Қорытындыдазерттеу жұмысыныңтың нәтижелері тұжырымдалып, ұсыныстар берілді. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі тіркелді.
Қосымшада зерттеу мазмұнына қатысты жұмыстардың үлгісі берілді.
1. ИНТЕРАКТИВТІК ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ 1.1. Ақпараттық-мультимедиялық технологиялардың мәні Қазіргідей әлемдік ғаламдану процесі кезеңінде ақпараттар ағынынан адам баласы өзінің ұдайы дамып отыруына керекті ақпаратты саралап, екшеп пайдалана білуі – бүгінгі уақыттағы басты мәселе. Бұл, әсіресе, өскелең ұрпақтың санасын саналуан ақпараттармен улап, ой-өрісінің дамуын дүбара күйде қалдырмаудың басты шарттарының бірі. Осыдан келіп туындайтын мәселелердің бірі – жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беретін мектепте оқытудың жаңа инновациялық әдістерімен толықтыру; оқытудың жаңа технологияларын іздестіру; оқушыны ақпаратты талдай білуге, ақпараттық, мультимедиялық технологияларды тиімді пайдалана білуге үйрету.
Еліміздегі саяси, әлеуметтiк, экономикалық және т.б. өзгерiстер бiлiм беру жүйесiне де әсер етуде. Қазіргі кездегі шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті күшейте түсуде.
Қазіргі уақытта «қоғамды ақпараттандыру», «білім беруді ақпараттандыру » деген сөз тіркестері біздің сөздік қорымызға еніп кетті. Олай болса, қоғамды ақпараттандыру дегеніміз не? Қоғамдық ақпараттандыру дегеніміз – ғылыми техникалық прогресс жетістіктерінің күнделікті тұрмысқа ауқымды енуінің нәтижесі, яғни адам өміріне іс – әрекеттің интеллектуалды түрлерінің жан – жақты әсер етуі мен ролінің жоғарылауына байланысты объективті процесс.
Ол оқыту мазмұны, әдісі мен ұйымдастыру түрлерінің өзгерісін тездетеді. Бұл процестегі негізгі мәселе білім берудің мазмұны мен мақсатын өзгерту болып табылады, ал оны технологиялық жағынан қамтамасыз ету – өндірістік мәселе.
Білім беру саласының барлық жағына жаңаша көзқарас, жаңаша қарым-қатынас жаңаша ойлау қалыптасуда. Бұл өзгерiстер оқыту әдiстемесiнде жаңартулар ғана емес, білім беру мекемелерінде жаңа пәндер, ендiруге қажеттiлiк тудырды осы мәселе жөнінде Елбасымыз өзінің кезекті Қазақстан Халқына жолдауында баса айтқан болатын.
ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір.
Білім беру үрдісін ақпараттандыру – жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу – тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарлатуды көздейді.
Білімді ақпараттандыру — бұл білім беру саласын методологиямен және практикамен қамтамасыз ету, оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық-педагогикалық мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған қазіргі немесе ақпараттық технологияларды құру және оңтайлы қолдану үрдісі.
Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында : «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін жағдайлар жасау керек» – деп көрсетілген. Солардың бірі білім беруді ақпараттандыру барысында дидактикалық және оқыту құралы болып компьютер саналады. Сондықтан кез келген білім беру саласында мультимедиялық электрондық оқыту құралдары барлық пәндерді оқытуға пайдаланады. Бұл бағытта ақпараттық технологияны оқыту үрдісіне екпінді түрде енгізу бағытында және қолданылатын жаңа құралдардың бірі – бағдарламалық – техникалық кешен болып саналатын « Активті экран » болып табылады.
Ақпараттық қоғамның негізгі талабы – оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық – құрылымдық ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны өзіндік даму мен оны іске асыру құралы ретінде пайдалану дағдыларын қалыптастырып, ақпараттық қоғамға бейімдеу.
Олай болса, ақпараттық бірліктердің білімге айналуы әлемнің жүйелік – ақпараттық бейнесін оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен құндылық бағдарларын дамыту арқылы қалыптастыруды көздейтін, адамның дүниетанымының құрамдас бөлігі болып табылатын интеллектуалды дамуды қалыптастырудың бір жолы.
Ақпараттық бірлікті қалыптастыру: мектептің материалдық -техникалық базасына; ақпараттық қоғам саясатының мақсаты мен міндеттеріне; оқушылардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру жүйесіне; оқушылардың жас ерекшеліктері мен меңгеру қабілеттеріне, педагог мамандардың информатикадан білім деңгейлерінің сапасы мен шеберліктеріне, оқу – тәрбие бағытының ақпараттық қоғам бағытымен өзара байланысына тәуелді.
Мектепте оқытудың негізгі мақсаттарының бірі оқушылардың ақпараттық мәдениетін қалыптастырудан тұрады. Қазіргі ақпараттық технологияларды қолданудың басты сипаттамасы оқытуды дифференциациялау және даралау, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық танымдық белсенділігін дамыту мүмкіндігі болып табылады.
Ақпараттық технология электрондық есептеуіш техникасымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электрондық оқулықтарды, интерактивті құралдарды қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына негізделеді.
Ақпараттық әдістемелік материалдар коммуникациялық байланыс құралдарын пайдалану арқылы білім беруді жетілдіруді көздейді.
Ақпараттық – коммуникациялық технологияның келешек ұрпақтың жан – жақты білім алуына, іскер әрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын педагогикалық, психологиялық жағдай жасау үшін де тигізер пайдасы аса мол.
Оқу үрдісін қазіргі ақпараттық технологиялар негізінде ұйымдастыру үшін көптеген оқу бағдарламалары мен оқу құралдары дайындалды. Десек те әр мұғалім өз бағдарламасын, оқу және дидактикалық материалдарын өзі дайындайтыны шындық. Мектептегі оқыту жүйесінде қолдануға арналған бірқатар компьютерлік бағдарламалар жинақталған.
Осындай бағдарламалардың ең маңыздыларының бірі кем дегенде екі қатысушы арасындағы диалогта ақпарат алмасуды көздейтін интерактивтік оқыту бағдарламалары болып табылады. Сондай-ақ дамытушы бағдарламалар оқушыларды оқу проблемасын шешуге баули отырып, олардың интеллектуалдық деңгейін дамытады. Компьютерлік бағдарламалар электронды және мультимедиялық оқулықтарды бірлікте жиі қарастырады, яғни біріктіреді.
Оқушыларға информатиканы оқытудың және қазіргі ақпараттық технологияларды меңгертудің әдістемелік жүйесін құру қажеттігі туындап отыр. Ол үшін ең алдымен, оқыту формалары мен әдістерін құру және жетілдіру қажет. Мектеп оқушыларының жетекші білім жүйесін нәтижелі меңгеруіне, оларды тәрбиелеу және дамыту тиімділігіне бағыттауы тиіс. Мектептерде қолданыс тапқан әдістемелер оқытудың идеялық-философиялық тұстарын, дүниетанымдық аспектілерін, тәрбиелік мүмкіндіктерін және білім беру құндылықтарын қарастыруы тиіс. Информатиканың функциясы ақпараттық үрдістің тірі табиғаттағы, техникадағы, қоғамдағы ролін ашуымен, компьютерді оқу міндеттерін шешу құралы ретінде қолдану дағдыларын қалыптастырумен, оқушылардың кәсіби бағдар міндетін жүзеге асырумен байланысты. Дәстүрлі оқыту әдіс-тәсілдері мен құралдары қазіргі сабақ үлгісіне көшу барысында талапқа сай модификациялануы тиіс. Сонымен қатар оқыту мақсатына жетуді оқытудың дәстүрлі және жаңа тәсілдерінің кешені қамтамасыз етеді.
Компьютерлік техниканың дамуы осы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, десек те қолданыстағы электронды түрдегі материалдар орта деңгейдегі тұтынушыларға бағытталған. Мектептегі оқу үрдісін жетілдіру және академиялық ғылымымен интеграциялау мақсатында электронды тасымалдауыштарда интерактивтік оқу материалдарын шығаруды жолға қою қажет.
Компьютерлік оқулық әдеттегі оқулықтардың барлық артықшылықтарын тез тираждау және үзіліссіз жетілдіру мүмкіндігімен біріктіреді. Компьютерде компьютерлік графика көмегімен жүргізілетін зертханалық (лабораториялық) жұмыстар артық шығынсыз ең күрделі процестерді үйренуге мүмкіндік беретінін көрсетті.
Бүгінгі күні оқытудың ең күрделі мәселесі мектептегі, оның ішінде, бастауыш мектептегі оқу үрдісін оңтайландыру болып табылады. Бастауыш мектептегі информатика курсы бастауыш мектептің оқыту аясында бала өміріне шектеулі түрде енетін дамытушы, қолданбалы сипатта болуы тиіс.
Бір мезетте қазақ тілін, әдебиеттік оқуды, математиканы, музыканы т.б. оқытып жүрген мұғалім, басқаларға қарағанда саналуан пәндер мен технологияларды интеграциялау үрдісін меңгеруге дайын болады. Тек мұғалім компьютер ұсынған шектеусіз мүмкіндіктерді өзі түсінуі және қабылдауы қажет.
Саналуан объективті себептер (ескі дәстүрлер, бағдарлама талаптары т.б.) мұғалімге өзін өзгертуге кедергі келтіреді. Информатика сабағына дәстүрлі мектеп сабақтарында қиындықпен енгізілген ақпараттар енгізіліп отыр.
ХХI ғасыр – ақпараттық қоғам заманы. Жаңа білімнің, ақпараттық сауаттылықтың, өз бетінше білім алудың қажеттілігі білім берудің жаңа түрінің – инновациялық білім берудің пайда болуына ықпал етті. Онда ақпараттық технология жүйетүзуші, интеграциялаушы рол атқарады деп көзделген.
Оқушылар жыл өткен сайын ақпараттық технологиялар тұрғысынан жан-жақты дамып келеді.
Ақпараттық-мультимедиялық технологиялардың дамуы бейнетехниканың және дербес компьютердің өркендеуі нәтижесінде жүзеге асуда.
Мултимедиялық технологиялар – әртүрлі типті мәліметтерді дайындау, өңдеу, біріктіру, ұсыну әрекеттерін аппараттық және бағдарламалық жабдықтарды пайдалану арқылы жүзеге асыратын құралдар, әдістер мен тәсілдер жиынтығы.
Бастауыш сынып оқушыларын оқытуда компьютер дамытушы пәндік ортаның сапаландырылған және түрленген элементі болуы тиіс. Өйткені дәл осы жаста баланың ақыл-ой қабілеті қарқынды дамиды, оның әрі қарайғы зияткерлік даму іргетасы қаланады.
Бастауыш мектепте заманауи ақпараттық технологиялар мүмкіндігін сауатты қолдану ықпал етеді:
мектеп оқушыларының танымдық іс-әрекетін белсендендіруге, үлгерім сапасын арттыруға;
бастауыш мектеп сабақтарында қолдануға арналған заманауи электрондық оқу материалдарының көмегімен оқыту мақсатына жетуге;
бастауыш сынып оқушыларының өз білімін жетілдіру және өзін-өзі бақылау дағдыларын дамытуға;
оқушылардың бойындағы дидактикалық қиындықтарды азайту;
бастауыш сынып оқушыларының сабақта белсенділігі мен бастамашылдығын арттыруға; ақпараттық ойлауын дамытуға; ақпараттық-коммуникациялық құзыреттілігін қалыптастыруға;
бастауыш сынып оқушыларының қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, компьютерде жұмыс жасау дағдыларын меңгеруіне.
АКТ қолдану арқылы өткізілген сабақтардың нәтижелілігі өте жоғары.
Қазіргі техника мен оқытудың оңтайлы әдістерінің арқасында әр балаға білім әлеміне «саяхат жасауға» мүмкіндік берілген. Мәселен, ол қандай да бір ойын қойылымы бойынша саяхат жасайды, бұл дербес танымдық белсенділікті дамытуға жаңа қуатты импульс береді.
Дәстүрлі бастауыш білім беруде жаңа ақпараттық технологияларды қолдану әлеуметтік маңызы бар және көкейтесті мәселе болып табылады, бастауыш сынып оқушыларының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқыту үрдісін дифференциациялауға, шығармашылықпен еңбек ететін мұғалімге оқу ақпаратын ұсыну тәсілдерінің аясын кеңейтуге, оқу үрдісін икемді басқаруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Әсіресе жаңа материалды түсіндіру кезеңінде мұғалім әңгімесін иллюстрациялау үшін мультимедиа-технологияны қолдану өте қызықты. Компьютерлік бағдарламалар саналуан көрнекі иллюстрациялар мен дыбыстық қостауды құруға көмектеседі, бұл оқытудағы көрнекілік принципін жүзеге асыруға ықпал етеді.
Үлкен экранға шығарылған слайдтар – бұл сабақты жандандыру үшін қолданылатын тамаша көрнекі материал. Осы материал саналуан түрде берілуі мүмкін (қарапайым иллюстрация (1 сыныпта)); слайдтарда анимацияларды қолдану; мультимедиа – панорама (көрнекіліктің ең қызықты тәсілі).
А.Зверевтің мақаласында сипатталған зерттеулер [14;125-б], американдық социологтар жүргізген әдеттегі эксперименттен басталды. Олар түрлі елдердегі мектепті жаңадан бітірген жастарға саналуан оқу курстары бойынша сұрақтар ұсынып көрді. Нәтижесінде сұрастырылғандардың орташа есеппен 10% ғана барлық сұрақтарға дұрыс жауап берген.
К. Роджерс, мектептегі оқыту тиімділігі жөнінде ойлана отырып, жазады: «Мен оқытуға тырысқанда, оқыту ойдағыдай жүріп жатыр десек те, жеткен нәтижеміздің соншалықты болмашы екенідігіне жаным түршігеді» [15;29-б].
Мектептегі педагогтың педагогикалық іс-әрекетінің тиімділігі сол оқушылардың 10% ғана сипатталады. Түсіндіру өте оңай:
«адамдардың тек 10% қолдарына кітап ұстап оқуға қабілетті»
Басқаша айтқанда, дәстүрлі мектепте қолданылатын әдістер оқушылардың 10% үшін ғана тиімді. Оқушылардың қалған 90% да оқуға қабілетті, бірақ қолға кітап ұстап емес, басқа әдістермен: «өз әрекеттерімен, шынайы істерімен, барлық сезім мүшелерімен» қабілетті [18; 150-б].
Жедел дамып отырған ғылыми – техникалық прогресс қоғам өмірінің барлық салаларын ақпараттандырудың ғаламдық процесінің негізіне айналады. Ақпараттық – технологиялық дамуға және оның қарқынына экономиканың жағдайы, адамдардың тұрмыс деңгейі, ұлттық қауіпсіздік, бүкіл дүниежүзілік қауымдастықтағы мемлекеттің ролі тәуелді болады. Тұтас дүние қалыптастыру мен қоғамдастықтар, жеке адам мен бүкіл дүниежүзілік қоғамдастықтың өмір сүруі үшін жаңа жағдайларды қамтамасыз етуде ақпараттық – телекоммуникациялық технологиялар маңызды роль атқарады.
Ғылым мен техниканың даму қарқыны оқу – ағарту саласының оқыту үрдісіне жаңа технологиялық әдістер оның ішінде интерактивті құралдарды кең көлемде қолдануды қажет етеді.
Білім берудегі интерактивті технология – мұндағы интерактивтісөзі- inter (бірлесу), act (әрекет жасау)ұғымын білдіреді, сабақ барысында оқушының топпен жұмыс жасауға қатыспауы мүмкін емес, бірін-бір толықтыратын, сабақ барысында барлық оқушылардың қатысуын ұйымдастыратын оқыту барысы.
Осы зерттеулердің нәтижесі оқыту басқаша, яғни барлық оқушылар оқитындай үлгіде құрылуы тиіс деген түйінге әкеледі. Оқу үрдісін ұйымдастыру нұсқаларының бірі – педагогтың өз қызметінде интерактивтік оқыту әдістерін қолдануы.