Полимерлер арасындағы фазааралық керілуге әсер ететін факторлар: температура, полярлылық, молекулалық масса.
Фазааралық керілу екі фазаның полярлығының мәндерінде айырмашылық болғанда түзіледі. Фазалар арасындағы дисперсиялық әрекеттесудің шамасы бір жүйеден екіншісіне өткенде аса өзгермейді.
Ал полярлық нәтижесінде түзілетін әрекеттесулер тек өзгеріп отырады. Сонымен, беттік керілу шамасы негізінен полярлық әрекеттесуге байланысты. Фазалардың полярлығы неғұрлым алшақ болса, фазааралық керілу шамасы да соғұлым жоғары.
Температура артқан сайын сұйықтар арасындағы, сол сияқты полимер арасындағы фазааралық керілу кемиді. Бірақ бұл кему шамалы. Фазааралық керілудің температуралық коэффициенті dγ/dT мәні минус 0,03 мДж/м2.град кем.
Полимер арасындағы фазааралық керілудің мәні олардың молекулалық массасы өскен сайын артады.
Полимер арасындағы фазааралық керілуді өлшеуге мүмкін және полимердің беттік керілуі белгілі болса, теориялық тұрғыдан есептеуге болады.
Полимерлер арасындағы адгезияны жоғарылату әдістері
Полимер арасындағы фазааралық керілуді әртүрлі қоспалар қосып төмендетуге болады, нәтижесінде полимерлер арасындағы адгезия артады. Бұл тәсілдің полимерлер технологиясындағы маңызы зор.
Полимерлер арасындағы адгезияны арттырудың екі тәсілі бар:
− жоғары молекулалық беттік-активті заттарды (БАЗ) енгізу;
− дисперстілігі жоғары қатты толтырғыш бөлшектерін қосу.
Жоғары молекулалық БАЗ ретінде блок және жалғанған сополимерлер қолданылады. Олар фазааралық шекараға шоғырланып, бағдарланып, жанасатын полимерлердің фазалық беттерін байланыс- тырады. Осыдан фазааралық керілу төмендейді, ал адгезия артады.
Сополимерлердің және жанасатын полимерлердің молекулалық массалары бір-біріне жақын болса, байланыстыру тиімділігі артады. Блок-сополимерлердің активтілігі жалғанған сополимерлерге қарағанда басымырақ, өйткені ондай полимерлер оңай бағдарланады. Әдетте жүйеге 2-5% блок-сополимерлер енгізген жеткілікті.
Толтырғыштарды полимер арасына енгізгенде, олар фазааралық шекарада және екі фазамен де жанасуы керек. Бұл қатты ұнтақтар әртүрлі фазадағы макромолекулаларды берік байланыстырады. Алайда, кез келген толтырғыш полимер жұбын біріктіре алмайды, яғни адгезияны арттырмайды. Мұнда термодинамикалық және кинетикалық факторлардың рөлі бар. Толтырғыштардың бөлшектері неғұрлым уақтау және меншікті беті жоғары болса, олардың активтілігі соғұрлым артады.
Адгезиялық беріктікке әсер ететін факторларға тоқталайық:
Адгезив пен субстраттың химиялық табиғаты. Олардың құрылымында функционалдық топтар болса, химиялық байланыс түзеді де, адгезиялық беріктік артады.
Адгезив пен субстраттың жанасатын беттерінің ауданы. Жанасатын беттерді толық іске асырған жағдайда, адгезиялық қосылыстың беріктігі жоғары болады.
Бөліну шекарасының ақаулығы. Мұнда сұйық адгезивтің суб- страт бетіне жұғуы, адгезив пен субстраттың бөліну шекарасындағы қалдық кернеудің пайда болуы маңызды.
Беттік бөлінудің фазалық құрамы. Бөліну шекарасында бір- фазалы немесе гетерофазалы полимерлік адгезивтің құрылымы түзіледі.