Негізгі әдебиеттер тізімі 1. Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті.-Алматы, 2002
2. Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры.-Алматы, 1996.
3.Есембеков Т. Драматизм и казахская проза.– Алматы: Ғылым, 1997
4. Жарылғапов Ж.Ж. ХХ ғасыр соңындағы қазақ прозасының идеялық-эстетикалық мәселелері. –Қарағанды, 2003
5. Жарылғапов Ж. Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер. – Қарағанды: Гласир, 2009.
6. Жұмалиев Қ. Стиль - өнер ерекшелігі. Алматы, 1966. 23-24-бб.
7. Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начало ХХ века и современность). – Алматы: Ғылым, 1998.
8. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 9-том. – Алматы: ҚАЗақпарат., 2005.
9. Хамзин М. Қазіргі қазақ романы.-Қарағанды, 2002.
Қосымша әдебиеттер тізімі 1. Дәдебаев Ж. Жазушы еңбегі. Алматы, 2002.
2. Жұмағұлов С. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеттану ғылымы (1956-1991ж.ж.). – Қарағанды, 2008.
3. Жұмаділова Н. 1960-90 ж.ж. қазақ романы. –Қарағанды,2004.
4. Кекілбаев Ә. Сергек әдебиет – сертіне адал. //Жалын, 1989, №6. – Б. 21-26.
5. Қазақтың жүз романы. (Құраст. Р. Нұрғали).– Астана, 2004.
6. Майтанов Б. Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар //«Қазақ әдебиеті» газеті, 2004. №43. 9-б).
7. Тоқбергенов Т. Қос қағыс. –Алматы,1981.
8. Ысқақбай М. Шығарма шырайы –шындық. –Алматы, 1994.
13 дәріс
« Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша
ХХ ғасыр соңы қазақ прозасындағы әлеуметтік шындық. 1.Прозадағы этика-мораль мәселелері.
2.Әлеуметтік шындық және кейіпкер.
1. Қаламгерлер қай уақытта да көркем шығарманың рухани-эстетикалық қуат-күшін арттыру мақсатымен өзіне дейінгі айтыла қоймаған мәселені, айтылып кеткеннің өзінде, таныс тақырып ауқымында бөлекше ой түюге, оны өзіндік танымы тұрғысынан зерделеуге ұмтылатыны хақ. 70-80-жылдар мұндай ұмтылысты адамның сан-қырлы құпия болмысына дендеп ену, тереңдеп қамту ниетінен туған көркем бейнелердің бойынан көруге болады. Бұл шақ әдебиетіндегі кейіпкерлер - сыр алдырмас сырбаздығы мол, өздерінің ішкі әлеміне өздері еніп алған, жұмбақ қамалын оңай алдыра бермейтін кейіпкерлер ретінде танылады. Қаһармандар характері ашық қақтығыстарда да, ішкі драматизмі, қайшылығы мол болмысы арқылы да өзінің нағыз көркем образдық дәрежесіне жетіп жатты.
Соңғы онжылдықтар шеңберіндегі шығарманың ең маңызды компоненттерінің бірі - тартыс табиғаты өзгешелеу сипатта көрінеді. Бұған дейінгі қазақ прозасының даму жолын бағамдап отырсақ, көркем туындыдағы тартыс көбіне қарама-қарсы мүдделердің, әр түрлі позициялардың қақтығысы ретінде танылып жатты. Мұндай сипаттағы тартыс әдебиеттегі тапшылдық принциптерге орай айрықша қуат алған болатын.
Осы мәселе төңірегінде, жалпы тартыстың көркем табиғаты жөнінде З. Қабдолов өте орынды да, кесімді тұжырым жасаған болатын. Ғалым: “Конфликт деген екі адамның, екі топтың ашық айқасы емес. Рас, конфликт - тартыс. Бірақ тартыс болғанда ол - ашық, жап-жалаңаш тұрған даушар, жанжал емес. Ол - адам мен адамның қарым-қатынасындағы, адамның ой-санасындағы, дүниеге көзқарасындағы, тіршілігі мен тағдырындағы тартыс”(Қабдолов З. Жебе. Әдеби толғаныстар мен талдаулар. - Алматы: Жазушы, 1977. 83-б) - дейді. Зерттеушінің бұл жасаған түйінінен шығарма сюжетінде болатын, образдардың арасындағы ашық шарпысулар, түрлі мінездердің қақтығысы жоққа шығарылады деп, әрине, түсінілмейді. Бұл пікірде қайта тартыстың маңыздылығы, көп түрлілігі, тіпті бір адамның басындағы бола беретін қайшылықтар жөнінде айтылады.
Әдеби туындының өзегіндегі тартыс образ түзілісіне тікелей әсер ететіні белгілі. Қазақ прозасында кейіпкерлерді көбінесе қызмет орнында, еңбектің қызу ортасында, өмірлік ұстанымы жолындағы ашық айқастар үстінде көрсету тәжірибелері жеткілікті. Ал 70-80-жылдар әдебиетінде қаһарманның рухани дүниесіндегі тайталас пен қайшылықты құбылыстарды танытуда қаламгерлер жеке бас жағдайы мен тұрмыстық детальдарға дейін қағажу қалдырмайтын аналитикалық суреттеуге жүгіну байқалады.
Соңғы жылдарда адамгершілік-ұждандық мәселенің өткір қойылысы көркем прозадағы тартыс мәселесін тереңнен қамтуға, оның орнын айрықша ескеріп, түрлі шығармашылық тәжірибелердің жүзеге асуына түрткі болды. Жазушылар Ә.Тарази, М. Мағауин, Д. Исабеков, О. Бөкей, Қ. Жұмаділов, Ә. Кекілбаев сынды жазушылар жалпы адамға тән моральдық-этикалық қасиеттерге қарапайым адам деңгейінен де, қайраткер деңгейінен де үңіле бастады. Түрлі әлеуметтік ортадағы кейіпкерлерді ала отырып, олардың бойындағы, қоғамдағы жат құбылыстарға сыншылдық көзқарастарын барынша танытуды мақсат қылады.
Әлем әдебиеті үрдісіне назар салатын болсақ, қандай ұлы жазушы болмасын, өзі өмір сүрген уақытының, қоғамының адамгершілік атмосферасына, рухани бет-бейнесіне бей-жай қарай алмайтынына көзіміз жетеді. Әр қаламгер өзінің көркем туындылары арқылы заманының сұранысына ғана жауап бермейді, оның ар-ұждандық болмысына тікелей әсер етуді де көздейді. Бұл орайда көрнекті ғалым Л. Гинзбургтың пікірін келтіре кеткен орынды. “Литература имеет дело со свойствами, характерами, поступками - со всевозможными формами обобщенного поведения человека. А там, где речь идет о поведении, любые жизненные ценности оказываются в то же время ценностями этическими. Тем самым между литературой и этикой существует неразрывная связь. Поведение человека литература изображала всегда, следовательно, этика всегда была для нее внутренним, структурным началом”(Гинзбург Л.Я. О психологической прозе. - Ленинград: Ленингр. отдел худ. лит., 1977. 403-с) - деп тұжырады ол.
Мәселен, ХІХ ғасырдағы орыстың гуманист-жазушылары өз қоғамындағы тоғышарлық, топастық сананы аяусыз сынға алды. Осының нәтижесінде әлем әдебиетінен ойып тұрып орын алған Гогольдың “Өлі жандары”, “Құндақтаулы адамы”, Гончаровтың “Обломовы”, Салтыков-Щедриннің талантты туындылары дүниеге келді. Өз кезеңінің көлеңкелі тұстарын барынша жайып салған суреткерлердің бұл шығармалары отанына, еліне деген бөтен пиғылынан туды деп айта алмасақ керек. Қайта бұл құбылыстар туған халқына деген кіршіксіз адалдықтың белгісіндей болып, әдебиеттің өресін биіктетті, салмағын арттыра түсті.
Ұлттық әдебиетімізде бұл тақырыпты игеруде ұлы Абайдың дәстүрі адамтанудың көркемдік қырларына тың сипат дарытты. Ақын қоғам өміріндегі келеңсіздіктерді аяусыз әшкере ете отырып, сол қоғамды құрайтын адамдар бойындағы әр түрлі кесапатты мінездерді сынады, эстетикалық ерекше күшпен ізгілік ниетті насихаттады, биік парасаттылық пен рухани тазалықты дәріптеді. Адам бойындағы рухани құнарды, адамгершілік сезімнің асқақтығын көксеген Абай өз уақытының реалистік бейнесін жасады. Ұлттық дамуына кері әсерін тигізетін мерездік белгілерді ашына жырлаған ақынның сыншылдық ойлары “қалың елі, қазағына” деген өлшеусіз сүйіспеншілігінің айқын айғағы екені дау тудыра алмайтын ақиқат. Ақын мұрасының өміршеңдік қасиетінің ең үлкен сыры да осында.
Мәдениет, өнер демеуінен ажырап қалған қоғам қоғамдық кейпін жоғалтып, адамдар арасындағы қандай да болмасын қарым-қатынас мағынасыздыққа айналатыны белгілі. Саяси-экономикалық, ғылыми-техникалық, жалпы алғанда даму, ілгерілеудің қай түрі болсын рухани негізделмесе, қасіретке әкелетіні анық. Бұл тұста әдебиеттің орасан орны бар екендігі өзінен-өзі айқын. Ф. Кузнецовтың “Шын мәніндегі әрбір әдебиет үшін, егер ол әдебиет, яғни адамтану болса, онда адамгершілік ізденістердің болуы міндетті”(Кузнецов Ф.Ф. Размышление о нравственности. - Москва: Сов. Россия, 1979. 319-б) деп айтқанындай, жазушыны да рухани құбылыс деп танитын болсақ, оның ең бірінші азаматтық міндеті - өзінің адамзат алдындағы асқан жауапкершілігін сезіну.
Нобель сыйлығының иегері Габриель Гарсиа Маркес: “Меніңше, жазушы әрбір жаңа шығармасында концепция жағынан, жаңа қырынан көрінбесе ол оның ой әлеміндегі ізденістің тоқтағандығының айғағы. Атап айтқанда, өмірдегі жақсылық пен жамандыққа “сен тимесең, мен тименге” салып сүлесоқ, енжар қараған жерде жазушының азаматтық, адамгершілік болмысына ғана нұқсан келмей, оның ойы да рухани тоқырай бастайды”(120, 179) - деп айтады. Демек, адамгершілік, арлылық мәселесі - суреткерді шығармашылыққа бағыттайтын ең басты қозғаушы күш, қаламгердің азаматтық кредосын айқындайтын ең маңызды категория.
Бұл ретте 70-80-жылдар прозасының жемісі болып табылатын М. Мағауиннің “Қара қыз”, “Мұрагер”, “Тазының өлімі”, Т.Әбдіковтың “Түнгі қонақтар”, “Бас сүйек”, Т. Нұрмағанбетовтың “Қош бол, ата”, С. Мұратбековтың “Күсен-Күсеке”, “Үскірік” әңгіме-повестерімен қатар, Ә. Таразидің “Аяз бен Бибі”, “Қос шынар”, “Тасжарған”, “Қорқау жұлдыз”, Д. Исабековтің “Ескерткіш”, “Ақырмаштан наурызға дейін”, “Өкпек жолаушы”, “Пері мен періште”, “Дермене”, “Қарғын”, О. Бөкейдің “Атау кере”, “Бәрі де майдан”, “Құм мінезі”, “Елең-алаң”, Ә.Кекілбаевтің “Шеткері үй”, “Құс қанаты”, “Бір шоқ жиде” сияқты туындыларын моральдық-этикалық мәселені қозғаудағы, әлеуметтік маңыз алып кеткен тоғышарлық тәрізді қоғам өміріндегі кеселді сынға алуын ерекше бағалауымызға болады.
2. Қоғам бойындағы тоғышарлық элементтер, оның түрліше көрінісі соңғы жылдар прозасындағы ең ірі тақырыптардың бірі болды. Жазушылардың адамгершілік-гуманистік ізденістері көркем әдебиеттегі замандас проблемасына тереңдеп барудың, бүгінгі қоғамның рухани келбетін шамалаудағы талпыныстардан айқындалады.
Замандастар бойындағы адамгершілік сапа, ар-ұждан деңгейі жайлы толғану, қоғамның моральдық тұрпатын зерделеу Ә. Тарази творчествосының басты ерекшелігі ретінде бой көрсетеді. Әдебиеттің қай жанрында қалам тербемесін, жазушы бұл тақырыпқа мейлінше адал. Әкім творчествосының мол мүмкіндігінен хабар беріп, өзіндік стилін қалыптастыруда, көркемдік жетілуінде айрықша орны бар. “Аяз бен Бибі”, “Қос шынар” повестеріндегі негізгі тартыс та осы мәселеге құрылған. Бұл шығармалардағы кейіпкерлердің адамгершілік тұрқын бейнелеу арқылы автор қоғамдық мәні бар шындықты ашуды көздейді. Достық пен арамзалық, өрлік пен бейшаралық, адалдық пен қараулық сияқты бір-біріне қарама-қарсы категорияларды өзінің эстетикалық талғамы биігінен екшеп, әлеуметтік ортасының қадау-қадау мәселелерін қозғайды.
Жазушы дүниетанымы мен эстетикалық мұратынан шығатын шығарма проблематикасы көркем әдебиеттің негізгі мәселелерінің бірі. Бұл турасында ғалым Р. Бердібаев: “Замана жайлы терең үңіліп, жаңадан туындап жатқан қалың құбылыстар ішінен ең өміршең, өскелең, ділгір мәселелерді екшеп алу қаламгердің белсенділігіне, халық тағдырына, өмір сауалдарына қаншалық зерек, елгезек қарайтынына сын”(Бердібаев Р. Биік парыз. - Алматы: Жазушы, 1980. - 238 б. 46-б) - деп айтқан болатын. Сол сияқты Ә. Тарази де күн тәртібіне адамгершілік мәселесін өткір қою арқылы шығарманың әлеуметтік сұранысы мен қажеттілігін, оның өнегелік салмағын арттыра түседі. Сол себептен де қаламгердің бұл повестері тарихи дәуір шындығынан жырақтап кетпейді. Мұндағы қаһармандар - өз заманының перзенттері, олардың әрқайсысы өз уақытының мәселелерін арқалап жүреді.
Профессор Ш.Елеукеновтің “Адамгершілік, арлылық проблема-сында қалам тартқан жазушы махаббат пен зұлымдық, бақыт пен бақытсыздық сияқты “мәңгілік” тақырыптарға соқпай өте алмайды. Бұл ұғымдардың жалпы адамзаттық мазмұнын, оларды нақты түрде көрсетудің әлеуметтік-тарихи формаларынан бөлек алып қарауға болмайды. Адам бойындағы моральдық қазынаны нақты айқындалған кезінде көрсете білу көркемдік зерттеудің жаңа қатпарларына қарай жол ашады” (Елеукенов Ш. Замандас парасаты. Әдеби сын. - Алматы: Жазушы, 1977. 165-б) дегеніндей жазушының шығармаларындағы бүкіл құнарлы ой нақты замандастарының бойына шоғырланады.
Мейірімділік, адалдық, турашылдық сияқты асыл қасиеттерімен көзге түсетін Аяз бен Бибі (“Аяз бен Бибі”) өз айналасынан белсенділігімен, я болмаса асып бара жатқан білімдарлығымен ерекшеленетін жандар емес. Олар - жаңа ғана шаңырақ құрып, отбасылық өмірдің шиырына енді түскен, қойшылық кәсіпті таңдап алған қарапайым адамдар. Тіпті от-жалынды махаббат машақатына күйгендер емес. Автор бұл повесінде жастардың сүйіспеншілігінен гөрі, жалпы адамгершілік қасиеттер - ардың табиғи тазалығы, жоғары парасаттылық сияқты ұғымдардың мәнін ашуға көңіл қояды.
Шығарма оқиғасы өрбитін мекен етіп жазушы қайнаған тіршілік ортасын емес, иен даладағы қойлы ауылды алуында өзіндік емеурін бар. Арғы аталары Сайқы болып келетін, көршілес қоныстанған Ақжаңқа, Ораз, Аяз үйлері кең даланың төсіндегі санаулы адамдардың басын құрайды. Бірақ осы үш үйдің үш түрлі мінезі, үш түрлі дүниетанымы бар. Жазушы мұнда тартысты ұштағандық жүйеде алып қарайды. Негізгі қақтығыс мансапқорлық пен дүниеқоңыздық, есепқұмарлық пен аярлық мінездерімен дараланатын өресіз Ораз және оған қарсы жоспарда алынған Аяздың арасында. Ақжаңқа бейнесі аралық негізде алынған. Аяз бен Ораздың итжығыс айқасында таразы басын аудару осы Ақжаңқаның қолында қалады.
Ал Ә.Таразидің “Қос шынар” повесінде Көкөзек ауылының басшылары, рухани жарымжан Еркебұлан, Кірпішбайлар, бұлардың өмірлік принципіне мүлде кереғар - Сәнжан желісімен бірге ауыл мектебінің ішкі өмірі суреттеледі. Әсіресе, осы мектеп мұғалімдері - Сасан, Ақберді, Менбай сияқты жан дүниесі жалаңаш тоғышарлар мен автордың гуманистік мақсатынан туған қаһарман - Оразқұл арасындағы ымырасыздық аса ширыға суреттеледі.
“Мына отырған Сасан, мына Менбай мен Ақберді, анау Ақбердінің Қалисасы, Сасанның Жұпары “Ақ басты Калиманджароны” оқымақ түгіл, атын да естімеген-ау. Оқыса да түсінбес. Өзінің күнбе-күнгі ұсақ-түйек өмірімен әуре, өз қара басының қамы, ары кетсе өзінің бала-шағасының тілеуінен аса алмай жүрген тірліктің құлдары”.
Қодарқұлдың ішкі ойы арқылы мінездеме берілетін бұл кейіпкерлердің көтерген әлеуметтік жүгі едәуір. Өйткені мектеп - әрбір саналы деген азаматтың ұғымында аяулы да, қастерлі шаңырақ. Ұстаз - ең алдымен тәрбиеші, қоғамның үміт артар келешек буынына білім нәрін құюшы. Ал бұл шығармада жазушының астарлап ұсынатын ойы - қоғамның дертіне айналған тоғышарлықтың тамыры тым тереңдеп кеткендігі. Осы бір мерез қоғамның барлық салаларына айықпайтын дерттей дендеп алғандығы. Қаламгер осы көкейкесті мәселені ерекше мән бере суреттеуі өз қоғамының ешкім айта бермеген шындықтарын айтуға батыл қадамдары болып саналуы тиіс. Оның шығармашылығындағы осындайлық мазмұнды Р. Нұрғалиев: “Ә.Таразидің жазушылық бір ерекшелігі адам мінездерінің психологиялық табиғатын әлеуметтік факторлармен тығыз байланыста алуында жатыр”( Нұрғалиев Р. Екі томдық шығармалар жинағы. Т.2. - Алматы: Жазушы, 1991367-б) - деп әділ бағалаған.
Жазушының замандастар бойындағы адамгершілік қасиеттерді ашу жолындағы шағын жанрлардағы идеялық-көркемдік ерекшеліктер “Қорқау жұлдыз” романында біршама тереңдетіліп беріледі. Мұнда қаламгер тұрмыстық, отбасылық жәйттерді термелей отырып, адам табиғатының қылталы қалтарыстарын, психологиялық құбылуларын бейнелей отырып, әр алуан мінездердің пайда болу төркінін іздейді.
Романның өмірге келген уақыты сексенінші жылдардың соңы. Демек, шығармашылық бостандықтың ауыздығы алынып, заман алға тартқан мәселелерге тұйық сананың қабылдау орайымен емес, қоғамдық-әлеуметтік ірі проблемаларды бүкіладамзаттық талғаммен бажайлау мүмкіндігі ашыла түскен кез. Әкім бірқатар әңгіме-повестерінде бейнелеген, ара-тұра романдарында айналып соғып отыратын етене тақырыбы - мектеп өмірімен біте қайнасып жататын Сәлима, Тұңғатар және Сәрсенбай, Арасанбайлар арасындағы ымырасыздықтың сырларын суреттеу арқылы әлеуметтік жүгі қомақты шығарма жасаған.
“Әділдік неге әлсіз болуы керек? Қиянат неге құдіретті болу керек? Басқа салды көндім деп, қиянатшыл иттерді әбден дандайсытып жібергенбіз. Осы мына дүниеде қара ниеттілердің бел алып, күшейіп тұрғаны, әділдердің әлсіздігінің арқасы. Мен неге қара күштің садағасы кетуім керек?” деп шамырқанатын Сәлима өз жанының дауасын Тұңғатардан іздегенімен, олардан әлдеқайда көп, дәурені жүріп тұрған Сәрсенбайлар ырқына жібермейді.
Роман соңы бас кейіпкердің (Сәлиманың) аянышты өлімімен аяқталатыны белгілі. Авторлық позицияның да анық көрінетін тұсы - туынды финалы. Өйткені Сәлиманың Сәрсенбайлардың ұйымдастыруымен Тұңғатардың үстінен жүріп жатқан сот залына жалынға оранып кіріп баруында терең мағына бар. Шығармадағы сот орны символдық мәнге ие. Ол бүкіл әділетсіздік атаулыға үкім айтатын, адалдықтың ақ туын желбіретуге тиісті орын. Ал Сәлима болса, дәл осы мекемені өртеуге соңғы қайратын жинап ұмтылады. Енді оның тоғышарлық пен жең ұшынан жалғасқан мына жүгенсіздікке қарсы жасауға тиісті соңғы наразылығы, соңғы ышқынысы. Автордың көрсетуінше, Сәлима - Сәрсенбайшыл-дықтың құрбаны. Ол - Сәрсенбай сияқты пасық залымдардың ұйымдасқан айлалы әрекетін, олар қалыптастырған заңдылықтарды жеңіп шыға алмаған қаһарман. Жақсылық жамандық алдында осылайша жеңіліс табады. Мұнда жазушының қалыптасқан жүйеге наразылығы жатыр. Сәлиманың ізгі ниеті мен әділдік үшін болған жандәрмен күресі ақыр соңында үлкен трагедияны әкелді. Адал сезімдерді аяққа таптаған, рухани өсудің, қоғамдағы ізгілік қағидаларының салтанат құруына ең басты кедергі тоғышарлықтың ұшығын ұстатпайтын кеселге айналғаны шығарманың идеялы тұғырын анықтайды.
Адамгершілік мәселесіне келгенде сыншылдық көзқарасты ұстану Ә.Таразидің “Тасжарған” романындағы Омар бейнесі мен Д.Исабековтың “Қарғын” романындағы Жасын бейнелерін жақындастыра түскен. Ә. Тарази шығармасындағы басты тұлға Омар - қанша жерден адалдық танытып, “қара қылды қақ жаратын” басшы бола тұра өмірдің тұщысынан гөрі кермегін көп татқан жан. Оның бойындағы кіршіксіз ниеті, тек биіктік пен өрлікті сүйетін адал көңілі өз ортасынан табылып жататын екіжүзділік пен сатқындық қылықтардан теперіш көріп жатады. Бірақ атақтан, абыройдан айрылып қаламын-ау, ашқан ғылыми жаңалықтарымды бедел көтеруге жаратсам-ау деген ой оның басына әсте келмейді. Аблез, Мамыржан, Мәтеков, Кашафов сияқтылардың сырттай жасалып жатқан қаскүнем әрекеттеріне ашық түрде қарсы шықпауы, я болмаса ешкімге барып шағынбайтын мінезі де Омардың биік парасатын көрсететін қасиеттер. Ол рухани тіректі, жалғыздықтың дауасын Ұлмекен, Әлилерден ғана іздейді.
Л.Гинзбург: “В литературе отношение между моральными критериями и героями также зигзагообразно. Положительного героя не следует смешивать с добродетельным героем (даже идеальные герои не ведут себя точно по программам долженствования). Литературе - особенно со времен Ренесанса - требуется конфликт, движение, борьба, следовательно герой, отклоняющийся от нормы, ошибающийся, доступный страстям и соблазнам” (132-с) десе, Омар бейнесі дәл осы сипаттағыдай мүсінделген.
Ә.Тарази қазақ прозасында 70-жылдары әлі де маңызын жоя қоймаған партия қызметкерлерінің бейнесін жасауда әбден қалыптасып қалған жасанды қағидалардың бұзылуына әсер етті деп айтатынымыздың үлкен бір себебі - Омар образын ашудағы тұрмыстық детальдарды, оның қоғамдық ойындағы ғана емес, жеке басындағы жайларды мол суреттеу арқылы қол жеткізгені еді. Қаһарманның шындыққа жақын бейнесін жасау автор үшін замандас бойындағы, мінезіндегі, жалпы адамның табиғи жаратылысына тұнған құпия қалтарыстарды барлауға, соны суреткерлікпен талдауға қажет болғаны даусыз.
Жазушы өз шығармаларында біржақты, қалыпты шешімдерден бойын аулақ ұстайды. Омар (“Тасжарған”), Сәлима (“Қорқау жұлдыз”), Сәнжан (“Қос шынар”) сияқты адал азаматтардың үнемі жолы бола бермейтінін көрсетеді. Омар сынды қаһарманның түрлі ауытқуларға ұшырауында ортаның күшті әсері бар. Мұндай ойды қаламгер кезінде “Қос шынар” повесінде айтып кеткен болатын. Бұл шығарманың кейіпкері Қодарқұлдың мына бір толғанысына көңіл аударайық: “Әр адам әр түрлі бояу іспеттес - дейтін ол. - Жанаса кетсе бір-біріне әсер етеді. Немесе бірін-бірі аша түседі. Немесе бірін-бірі былғайды. Тым араласып кетсе, екі бояу да өз реңін жойып, басқа бір - не тартымды, не тозаңқы түр табады”.
Автор түрлі әлеуметтік топтар өкілдерінің құбылуларын, өзгешеліктерін зерттейді. “Тасжарған” романында Омар өзінің адамгершілік деңгейінен алыстап, өзіне қарсы топтың арасына сіңіп кетпеген. Бірақ оның тұлғасындағы қайсыбір қасиеттердің аз да болса өзгеріске ұшырағанын танимыз.
Д. Исабековтың “Қарғын” романындағы Жасын - өз айналасына, қоғамына сын көзімен қарайтын адам. Кейде оның бұл көзқарасы тым қатал түрде көрініс беріп жатады. Тоғышарлық сананың әрбір белгісін ол тіпті эмоционалды қабылдайды. Көркем бейненің бойындағы мұндай әсершілдік - өз айналасындағы пасықтық пен көркеуделік сияқты, адамның екіжүзділігі мен жалған моральды ұстанатын жасандылығына деген мейлінше ымырасыздығынан, шығарма фабуласындағы сыншылдық рухтың күштілігінен.
Д.Исабековтың романындағы тоғышарлық тірліктің психологиясына барлау жасау көбіне-көп Сәргел мен Тұрғат бейнелеріне қатысты болып келеді. Осы жерде жазушының психологиялық талдау шеберлігіне қанығамыз. Бұлардың Жасын, Мәликелерге қарағанда дүние тану қырлары, өмір құбылыстарына баға беру ерекшеліктерін көркем бейнелеу арқылы сезім сырларын, ішкі портреттерін ашуды мақсат қылатын жазушы бұл образдарды эпизодтық деңгейден алып шығып, анағұрлым толымды етіп көрсетуге сәтті қадамдар жасайды.
Қаламгер Сәргел бейнесі арқылы тоғышар сынды әлеуметтік типтің пайда болу, қалыптасу тарихын көрсетуге бармаған. Сәргел бізге әбден рухани кембағалдыққа ұшыраған, соған бойын үйретіп үлгерген “дайын” күйінде көрінеді. Сәргел - алаңсыз тіршілік кешкен адам емес. Оның жанынан үнемі көлеңкедей еріп жүретін сезім - күдік. Күдік - оның өмір танымы. “Бәрі де күле кіріп, күңірене шығатын адамдар. Өзінен озған былай тұрсын, осы күні қатарлассаң да жұрт күндейді. Бәрі жау, бәрі! Бұ заманда дос жоқ, “мен, тек мен, өзім болсам” деген кез. Өзінен артылғанын ғана досына береді, иә, артылғанын ғана. Ешкімге сенбеймін. Өз ойым өзіңе жау боп тұрғанда басқаға қалай сенбекпін! Әйеліме ме? Еркектің бірінші жауы - әйелі!”.
70-жылдар ауқымындағы прозада қоғам өміріндегі іркіліс қозғалыстарды бейнелеуге келгенде мансапқорлық пен тоғышарлық сынды айрықша көтерілген мәселеге жазушылар көбінесе интеллигенция өмірін, оның ішінде ғылыми интеллигенция тіршілігін бейнелеу арқылы келді. Бұған дейін мұндай әлеуметтік қабаттан шыққан әдеби қаһармандардың адамгершілік қасиеттері олардың өз жұмысына, ғылымға деген ізденісіне қатысты болса, осы жылдары негізгі нысана ғылым мен адамгершілік, ғылым мен ұждан болып отырды. Сәргел (“Қарғын”), Сәрсенбайлар (“Қорқау жұлдыз”) қоғамның шындығынан өніп шыққан әлеуметтік құбылыс. Қаламгерлер осындай типтік бейнелерді сомдау арқылы замандастарымыздың рухани-ұждандық болмысын таразылауға ден қойды.
Д. Исабековтың “Қарғын” романына қатысты атап өтуге тиісті нәрсеміз - тоғышарлық психологиясын зерттеудегі, жалпы адамның рухани-сезімдік әлемін реалистікпен танытудағы мәні бар бейне - Тұрғат образы. Романдағы бұл бейне жазушының психологиялық талдау шеберлігін тани түсуіміз үшін де қажет жақтары бар.
Жазушылар Ә. Тарази, Д. Исабеков тоғышар бейнелеріндегі психологиялық күйлерді олардың өмірлік ұстанымдарына қарай бейнелеп көрсетуге негізгі екпін түсіреді. 70-80-жылдар прозасында адамгершілік-этикалық мәселенің қойылысында анық сезінерлік ерекшеліктердің бірі жоғарыда біз атап өткеніміздей, жақсылық пен ізгілік жағынан табылатын қаһармандардың жамандық алдында көбінесе жеңіліс тауып жататыны. О. Бөкейдің “Құм мінезіндегі” Бархан, “Бәрі де майданындағы” Ақан, Д. Исабековтің “Дерменесіндегі” Тоқсанбай, “Өкпек жолаушыдағы” Айтөре, “Гаухартастағы” Салтанат, Ә. Таразидің “Қос шынарындағы” Сәнжән, “Қорқау жұлдызындағы” Сәлима, “Кеніндегі” Мәрзия, Ботабайлар жақсылықтың жаршылары бола жүріп, зұлымдық пен сұрқиялықтың көріністерімен бетпе-бет келгенде, көп ретте қауқарсыздық пен шарасыздық танытып, теперіш көріп жатады.