АРТЫНА БҰРЫЛЫП МӨҢІРЕГЕН СИЫР
− Бұл елден кетпесек болмайды екен, – деді Айша. Жат бауыр,
бөтен ел сияқты етіп айтты. Айша торыққанмен, менің санам көнбейді.
Жат жерде жарты ай жүргенімде, осы елді, осы ауылды, Мыңбұлақты,
Тəңіртауды қалай сағынғанымды айтып жеткізе алмаймын. Сөзбен
айтып, Айшаға түсіндіре де алмаймын. Жарты айға сондай болғанда,
мүлде көшіп кету деген не сұмдық Онда мен сарғайып өлетін
шығармын.
− Кетпей-ақ қойсақ қайтеді, заман түзелер.
− Зорақы заман түзелмейді! – деді Айша зілді үнмен. – Оның үстіне
Зибаның тілегін өзің айтып келдің. Туған бауырым қан түкіріп
жатқанда, қасында болмасам, бізге емшегімен сүт берген анамыз
Құлыханның аруағы атпай ма? Менен басқа кімі бар Зибаның? Ауагүл
əпкем қанша бауыр дегенмен, емшектес емес. Рахман болса, тайқы
маңдайымызға сыймай кетті. Жоқ, Барсхан, көшеміз, – деді. – Алдағы
қыстан аман қалмаймыз. Не отын жоқ, не шөп жоқ, не азық жоқ.
Жуанқұл мен Тасбеттен болса да қайыр жоқ. Олар бізге өлім тілеген
құзғын қарғалар.
− Мен өсіп қалдым ғой, енді бой бермеспіз.
Бұларды біз жеңе алмаймыз. Қыстың күні жаман ашығамыз. Амал
жоқ, ұрлық істейсің. Сені ұры қылып өсіргенімше, өлгенім жақсы.
Соттатып жібереді. Бұл жерде жартымды оқу да жоқ. Қалаға барып
оқисың, көшеміз! – деп кесті Айша.
Айтқанының жөні, қисыны бар. Қарсы келе алмадым.
Ертеңіне арбадағы жүгімізді үйімізге біртіндеп жаяу тасып болған
соң, Айша Борандыға кетті. Əулиеатаға пойызбен бармақшы.
Үйге бас ие боп мен қалдым. Тасбет келіп:
− Шешең қайда? Қызылшаға неге бармайды? – деді.
− Шешем сенің қорлығыңнан ауырып, емделуге кетті.
− Қайда?
− Əулиеатаға. Саид – Акбар қожаға, – дедім əдейі.
Саид – Акбар қожадан қорқып қалған. Үндеместен атының басын
бұрып алып, кете барды.
«Шақыртып жатыр» деген соң, мектепке бардым. Сөйтсем, оқу
басталған екен. Жұмыс, жұмыс деп жүріп, оқуды да ұмыттырып
жіберген екен. Ауданнан уəкіл келіп, балаларды қызылшадан
босаттырыпты. Сабақ уақытында басталмасын, мектеп жабылып
қалсын деген заң жоқ. Заңды қолдан жасап, қалталарынан суырып
алып жүрген колхоздың бастықтары. Бұл үшін олар заң алдында жауап
беруге тиіс. Бірақ олар бар кінəні соғысқа аудара салады. «Бəрі де
майдан үшін!» деген ұран бар. Ол ұран тұрғанда, басқа заңдар артын
қысады.
Бесінші класқа кіріп, ең соңғы партаға барып отырдым. Не кітап,
не дəптер жоқ. Оқуға деген құмарлық, құштарлық сөніп қалған тəрізді.
Əйтеуір, кластан класқа көшіреді, бірақ білім жоқ,. Білім беретін
мұғалімнің сиқы – былтыр жетінші бітірген Əбжанның Сейдін деген
қызы есептен сабақ береді. Өзі білімнен ақсақ мұғалімнің шəкірті –
тоқсақ.
Қоңырау соғылып, демалыс болғанда, шұбар мұғалім апайдың
тəмпіш мұрын тəлпіш қызы жаныма келіп: «Қайда жүрсің,
көрінбейсің?» – деді.
− Енді мүлдем көрінбейтін шығармын, – дедім.
− Неге?
− Əулиеатаға көшетін шығармыз. Бірақ сен ешкімге айтып қойма, –
дедім. Қыз тəлпіштігін тыйып, ойланып қалды:
− Папам əскерден келсе, Əулиеатаға біз де көшер едік, – деді
мұңайып.
Бұл да мұңая алады екен. Шіңкілдектеу, тым белсенді еді. Сөйткен
бұ да уайымдайды екен.
Əулиеата жақ туған елі ғой.
− Хат жазып тұрсаң жақсы болар еді, – деді қыз үні тым жуасып.
− Жазамын ғой, – дей салдым.
Сөйтіп айтуын айтсам да, «мен кеткен соң Жолдасбек сұм
сумаңдап, қырыңдайды-ау» деп ойлауым мұң екен, өзегімді бір жалын
осып өткендей болды.
− Тезірек көшсеңдерші, – дедім қызға.
− Папам келмей, көше алмаймыз ғой, – деп сыбырлады ол.
− Папаң келсе, арттарыңнан іздеп барады ғой.
− А - а - а...
Қоңырау соғылып, сабақ басталып кетті. Көк көз татар жеңешеміз
Ғалияның сабағы еді. Бірақ жеңеше демейміз. Апай дейміз.
− Ал, балалар, іштеріңде Махамбет ақынды білетіндерің бар ма? –
деп сұрады Ғалия жеңеше-апай.
Кластың іші тым-тырыс. Жолдасбек күңкілдеп:
− Ол қай ақын тағы да? – деді.
− Махамбетті білмеген – мақау, – дедім алдымдағы партада
отырған Жолдасбектің желкесінен түртіп.
− Ал, білгіш болсаң, айта қойшы, –деді.
− Иə, Барсхан, айта қойшы, – деп апай да қостай кетті. Айша
«Октябрь балалары» деген газет алдырып, маған ылғи оқытатын. Кейін
сол газет келмей кетті. Сонда «Исатай – Махамбет» деген ұзақ өлең
басылған. Əрі десе, Машанның кітабынан Махамбеттің өлеңдерін
жаттап алғаным бар. Апайға осыны айттым. Апай:
− Онда бір өлеңін жатқа айта қойшы, – деді.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Көл қорыған сен едің.
Сен де айырылдың көліңнен.
Ел қорыған мен едім,
Мен де айырылдым елімнен.
Сені көлден айырған
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған...
Ар жағын білсем де айтпай тұрып алдым. Ғалия апай
шыдамсызданып:
− Ал, ал. Біліп тұрсың ғой, неге айтпайсың? – деді.
Мен: «Тасбет иттің екпіні» дей жаздап барып, əрең дегенде: «Хан
Жəңгірдің екпіні» дедім-ау.
Балалар ауыздарын ашты да қалды. Онымен қоймай Хан Жəңгірдің
кім екенін айтып бердім.
Хан емессің, қасқырсың,
Қара албасты басқырсың... –
деп шұбырттым.
− Мынау бір пəле шығар. Мұның бəрін саған айтып беретін жының
бар ма? – деді Жолдасбек күліп.
− Міне, бұл əдебиетке деген махаббат, – деді Ғалия апай.
− Махаббат деген немене, апай? – деп қыңырайды Жолдасбек. Ол
енді Ғалияның ең жақын қайнысы. Еркінсіп тұрғаны содан. Жолдасбек
– Жəрімбет бидің немересі, Ғалияның күйеуі Əнуарбек – Нұрымбет
байдың немересі. Яғни, Жəрімбет пен Нұрымбет ағайынды.
− Махаббат деген – құлай сүю, – деді Ғалия салмақпен. – Махаббат
– Отанды сүю, ата-наны, туған-туысқанды сүю, жақсы көрген адамын
сүю...
− Қыз Жібек пен Төлеген десеңізші, – деді Жолдасбек мүлəйімсіп.
– Ондайлар біздің класта да бар, – деп, көзінің астымен Əсемге бір,
маған бір қарап қойды.
Ғалия мұғалім қатқылдау үнмен:
− Жə, жарайды, сабақты жалғастырамыз, – деді.
Сабақ біткен соң мектептен шығып сайға түсіп, Жалбызбұлақтың
жанына барып отырдым.
«Біз көшіп кетсек, сенен енді кім келіп су алады?» – деймін.
Қайнардың түбі бүлкілдеп, ұлпа құмды қайнатып жатыр. Сүмбіле
келіп, су суыса да, шекшек шырылдайды. Ақырғы көбелек қалбаңдап
ұшып, əлі сола қоймаған шашыратқының көкшіл гүліне қалтырап
қонады. Көбелек жаздағыдай жайраңдамайды. Құйқылжып, ойнақ
салып, ойнақтап, өрнек салып ұшпайды.
Неден, қалай пайда болатыны белгісіз, ақ жібегін шұбалтып, мизам
ұшып барады. Құстар қайтып кетті.
− Біз де ұшамыз, – дедім мен.
Аспанда түйдек-түйдек бұлттар қалқып барады. Соңғы ақшылын
тəмпіш мұрын тəлпіш қызға ұқсаттым:
Тəмпіш мұрын тəлпіш қыз... Енді оны ойлағанда, Айша баяғыда
бір айтқан өлең есіме түседі. Жаугершілік кез көрінеді. Сонда үдере
көшкен елдің көрінісі:
Барады аулым көшіп таудан асып,
Таудан асқан бұлтпен араласып.
Бірге өскен кішкентайдан, беу, қарағым,
Жүрерсің əлдекімге бауыр басып...
Тəмпіш мұрын тəлпіш қыз... Мен Əулиеатаға кеткен соң «үйшік-
үйшікті» кіммен бірге ойнар екен? Кімге бауыр басар екен? Бəлкім,
енді «үйшік-үйшік» ойналмайтын шығар. Біздің класстағылар, осыдан
екі-үш жыл бұрынғыдай емес, өсіңкіреп қалды. Балалық дəуірден
өтіңкіреп, ертерек есейді. Əрі десе, бұрынғыдай Мұса бауы жоқ. Өткен
қыста отынға қырқылып кетті. Енді баяғыдай құстар ұя салып
шуылдамайды. Туырлықтай түйежапырақтар өспейді. «Үйшік-
үйшіктің» бас иесі Тұрымтай дейтін қыз да жоқ. Ерте жетілген
шыбыштай боп, бір шалға жем боп кетті.
Тағы бір үлбірек үмітім бар: Айша Əулиеатадан қайтып келіп
"Көшпейтін болдық» десе...
Əй, бірақ бос қиял. Өйткені кенеттен келетін ғажайып жоқ. Тек
ащы шындық бар. Ол шындық айтады: биылғы қыстан сау шығуың
неғайбыл дейді, қыстан шыққаныңмен көктемнің көкөзегі деген бар.
Аш адамдар көбінесе көктемде қырылады дейді. Қырылып қалмас
үшін, уақытша жан сауғалап, алыстағы жекжат-жұрағатпен жалғасу
керек. Ауылдағы ағайын, əйтеуір, аман болсын, бар болсын, бірақ бізді
қорғай алмайтынына көз жетті. Қорғар еді, егер Нəметқұл мен Махан
болса, Орха мен Ноха болса, Сейсенбай болса. Олар жоқ қой. Сəл-пəл
айбат қылар Дүйсенбайдың өзі бас сауғалап, темір жолдың жұмысына
кіріп кетті.
Жалбызбұлақ. Мыңбұлақтың бір бұлағы. Мен кеткен соң қаларсың
сен жалғызсырап. Анда-санда кетпенмен көзіңді ашып, тұнба
балшығыңды аршып тұратын кім бар енді...»
* * *
Үш-төрт күннен кейін, Əулиеатадан Айша қас қарая келді. Қасында
Сəли атам бар. Екі доңғалақты есек арба. Енді көшетінімізге шын
көзім жетті. Кештетіп келгендері, сірə, Айшаның амалы. Ел көзіне
түспей-ақ қояйық дегені. Намыс қой. Айша есек арбамен көшіп кетіпті
деген намыс қой. Дос күліп, дұшпан табалайды.
Есі бар ел болса, күлмеу де керек, табаламау да керек. Есі бар
басшы болса, колхоздан бір адам емес, тұтас бір үй көшіп бара
жатқанда, етінен ет кесіп алғандай болмай ма? Кетпе, көмектесеміз,
асыраймыз, өлтірмейміз демей ме?
Ондай
басшы
табылмайды.
Қайта
«кеткеніңнен
келме,
жатқаныңнан тұрма» деп артымыздан топырақ шашты.
Таң қылаң бере жолға шықтық. Айша түнімен оны-мұны, кəкір-
шүкірді түйіншектеп, арбаға артуға ыңғайлап қойды. Оған мен
көмектестім. Қаңырап бос қалып бара жатқан үйге арнап Сəли атам
дұға оқыды. Айша үйдің ортасындағы тіреу ағашты құшақтап жылады.
Қайран да менің Отаным,
Қайтып келер күн бар ма? –
деп аңырады.
Көрші-қолаңнан жалғыз Баян келіп, Айшаға:
− Қой, өйтіп жылама. Құдай қайта қауышуға, қуанышқа жазсын, –
деді. Айша оған:
− Мына иесіз қалып бара жатқан үйге баскөз болып жүрерсің, –
деді. – Біз жоқта аруақтар келсе, адасып қалып, күйзелетін болды-ау...
– деп өксіді.
Сүйегі ауыр заттар сол Баянның үйінде қалды.
− Рəсім жасап, бір бозқасқа сойып, ел-жұрттың батасын алып
көшсе болар еді, оған шама жоқ, – деді Айша. – Ұрлық қылған адамдай
жасырынып барамыз. Иə, ата-бабаларымыздың аруағы, Мұртазаның
аруағы, назалана көрме, – деп жалбарынды Айша. – Кешіре гөр!
Айша аруақтардан неге кешірім сұрауға тиіс? Маған осы жері
түсініксіз. Айшаның не жазығы бар? Жазығы – жастайынан жесір
қалып, үш жетімді жетілдірсем деп жанталасқаны ма? Мұртазаның,
Бердімбеттің, Үкібастың, Тоқсанбайдың осы бір бұтағының ұрығы
үзіліп қалмасын деп, жалаңаяқ жер кешіп, қызылаяқ қар кешкені ме?
Қайта кешірім сұрайтындай қабілеті болса, аруақтар кешірім
сұрасын Айшадан. Рақмет айтсын, желеп-жебеп жүрсін.
Бай болған деседі. Байлығына – байпағым. Сол мыңғырған
байлықтан бізге мұраға тышқақ лақ та қалған жоқ. Тісімізге бір түйір
қызылы тиген жоқ. Қайта сол атам заманғы байлық, бізге ішпей-жемей
бəле болып жабысты. Мына туған үйді, туған елді тастап, безіп бара
жатқанымыз да сол қызығын біз көрмеген байлықтың кесірі.
Батырхан мен Құрмаш арбаның үстінде. Сəли атам мен Айша
арбаның алдында. Есектің ноқта жібі Сəли атамның қолында. Арт
жақта қара сиырды жетектеп мен келе жатырмын. Жар дегенде жалғыз
тұяқ. Бұзауын бір қап бидайға айырбастап жібергенбіз. Дəсері қаптай
сол бидай қазір арбаның үстінде.
Кейде ескі сүрлеумен, кейде жолсызбен тартып келеміз.
Балағымызға кəріқыз тікен жармасады. «Кетпе, қайда барасың?» деп
бір адам айтқан жоқ. Алабота мен қарасора, қызыл жантақ пен торы
тобылғы айтты. Тілсіз тіл. Аяққа сары шырмауық оралады.
Сəли атамның кебіс-мəсісі бар. Тірсегіне тікен кірмегені
сондықтан. Бірақ тобығына шырмауық оралғанда, жығылып қала
жаздайды, жарықтық. Сондықтан оған Айша:
− Нағашы-ау, арбаға отырсаңшы. Балалар жаяу-ақ жүреді ғой, –
дейді.
Сəли атам күлімсіреп:
− Сонда мен баладан нашар болғаным ба? – дейді.
Былтыр Қали атам екеуі ақалтеке мініп келгенде, құдіреті күшті
сұлтандай еді. Биыл бізді көшіріп əкету үшін есек арбамен келгеніне
көңілім қаяуланып қалды. Тəңіртаудай тұлға тұтып, медет етіп жүрген
нағашым аласарып қалған сияқты болды.
Шынында да, қартайып қалған секілді. Əй, бірақ адам екен.
Өртеніп жатқан біздің үйге қанатымен су сепкен қарлығаштай болып,
Қаратау асып, Əулиеатадан жаяу келуі ер емей немене? Пейіш, жұмақ
дегеннің бар екені рас болса, Сəли атамның жаны қазір жаннатта
жайнаса керек. Лайым солай болғай!
Ал сол 1944 жылдың тары піскен қыркүйегінде, ер-азамат зорға
шыдайтын азапты жолда, қос доңғалақты арбаны есекпен бірге
сүйретіп, қабағын бір шытқан жоқ. Қалың бурыл қасы жапқан көзі
күлімсірейді де тұрады.
Темір жолға дейін жолсызбен жүрдік. Қураған шырыштың сояуын,
сиырқұйрықтың сабағын арба басып өткенде, қайбірі қайтадан бой
түзеп, бізбен қоштасқандай тербеліп тұрады.
Айша мен Сəли атамның əңгімесі таусылмайды. Əңгімемен жол
қысқаратын шығар. Əңгіме Есей байдан басталады. Есей бай
Айшаның əкесі, Сəлидің жездесі. Жігіт кезінде Сəли сол жездесінің
жүйрік атын мініп қашқан көрінеді. Есей бай артынан кісі жіберіп,
жүйрігін екі құлынды биеге қайтадан айырбастап алғанын айтады.
Айдалада екеуі əлдеқашан өтіп кеткен заманның əңгімесін айтып
күледі. Құдай күлгеннен айырмасын.
Бірақ менің көңілім сергімеді. Біз алыстаған сайын артыма
бұрылып қарасам, ақбас шыңдар биіктей түсіп, жүрегімді
шымырлатады.
Осы шыңдарсыз өткен өмір маған өмір емес сияқты көрінеді.
Таусыз елдің адамдарының көңіліне келмесін, мен көзімді жыртитып
ашқаннан бері көргенім осы таулар болса қайтейін. Көзіме оттай
ыстық көрінеді. Осы асқақ шыңдар болмаса, үстіме аспан құлап
кететін сияқтанады да тұрады.
Анада Əулиеатаға кетіп қалып екі апта жүргенімде, осы таулар
көзден таса болғанда, сағыныштан əрең шыдап едім. Ендігі күнім не
болады? Екі аптаға емес, белгісіз мерзімге кетіп барамыз. Мен
құсалықтан өлетін шығармын.
Айналайын Тəңіртау! Ая мені. Кетіп қалды деп қарғама. Дүние
осылай боз боран бола бермес. Түзелер. Жуанқұл мен Тасбеттер
мəңгілік емес қой. Олар да тұғырынан таяр. Ақ жарылқап заман туып,
азап қарыған арқамыз жылынар да жадырар.
Осы оймен келе жатқанымда ап-ашық аспанды бұлт торлапты.
Тəңіртау көрінбей қалды. Əуелі Шақпақ жақтан желдетіп барып,
артынан себелеп жаңбыр жауды. Шаң тұтқан жусан мен дермен
шөптің кермектеу иісі бұрқ ете қалды. Бізді аяп адамдар, ағайындар
төкпеген жасты аспан төкті. Аспан бəрін сезеді. Аспан бəрін көреді.
Аспанның мейірімі түскен адам қор болмайды.
Мен мұнда қайтып оралғанша Қамқа тірі болар ма екен? Қоштаса
да алмадым. Бата сұрау керек еді. Дошанай атам, Əбіш атам...
«Мұртазадай бозымнан қалған Барсхан» деп солар басымнан
сипаушы еді... Бастан сипай салғанда тұрған не бар? О, оны сендер
білмейсіңдер. Жетім болып көрмеген білмейді. Жетімнің басынан
сипаған алақан жер астында жатса да шірімейді. Адамзат əр алуан.
Біреулер сипаса, біреулер сол басты жарғысы келіп тұрады. Дүние
содан ала-құла.
Терістің бойы «ен тоғай». Саздау жағалауда сыңсыған Сəмбі тал.
Бұйра тал. Əлі жап-жасыл. Мыңбұлаққа қарағанда Теріс өзенін
жағалап отырған елде береке бар шығар. Өйткені біз сияқты орман-
тоғайын отай бермепті. Атың Теріс болса да, бетің түзу болып, бізге ақ
жол тілей гөр, қасиетті қасқа су! Шақпақ таудан бастау алып сен
шығысқа тарттың, Арыс батысқа тартты. Күннің шығысына қарап тіке
тартқан басқа бірде-бір өзен жоқ. Сондықтан сенде сыр да көп, мұң да
көп, жыр да көп. Сонымен де қасиеттісің, қайран Теріс.
Сəмбіталдың ара-арасымен жүріп жол тауып, судың жағасына да
шықтық-ау. Терісті бойлап, жайдақ жерін іздедік. Ендігі кең, суы
жайылыңқы тұсына тоқтап, əуелі «тексеріп» көрмекші болдық. Мен
түсейін деп едім, Айша жібермеді.
− Аяғың қысқа, шұңқыры болса батып кетесің, – деп, шөлкейін
шешіп, сұр шинелінің етегін түріп өзі түсті.
Құдайға шүкір, Терістің суы жуас екен. Айша арғы бетке өткенде,
кебіс-мəсісін шешіп, арбаға жегілген қара есекті жетектеп Сəли атам
өтті.
Балағымды түрініп, қара сиырды жетектеп, ең соңынан мен түстім.
Су салқын екен, екпіні кəдімгідей, мені едəуір тəлтіректетті. Өзеннің
ортасынан өтіп, арғы жағаға жақындай бергенде, жетегімде келе
жатқан қара сиыр мүйізін шалт шайқап, мойнын оқыс бұрып қалғанда,
қолымнан бұйда жіп шығып кете жаздады. Қара сиыр артына
бұрылып, алыста-алыста бұлдырап қалған Мыңбұлаққа қарап тұрып,
үш қайтара мөңіреп-мөңіреп жіберді.
Содан кейін... мойнын қайта бұрып, жасаураған үп-үлкен, мөп-
мөлдір көздерін маған қадап, танауларын едірейтіп, «пыс - с - с» етті.
Сөйтіп, мен бұйдасынан тартпай-ақ, өз еркімен жайлап басып жағаға
шықты.
Біз пенделер «сасық» деп қорлайтын сиыр атты хайуанның өзі
отын оттап, суын ішіп жайылған жерін қимай, артына бұрылып тұрып,
үш қайтара меңірегенде, адам деген аты бар біз пақырға не шара?
Терістің арғы бетінен ауылға қарап аңырап алдық. Өкпе – бауырымды
біреу бұрап-бұрап, сығып-сығып, суын шығарғандай көзімнен жас
ыршып-ыршып кетті.
Сонда Зеңгібабада едəуір сезім болған-ау. Зеңгібабада қасиет бар.
Бəсе, Үндістанда зор шаһарлардың кешесінде сиыр жатса, оны
орнынан тұрғызбай, кім де болса тағзым етіп, айналып өтеді-ау.
Өз мекені, өз Отанын мал екеш мал қимай бара жатқанда, адам
жыламай қайтсін. Небір боздақтар Отанына аман-сау орала алмай,
армандар ағысы мұхитқа айналған заман.
Бəлкім, сол Орха мен Нохалар сияқты мен де осы Отанды сағынып,
зарығармын.
Ал оз Отанын сағынбайтындарға таңғаламын. Туған елін, өскен
жерін іздемей, сағынбай, қарны тойған жерде жүре беретіндер... О,
солар қиын.
Ащының алқабына шықтық. Алқап бірте-бірте қусырылып, бізді
Күйік асуының тас аузына қарай тартып бара жатты.
Күйіктен асқан соң басқа бір өмір басталмақ.
Алда бізді не күтіп тұр?
Менің ғұмырыма жаңа кезең келмекші.
Он екіден асып, он үш жас көп сынаққа түседі дейді.
Аман-есен өтерім, əлде құлап қаларым əзір маған беймəлім.
Алдымызда - Əулиеата.
Шақпақтың желі қатая түсіп, қара қарғалар қалбаң-қалбаң ұшты.
Қарғаларда қайғы жоқ. Қайғысыз-мұңсыз адам көп жасайтын
көрінеді. Ал қарғалар үш жүз жыл жасайды деседі. Əрине, жасайды.
Терістің жағасы толған тоғай. Ағаштың басы толған ұя. Қарғалар
салған ұя. Үй мəселесі деген бұларда болмайды. Бас-басына ұя бар.
Қарғалар қайғырмайды.
Ал біз болсақ қой «Тентек көшеге» үй сала алмай, жаз бойы
жеркепеде зəбір көрдік. Бізді Мұртаза салдырып берген үйден
бездірмек болды. Ақыры, бездірді. Безіп келеміз. Терістің суынан өтіп
келеміз. Туған жерден, туған елден, туған үйден безіп келеміз. Біз
қайдан үш жүз жыл жасаймыз. Қадам басқан сайын қайғы.
Кəріліктен бозан тартып кеткен қартамыс қарға қарқылдап, Айша
туралы:
«Ой, мынау əйел баяғыда келіншек боп келе жатқанда, дəл осы
Терістен алтын-зермен жабулаған ақбоз ат мініп өтіп еді... Енді
сирағын сидитып жалаңаяқ кешіп өтті» деп қыр-қыр етті. Табалағаны
ма, таңданғаны ма, біле алмадым...
Шақпақтың желі арқамыздан итермелейді. Күніміз жалғыз есекке
қарағаның көріп, көмектескені ме, жоқ, тезірек жоғал дегені ме, біле
алмадым.
Ебелек ұшып, домалап бізден де озып бара жатыр.
Түйе қарын қаңбақ ебелекке қарағанда ебедейсіздеу болса, о да
домалап барады.
Ай, Шақпақ жел, Шақпақ жел! Кімді ұшырарыңды білмейсің-ау.
Біз сияқты жеңіл-желпі қаңбақтарды домалатқанша, жердің бетін,
Жуалы жүзін арамдардан, əділетсіз хайуандардан тазартсаң еді...
Дүлейсің ғой, дүлейсің, Шақпақ желі!
|