Білім беру ұйымдарынбағалау өлшемшарттары Ескерту. Өлшемшарттар жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 26.07.2021 № 366 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттары (бұдан әрі – Өлшемшарттар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 21-2) тармақшасына сәйкес білім беру ұйымдарының білім беру қызметін өзін-өзі бағалауды жүзеге асыру кезінде пайдалану мақсатында әзірленген.
2. Осы Өлшемшарттарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттары – білім беру ұйымын бағалауды анықтау үшін қолданылатын, білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілермен бекітілген талаптардың жиынтығы;
2) бағалау өлшемшарттары – білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауды жүргізуге негіз болатын белгілер мен нақты өлшеуіштер;
3) білім беру бағдарламасы – оқытудың мақсатын, нәтижелері мен мазмұнын, білім беру процесін ұйымдастыруды және оларды іске асыру тәсілдері мен әдістерін, оқыту нәтижелерін бағалау өлшемшарттарын қамтитын білім берудің негізгі сипаттамаларының біртұтас кешені;
4) кешенді тестілеу – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қолданылып, бірнеше оқу пәндері бойынша бір мезгілде өткізілетін емтихан нысаны;
5) оқыту нәтижелері – білім алушылардың білім беру бағдарламасын меңгеру бойынша алған, көрсететін білімінің, машықтарының, дағдыларының бағалаумен расталған көлемі және қалыптасқан құндылықтар мен қарым-қатынастар;
6) оқу бағдарламасы – әрбір оқу сабағы, әрбір оқу пәні және (немесе) модуль бойынша меңгерілуге тиіс білімнің, машықтың, дағды мен біліктіліктің мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама;
7) оқу жоспары – тиісті білім беру деңгейінде білім алушылардың оқу сабақтарының, оқу пәндерінің және (немесе) модульдердің, кәсіптік практиканың, өзге де оқу қызметі түрлерінің тізбесін, реттілігін, көлемін (еңбекті қажетсінуін) және бақылау нысандарын регламенттейтін құжат.