Дәріс №10.
Пікірталас және оны ұйымдастыру жолдары. Пікірталастың ережелері
Пікірталас – оқушылардың сыныпта немесе шағын топ ішінде нақты бір мәселелер мен құбылыстарға немесе оқиғаларға қатысты жеке пікірін білдіруі және басқалардың пікірін тыңдау, оған қатысты өз пікірін айтуы. Пікірталас кезінде өз ойын дұрыс жеткізе алуға қалыптасу үшін пікірталас мәдениетін меңгеру маңызды рөл атқарады. Пікірталас мәдениетіндегі ең бастысы аудиторияға ой тастау. Ал көпшілік ойын әрқашан бір арнаға тоғыстыра бермейді. Ойды ой қозғайды, жаңа пікір тудырады немесе жаңа пікірдің ашылуына жағдай жасайды, не қарсы көзқарас пайда болады. Пікірталас кезінде қойылатын сұрақтың мазмұнына қарап, оны екіге бөлуге болады: түсіндірме сұрақтар; қосымша сұрақтар. Сұраққа берілген жауапқа әрқашан да барлығы бірден келісіп, мойынсұна бермеуі де мүмкін, осыдан пікірталас пайда болады.
Пікірталас – түрлі көзқарас, ой-пікірлерді қатар қою, салыстыру, салғастыру арқылы өзінің көзқарас, ой-пікірін дәлелдеу.
Пікірталасты мынадай түрлерге бөлуге болады: пікір алмасу, ойталасы, пікірсайыс, ой бөлісу, айтыс, т.б.
Пікірталас жастарды көшбасшылыққа баулудың бір құралы да болып табылады. «Адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі - қолбасшылық, екіншісі - шешендік» - деп ертеректе Цицерон айтқан. Кез келген құбылыс немесе оқиғаға қатысты өз пікіріңді жеткізу – жеке тұлға ретіндегі беделіңді арттырады.
Пікірталас үлгісі
1. Мұғалім сабақта қарастырылып жатқан тақырып бойынша кемінде 2 шешімі бар мәселені оқушыларға жариялайды.
2. Оқушылар төрт адамнан тұратын шағын топтарға бөлінеді.
3. Топ ішінде оқушылар қарама-қарсы көзқарастар бойынша екі-екіден бөлініп жұптаса отырып, өз позициясын қорғауға дайындалады (бұл жерде оқушылар жұптарға өз қалауы бойынша немесе мұғалім нұсқауымен бөлінеді).
4. Жұптар уақытша бұзылып, оқушылар аудитория ішінде өз жақтастарын тауып, басқа жұптар құрып, өз дәлелдерімен бөліседі,оларды толықтырады.
5. Оқушылар алғашқы жұптарына қайта оралып, басқа оқушылардан естіген дәлелдерін ортаға салып талқылайды, алдағы пікірталасқа дайындалады.
6. Жұптар топ ішінде кезекпен екінші жұпқа өз позициясын жеткізеді. Қарсы жақ мұхият тыңдап, туындаған ойларын қағазға жазып отырады.
7. Екі жұп бір-біріне сұрақтар қойып, жауап беріп өз ұстанымдарын жақтап, пікірталасқа кіріседі.
8. Пікірталас тоқтатылып, екі жақ келісім мен мәмілеге келетіндей ортақ шешімді іздестіреді. Мұнда әр жақтан ұтымды дәлелдер ескеріледі.
9. Оқушылар пікірталаста туындаған өз ойларын, ұстанымдарын қағазға түсіріп, есеп береді, бағалау жасайды.
Пікірталастар жүргізуге арналған жаттығулардың уақыт шеңбері, жұптық әңгіме, стоп-кадр, еркін талқылау, Джигсо, сұрақтар шеңбері, 3 қадамдық сұқбат т.б. түрлері бар.
Достарыңызбен бөлісу: |