3 - тарау. Қамқоршылық кеңестің функциялары 14. Білім беру ұйымының Қамқоршылық кеңесі: 1) білім беру ұйымды дамытудың басым бағыттары бойынша ұсынымдарды келіседі; 2) білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органға Қамқоршылық кеңес анықтаған білім беру ұйымының жұмысындағы кемшіліктерді жою туралы ұсыныстар енгізеді; 3) білім беру ұйымының бюджетін қалыптастыру кезінде ұсыныстар әзірлейді; 4) білім беру ұйымның жарғысы мен ішкі тәртіп ережелеріне өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді келіседі; 5) "Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығына сәйкес (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7495 болып тіркелген) білім беру ұйымы басшысының бос лауазымына орналасуға кандидаттармен әңгімелесу қорытындылары бойынша хаттамалық шешімді келіседі және шығарады; 6) тиісті деңгейдегі уәкілетті органның аттестаттау комиссиясына біліктілік санатын беруге (растауға) кезекті аттестаттаудан өтуге оның жұмысының қорытындылары бойынша білім беру ұйымының басшысына ұсыным хат ұсынады; 7) білім беру ұйымына қайырымдылық көмек түрінде түскен қаржы қаражатын бөлу жөнінде келіседі және хаттамалық шешім шығарады, оның нысаналы жұмсалуы туралы, демеушілік, қайырымдылық және өзге де көмекті пайдалану бағыттарын, нысандарын, мөлшері мен тәртібін таңдау жөнінде шешім қабылдайды; 8) тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу процесіне мониторинг жүргізеді; 9) тәрбиеленушіні білім беру ұйымынан басқа білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымға ауыстыруды келіседі; 10) жазғы демалыс кезінде жазғы сауықтыру лагерьлерінде болу шарттарын, "Балдәурен" республикалық білім беру орталығына және "Бөбек" ұлттық ғылыми-білім беру орталығына жіберілетін білім алушыларға үміткерлердің тізімдерін келіседі; 11) тәрбиеленушілерді психологиялық және құқықтық қолдауға, олардың отбасылық орналасуына, асырап алушы ата-аналарды сүйемелдеуге және білім беру ұйымының түлектерін интернаттан кейінгі сүйемелдеуге жәрдемдеседі; 12) білім беру ұйымы жанынан құрылған Асырап алушы ата-аналар мектебімен өзара іс-қимыл жасайды; 13) білім беру ұйымының санитариялық-гигиеналық жағдайларының сапасына, тамақтанудың сапасына, киім-кешектің, дәрілік препараттардың, іргелес аумақтың жай-күйіне қоғамдық бақылауды жүзеге асырады; 14) білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің жеке және заңды тұлғалардан түсетін ақшалай қаражаттары мен материалдық құндылықтарының сақталуын, олардың мүліктік және мүліктік емес құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бөлігінде олардың құқықтарының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады; 15) тәрбиеленушілерге қатысты тәлімгерлік практикасын дамытуға жәрдемдеседі; 16) тәрбиеленушілерге қолдау көрсету және материалдық-техникалық базаны нығайту үшін білім беру ұйымдарының шотына түскен демеушілік қаражаттың жұмсалуын бақылайды; 17) білім беру ұйымы әкімшілігінің тәрбиеленушілер арасында құқық бұзушылықтардың, қылмыстардың, нашақорлықтың, алкоголизм мен темекі шегудің, қаңғыбастық пен қайыр сұраудың алдын алу жөніндегі қызметіне жәрдемдеседі; 18) тәрбиеленушілер арасында тәртіпті нығайтуға жәрдемдеседі; 19) білім беру ұйымы тәрбиеленушілерінің заңды өкілдерімен және туыстарымен өзара іс-қимыл жасайды және білім беру ұйымында туындаған жанжалдарды шешуге жәрдемдеседі; 20) білім беру ұйымы әкімшілігінің қызметіне тәрбиеленушілерге оқыту, тәрбиелеу, емдеу, әлеуметтік бейімдеу, оңалту және қоғамға ықпалдасу үшін жағдайлар жасауда жәрдемдеседі; 21) білім беру ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметіне мониторингті жүзеге асырады; 22) тәрбиеленушілерден және олардың заңды өкілдерінен анонимді сауалнама жүргізу арқылы білім беру ұйымындағы білім алушылардың тұрмыс жағдайлары мен білім алуына қанағаттану дәрежесіне жылына 1 (бір) рет мониторинг жүргізеді; 23) ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім беру ұйымдарының мүдделері бойынша үйірмелерде және спорт секцияларында қамтылуына жылына 1 (бір) рет мониторинг жүргізеді; 24) білім беру ұйымы басшысының білім беру ұйымының қызметі туралы есептерін жылына кемінде 2 (екі) рет тыңдайды. 25) білім беру ұйымының қызметі бойынша мәдени-сауықтыру іс-шараларын, конференцияларын, кеңестерін, семинарларын өткізуге ықпал етеді; 26) Қамқоршылық кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша заң және нормативтік құқықтық актілер жобаларын қоғамдық талқылауға қатысады. Бақылау барысында анықталған бұзушылықтар кезектен тыс отырыстың қарауына шығарады. 15. Қамқоршылық кеңестің қызметі осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес білім беру ұйымының Қамқоршылық кеңесінің үлгілік жұмыс жоспары негізінде әзірленген оқу жылына арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.