Білім берудің антропологиялық аспектісі



Дата07.11.2022
өлшемі20,12 Kb.
#48300
Байланысты:
Білім берудің антропологиялық аспектісі


Білім берудің антропологиялық аспектісі
Білім беру философиясының зерттеу мәні – адам. Ол адам болмысының неде екенін және мұнда білім беру бастамасының бар-жоғын түсіндіруге, білімді болуға тиіс болатын адамның кім екенін түсіндіруге тиіс болатын философиялық-антропологиялық алғышартты қажет етеді. Адам сияқты тіршілік иесіне білім беру тән. Білім беру адамның болмысына жатады.

Философиямен қатар адамды қарастыратын барлық нақты ғылымдар антропологиялық сұрақтар қояды және көптеген түрлі аймақтық антропологияларды дамытады. Антропология биология, медицина, психология, социология, этнология, педагогика, сондай-ақ теология сияқты антропологиялық релеванттық жеке ғылымдардың тарапынан толықтырылады. Адамның кім екені немесе адамның өмір сүруін ненің айқындайтыны туралы антропологиялық толғануларды адам үшін айқындаушы болып табылатын қызметтің барлық салаларынан табуға болады. Мысалға, теологиялық антропология адамды теологиялық тұрғыдан сенімге негізделе отырып іс-әрекет ететін діни тіршілік иесі ретінде айқындайды. Одан бөлек адамның өмір сүруіне деген басқа да көзқарастар бар. Мысалға, биоантропологияның бастапқы табиғи-ғылыми тұрғысынан антропология эволюциялық теориямен немесе филогенездің (адамзаттың шығу тарихы) және онтогенездің (жеке адамның өмірлік-тарихи дамуы) биологиялық алғышарттарының мінез-құлқын (этология) зерттеумен айналысады. Психологиялық антропология адамды оның эмоциялық, рухани, физикалық қасиеттеріне сәйкес айқындайды. Әлеуметтік және мәдени антропология жеке адам мен оның айналасындағы тарихи тұрғыдан өзгеретін қоғам мен мәдениеттің арасындағы тәуелділікті, өзара қатынасты қарастырады.


Антропологияның биологиялық (биоантропология), медициналық, психологиялық, әлеуметтік (социоантропология), этнологиялық (мәдени антропология), саяси, теологиялық, сондай-ақ педагогикалық сияқты түрлері аймақтық антропологияларға жатады. Аймақтық антропология дегеніміз – белгілі бір гуманитарлық ғылымдар мен олардың арнайы заттық анықтамаларының және сұрақтарды қоюының тұрғысынан тиісті зерттеулердің көмегімен адамның арнайы салалары мен аспектілерін зерттейтін адам туралы кейбір ғылымдар. Ал философиялық антропологияның күрделі міндеті – жеке ғылымдарды (аймақтық антропологияларды) тануды ауқымды бүтін ғылым, яғни адам болмысының теориясы етіп жинақтау. Сонда да философиялық антропология жалпы шолу жасайды, жеке гуманитарлық ғылымдарда анықталған фактілерді немесе феномендерді дененің, жанның және рухтың көрінісі ретінде біртұтас етіп жинақтайды және сөйтіп болмыстың ауқымды түсінігін талдай отырып, адамды түсіндіреді. Осыған сәйкес адамның жалпы әзірлемесіндегі материал және философиялық ойлау өзара байланысады және бір-бірін толықтырады.

Бұл кезде жануармен салыстырғанда, адам түйсігінің тапшылығы, адамның органикалық тұрғыдан бейімделуінің мамандандырылмағандығы және т.с.с. сияқты ұғымдармен сипатталған адамның ерекше морфологиялық күйі бастапқы нүкте болып табылады. Бірақ философиялық антропология адам мен жануардың арасындағы айырмашылық туралы ғана емес, адамның әлемдегі табиғи және мәдени тіршілік иесі ретіндегі орны туралы да толғанулар болып табылады. Сөйтіп осы түсінікте философиялық антропология философияның негізіндегі адам туралы биологиялық, физиологиялық, антропологиялық (соның ішінде тарихтан бұрынғы және археологиялық), психологиялық, мәдениеттанушылық және мәдени-тарихи, социологиялық және этнологиялық сияқты түрлі ілімдердің қосылысы, қорытпасы болып табылады. Ол кең ауқымды философиялық тұрғыдан басқа гуманитарлық ғылымдардың ілімдері мен деректерін жалпылайтын және бағалайтын біріктіруші ғылым болып табылады. Ендеше оның бір уақытта ғылыми-жүйелі орны және ғылыми-теориялық сипаты да айқындалды, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдардың, соның ішінде тәрбиелеу және білім беру философиясының түрлі салаларындағы негізгі пәннің функциясы үшін алғышарт белгіленді. Бірақ бұл кезде философиялық антропология басқа ғылымдардың нәтижелерін жалпылау ғана емес, адамның бейнесіне қатысты олардың түсіндірмесі болып табылады. Ол адам туралы белгілі мәліметтердің қорытындысын шығаруға ұмтылады, адамның болмысын танып және бойлай еніп қана емес, ол туралы білімдерді біріктіруге тырысады. Адам жанжақты болғанынан ғана емес, ХХI ғасыр адамы өмірінің жан-жақтылығы мен түрлілігінің салдарынан да дәл осы интегративтік сипатын және осыдан шығатын мүмкіндіктерді көруге болады. Философиялық антропологияны аймақтық антропологияның ерекше салалары, яғни рефлексиялары қанағаттандырмайды, ол «адам» тақырыбына жауап беретін мүмкіндігінше жалпы, көпшілік мақұлдаған, әмбебап жауапты іздестіруде. Философиялық антропология адам туралы жалпы білімді біріктірумен, ішінара аспектілерді жалпы өзара байланыс етіп қисынды түрде түсіндірумен, сондай-ақ өзіне сәйкес келетін әлеміндегі және тарихи жағдайдағы адамды түсінумен айналысады. Философиялық антропологияда адам үнемі өзін-өзі, өзі бола алатын бейнесін, әлемдегі орнын іздеуде.

Адамның екі жақты болмысына сәйкес Кант антропологияны «физиологиялық» және «прагматикалық антропология» деп бөледі. «Философиялық антропология» деп аталатын философиялық ағымды ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Шелер және Плеснер дамытқан, кейін оны Гелен, Ротхакер, Лит және Портман жалғастырып, ақыр соңында Ландман, Больнов, Хенгстенберг, Макс Мюллер жандандырды.

Философиялық антропология ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары М. Шелердің «Адамның ғарыштағы орны» [1] атты шығармасы арқылы өзінің қазіргі заманғы негізіне ие болды, бұл шығармада ол Жаңа заманның дағдарысты жағдайын сипаттайды және ең соңғы биологиялық нәтижелерді қамтитын сұраққа жауап беруге тырысады. Зерттеулердің бұл векторы Х. Плеснер мен А. Гелен еңбектерінде одан әрі дамытылды. Олардың екеуі де Шелер берген рухтың метафизикалық принципін ашып көрсетуге және тиісті жауаптарды табуға ұмтылады. Плеснер эксцентрикалық позициялылықтың көмегімен шектеулі, сатылы түрде ұйымдастырылған дүниелікке назар аудартатын болса, Гелен адамды «кемшіліктері бар» тіршілік иесі деп қарастырады. Ол «іс-әрекет етуші» тіршілік иесі ретінде адамға анықтама беруге талпынады. Бірақ үш өкіл де адамның рух иесі немесе табиғаттың ерекше жобасы ретіндегі адамның ерекше орнын атап өтті.

Философиялық антропология мәселелерінің шеңбері философияның өзі сияқты ежелден бері келе жатыр, оның идеялық тарихында қарастырудың антропоцентристік және космоцентристік тәсілдері ғасырлар бойы бірін-бірі алмастырды. ХХ ғасырда көбінесе адам және оның нақты болмысы қарастырылады, ал оның екінші жартысында оның болмысының әлеуметтік жақтары зерттелді. Соңғы он жылдықтарда адам туралы, адамды антропологиялық тұрғыдан түсіну туралы мәселе ғылымдардың қалаулы тақырыбына айналды. Философия шынайы түрде адамға қарай бағытталуда. Егер әлемдегі орны болмысына талдау жасау тұрғысынан қарастырылса, өмірлік жағдайларға жақындаған кезде, адам мен оның өмірінің қалыптасуы даулы болып көрінген сайын оның қажеттігі арта түседі [2,11-12 бб.]. Сұрақты антропологиялық тұрғыдан қою қазіргі заманғы пәлсапада зор үлес алуда, қазіргі заманғы философия бүгінде антропологиялық тұрғыдан елеулі түрде айқындалған.

«Прагматикалық антропология» ретіндегі пәлсапалық антропология адам «еркін әрекет етуші тіршілік иесі ретінде өзін-өзі қалыптастырады, қалыптастыра алады және қалыптастыруға тиіс» [3, 351 б.] деген сұрақты қояды. Сөйтіп адамның өзін-өзі тануы және анықтауы туралы, оның болмысының мүмкіндігі туралы сұрақ қойылады. Бұл жағдайда философиялық-білім беру тұрғысынан сұрақты антропологиялық тұрғыдан қою қандай үлесін қосады? Бұл адамның қабылдағыштығы, оның білім алуға және икемді болуына деген қабілеті туралы, сондай-ақ іске асырудың негізгі мәселесі ретіндегі білім алу туралы, адамның болмысына берілу туралы антропологиялық сұрақ болып табылады. Адамның табиғаттың тіршілік иесі болып табылатынына, яғни табиғаттан шыққан тегіне байланысты үнемі мәдениетке бағдарланғандығы туралы пәлсапалық антропологияның түсінігі осы пәлсапа-білім алу мәселенамасының бастапқы нүктесі болып табылады. «Адамның ... мәдениетті жасайтыны оны кез келген жануардан ерекше етеді және сол уақытта оны айқындайды» [4, 164 б.]. Сондықтан осының салдарынан ол өзінің болмысын өздігінен айқындауға, қалыптастыруға және жүргізуге деген қажеттікті көреді, ал бұл оның өзін әлемге беруін көздейді. Адам «табиғатынан мәдени тіршілік иесі» – өзі шығарған осы негізгі антропологиялық формулар арқылы А. Гелен адамның білім беруге деген айрықша ашықтығын және іс-әрекеттерге қабілетті тіршілік иесі ретіндегі адамның икемділігін, білім алуға деген қабілетін түсіндіреді.

Антропологиялық жорамалдардың бір ортақ тұсы – адам болмыстың икемді, шектелмеген, білім алуға қабілетті және ашық түрі болып сипатталады (ең қарапайым, табиғатқа жақын мәдениеттерде). «Адам – әрекет етуші тіршілік иесі» [4,164 б.]. Табиғатынан адам өзін мәдениеттен көрсетуге және уақыт жағдайларының тұрғысынан шығармашылық тұрғыдан жобалауға, яғни тарихқа бағдарланған. Осы шығармашылықты іске асыра отырып, ол өзін әлемге ашық, өзінің ішкі және сыртқы айналасын оның мүмкіндіктерінің ауқымды шеңбері ретіндегі әлемге бағыттайтын тіршілік иесі ретінде көрсетеді. Ал осы жерде адамның өмір сүру міндеттерінің сипаты қалыптасады, адамның білім алуға деген қажеттігі туралы ой өзінің антропологиялық растауын табады, себебі адамның өмір сүру міндеттерінің сипатына мәдени білім алуға енгізу септігін тигізуге тиіс.

Сонымен, білім беруге қабілетті және мәдениетті қабылдағыш тіршілік иесі ретіндегі адам өзіне, әлемге және білім алуға деген саналы қатынасқа бағдарланған. Х. Плеснер адамның осы негізгі көрінісінің сенерлік тұжырымдамасын береді. Өмір ұғымын негізге ала отырып, ол табиғи пәлсапаның аясында, нақтырақ айтқанда ең қарапайымынан бастап адамға дейін органикалық өмірдің алуан түрлерін зерттейді. Егер ағзаның тұтастығын «ашық» шектеуі бар айналамен қоршалған жүйе деп түсінетін болса, онда өмір дененің өз шекараларына деген ерекше қатынасына [5,109 б.] немесе өзінің айналасына қарсы позицияларға негізделеді. Бұл қатынас органикалық денеге оның ерекше позициялық сипатын тән етеді, оған «позициялылық» береді [5,115 б.]. Бірақ органикалық өмірдің алуан түрлерінің өз шекараларына деген, өзінің «фронтальдығының» айналаға деген қатынасы әртүрлі келеді.

«Жануардың өмірі центрлі болса, адамның өмірі эксцентрлі, ол центрлеуді үзе алмайды, бірақ сол уақытта одан тыс шығады [5,126 б.]. Эксцентрлік қоршаған ортаға деген адам үшін тән қатынасы бойынша фронтальдығының түрі» [5, 126 б.]. Эксцентрліктің осы негізгі санатының көмегімен Плеснер адамгершіліктің ерекше күйі үшін формула шығарды, осы формуланың көмегімен ол адамның айқын қабылдағыштығын, сол сияқты білім алуға деген қажеттігін көрсетті. «Мұнда мәдениет иесі ретіндегі адам туралы сөз қозғалуда. Сөйтіп ғылым, өнер, тіл және т.б. сияқты оның объектілері ... бүтін адамды нақты өмірлік біртұтастық ретінде қарастыру ортасы болады. Мәдениет осы өмірлік біртұтастықтың ерекше көрінісі ретінде зерттелуге тиіс» [5,102 б.].

Эксцентрлі тіршілік иесі ретінде адам табиғатынан мәдениетке өзінің туған жері сияқты бағдарланған және осы арқылы туғаннан берілмейтін, жүре келе меңгерілетін рухани символдар ансамблі үшін айқындалған болады. Плеснердің эксцентрлік туралы формуласының негізінде адамның әлемде бағдарлануы үшін шынайылыққа деген өмірді қамтамасыз ететін қатынасты, болмысты айқындауды, сондай-ақ шынайылыққа деген эстетикалық, өнегелі немесе діни қатынас түріндегі символдардың рухани әлемін қажет ететіні де айтылады.

Плеснер эксцентрлік формуласының арқасында өмір сүрудің және мәдени қатынастардың белгілі бір рухани мүмкіндіктерінің онтологиялық шығу тегін көрсете алды. Плеснердің антропологиясынан шығатын теориялық-білім алу салдары, адамның білім алуға берілгендігі ретіндегі қабылдағыштық туралы ой табиғи антропологиялық перспективадағы білім алу пәлсапасының басты ұғымдарын ашып көрсетеді және негізін салушы мазмұндық контурды алады.

А. Геленнің зерттеулері білім алу философиясының талаптарына қатысты ерекше назар аударуды қажет етеді. Гелен органикалық тұрғыдан бейімделудің мамандандырылмағандығы, «нағыз түйсіктердің» аяқталмағандығы және кемшілігі тұрғысынан адамды биологиялық «жеткіліксіз тіршілік иесі» [4, 175 б.] деп қарастырады. Биологиялық деректері тапшылығының негізінде ол «жеткіліксіз» және сондықтан мәдени, әлеуметтік және моральдық мінез-құлық арқылы (әсіресе тілдік іс-әрекеттер, мінез-құлық және институттар арқылы) өзін меншікті құралдармен толықтыруға тиіс. Адамның аяқталмағандығы әлемді қисынды түрде түсінуге тартылуына және әлемді жаулауына әсерін тигізеді, бұл еркін, бірақ жауапкершілікті атқаратын, өзін-өзі түйсінетін іс-әрекеттер субъектісі, іс-әрекеттер авторы болуын қажет етеді. Бұл кезде оның органикалық шектеулігі артығымен өтеледі, яғни өзін-өзі сақтаудан және түрді сақтаудан бөлек көңіл-күйлер, қарым-қатынастар, қасиеттер және т.б. жүйесі қалыптастырылады. Одан бөлек өздігінен мәдени болатын шығармашыл адам өзіне ұқсас адамдардың тарапынан белгілі бір көмекті: қорғауды, қатысуды және коммуникацияны қажет етеді.

Әлеуметтік мәдениетке сай қалыптасқан тәрбиелеуге және білім беруге деген қажеттік адамның табиғи, мәдени, әлеуметтік қоғамда туғаны және өз бетінше өзі қажет ететіннің барлығына қол жеткізе алмайтыны және жасай алмайтыны туралы фактіден туындайды. Оған мәдениеттенуде, әлеуметтенуде және персоналдануда көмек қажет. Әсіресе адам өзінің «әлеуметтік мінез-құлқына» және «мәдени өмірді қалыптастыруына» қатысты тәрбиелеуді және білім беруді қажет етеді. Сәйкесінше ол білім алуға тәуелді. Адам әлеуметтік және мәдени нормаларды жалғыз меңгеруге қалай қабілетсіз болса, сол сияқты ол өздігінен өмірдің әлеуметтік және мәдени мазмұндарын немесе формаларын жаңартуға және насихаттауға жеке үлесін қосуға қабілетті емес. Бұған тәрбиелеу институттары, ең алдымен отбасы жәрдемдеседі. Тәрбиелеу мен білім алуға деген қажеттік туралы айтатын болсақ, келесі аспект ескерілуге тиіс: адам құндылықтарды құрметтеу, күйзелу тәсілдерінде, білімдерді алу түрлерінде және т.б. әлеуметтік және мәдени факторларды басшылыққа алады. Осындай манифестациялардың теріс акценттері (мысалға, тәрбиелеуге қабілеті жоқ ата-аналардың, жаман достардың, айла-шарғы жасайтын мұғалімдердің ықпалы) болғандықтан, қарсы тұратын немесе түзететін іс-шаралар қажет болуы мүмкін. Бұл тұрғыда адам тәрбиелеу мен білім беруге тәуелді.

Тәрбиелеу мен білім беруге деген қажеттікке қатысты атап өтетін жайт, адамға өмірін рухани тұрғыдан басқару тән. Осы тағайындалған мақсатына сәйкес келу үшін және мағынаға бағдарланған, саналы, еркін және жауапты әрекеттерді жүзеге асыру үшін, ол тәжірибеге (соның ішінде басқа адамдардың тәжірибесіне) сүйенуге мәжбүр. Нәтижелі шығармашылықта өзінің өмірлік жағдайын билей алу үшін ол мінез-құлық және әрекет формаларын үйренбесе болмайды. Ол үшін, сондай-ақ күрделі шынайылықта бағдарлану үшін ол басқа адамдардың қолдайтын көмегін қажет етеді. Сөйтіп білім беру философиясы антропологиялық рефлексиямен қатар жүреді. Осыдан білім беру философиясы елеулі импульс пен маңызды кепілдікке ие болады. Адамның кім болып табылатынын талқылау пәлсапа-білім беру саласындағы барлық пайымдауларға негіз болуға тиіс.

Сұрақты антропологиялық тұрғыдан қою педагогиканың аясында да терең маңызға ие болады. Педагогикалық антропологияда адам педагогикалық тұрғыдан қарастырылады, яғни оқытуға, тәрбиелеуге және білім алуға көнетін адам қарастырылады. Педагогикалық антропологияны Генрих Рот, Йозеф Дерболав, Карл Динельт, Отто Фридрих Больнов, Вернер Лох, Мартинус Ян Лангевельд, Ейген Финк, Карл-Хайнц Дикопп, Герберт Здарцил, Макс Лидтке сияқты неміс ғалымдары жасап шығарды. Біз педагогикалық антропологияның үш негізгі түрін бөліп шығара аламыз. Олар – адамның елеулі бейнелерінің герменевтикасы (тарихи түсіндіру тұрғысынан) ретіндегі, педагогикада қарастырудың антропологиялық тәсілі (болмыстың феноменологиялық талдауы тұрғысынан) ретіндегі жә- не антропологиялық зерттеудің педагогикалық тұрғыдан релеванттік қорытындыларын қайта өңдеу (жүйелік-түсіндірме тұрғысынан) ретіндегі педагогикалық антропология. Педагогикалық антропология адам болмысы мен тәрбиелеудің арасындағы өзара қатынасты айқындауға тиіс.

Адам туралы пәлсапалық толғану дәстүрі адамның өмір сүруінің мағынасы немесе мәні іс-әрекетте, Канттың түсінігінше «практикалық» тұрғыда екенін айқындай түсуде, бұл кезде практикалық сана басым болады, теориялық сана практикалық санаға бағынады. Басқа арнайы антропологиялық рефлексиялармен қатар пәлсапа-білім алу антропологиялық рефлексияларының қажеттігі білім алумен айналысатын адамның білім алудың болмысы, талабы, құралдары, мақсаты және құндылықтары туралы мәселемен қақтығысатынымен түсіндіріледі. Бұл сұрақтарға білім беру пәлсапасының негізінде ғана жауап беруге болады және олар осы арқылы білім беруды негіздеуге талпынады.

Білім алу философиясы мен антропологияның қарым-қатынасын қарастыруды аяқтай отырып, адамды қарастырудың философиялық аспектісінің басқа нақты ғылымдардың қысқаша аталып өткен тұжырымдарынан айырылатынын атап өткен жөн. Ол адамның болмыстық құрылымына назар аударады, ал басқалары өмір сүру құрылымдарын зерттеуге талпынады. Басқа сөзбен айтқанда, мысалға, биологияда, психологияда, социологияда адамның өмір сүруі (денесі, мінезі, мінез-құлқы), оның биологиялық, психикалық және әлеуметтік деректері негізге алынады. Бұл кезде биология адамды ағза ретінде қарастырады және оның өмірлік үрдістерінің өзара байланыстарының заңдарын зерттейді. Ал психология оның руханилығының функционалдық құрылымын, оның күйзелістерінің қалыптасу заңдарын және олардың көрініс табу түрлерін, адам мінезі ерекшеліктерінің құрылымын ұғынуға талпынады. Және социология адамның қоғам саласындағы мінез-құлқының құрылымын негізге алады. Бұл ғылымда адам – біліп-тану нысаны, объектісі. Білім беру философияның антропологиялық аспектісі, керісінше, адам болмысының мағынасы туралы, адам болмысының жануар болмысынан немен айырылатыны туралы, жеке, субъективті болмыс ретіндегі адам болмысының сапасы ненің негізінде қалыптасатыны туралы пайымдауларды алуды мүмкін етеді. Антропология білім беру жүйесінің кілті болып табылады, себебі білім алу тарихы білім алу мақсаттары мен құралдары туралы түсініктердің бүтіндігін аша отырып түсінуге арқау бола отырып, адам бейнесінің үнемі өзгеруі және жаңаруы тұрғысынан ұғынылады.



Бұл тұрғыда ар-ұят, өнегелік, моральдық, даралық, жауапкершілік, ықылас, рефлексивтік, еркіндік және ұқсастық сияқты қасиеттер маңызды. Мұнда адам болмысының «белгіленген» мінезі байқалады. Білім алу философиясының және антропологияның тұрғысынан қарастыру бар мағлұматпен емес, ар-ұят, қисындылық, ойлау қабілеті және т.б. сияқты белгіленген ақпаратпен айналысуға тиіс.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет