Бірінші кітап (роман – диалогия)



Pdf көрінісі
бет43/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   69
САИД - АКБАР ҚОЖА

Жас  баланы:  «Ойбай,  құбыжық!  Кеп  қалды.  Жеп  қояды!»  деп

қорқытпаушы  ма  еді.  Бізді  мектепте,  пионерде,  комсомолда:  «Ойбай,

қожа, молда жаман! Аулақ, аулақ!» – деп тəрбиеледі.

Мыңбұлақтағы  мешітті  құлатып,  талқандады.  Сол  құлаған

мешіттің  қуыс-қуысына  көк  қарға  ұя  салатын.  Біз  көк  қарға  ұстап,

мешіттің  бұзылған  қабырғасын  таптап  өстік.  Табынбадық,  таптадық.

Файзолла,  Сəмек  атты  зор  молда,  қалпе  болған  екен,  қуғын-сүргінге

түсіп жүріп, дүниеден өтті. Тірі жүрген Дошанай шын мəніндегі молда

емес,  тəуіпке  тəн.  Сəмектің  баласы  Оспаналыға  молдалық  дарыған

екен,  бірақ  ол  өкіметтен  қорқып  бұғып  жүреді.  Тіпті  беріде,  дінге

бостандық  берілгенде  де,  бүкіл  ауыл  тілесе  де,  Оспаналы  көнбей

қойды.  Молдалықты  мойындамады.  Аңқау  елді  алдамайын  деген

шығар. Бірақ ол арамза емес, сауаты да мол еді.

Сөйтіп, біз дінсіз өстік. Дін – құқай, дін – апиын. Сəби санамызға

осы сөздер сіңіп қалған ғой. Ал енді Қали атам маған:




−  Саид  –  Акбар  қожамен  келістім.  Сенің  ауылыңа,  Мыңбұлаққа

барады  екен.  Сені  ала  кететін  болды,  –  дегенде,  ішімнен  «қап»  деп

қалдым. Жол жүргенге Шоқай апай жақсы еді, танымайтын, білмейтін

қожа қалай болар екен?

Нағашыларым Сəли, Қали, Бөпетай, Сатай мені орталарына алып:

қалада  не  көрдің,  не  білдің  деп,  менің  қалада  болғанымды  қызық

көрген сияқты. Мен:

−  Зиба  əпкем  сіздерге  сəлем  айтты.  Ауруы  асқынып  барады.

Огородын қазысып, отын тасып бердім, – дедім.

Нағашыларым:  «Ой,  азамат,  ой  бəрекелді!»  –  десіп  қауқылдасып,

желпініп қалды. Бірақ Қали атам қабағы түсіп:

−  Мына  тұрған  Зибаның  хал-жайын  біліп  тұрмаймыз.  Мұнымыз

əбес болды. Тым құрыса, отынын тасып беру қолымыздан келеді ғой, –

деп  қалды.  Басқалары:  «рас,  рас»,  –  деп,  бас  изесіп,  əлдеқалай

ыңғайсызданып, жүздерін төмен салып, тұқшиысып қалды.

Сонда  əрқайсысы  іштерінен:  «Əй,  əттесі-ай,  балапан  басымен,

тұрымтай  тұсымен,  əркім  өз  күнін  күйттеп  кеткен  қу  заман.  Əйтпесе

Зиба  біздің  Құлыхан  апамыздан  туған  өз  бауырымыз,  жиеніміз  емес

пе?!» – деп, опық жесіп қалғандай.

Мұндай  ойға  салып,  түрткі  болған  –  əлгі  менің  сөзім.  Онымен

қоймай:

− Мен ауылыма қайтайын. Сіздерге рақмет. Айшаға жетуім керек.

Зиба  олай-былай  боп  кетсе,  кішкентай  екі  баласына  кім  ие  болады?

Мүмкін, Айша келіп қараса ма? Бұл – Зиба əпкеміздің сөзі, – дедім.

Нағашыларым  мені  жаңа  көргендей,  үндемей  бетіме  қайта-қайта

қарай  береді.  Тым  кісімсініп,  тым  ділмəрсіп  кетсем  керек.  Баланың

сөзінен гөрі, кəрі қақбастың сөзіндей етіп сұңқылдатсам керек. Ақыры

Сатай атам:

Тіл-көзден аман, тірі бол, шырағым! – деді.



− Шертайға тартқан ғой, – деді Бөпетай.

−  Бүкіл  Бектөбені  безілдеткен  шешеннің  бұзық  баласын

бағындырып,  əй  бір  айызымызды  қандырдың-ау!  –  деп,  Сəли  атам

сылқ-сылқ күлді. Күлмеген тек Қали атам:

−  Оған  мəз  бола  бермеңдер.  Олар  кекшіл  келеді.  Жазым  қылуы

мүмкін.  Сондықтан  Барсхан  ауылына  қайтса-қайтсын.  Саид  –  Акбар

қожа Жуалыға жүрмекші еді, сонымен келісейін, – деді.

* * *


Қайтар жол мүлде басқа болды.

Аса өзенінен өткен соң Айша-Бибі ауылы да, Күйік асуы да алыста

қалды  да,  Саид  –  Акбар  қожа  Қаратауды  бөктерлей,  тура  күннің

батысына қарай тартты.

«Неге?» – деп мен сұрамадым. Сұрағым келеді, батпадым.

Сұсты  кісі  екен.  Жоқ,  жауқабақ,  түкіс  емес.  Аса  реңді,  қыр

мұрынды,  тұнық  қара  көзді,  дөңгелете  қойған  бурылша  сақалы  өтe

кескінді,  келбеті  сəл  тəкаппарлау,  бірақ  үні  жұмсақ,  сөзі  жібектей,

дөрекіліктен  бір  белгі  жоқ,  аса  иманды  екені  көрініп  тұр.  Кескін-

келбетін  көріп-ақ  көңілің  тойғандай.  Міне,  мұндай  молда,  қожалар

қалың  халықты  аузына  қарата  алады.  Сөзіне,  Құдайдың  құдіретіне

сендіре алады. Амал жоқ, тəнті боласың.

Ал  енді,  баз  бір  молда  бар.  Бетінде  бір  тал  қылпық  жоқ,  майға

қуырған  бидайдай  жып-жылтыр.  Ондай  беттің  қай  жеріне  иман

ұялайтыны белгісіз. Сорлатқанда сондай молда көп.

Саид  –  Акбардың  жөні  бөлек.  Бұл  –  ғұлама.  Қали  атамның  айтуы

бұл.  Бұхарда  оқыған.  Самарқан,  Герат,  Қорасан,  Мəшхат

шаһарларынан тəлім алып аралаған.

Бектөбедегі  сіргелі  Дəу  Қалидың  қызына  үйленіп,  содан  перзент

сүйіп, осы елде мүлде тұрақтап тұрып қалған. Қали атам – тегін емес,




аруақты  адам.  Соның  өзі:  «Саид  –  Акбар  да  молла,  Қарасуды  кері

қайтаратын зор оқымысты кісі ғой», – деді.

Міне,  осындай  зор  адамның  жанында  жарбиып  елге  қайтып

келемін. Бірақ соншалықты ғұлама, аса сыйлы, қасиетті кісі бола тұра,

о  да  мен  сияқты  есек  мінген.  Есегі,  бəлкім,  менікінен  гөрі  бəсеңдеу.

Қорбиғандау,  басы  дəу.  Мұндай  атақты  адам  арғымақ  мінсе  жарасар.

Жорға  мінген  лайық.  Əлде  дəулеттің  бары  осы  ма,  əлде  заманының

ыңғайына қарай аласарып, көзге түспейін деп əдейі істей ме, əйтеуір,

есекке мініп алыпты.

Дегенмен сол қорбиған əңгі жолға жайлы болар, əлде бұл жол оған

əбден үйреншікті шығар. Өйткені Асадан өтіп, елсіз далаға шыққаннан

қожекем  көзін  жұмып  алып,  ұзыннан-ұзақ  сарынға  салып,  əлде  дұға,

əлде  бəйіт  айтып,  жұп-жұмсақ  қоңыр  дауыспен  əуендетіп,  cap  далада

сарнап  барады.  Есек  түзу  жүріп  келе  ме,  əлде  басқа  жаққа  бұрылып

кетті ме – онда шаруасы жоқ.

Мен өмірі мұндай əуен, мұндай зарлы əлде сағынышты сарын, тұла

бойыңды  шымырлатып,  тас  боп  қатқан  жүрек  болса  да  елжіретіп,

көкірегіңе  мұз  қатып  қалса  да  жібітіп,  көзіне  еріксіз  жас  келтірер

керемет  əуенді  естіген  емеспін.  Ұлы  дария  толқыны,  шетсіз,  шексіз

ғалам сарыны, ғарыш үні уілдейді.

Сөзін түсінбеймін. Қай тілде айтып келе жатқанын білмеймін. Мен

естімеген,  мен  білмеген  тіл.  Бəлкім  парсы,  бəлкім  арабша,  əлде  көне

түрікше ме – оған миым жетпейді.

Бірақ  сөзін  біліп  керегі  де  жоқ.  Сары  алтынның  саумалындай

сарнаған сарын айтады: бұл жалған дүние өткінші, бір күндік қу тамақ

үшін  алысып-жұлысып,  ағайын  мен  ағайын  ренжісіп,  ұрсысып

жүргендері құр далбаса...

Мысалы,  Тасбеттің  өз  боғымен  жасты  баламен  ерегісіп,  өшігісіп,

қуғындауы,  ағайын  əлдекімнің  айтағымен  туысқанның  үстінен  арыз

жазып,  абақтыға  қаматып,  аттыртып,  шаптырып,  итжеккенге

айдаттырып  жіберуі,  бір  уыс  бидайға  бола  жазалауы  –  бəрі-бəрі  екі

құмырсқаның  төбелескеніндей  қыбыр-жыбыр  қу  тіршілік.  Осының




бəрі өресіздік. Біреуді біреу қанап, біреуді біреу қамап, қорлап, зорлау

– санасыздық. Адам – адам болған соң, хайуанаттан артық жаратылып,

ақыл-есті  болған  соң,  бəрінен  биік  тұруы  керек  қой.  Құрт-құмырсқа,

бақа-шаяннан айырмашылығы айдай əлемге əйгіленіп тұрсын.

Саид – Акбар қожа, мен білсем, осылай деп келеді. Сен бүгін күшті

болып,  өзіңнен  əлсізді  қорлап,  əділетсіз  өмір  сүргеніңмен,  ертең  қара

жердің қойнына кірген соң, сол əлсізбен бірдей боласың, Тіпті молаңа

алтыннан  күмбез  тұрғызған  күннің  өзінде  де  əлгі  əлсізбен  бірдей

боласың. Алтын күмбез сені құрт-құмырсқадан сақтай алмайды. Құрт

сені де, əлсізді де жейді. Екеуің де жемсің. Бұл – тəнің.

Ал  жаныңның  қай  халде  боларын,  о  дүниенің  қай  қиырында

қаларыңды бір Алла өзі біледі. Бірақ жалған дүниедегі ізгілігін болса –

ізгілігің,  залымдығың  болса  –  залымдығың  ұмытылмайды.  Алланың

таразысы қылаудай қате жібермей, бəрін шотқа салып отырады.

Жалған дүниеде мыңды, миллионды, күллі халықты алдай алатын

айлан  болғанмен,  о  дүниеде  Алланың  таразысын  алдай  алмайсың.

Жалған  дүниеде  істеген  жақсылығын  да,  жамандығың  да  алдыңнан

шығады.  Əсіресе  жетім  мен  жесірді  қорлап,  зорлағанның  кінəсі

батпан-батпан  ауыр  дейді.  Жуанқұл  мен  Тасбет  соны  неге  білмейді.

Білер  еді,  иман  сабағы  жоқ.  Сабақ  айтатындарды  сабады,  қамады,

атты, шапты.

Сол  сабақты  мына  Саид  –  Акбар  қожа  айдалаға,  қарабауыр

Қаратауға, тозаң жұтқан боз жусанға, қураған сасырдың сояуына, тас

мия  мен  ащы  кекіреге  айтып  келе  жатыр.  Пыр-пыр  ұшқан

қараторғайларға,  ұялас  ұшқан  жабайы  көк  кептерлерге,  құс  біткеннің

жалқауы марғау құладынға, құладынға ұстатпай жол бойында жылтың-

жылтың, қутың-қутың еткен саршұнаққа оқып келе жатыр.

А,  бəлкім,  осы  ғарыш  үндес  сабақ  маған  арналған  шығар.  Саид-

Акбар  қожаға  менің  дүниеде  барым-жоғым  «пішту»  сияқты.

Бектөбеден  шыққалы  бері  бір  назар  салған  жоқ.  Өзімен  өзі.  Екі  көзі

жұмулы.



Ол Аспанмен, Алламен сөйлесіп келе жатты. Ауылда, тар үйде, тар

жерде айта алмаған арманын мына кең дүниеге, елсіз-жұртсыз оңашаға

шыққан соң ағытқан сияқты.

Қаратаудың  бұлым-бұлым  бөктерінен  анда-санда  киіз  үй  тіккен

қойшылардың қосы көрініп қалады. Олар жол бойынан едəуір алыста.

Оңашада, оқшауда қойшылардың иттері де ерігетін болуы керек, сонау

қараша үйден арпылдап, əупілдеп шығып, айдалада келе жатқан бізге

қарай  ерінбей-жалықпай  жүгіреді.  Тамағы  тоқ,  қайғысы  жоқ  əумесер

немелер ғой. Керер едім, мен сияқты қарны ашып келе жатса...

Бектөбеден  сəске  түсте  шығып  едік,  енді  түс  ауып,  күн  бесінге

таяды.  Əлі  жүріп  келеміз,  əлі  нəр  татқан  жоқпыз.  Қоржынымда

Қалатай  апам,  Шолпан  апам  салып  берген  жүгері  нан,  ежігей  құрт,

қауынқақ  бар.  Бірақ  алып  жеуге  батпаймын.  Əулиеге  ілесіп  келе

жатып,  бұралақтап  аузыма  жүгері  нан  тыққаным  қалай  болады?  Құл

неме  демей  ме?  Қали  атам  айтқан:  «Саид  -  Акбар  қожа  сенің  əкеңді

біледі»  деп.  Сонда  Саид  -  Акбар  екі  көзі  жұмулы;  аспанмен,  Көк

Тəңірмен сөйлесіп келе жатса да, менің бұралақтап нан жегенімді сезіп

қойып:


Əкең жақсы кісі еді жамбас жеген,

Жақсыдан жаман туса оңбас деген, –

деп ойламай ма?

Қаратау  қойнауындағы  қойшылардың  иттері  ерігіп  əупілдегені

жақсы  болды:  Саид  –  Акбар  қожа  көзін  ашып,  басын  көтерді.  Жол

жағалай  бізбен  арпылдасқан  иттерге,  жанында  келе  жатқан  маған

таңдана қарап:

− А, балам, шаршаған жоқсың ба? – деді.

Шаршадым десем – осалдығым, шаршамадым десем – жалған, не

айтарымды  білмей,  əлгі  абалаған  маң  төбеттерге  қамшы  сілтеп  əуре

болғансып, үндемедім.



Сонда Саид – Акбар қожа əлгі иттерге:

− Тəйт! – деп бір қарап еді, мені менсінбеген төбеттер лезде жым

болып,  құйрықтарын  бұттарына  қысып  алып,  ауылына  қарай

қыңсылап зыта жөнелді.

Бұл  не  деген  құдірет  екеніне  ақылым  жетпей,  аң-таң  болып  мен

қалдым. Əлгі иттер арттарына қарай-қарай безіп барады. Көздеріне не

көрінгенін  ешкім  білмейді.  Бірдеңе  деп  қыңсылайды.  Иттің  тілін  мен

түсінбедім.

Саид – Акбар көзін қолымен көлегейлеп, аспанға қарап:

− Бесін намаз болды-ау деймін, – деді. Ол менің қостауымды керек

қылмаса да:

−  Иə,  иə,  болды,  болды,  бесін  намаз  болды,  –  дей  беріппін.  Жан

қиналса, осылай жалпандайсың.

Қожекемнің  өзіне  бұрыннан  таныс,  бұрыннан  талай  рет  сая  еткен

жері  болуы  керек,  жол  бойындағы  дəу  бəйтеректің  жанына  тоқтап,

көліктен  түстік.  Екі  борбайым  қарысып  қалыпты.  Бəйтеректің  түбіне

мөлдіреп аққан бұлақ бар екен, алдымен есектер өңмендеп, бұлақтың

аяғын ала суға бас қойды.

Қожекем  дəрет  алып,  жуынып-шайынды.  Қоржыннан  кестелі

жайнамазын  алып,  көгалдау  жерге  жайып,  құбылаға  қарап,  бесін

намазын атқарды.

Қоржынымды  алып,  оның  бір  басынан  жүгері  нанды  шығарып

қойып мен отырмын. Намаз кезінде малжаңдап нан шайнамайын деп,

тілімді тістеп шыдап-ақ бақтым.

Мұңым  елеусіз  қалмаған  тəрізді.  Саид  –  Акбар  қожа  намазды

тəмəмдап,  тамақты  көріп,  маған  тұңғыш  рет  бағамдай  қарап,  жылы

жүзбен:

− Қарның ашты, ə, балам. Ал, жеп ал! – деді.




− Сіз... Алыңыз, – дедім үнім дірілдеп.

Қожекем  өзі  ыдырап,  үгітіліп  тұрған  наннан  бір  шөкім  сындырып

алып, аузына салды. Қайтып қол созбады.

− Құдай қаласа, ақшам шамасында Қанды асудың аузында отырған

Айтқұл  ауылға  жетеміз.  Сонда  түнеп,  демаламыз,  –  деді.  Бірі  Күйік,

бірі Қанды... Қаһарлы асулар...

Көліктеріміз  едəуір  тыңайып  қалыпты.  Тағы  да  күнбатысты  бетке

алып, жортақтатып келеміз. Қожекемнің қас-қабағына қарасам, көңілі

хош  сияқты.  Көмейіме  келіп  тіреліп  тұрған  бір  сұрақты  тəуекел  деп

қойып кеп қалдым:

−  Қожеке,  Күйіктің  асуымен  неге  жүрмедік?  –  дедім.  Қожекем

бетіме бір қарады да:

− Күйік асуын көрдің ғой. Енді Қанды асуын да көр. Көрген жақсы,

білген  жақсы,  балам.  Əсіресе  Қаратаудың  бұл  жақ  тарабы  тұнып

тұрған тарих. Əулие-əмбиелердің мекені. қарсы алдында, сонау күннің

батар жиегінде, Баба Түкті Шашты Əзіз əулие жатыр. Соның, түстігін

ала, Бəйдібек бабаң жатыр. Одан əріректе Бала Бөген мен Ұлы Бөген

тоғысар  жерде,  Домалақ  анаң  жатыр.  Білесің  бе  Домалақ  ананың  кім

екенін?

− Айшадан естігенім бар. Жете білмеймін.

−  Ə  -  ə,  жете  білмейсің,  əрине.  Айшадан  естігеніңе  де  шүкір.

Қазіргі балалар мылқау, мəңгүрт боп өсіп келеді. Жеті атасын білмейді.

Ұлы ата-аналарың білмейді. Жеті атасын білмеген – жетім. Түп атасын

білмеген – тексіз. Ал сен, балам, тексіз емессің. Тек зердеңде жүрсін.

Халық  «Домалақ»  деп  кеткен  Нұрилə,  жаның  жаннатта  болғыр,  сенің

ұлы Анаң, менің ұлы Апам. Үрмəттің, яғни, арабтың қызы. Мұхаммед

пайғамбардың ұрпағы. Өскеннен кейін басына барып дұға қыл, құран

оқыт. Сауабын аласың. Рухы сені желеп-жебеп жүретін болады. Саған

тағы бір айтарым: мені Қали атаң сияқты «Қожеке» демей-ақ қой. Жай

«ата»  де.  Сенің  Қали  атаң  арқалы  молла,  бірақ  коммунист.  Екіұдай:




Құдайды да сүйеді, коммунистерге де қызмет қылады. Қайғы хал деп

осыны айтады.

Ел  орынға  отыра,  бір  аңғардың  аузында  бұйығып  қана  жатқан

шағын ауылға келдік. Жаппа тезектің түтіні аңғардың ішін аралап, иісі

бұрқырап  тұрған  кез  екен.  Иттер  шəуілдеп,  енесінен  адасқан  бұзау

мөңіреп,  тіршіліктен  белгі  береді.  Аңғардан  лекілдеп  ескен  кешкі

самалда  əдемі  əуен  бар.  Ықыласпен  құлақ  салсаң  ғана  естіледі.  Əр

жерден жылтырап əлсіз сəуле көрінеді. Жермай шырағданның сəулесі

– миллион жылдық жол жүрген алыстағы жұлдыздың сəулесіндей əрі

нəзік, əрі аяулы. Сол сəуле барда тіршілік бар, үміт бар. Дүниенің бір

қуысында, бір Алланың уысында тығылып жатқан ауылдың да алдан,

жақсылықтан үміті бар. Иə, Алла, жар бола гөр!

Айтқұл  деген  кісінің  үйіне  түстік.  Қожаны  алақанына  салғандай

аялап, қол қусырып, кеш те болса тоқты сойып, жаны қалмады.

Шəйдан кейін мен ұйықтап қалыппын. Түннің бір мезгілінде біреу

сипалап  оятты.  Қарасам,  Саид  –  Акбар  қожа:  «Тұр.  Тамақ  пісті.

Қолыңды жу», – деді.

Қазақтың қонақжайлылығы осы.

Таңертең  тағы  жолға  шықтық.  Қанды  асудан  ары  асып  түскенде,

Тəңіртаудың  шыңдары  күнге  шағылысып  жарқ  етті  де,  айбынданып,

айдынданып Жуалы деген жер жаннаты құшағын ашты.

− Өй, тентек, сен қайда кетіп қалдың? – деді Жуалы.

−  Осы  жерде  өстің  сен,  Мыңбұлақ  суын  іштің  сен!  Алысқа  ұзап,

адасып кетіп жүрме, – деді Жуалы.

Əлденеге танауым қусырылып, тынысым жиілеп, тамағыма бірдеңе

тірелгендей, көзімнен бір опасыз жас бұршақтап бұрқ ете түсті.

−  Ауылыңды  əбден  сағынған  екенсің  ə,  қызталақ?!  –  деді  Саид  –

Акбар қожа. – Отан деген осы болады.




− Айшаға сəлем айт. Баяғыда, əлі сен тумай тұрғанда, қолынан дəм

татқанмын. Мұртаза рахметлік ұдайы қолқа салып, қонаққа шақырушы

еді... Ол қазір жаннатта. Жамандықтан жырақ, жақсылыққа жақын еді,

марқұм. Оның жаны қазір жаннатта.

−  Оның  жаны  жаннатта.  Ал  біз  тозақта  тұрмыз.  Сонда  Мұртаза

жаннаттан  қалай  рахат  табады?  Қожеке,  иə...  ата,  сонда  аруақ  бекер

болғаны ма?

Саид – Акбар қожа маған оқыс бір қарап алып:

−  Балам,  бəле-жаладан,  тіл-көзден  аман  бол,  –  деді.  –  Аруақ

алдамайды, бір жақсылық болады. Ашынба!

−  Ашынбасқа  амал  жоқ  қой,  ата.  Бастықтар  жүндей  түтіп  жейді.

Содан Айша аурушаң болды.

Қожа басы салбырап үндемей қалды. Содан Мыңбұлақтың шетіне

келгенде бір-ақ тіл қатты.

−  Мен  Тəжібай  ақсақалдың  үйіне  түсемін.  Айша  сол  үйге  келсін.

Сəтін салса, ем қонар, – деді.

Тəжібай деген кесе тақуа, Құдай деген иманды, текті кісі еді. Саид

- Акбар қожа ылғи да сол үйге түседі.

Сөйтіп,  Саид  –  Акбар  қожамен  бірге  болған  екі  күндік  жол-сапар

аяқталды.

− Ата, рақмет сізге, – дедім.

− Алла есендікте жолықтырсын. Аруақ, Құдай жар болсын, балам!

Тағдыр  жазса,  алда  тар  жолда  Саид  –  Акбар  қожамен  əлі  талай

кездесеміз. Ол əңгіме кейінірек айтылады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет