сомдалады. Дулат сәл кейінірек жазған романы – «Қарғынға» дейінгі әңгіме-повестерінде тағдыр тәлкегімен бір-бірінен ерте қара үзіп қалған Бекет пен Нүркен («Бекет»), кәрі мұңлық Құлахметке амалсыз қосақталып қаған Сапура, ол ғашық болған кісілігі мен адамгершілігінің өзі кейде күдік туғызып қалар Сапар («Пері мен періште»), ақ адал жары Салтанатқа орынды-орынсыз қатал мінез көрсететін, тоңмойын қойшы Ыбыш («Гаухар тас»), жасынан құдық қазып, қартайғанда сүйекші болып, көр қазушы, бұл жарық дүниеден еншісіз аттанған Тұңғыш («Сүйекші»), қаршадай немересімен ала жаздай табан ет, маңдай терін төгіп тапқан табысын ожар, оспадардың құлқынына өз қолымен берген Тоқсанбай («Дермене») сияқты оқушысын енжар қалдырмайтын, шебер қолмен мүсінделген образдар жасады. Міне, осынау образдар қатарын жазушының «Қарғын» романындағы Бағила, Жасын, Сәргел, Қаратайлар толықтырды.
«Қарғындағы» басты қаһармандардың бірі – Жасын образының болмыс-бітіміне жазушы ең құдіретті де күрделі – Адамның жан әлемін, сол Адамның өзін-өзі тануын, адам өмірінің мән-маңызын, т.б. аса маңызды проблемаларды топтастыра білген.
Д. Исабеков сияқты Оралхан Бөкеев те әдебиет әлеміне алпысыншы жылдар ауа бергенде келіп, өз шығармашылығын әңгіме, повестермен бастады. Жалпы алғанда, бұл кезеңдегі көркемдік сипаттарға психологизм, публицистикалық сарын, философиялық түйін, лирикалық желі, характерлі баяндау, т.б. жатса, қаламгерлердің негізгі ұмытылысы, мақсат-мүддесі Адам жанының қатпар-қатпар ішкі иірімдеріне, оның өмірдегі орнына, мән-маңызына шұқшия үңілу төңірегінде болғанын жоғарыда атап өттік. Т. Мәмесейітов: «Иә, О. Бөкеев - әдебиетімізге өзіндік бетімен, өзіндік өрнегін сала келген жазушы. Оның алғашық әңгіме, повестерінен-ақ («Қамшыгер», «Үркер») өзіндік сөз саптасы, асқақ мінезі, алғыр зерде-зейіні оқушысын бірден баурай түскен еді, жазушының ой мен сезімді қатар өрген шығармалары бірде тұңғиық ойға жетелесе, бірде асқақтыққа, өршілдікке тарта беретін. Сондықтан да оның алғашқы шығармаларындағы толғау-толғаныстары кең тынысты, өзгеше үнді болып шығатын. Олардан бірде романтикалық құштарлықты, бірде публицистік от-жалынды, бірде реалистік өткірлікті, енді бірде лирикалық әуенді айқын аңғарар едік» деп жазады.
Прозаик Бөкеев әрбір адамды тағдыр деп қарайды. Жеке бас өмірбаянын жазушылық оймен тағдырға айналдыра толғанады. Кейіпкердің сырт келбетін аз бағып, ішкі жан дүниесін, жүрек қалтарысын қалтықсыз бақылауға тырысады. Сап-сау сананың психикалық ауру күйге ұшырауына, адамның аруаққа айналуына шейін кейіпкерлер психологиясына барлау жасайды. Қаһарман характері арқылы бүгінгі өміріміздің моральдық мәселелерін қамтиды.
Бөкеев қаһармандарын ешкіммен шатастырмай, бірден танисың. «Қайдасың, қасқа құлынымдағы» Орал, «Өліарадағы» Қойшы, «Елең-алаңдағы» Зарлық, «Құм мінезіндегі» Бархан, «Мұзтаудағы» Ахтан, «Сайтан көпірдегі» Аспан, «Өз отыңды өшірмедегі» Дархан, Гүлия, Оспандар, т.б. замандастар образдары жинақталған галереядан бірден көзге шалынады.
Жалпы алғанда, біз қарастырып отырған кезеңнің өкілдері шығармашылығында бүгінгі адам табиғаты адам мен адам қатынасы, тартыс, конфликт, қайшылықтардан гармония, үйлесімдерге ауысу барысында ашылады. Бірде үйлесім, бірлік пен келісім үстемдік алса, бірде қайшылық, тартыстан жаңа бір конфликт туып жатады. Д. Исабеков, Б. Нұржекеев, Ә. Сараев, М. Қаназов, т.б. шығармаларында кейіпкерлер қатынасы, характерлер тартысы толық шешіліп, тиісті бағытта даму сатысына өтсе, О. Бөкеев, Т Әбдіков, Қ. Мұханбетқалиев шығармаларында бұл процесс шыққан қалыпта жүзеге асады.
Осынау талантты топ өкілдерінің ішіндегі О. Бөкеев шығармашылығында негізгі бір күрделі жүйені айрықша атаған жөн. Ол желі - осынау өмірдегі бірімен бірі еш уақытта ымыраға келмейтін Жақсылық пен Жамандықтың тартысы. Жазушы позициясын оның өз түсінігінен байқауға болады. «Мен кейіпкердің тым-тым майдалығына, не ол емес, не бұл емес – жағымды, жағымсыз болып бөлінбейтін дүбәралағына қарсымын. Қарсы болатын себебім, монданақтай жер бетінде ақ пен қара, жақсы мен жаман, махаббат пен зұлымдық, мансап пен атақ, тоқтық пен аштық, күн мен түн, тіпті екі система, екі қоғам өмір сүріп тұрғанда, әдебиетте ондай көзқарасы мен психологиясы, мінезімен әрекеті кереғар екі кейіпкер жасамаймыз деу диалектикаға қайшы.»
Ә. Таразидің «Тас жарған» романындағы Омар образын алып қарасақ, еңсесі биік, атақ-абыройға бәлендей кенде емес азаматты көресіз. Қалалық Советтің председателі, депутат, қалалық партия комитетінің бюро мүшесі. Қалалық Советтің Омар Балапанович басшы болған кезінде атқарған жұмысы да недәуір. Омар – облыс, республика алдында да аса беделді азамат. Сол азаматтың басына іс түскенде қаламгер стилі ширап, шымырлыққа, тапқырлыққа айналып шыға келеді. Жалпы, Әкім стиліне тән нәрселер: шығарма құрылымына оқыс, төтенше жәйттарды енгізіп, туындыға детективтік сипат бере білуі, оқиға ізімен жүре отырып, ойнақылық, шымыр сипаттарды дарыта білуі. Қаламгер қаһармандарының ешқайсысы да «аштан өліп, көштен қалып» жатпағандары өз алдына, қай-қайсы болсын, жоқшылық, кедейшілік тұрмыстың ауыр тауқыметін тартып жүргендері де шамалы. Мәселе әр адамның тағдырына, өмірдегі қыруар құбылыстарға жазушының қаламгерлік дүнитанымымен баға беруінде жатса керек.
«Оның қаламынан туған әңгімелердің, повестердің, романның, пьесалардың негізгі тақырыптық өрісі – адамгершілік мәселесін қамтиды. Дүниеқоңыздық, мещандық өзімшілдікпен күрес сарын – авторлық мұратпен сабақтасып жатады» деп жазады ғалым Р. Нұрғалиев Ә. Таразидің шығармашылығы жайында.
Жазушының баяндауымен кейіпкерлер сөзінде бәлендей алшақтық байқалмайды, авторлық баяндау көп реттерде полифониялық сипат алған. Қаламгер «Тас жарған» немесе «Кен» романдарында болсын, кейіпкерлері бастан кешке оқиғаларға, түрлі өмірлік құбылыстарға өз қатынасын, өз бағасын беріп қалуға асығады. Жазушы өз кейіпкерлерін түрлі драмалық коллизиялар ішінде ұстауға тырысады. Сол арқылы әр адамға, ішкі дүниесінен, жан әлеміне суреткерлік зерделілікпен үңіледі.
Соңғы кездегі қазақ әдеби процесіне мықтап еніп, ұлттық топырақта өз бедерімен көрінген тәсілдерге психологизм, лиризм, т.б. жатады. Бұл орайда өзіне тән өрнек-машығымен өзгені тәнті еткен қаламгер – Қалихан Ысқақов десек, артық айтқандық болмас. Т. Тоқбергенов дәл басып айтқандай, «Оның кейіпкерлері сезім дүниесімен танылады». Өйткені біз сөз етіп отырған Қ. Ысқақов өзінің «Қара орман», «Ақсу – жер жаннаты» романдарында шығарма қаһармандарын сезім дүниесімен астастырып қана қоймай, авторлық баяндауларының өзін де сол сезім дүниесінен ойып алғандай ерекшелей білген.
Стильдік даралық тұрғысынан келгенде, «Ақсу – жер жаннаты» романы «Тұйыққа» қарағанда көлемі жағынан ғана емес, көркемдік ізденіс жағынан да көш ілгері туынды. Романда лирико-психологиялық сарын мен философиялық тереңдік қатар өрбіген.
Белгілі бір адамдық нормаларға сай келмейтін, бір қарағанда қисық, қыңыр мінездері де , сөйлеген сөздері де, өмірге деген көзқарасы да, дүниетанымы да алуан түрлі болып келетін кейіпкерлер келбетін кескіндеуде Қ. Ысқақовтың стилі, көркемдік ізденісі барлық қуатымен, барша қыр-сырымен көрінген. Жақыпты, Мешел мен Бескемпірді, Сиғатты, Әбдіжаппар мен Сан Санычты, Леся мен Асекеңді алыңыз, бұлар – бір-біріне ұқсамайтын түрлі жандар.
Ғасырлар бойы өздерін табиғаттың әміршісі деп емес, керісінше, сол табиғат-ананың бір бөлшегіміз деп есептеген көшпенді жұрттың сонау 20-сыншы жылдардағы жер бөлу, мал басын тәргілеу науқаны тұсында қаншалықты азап көргені, бейнет шеккені мәлім. Бүгінде қазіргі ұрпақ үшін тарихқа айналып бара жатқан сол оқиғалардың шынайы қыр-сырын кескіндеу, көркемдік ізденістер арқылы шын шеберлікке жету Төлен Әбдіковке недәуір салмақты міндеттер жүктегені мәлім.
«Өліара» романы - жазушының көлемді жанрдағы тырнақ алды шығармасы. Оқиғаны асқынтпай бір қалыпты беру, кейіпкерлерінің диалогы, монологы арқылы олардың болмыс-бітімін көрсету, ал сол арқылы ұлттық мінезді, оған тән аңқаулық, аңғалдық, ақкөңілдік, баршаға дос көңілмен қарайтын қадір-қасиеттерді індете көрсету – Т. Әбдіковтің қаламгерлік стиліне тән ерекшеліктер. Халықтың өткен тарихынан мысалдар келтіре отырып, тарихи зердеге барлау жасау, жұрт басында ауыр хал пайда болып, қара бұлт үйіріле бастағанда ғана жекелеген қаһармандардың толғанысқа беріліп, өз өміріне көз жүгіртуі, оның мән-маңызына үңілуі жазушының өзіндік машығына тән болып келеді.


2. Ресми әдебиеттерге сүйенсек, грек тілінен шыққан типология – «классификация предметов или явлении по общности каких-либо признаков».
Қазақ әдебиеттану ғылымында ұлттық туындыларымызды басқа елдер әдебиетіндегі ұқсас жайттармен салыстыра қарастыру М. Қаратаев, С. Қирабаев, З. Ахметов, З. Қабдолов, Е. Лизунова, Р. Бердібаев, Р. Нұрғалиев, Ш. Елеукенов, т.б. ғалымдардың еңбектерінен байқалады. Осылайша салыстыра кез келген әдебиеттің ұлттық шеңберінде томаға-тұйық қалып қоймауын байқатады, сондай-ақ қаламгерге де, зерттеушіге де кең тыныстылық дарытады.
Сірә, жалпыадамзаттық проблема етіп қарастырсақ, адам баласының болмыс-бітімі мен табиғатындағы адамгершілік, сұлулық ұғымдарына деген іңкәрліктен болса керек, кешегі Шекспир, Сервантес, Толстой, Достоевский, Абай, Махамбет, Горький, Әуезов, Шолохов, бертіндегі Ғамзатов, Айтматов, Сүлейменов т.б. алыптар өздері дүниеге келген топырақтың ауқымынан әлдеқашан шығып, әлемдік тұлғаға айналғандар қатарына жатады.
Тереңірек алсақ, бұл проблемаға тарихи-типологиялық тұрғыдан келу қажет деп тапсақ, одан салыстырмалы-тарихи және нақты-тарихи әдістер туындайды. Келе-келе тек типология деп атау кеңірек орын ала бастады.
И. Г: Неупокоеваның ойынша, әлемдік әдебиет жүйесіндегі, оның даму барысындағы көптеген процестер мен құбылыстардың типлогиялық ұқсастықтары басшылыққа алынуы керек, ал ұқсастықтарды қарастырғанда айрықша назар аударатын мәселе мынау: «как решается главная проблема искусства: человек во взаимодействии с окружающим его миром».
Біріншіден, бертінге дейін жарық көрген еңбектерде типологиялық талдау мәселесін сөз ете отырып, көркемдік әдіс, әдеби бағыт және идеялық ағымдарға көңіл бөлу назардан тыс қалған сияқты. Көп реттерде кез келген шығарманың социалистік реализмге қаншалықты қатысы бар екендігі ғана сөз болып, салыстыра талдаудың, өзара ұқсас жайттардың түп-тамыры неде жатыр деген проблемаға тереңірек үңілу ақсап жатқандай әсер қалдырады.
Сондай-ақ әдебиеттегі ұлттық характер мәселесінде де әр түрлі ұлт өкілдерінің қалай көрінгенін салыстырумен шектелгендік байқалады.
Адам тұлғасының тұжырымдамасы (концепция) тұрғысынан келсек, 60-80-інші жылдардағы қазақ романдарын аса кең Кеңістікте алып қарауымызға толық мүмкіндік бар, себебі, «алпысыншы жылдардан» деп басталатын ұғым күні кешегі кеңестік әдебиеттің бәріне тән.
Грузин зертеушісі С. И. Сигуа К. Гамсахурдианың шығармашылығын зерттеу барысында, «открытия». «изобретения» деген ұғымдарды келтіре отырып, былай деп жазады: «Изобретение» - прницип противоположный поэтическому повествованию. «Изобретение» меняет цвет и превращается в «открытие». Диалектика этих двух понятий с особой ясностью проявляется подчас в процессе разбора и оценки современной литературы».
Кемел суреткер Гамсахурдианың шығармашылығындағы аса күшті тұлғаларға баға беріп келіп, зерттеушінің мына айтқан ойлары 60-80-інші жылдардағы қазақ романдарының да көпшілігіне қатысты деп айтқанымыз абзал. «Қарғындағы» Жасын, «Өз отыңды өшірмедегі» Гүлия, «Тас жарғандағы» Омар, Әли, «Көк мұнардағы» Едіге, «Ақсу – жер жаннатындағы» Бекет, «Тосқауылдағы» Мұқтас, «Өлірадағы» Асқар, «Соңғы көштегі» Естай, «Тағдырдағы» Дәмежан т.б. бір-біріне бір жағынан алып қарағанда, ұқсамайтын бейнелер, екінші жағынан, бір-біріне ұқсас. Себебі, әрқайсысы өз әрекетіне есеп беріп, өз қимыл-әрекеттері арқылы өмір жайлы, адамның орны жайлы оқырманды да ойлантады, өздері де үнемі ойда, толғаныста жүреді.
А. Деменьтева мен М. Кузнецов «Время отсеяло крайности различных суждений и позволяет более объективно оценить, что сделано в области молодой прозы. Первый вывод – молодая проза не однородна. Второй вывод – молодая проза прошла свой путь развития, проделали его и многие из ее создателей, и путь этот нельзя иначе оценить, как путь повзросления» деп жазды. Бұл пікірдің қазақ қаламгерлеріне де қатысы бар екенін айтқанымыз жөн.
Жалпы, типологиялық мәселені сөз еткенде есте ұстайтынымыз мынау: ұлтына, наным-сеніміне, әдет-ғұрпына, тіліне қарап бөлгенімізбен, барша адамзаттың шығу тегі – біреу-ақ. Барша ұлттық әдебиеттер бір-ақ арна – әлем әдебиетінің қуатты салалары болып табылады.
Типологиялық байланыс қаламгердің, ол жасаған көркем бейнелердің болмысындағы, яғни Адам болмысындағы табиғи сипаттарды байқатады. Ендеше, осылайша тереңірек үңілудің нәтижесінде өткен ғасырдағы әйгілі қаламгер идеясының осы кезеңдегі жазушы шығармасының идеясымен үндесіп жатқандығын байқауға болады, сонымен бірге белгілі бір қаламгер шығармасын сөз еткенде, оның шығармашылығындағы типология мәселесін, сол ұлттық әдебиеттегі типологиялық байланыс проблемасын да назарымызда ұстауымыз қажет.
Кешегі Кеңестік дәуірде сексенінші жылдардың орта кезінен бастап, қайта құру, жариялылық, демокртия процестерінің бел ала бастағаны мәлім. Осының нәтижесінде бұрын тоталитиарлық режимнің бұғауын үзе алмаған көптеген шығармалар жарық көре бастады. Б. Пастернактың «Доктор Живаго», А. Бектің «Новое назначение», А. Рыбаковтың «Дети Арбата», т.б. шығармалар – осы «Жаңаша ойлау» кезеңінің жемісі. Қзазақтың біртуар перзенттері Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақыптардың өз еліне қайта оралып, туған халқымен, қауышуы да осы кезеңге жатады.
Міне, кезінде аса үлкен құбылыс болып, әдебиетке енген осы шығармалар шоғырына қазақ қаламгері – Т. Әбдіковтің «Өліара» романы да жатады. Бірнеше мыңжылдықтар бойында негізгі кәсібі - мал шаруашылығы болып, көшпенділік ғұмыр кешкен қзақтар үшін, еркіндікті, кеңдікті, ұшы-қиыры жоқ кеңістікті мойнына тұмар етіп таққан қазақ халқы өз тағдырында жаңа бір нәубетті, саясатты бастан кешірді. «Өліара» романын оқығанда осынау аса ауқымды мәселе қаншалықты дәрежеде өз көрінісін тапты деген сауал көкіректе тұрады.
Өмір мен Өлім беттескенде Асқардың жан даусы, жан айқайы шығатын сәт бар еді ғой, соған ұқсас жайт Можаев романында да бар. Осы романдағы Ашихмин, Возвышаев, Зениндер В. Беловтың «Кануны» шығармасындағы Игнаха Сопронов, И. Ауловтың «Касьян Остудный» шығармасындағы Борис Мошкинге келіңкірейді. Ал «Өліарадағы» Назар, онымен тілектестер осы топтың құрамына кіретін жандар.
Адамның, әсіресе, басшы қызметте отырған жанның жауапкершілігі, ел аманатын, халық мұратын ақтаудағы іс-әрекетін әр басшының әр қилы түсінетіні аян. Аң аулау барысында жалған жала жабылып, қызметінен шеттетілген атақты Омар Берденовтың басынан кешкен жайттары Ә. Таразидің «Тас жарған» романында ұтымды бейнеленген.
Жаны нәзік, өмір жайлы толғанғанда – философ, өнер жайлы ойлағанда - лирик болып кететін осынау бейне Д. Граниннің «Картина» романындағы С. Лосев бейнесін еске түсіреді.
И. Дворецкийдің «Человек со стороны» романындағы Алексей Чешковқа «Картинадағы» Уваров, «Тас жарғандағы» Қойшыбай Құлкелдиевтер ұқсас. Бәрі де аса азулы, аса мықты басшылар.
Армян зерттеушісі А. Карапетянның пікірінше, соңғы жылдары жарық көрген туындылардың ішінде В. Быковтың «Карьер», Ш. Айтматовтың «Жан пида», Ю. Бондаревтың «Ойын», В. Петосянның «Пустые стулья на дне рождения» шығармалары бір қатарлы тұрған шығармаларға жатады. Біз қарастырып отырған кезеңде эстон әдебиетінде «Қысқа роман» деген атпен мәлім болған романдар көптеп жарық көрді. Зерттеуші Н. Бассель бұл шығармаларды үлкен құбылыс деп бағалады.
Көлемі жағынан ол туындыларға қарағанда қазақ жазушысы О. Бөкеевтің «Өз отыңды өшірме» романы қомақты. Романның бас қаһарманы Дархан өзінің болмыс-бітімі , еңбекқорлығы жағынан Ш. Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы Едігені еске түсіреді. Едіге – Сарыөзек бекетінің, Дархан – Құланды бекет тұрғыны. Сарыөзек арқылы да, Құланды арқылы да поездар ағылып өтіп жатады. Екеуі де еңбек адамы. Екеуі де көнбіс, тағдыр тауқыметін қайыспай көтереді. Белгілі бір дәрежеде жан дүниесі, ішкі әлемінде де ұқсастықтар көп.
Ал оқырманға адам жұмбақтың, әлем-жұмбақтың көп сырларын ұқтырар Гүлия бейнесі өзінің адамдық табиғаты жағынан көп шығармалардағы әйел образымен үндес. Абайдай ұлы тұлғаның талғамынан шыққан Тоғжан мен Әйгерімнің біршама сипаттары, Булгаковтың Маргаритасының, Пастернактың Лирасының, Айтматовтың «Жан пидасындағы» Калистратовқа рухани сұлулықтың символы болып бейнеленген әйелдің, Драйзердің Каролинасының көптеген сипаттары Гүлия бойына жинақталған.
Қазақтың дарынды қаламгері Ж. Аймауытовтың стиліндегі асып-төгілген поэтикалық суреттемелер, ақындық шабытпен жасалған авторлық баяндамалар О. Бөкеевтің шығармашылық лабороториясына жақын.
Адам жанын, адам табиғатын жаңаша сипатта зертей отырып, 60-80-інші жылдардағы қазақ романдары өзінің көтерген проблемаларымен, тақырып ауқымымен, стильдік, көркемдік ізденістермен, жанрымен ерекшеленеді. Жалпыадамзаттық проблемалардың бірі – табиғат-ананы аялау, яғни экологиялық проблемаларды көтерумен Қ. Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты» романы, Л. Леоновтың «Орыс орманы», Ш. Айтматовтың «Жан пида», Ә. Нұрпейісовтің «Сең», В. Распутиннің «Матерамен қоштасу» сияқты шығармаларымен үндес, бағыттас.
Біз қарастырып отырған кезеңдегі Қ. Ысқақовтың «Тұйық», «Ақсу - жер жаннаты» романдары психологиялық-лирикалық туындыларға жатады. Таразидің «Тас жарған», «Кен» романдары да осы жанрдың туындылары. Мінеки, шамалы болса да, қазіргі қазақ романдарындағы типологиялық байланыс мәселелерін сөз еттік.
Пайымдай қарасақ, жанр, стиль, әдіс және ең бастысы – адам келбетінің сомдалуында, образдың ұқсастығында көп мағына бар екен. Бұл кезеңнің туындыларын 60-80-інші жылдары өнер шығармаларында күн тәртібіне айрықша қойылған мәселе – адамгершілік, этика, адам мен қоғамның қарым-қатынасы, адамның өзін-өзі тануы арқылы өзгені тануы, өз жан дүниесіндегі қайшылықты ғана емес, қоғамдағы қайшылықтардың да туындау себебін философиялық тұрғыдан танып, білуге тырысуы, т.б. проблемалар толғантқан екен. Ал мұның өзі сол тұста басталған үлкен бір көркемдік ізденістерді туғызды, бұл мәселелер айрықша ағымға айналды десек, артық айтқандық болмас.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет