Бақылау сұрақтары:
1.Тамыр қандай қызмет атқарады?
2.Тамыр жүйесінің түрлері қандай?
3.Жас тамыр ұшын қандай аймақтарға ажыратуға болады және олар қандай ретпен орналасқан?
4.Тамырдың бөліну аймағының қызметі қандай және клеткаларының ерекшелігі неде?
5.Тамыр түгі қандай қызмет атқарады?
Лабороториялық сабақ №8
Лабороториялық жұмыстың тақырыбы: Сабақтың морфологиясы, шөптесін және ағаш өсімдіктерінің сабақтарының құрылысы.
Мақсаты: Сабақтың морфологиясы, шөптесін және ағаш өсімдіктерінің сабақтарының құрылысымен танысу.
Сабаққа қажетті құрал-жабдықтар: Дайын гербарийлер, бөлме өсімдіктері, микроскоп және қажетті құрал - жабдықтар.
Жұмысты орындау барысы: Сабақ қалыпты жағдайда шексіз өсетін полисимметриялы өстік орган болып табылады. Оның ұзындыққа өсуін төбелік жөне қыстыра меристемалары қамтамасыз етеді. Бұтақтануы және бүршіктерінің пайда болуы сырт жағынан (экзогенді) жүзеге асады. Сабақта жапырақтар мен бүршіктер орналасады.
Сабақ - өсімдіктің жер асты мүшелері мен жер үсті мүшелерін бір-бірімен жалғастырып тұратын орталық тірек. Сабақ өсімдік денесін жоғары көтеріп тұратын, топырақтан тамыр арқылы сіңірген су мен минералды заттарды жоғары жапыраққа қарай, ал жапырақта түзілетін органикалық заттарды төмен қарай, яғни тамырға қарай жеткізіп отырады. Сонымен қатар, жапырақтардың күн сәулесі жақсы түсетіңдей жағдайда орналасуын қамтамасыз етеді. Сабақ артық қор заттарының жиналатын орны.
Сабақтың морфологиялық құрылысына келсек, олар кеңістікте өсу бағытына, орналасуына және пішініне қарай бірнеше топқа бөлінеді:
1. Кеңістікте орналасуына қарай:
1) Тік сабақ. Тік сабақтар өте мықты болады, қатты желдерге төтеп береді. Мысалы терек, қайың, тал, бидай, күнбағыс т.б. өсімдіктерде кездеседі.
2) Жатаған немесе төселмелі сабақтар (желі сабақ). Жатаған сабақтар өте әлсіз, жұмсақ. Жер бауырлап жатады. Мұртшалары арқылы ұзарып, топыраққа тиген жерінен қосалқы тамырлар дамиды. Мұндай сабақтар бүлдірген, қияр, асқабақ сияқты өсімдіктерде кездеседі.
3) Өрмелегіш сабақтар – жармасып жоғары қарай тік өрмелеп өсетін жүзім, үрмебұршақ, сияқты өсімдіктерде кездеседі.
4) Шырмалғыш сабақтар – сабақтары жіңішке шырмалып өсетін шырмауық, құлмақ сияқты өсімдіктерде кездеседі.
5) Қысқарған сабақтар. Қысқарған сабақтар өте қысқа. Мұндай өсімдіктердің жапырақтары тамыр мойнына жақын топтасып орналасады. Мысалы, бақбақ, жолжелкен, пияз, аққауданды қырыққабат және т.б.
2. Өсімдік сабағының пішіні көлденең кесіндісіне қарай: жұмыр (емен, үйеңкі, жөке ағаштары); үш қырлы, төрт қырлы, көп қырлы, қаусырмалы, ойыс және дөңес қырлы болып бөлінеді.
3. Консистенциясына қарай шөптесін және сүректі болып келеді.
Қабық ; камбий; сүрек; өзек; өң; тоз; тін.
Сабақ мынадай қызметтер атқарады:
1) қоректік заттарды тамырдан өсімдіктің басқа мүшелеріне жеткізеді;
2) сабаққа бүршік, жапырақ, гүл, жеміс бекінеді;
3) көбеюге қатысады;
4) ортаникалық заттар қорға жиналады;
5) өсімдіктердің жоғары жағының аумағы бұтақтану арқылы артады;
6) вегетативтік көбею.
Сабақтың ішкі құрылысын ағаш діңінің көлденең кесіндісінен көреміз. Ішкі құрылысы 4 қабаттан тұрады: қабық, камбий, сүрек, өзек.
1. Қабық - сабақтың сыртқы қабаты. Қабық өң, тоз, тін қабатынан тұрады. Өң түссіз (мөлдір), жас сабақтардың сыртын қаптайды. Үлкен ағаштарда өң түлеп түсіп, орнын тоз алмастырады. Тоз қалың болса да, ішкі клеткалардың тыныс алуына оттегін өткізеді. Тозда орналасқан, тыныс алуға қатысатын, пішіні төмпешікке ұқсаған клеткаларды жасымықша дейді. Өң (ішке күн сәулесін өткізеді). Қабық тоз (ішке оттегін өткізеді); Тін (беріктік, мықтылық қасиет береді)
Қабық өсімдікті сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларынан қорғайды.
2. Камбий - қабықтан кейін орналасатын қабат. Жас бұтақтың қабығын сылып тастаса, камбий клеткаларының қабықшасы жыртылады (бұзылады). Қабықшасы жыртылған клетка ішіндегі цитоплазма мен шырыны ағып кетеді.
3. Сүрек - сабақтың едәуір жерін алып жататын, камбийден кейін орналасатын қабат. Клетка пішіндері мен мөлшерлері біркелкі емес. Ұзын, жіңішке клеткалары қосылып, түтікше құрайды. Түтікшенің айналасын беріктік қасиет беретін қабықшасы қалың сүрек талшықтары қоршайды.
Камбий клеткалары дамылсыз бөлінетіндіктен, ағаш сабағы жуандап өседі. Ағаштың жасын айыруға болатын жылдық сақиналар түзіледі.
4. Өзек - сабақтың орталық бөлімі. Жас өркенде клеткалары тірі болғандықтан, ортаникалық заттар қорға жиналады. Өзек клеткалары өзек сәулелерін құрайды. Өзек сәулелерінің клеткалары сабақтың барлық бөлімдерін бір-бірімен байланыстырады. Қоректік заттар өзек сәулелері арқылы сабақтың басқа қабаттарына жеткізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |