АРҒЫМАҚ МІНГЕН ATАЛАР
Олар маған ертегілер елінен келген алып батырлар, яки Баба
Түкті Шашты Әзіздің туысқандары сияқты болып көрінді.
Әйтеуір, күнбе-күнгі көріп жүрген көз үйреншік адамдарына
ұқсамайды.
Жаз маусымы аяқталып, колхоз астығын жиып-теріп,
Борандының тойымсыз элеваторының өңешіне құйып болған
кез. Элеваторға бидай тасудан босаған соң, мені Тасбет қайтадан
жылқыға шығарды. Баяғы бурыл тай бұл күнде құнан болып,
сұлу мүсінді сәйгүлік тартып келе жатқан. Тасбет қызығып өзі
мініп жүрді. Баяғы Бердімбетторы қартайды.
Тасбет бригадирге мен:
− Ақыры, жылқыға жіберсеңіз, өзімнің бурыл тайымды
беріңіз, – дедім.
Сөйтіп ем, Тасбет тулап шыға келді:
− Әй, жуәрмек, бурыл сенің әкеңнің кәлгән мәл мә? Мін әнә
бәбәңнән кәлгән Бердімбетторыға! – деді.
Бердімбетторы бабамнан қалғаны рас. Колхозға өтіп кеткені
болмаса, баяғы бай бабамның көзі. Мейлі дедім.
Жарықтық жылқы баласы да жақсы адамдар сияқты.
Адамның адал досы, серігі, қанаты болған соң, оған да Құдай
адамның орта жасындай жас берсе ғой. Бірақ пенделердің орта
жасымен салыстырғанда Қамбар ата баласы аз жасайды. Дер
шағы – бесті шыққаннан бастап, он, ары кетсе он беске дейін.
Одан ары қартайып, небір тұлпарлар тұғырынан түсе бастайды.
Адамзат – келер, келер жүзге келер десе, жылқы жарықтық, ары
кетсе жиырма бес, отыз жасар. Олар некен-саяқ. Онда да қорлық
көрмей, қамыт кимей, арда өскендері ғана.
Ал Бердімбетторы не көрмеді? Бір кезде кәдімгідей қадірі бар
ат белсенділер міне-міне жауыр да болды, қамыт киіп, қосқа да
түсті, Тасбеттің тас тақымы батып талай жыл жүрді. Енді әбден
қалжырап біткенде маған бұйырды.
Атта тіл жоқ. Әйтпесе торыдан:
− Неге Бердімбетторы аталдың? Бердімбетті көрдің бе? – деп
сұрар едім. Ұлы анамыз Күнікей бәйбішені ше? – деп сұрар едім.
Жылқыны арпаның аңызына жіберіп, өзім торыдан түсіп,
ауыздығын алып, оты қалыңдау, ажырық аралас, арпа масағы
молдау шөмелеге жетектеп келіп, өзім арпа сабанға жата кетемін.
Аспанға қарап жатырмын.
Бердімбетторы маған риза болғандай, қайта-қайта пысқырынып
қойып, ажырықпен араластырып, арпаның масағын күртілдетті-
ай келіп. Тасбет мініп жүргенде мұндай еркіндік қай - да - а - а.
Түсте үйіне шәй ішуге келгенде де қақшиып қаңтарулы тұратын.
Бұл адам баласы қызық. Колхоз дедік, барлық мал-мүлік
бәрімізге ортақ дедік. Сонда да тышқаншылап, әркім өз ініне
тартқылайды. Бір қалта бидай, бір бау шөп болса да өз үйіне
жеткізгенше жан дәрмен. Жеке меншік психология Адам Ата,
Хауа Ана мен Абыл, Қабылдан бері қалыптасқан. Сол қалыпта
түскен тірлікті большевиктер бір жылда быт-шыт қылып, қызыл
қырғын орнатып, колхоз құрды. Мысалы, маған мына колхоздың
жылқысының бәрі бірдей. Әйтеуір, тапсырып, міндет артып
қойған соң бағасың. Бақпасаң құрисың.
Бірақ бар жылқының ішінде маған Бердімбетторы ыстық
көрінеді. Менің жеке меншігім емес, бұл да колхоздікі. Әйтсе де
мұны ерекше ықыласпен мәпелегім келіп тұрады. Беталды міне
бермей, ауыздығын алып, арқасын суытып, тартпасын босатып,
жемді жерге қоя беремін. Сөйтсем, жеке меншік дегеннен «жеріп»
өсіп келе жатқан менің өзімде де, сол қан деген қасиеттен жұққан
сарқыт бар.
Арпаны комбайн Нәметқұл көкем әскерге кетпей тұрғанда
балалардың шашын тап-тақыр қылып алғандай, сыпырып кеткен.
Сонда да там-тұм масағы, әсіресе шөмеледе қалып қойған. Кейде
тіпті сабанмен бірге бүнкерден дән де төгіліп қалады. Оны мен
топырағымен, топанымен араластырып, дорбама салып аламын.
Кім біледі биылғы қыстың қандай боларын? Өткен қыстан өлмей
әрең шықтық. Көктемде жуа теріп, борсық сияқты жауқазынның
тамырын қазып жеп, Қаратаудан қойшылар алып келген
жаужұмырды талғажау етіп, жанымызды сақтадық. Әйтеуір,
жаз келіп, пісікке ілініп, жүрегімізді жалғадық. Өткен қыс пен
көктемнің сұмдығынан үрей болып қалған басым, жерде дән жатса
да теріп алып, дорбама сала беремін. Арпа жарықтықтың масағы
күйрек; бидайдай емес, дәні тез төгіліп қалады. Сондықтан, одан
масақ теріп жарымайсың.
Сөйте тұра, дорбадағы арпадан уыстап алып, Бердімбетторыға
асатамын. Қатқылдау ернімен алақанымды қытықтап, жалап-
жұқтап қояды. Бір кезде менің қолымнан жеген жемге тойып
қалғандай, оттағанын қойып, ішін тартып, көзін жұмып, тым-
тырыс болады. О да мен құсап, баяғы балалық – құлын шағын
сағынып, есіне алып тұратын шығар.
Кәрі торы мүлгиді. Жұмулы көзі іріңдегендей, оған шыбындар
үймелейді. Бірақ оны торы ат кірпігін жыпылықтатып ұшырған
болады.
Арпаның шөмелесіне шалқалай жатып аспанға қараймын.
Ала шарбы бұлттар Шығысқа қарай тізбектеліп көшіп барады.
Бұлтқа шекара, тосқауыл жоқ,. Мүмкін, бұл бұлт сонау Атлант
мұхитынан шығып, қансыраған Еуропаның үстінен өтіп, ұлы
майданның түтінімен араласып, біздің жерге де жеткен шығар.
Майданда бұл бұлтты Нәметқұл көкем, Орха мен Ноха көкелерім,
Махан мен Сейсенбай ағаларым көріп: «Бұлттар, елге сәлем айта
барыңдар. Барсхан деген бауырымыз бар еді, тірі жүрсе, соған
ерекше сәлем айтыңдар. Далада жүрсе, төбесіне тоқтаңдар!» –
деді ме екен.
Үміт пен қиял ғой. Әйтпесе, бұлттар менің тұсыма тоқтаған
да жоқ, сәлем де айтқан жоқ. Баяу қалқып, керуендей көшіп
барады. Ала бұлттың ар жағынан ойдым-ойдым болып, көкшіл
аспан көрінді. Айнымайтын сол ғана. Мені көрсе, сол аспан ғана
көреді. Шексіз аспан – Шексіз Құдіреттің көзі. Осыншама орасан
көз болмаса, Жаратқан Алла жердің бетіндегі қыбыр-жыбыр
тіршілікті қалт жібермей қалай қамтиды? Сірә, Жасаған Иемнің
оң көзінің бір қиығы маған да түсті-ау деймін.
Өйткені...
Тастақтау жолдың үстінен дүбірлеген ат тұяғы естілді.
Басымды көтеріп алып қарасам: серейген-серейген еңселі екі
атқа мінген қос жолаушы келе жатыр екен. Орнымнан тұрдым.
Балағыма жабысқан арпаның топанын қағып, торы аттын
ауыздығын салдым. Жолда келе жатқан еңгезердей екі атқа торы
да оқшия қарап, салбыраңқы кәрі құлақтарын тікшитпекші болып
еді, құлақтары түскір оған көніңкіремей, сәл-пәл қозғалақтады
да, қайтадан солып қалды.
Салтанатты салт аттыларға таяп:
− Ассалаумағалейкум! – деп даусымды шығарыңқырап сәлем
бердім.
− Әлейкуме-ассалам, – деді түйеден биік ала айғыр мінген,
толықтау кісі, бір көзін қысыңқырап тұрып.
− Аман бол, балам, – деді көзі күлімсіреген қара шал.
Екеуі бір-бірінен аумайды. Тек, біреуі толықтау, біреуі
ашаңдау. Сақалдары аппақ. Екеуі де күлімсірейді, күлімсірегенде
жүздерінен нұр шашырағандай сүйкімді. Өздерінен де гөрі, мені
астарындағы аттары қызықтырып барады. Әскерге кеткен Қара
бие сияқты тұрқы ұзын, шоқтығы биік. Сірә, үзеңгісіне менің
аяғым жетпес.
Екі жолаушы да көздері күлімсіреп, маған тамашалай қарап
қалыпты. «Менің түр-тұрпатыма күліп тұр ма?» деп сезіктеніп,
өзімнің үсті-басыма көз салсам: жалаңаяқ екенмін. Онда тұрған
не бар? Әлі күн жылы, әне, қарлығаштар ұшып жүр, одан да
биікте құрқылтайлар әуені әрі-бері сызғылап, зымырайды. Демек
әлі ызғарлы күз бен қыстың ауылы алыста. Тек, көк бомази
шалбарымның балағы жырым-жырым. Онда тұрған не бар?
Жылқы баққан бала немене, сал-серілерше киінуі керек пе?»
Өзіме өзім осылай дедім де, үлкендерден үйренгенімді
білдіріп:
− Жолдарыңыз болсын, – деп қойдым.
− Әлей болсын, жарығым, – деді қартаңдау, арық, қараторысы.
− Әй, осы сен Айшаның баласы емессің бе? – деді бір көзін
қысыңқырап, аузы ашылыңқырап, күлімсіреп тұрған толықтауы.
Бүкіл тұла бойымнан әлдебір белгісіз дүлей ұрып өткендей
ду-у ете қалды. Әкемді атамай, шешемді айтқаны таңдандырды.
Мен сәл күмілжіп:
− Иә, Мұртазаның баласымын, Айша – менің шешем, – дедім.
− Ой, айналайын, – деп толықтауы жардай биік ала аттан
аунап түсті. Қорбиып келіп, мені бас салып құшақтап, бетімнен,
маңдайымнан ары да сүйді, бері де сүйді. – Қайран, Мұртазаның
титімдей тұяғы, – деп, көзінің жасын сүртті.
− А, а, – деп екінші жолаушы да аттан түсіп, менің күс-күстеу
қолымды алып, емірене сүйіп, арқамнан қағып, басымнан
сипады. – Кішкентай жиеншар.
Кім екендерін жыға танымасам да, енді ішім сезді, бұлар Айша
айта беретін Сәли мен Қали нағашыларымыз болды-ау, сірә.
− Сіздер Сәли ата мен Қали ата... – дей беріп едім, толықтауы:
− Ой, айналайын, қайдан танып қойдың? – деп елжіреді.
− Баланың жүрегі сезіп тұр ғой, – деді үлкені де емірене қалып.
− Мынау – Сәли атаң, – деді толықтауы, – мен – Қали атаң
боламын.
Мен ес білгелі мені бұлайша аймалап, бұлайша еміреніп
сүйген ешкім есімде жоқ. Тек, шанышқылыдағы Әдия әпкем
ғана, анда-санда біздің үйге келгенде, қалтасынан жалғыз кәмпит
шығарып беріп:
− Кел-ей, Айшаға тартып кеткен жаман неме, – деп, мені
бауырына қысып-қысып қоятын. – Мұртаза көкеме тартсаң ғой,
аппақ, сұлу болар едің. Е, мұрныңнан айналайын, жалпайып
тұрған...
Сонда мен Әдия әпкемнің бетіне қарап қаламын. Әкемнің
туған қарындасы ғой. Мүмкін, Мұртазаға ұқсайтын шығар.
Мұртазаның түр-түсі есімде сақталмапты. Өзімше Әдияға сақал-
мұрт бітіремін. Басынан аппақ күндігін алып тастап, Мұртазаның
дөңгелек тері телпегін кигіземін. Шамада әкем осындай: ақсары,
қыр мұрынды, жирен сақалды...
Сөйтсем, мен шешеме тартып кеткен екенмін. Мына Қали
нағашым мені сол Айшаға ұқсастығымнан шырамытып тұр екен.
Өйткені Мұртазаның баласымысың демей, Айшаның баласы
емессің бе? – деп сұрады ғой. Қан деген қасиет сездіріп тұрған
шығар.
Мынадай қадірменді қонақтар келгенде, қалай шыдап
тұрасың? Тез Айшаға хабарлау керек!
− Айша қызылшада, анау талдың ар жағында, – деп Өреке
жақты көрсеттім. – Мен шақырып келейін. Бригадир босатса,
қазір келеді. Сіздер... Анау өрде тұрған ақ үй – біздің үй. Бара
беріңіздер. Мен қазір... – деп, Бердімбетторыға қарғып міндім.
− Үйде біреу бар ма? – деді Қали атам.
− Бар. Құрмаш бар. Батырхан бар, – дедім оларды бір үлкен
кісілерге балап. Көңілім тасып, асыра сілтеңкіреп тұрмын.
Әйтпесе, жаңа біздің қотыраштау тамымызды «анау... ақ үй»
дегенім артықтау. Рас, алыстан ағарып көрінеді. Жанына барсаң,
әр жерінің әгі түсіп қалған, қарақотырлау. Баяғыда әлі арнайы
мектеп салынбай тұрған кезде, біздің отбасымызды Шоңғардың
ескі тамына көшіріп, біздің үйді мектеп етіпті. Сыртын сонда
ақтаса керек. Кейін мектепке арнап жай салынғаннан соң, өз
үйімізге қайта көшіппіз. Оны мен біле бермеймін. Қалай болғанда
да бүкіл Талаптыда қазіргі мектептен кейінгі ақ үй – біздің үй.
Кәрі лақса атты қамшылап келемін. Менің қуанышымды
сезгендей, қайран торы да әлінше аянбай-ақ, қосаяқ қақты.
Жанына жақындай бергенде, Айша:
− Не болды-ей? Балалар аман ба? – деп, қызылша тазалап
отырған жерінен пышағын қолынан тастамай ұшып тұрды.
Жанындағы басқа әйелдер де үрпиісіп қалды.
− Аман, аман... – Ентігіп тұрмын.
− Енді не болды? Өлген әкең тіріліп келді ме?
− Сә... Сәли, Қали ата... аталарым келді.
Айшаның жүзі найзағай шағылысқандай жарқ ете қалды.
Қызылшашы қатындар Айшадан:
− О кім?
− Кімің еді, байғұс-ау? – деп жан-жақтан жамырады.
− Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар. Бізді де іздейтін жан
табылғаны ғой. Сәли, Қали – менің нағашыларым, – деді Айша.
Мұны айтқанда біртүрлі масаттанып қалды.
Айша селебедей ұзын пышағын қызылшаның жапырағына
сүртіп, топырағын тазалап, дорбаға салды, қатындарға:
− Мен кеттім-ей. Тасбет келсе, айтыңдар, алыстан адыр-адыр
таулардан, бұдыр-бұдыр белдерден асып, нағашылары іздеп
келген деп. Енді Тасбет көп болса, мені көшіріп жіберер. Көшірсе
– мейлі, – деді.
Құдай аузына салды ма, кім біледі...
Мен Айшаға:
− Атқа мінесің бе? – деп едім:
− Сенің атыңнан өзім бұрын жетемін, – деп, қызылшаның
жиегіне шығып, ирелең жалғызаяқ жолға да түспей, қызыл
тікенді, шоңайналы, тастақтау қырқамен тіке тартты.
Бір кезде Айшаның білектей-білектей қос бұрымы тілерсегіне
дейін түседі екен. Әлі де ұзын. Екі бұрымды қосақтап, ортасында
«сандуғаш сандықтың» кілті байлаулы тұр. Сол кілттің
салмағымен Айша адымдаған сайын, бұрымдары теңселіп келеді.
Арт жағынан мен оны көріп келемін. Бір мезгіл Айша артына
бұрылып:
− Әй, Барсхан, мені тұтқындаған айдауыл құсамай алдыма
түс, – деді. – Не қатарласып жүр.
Айша осылай деп айтқалы бері арада қанша жыл өтті – мен
біреудің артынан жүре алмаймын. Озып та кеткім келмейді, тек
қатарлассам болғаны.
− Жеттім деген жығылады, толдым деген төгіледі, –деуші еді
Айша.
Заң – закон, кодекстердің талайын оқып, талайын бастан
өткеріп, ұзын жолдың алдамшы гүлі аралас тікенегін кешіп жүріп
келемін, жүріп келемін... Бірақ ешбір кодекс менің көкірегіме
әлгі Айша айтқан мақалдай қонған емес. «Жеттім-жетілдім»
деп жетіскен де жерім жоқ, «болдым-толдым» деп далиған да
емеспін. Айшадан да көп бұрын әулие анамыз өзінің күндесінен
туған балаға:
− Ағарып алдыма түспе, қарайып артымда қалма, – деген екен.
Кодекстің көкесі – осы.
Айшаның өз нағашыларымен қалай көріскенін несіне айтайын.
Бәрібір тап басып, дәл бере алмаймын, тек айтарым: қос нағашы,
бір жиен қыз – үшеуі құшақтасып, тіпті бастары түйісіп, көпке
дейін ажыраса алмай тұрды. Әлде сағыныш, әлде зар, көкіректегі
көп сырлар осылай айтылатын шығар.
Бұлар көріспеген төрт-бес жылдың ішінде не өтіп, не кетпеген.
Дүниеден Мұртаза өтті. Айшаның туған анасы, мына Сәли мен
Қалидың туған апасы (әпкесі) Құлыхан; Айшаның туған бауыры,
Сәли мен Қалидың жиені Рахман қаза болды.
Үшеуі де аһыласып-уһілесіп біраз отырды. Айша маған:
− Әй, Барсхан, құмғанмен су әкел, – деді.
Қолдарына су құйдым. Жас аққан көздерін шайды.
Содан соң Сәли мен Қали кезек-кезек құран оқыды. Бірінен
бірі өткен, жүрегінде қатып қалған шеменді жібітіп, елжіретіп
жібергендей сиқырлы дұға. «Мен өлгенде, басыма дұға осылай
оқылса» деп армандатар сияқты. Осындай әуезді дұғадан кейін,
өлгендер тіріліп келер сияқты.
Үйімізге бір емес, екі Қыдыр ата келгендей, берекеміз кірді
де қалды. Нағашыларымыздың қоржынында сары мейіз, қара
мейіз, кәмпит бар екен. Бұл Айша көңілденгені сонша: маған,
Құрмашқа, Батырханға сол базарлықтан уыстап-уыстап берді.
Құдайымыз жарылқады. От басына құт қонды.
Бүйіріне патшалардың суреті салынған самаурынға от
қойылды. Айша бұл самаурынды киізге орап, тығып тастап
еді. Өзіміз шәйді шәугімге қайнатып ішетінбіз. Бұл жолы
Айша сол өзіміз көре бермейтін самаурынды шығарды. Бірақ
жүдеу дастарқанның басында, есекке күміс ер салып, зермен
жабулағандай жараспай тұрды. Самаурын соншалықты сәнді.
Ал дастарқанда пәтір наннан басқа ештеңе жоқ. Тағы да болса,
Әулиеатадан келген қоржындағы мейіз бен кәмпит әбүйірімізді
жапты.
Қали атам орысша да сауатты білем: самаурынның бүйіріндегі
суреттерге сығырая қарап отырып:
− Атаңа нәлет, Николай, ішкізіп едің қант пен шәй, – деп мырс
етті.
Патшаны мақтау үшін, алдымен нәлеттеп алмаса болмайды
екен, заман осындай болған ғой.
Кейін білдім, сары самаурынның айналы бүйірінде едірейісіп
тұрған сақал-мұрттылар: Александр патшалар мен Николай
патшалар екен. Соңғы патшаны құлатқан – біздің большевиктер
екен. Соңғы патшаны қатын, бала-шағасымен қосып қырып
тастағандардың бірі Голощекин деген жендет, осыдан он жыл
бұрын ғана Қазақстаннан кеткен екен. Соған дейін, сегіз жыл
бойы, Қазақстанға патша болып, қазақтарды қойдай қырып,
сергелдеңге салған екен.
Сары самаурынның сыры сондай. Оны біз қайдан білейік? Қали
атам болмаса, жәй сурет екен деп мән бермейтінбіз. Патшалар
әлдеқашан құрыған. Ал біздің үйде бейнелері әлі тұр. Мұны ақи
көз белсенділер көрсе, сорымызды сорпа қайнатқандай қылар
екен...
Шәйдан кейін меймандар жүрмекші болды. Айша жыламсырап:
− Бұларың қалай? Бас иесі жоқ үй дегендерің бе? Тым құрыса,
тышқан мұрнын да қаната алмадым. Қона кетсеңдер болмай ма?
– деп ренжіп қалды.
Қали:
− Е, Айшажан, заманында сенін әкең Есей байдың малын
үйірімен айдап жедік, Мұртазаның да сый-сияпатын көрдік. Мал
соймады екен деп саған кінә қойсақ, бізді аруақтар атар. Мына
Жуалы ауданының бастығына келіп едік, біздің ауылда, өзің
білесің, мал өрісі тар. Соған мына Тәңіртаудың бір қуысынан
жайлау сұрай келдік, шаруа тығыз, – деді. – Аман – есен екеніңді
көрдік. «Орнында бар – оңалар». Мына жаман немелерің де
өсер. Заман құрығы тым қылқындырып бара жатса, хабарлас, бір
амалын табармыз.
Басқа да көп сөздер айтылды, бәрі есімде жоқ.
Бұл қырық үшінші жылдың қыркүйегі еді.
Олар бізді құшақтап сүйіп, қош айтысып, арғымақ аттарына
қонып, аудан орталығына қарай бет алғанда, қаралары үзіліп
кеткенше арттарынан қарап тұрдық.
Айша:
− Бізге де Құдайдың оң көзі түскен екен, бізді де іздейтін
жанашыр бар екен. Тәуба, тәуба! Құдая шүкір! – деді.
Бізді онша аялап, еркелете бермейтін Айша бұл жолы үш
баласын бірдей құшағына сыйдырып жіберді.
Балапандарын құзғын құстан қорғаған мекиендей қорбиып
қалды.
КӨКАЛА ҮЙРЕК
Ұйқым келмеді.
Ұйықтайын десем, өзегім талып барады. Өзек деген не? Ішек-
қарын түсінікті. Қазір уілдеп, удай ашып жатқан да сол ішек –
қарын. Ал адам ағзасында «өзек» деген мүше жоқ. Татар мұғалім
әндерін тыңдасаң екі сөзінің бірінде:
Сине уйлап сағынғанда
Узелелер узегем...
деп қиылады да тұрады.
«Ас – адамның арқауы», – дейді қазақ. Адам ағзасында
«арқау» деген мүше жоқ. Рас, өрмекте арқау бар. Ауылдың
кемпірлері өрмек тоқығанда талай көргенмін. Арқау болмаса,
алаша тоқылмайды.
Ендеше, өзек те сол арқау сияқты ұғым болды ғой. Адамды
адам етіп, екі аяғынан тұрғызып, бойын тік көтеріп тұрған сол
арқау немесе өзек, яғни - ас.
Қызылшаның құр өзін жей берсең, аузың көбіктеніп кетеді,
кенеуі аз. Қызылшаға жылқы семіреді, оның өзінде де сұлымен,
жоңышқамен қосып берсең. Құр қызылша жегізе берсең, тышқақ
болады.
Кешкі тамаққа Айша бізге қасық басындай бір-бір тілім
қызылша беріп еді... енді, міне, түн ортасында – «үзелеләр
узегем».
Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Менің өзегімнің,
үзілгені аштықтан. Ал біздің ауылға әлдеқайдан мұғалім болып
келген көкшіл көз, дөңгелек жүз, қараторы қыз «үзіледі өзегім»
десе, оның мәні басқа. О, ол басқа мән.
Әскерден Әнуарбек келген. Маңдайының ырысы бес елі екен,
қан теңізін кешіп қайтып келді. Менің ағам Нохамен бірге кетіп
еді. Ноха жоқ, Әнуарбек бар. «Қырық жыл қырғын болса, ажалды
өледі». Ажалы жоқ – елге оралады. Оралды да әлгі татар қызына:
«узелеләр узегем» дегізді де қойды.
О, өйтіп үзілген өзектен айналып кетесің ғой. Құрбандығы
боласың ғой.
Ал мен бейбақ өзегімнің талып бара жатқаны бір шайнам
нанның жоқтығынан. Жүрегім айнып, құсқым келеді. Құсатын
түк жоқ, асқазан тақыр. Қаспағы да қалмаған сияқты. Ішімнен
жылап ары жаттым, бері жаттым. Айша – ортада, Құрмаш пен
Батырхан – екі бүйірінде. Үшеуінде – бір көрпе. Басымды көтеріп
қарасам, олар менен гөрі бақыттырақ: ұйықтап қалыпты.
Батырхан арагідік, анда-санда көзін аша алмай, енесінің
емшегін іздеген күшіктей қыңсылайды. Бірдеңе деп былдырлайды.
Түс көріп жатқан шығар. Аш баланың түсіне не кіруі мүмкін?
Жарқ-жұрқ етіп, әлем-жәлем болып, қызыл-жасыл жамылып
өте шыққан жаз кіруі мүмкін. Қартаң құлақ пен жауқазынның
тамырын қазып жеп, бүлдірген теріп, қымыздық пен рауат сорсақ
та жақсы еді сол жаз. Шытыр аралас балық көздің дәні қандай
тәтті еді..
Көрген түстей болып, алыстан арғымақ мінген аталар келіп,
лезде олар да кайтып кетіп еді.
Сол көрініс – алданыш. Көзіме елестеп біраз жаттым.
«Қысылсаңдар – хабарласыңдар» деген. Әулие тақілеттес
ақсақалды аталар алдамайтын шығар. Түр-тұрпатына қарасаң
Жерұйықтан шыққандай, келбеттері келісті. Ол елде ашаршылық
жоқ сияқты, неге сонда мені мінгестіре кетпеді деп жатырмын.
Терезеден Ай көрінді, ортасынан ауған ғой. Алыстағы Ай
арғымақ мінген алыстағы аталар сияқты: жүзі жылы, аяйды,
бірақ жылуы жоқ. Құр аяныш – ауқат емес. Соны білген қазақ:
«Мың сіз – бізден – бір шыж-быж артық» деген. Шыж-быж
еткізіп қуырдақ жер күн қайда!
Әй! Тоқта!
Тәпе-тән ойдан басымды көтеріп алдым. Ұйықтап жатқандарға
қарадым. Оларды Ай әлдилей ме, ұйқылары тыныш. Дыбыс
шығармай киініп, есіктің ілгегін сылдырлатпай ашып далаға
шықтым. Ауыз тамда жатқан қара сиыр «пыс - с» деді.
Далаға шықсам – аяз. Ақ қоян құлақшынымның тамақ бауын
байлап, жүріп бердім. Аяғымның астындағы қар мауыққан
мысықтай баж-баж етеді. Осы бажылды естіп, арғы беттегі
Салбидің саққұлақ қабаған барағы әуп-әуп етті. Өткен жылы
менің алақанымды ырситып, ай таңба салып берген ит қой.
Оныкі ит өмір. Ал мына қыстың аязды түнінде жападан-жалғыз
далбасалап келе жатқан менің өмірім қай өмір?
Аспан ашық. Қуарған Ай. Айнала жымыңдасқан жұлдыздар.
Неменесіне жетісіп жымыңдасады? Менің мына оспадарсыз
жүрісіме күле ме? Егер аспандағы жұлдыздар жер бетінен кешіп
кеткен жандардың рухтары екен: рас болса, онда олар мені қайта
мүсіркемес пе? Өлген адамдардың жаны жұлдыздарға айналса,
олардың ортасында Мұртаза да бар шығар. Сонда оныкі қай
күліс? Аруақ, Құдай бар деген қайда? Әлде Мұртазаның аруағы
әлсіз бе? А, бәлкім, Мұртаза аруаққа айналмаған шығар? Тірі
жүрген шығар? «Өлді» деп өкімет әдейі бізді жүдетіп, жүндей
түтіп қойған шығар. «Халық жауын» жазалардың бір амалы
осы болар? «Халық жауын» сұраққа алғанда өтірікті шын деп
мойындату үшін, әуелі сол тұтқынның ең етбауыр жақындарының
жанын қинайтын көрінеді ғой.
Сөйткен шығар. Әйтпесе, Мұртаза аруаққа айналып, мына
жұлдыздардың арасында тұрған болса, менің мына түрімді көріп,
күлудің орнына жылап жібермей ме?
Жылайды ғой, жыламасқа не шара? Мені Тәңірден тілеп алған
өзі емес пе еді?
Жұлдыздарға тағы қараймын: сақ-сақ күліп, кейбіреуі
шақшиьш, от кірпіктерінен шоқ шашырап, жан-жаққа шаншылып
тұр.
Жоқ. Мұртаза бұлардың арасында жоқ. Ол да мен сияқты өзегі
талып, Сібір тайгасының арасында аң аулап, ашығып жүрген
шығар, мына мен сияқты.
Бұл менің аң аулауға шыққан түрім. Түн ішінде, сары аязда.
Жұлдыздар жымыңдап, Ай қуарғанда.
Мұңды Мыңбұлақта баяғы Түрік халқының заманындағыдай
аң аулайтын ну орман жоқ. Қоңыраулы еліктер де жоқ. Сонда
немді ауламақпын?
Жазда суға толып тұратын әуіттің түбінде, енді жылтыраған
көлшік қалған. Қазір оған мұз қатқан, бірақ ортасында көздей
жері қатпайды. Бәлкім, сол көздей жердің астында қайнар бар
болар, өйткені буы шығып жатады. Сол көздей көлшікте үш
үйрек жүреді. Жабайы емес. Жабайы үйрек бұл қыста Жуалыда
не жесін? Өзің иә адам, иә аяз жеп қоймаса.
Асыранды үш үйрек. Жұбантайдың байлығы. Молдарайым
деген қарт жездеміз бар. Осы елге күйеу. Төменгі Қыршындыдан
көшіп келген, баяғы ашаршылықта. Яғни, мен туған жылы. Содан
осында тұрақтап қалған, бір көзі жұмылып жүретін, еңсегей
бойлы, ірі кісі еді, жарықтық.
Жазда колхоздың маясын да салатын сол, қырмандағы қызылды
суыратын да сол. Әсіресе мая салғаны – өнер. Мысырдағы
перғауын пирамидаларындай түп-түзу. Сонда ол өзі сорлайды,
бізді де зорлайды. Өгіз жеккен сатылы арбамен шөп тасып, маяға
жеткіземіз ғой. Арбадағы шөпті айырмен шаншып көтеріп,
мая үстінде тұрған Молдарайымға ұсынамыз. Ол өз айырымен
әлгіні лезде іліп алады. Ал мая биіктей түскен сайын азап. Биікке
қолымыз жетпейді, біз тырбанып, өкшемізді көтеріп, шөп ілген
айырды көкке көтереміз, жетпейді. Біздің қолымыз жетпеген
жерге Молдарайымның өзі еңкейеді. Бір рет (еңкейе беріп) биік
маяның жиегінен құлап түсіп, сатылы арбаның доңғалағына
соғылып, шекесін жарып алғаны да бар. Сонда да қоймай,
қайтадан маяның төбесіне өрмелеп шықты-ау. Ай, айналайын-
ай, жаның жаннатта ғана жай тапқан шығар. Бұл опасыз дүниеде
бәтуасыз басшылардан азаптан басқа алғыс алып көрмедің ғой.
Міне, осы Молдарайымның Жұбантай дейтін жалғыз ұлы,
Қымбат, Сымбат, Бектай, Шамшай дейтін қыздары, Рысқұл
дейтін кемпірі бар. Рысқұл – осы елдің қызы. Сонда Жұбантай
жиен ғой. Әлдебір кеселден әскерге бармай қалған. Жүріс-
тұрысы шырттай. Киім киісі мұнтаздай. Аяғындағы етігі, жата
қалып қарасаң, өз жүзіңді көретіндей, айнадай. Соғыс кезінде
де осындай сылқым болады екен да. Әйтпесе, басқа жұрт алба-
жұлба, көрден шыққандай алқам-салқам.
Осы Жұбантай бұл ауылдың рәсіміне жоқ қылық танытып,
үйрек асырады. Әлде Евгеньевкадағы орыстардан көргені ме?
Әуіт үйінің жанында. Жаздай су бар, Құдайға шүкір. Ал қыста...
қыста үйректі далада бекер қалдырған. Жұбантайдың үйректері
далада қалмаса, мен мына қарғыс атқан аязды түнде сыртқа
шықпас едім, ниетім де бұзылмас еді. Жаманшылыққа жуымас
па едім, кім біледі? Бірақ бір білгіш: «Дүниедегі ең қорқынышты
төңкеріс – қарын төңкеріс» деген екен. Қарның құрылдап, ішегің
шұрылдап тұрса, көрер едім әуселенді...
Сайға түсіп, көлшікке жақындасам, тоқымдай ғана ойықта үш
үйрек бір-біріне тығылып, мойындарын қайырып, қанаттарының
астына тығып, ұйықтап отыр екен. Аспандағы аз болғандай,
жұлдыздар сұп-суық судан да жымыңдасты. Күлсең күле бер,
азар болса кейін, мен өлгеннен кейін жаныңнан орын бермей
қоярсың!
Кардың сықырынан үйректер оянып кетіп, қозғалақтап, қыр
- р, қыр - р етті. Құстың тілін білмеймін, дегенмен жақсы сөз
емес. Оны сеземін. Тағы да болса үркіп, барқ-барқ еткен жоқ.
Барқылдап байбалам салса, кім біледі, Жұбантай естіп қояр ма
еді?
Енді оларға таяп бару қиын болды. Алыстан тұрып қол созып
едім, қолым жетпеді. Ұстап алу қиын, өйткені үйректер ойықтан
секіріп шыға алмайды, мына түнде шыққысы да келмейді.
Қайтер екен деп, тағы да сырғанап, мысықтабандап жақындай
бергенімде, жұқалтаң мұз шыны сынғандай шыр етті де, судың
ішіне күмп ете түстім. Үйректер енді шыннан үркіп, қанаттарын
қағып, көлшікті сабалап, бетіме су шашыратты.
Болары – болды, бояуы сіңді. Ішіндегі ірілеуін бас салып
ұстап, тырмысып жатып жағаға шықтым. Абырой болғанда, құс
баласы бажылдамады.
Су-су болып, үйге қарай қарды қаршылдатып, зытып келем.
Есіктің алдына жете бергенімде, алдымнан аруақтай ербиіп біреу
шықты. Айша екен. Жүрегім зу - у - у ете қалды.
− А, жақсыдан жаман туған құлбарақ! Тура қазір жаныңның
барында апарып таста! Кешегі ер Мұртазаның баласы жаман
Жұбантайдың үйрегін ұрлапты, ұры деген атқа қаласың, сорлы!
− Иә, былтыр дәл осындай қыста өзің бастап, маядан маған
шөп ұрлатқан өзің емес пе едің?
− Ол – колхоздың шөбі, ақымақ! Мынау – кісінікі. Обал болады.
Айшамен айтысып оңбайсың, – Қайтадан апарып тастадым,
үйіріне қосылған көкала үйрек қыр-қыр етіп, қуанып қалды.
Айша қайтып ұрысқан жоқ. Су-су киімімді шешіндіріп, тісім
тісіме сақылдап соғылып, тұла бойым жидек қаққандай дір-дір
етіп, қалшылдаған мені төсегіме жатқызып, көрпемді қымтап,
үстіме тағы да өз шинелін жауып қойды. Мені әлдилегендей:
Қоңыр қаз, үйрек
Қанатын сүйреп.
Ұшады Билікөлден
Түйдек - түйдек а - а - ай, –
деп ыңылдап, басымнан сипады.
Бойым жылып, балбырап ұйықтап кетіппін. Түсімде Билікөлді
көрдім. Айшаның төркін жағы ғой. Жадыраған жаз екен-ау
деймін. Көл бетінде, нар қамыстың ар жағында үйрек пен қаз
жыртылып-айырылады. Қолымда қаршығам бар. Ақбоз атым
астымда... қарын ашты деген ойыма кіріп шықпайды. Жайдармен
дүние. Мұндай дүниені қайтып қиясың...
Шын жұмақ Билікөлде.
АЙЛЫ ТҮН, АРЫҚТА СУ САП ТЫЙЫЛДЫ
Май тоңғысыз жылы түн. Таудан салқын самал алып келетін
Ақсайдың аңқылдақ желі де тыныстаған. Дүн-дүние мүлги
қалғаны соншалық – құрғақ топырақтың суды қалай сіміріп
жатқанына дейін естіледі. Сіміріп емес, сүйісіп жатқан секілді.
Шөп-шөп ете қалады, шолп-шолп ете қалады.
Су мен жердің сүйіскенінен ләззат тауып, мас болған зауза
қоңыз оқтай атылып, маңдайыңа тарс етіп тиеді де, өзі сеспей
құлайды. Есеңгіреп біраз жатып, қайтадан ұшып кетеді.
Аспаннан біреу жерге қалбаң еткізіп, бір жаман тұмақты
лақтырып жібергендей болады. Мен қорқып қаламын.
Айша:
− Қорықпа. Тышқан аулап жүрген үкі ғой, – дейді.
Түн ішінде, ініңде ұйықтап жатпай, тышқанға не жоқ.
Қараңғыда титімдей тышқанды аспанда жүріп, үкі қалай көреді?
Түн дегенмен, жұрт ұйқыда дегенмен, түннің де тіршілігі
тынымсыз сияқты.
Міне, біз де тынбай тары суарып жүрміз. Айша екеуіміз.
Биыл колхоз бастық, сельсовет жиналыс ашып, әр сайдың
басында отырған ауыл үйлерін бір жерге жиып, көшеге
қоныстандырмақ болған. Әрбір үйге жер тіліп берген. Бізге
жер көшенің ең аяғынан тиді. Жері тастақ екен. Соқамен өрен
жырттық. Тары салдық.
Тарының тұқымын әрең таптық. Бір тостаған тарыны
Жолболды деген атамыз берді. Жаны жаннатта болсын. Түбіміз
соноу арғы атадан қосылады.
Тұқымды тауып келген – мен. Кәрі кісілер мені көрсе, Мұртаза
есіне түсетін болар. Ал олар кезінде Мұртазадан көп жақсылық
көрген адамдар. Сондықтан мен тұқым сұрай барғанда, алақаныма
тас салған жоқ, ас салды. Тас салғандарды да талай көрдім.
Тұқымды жерге сепкен – Айша. Қос тостаған тарыны талай
жерге жеткізді. Шымшық жеп кетпесін деп, жерді қолмен
тырмалап тастадық. Жерде дымқыл барда қосқұлақтанып, жап-
жасыл зүміреттей болып жайнап шықты. Жас сәби шағында бәрі
сүйкімді.
− Құдай қаласа, екі тостаған тұқымнан екі батпан тары аламыз,
– деді Айша.
Артынша күн ысып кетті, әлгі балапан тары тез шөлдеді.
Суарайын десек, су кезегі тимеді. «Тентек» деп аталған көшенің
ең аяғындамыз. Бастағылар су ішіп болғанша, тарымыз қурап,
ұшып кететін түрі бар. Жайнап тұрған жасыл тары құлағы бүрісіп,
өлімсіреп солды да қалды. Енді сәл кешіксе – бітті: еңбегіміз еш,
тұзымыз сор.
Айша, әйтеуір, мұрапқа әке-көке деп жалынып жүріп, түнгі
судың кезегін сұрап алды. Оның өзі түн ортасынан ауа келді.
Бұл баяғы Таласбай бұлақтың суы. Әуіт салып, тоған салып,
бұлақтың суын жиып, «көлшіктеп», содан қасықтап қана болып
алатын қасқалдақтың қаны бұл.
Көшенің басынан түскен су аяғына жеткенше, яғни біздің
тақтаға жеткенше қай заман?! Өйткені арықтың өзі шөлдеп
қалған. Әуелі арық қанып болмай, егінге су жоқ. Содан сол
көз жасындай мөлдіреп, Ай сәулесімен арқасына алтын-күміс
жалатқан жыландай жылжып су да келді.
Құлақты байлап, тарыға бұруымыз мұң екен, бірін-бірі үздіге-
үздіге сағынысқан Жер мен Су аймаласып, топырақ толқып, жер
балқып кеткендей болды.
О, Жаратқан Құдірет! Біз, білімсіз бейбақтар, «жансыз» деп
жүрген Жер мен Суды қалай ғана бір-біріне ынтық қылғансың?!
Жер жарықтық балбырап, ыңыранып жатты. Су жарықтық,
әлдебір ғажайып ән салды. Алдымызда өткен асыл данышпан:
Су – атасы,
Жер – анасы,
Нан – баласы, – деп тегін айтпаған.
Атасы мен Анасы табысты. Енді Нан болады, енді аштан
өлмейміз. Енді тентіремейміз. Байытпасаң-байытпа, тілентпеші,
Жаратқан!
Айша осылай деп күбірледі. Мен ішімнен қайталадым. Рас
болса, Құдай сыбырлағанды да естиді дейді.
Кенет арықтағы су сап тыйылды.
Жер мен Су сыбырласып, сықылықтасқанын қоя қойды.
Мұны көрген түнгі әнші шекшек мұңлы шырылына басты.
Шекшек бұл емес, әрине. Бірақ дәл қазір Жер мен Судың
айырылысқан қасіретін көріп жырлаған жыры жүректі
сыздатқандай еді.
− Біреу суды жолдан байлап алды, – деді Айша кешенің бас
жағына қаһарлана қарап. – Қараң қалғыр, қайсың болсаңда мына
кетпенмен қабақтай басыңды қақ жарамын!
Осыны айтып, Айша балағын түріп, кетпенді иығына салып,
арықты бойлап кете барды. Артына бұрылып:
− Барсхан, ұйықтап қалма, су келсе, құлақты бұзып кетпесін,
– деді.
Жалғыз қалдым. Жаңа көше. Жақын жерде үй де жоқ. Үй
салып алғандар, тек көшенің бас жағында. Шама-шарқы келген
үш-төртеу ғана, қалғандары киіз үй тігіп, күрке құрып, жертөле
қазып алғандар. Жаңа көшені соғыс бітіп, азаматтар аман-есен
оралғанда салмай ма екен?! Шал мен кемпір, бала-шаға қайдан
үй сала алады? «Тентек көше» атанғаны содан ғой. Демек бұны
зорлап бастаған бастықтар тентек қой.
Осыны ойлап, арықтың құрғақ жеріне түсіп, жантайып
жатырмын. Шекшек шырылы тынбайды. Алыста, жоғары жақта
иттер абалады.
Сірә, Айшаға абалаған сияқты. Айша суды жығып әкеледі,
Сонда Жер мен Су қайта қауышып, мәңгі-мәңгі махаббат жырын
жырлайды. Оған шекшек қосылады.
Осыны ойлап жатып, ұйықтап кетіппін.
Жағасы жайқалған ну орман, шалқар өзенге түсіп, жүзіп
бара жатырмын. Неге екенін білмеймін, киімімді шешпеппін.
Орманда құйрықтары салақұлаш, қанаттары қызыл-жасыл неше
түрлі құстар ұшып, мені қоршап алып, мен бұрын естімеген әсем
әнді құйқылжытады.
Өзен бірте-бірте кеңейіп, теңізге айналып бара жатады. Теңіз
кешіп қайда барамын? Беймәлім, бұлдыр дүние. Жағадан әлдекім
қол бұлғап, айқайлайды. «Кетпе, кетпе, қайт» – дейді.
Айша мені сілкілеп-сілкілеп, әрең оятса керек. Есім кіріп, енді
байқадым: үсті-басым су-су. Айша жыққан су екпіндеп келіп,
құлақты бұзып кетіп, менің үстімнен лықсып асып кеткен екен.
Енді болмаса, тұншығып қалғандай екенмін.
Айша сонда Айға қарап:
− О, Тәңірі, бұл Барсханды ақыры жетім қыларың бар, неге
пысық қып жаратпадың?! Мына түрімен бір күні не суға батып,
не отқа түсіп өледі ғой, Құдай-ау. Неге сонша болбыр жараттың
бұл жетімді?! – деп аңырады.
− Неге? – дедім мен де Айға телміріп, дүниеге неге бұлай
жаратылғаныма өзім де таңғалып, қолымды жайып.
ШАЛДАР ЫСҚЫРАДЫ
Адамдар «әділет», «әділ» деген сөзді көп айтады. Көп баланың
атын Әділ, Әділет деп қояды. Дұры - ы - ы - с.
Талай пайғамбар әділеттік үшін күресті. Тіпті Иса пайғамбар
сол турашылдық жолында құрбан болды.
Бірақ тарихқа бағамдап қара - а - ап тұрсаң, патшалар, тирандар
жеңеді, пайғамбарлар жеңіледі.
Сонда... сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, кімдікі қиянат,
кімдікі шындық дегенді түйткілсіз таразыға тартып, ақиқат адал
кесім айтатын ең ұлы сот қайда?
Қалың халықты бастап келе жатқан Пайғамбар әлдеқалай
сүрініп кетсе, артындағы қалың қауым қоғадай жапырылып
құлайды екен. Егер Пайғамбардың өзі сүрінер болса, қара
халыққа не дауа? «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде»
демеуші ме еді.
*∙*∙*
Шаң-шұң шатақ шығатындай күн емес еді. Күннің түк кінәсі
жоқ. Шаңқай түске жақын қалған. Рас, күн ыси бастаған. Дегенмен
ми қайнататындай емес. Біздің Мыңбұлақта ми қайнататын
күн сирек. Күн қанша құдіретті, қанша әлуетті болса да біздің
Тәңіртаудың ақ басын сыйлайды. Шындаса тауды да балқытып
жіберер еді, бірақ Тәңіртаудың ақ басын сыйлайды.
Сөйтсе де, менің басым Тәңіртаудың ақ басы емес. Шақшадай
ғана, шамалы бас. Айналайын деді. Өзің, өзің мінген арық атың
айнала берсе, айнала берсе, бас айнымай қайтеді. Бір емес, екі
емес, жүз рет, мың рет, бас айналайын дегенде ұмытып қаласың
а, бәлкім, миллион рет, миллиард, триллион, биллион рет...
дециллион...
Қашан Молдарайым немесе Әліқұл шал айырымен бидайды
ары-бері аударып көріп:
− Болды, – дегенге шейін.
Мұндайда, айналма жұмысты, айталық Мысырда, дәл өзі
емес, Мысырдың жанындағы феллахтарда, яғни дизандардың
ауылында құдықтан су тартатын шығырды айналдыру үшін
жалғыз өркеш түйенің, яғни нардың көзін таңып тастайды екен.
Басы айналып, миы шайқалып кетпес үшін.
Ал менің көзімді ешкім байламайды, арық аттың да көзін
ешкім таңып тастамайды.
Бір қызығы – феллахтың түйесінде жәрбиіп мен сияқты бала
отырмайды. Ешкім де отырмайды. Түйе өзінен-өзі айнала береді.
Көзін қара шүберекпен таңып қояды. Дүн-дүниені жақтырмай
паңданып, басын аспанға кегжитіп, айнала береді.
Сонда ол біздің аттардан ақылды ма? Өзінен-өзі айнала береді.
Не бұл амалды біз білмейміз. Не біздің басымыз Мысыр
түбіндегі феллахтың жалғыз өркеш түйесінің басынан да мықты.
Рас, Мысырда күн Мыңбұлақтағыдан екі өте ыстық. Сонда да
қырмандағы адамдар: қатындар, шалдар, балалар, қыздар сабан
маяның көлеңкесінде отырады. Қарап отырмай кей қатындар:
Жуалы – малдың, жайлауы,
Өмірдің барма-ау байлауы - а - ай, –
деп әндетеді.
Сабан маяның көлеңкесі менің басыма түспейді. Нақ төбемдегі
орайымды алақаныммен басып көремін. Әлі жұмыртқа пісіруге
жарамайды, бірақ алақанымды ысытады. Демек «өмірдің
байлауы» жоқ, – деймін арық аттың үстінде бір жамбастап
отырып, түзу отыра берсең құйрығың, ойылып қалады. Өзі
де ойылып қалған. Әуелі күлдіреп, жалқықтанып, артынан
қабыршықтанады. Сонда бір қышиды-ау дейсің. Аттың үстінде
кәдімгі кісідей боп отырып, көтіңді көтеріп, артыңды қасылай
берген де ыңғайсыз. Қанша дегенмен, қырман басында ел бар,
қыздар бар... Шұбар мұғалім апайдың тәмпіш мұрын, алма бет,
тәлпіш қызы да осында жүр. Амалын тауып, мая салған болып,
маяның үстіне шығып алап, бір келіншекке қутың-қутың етіп,
шиқ-шиқ күліп қойып Жолдасбек те жүр.
Сондықтан аттың ерсіз қырқа арқасында ұдайы түзу отыру
мүмкін емес. Бір жамбасыңнан бір жамбасыңа кезек-кезек
ауысып отырасың. Бәрібір құйрығың қотыр-қотыр, қышиды,
құрығыр. Қасиын десең – ұят...
Мұндайда ұялмайтын бір-ақ адам бар. Ол – Тасбет. Әлгі маяның
түбіне барып о да жантаяды. Үлкен бар, кіші бар, келін-кепшік,
бала-шаға бар демейді. Мұқтаждық қысқанда тарқ еткізіп жел
жібере салады. Жантайып жатып, бір аяғын көтеріп, тарқ еткізеді.
Шалдар жағы тыжырынады. Үндемейді. Қыз-келіншектер кенет
бомба жарылғандай: «Ойбай!» – деп, тым-тырақай тұра қашады.
Жеңгелері, қатар құрбылары күледі.
Ал Айша тілін тістеп қарап отырмай:
Ақыры мылтық атқыш мергенсің, осы өкімет сені әскерге неге
алмайды? Жауды жайратып салар едің, – дейді.
Қатындар қарқылдап күледі. Тасбет міз бақпайды. Басы сол
иығына жабысып жата береді. Бірақ осыдан соң ол Айшаны
қайдан жақтырсын?!
Былтыр дәл осы қырманның басында Тасбет мас болып келіп,
әлденені сылтау етіп, үйге артын үйкеген қотыр түйедей тиісіп,
тыныш жүрген Айшаны ал да кеп боқтаған. Қамшы сілтеген.
«Халық жауының қатыны», «Кулактың қатыны» – тағы-тағы,
сондай-сондай, жын-құсығын аямай төксе керек.
Айша ары шыдайды, бері шыдайды. Анау қоймайды.
− Қойсаңшы-ей, бар болғыр, – деп, ақсақалдар айтса да
көнбейді. Құмырадай басы сол иығына жабысып алып, (әскерге
алмайтын себебі сол), екілене түседі. Mac қой. Оның үстіне
бұрыннан қыжылы бар. Түсінік солай: «халық жауы». Асқазан
қыжылдай берсе, запыранға айналмай ма? Демек соны төгу
керек.
Ақыры қоймаған соң, Айша Тасбетті аттың үстінен бір-ақ
жұлып түсірген екен. Жағасынан алып.
Жұрт шу етіп, әрең ажыратып, Тасбеттің талқаны шығайын
деп жатқан жерінен арашалап алыпты.
«Сотқа беремін» деп одыраңдаған екен. Мастығы тараған соң
ақылы кіріп, өз кінәсін сезіп, әрі қырман басындағы куәлардан
сескеніп, арыз жазбапты.
Бірақ запыран аши түспесе, кемімеген. Аңысын андып
жүрген. Соның оңтайы енді келген. Айшаның әлгі сөзінен кейін,
әйелдердің мазақ күлкісінен кейін:
− Мен сәғән көрсетейін әскерге кәләй алғанді! – деп орнынан
тұрған. Әлі талтүстің аптабы қайтпаса да:
− Қәне, тұр, түге! Кәрә бүләрді, жәтісін! – деп, қоқиланып
шыға келген.
Сол қырық төртінші жылы Мыңбұлақтың егіні жайқалып
жақсы шықты. Бидай оратын лабогрейка үлгермей жатыр.
Орылғанын сатылы арбалар қырманға тасып сабылады. Орылған
бидайды біз таспен бастырамыз. Біз дегенім: мен және Сүлеймен.
Мені әлі буыны бекімеген деп, Сүлейменді де жас деп, әрі дімкәс
деп «жеңіл» жұмысқа жеккен. «Жеңіл» жұмыстың түрі жаңағы:
бас айналу.
Мұның мәнісі: қырман болатын теп-тегіс жердің әуелі шөбін
кетпенмен қырқып алады. Баланың басындағы шашты ұстарамен
қырып алғандай. Содан соң ол жерге су жібереді. Суарып болған
соң, сәл дегдітіп, таспен таптайды. Қырман теп-тегіс, тақтайдай
қатты болады. Соған орылған бидайды жайып тастаған соң,
қырлы тасты дүңкілдетіп, ат жегіп айнала береміз, айнала береміз.
Бидай қалың жатқанда, қырлы тастың дыбысы онша білінбейді.
Бара-бара бидай дүрдиіп жатқанын қойып, тапталады. Сонда
барып, қырлы тас жырын жырлайды. Дүңкілдей бастайды. Дүңк,
дүңк, дүңк...
«Дүңк-дүңкті» мың рет, миллион, ал бәлкім, миллиард,
триллион, биллион, бәлкім дециллион рет естисің. Молдарайым
немесе Әліқұл: «Болды» дегенге дейін. Басың бас емес, киіз доп
сияқты болып қалады. Аттан аунап түсесің. Топанның үстіне
топ ете түсесің. Сабан иісі аңқиды. Қолыңменен аршып көрсең
– ар жағынан қызып маржан көрінеді. Көзің қызығады. Уыстап
алып, алақаныңа салып, топанын үрлеп-үрлеп, аузыңа салып
шайнасаң, шикі қамырдың дәмі білінеді. Шикі қамыр тісіңе
жабысып қалады.
Қызыл маржанды енді Молдарайым мен Әліқұл ағаш тырмамен
тырмалап, сабанынан ажыратып, қалақтай ағаш күрекпен суыра
бастайды. Әрине, жел болса. Жел болмаса, кәдімгідей ысқырады.
Сақалдары сапсиған қарт адамдардың ысқырғаны қызық, әрі
ерсі. Бала болса бірсәрі. Шалдар ысқырады.
Әсіресе Молдарайым ысқырғыш. Әліқұл ысқырайын десе, ерні
қақ-қақ жарылып кеткен. Қан шығып тұрады. Оған иманжапырақ
жапсырып қояды. О да ысқырады, бірақ көже үрлегендей бір
нәрсе. Өзі сары кісі, жарықтық. Күнге күйгенде қызарып кетеді.
Молдарайым оның жездесі. Рыскүл апамыз Әліқұлдың әпкесі.
Інісі Нұралы майданда. Молдарайым ысқырады. Кейде, үйде
абайламай ысқырып қалсам, Айша:
− Ысқырма, жел тұрады, – деуші еді. Сол рас болды.
Құданың құдіреті, жел тұрады. Ысқырса жетіп келетін
үйреншікті ереуіл аттары сияқты. Әлгі ысқырық желдің өзін
жетектеп жеткендей. О, тоба!
Содан, шалдарың топанды аспанға, күннің көзіне қарай
күрекпен лақтырады. Қылпығы, топаны желмен ұшып кетіп,
Қызыл маржан жерге суылдап қайта түседі. Аспаннан жауған
қызыл маржанға алақанымды тосып тұрамын. Шалдар қой
демейді. «Қой, былай тұр» демейді. Ұрыспайды. Азабым
үшін алған сыйлығым сол. Аспаннан жауған қызыл маржан
алақанымды қытықтайды. Бір уысын жыртық шалбарымның
қалтасына салып алып, бір-бір дәннен аузыма салып шайнап
жүремін. Шикі, бірақ бәрібір тәтті.
Бұл кезде Жолдасбек маяға сабан жиған болып, әлгі бір әдемі
келіншекпен сықылықтасып, бірін-бірі итерісіп, маядан домалап
құлап түскен болып, абайсызда құшақтасып қалады. Әшейін,
абайсызда.
Мен басым айналғалы әлі айықпай, олардың ойынына бейжай
қарап, аңқиып аузымды ашып тұрамын. Аузым қамыр сасиды.
Шикі бидай шайнадым ғой.
Әлгі келіншек маған:
− Кел-ей бері, состиып тұра бермей. Мына бәледен құтқаршы
мені, – деп, Жолдасбекті итерген болып, мені шақырады.
Бармаймын. Аузым қамыр сасиды. Ыңғайсыз.
Жолдасбек менен екі-үш жас үлкен. Сонда да менімен бір
класта оқиды. Оқуы орташа. Мен – ударник. Бірақ мектептегі
оқу мен өмірдегі оқу – екеуі екі басқа. Пысығын көрмейсің бе
кәпірдің, тызылдап тұр.
Мен теріс айналып кетіп қалдым. Артымнан шиқ-шиқ күлкі
естілді. Қайырылмадым. Мүмкін, маған күлген шығар.
Қарамадым.
Сүлеймен маяның көлеңкесіне көсіле түсіп жатып қалыпты.
Тық-тық жетеледі. Жолдасбек сияқты күліп-ойнауға оның да
зауқы жоқ. Ол енді менімен түйдей жасты. Тық-тық жөтеледі.
Бөтен жөтел. Тық-тық, тық-тық. Санаса ғой. Миллион, а, бәлкім,
миллиард, триллион, биллион, а, бәлкім, дециллион... Оған
«болды» деп айтатын ешкім жоқ. Оны айтатын Құдай ғана.
Маяның түбіне тығып қойған дорбамды алып қасына
барамын. Ағаш тостағанмен шалап ұсынамын. Сүлеймен басын
тез көтеріп, маяға арқасын сүйеп отырып, шалаптан ұрттайды.
Сімірмейді. Сімірсе, шашалып қалады. «Тық-тық» келіп қалуы
мүмкін. Жөтелсе, шашалып қалады. Сақ. Өте сақ. Тез ұрттайды.
Тез жұтады.
Отыз екінші жылы туғандар – тозақ отынан шыққандар емес
пе?! Ендеше, Құдай оларға жеңілдік жасаса қайтеді. Сүлейменге
кесел жапсырмай-ақ қойса қайтеді. Жабысып қалған кесел.
Арылмайды. Арылар ма еді, күтім жоқ. Әкесі керең Әбіш шал.
Шешесі де сырқатшыл кемпір. Шал әкесі тәуіп. Басқа балалар
тұмауратып қалса, жазады. Шөп қайнатып береді, үшкіреді,
әйтеуір, жазады. Ал өз баласын, өз туған баласын жаза алмайды,
ем қонбайды.
Шіркін, қымыз болса. Қымыздан жазылар еді. Айша айтады.
Айша ғана емес, татар мұғалима да айтты ғой. Әдебиеттен сабақ
беретін Ғалия ше. Сол айтады: «Орыстың ұлы жазушысы Лев
Толстойдың өзі туберкулезден қымыз ішіп емделген», – дейді.
Қымыз үшін сонау Туладан Башқұртстанға, біздің ауылға келген
дейді. Ғалия апай айтады. Ауылы Башқұртстанда болды ғой.
Әрине, туған ауылы. Мыңбұлаққа қалай келген? Құдай да шебер
ғой. Әнуарбекке қоспақшы ғой. Әскерден Әнуарбек келді, Ноха
келмеді. Екеуі бірге кетіп еді...
Мына менің қасымда көк шалап жұтып отырған Сүлейменнің
ағасы Қайып та әскерге кеткен. Келген жоқ, тым болмаса Қайып
келсе, Сүлейменді қалаға апарып емдетер еді. Ауылда емші жоқ.
Оның үстіне Тасбет жұмысқа салады. Сүлеймен:
− Кеселмін, бармаймын, – десе болар еді, бірақ айтпайды.
− Үйде жата бергенше, адамдардың арасында жүргенім
жақсы, – дейді. Оған не дерсің? Досқа тиген оқ – қойныңа
түскен шоқ. Сүлеймен тық-тық жөтелсе, менің де жаным
шиқылдағандай болады. «Ойда сиыр мөңіресе, тауда арқардың
мүйізі сырқырайды» деген рас қой, шіркін.
Қанша абайлап ішем десе де көк шалапқа Сүлеймен шашалып
қалды. Жөтел қысты. Екі қолымен екі өкпесін басып тұрып,
еңкейіп-еңкейіп, екі көзін жұмып алып, қиналып-қиналып
жөтелді. Қан жақсы. Көрінбей тұрғанда жақсы. Қан көрінсе жа
- а - а -ман.
Түйіршік түскен соң «уһ» деп дем алды. Еңсесін көтерді.
Маяға шалқалай жатты. Маңдайынан шып-шып тер шықты.
Мөлдір моншақ сияқты.
Боз көйлегімнің. жеңімен маңдайын сүрттім. Орамалмен
сүртер едім, орамал жоқ қой. Мұғалима апайдың қызы, тәмпіш
мұрын тәлпіш қызы өзінің кішкентай, бір жапырақ, қызғылтым,
кестелі орамалымен, сон - о - оу бір күні менің бетімді сүрткені
сияқты сүртер едім, орамалым жоқ. Жеңіммен сүрттім.
Ойымнан қымыз кетпей қойды. Бірер жұтым қымыз болса,
Сүлейменнің жөтелі тыйылар еді. Дзоттың алқымына гранат
тығылар еді. Татар мұғалима Ғалия айтады ғой: фашистердің
дзотына Сұлтан Баймағамбетов деген батыр гранат лақтырып,
кеудесін тосып, үнін өшірген деп. Жөтелдің үні – фашистердің
пулеметі. Оның үнін өшіретін – бір жұтым қымыз – гранат.
Ойыма сап ете түсті: Жуанқұлдың үйінде қымыз бар! Колхоздың
екі-үш биесін Тазагүл апамыз сауады. Қымыз ашытады. Бірақ
бір тамшысын қалдырмай, Жуанқұлдың қатыны қопарып алып
кетеді. Оны жұрттың бәрі біледі, білсе де үндемейді. Колхоздың
қымызы – колхозшыларға ортақ қой. Солай емес пе? Бірақ
басқалар татып алмайды. Жуанқұлдың үйі ішеді.
Мейлі, ішсе іше берсін. Басқамыз дәметпейміз. Мына
Сүлейменге ғана, басқамыз емес, маған да емес, мына Сүлейменге
ғана, бірер жұтым берсе, Жуанқұлды жер жұтып кетпейді ғой.
Басы айналса да, тұяғы тарамысына ілініп титықтаса да,
аттар қу құлқынды ұмытпайды. Өзімдікін, шәлтиген шабдардың
ауыздығын салып, қолыма дүңгіршегімді алып, үстіне қарғып
міндім. Шабдар: «Мұнысы несі, тыныс қайда?» дегендей кіржің
етті. «Нешауа, қарның әлі қампияр, ренжіме, Шабдар», – дедім
де, ешкімге, еш нәрсе демей, анадайдағы ауылға жөнеп бердім.
Мені аңдып отырғандай, артымнан қисық Тасбет:
− Әй, әй, кәйда? Кәйт, кәйт! – деді.
Қарамадым. Салып ұрып, Жуанқұлдың үйіне келдім. Есектей
дәу, ала маңтөбет маңқ-маңқ етіп үріп еді, үйден Жуанқұлдың
қатыны шықты. Сықпытына қарасаң, иті де тоқ, қатыны да
қарынды.
− Не боп қалды? – деді сарықарын бәйбіше. Менің бұл
келісім тосын. Өйткені бұл үйге жылында бір аса мәжбүрлік
болмаса жоламаймын. Былтыр Батырхан ауырғанда тәуіп айтты:
жылқының іш майымен ішін сылау керек деп. Жылқының
іш майы қайда?! О жарықтықта жоқты айтады. Бар болса,
Жуанқұлдың үйіндегі жеңешемде болар деген далбаса үміт
қой, баяғы. Жуанқұл сонда «әйда, кет, атаңа нәлет!» – деп қуып
шыққан.
Қазір Жуанқұл жұмыста шығар, ауданға кеткен шығар,
жеңешем «жоқ» деп айтпас деген дәмемен келдім ғой. Жеңешеме:
осылай да осылай, Әбіш шалдың Сүлеймені қан құсты, бір
тостаған қымыз керек деп едім, обалы не, Тәңір жарылқағыр
жеңешем:
− Қазір, – деп дүңгіршегімді алып, найқала басып үйіне кіріп
кетті.
Қуанып қалдым. Бұрын бұларды жек көргенім бекер екен-
ау дедім. Бұларда да мейірім бар екен-ау дедім. «Қырық жыл
қырғын болса да қиыспайды туысқан» деген рас екен-ау дедім.
Со кезде әупілдек ала маңтөбетке де: «күшкә, күшкә» деп қойып
едім, о да жуан құйрығын бұлғаң-бұлғаң еткізді. Итіне дейін
жақсы көріп тұрмын. Енді Сүлейменге Мекеден зәмзәм суын
алып баратын болдым-ау деп ішімнен мақтанып, масаттанып
тұрмын. Мұнымды көріп, Тасбет те жібитін шығар, боқтамайтын
шығар деп қоямын.
Қымыз шайқалып төгіліп қалмасын деп, дүңгіршегімді оң
қолыммен жоғары көтеріп, бастықтың үйінен былай шыға
бергенімде, аудан жақтан көк айғырды алқындырып Жуанқұл
шыға келді. Ауылға қарай атпен шаппайды деуші еді, жаман
болады, жаман хабар әкелгенде немесе біреу қаза болса, соның
үйіне ғана қарай «ой, бауырымдап» шабады деуші еді... Мынау
шауып келді. Аттың үстінде арлы-берлі аунақшиды, бірақ
құламайды. «Мас» дедім ішімнен. Көрінбей кетіп қалайын деп,
көрмеген, байқамаған болып, атымды тебініп жүре беріп едім,
қырсық шалмай тұра ма:
− Әй, әкеңнің аузы... тоқта! – деді. Дәл бір мен оның қатынының
қойнынан шыққандай.
− Тоқта, контра! – деді ышқынып.
Тас төбемнен біреу қос қолдап соққандай, есеңгіреп тоқтадым.
Адуындап, жаман атымды жапыра жаздап жақындағанда,
жамандық көрмегір, Көк айғырдың езуін жырып жібере жаздап,
тізгін тартты.
− Қолыңдағы немене?
− Қы - қы...қы - мы - ыз. – Қорыққаннан тұтықпа болып
қалдым.
− Кім берді?
− Жеңешем берді.
− Оһ, жеңешеңді!.. – Дойыр қамшымен дүңгіршекті періп
жіберіп еді, дүңгіршек қолымнан шығып кетіп, қаңқ етіп ұшып
түсті. Дүниедегі ең асыл нәр, ең асыл ақ ақтарылды да қалды.
Обалы кімге? Ақты төкпейді деуші еді. Ақырын:
− Обал болды-ау, – дедім.
− Жоғал көзіме көрінбей! Жұмыс қайда?! – деп арс етті.
Екі беті талақтай. Екі көзі, айтпақшы, жалғыз көзі қып-қызыл.
Соқыр көзінің ақ шеліне дейін қызарған сияқты. Пері ғой. Дәу
пері. Періге не деп болады, жалғанда мұндай қорлық көрмеспін.
Алыса түссем бе екен деп жаман ой да келді. Бірақ қайда – а --ан.
Дүлей ғой, дүлей.
Ай, ит тағдыр-ай, дүңгіршекті ұрғанша, сол күрзімен өзімді
жон арқамнан ұрғаны жақсы еді ғой. Дүңгіршекті ұрарын білсем,
тастай қатып, қатты ұстар едім ғой. Білмей қалдым, әттеген-ай...
Басқа-басқа, қасиетті қымызды ұрғаны несі? Осыдан кейін де сол
қасиет Жуанқұлды қалай соқпас екен. Онда бәрі бекер болды ғой.
Астымдағы атымның мойны салбырап кетті. Теп-тегіс жерден
сүріншек. Мұндай емес еді, қайта-қайта сүрінеді. Әлгі зорлықтан
бұ да қорынған болса керек.
Жадырап тұрған жаз да жайында қалды. Асқақтап тұрған
Тәңіртауда сиықсыз қиқы-жиқы. Ажарсыз. «Тіпу», – дедім.
Апай-төстеніп, аспанды тіреп тұрғанын қайтейін, түк панасы
жоқ. Қыста бораннан қорғай алмайды, қысылғанда қол ұшын
бере алмайды. Бастық дәу болса, тау одан да дәу. «Тәйт!» –
десе қайтеді? Жаңағыдай дуайпат әділетсіздікті көргенде неге
төңкеріліп кетпейді? Неге күңіренбейді? Осы мына жер бетіндегі
сұрқия сұмдықтың, сойқан соғыстың, күштілердің әлсіздерге
әкіреңдеуінің бәрі осы таулардың үнсіздігінен. Мелшиеді
де тұрады. Әлде Ұлыларда тіл жоқ па? Ұлыларға тіл бітсе –
алапестер аласталып, заман түзелер еді.
Ай, Тәңіртау, Тәңіртау, саған да ұят болды-ау...
Атым сөлбірейіп, өзім сүмірейіп, қырманға қайтып келсем,
молотилканың жанында Айша аңырап отыр. Қасындағы
қатындар қой-қойлайды. Батырханға бір нәрсе боп қалған екен
деп, жүрегім тас төбемнен бір-ақ шықты.
Аттан түсе-мүсе, жанына жүгіріп барып:
− Не болды? – дедім құшақтай алып. Қатындар:
− Әшейін.
− Әшейін, – десті көңілсіздеу ғана.
Бұлар молотилка басында, қырманның келесі шетінде еді.
Колхозда жалғыз молотилка бар. Соның алқымына осы екі-үш
қатын кезек-кезек бау-бау масақ тастап тұрады. Бұл енді біздің
тас бастырғанымыздан да жаман. Молотилканың алқымынан
топан борап тұрады. Аузы-мұрнын шаңдып алады мына
байғұстар: Айша, Дүйсенбайдың кіші шешесі Мәрзия және Жәлі.
Айырмен молотилканың алқымына кезек-кезек бау лақтырады.
Паровоздың оттығына көмір лақтырғандай. Молотилканың
алқымынан қарамай иісі аралас топан бұрқылдайды. Бұдан
шыққан бидайдың дәмі басқа. Бәрі бір жердің бидайы ғой. Ал
біз, Сүлеймен екеуміз таспен басқан бидай тап-таза, дәмі де өзге.
Айшаның қарамай аралас тозаң топаны тұтқан беті айғызданып
кетіпті. Көзінен шыққан жас жылғалап ағады. Сүртейін десем,
орамалым жоқ, жеңіммен сүртіп тұрып:
− Не болды, айтсаңшы, – деймін.
− Ай, Барсхан, Барсхан! Не жаздық бұл қу Құдайға! Ана Тасбет
түп-тұқиянымыздан түк қалдырмай қорлады ғой, ойбай, қорлады
ғой, – деп жұдырығымен жерді қойып-қойып қалды. Тасбет үшін
жер кінәлідей. Кінәлі болса, кінәлі шығар. Тасбеттерді астына
тартып кетпей ме, әйтпесе.
− Сен жаңа атқа мініп қайда кетіп қалып едің? Балаң – бұзық,
рұқсатсыз кетіп қалды, жұмысты тоқтатты, зиянкес, – деп осында
мені жерден алып, жерге салды ғой, Тасбет. Мыналар көріп тұр
ғой, – деп қасындағыларды меңзеді. – Әке-шешеден, ата-бабадан
түк қалдырған жоқ. Әлдеқашан, айдалада сүйегі қурап қалған
Мұртазаны да қорлады. Қолақпандай қылып анаусын саптады.
Онысын жұлып алып, қолқасына тығайын десем, мыналар
жібермеді, – деп, тағы да қасындағыларды нұсқады. – Оның
үстіне былтыр да боқтағанда, аттың үстінен жұлып алып, тепкілеп
едім, соны да ұмытпапты. «Соттатамын, өзіңді де, балаңды да,
байыңның артынан жіберем», – дейді. Қайтеміз, Барсхан?
Көкірегімді бір дүлей кернеп кетті. Не екенін білмеймін?
Көзімнің алды бұлдырап, түк көрінбей кетті. Жалғыз анам зар
жылайды. Күлгенін, қуанғанын көргенім аз. Ол күлсе – күн
күлгендей жарасады. Бірақ күлгенінен зарлағаны көп. Неге?
Қашанғы қорлана береді? Менен медет күткендей болды ғой,
маған шағынды ғой. Бұрын да талай қорлық көргенде маған
бүйтіп шағынбайтын. Онда менікі не тұрыс?
Жүгіріп барып, Молдарайымның бес ақалы айырын ала салып,
маяның түбінде шалжиып, басы қисайып, ұйқылы-ояу мүлгіп
отырған Тасбетке тұра жүгіріппін. Байқаусызда қапы қалмасын
деген оймен:
− Тасбет! – деп ақырып жіберіппін. Сөйтсем, даусым ақыруға
жарап қапты, қанша дегенмен он екіге толайын дедім ғой.
Селк етті. Бағжаң етіп, көзі ашылды. Бес ақалы айырды
қос қолдап ұсынған күйі, кеуде тұсын ала періп кеп қалып ем,
жантайып, жалтарып үлгерді. Бес ақалы айыр маяға бойлай кіріп
кетті.
Сол арада адамдар: Молдарайым, Әліқұл, Сүлеймен,
Жолдасбек тағы басқалары лезде жиналып қапты. Айырды
маядан қайта суыра беріп едім, бәрі бас салды. Бесақаны тастай
салып, Тасбеттің алқымына қол салдым білем. Бәрі маған тағы
жабылды. Ажыратып алды. Сонда да бұлқынып-бұлқынып,
араларынан шыға бергенімде, қайдан келгенін білмеймін,
мұғалима апайдың алмабет қызы:
− Болмайды, болмайды, – деп шырылдады. Шыр-шыр етіп,
қолын ербеңдетті.
Сол екі арада молотилка басындағы әйелдер де жетті. Айша:
− Барсхан, балам, қоя ғой. Бар екенсің. Тәуба, тәуба Құдайға!
Менен туған ұл бар екен. Менің қорғаным бар екен, жұртым!
Енді өлмейді екенмін, – деді.
Бұл арада есін жиып алған Тасбет: «Әй, Әйша! Бұрын аяп жүр
едім. Енді соттәләсің! Әнә кәшәмәр бәлән дә соттәләді. Міне,
мына кәлік куә, – деді.
Боқтамайды, бірақ бопсалайды. Жуасып қалған сияқты, бірақ
қорқытты. Зілдей ғып айтты. Бұл жай қорқыту емес. Атына мініп,
кетіп қалды.
Кешке үйде отырғанда, Айша:
− Ана Тасбет аямайтын сияқты. Мені соттата қоймас. Қол
жұмсаған жоқпын ғой. Сенің сойқаныңды бәрі көрді. Көзден
таса бола тұрсаң қайтеді, – деді.
− Қайда?
− Сәли, Қали аталарыңның ауылына.
Сәли, Қали – былтыр арғымақ мініп келген аталар. Өзім де ылғи
ойлап, сағынып жүруші едім. «Қысылсаңдар – хабарласыңдар»,
– деп кетіп еді.
− Қалай жетемін, олардың қайда екенін де, қалай баруды да
білмеймін ғой, – деймін Айшаға.
− Қорғанбайдың нағашы апасы келіпті. Ертең қайтады. Соған
ілес. Тура Бектөбеге барады, – деді Айша. Бектөбе – Сәли,
Қалидың ауылы. Әулиеатаның түбінде дейді.
Амал жоқ, қашқын болдым.
ҚАРАТАУДЫҢ «КҮЙІК» ДЕГЕН АСУЫ БАР
Жеңіл машина жақсы жүріп берсе, біздің Мыңбұлақтан
Әулиеатаға дейін бір сағат жол. Бір-ақ сағат.
Ал 1944 жылдың жазында мен сол «Мыңбұлақтан» Әулиеатаға
дейін екі күн бойы жүрдім.
Он екі жасқа толар-толмас өмірімде бұл менің ең ұзақ сапарға
тұңғыш шығуым еді. «Мыңбұлақтан» көп ұзағанда аудан
орталығы Боранды – Бурныйға есекпен бидай тасыдым. Құлқыны
құдықтай элеваторға. Одан кейін Шоңқараның диірменіне,
Андреевкадағы әпкем Әдияның үйіне бардым.
Рас, былтыр Арзыгүл апама ілесіп, Қырғыздың Шекер,
Аршагүл айылдарына бардым. Болды.
Айша былтырғыдай тағы да Оңғарбай атаның көк әңгісін
сұрап алды. Торғай тоқ еткен бозала таңда, Шоқай апа екеуіміз
Мыңбұлақтан Теріске тіке тарттық. Бұл-жолсыз жол. Арба жүре
алмайды. Есектің бір артықшылығы жол таңдамайды. Сондықтан
тіке тарттық.
Теріс өзенінің көктемгі қарқыны басылып, таяз тартқан кезі
екен, қиналмай өттік. Одан ары Ащының алқабымен алқынып
көп жүрдік. Ащының биігіне көтерілгенде, артыма бұрылып
қарап едім, әуелі жалтырап, күміс жыландай ирелеңдеп жатқан
Терісті көрдім. Одан ары найзаның ұшындай шаншылып Манас
шыңы көрінді. Оның батыс жағын ала жатқан доғалдай шың
Көксай екенін шамаладым. Одан да батыстағы, әрине, біздің
Ақсай деп қойдым, Ақсайдың аңғарынан төменірек өз ауылымды
– Мыңбұлақты іздедім. Жарықтық, жатыр екен. Үркердей боп
үрпиіп. Шақпақтау желінін өтінде қалған торғайдай, жүні
қобырап, қорғансыз қалған мына дәл өзім сияқты көрінді. «Мені
тастап қайда барасың, Барсхан? – дегендей. – Қайт, Барсхан,
менде туып, менде өстің. Кәусар бұлақ суларын іштің. Кетпе,
Барсхан, кетпе. Қанатың әлі жас қой, қанатың әлі қатая қойған
жоқ қой. Қанатың талады ғой. Қайт, Барсхан, қайт», – деді маған
Мыңбұлақ.
Оң жағыма бұрылып қарай бергенімді байқап, Шоқай апа:
− Немене, ауылыңды әлден сағынып қалдың ба? – деді.
Тұнжырап:
− Қайтқым келеді, – дедім.
− Ойбу, ұяттағы-ай, — деп, Шоқай апа бетін шымшыды. –
Атпалдай бригадирді ұрып қорқытқаныңа қарағанда, мен сені есі
кіріп қалған ересек десем, әлі бала екенсің ғой. Қой, түс есектен,
сусындап алайық.
Түстік. Жапырағы сарғайып, қурай бастаған сасырдың түбіне
есектердің үстіндегі көпшікті алып, шоқиып отырып, айран-
шалап іштік. Шоқай апам бір үзім нан ұсынды. Арпаның ұны
аралас, қылпығы көп екен. Сонда да балдай тәтті, жарықтық.
− Немене, Айша апаңды сағындың ба? – деді Шоқай апа тағы
да тілі шығып. Жол бойы үндеген жоқ болатын. Сонысына қарап,
мені жақтырмай келе жатыр ма деп ойладым.
Мен жауап қатпай, алыста қалған ауылға қарап отырмын.
Біз Қаратаудың қырқасына көтерілсек те, Тәңіртау әлі биік.
Бауырында жүргенде байқамайды екенмін, әйтпесе ұзыннан-ұзақ
керіліп жатқан кербез, тым тәкаппар, тым асқақ екен. Айшаның
әні есіме түсті.
Тәңіртау, мен қайтейін биігіңді,
Мерген болып атпадым киігіңді.
Он алтымда қосылған есіл ерім,
Қайда барып тартамын күйігіңді-ай.
Қайда барып тартамын күйігіңді- ай, –
деп қыстың қысқа күнінде әскердегілерге деп жүн иіріп,
шұлық тоқып отырып, осыны айтушы еді Айша. Онысын онша
түсіне бермеуші едім. Сөйтсем, ол са - ғы - на - ды - ы -ы екен ғой.
О, қасиетті сары алтындай сағыныш... Сен болмасаң, адамдар,
тіпті туған ана, туған бала, бір-бірінің қадірін білер ме еді, білмес
пе еді?
Өлең шығарғым келді Өскенбайға ұқсап. Соғыстан қайтқан
бүкір Өскенбай өлең жазады. Қызға арнап. Сірә, мұғалима қызға
ғой деймін. Ол өлеңін тасушы – мен. Өйткені ол маған ғана
сенеді. Екеуміз доспыз ғой. Маған әскери белдігін де берген.
Ажалдың аузынан қайтқан, сұрапыл сұмдықты көрген ер азамат
пен кішкентай оқушы баланың достығын сендер білмейсіңдер.
Мектепте Өскенбай бізге әскер сабағын үйретті. Сонда деймін-
ау, әлгі мұғалім қызға арналған өлеңін өзі-ақ бере салмай ма?
Жоқ, маған тапсырады. Онысы несі екен?
Қыз бәрібір басқа біреуге тиді. Өлең тілін түсінбейтін бәле
шығар. Жүрегі дірілдемейтін, елжіремейтін топас болар. Әлде...
Өскенбайды кемсінді ме? Керіскедей келісті жігіт, жарқылдап
күлгені қандай. Әттең... Бүкіштікті ол Құдайдан тілеп алған жоқ.
Бомба түскен блиндаждың белағашы белімді басып қалсын деп,
кімге жалыныпты ол?!
Сонымен, өлең шығарғым келді. Тәңіртауға, Мыңбұлаққа
Қаратаудың қырқасынан қарап отырып. Қасымда қарқарадай
күндігі бар қара кемпір. Сасырдың сояу сабағын күрт-күрт
кемірген екі есек, біреуі – әңгі, біреуі – мәш. Анда-санда
қасыласып қояды. Екі араға өлең-хат тасымай-ақ бірін-бірі жақсы
көретін шығар. Қасыласады.
Өлең ұйқасын таппай, не айтарымды да білмей, қиналып
ары отырдым, бері отырдым. Айран-шалапты ішіп, нанды жеп
болдық. Қасымдағы Шоқай апа сәл мүлгіп отыр ма деймін.
Әй, өлең шығарудың қиыны-ай! Біздің елден шыққан бір ақын
қыз өзінің тырнақалды тұңғыш өлеңін:
О, шопандар, шопандар!
Атқа мініп қопаңдар, –
деп бастаған екен.
Тым болмаса, сол сияқты бірдеңе де ойыма оралмайды. Айша
болса, табанда суырып салар еді-ау деймін.
Кенет Шоқай апа көзін ашып алып: «Жүр, балам, Құдай қаласа,
Күйіктің асуына да жақын қалдық. Күйіктен ассақ, түнделетіп
бірдеңе етіп жетерміз», – деді.
Жүріп келеміз. Ойымнан өлең шығару кетпейді. Мектепте
тақпақ айтқаным болмаса, өзім өлең шығарамын деп үш
ұйықтасам түсіме кірген емес. Енді өлең ұйқастырғым келеді.
«Қаратаудың басынан көш келеді» дейін десем, көш жоқ.
Ербиісіп екі есекке мінген бір кемпір, бір бала. Екі есектің біреуі
– әңгі, біреуі – мәш. Әңгі – еркегі, мәш – ұрғашысы. «Қаратаудың
басынан көш келеді» деп қоямын ішімнен. Бірақ өзімдікі емес.
Басқа біреудің өлеңін ұрлауға болмайтынын маған ол кезде ешкім
айтпаса да, әйтеуір, жақсы қылық емес екенін сеземін. Былтыр
Қорғанбай екеуміз бір уыс қара арпа ұрлаймыз деп, Жуанқұлдың
абақтысына отырып шыққанбыз. Ұрлық жақсы емес, оны білемін,
білдірді. Ал біреудің өлеңін ұрлағанды абақтыға қамай ма екен?
Оны білмеймін. Қызық, ә? Шыннан қамай ма екен?
Күйіктің асуына қарай еңкейе берген кезде, кенет артыма
бұрылып қарасам: Тәңіртау да жоқ, Мыңбұлақ та жоқ, тек ала
шарбы бұлты бар аспан ғана. Жан-жағыма қарасам: жақпар-
жақпар, құж-құж құржиып жатқан тастар. Жүрегім дір-дір етіп,
үзілі - і - іп бара жатқандай, көңілім жама - а - ан қобалжып қоя
берді.
Сірә, кемсеңдесем керек, оны өзім де сезбей қалдым. Соны
байқаған Шоқай апа:
− Не болды? Басың айналды ма? – деді.
− Ауыл... ауыл көрінбей қалды ғой...
− Қой, қарағым, ауыл қайда қашады дейсің. Ауылың орнында,
ауыл қашпайды, адам қашады. Аһ, дүние! – деп күрсінді Шоқай
aпa.
* * *
Енді, міне, мына заманда кейде «Волгамен», кейде
«Вольвомен» жүйткіп, Күйік асуынан тасыраңдап ары да өтемін,
бері де өтемін. Кешіре гөр, қасиетті Қаратау! Бірақ дәл сол арада,
дәл Күйіктен еңіске түсе берісте, Тәңіртау көрінбей тасада қалған
кезде, артыма ылғи да бұрыламын. Бұрыламын да: есекке мініп
ербиіп, жан-жағына жатырқай қарап, жалғызсырап, бұтағынан
жел жұлған жапырақтай жаутаң қаққан жетімек баланы көріп,
мына зымыран машинаны тоқтата алмай, тоқтата алсам, сол
сормаңдайды мінгізе кетсем деп, өзімнен өзім айнимын. Есі –
басым сау, бірақ әлгі елес елеңдейді де, көлбеңдейді де тұрады.
* * *
Сөйтіп, Тәңіртауды да көзден тасалай алатын құдірет бар екен.
Күйіктің бұралаң-бұлтың, бұдыр-бұдыр жолымен мықшыңдап
табанға да түстік. Сылдыр қағып су ағып жатыр екен. Жағасында
топ-топ бұйра талдар еседі екен. Есектен түсіп, су іштік. Шоқай
апа дәрет алып, намаз оқыды. Сірә, намаздыгер шығар. Әлде
намазшам. Асу іші күңгірт. Төңірек түксиеді. Кішкентай көлшікте
шіл жүр. Қиқ-қиқ етіп, мен көрмеген, түсі бөтен тағы бір құс шыр
айналып ұшады.
− Шоқай апа, мынау қандай құс? – деймін.
− Қызғыш қой, балам, – дейді, жайнамаз орнына жайған
орамалын бүктеп тұрып.
Қызғыш! Ол Махамбет қой! Ақын ғой! Батыр ғой! Мектепте
Ғалия апай жаттатқан.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Көл қорыған сен едің,
Ел қорыған мен едім.
Сен де айырылдың көліңнен,
Мен де айырылдым елімнен.
Сені көлден айырған
Лашын құстың тепкіні,
Мені елден айырған
Хан Жәңгірдің екпіні.
Білемін. Әлі ұмытқан жоқпын. Ғалия апай маған «бес»
қойған. «Батырдың өзіндей етіп, екпіндеп айтады екенсің», – деп
мақтаған, батырдың айтқанын ол қайдан естіген?..
О, шіркін, өлең шығарсаң, осылай шығар. Осылайша шығарсаң
ғой. «Мені елден айырған – хан Жәңгірдің екпіні». Өй, мынау
мен сияқты ғой. Бірақ мен... Махамбет емеспін. Тасбет – Жәңгір
емес. Әттең, менен бұрын шығарып қойыпты ғой. Дегенмен хан
Жәңгірдің орнына Тасбетті қойып көрсем, Махамбет – өзім.
«Мені елден айырған – бригадир Тасбеттің екпіні...»
Келмейді. Өлеңге ұқсамайды. Буыны артық па, немене?
Күйіктің аузынан шыға бере, тақтайдай тегіс дала, оқтай түзу
жол басталды. Сол қол жақтан тағы бір тау көрінді. Қаратауға
қарағанда көгілдір сияқты ма...
– Шоқай апа, мынау қандай тау? – деймін.
− Бурыл ғой, Бурылтау. Сен мені «Шоқай, Шоқай» дей бересің.
Ауылыңдағы қатындардан естігенің ғой. Менің атым – Бибісара.
Шоқай – менің елімнің, руымның аты. «Шоқай» деме, Бибісара
де. Бибі апа десең де болады.
− А - а, – дедім.
Бибісара деген әп-әдемі аты бар екен. Бәсе, осындай
жақсы кісіге «Шоқай» деп ат қоя ма екен? Бірақ қазекем ажал
тырнағынан аман болсын деп, тіл-көзден аман болсын деп,
баласының атын «Мыржық», «Мырқымбай» деп те қоя берген
ғой. Балалары шетіней берген соң, зәрезап болған да. Әйтпесе,
осы бетте Шоқай датқа деген кісі өтіпті. Халқына қадірлі болғаны
сонша, Саудакент деген шаһарда оған үлкен күмбез тұрғызыпты.
Асылы, мәселе атында емес, затында шығар. Шәуілдек жаман
итінің атын «Бөрібасар» деп қойғаннан не пайда? Мысалы, менің
атым – Барсхан. Сонда барс болып, ер жүрек болып, елді таң
қалдырғаным қайсы? Өзі қисық, өзі маңқа Тасбет бригадирден
қашып келе жатқан жоқпын ба?!
Тоқта! «Мені елден айырған – бригадир Тасбеттің екпіні».
Келмейді. Біріншіден, Махамбетке жиендік жасау. Екіншіден,
бір буыны артық. Сонда қалай десем екен? Ақындардың аузына
сөзді Құдай өзі салатын шығар. Мен сияқты ышқынып, күшеніп-
тышанып ақын бола алмассың. Дегенмен «ұра берсе, Құдай
да өледі» дегендей, ойлана берсең, тырыса берсең, бір далбаса
туатын да сияқты. Сондағы тапқаным:
Тәңіртаудың бауыры –
Менің туған ауылым.
Сонда туып, сонда өстім,
Сонда менің бауырым.
Оңып тұрған жоқ. «Бауыр» деген сөз екі рет қайталанады.
Біріншісін «сауыры» деп өзгертсе қайтеді? Жарайды. Ары қарай:
Мен елімнен жас кеттім,
Асуын асып Күйіктің.
Кесірінен Тасбеттің,
Қуғынынан сол иттің...
«Міне, бұл өлеңге ұқсайды», – деп қойдым. Махамбеттің де
лебі бар. Бірақ ұрлық емес. Өз өлеңім! Ұмытып қалмайын деп,
күбірлеп қайталап келемін. Шоқай aпa, а, айтпақшы, Бибісара,
Бибі апа бетіме қарап:
− Балам, бірдеңе дедің бе? – деді. Ұялып қалып:
− Жоға, әшейін тақпақ қой, – дей салдым.
Ойым бөлініп кетті. Жауайын деп келе жатқан бұлтты жел
айдап кетті. Әйтпесе, бұл өлеңге Жуанқұлды да қоспақшы едім.
«Атаңа нәлет Жуанқұл, бастық емес, бәлесің» деген сияқты.
Бірақ бұл тағы да Махамбет. Дегенмен осының айналасынан
бірдеңе табуға болады деймін.
«Мыңбұлақтың» адамдары кілең жауыз екен демесін деп,
жақсыларын: Өскенбайды, Есенді, Әбішті, Дошанайды, Қамқаны,
өзімнің анам Айшаны да қоспақшы едім, оған ебім келмеді. Әрі
десе, батып бара жатқан күннің қызылы Бурылтауды құлпыртып,
Жанартауға айналдырып жібергендей көрінді.
Сонда, сонау боранды түндерде Айша айтқан жыр – әңгіме
көз алдыма келді. Мына Бурылтаудың арғы бетінде Айша туған
ауыл бар. Үйрек-қазы түйдек-түйдек ұшқан Билікөл бар. Айша
Мыңбұлаққа келін болып түсерде осы жолмен, жаңағы Күйік
асуымен өтті ғой. Қасында Мұртаза, жанында жора-жолдастары,
зермен жабулаған, күміс жүгендері сыңғырлаған ақбоз жүйрік
аттар бүлкілі. Қызыл-жасыл киінген жігіт-желең, қыз-қырқын,
әзілкеш жеңгелер. Әнге басып Күйіктен, Қаратаудан асып
барады... Алдарынан Тәңіртау қарсы алады. Ой, заман-ай...
Енді, міне, сөйткен Айша мен Мұртазаның Құдайдан
жалбарынып сұрап алған баласы Барсхан астына әңгі есек мініп,
шала таныс бір кемпірге ілесіп, беймәлім, бейтаныс елге кетіп
барады. Танитыным: бір сәтке, бір-ақ көрген Сәли мен Қали
деген қарттар ғана. Айшаның нағашылары.
Ымырт жабыла, алдымыздан жасырынбақ ойнағандай жылт-
жылт етіп оттар көрінді. Көлігіміз қалжырады. Әсіресе Бибі
апамның астындағы қаба жүнді қара мәш қайта-қайта сүріне
бастады. Пыс-пыс етеді. Пысқырына береді. Мимырттап жүріп,
қарауытқан ауыл шетіне де іліндік-ау.
− Айша-Бибі, – деді Бибісара-уа, аруағыңнан айналайын,
Айша-Бибі анамыз! Аруағыңыз қолдасын. Біздей мүсәпірге пана
бол! Содан соң, маған:
− Әулие анаң Айша-Бибінің қасына түнейміз. Мына ауылда
түн ішінде кімнің есігін қағып жүреміз, – деді.
Жолдан бұрылып, ауыл шетіндегі төбешікке, қарайған мазарға
қарай бет алдық.
Есектеріміздің аяғын тұсап, үстіндегі көпшіктерін алып,
ойпандағы ажырықта қалдырып, өзіміз өрмелеп мазардың
жанына келдік. Екеу ғана. Біреуінің – биігінің бір жақ қабырғасы
опырылып құлап қалыпты. Үңірейіп үрей тудырғандай.
− Имансыздар! – деп ызғарлана күбірледі Бибісара көпшіктерді
мазардың күншығыс жақ бетіндегі қабырғаның түбіне төсей
беріп.
− Не, Бибі апа? – дедім.
− Е, шырағым, – деді де үндемеді. Қоржынынан қауашақ
алып, маған ағаш тостағанға айран-шалап құйып берді. – Нан
таусылды, шыда, – деді. – Құдай қаласа, ертең сәскеде ауылға да
жетеміз.
− Әлі алыс па?
− Сәл көз шырымын алып, аттансақ, алдымызда Асадан өтеміз.
Содан соң, алыс емес.
− Бибі апа, – дедім әлгі күдік түрткілеп.
− Не балам?
− Кім «имансыздар?»
− Е, балам, мынау әулие мазарды бұзғандарды айтам.
− Неғып?
− Қышын алып пеш соға ма, сарай сала ма... Құдайдан, ұлы
аруақтан безген ғой. Біліп қой, балам, мына қабырғаның ар
жағында Ұлы Анаң жатыр – Айша-Бибі.
− Неғып?
− Неғып, неғыбы несі? Талқаны таусылған да. Баяғы-баяғы
заманда өткен кісі ғой. Әулие болған. Жат, балам, бұл ұзақ
әңгіме. Әулие анаңа сиынып жат. Мен намаз оқып алайын, – деп
күйбеңдеп жайнамаз-орамалын алып, құбыла жаққа, Айша-Бибі
Ана жаққа қарап, дұға оқып көп отырды.
Мен қарап жатқан күншығыстан кенет қылтиып қызылкүрең
от шықты. Жартастың ар жағынан асылып бір керемет бойлай
берді. Ай екен. Кейін білсем, ол Тектұрмас тауынан көтерілген
екен. Ай да қызыл болады екен-ау деймін. Бұл жақтың Айы
басқа ма деймін. Сөйтіп жатып, қалжырасам керек, тұяқ серіппей
ұйықтап қалыппын. Түсімде Тәңіртаудың бір бүйірін Жуанқұл
мен Тасбет үңгілеп жатыр екен деймін.
− Тауды неге бұзасыңдар? – десем,
− Қой қора саламыз, – дейді.
− Тау құлайтын болды ғой, тимеңдер!
− Ә, әтәңә нәләт, жәудің бәләсі! Кәлкөздің ісіне кәрсі, – дейді
Тасбет.
− Соттау керек! – деп гүрілдейді Жуанқұл.
Кенет бір ақша бұлт тау шыңынан шыға келіп, Жуанқұл мен
Тасбетті ұшырып ала жөнелді. Сәлден соң Бибісара мені оятып
алды.
− Түс көрдің бе, балам?
Мен айтып бердім.
− Ұлы Анаң қолдайды екен. Басыңды ій, балам, – деді.
СӘЛИ, ҚАЛИ, БӨПЕТАЙ, САТАЙ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
Есектеріміз кәдімгідей тынығып қалған екен, томпаңдап
жүріп берді. Айша-Бибі анамыздың мазарына басымызды иіп
аттандық. Бибісара апа:
− Балам, бұл ауылдан әлі талай өтерсің. Ары өткенде де, бері
өткенде де Айша-Бибі анаңа тағзым ет. Жамандық көрмейсің, –
деді. – Аруағы күшті ғой жарықтықтың.
− Аруағы күшті болса, мұның қышын бұзып алғандарды неге
ұрмайды?
Бибісара бетіме таңырқай қарады:
− Ұрса – ұрған шығар, балам, әлі ұратын да шығар. Әйтеуір,
оңдырмайды. Ұрпағына дейін ұрады, – деп қату айтты.
Менің анамның аты да Айша. Бірақ «Бибісі» жоқ. Бәлкім,
анамның атын осы әулиені еске алып қойған шығар. Бұл әулие
анамыз неге өзінің аттасына көз қырын салмайды, неге азабынан
арылдырмайды, оны қорлаушыларды неге жазаламайды? Бала да
болсам, осындай сұрақтар тілімнің ұшында тұрды. Бибісараға
айтайын деп ойладым да тоқталдым. Әуелгі сұрағымды
жақтырмай қалған сыңайлы.
Әулие анамыз топастардан, имансыздардан өзін-өзі қорғай
алмаса, алыстағы (мен үшін алыс), Тәңіртаудың бауырындағы
қызылшаны тау суымен суғарамын деп қызыл сирақ болған
Айшаны қалайша қорғамақ?
Бұл сұрақтың күпірлік екенін ол кезде мен біле бермеймін.
Тек өз Айшам қорғансыз екені есіме түскенде ет-жүрегім езіліп,
артыма бұрылып, ішімнен:
− Иә, әулие ана Айша-Бибі! Менің Айша апама пана бола гөр!
– деп тіледім.
Сөйтсем, есектеріміз Аса өзенін жалдап кешіп келе жатыр
екен. Кейін білсем, Аса дегеніңіз біздің Теріс екен. Біздің Теріс
өзені жарықтық ылғи күншығысқа қасқая тартып отырып,
Маймақ тауының тұсына таярда Қырғыздың Күркіреу өзенімен
құшақтасады екен де, екеуі бірігіп, ылдиға, солтүстікке қарай
құлайды екен. Оны Аса деп қойыпты. Сірә, Асау болуы керек.
Бірі Шақпақтан, бірі Манастан шыққан екі тау суы қосылған соң
о баста жойқын болған ғой. Содан Асау атанған шығар. Еріншек
қазақ толық айтуға да ерініп, ыңыранып Аса дей салған ғой.
Сонымен, киелі Терісті екі рет кешіп өттік.
Жап-жазық жасыл саздың терістігінен ауыл көрінді.
− Құдай қаласа, келдік, – деді Бибісара. – Әлі өсерсің,
жетілерсің, балам. Сонда, сонау Тәңіртаудан бері қарай сапарда
екі күн жолдас болған Бибісара деген апаңды ұмытып кетпей,
анда-санда есіңе алғайсың. Бибісараны ұмытсаң да, Шоқайды
ұмытпассың.
Кәрі кісілер қызық. Оны менің ұмытқанымда, ұмытпағанымда
не тұр? Келер-кетер не бар? Дүниеге келдің, кеттің. А, бірақ
мүлде із-түзсіз, сен дүниеге мүлде келмегендей, жер басып
жүрмегендей, ешкім есіне де алмай, анда-санда атыңды да атамай,
мүлде ұмытылып кету де қиын шығар. Адам шіркін о дүниеде
де тірілерден бірдеңе, тым құрыса, жақсы лебіз дәмететін болуы
керек. А, бәлкім, о дүниеде де есеп-қисап бар болар. Жарық
дүниедегілер өлген адам туралы жақсы айтты ма, жаман айтты
ма – есепке алатын шығар. Ұпай жинайтын шығар. Сол ұпайға
қарап марқұмның о дүниедегі жағдайы жасалатын шығар...
Көшенің басынан кіре бергенде, астымдағы көк есек әңкілдеп
тұрып ақырсын-ай келіп! Бүкіл көшенің ұзына бойында бір-
біріне іргелесе, бір-біріне жаналай, тығылыса отырған Ошақты,
Қоралас, Сіргелі, Алшын ауылына:
− Ей, жараңдар! Кім келе жатқанына қараңдар! Барсхан келе
жатыр! – деп жар салғандай әңкілдеді-ай, ар - рам.
Ыңғайсызданып, басына шыбықпен тартып-тартып жібердім.
Бұл елден сүйінші сұрайтындай мен қайбір ханзада. Аяғымда
қыстың күні киетін бақабас жаман бәтеңке. Құйрығы мен
тізесіне жамау түскен түсі белгісіз бомази шалбар, көйлегім де
келісіп тұрмаса керек. Түнде шешпей жатқандықтан мыжылып,
бырысып-тырысып қалған без көйлек. Қорғанбайдың апасынан
Айша сұрап алып берген қисық кепке.
Тал-дарақтан көрініңкіремей тұрған аласалау үйдің тұсына
келіп тоқтадық. Бибісара апа есектен түсуді қиынсынды ма,
көлікте тұрып:
− Кім бар-оу? – деп айқайлады. Кішкентай мәшке ит шәуілдеді.
Үйдің ар жағынан, жүгерінің арасынан кетпенін сүйретіп, бір
қолымен көзін көлеңкелетіп қарт кісі шықты. Әрең таныдым:
былтыр көрген Сәли атам! Былтыр төредей еді. Қазір... Жақындап
келіп:
− Ә-ә, Бибісарасың ба? – деді. Содан соң маған үңілді. Әңгіден
аунап түсіп:
− Ассалаумаәләйкум, ата! – деп қолымды ала жүгірдім.
− Жиеншарыңды алып келдім, – деді Бибісара.
− Е, е. Жиеншар. Ә, ә. Таныдым. О, айналайын! – деп, мені
құшақтай алды.
Көк есекті талға байлап, үйге кірдік.
− О кім? – деген дауыс іш жақтан барылдаңқырап өктем
шықты.
− Жиеен, жиен, жиеншар... – деді атам мүдіріп. Сірә, атымды
ұмытыңқырап қалса керек.
Далада күн шыжып жарқырап тұрса да, үйдің іші күңгірт,
терезелерін тұмшалап тастапты. Оң жақ іргеде денесі қомақтылау
бір кексе әйел төсектегі балаға тостағанмен бірдеңе ішкізіп отыр.
Үсті-басыма тінткілей қарап алды да, төсектегі балаға қарай
қайта бұрылды. «Қай жиеншар?» – деп сұраған да жоқ.
Атам маған бір қарап, төсек жаққа бір қарап, кібіртіктеп
қалды. Сәлден соң:
− Әй, қатын! – деп керең адамға айқайлағандай, балғамен
темір төсті соққандай шаңқ етті. – Айшаның баласы алыстан
келді. Шөлдеп келді. Тұр, сусын бер.
Табалдырықтан аттамай жатып, шал мен кемпірді кикілжіңге
салып қойдым ба деп мен қыбыжықтадым.
Кексе әйел маған енді ықыластана қарап:
− Е, айналайын, апаң аман ба? – деп орнынан ауырлау тұрды-
ау.
− Аман. Бәріңізге сәлем айтты, – дедім. Өзімнен гөрі, сөзім
әсер етті білем:
− Е, қайран Айша, сәлемет болсын, – деп бақырауықтау апам
(әлі атын білмеймін) бұрышта тұрған күбіні піспекпен пісіп-пісіп
жіберіп, ағаш зереге ашыған көже құйып берді.
Ашытқан жүгері көже екен, көзімді жұмып сіміріп салғанда
көзім шырақтай ашылып, қаракөлеңке үйдің іші жап-жарық
болып сала берді.
Біздің Мыңбұлақта күн салқын шығар, жүгері піспейді, дүмбіл
күйінде қалады. Сөйтсем, жүгері деген балдай тәтті болады екен.
Әйтеуір, қазір маған солай көрінді.
− Қазір шәй қоямын, – деді жуан апам. Бұл сөзді құптағандай
Сәли атам көзі күлімдеп, қутыңдап қалған сияқты. Мені
таныстыра түспек оймен:
− Бұл – Айшаның баласы, а - а - а, Барсхан! – деді менің атым
есіне түскеніне қуанып кетіп, даусы шығыңқырап. – Айша менің
туған апам Құлыханның қызы ғой. Айтып ем ғой, ұмытып қалдың
ба? – деді кемпіріне. – Құлыхандай апамнан қалған тұяқ.
− Е - е, айтқансың, – деді жуан апам аузы балпылдаңқырап.
– Бұрын көрмеген соң біліңкіремей қалдым. Баласы адам боп
қалыпты ғой байғұстың. – «Байғұс» дегенін жақтырмасам
да, үндемей тілімді тістей алдым. Айшаға «байғұс» деген
жараспайды. Байғұс – ол күнін көре алмай жүрген, қолынан түк
келмейтін мүсәпір жан. Айша қайда, біреу қайда! Мен осылай
ойлаймын. Мен үшін Айшадан асқан асқақ, ақылды адам жоқ.
Айша болмаса, мен осылай тірі жүріп, тау асып, тас басамын ба?
Төсекте жатқан балаға көзім түсіп еді, тесірейіп маған қарап
жатыр екен. Екі көзі шоқтай. Кірпік қақпайды. Мен тетелес,
менен кішілеу шығар.
− Бұл – Қуаныш, – деді Сәли атам менің балаға қарап
қалғанымды байқап. – Нағашың. Сенімен қатар шығар. Сен
қаншадасың?
− Мен енді бір айдан кейін он екіге толамын, – дедім Иса
мұғалімнің дәлдігіне үйренген басым.
− Е, мүшелге шығады екенсің ғой. Мүшеліңнен аман өт. Ал
Қуаныш онға шықты ма? Ондасың ба, ей, Қуантай?
Көзі жарқ ете қалып:
− Бұйырса, – деді Қуаныш. Үні ересек адамның үніндей ірі.
«Бұйырса» дегенінде де бір бәле бар. Тегін емес.
Бес жасында ма, одан да жасырақ кезінде ме, ойнап жүріп
үйдің төбесінен құлап кетіп, белі бүкшиіп, құныс болып қалыпты.
Содан бері төсек тартып жатады екен. Ем-дом қонбайды. Ол
кездегі емшілер дәрменсіз бе, гипске салып түзеткенді білмеген
бе, әйтеуір, төсек тартып қалған.
Құдай сондайынан сақтасын. Әйтпесе, таудан да, тастан
да құладым. Аттан да, есектен де құладым. Көк қарғаның
жұмыртқасын аламын деп, жарқабақтан құзға құлап түскен күнім
де болды. Тәуба, тәуба, әзірге аманмын. Әзірге.
Ал енді жаңа Сәли атам: «Мүшеліңнен аман өт» деп қалды.
Оны мен ойланбаппын. Сөйтсем, мүшел деген әрбір он екі жылда
қайталанып тұрады екен. Алғашқы мүшел – он үш көрінеді.
Мүшел сайын бір қатерден өтеді екенсің. Сөйтсем, сол бірінші
«қылкөпірге» мен таяп қалыппын. Нендей қатер? Ойлансам да,
уайым жоқ. Айша айтқан: «Құдай өзі берген жанын өзі алады.
Оны алдын ала ешкім де білмейді», – деп.
Бірақ мына Қуаныштың: «Бұйырса» дегені – уайым. Қартамыс
болған қарт адамның сөзіндей. Дені сау адам ажалды ойлай
бермейді, өмірі өлместей көрінеді. Ал ауру адамға, ұзақ кесел
қысқан адамға, ажалдың апаны елестеп тұратын болар. Ұзақ
кеселдің адамын тек үміт қана сақтайды. «Бұйырса» деген сөзде
үміт те бар, күдік те бар. Қайсысы жеңеді, сонысы алады.
Еркек дауысты жуан кемпірдің аты – Зүбәйда екен. Зүбәйда
апа дастарқан жайды. Шәугіммен шәй әкелді. Дастарқанға бір
таба нан әкеліп қойды. Нанның түсі бөлектеу көрінді. Сап-сары
екен. Сөйтсем, жүгері нан екен. Сәли атам қысқа ғана дұға оқып,
бетін сипап «бісміллә» деп, әлгі нанды қолына алып, үзіп-үзіп
қойды. Байқағаным: нан үзілмеді, сынды. Үгітіліп, оп-оңай
сынды. Мен сілекейім ағып, үздігіп бара жатсам да атамнан
бұрын қол созбай, жағымды қарыстырып, тістеніп отырмын.
Айша: «Сұғанақ болма!» – деген.
Сәли атам күлімсіреп бетіме қарап: «Ал, балам», – дегенде, мен
молдау бір үзігін алып, қанша сыпайы болайын десем де аузыма
апарып, қарпыңқырап жібердім. Жарықтық шайнауға да келмей,
өзінен-өзі еріп қоя берді. Тәтті екен, шырын екен. Байқаймын,
Сәли атам әлі жемей, маған сол күлімсіреген қалпы қара - а -
ап отыр екен. Қомағайланып кеткенімді сезіп, қысылып қалдым.
Сөйтсем, төсектегі баланың да, шәй құйып отырған Зүбәйданың
да көздері менде екен. Түйіліңкіреп қалып, шашала жаздап,
шәй ұрттап құтылдым. Абыройым айрандай төгіле жаздады.
Енді бұдан былай аузыма асты бұралақтап салмауға ант бердім.
«Түйілген көзім жасаурап кетсе керек, байқамай жеңіммен сүрте
салдым. Оны да кеш аңғардым. Беторамалым жоқ қой. Мұндайда
өзінің кішкентай кестелі орамалымен менің бетімді сүртетін
алмабет, тәмпіш мұрын, тәлпіш қыз қайда?! Қалды ғой алыста,
Тәңіртаудың бауырында. Лезде қайтқым келді. Ауылымды
сағыны - ы - ып кеттім.
Енді қайтып дастарқанға қол созбадым. Зүбәйда апа
барпылдаған дауыспен: «Ой, жалған -ай, аһ! – деп, Нәметқұл
ұстаның көрігіндей күрсінді. – Ал, жиен шырақ. Ұялма. Жол
азабын көріп келдің ғой», – деп, кенет өзінен-өзі өксігін баса
алмай, жаулығының ұшымен көзін басып, бырқ дегізіп мұрнын
сүртті.
Сілейіп не істерімді білмей қалдым.
Сәли атам үндемейді, басы салбырап, аппақ қудай сақалы
кеудесіне құлады.
Менің келгенімді ауырсынып қалды ма?
Әлде мұның алдында біреулер қазаға ұшыраған ба?
Айшаның нағашыларының ауылында жұмақ бар, арғымақ
мінген әулиедей аталар бар десем... Мұнда да мұнар-мұнар мұң,
бұлардың да көздерінде қасірет...
Күн ыстықта мақталы қара шибарқыт камзол киген қара кемпір
бір тізерлеп отырған қалпы жер шұқылап, тұқшиды да қалды.
Төсектегі бала кірпік қақпайды. Менен көз алмайды. Сәлден
кейін бала даусы сақпандай сақ етіп:
− Ата, – деді.
Мүлгіген болып отырған Сәли атам басын көтеріп алып:
− Ау, Қуантай, – деп көзі қайтадан күлімдеді.
− Мына бала Шертай көкеме ұқсайды ә?
− Қайсы? – деп қарт маған оқыс бұрылды. Мені жаңа көргендей
бетіме қарап-қарап:
− Ұқсайды ғой. Аумайды. Шертай мұның нағашысы ғой.
Тартқан ғой нағашысына! – Шал қуанып кетті.
Сөйтсем, Сәли атамның бұрын марқұм болған бәйбішесінен
екі ұл, бір қыз туған екен. Үлкені – Сейітжан. Қазір бір жерде,
ауданда ма, милиция бастығы көрінеді. Қызы Майдаш қалада
тұрады екен. Одан кейінгі Шертай... осыдан біраз жыл бұрын ат
жалын тартып мініп, енді ер жетіп келе жатқанда, өкпе ауруынан
қыршын кетіпті. Зүбәйда екінші әйелі екен. Одан туған – Қуаныш.
Жатысы анау.
Әке мен бала арасындағы жаңағы бірер сөзден кейін Зүбәйда
аттың басын қоя берді: аңырап ала жөнелді. Шертайды жас
күнінде бауырына салып баққан екен. Бәйбіше ертерек қайтыс
болған.
− Маңдайыма сыймай кеткен, менің қу маңдайыма сыймай
кеткен жолбарысым - о - о -оу... Шертайжан - оу, Мына жиен
бала кіріп келгенде, сен екен деп қалып ем, Қуантай да сөйтіп
ойлапты ғо - о - ой...
− Қой! – деді атам. – Барқырама! Бәле шақырма! О, өз басыңа
көрінгір! – деп еді, кемпір мұрны бырқ-бырқ етіп барып, жым
болды.
− Шертайға ұқсаса несі бар, – деп сабасына түсті Сәли атам.
– Қан ғой, қан. Құлыхан – менің туған әпкем. Одан Айша туды.
Айшадан Барсхан туды. Менен – Шертай. Әрі-беріден кейін
аттарына дейін ұқсас. Барыс деген – Шер деген сөз. Шер дегенің
– барыс. Құдай ұйқастырған, ұқсастырған. Әйтпесе, біз аттарын
әдейілеп олай қойған жоқпыз ғой, Шердің орнына Барс келді. –
Кемпіріне қарап: – Қуанбайсың ба қайта. Өлгенің тірілді деген
осы, – деп нығарлады.
Зүбәйда бір қолымен жер таянып, ауыр денесін әрең көтеріп,
орнынан зорға тұрды.
− Әлгі Маржан жұмыста. Қой, қазанға бірдеңе салайын, – деп
үйден шығып кетті.
Мен әлі сілейіп отырмын. Сонда қалай? Сонда мен өліп
тірілген болдым ба? Мен көрмеген, мен білмеген Шертай деген
бозым болыпты. Ерте қиылыпты. Енді соны мыналар қайтып
келді деп отыр. Мыңбұлақтағы үйіміздің алдына, үйінді тезектің
жанына, көктемде ұйысып, жылда шырмауық шығады. Күзде
қурап қалады. Көктемде қайта шығады. Адамдар да сондай
шығар.
* * *
Сәли атам кешке мені Қали үйіне алып барды. Қали атам
жұмыстан жаңа келген екен. Былтыр біздің Мыңбұлаққа мініп
барған қарақасқа акалтеке есігінің алдында байлаулы тұр екен.
Бойы үймен бірдей-ау, шіркін. Жанынан өтіп бара жатқанда:
«Сені қайдан көрдім?» дегендей, тостағандай көздерін төңкеріп,
маған бір қарап қойды.
Қали атамның мұндай арғымаққа мініп жүрген себебі –
колхоз бастықтың орынбасары көрінеді. Бастық бір әйел екен.
Соған жәрдемші есепті. «Неге Қали атам бастық емес, неге әйел
бастық?» – деп қойдым ішімнен.
Қали атам мені бірден таныды.
− О, айналайын Барсхан, жігіт болып қалыпсың ғой, – деп, бас
салып құшақтады. Бір көзін қысыңқырап, басымды қос қолдап
ұстап, бетімнен, маңдайымнан сүйіп жатыр. – Азамат болды
деген осы. Сонау Жуалыдан іздеп келдің, ә, бізді!
− Біздің жиеніміз Барсхан, – деді аң-таң қалып тұрған әйеліне.
Сөйтсе, ол Қали атамның бәйбішесі Қалатай апа екен. Бетінде
шешек дағы бар, қызылшырайлы, жылы жүзді кісі екен.
− Е, айналайын, елің аман ба, шешең аман ба? – деп, о да
асты-үстіме түсіп жатыр. Аузына саусағын салып, аңырайып,
тұлымшағы селтиіп, бір кішкентай қыз түр. Бұл осылардың
жалғыз перзенті – Әзиза екен. Қартайғанда көрген жәдігер.
Мұндайда алыстан келген мейман кішкентай балаға базарлық
деп кәмпит ұстатар еді. Ол менде жоқ. Ұят болды. Өйткені әке-
шешесі мені айналып-толғанып жатқан соң, тұлымшағы селтиген,
топ-томпақ кішкентай қыз маған тесіле қарап қалып еді. Сонда,
қолына қуыршақ па, бірдеңе ұстата салсам ғой. Дүниеде баланы
қуантқаннан артық қандай жақсылық бар? Базарлық байлық
емес, дәнекер. Енді қолымда сол дәнекердің жоқтығынан мына
қыз мені жатырқап, томсырайып тұр.
Қалатай апам төрге көрпеше салды. Сәли атам, Қали атам, мен
енді жайғаса бергенде:
− Ассалаумаәлейкум! – деп, екі кісі кіріп келді. Бірінен бірі
өткен шырайлы, көздері нұрлы, сақал-шашы бурыл, сахаба
тақылеттес, үсті-басы тап-таза, тақуа.
«Бөпетай мен Сатай!» – дедім ішімнен. Айшаның айтуы
бойынша, олар осындай ажарлы болуға тиіс.
− Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал алдынан
шығар болар, – деген ашаң жүзділеуі сөз бастап. – Алыстан
жиеншар келді деген соң, сәлем берейік дедік.
Мұндай құрметті өмірі көрмеген басым қатты састым.
Қолдарын алып, амандасқаным болмаса, мыңқылдап, жөнді
сөйлей де алмай қалдым.
Төрде төртеуі қатар отырғанда – төрт шадияр отырғандай
келісті еді. Сол сурет есімнен кетпейді. Әттең, ол кезде қолымда
қазіргідей фотоаппарат, телеаппарат жоқ. Сондағы айтқан сөздері
қандай. Жазып алатын магнитофон, диктофон дегенді ол кезде
атымен білмеймін ғой. Өрттей өкініш. Енді, тек елес. Көкірегіме
басылып қалған сурет көмескілене бастады. Сөздері де есімде
шала-шарпы ғана қалған.
Төртеуі отырып алып, Қалатай апамның шәйін ішіп отырып,
әңгімені менен тартып тарихқа кетті-ау деймін.
Оның ішінде менің әкем Мұртаза жиі айтылады. Бөпетай
атамның айтуынша, Мұртаза екеуі Әулиеатаның Балпық
сарайына түсіп, атақты Керімбай болыстың қасында отырып,
қымыз ішкен көрінеді. Әулиеатаны ояз билесе, Керімбай одан
артық болмаса, кем емес көрінеді. Содан Керімбайдың ерлігі,
пәрмені, айбынынын асқақтығы айтылады. Арқаға атпен бара
жатқанда, Шу бойындағы ну, нар қамыстың арасынан жолбарыс
шыға келгенде, аттардың қалш-қалш етіп, сиіп-сиіп жібергені;
Керімбай, екі көзі жарқыраған шарадай, ақырып кеп қалғанда,
жолбарыс көзін тайдырып әкетіп, мысықтай жер бауырлап,
шегіншектеп кеткені... Қаратаудағы әйгілі Мақұлбектің теңдесі
жоқ атақты қара атын Керімбай қалай тартып алғаны... Арада
сойқан соғыс бола жаздап, ақыры қара ат Керімбайға опа бермей,
бағы тайып, шабыстап қалғаны...
− Әне, сенің әкең Мұртаза сондай болған, – деп, Бөпетай
атам енді маған бурылды. – Керімбайдың өзімен қатар отырған.
Керімбаймен қатар отырмақ тұрмақ, ол отырған үйдің есігінен
сығалап қарауға батпайтын жұрт онда. Әкең онда бозбала шағы.
Ақбоз киініп, ақбоз ат мініп жүретін. Екеуіміз талай бірге болып,
талай жерді араладық қой. Ай, жалған дүние... – деп аяқтады
Бөпетай атам.
Сатай атам әңгімеге араласпаса да ықыластана тыңдап, аялы,
әдемі, сүйкімді көздері жарқ-жұрқ етіп, керек жерінде аңқылдап
күліп қойып отырды. Күлкісінде титтей жасандылық жоқ.
Адамды көзінен тануға болады дейді. Ол рас. Бірақ күлкісінен
де тануға болады. Кейбіреулер өтірік күледі. Өтірік күлкі – жаны
кіршең, пейілі пәс адамдарға Құдай өзі басып қойған қара таңба.
− А - а, – деді Қали атам бір көзін қысыңқырап қойып, дөңгелек
сақалын қисық бас бармақты саусақтарымен иегінің астын ала
қасылап. – Сондай адамзаттың баласы енді біздің қасымызда
отыр.
Төртеуі де енді: «шыннан сол Мұртазаның баласы ма?»
дегендей маған бұрылды. Әкем әлгіндей болғанда, мен мырың
болмайын деп бойымды тіктедім. Басымды көтердім. Бұл менің
төрт нағашыға берген үнсіз жауабым.
− Бұл жиен бүлдіріпті, – деді Сәли атам көзі мейірлене,
күлімсіреген күйі.
− Е, не болды? – десті бәрі.
Ең қиын жері осы болар. Әжептәуір абиырмен отырғанымда,
Сәли атам мені әшкерелейін деді. Елде болған жағдайды күндіз
айтып ем ғой оған. Қайдан білейін ол сырымды шаршы топтың
ортасында жайып салатынын. Болары-болды, сабыр сақтайын
деп күбіжіктемедім.
− Ауылындағы бригадирді ұрыпты. Әлгі ақымақ бригадир
Айшаға күн көрсетпейтін көрінеді «халық жауы» деп. Соған
шыдай алмай, мына батыр біреуді жазым қыла жаздапты. О
да сорлы екен, шынашақтай баланы соттатамын деп ауданға
шапқылапты. Сөйтіп, бізді паналап келген түрі мынау...
− Оттапты, – деді Қали атам айылын жимай. – Мен Сейітжанға
айтамын. Ол Жуалының милициясын біледі. – Қорықпа! – Мені
бауырына тартып, шашымды ұйпалап, еркелетіп қойды.
− Міне, нағыз батыр, – деп, тұңғыш рет әңгімеге араласты
Сатай атам.
− Аруағыңнан айналайын, Тұрған анамыздың қаны бар ғой
Барсханда, – деп, Қали атам Тұрған анасын көріп тұрғандай
алысқа қарады. Мен білсін, түсінсін деп:
− Сенің шешең Айша болғанда, Айшаның шешесі – Құлыхан.
Ал Құлыхан осы отырған бәріміздің бауырымыз. Бәріміз Тұрған
анадан туғанбыз. Тұрған ана – аса көріпкел, үлкен дәрігер, әулие
кісі болатын. Сондай анаңның аруағы қолдасын сені, Барсхан! –
деді.
Төрт шадияр қолдарын жайып: «Әумин!» – деді.
* * *
Сөйтіп, мен нағашыларымның үйлеріне кезек-кезек қонып
жүрдім. Қабақ шытқан біреуі жоқ. Бөпетай атамның үйіндегі
Адас апам да құрақ ұшып, құрдай жорғалайды. Соншалықты мен
ненің шікірәсі? Айшаның, Мұртазаның құрметі шығар. Жақсы
әке жаман балаға қырық жыл азық деген осы болар. Сәли, Қали,
Бөпетай, Сатайлардың ең үлкен ағасы Жүніс дейтін кісі болған
екен. Ол марқұмның бәйбішесі Шолпан апа қырғыздың қызы
екен. О да үйіне шақырды. Үйінде бойжеткен Оңал деген қызы
бар екен. Бұрымдары тілерсегіне түседі. Өзі әсем. Бірақ қолында,
бетінде ақтаңдақ бар. Содан қорланады.
Кейін-кейін ондай ақтаңдағы барлардың талайын көрдім. Өзін
көр тұтқан ешқайсысы жоқ. Ал Шолпанның мына бойжетіп,
отырыңқырап қалған қызы жұрт көзіне көрінбейді, үйінен
шықпайды. Намысқой. Отырып алып кітап оқи береді. Менен:
ананы оқыдың ба, мынаны оқыдың ба деп сұрайды. Мен кітабы
тұрмақ, атын естімеген жазушыларым. Тұңғыш рет «Жұмбақ
жалауды» сол үйден көрдім. Бастап оқып едім, бас ала алмай
байландым да қалдым. Ғабиден Мұстафин деген жазушы бар
екен. «Өмір мен өлім» деген шағын, сұр мұқабалы кітабын да
қопарып тастадым. Бір орыстың «Порт-Артур» деген кітабын да
аудармадан тауыстым. Әсіресе Ғабдол Сланов деген жазушының
«Арман ағысы», «Дөң асқан» деген кітабын екі рет қайталадым-
ау деймін. Сахи, Таңат дейтіндері бар екен. Солар сияқты болсам-
ау деп қойдым. Жаман адамдармен жауласып, құм ішін кезіп, көк
бөрідей жортуылда жүргендер өзім сияқты көрінді.
Кітаптарды бірінен соң бірін қылғытқанымды көрген соң Оңал
мені жақсы көріп қалды. Махан, Әшірбек деген ағалары әскерге
кетіпті. Махан соғыс басталарда Брест дейтін қалада екен. Хабар
жоқ. Әшірбектен хат келіп тұрған екен, соңғы жыл одан да хабар
үзіліпті.
Қайда барсам да алдымнан бір үміт пен күдіктің жағаласып
жатқанын көремін. Мынау үй де сондай. Кәрі кемпір, бойжеткен
қыз. Күліп, жарқылдап отырған болады. Сәлден соң, көздерін
қасірет торы қамалайды.
Бір күні Оңал:
− Әй, Барсхан, қой көрмеген, қой көрсе, қуалап жүріп өлтірер
дегендей, кітап көрмегенсің бе, немене, бала болып, далаға
шығып, сен де ойнасаңшы, – деді.
− Ешкімді танымаймын, кіммен ойнаймын? – деймін.
Оның үстіне мен енді ойын баласы емеспін. Ауылда болсам,
Тасбет маған элеваторға бидай тасытып қояр еді. Енді ойласам,
мына жүрісім ерсі. Елдің бәрі жұмыста. Мен бөтен елде жүріп,
күндіз-түні кітап оқимын. Әрі десе, Оңғарбай атамның көк есегін
мініп кеттім. Элеваторға бидай таситын басты көлік сол еді. Өзім
қашқаныммен қоймай, есекті міне кеткенім... екі есе зиянкестік
пе, қалай? Тасбет сотқа мұны да айтады ғой. Қайтайын десем-
ұят, қиын.
Сөйтіп жүргенде, әлгі әңгі бәрін бүлдірді. Сәли атамның
жүгерісінің аяқ жағына, арықтың ар жағына арқандап қоятынмын.
Бір күні құтырды, арам қатқыр. Басқа біреудің жүгерісінің
жанына бір мәш пайда болған екен. О да арқандаулы. Аласа ғана
есек екен. Оңғарбай атамның көк айғыры соны көріп азынасын-
ай келіп. Мені тулақ құрлы көрмей, арқанымен қоса сүйреп алып
кетті. Етпетімнен құлап, ажырап қалдым.
Мен орнымнан тұрып, соңынан қуып жете бергенше болмай,
әлгі арам сұр есекке асылды-ай келіп. Анау да сорлы екен, олай-
бұлай бұлталақтап қашқанды білмей, қыбыжықтап, құйрығын
шыжбыңдатып, аузын қайшылап тұра қалды. Көк әңгі барып
асылғанда, белі үзіліп кете жаздап, сүріне жаздап, жүгерінің
ішіне кіріп кетіп, ойранды салды дейсің.
Сол-сол екен, арғы беткейдегі құжыра үйден бір бала жүгіріп
шықты. Келе менің жағамнан ала түсті. Не орыс екенін білмеймін,
не қазақ екенін білмеймін, әйтеуір, түсі бөтен. Көзі шақшиып от
шашады. Мен құралпы, менен, бәлкім, үлкендеу. Сөзі түсініксіз.
Бірақ аузынан түкірігі шашырап, кіжінгеніне қарағанда, мені
оңдырмай сыбап тұрғанын сеземін.
Менің жағамнан әлдеқайдағы біреу тұрмақ, Тасбет те алып
көрген емес. Ақылға салуға болмай қалды. Әлгі қырт бір-екі рет
мені түйгіштеп те жіберді.
«Кеудеңді ешкімге бастырма!» – деген Айша. Мынаны көрсе,
Айша: «Менен тумай кеткір», – дейді ғой. Қой, болмас.
Сол білегіммен мойнынан қысып, ырғап кеп қалып едім, жерге
бұрқ ете түсті. Үстіне мініп алып, кеудесін тіземмен басып, қос
қолыммен басын жерге бір-екі рет түйіп-түйіп алып, енді беттен
пере берейін дегенімде, арт жағымнан айқай шықты. Жалт
қарасам – Сәли атам екен.
− Ойбай, тиме бәлеге!
Амал жоқ, астымдағы періні босатып, орнымнан тұра беріп
едім, анау тағы жармасты. Аяғымнан шалып жіберіп, етпетімнен
түсірді. Енді тебейін деп келе жатқанда, аунап түсіп, орнымнан
ыршып тұрдым. Шапши бергенімде, Сәли атам қолымнан ұстай
алды:
− Қой, қой! Тиме бәлеге!
Менің қолымның бос емес екенін пайдаланып, әлгі жынды
бетіме тырнағын салып кеп жібергені. Бетім қанап қалды.
Сол екі ортада жұрт жиналды.
− Не болды? Не болды?
Даусы қырылдаған мен құралпы бала:
− Алдымен анау тиісті, мен көріп тұрдым, – деп, ақикөз
албастыны көрсетті. – Петька тиісті!
Жан-жақтан:
− Қой, қой. Бәлелі көтке бармағыңды сұқпа! – десіп жатыр.
− Мынау бөтен бала ғой, – деп маған шұқшиысты. Сәли атам:
− Бұл – менің балам, мына Петьканың сырын білмейді ғой, –
деді.
Мені білмейтіндер:
− А - а, – десті.
− Дегенмен қайсар екен. Петьканы жығып салып сабау деген...
− Ай, қайдам, Петька да қарап қалмас. Шешең екені рас болса,
кекшіл ғой.
Петька бажылдап тұр. Шала-пұла орысша, арасында шешенше
бірдеңе дейді. Жұлқынып тұр. «Моя кукуруза! Оныкі есек...
менікі есек...»
Енді жиналғандар мәз болып күлсін-ай кеп. Сөйтсем, Оңғарбай
атамның көк әңгісі Петьканың сұр мәшін жүгерінің арғы шетіне
шығарып алып, тағы да асылып жатыр екен. «Атаңа нәлет!
Сазаңды берермін!» – дедім ішімнен. – Соған бола, ойда жоқта
менің шатаққа қалғаным мынау, сенің қызыққа батқаның анау».
− Ой, Петька, нешауа, есегің енді екеу болады. Кішкентай
ослик болады, – деп күлді мұрны таңырайғандау, шомбал келген,
менен үлкендеу бала мәз болып.
Петька ызаланып:
− Менікі пчак, нож! – деп, қолымен кеңірдегін бауыздаған
белгі жасап, үйіне қарай жүгіре жөнелді.
− Ойбай, кетейік. Ағаларына айтса – талқанымызды шығарады,
– деді жаңағы шомбал, таңқы мұрын.
Сөйтсем, ол Тұрсынхан деген бала екен. Алғашқы қырылдақ
Біләл деген қарашай бала екен. Сәли атам айтты:
− Ана арамыңды ұстап әкеліп, қораға қамап қоймасаң,
шешендер жарып тастайды, – деді.
Есіріп алған неме, әңгіленіп маған бой бере ме, Тұрсынхан,
Біләл үшеуміз үш жақтап, әрең әкелдік. Шешендердің сұр мәшіне
әуселесі құлай түсіп, құдай ұрып қалыпты.
Сөйтсем, бұл жаққа қарашай, балқар, шешен дегендерді
Кавказдан көшіріп әкелген екен. Біздің Мыңбұлаққа немістерді
көшіріп әкелгені сияқты. Шешен дегенді сыртынан естігенім
болмаса, бірінші рет көруім. Шешен десе, мынау ауыл үрей.
Маған бәрі таңғалысты. Қалай қорықпадың деп. Мен Петькамен
батыр болып төбелескен жоқпын ғой. Оның шешен екенін де
білген жоқпын. Оқыстан өзі тиісті. Амал жоқ, алыстым. Менің
жазығым не? Сөйтсем, алыспастан, қарсыласпастан қаша
жөнелуім керек екен. Мыналар солай дейді. Пышақ салады дейді.
Мен қайдан білейін?
Петьканың екі ағасы бар екен. Екеуі де тракторшы екен. Үлкен
ағасы Нұрдин деген өгіздей дейді. Тракторы тығылып қалса,
оппадан өзі сүйреп шығара береді дейді. Осы үшеуінің шешесі
бар дейді. Бір мая шөпті бір өзі көтеріп кете береді дейді. Тұратын
үйлері үй емес, үңгір дейді. Бұлардан бүкіл ауыл қорқады екен.
Мен қайдан білейін?
Оңал әпкем:
− Ойбу, – деп бетімнің қанын жуып, орамалмен сүртіп,
мақтамен йод жағып еді, ой, тызылдады-ай дейсің.
− Әп-әдемі, айдай жүзіңе дақ түсірдің-ау, балам, – деп Шолпан
апам ренжігендей болды.
− Айда да дақ бар ғой, aпa, – дедім.
Бұл шәлекейге араласқанымды біреу мақтады, біреу
жақтырмады.
Таңертең Шолпан апам:
− Қалаға. Қалада Зиба бар ғой, Айшаның сіңлісі. Соған барып
сәлемдессін де, – деді.
− Зиба... – деп Оңал үндемей қалды. Бірдеңе айтайын деді,
айтпады. Бірақ оның не айтқысы келгенін кейін түсіндім.
ПАЙҒАМБАР ДА ЕСЕК МІНГЕН
Сөйтіп, нағашыларымның аулында аптадай қонақтап, енді
қалаға кетіп барамын. Жүндес, жуас есектің үстінде –Шолпан
апам, көк әңгінің үстінде – мен.
Нағашыларым, сірә, шешендерден сескенген болар, кешегі
жанжалдан кейін мені көзден таса бола тұрсын деді-ау деймін,
ойда жоқта Зибаның үйіне баратын болдым.
Әрине, Зибаға бармай кету әбестік қой. Бірақ бәрі кенеттен
шешілді.
Титтей күнімнен құлағыма сіңіп қалған атақты Әулиеата
шаһарына келе жатырмын. Есекке мініп. Бөпетай атамның
айтуынша, әкем Мұртаза бұл қалаға ақбоз ат мініп кіреді екен.
Мен есек мініп келе жатырмын. Несі бар... Кейін білсем, Иса
пайғамбарымыздың өзі де қасиетті қала Әрусәлімге, яғни
Иерусалимге тұңғыш рет есекпен келген екен. Оған дейін әлемді
аралап, Гималайда, әулиелердің арасында көп жыл жүріп, өзі
де әулиелердің әулиесі – Пайғамбарға айналып, дүйім дүниені
аузына қаратқан Исаның өзі есек мінгенде, менікінің несі ерсі?!
Ақбоз ат бұйырмаса, не шара?
Қалаға кіреберісте, еңіске түсіп, жайдақ су кешіп өттік. Он
жақта – жарлауыт бар екен. Шолпан апам сыбырлап:
− Отыз жетінші жылы осы жардың жиегіне адамдарды тізіп
қойып, шетінен атып, орға құлата берген, – деді.
− Неғып?
− Өкіметке қарсы «халық жаулары» дей ме, қырды ғой, әйтеуір.
Жүрегім мұзда - а - ап сала берді. Жар жаққа жалтақ-жалтақ
қарадым: Мұртаза көрінбес пе екен деп. Ойым айтты: Мұртаза
Сібірде қалған деп. Сонда ғана тұла бойымның түршігіп,
дірілдегені әрең басылды. Жардың күншығыс жақ беті қалың
кіреш екен.
− Шолпан апа, мынау не?
− Ол орыстардың зираты.
− Ұшы-қиыры жоқ кірештер. Қырылып қалған ба, немене?!
Не десе де, жарықтық, түсі суық. Бір жағы зират, бір жағы көше.
Қала осылай басталды. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Өмірі
мұндай үлкен қала көрмеген көк әңгі де елеңдеп, не болса соған
құлағын тікшитіп, үркектеп қалады. Тағы бір су кешіп өттік.
Оның жағасындағы ұзыннан-ұзақ биік дуалдың үстіне тікен
сым керіп қойыпты. Дуалдың бұрышындағы биік ағаш үйшіктің
жанында мылтық ұстаған біреу тұр.
− Шолпан апа, мынау не?
− Түрме ғой, шырағым.
Осыдан жеті жыл бұрын Боранды – Бурныйдың түрмесін
көріп едім. Әкем Мұртазамен көздей тесіктен сөйлескенбіз. Анау
сияқты милиционер мені желкемнен бұрып алып, лақтырып
жіберген...
Бірақ Боранды-Бурныйдың түрмесі мына сияқты биік дуалмен
қоршалмаған сияқты еді, тікенек сымы да жоқ болатын.
Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Бір кезде қалың топтың ішіне
кіріп кеттік. Не көп, адам көп. Арба-арба шөп.
Қора-қора қой. Мама ағашта тізіп байлап тастаған аттар,
есектер.
Шолпан апамның айтуынша, бұл Атшабардың мал базары
екен. Осында Тастанбек деген кісі болуы керек екен. Шолпан
апам содан Зибаның үйі қай көшеде екенін сұрап білуі керек
екен. Есегін маған ұстатып, өзі қой базарға кіріп кетті.
ЬІғы-жығы. Балпаң-балпаң басқан қара бөрікті адамдар, айыр
қалпақ киіп адыраңдаған адамдар, ала тақия киіп жылмаңдап
жүрген адамдар. «Вода-вода! Кому вода?» – деп айқайлайды
шелек көтерген мен сияқты бір бала. Су сатып жүр екен. О, тоба,
суды да сатады екен, ә! Стакандап сатып жүр.
Бір-екі бала қолдарына шелек ұстап, сиырлар тұрған жақты
төңіректеп жүр. Бір сиыр жапа тастай беріп еді, әлгілердің біреуі
шелегін тоса қалды. О, тоба! Сиырдың боғына дейін жерге
түсірмей, қақшып алады екен.
Біреулер бір-бір уыстай етіп баулаған жусан сатып отыр.
Кәдімгі далаға өсетін боз жусан. Алушылар әлгі баулаған
жусанды аударып, төңкеріп, салмақтап қояды. Жуандауын
таңдайды. Жарымағырлар, Құдайдың далада өсетін жусанын
жуанырақ байласа қайтеді.
Осылай қаланың, қыбыр-жыбыр құмырсқа тірлігіне қара - а -
ап отырғанымда, қасыма ала тақиялы екі бала келді.
− Ей, қозақ, ешәгіңді сатасың му? – дейді, менің астымдағы
көк әңгіні саусақтарымен шоқтығынан түртіп тұрып.
− Есек сатылмайды, – деп, шорт кестім.
− Сатмасаң, сатма, дәйіс! – деп, екеуі ыржалақтап күліп, кетіп
қалды. Көп ұзамай қайтып келді. Шыннан айналдырайын деді.
Қамсыз қалмайын деп бойымды тіктеп, қолымдағы қамшыны
(Сәли атам берген) қысыңқырап ұстап, сақ отырмын.
− А, ләкин сатасың а? – деді біреуі.
− Жоқ! – деп түксидім.
− А, онда қапа болман, – деп, әлгі көк әңгінің шабына қолын
тықты.
− Ей, тиіспе! – деп, қамшымды көтере бердім... Әлгі сұм
шегініп кетті. Қорықты деп ойладым. Сол-сол екен, көк әңгіні
шайтан түртті ме, білмеймін, тыпырлады да қалды. Артқы
аяқтарын кезек-кезек тепсініп, пысқырынып, шыркөбелек
айналып, туласын-ай кеп. Үстінен түсіп қала жаздаймын. Тағы
да болса қаршадайымнан колхоздың жылқысын бағып, атқа
мініп, тас тақым болып қалғаным бар, Құдай абырой бергенде,
мына арам қаншa тоңқып, мөңкісе де құламадым. Бірақ Шолпан
апамның есегінің бұйдасы қолымнан шығып кетті. Ана мұттайым
кәшімірлер соны алып кете ме зәрем қалмады. Дап-дардай болып,
апамның есегінен айырылып қалсам – өлім ғой.
Әлгі екі ала тақия анадай жерде іштерін басып күліп, мәз
болып тұр. Оларға – тегін концерт. Көк әңгі мөңкиді, мен құлап
қала жаздаймын. Менің жаным шырылдайды, аналарға рахат.
Сөйтсем, бұл дүние өне бойы тұнып тұрған осындай
оспадарсыз ойын екен ғой. Адамды адам қинап, содан рахат
кешу, әу бастан-ақ бар екен, әлі де бар, әлі де бола береді.
«Әй, бұларың қалай?» деген ешкім жоқ. Қайта ана екеуіне
қосылып, тобыр неме, ыржаңдасып күледі. Орысы да, қазағы да,
сарты да. Еркегі де, қатыны да.
Нешауа. Иерасулимнің ғибатханасының алдында осындай
тобыр Иса пайғамбарды да зәбірлесе керек. Пайғамбардың өзін
сөйтіп қорлағанда, мен кімнің шікірәсі...
Тәңірі жарылқағыр, Шолпан апам келіп қалыпты.
− Не болды-ей?
− Білмеймін. Аналар, – деп, ала тақиялы жүгермектерді
нұсқадым.
− А, өлігіңді көрейін өле! – деп, ала тақиялы жүгермектерді
қырғызша қарғысқа басты. – Тантыған тентек! Нелерің бар
тыныш тұрған балада?! – Шолпан апам тыпыршыған көк әңгінің
бауырына үңіліп, қолын жүгіртіп еді, есек тыншыды да қалды.
Сөйтсе, қаланың қулары оның шабына бөгелек салып жіберген
екен.
− Жүр, – деді апам. – Білдім Зибаның үйін. Құдай қаласа, енді
табамыз. Ойық көшесінде екен.
Атақты Атшабарды бірінші көруім осылай басталды. Әлі
талай көрерімді дәл сол сәтте білген жоқпын.
Шолпан апам жайма базардың тұсынан өтіп бара жатқанда,
«Олын, олын» деп қақсап тұрған өзбектің қатынынан маған тәтті
сатып алып берді. Зығыр дәнін қант шырынымен дәнекерлеп,
қатырып қойған тәтті екен. Мұндай дәмді болар ма?
Енді бір жерде иісін бұрқыратып кәуап пісіріп жатыр, бір
жерде тұшпара пісіріп жатыр... Мен үшін бейтаныс ғажайып
иістер. Мұндай да береке, мұндай да тоқшылық болады екен-
ау деймін. Ал сөйте тұра, қалтаңда тиының болмаса, бұл иіс
тоқшылық емес, азап екенін әлі біле бермеймін.
«Қымыз, қымыз! Қымыз ішіңдер!» – деп жалынады бір әйел:
«Шыннан тегін бере ме?» – деймін жалтақ-жалтақ қарап. Қайдан
тегін. Әлдекімдерден ақша санап алып жатыр. Сүлеймен есіме
түсті. Жақсы қымыз ішсе, жазылар ма еді... осы қымыздың
шатағынан ойда жоқта, міне енді мен Әулиеата қаласын есекпен
аралап жүрмін. Тағдыр осылай шығар. Атшабардан ылди түсіп,
көшеге шықтық.
«Мынау – Балпық сарайы деген. Бұрын керуен – сарай болған»,
– деді Шолпан апам дәу көк дарбазаны көрсетіп.
Е, Бөпетай атам Мұртаза екеуі келетін Балпық сарай осы екен
ғой. Ар жағында не бар екенін кім білсін, әйтеуір, көк дарбазасы
күшті. Төрінде Керімбай болыс отыратын жер оңай дейсің бе?
Сол Керімбайлармен қатар отырған Мұртаза да тегін емес екен-
ау деймін. Ал оның баласы, анау-мынау емес, зарығып көрген
баласы мен – Барсхан – анадан да, мынадан да түрткі көріп, хан
базардың ішінде есегім тулап, жұртқа күлкі болып, пұшайман
жеп келе жатқан түрім мынау... Бетімді кеше шешен баласы
тырнап алып, жаралап тастағаны тағы бар. Ыңғайсыз.
Біраз жүргеннен кейін, көшенің екі қапталынан да жәпірейген,
жатаған үйлер жиілей берді. Және кілең қазақтар тұратын
сияқты. Бір жақтан ауып келіп, уақытша тұрып, тағы бір жаққа
үдере жөнелетіндей, мынау үйлер мығымдықты, тұрақтылықты
сездірмейді. Балшықтан домбаздай салған сиықсыз үйлер.
Қаланың ортасындағыдай емес, тал-дарағы да шамалы. Тура
ауылдағыдай. Ағаштарын есек пен ешкі кеміріп тастаған.
Дегенмен ара-тұра дарбазасы биік үйлер де кездеседі. Соның
бірінің алдында тұрған әйелден Шолпан апам:
− Зибаның үйі қайсы? – деп сұрады.
− Міне, – деді мыңболғыр.
Жапсарлас үй екен. Қорасы да, қақпасы да жоқ, жадағай,
жалғыз үй. Есігінің алдына барып, есектен түстік. Үйге кірсек –
ешкім жоқ, бірақ есік ашық. Сыртқа шығып, тамды айнала беріп
едік, ар жақта огород бар екен. Бір әйел ары қарап, картоп қазып
отыр. Жанында жасыл бешпет киген қуыршақтай кыз картопты
шелекке салып жатыр. Үйдің күншуағында басы бақырдай,
көздерін қолымен көлеңкелеп қысып алып, кішкентай бала ағаш
атпен ойнап отыр.
− Ау, Зиба! – деп дауыстады Шолпан апам. – Жиен қыз-ау, біз
келдік.
Әйел түрегеліп, біз жаққа қарады. «Құдай-ау, Айша қайдан
жүр?!»
Жоқ, Айша емес екен. Көздерінің аясы кеңдеу, өңі құбаша,
бойшаң екен.
Күн ысып тұрса да, орама қоңыр жағасы бар, мақталы пальто
киіп алыпты. Басында алқымынан ораған шәлі бар.
Бізге жақындап келді. Шолпанмен көрісіп, амандасты. Маған
қарап тұр. Қайтер екен деп Шолпан апам үндеген жоқ. Мен қайбір
келісіп тұрған. Кісі сүйсінер түрім жоқ. Басымда Қорғанбайдың
қисық кепкесі. Аяғымда ауыр бәтеңке. Бетімді шешеңнің баласы
тырнақ салып жаралап тастаған. Кебірсіп, қабыршақтанып, қан
қатып қалған.
Зиба әпкем танымады, бірақ таңғалды. Жүзі жылы, күлімсіреп,
тіпті елжіреп қарайды. Әйтеуір, жақыны екенімді сезеді, бірақ
доп басып айта алмай, екі иінінен дем алысы жиіледі. Мен
шыдамай:
− Зиба әпке, мен Барсханмын ғой, Айшаның... – дей бергенімде,
бас салып, бауырына қысты. Бірақ сүймеді. Күнге қызған пальто
бетімді жылытты. Пальто емес, жүрегі жылытып тұрғандай, тұла
бойым шымырлап, бір аналық, туысқандық сезім менің жаныма
шым-шым еніп, адам екенімді, мені де біреу жақсы көріп,
аймалайтынын танытып, көзіме жас іркілді.
Егер адамдар бірін-бірі осылай құшырлана аймалап, бауырына
басса, байлықсыз-ақ, атақ – даңқсыз-ақ бақытты болар еді...
қайтерсің, біреу сенің қарайып, жер басып жүргеніңе қуанады.
Біреу сенің осы дүниеге келгеніңді де көре алмайды. Мен жоқ
болсам, менің орныма зығыр егетіндей-ақ, зығырданы қайнап
жүреді. Адамдар әділдікті Күннен үйренбей-ақ қойды. Күн сен
патшасың ба, пақырсың ба, байсың ба, кедейсін бе – ешкімді
алаламай, бәріне сәулесін тең таратады ғой.
Адамдар әділдікті Қара Жерден де үйренбеді. Сен патшасың
ба, пақырсың ба, байсың ба, кедейсің бе – Қара Жердің қойнына
кірген соң бірдейсің. Патшаның етін жеген кұрт, арық екен деп
пақырдың етін жемей қоймайды.
Тән шаруашылығы осылай. Ал жан мәселесі... Өлгеннен соң,
тәннен жан бөлінеді дейді. Құдай құптаса – жаннатқа барады,
құптамаса – тамұққа, тозаққа түседі дейді. О жақтан қайтып
келіп, әңгімесін айтып, хабар берген ешкім жоқ. Бірақ Адал мен
Арамның ара жігі, әйтеуір, бір ажыратылуы, содан соң әркім
тиесілі үлесін алуы керек қой. Егер ондай таразысы болмаса
дүниеде не мән, не мағына...
− Айша әпкем аман ба? Інің, қарындасың аман ба? – деп
сұрақтың астына алды Зиба әпкем, енді мені екі қолымен
иығымнан ұстап тұрып, бетіме тесіле қарап тұрды. Мен «иә, иә»
деп жатырмын. Бір уақытта Зиба:
− Құдай-ау, Рахманнан аумайды екенсің ғой, – деді.
Рахманды білемін. Еміс-еміс есімде. Айшаның інісі, Зибаның
ағасы. Сорымызға қарай, маңдайымызға сыймай кеткен.
Зиба әпкем бізді үйге кіргізіп, алты-жеті жасар, үкідей ұшып
тұрған, сап-сары, көк көз қызды:
− Ақшагүл - ау, су алып кел, – деп жұмсады.
Примус деген болады екен. Жермаймен жанады екен, піскілесе,
пысылдап, бажылдап жалын атады екен. Зиба әпкем оған шәугім
қойып, шәй қайнатты. Түтін иіс қолқаңды атады.
− Ақшагүл -ай, мынау сенің бөлең – Барсхан, – деді үкі көз
сары қызға. Көзін жұмып алып кішкентай бала кірді. – Бұл сенің
кіші бөлең – Әбен, – деді Зиба әпкем маған.
Әкесі Мырзагелді соғысқа кеткенде, бұл Әбен жаңа туған
екен. Қазір төртке шықса керек.
− Мырзагелдіден хат келіп тұр ма? – деп сұрады Шолпан апам
шәй үстінде.
− Құдайға шүкір, әзір келіп тұр, – деді Зиба әпкем. – Осы
жазда бір посылка жіберіпті. Ол не дейсіз ғой. Сабын. Әтір сабын
екен. Соны базарға апарып сатып, кәдімгідей қаужаңдап қалдық.
Әйтпесе карточкамен алған нан мына екеуіне кейде жетіп,
кейде жетпейді, – деп, қызы мен ұлын екі жағына отырғызып,
бастарынан сипап қойды.
− Біздің Махан мен Әшірбектен тырс еткен хабар жо - о - оқ, –
деп, Шолпан апам күрсініп қалды.
− Сабыр түбі – сары алтын, Шолпан апа, сабыр етіңіз. Бір
жақсылық хабар келіп қалар, – деп жарқылдады Зиба. Сөз
сөйлесе, көздері жарқылдап, даусы жарқын-жарқын шығады
екен. Жайырақ сөйлесе, шаршамас еді, даусы ашық, ынта-
шынтасымен, ықыластана сөйлегенде шаршап қала ма, немене,
ентігеді.
Ентігетін себебі – Мырзагелді соғысқа кеткен соң, екі баланы
асыраймын деп, емізулі баласы мен титтей қызды үйге қамап
кетіп, жүн жуатын зауытта жұмыс істепті. Мұздай тастың
үстінде, мұздай сумен жүн жуған қиын ғана емес, қиямет екен,
бір жылдан кейін қос өкпесі ауырып, мүгедектікке шығыпты.
Мұны ол Шолпан апама айтып отыр. Мен тыңдап отырмын.
Өкпесі баяғыда, қыз күнінде, Асаның суынан қыстыгүні көшіп
өткенде бір ауырған екен. Кейін жазылған көрінеді. Ал енді жүн
жуатын зауыт сол кеселді кайта қоздырып, құтыртып жіберіпті.
Емделіп, ауруханаға жатайын десе, мына екі балаға қарайтын
жан жоқ. Дәрі-дәрмек табылмайды. Борсықтың майына алмас
қосып жеп, кеселі ептеп жеңілдесе керек. Бірақ ол дәрінің кесірі
кішкентай Әбенге тиіпті. Бала неме төсектің астында тұрған
майды жеп қойған ғой. Содан көзіне зақым келіп, әлгі көзін
ұдайы жұмып алып, көлегейлеп жүретіні содан екен.
Шәй ішіп, дастарқан жиылған соң, Шолпан апам қайтпақшы
болды. Зиба:
− Отыра тұрсаңшы, – деді. – Шынымды айтсам, сағынып
қалыппын. Таяқ тастам жерде тұрсақ та, бір-бірімізді көрмейміз.
Нағашыларымды өзім іздеп барайын десем, мына екі баладан
шыға алмаймын. Сәл көз жазып қалсаң – отқа түсіп кете ме, суға
түсіп кете ме? Қаланың аты – қала. Көшеге шықса – мәшина
басып кете ме деп қорқасың. Онсыз да ана Әбеннің обалына
қалдым білем. Байғұс басым, әлгі борсықтың майын биік жерге
қойсам ғой, бала неме мұндай хәлге ұшырамас еді. Енді қайдам,
көзі шыннан кем болып қала ма? Дәрігерге де апармадым...
− Жиен қыз-ау, тірі адамның тіршілігі біткен бе? – деп,
Шолпан апам бәрібір орнынан тұрды. – Әлгі сен жуатын жүнді
зауыттан алып, жіп иіреміз ғой. Жібін әкеліп өткізіп, соған нан
аламыз. Сөйтіп күн көріп отырған жоқпыз ба. Басқадан қалсам
да, әзір ұршықтан қалған жоқпын. Мен күн жарықта қайтайын.
Мына Барсхан қасында бола тұрсын, қаланың бұзық балалары
ұрып кетіп жүрмесін. Өзі де ұрыншақ көрінеді. Көрмейсің бе,
келе сала шешеңнін баласымен төбелескенін. Біздің ауылда бала
тұрмақ, үлкен адам олардың жел жағынан жүрмейді.
Шолпан апам өзінің есегіне мініп кеткен соң, көк әңгі жалғыз
қалды. Пысқырынып, біраз тыпырлады. Есіктің алдындағы аласа
дуалдың көлеңкесіне апарып байлап қоймақшы болып, дуалдан
айнала беріп едім, аузы үңірейген жертөле бар екен. Содан бурыл
шашы бұрқыраған, көздері сұп-суық жыланның көзіндей кірпік
қақпай қалған, үсті-басы алба-жұлба бір кемпір шыға келді.
Зәрем қалмады.
− Зиба әпке! – деп дауыстап жібергенімді де сезбей қалдым.
Үйден әпкем шығып:
− Қорықпа, әжең ғой, – деп күлді. Күлгені қандай әдемі. Кемпір
кірпік қақпай, маған қарап тұрып-тұрып:
− Сен Битөре емессің! – деді де, үңгіріне қайта кіріп кетті.
Аң-таңмын. Қайдағы Битөре? Естісем бұйырмасын. Апыр-ай,
мына Әулиеата дейтін үлкен шаһарда да жертөле болады екен-ау.
Баяғыда соғысқа кетпей тұрғанда Махан ағам маған Тәңіртаудың
Керегетасынан осындай бір үңгірді көрсетіп: «Аюдың апаны», –
деп еді. Үрейім ұшып үйге кіргеннен кейін, Зиба әпкем:
− Немене, қорқып қалдың ба? – деп, қолымен иегімді көтеріп,
– аузыңды аш, – деді. Ұп-ұзын, сүйрік саусағымен таңдайымды
басты. Ғажап, денемнің түршігіп, дірілдегені лезде басылып,
жаным жай тапқандай болды. Онысы несі екен?
Содан сон Зиба басқа істің бәрін жиыстырып тастап, менің
қамыма кірісті. Су жылытып, әтір сабынмен шомылдырды.
Сірә, мен көрмеген, майданда жүрген Мырзагелді жездемнің
посылкамен жіберген сабыны шығар. Мұрныма бұрын сезбеген
жұпар иіс келеді. Өз білегімді өзім иіскей берем. Шіркін, осындай
әтір сабынмен жуынып, жұпар иіс бұрқыратып, мектепке барар
ма едім. Мұғалім апайдың алмабет, тәмпіш мұрын, тәлпіш қызы...
таң қалып, қасымнан кетпес еді-ау...
Зиба менің өсіп кеткен ұйпа-тұйпа шашымды тарап, өткір
қайшымен жан-жағын тегістеп, түзетіп қойды. «Шаштаразға
алдырса болар еді», – деді.
Шаштараз дегенді көрген емеспін. Ауылға шаш қойып барсам,
тәмпіш мұрын, тәлпіш қыз қызығар ма екен... А, бірақ Әліқұл
атам ұстап алып, ұстарамен тап-тақыр етіп қырып тастайды ғой.
Нәметқұл да сөйтер еді. Шаш қойғандарды өлердей жек көреді.
Онысы несі екен?
Шешен баласының тырнағы тіліп кеткен бетімнің жарасы
жібіп, қотырланған қабыршағы түсіп қалды. Зиба оған сықпамай
жағып қойды.
− Бетің тіліңгір, қатын құсап бетке тырнақ салғаны несі?
– деді Зиба айдаладағы шешеннің баласына ұрсып. – Енді сен
ана кемпірден қорықпа, – деді маған. – Ол бейшара аздап ақылы
ауысқан. Он үш бала тапқан ана ғой. Он екісі анау жаман жылдары
бірінен соң бірі шетінеп кеткен. Битөре деген жалғыз ұлы қалған,
оны майданға алып кетті. Ешкімі жоқ. Далада қаңғырып қалған
ғой. Жан баласына жаманшылығы жоқ. Тек көшеде өткен-кеткен
адамдарды қарайды да отырады. Битөре емес пе деп, көрінген
адамның бетіне үңіле береді.
Содан соң Зиба менің көйлегімді жуып, күншуаққа жайып
қойды. Бір сандықты ашып, ары-бері ақтарып, бір қоңыр
шалбарды алып шықты.
− Мә, мынаны киіп көрші, – деді.
Киіп едім, белі кең, балағы ұзын екен. Бірақ түрі ұнайды. Жаңа
сияқты.
− Мырзагелді жездеңдікі ғой. Аман-есен келсе, оған шалбар
табылар. Мынаны саған тарылтып берейін.
Мырзагелді жездеміз соғысқа дейін мұғалім екен. Екі-үш
костюмі болған екен.
− Қалада күнкөріс қиын ғой, Барсхан, қысылғанда
Мырзагелдінің бір костюм-шалбарын базарға апарып сатып
жібердім, – дейді Зиба. – Өзімнің бір цигейка тоным бар еді, оны
да саттым. Енді қайтемін сатпағанда. Мыналарға, – деп, Ақшагүл
мен Әбенді нұсқады, – бұл екеуіне сүт керек. Сауатын сиыр жоқ.
Май керек. Өзіме де күшті тамақ болмаса, жөтел, атаңа нәлет қу
жөтел қысады.
Сонда қалай, бұлардың күн көріп отырған тамағын
ауыздарынан жырып аламын ба? Мына шалбарды базарға апарып
сатса, талай ақша.
− Зиба әпке десе...
− Не Барсхан?
− Кимеймін.
− Нені?
− Шалбарды.
− Е, неге? Анауың тозып болыпты ғой. Біздің үйге тұңғыш
келгенде, бізден киген костюмің осы болсын. Кішірейтіп берейін.
Кәне, балағынан қанша алу керек, – деп, Зиба балақты бір жерінен
борлап қойды. Ышқырға да бормен белгі салды.
− Бүлдірмей-ақ қойыңыз, Зиба әпке. Бәрібір маған кең болады.
− Ой, айналайын, бізді аяп тұрсың ғой. Оны білгеніңнен
айналайын. Өзіңе шап-шақ жаңасын алып берер едім, көрмейсің
бе қиын болып тұрғанын. Қуыс үйден құр шыққаның ұят болады.
Саған бір шалбар кигізуге жарамасам, Айша әпкеме не бетімді
айтамын? Ауру-сырқаудан аман ба өзі?
− Кім?
− Айша әпкемді айтамын.
− Ама - а - н. Бірақ...
− Немене?
− Көктемде қатты ауырып, қаны тасып, өліп қала жаздады.
Аққыз апам болмаса...
− Ол кім?
− Тәуіп кісі. Бақсы.
− Содан жазылып кетті ме?
− Иә.
− Е, шырағым, Айша аман болсын. Айша кетсе, сендердің
күнің не болады? Қайран әпкем... Сағындым.
Кенет Зиба иығы селкілдеп, булығып жылап жіберді. Сол-сол
екен, жөтел қысты.
− Бала күнімізде бақытты едік, – деді жөтелдің ара-арасында.
– Неге тез өтіп кетті сол дәурен?! Бір күнгідей болған жоқ. Әкеміз
де жоқ, шешеміз Құлыхан да жоқ. Сүттібек пен Рахман да жоқ.
Несін алдық Құдайдың? Мені ауру ғып қойғаны мынау...
− Қойыңыз, Зиба әпке... біз бармыз ғой, мыналар өседі, – деп,
өзімше кісімсініп, жанымызда үрпиісіп тұрған Ақшагүл мен
Әбенді иегіммен меңзеп қойдым.
− Рақмет, жаным, сен кәдімгідей кісі боп қапсың ғой, – деп,
Зиба тігін машинаның қақпағын ашты.
Кеш түсе, қысқартылған шалбарды, жуылған көйлекті киіп
көшеге шықтым. Шалбардың балағы да, белі де дұрыс. Бірақ
құйрық жағы мен ауы даладай, кәдімгідей қампиып тұр. Соны
көріп, Зиба кәдімгідей қынжылды.
− Мұндайға мен ұста емеспін ғой. Әттең, Ауагүл әпкем мұны
жіптіктей қылар еді. Ол қаланың арғы шетінде тұрады.
− Зиба әпке! Ауагүлді Айша анда-санда айтушы еді, ол кім?
− Е - е, Барсхан, ол біздің үлкен әпкеміз ғой. Есей әкеміздің
үш әйелі болған. Үлкені – Теңгеқыз. Сенің ауылыңнан. Одан
Сүттібек, Ауагүл, Бауагүл туған. Сүттібектен – Төлен. Ол қазір
соғыста. Кім біледі? Жалғыз жәдігерді аруақ қолдасын да. Ауагүл
осы қалада, Бауагүл бейшара жас кетті.
Аруағыңнан айналайын, Құлыхан анамыздан: Айша, Рахман,
Зиба. Рахман жоқ. Айша, Зибалар әзір тіріміз. Құдай қанша
жарық сәуле бұйыртады – бір өзі біледі. Түсіндің бе? Ауагүлмен
әкеміз бір, шешеміз бөлек. Бірақ бөлек демейді, өте бауырмал.
Шеберлігімен бала-шағасын асырап отыр ғой. Машинамен
киім тігіп, базарға сатады. Күйеуі Рәт деген кісіні отыз жетінші
жылы алып кеткен. Содан хабар жоқ. Сенің әкең Мұртаза жездем
сияқты.
Ай, дүние, сол жезделерім бар болғанда, мен мұндай азапқа
қалмас па едім... Тым болмаса, Құдай Рахманды тірі қалдырмады
ғой. Төлен болса – соғыста...
Зиба ентігіп шаршап қалды. Ауагүлді сұрап нем бар еді.
Сөйтіп, мен кәдімгідей шікірейіп көшеге шықтым.
Есіктің алдына шығып, мені көрдіңдер ме дегендей, шікірейіп
тұрмын. Ауы салбыраған кең болса да шалбарым бар, өзі без
болса да көйлегім таза. ІІІашым түзелген. Сонда мен кімнен кем?!
Көшеден әрі-бері өткендерге көз салып тұрмын. Көбінесе ат
арба, есек арба. Дырылдаған машина сирек. Сірә, мал базардан
қайтқан болар, біреу құйрығы тегенедей қызыл қой жетектеп
барады. Біреу бір марка қозыны есетінін шоқтығына көлденең
салып, алдына өңгеріп кетіп барады. Көшенің қарсы бетінде дәу
дарбазалы үй тұр. Бергі беттегі жапсарлас үй де еңселі, қақпасы
биік. Ал Зиба әпкемнің үйінің қақпасы жоқ, жан-жағы жалаңаш.
Қасында үңгір там.
Осылай тұрғанымда арт жағымнан:
− Несіне тесілесің, Битөре бүгін келмейді, – деді әлгі дудар
шаш кемпір. Жалт қарап, қаша жөнелейін деп едім:
− Қой әрі, адам көрмеп пе ең, мен сені жемеймін, – деді дудар
шаш кемпір. – Мені жұрт Көк Кемпір дейді. Сен де солай атасаң
болады. Сен одан да ана есегіңді бақ. Аш тұр ғой. Бұл қалада
мал ұстау қиын. Әркім малын құйрығынан ұстап жүріп, арық
атыздың жағасына жаяды. Сен де сөйт. Немене, жуынып, киініп
алып, Төрткүл көшесінің қыздарына қырындайын деп пе едің?
Әлгіде ғана менің үңгірімнен шыққан жабайы баладай едің.
Лезде шырттай бопсың ғой. Зиба ғой ол, Зиба! Сен оны қинай
берме. Қанша қалды дейсің?..
Кемпір осыны айтып, қайтадан үңгіріне кіріп кетті. Тілім
байланып, мелшиіп мен қалдым. Маған міндет артып кетті.
Біріншіден, есегімді отқа қоюым керек. Мұнысы – ақыл. Әйтпесе,
көк әңгі мойны салбырап, көзі іріңдеп қапты. Екіншіден, Зиба
әпкемді қинамауым керек. А, мұнысы түсініксіз. «Қанша қалды
дейсің...» дегені не жұмбақ?
Көк әңгіні шешіп алып, үйді айналып, огородтың жағасына
апарып, алақандай ашық жерге аяғынан тұсап қоя беріп ем,
байғұс неме, басын жерден алмай, тұқыл шөпті қырши бастады.
Бұл тіршілігімді байқаған Зиба әпкем:
− Ой, ақылыңнан айналайын, есегіңді отқа қойғаның дұрыс,
– деді. – Анау үйде Ескермес деген бала бар. Енді сонымен
қосылып есегіңді бір мезгіл сыртқа шығарып бағарсың. Кешке
қайтады, Ескермеске сонда айтамын.
Үйдің қабырғасына арқасын тіреп, шөкелеп отырды. Жанына
келіп, шоқиып мен де отырдым. Әпкемнің екі бетінің ұшы қып-
қызыл, албырап тұр. Пальтосын тастамапты. Көк Кемпір болса,
көйлекшең жүр. Рас, көйлегі жамау-жамау, қырық құрау. Қалада
да осындай киім болады екен-ау! Біздің Мыңбұлақта ғана ма
десем...
− Зиба әпке, жаурап отырсыз ба?
Зиба бетіме күлімсірей қарап, ұзын саусақты алақанымен
басымнан сипады:
− Барсхан-ау, дімкәстанып қалдым ғой, – деді.
− Зиба әпке, қай жеріңіз ауырады?
Әпкем төмен қарап, мұңайып қалды.
− Өкпесі түскір жарамай тұр ғой, Барсхан.
Лезде Сүлеймен есіме түсті. Мыңбұлақтағы Сүлеймен.
Сағынып қалғанымды сездім. Өткендегі шатақ есіме түсті.
Қымызға бола шыққан. Бір жұтым қымызға бола.
− Зиба әпке, қымыз ішсеңіз жазыласыз ғой.
Әпкем бетіме мейірлене қарады.
− Ақылыңнан айналайын, әшейін... Бірақ қымыз қайда? Есей
байдың көк ала жылқысы жоқ. Жоқ қой...
− Иә, базарда бар ғой.
Жалт қарап, тағы да күлімсіреді. Жадыраған күлкі. «Алатын
ақша қайда?» дегісі келді-ау деймін. Бірақ демеді.
− Базардың қымызы-қымыз емес, шалап. Көк шалап.
− Неғып?
− Сауда деген сондай болады. Барсхан. Алдайды.
Сірә, менімен сөйлескеннің өзіне шаршап қалды білем, екі
иығынан дем алып, ентіге бастады. Мен үндемедім. «Осы жақсы
адамдар неге ауырады екен? Сүлеймен ауырады, Зиба әпкем
ауырады. Иса мұғалім ауырады. Жуанқұл мен Тасбет ауырмайды.
Оларға ауру жоламайды. Бұзық адамдардан кесел де қорқа ме
екен?»
Қасымызға келіп, томпиып-томпиып Ақшагүл мен Әбен
отырды.
− Осы екеуіне бола тірі отырмын, Барсхан, – деді әпкем
қайғылы кейіппен. – Әйтпесе, кесел жаман. Сен қорықпа. Әзір
өлмеймін.
«Қорықпа», – дейді. Қорықпаспын-ау. Бірақ Дүйсенбайдың
қара саулығының егіз қозысын қалай ұмытамын? Қара саулықты
жылан шақты ма, әлде топалаң тиді ме – егіз қозы жетім қалды.
Содан оларды Мамыт атамның ала саулығына телімекші болып
еді, ала саулық оқшиып, шатаяқтап, әлгі жетімдерді аямай сүзіп-
сүзіп құлатты ғой. Оны қалай ұмытайын? Сондықтан да жүрегім
жап-жалаңаш қалып, аяз қарығандай қалтырады.
КӨК КЕМПІР
− Жаяу адам жатып, атты адам түсіп қарайтындай бопсың ғой,
– деді Көк Кемпір. – Төрткүл көшесінің қыздарына қырындап
тұрсың-ау, ә?!
Тарғыл-тарғыл тарпаң даусында кекесін бар. Оны сезіп
қойдым. Қай-қайдағы қойқаптағы жындарым қозыңқырап,
жабайылау жаман сөзбен жауап бергім кеп, тілім қышып, уын
төккім кеп біраз тұрдым да, Зиба әпкемнің айтқаны есіме түсіп,
жақ ашпадым.
Көріпкелі бар ма, білмеймін, менің не ойлағанымды о да сезе
қойды.
− Жек көріп тұрсың, ә? – деді. – Боқтайын деп оқталдың, ә?
Ұрлығым ашылғандай сасып қалдым.
− Оқпен қабынып, өтің жарылмасын. Мен саған жамандық
жасамаймын. Қорықпа. Жүр менің үйіме!
«Үйіме» дегенді мекіреніп, кекесінмен айтты.
Үңгір үйге баруға қорықсам да, бір жағынан қызық көріп,
үркектеп, имене басып кірдім-ау.
Іші қап-қараңғы қашан көз үйренгенше. Көз үйренсе – ұядай
ғана екенін аңғарасың. Төбесін жүгерінің сабағымен жауыпты.
Қураған сары жапырақтары ақ орданың желбауындай
салбырап тұр. Жерде – жусан төсеніш. Содан да жусан иісі
аңқиды. Екі ешкінің терісі жатыр. Бірі қара, бірі ақ. Екі бөстек.
Бірі қара, бірі ақ. «Неге?» – деп сұрауға батпадым.
Бірақ Көк Кемпір сұрағымды айтпай білді.
− Өйткені, – деді ол, – үйдің іші қараңғы, дала жап-жарық.
Түсінбедім.
− Үйдің іші қараңғы, дала жап-жарық, – деп қайталады Көк
Кемпір менің санама жетсін дегендей. – Жазда ылғи далада
жүремін. Ал қыста қиы - ы - ын. Қыста ылғи далада жүре
бермейсің. Үй болса қараңғы. Ұдайы от жағуға отын жоқ. Мені
қойшы, Зибада да отын жоқ. Өзі өкпесі ауырса, отыны жоқ болса,
суыққа қашанғы шыдайды? А?
«Соны да білмей тұрсың ба?» – дегендей маған ызғарлана
қарады. Зәрем зәр түбіне кетті. Қараңғы үңгір. Ақ шашы
дударлана бұрқырап, сексиіп кеткен. Өріп қойса қайтеді? Тым
құрыса, шуда жіппен болса да түйіп, байлап қойса қайтеді? Жоқ.
Дауыл соққандай бұрқырайды. Зәреңді алады.
− Зиба бұл ауруды қайдан тапты деп ойлайсың, а?
Үндемеймін. Мен қайдан білейін?
− А - а, білмейсің... Туысқан болмай, туа шөк. Зиба саған өзің
қиналғанда ғана керек. Жайшылықта халің қалай демейсің? А?
Үңгірден тұра кеп қашып, атып шыққым келді. Кемпір оны да
біліп қойды.
− Тоқта, мен жемеймін. Жалмауыз кемпір деп тұрсың ба?
Жемеймін сені. Бірақ тыңда. Зибаның байы Мырзагелді осы
үйің соғысқа кетердің алдында ғана соқты. Соғып бітіре алмай,
әскерге кетті. «Оу, қоя тұрыңдар, үйімді соғып болайын, содан
кейін барайын» дегенге соғыс қарамайды. Соғыстың аңсағаны
– азап. Күз болса келіп қалды. Қалған жағын Зиба өзі соқты.
Күздің қақаған қара суығында оппаға түсіп, жалаң аяқ, балтырын
түріп алып, балшық иледі. Қыс түсе бітірді. Үйі қалай бітті, ішіне
қалай кірді – Зиба солай құлады. Төсек тартып жатып қалды...
Әне, өкпе ауруы.
Мұның бәрін мен қайдан білейін? Білсем. Зибаға шелекпен
балшық тасып беріп тұрсам да көмектесер едім-ау. Бірақ
Әулиеатадан жырақ, Қаратаудың ар жағында, Тәңіртаудың
табанында жатқан мен оны қайдан білейін? Біз қайбір жетіскен
дейсің?
Жейдесі жұқа, қасіреті қалың біз емес пе едік?! Мына Көк
Кемпір соны білмей, көкбеттігіне басып тұр ғой.
Осы ойымды оқып отырғандай, Көк Кемпір:
− Шекеңнің майы шылқылдап тұрмағанын білемін. Кескін-
кейпіңнен көрініп тұр ғой. Балағы жырым-жырым шалбар киіп те
адам жекжат-жұрағат аралай ма екен? «Басқа түссе, баспақшыл»
болғансың ғой. Ал енді, – деді Көк Кемпір Зиба кішірейтіп берген
қоңыр шалбарды нұсқап. – Мұның құны базарда бір арба отын.
Зибаның бір ай жағатын отынын сен тылтитып бұтыңа киіп
алдың...
Шыннан ба дегендей, көзім бақырайып кетсе керек, кемпір
мені аяғандай жұмсарып:
− Ештеңе етпейді, – деді – Ескермеске еріп барып, екі-үш күн
жусан шауып, есегіңмен тасысаң, нан-тұзды ақтарсың.
Кенет Көк Кемпір шақшиып, көзі шатынап:
− Ойбу, сорлы басым-ай, мен сенімен мылжыңдасып
тұрғанымда Битөре өтіп кеткен шығар. Менің үйімнің нөмірі
жоқ қой. Адасып өтіп кетсе, Битөремді қайдан іздеймін?! – деп,
үңгірден атып шықты. Соңынан мен де ата кеп жөнелдім. Көк
Кемпір көшеге шығып алып:
− Битөре! Ойбой, Битөре - ее! Қайда жүрсің, жалғызым?! – деп
айқайды салды дейсің. Кешеден ары-бері өтіп жатқан жандар,
бұл азынауық дауыстан шошып-шошып түскендей болады.
Төрткүл көшесіне Көк Кемпір әбден мәлім көрінеді. Бірақ осы
көшемен қалаға кіретін Талас, Сарысу, Қаратау, Билікөл, Бурыл
халқы үшін бұл оқыс оқиға. Жолаушылардың көбі базарға мал
айдағандар. Таластың құмдағынан қауын, дарбыз тасығандар.
Олар Көк Кемпірді жынданған деп ойлайды. Көбі шошынады.
Біразы аяйды. Тіпті қайыр – садақа тастайтындары да бар. Бірақ
Көк Кемпір оларға:
− Мен сендерден қайыр-садақа сұраған жоқпын ғой. Жандарың
ашыса, маған Битөрені тауып беріңдер! –дейді.
− Ол кімің еді, байғұс-ау? – дейді кейбіреуі.
− Ол менің табынатын Тәңірім, – деп Көк Кемпір аспанға
қолын жаяды. – Ол менің аспандағы Ай мен Күнім. Ол – менің
жалғандағы жалғыз ұлым. Битөре соғыстан қайтпай өлген болса,
онда Тәңірі де өледі, Ай мен Күн де сөнеді. Ал мен болсам,
күйіктен өртеніп өлемін. Осындай сұмдық болсын демесеңдер,
Битөрені тауып беріңдер. Ол менің үңгір үйімді таба алмай,
адасып жүрген шығар. Көрсеңдер, жөн сілтеңдер.
Жолынан қалып, жиналып тұрған жолаушылар:
− Ей, бейшара, мұңлық ана! – дейді.
− Жалғызынан адасқан пәруана! – дейді.
− Ұлынан айырылған жалғыз сен емес, – дейді.
− Үмітсіз шайтан, жолын тос! – дейді.
− Көрсек айтамыз.
− Балаң келеді, жылай берме!
− Ақ шашты анаң жолыңды тосып тұр, – дейміз. Көк Кемпір
сонда аспанға алақан жайып:
− Айтқаның келсін, ағайын! Жолдарың болсын, жолдасың
Қыдыр болсын, бауырларым! – дейді.
Дауыл тыйылып, теңіз шайқалғаны тоқтайды. Аспанды
күңіренткен «Битөре» жаңғырық басылады.
*∙*∙*
Зиба әпкем екі иінінен дем алып, ентігіп отыр екен. Шелпегі
кеңдеу танауына дейін тершіп кетіпті. Екі бетінің ұшы алманың
қызылындай алаулайды. Мені көріп, аппақ тістері маржандай
тізіліп, қасқая күлімсіреп:
− Қыдырып келдің бе? Не қызық көрдің? – деді. Көк Кемпірдің
хикаясын айтып бердім.
− Өзің көңілсізсің ғой, біреу ренжітті ме? – деп бетіме үңіліп,
басымнан сипады Зиба.
− Зиба әпке, – дедім жалтара алмай. – Сіз мына шалбарды
бекер бүлдірдіңіз.
− Бүлдіргені несі? Кім айтты!?
− Көк Кемпір.
− Не деп?
− Бұл шалбарға бір арба отын алуға болады екен.
− Ай, жарықтық-ай, онда несі бар екен...
Басқа біреу болса: «Ай, қу қақбас-ай!», «Ай, жалмауыз кемпір-
ай!» – дер еді, Зиба: «Жарықтық-ай» дейді. Әулие тұта жаздайды.
− Сен соған сеніп қалдың ба, Барсхан? – деп Зиба шыннан
күлді. – Мырзагелді жездеңнің киімдерін базарға апарып сатып,
ақшасына отын алғаным рас, өткен қыста. Оның өзін мен көзін
тауып сата алмаймын ғой. Ауагүл әпкем сатып берді. Ауагүл
әпкеңді білесің бе? Айша әпкемнен үлкеніміз ғой. Осы қалада,
Қапал көшесінде тұрады. Сені ертіп апарар едім, көрмейсің бе,
мына жөтел қысып тұрғанын...
Мен көрмеген, бірақ Айшадан талай естіген Ауагүл әпкемнің
үйіне бара алмадым. Оның есесіне Зиба әпкемнің картошкасын,
сәбізін қазып, қабына салып бердім. Ескермес дейтін баламен
бірге есекке мініп, Шайқорық деген ауылдың ар жағынан екі-үш
рет отын тасыдым.
− Зибаға Құдай беріп қалды. Жұдырықтай екі бала, өзі ауру, халі
әбден мүшкіл тартқанда, қолына інісі келіп, жаны кіріп қалды-ау,
– десіп жүрді. Мұны тіпті Көк Кемпірдің өзі де мойындады.
− Сені мен Зибаның кәртішнәй нанына ортақтасып, масыл
бола ма деп ем, иманды жердің баласы екенсің, – деді...
Төрткүл көшесінен Ескерместен басқа Рахметолла, Сағымбек,
Сауқымбек деген достар табылды. Осылай жүре берсем, қалаға
оп-оңай сіңіп кететін түрім бар.
Екіұдай болып, қиналдым. Зибаға қолғабыс болып жүре бергім
де келеді. Бірақ туған үй, туған ел деген де қиын екен. Оны мен
тым-тым ерте сезіндім. Жайшылықта қадірін біле бермейтін
туған ауыл, қайран туған ауыл, алыста жүргенде жүрегіңді
сыздатады екен. Аспанмен тілдескен тауларын, арқырап аққан
суларын, сылдырап жатқан бұлақтарын, хош иісті киікоты мен
дәру жалбызын былай қойғанда, шоңайна, шеттік, шошқа тікеніне
дейін сағынады екенсің. Шошқа тікен кірш етіп, кіріп кетіп,
табаныңнан қара қаның судай аққанда, аяғыңды малып-малып
алатын майтопырақты аңсайды екенсің. Қалада майтопырақ жоқ.
Жаралы аяқты майтопыраққа батырып-батырып алсаң, лезде
жазылады ғой. Ем ғой майтопырақ.
Сол топырағына дейін дәру-шипа елден кетіп қалуға бола ма?
Бірақ мен өз еркіммен кетпедім. Тасбеттің жаласынан, бәлесінен
қаймықтым.
Айшаны, Құрмашты, Батырханды сағындым. Сүлейменді,
Өсерді, Қамқа апамды, тіпті арам Жолдасбекті де сағындым.
Мұғалім апайдың тәмпіш тәкаппар қызын да...
Сағыныш менің ес білгеннен бергі жолдасым.
Сол жолдасым болмаса мен қайтпас та едім. Сағыныш
дегеннің не екенін білмейтін Көк Есек сияқты қарным тойған
жерде жүре берер едім. Көк әңгі ауылды мүлде ұмытқан сияқты.
Айтпақшы, осы есекке бола, Айша Оңғарбай атамнан сөз естіп
қалмаса нетсін. Екі-үш күнге деп сұрап алған. Екі-үш күн емес,
екі аптадан асып барады Оңғарбай атам шыдар-ау. Тасбет жаман
ғой. Оңғарбай атама:
− Есегің қайда? – дейді.
− Оны қайтесің? – дейді Оңғарбай атам.
− Элеваторға бидай тасимыз.
− Есек жоқ, құрыған, – дейді Оңғарбай атам жақтырмай.
− Ә, бәлем, – дейді Тасбет. – Әлгі «халық жауының» баласы
қашып кетіп еді, сол мініп кеткен болды ғой, сірә. Міне, бұл
нағыз зиянкестік! Бұл үшін үкімет алдында сен де жауап бересің.
Оңғарбай атам шыннан қорқа бастайды. Өйткені осы Тасбет
былтыр Сартай деген шалды есекке бола, «не есек, не өкімет
құрымады-ау» дегеніне бола, соттатып жіберген.
Мен ауылға тез қайтпасам, міне, осындай оспадарсыз оқиға
болып кетуі де мүмкін. Ал мені ұстатып, айдатып жіберсе – ол
енді пешене мәселесі. Тағдыр не айтады, сол болады. Айша
айтпақшы: «Жазмыштан озмыш жоқ». Он екі жастағы баланы
соттай қоймас, соғысқа да жібере қоймас. Жіберсе, қашпас едім.
Бірақ ФЗО дегенге, Қарағанды деген жерге айдайды дейді. Ол
енді мен үшін беймәлім дүние. Бірақ ауылдағы Шақалақ шалдың
баласы Ікімәт деген айтқан: «ФЗО-ға кетемін. Тамақ – өзінен,
киім-кешек өзінен. Өкімет асырайды», – деп. Ікімәттің өз шешесі
ашаршылықта өліп қалыпты. Ікімәт өгей шешенің қолына
қарайды. ФЗО-ға кеткісі келетіні содан шығар.
Құдай Айшаны аман қылсын.
Менің ауылға қайтпақшы болып қипақтап жүргенімді Зиба
біліп қойды.
− Сен келіп, қолым ұзарып, жаным кіріп қалып еді, қайтейін.
Қайтсаң, қайт. Айша әпкеме де қолғабыс керек қой. Бірақ бір
нәрсені Айша әпкеме айта бар, – деді.
Не нәрсе екен деп отырмын. Ентігіп, жөтелі күшейе түсті.
Күл салған тостағанға түкіріп тастап, жөтелден әрең тыйылды.
Орама жағалы сұр пальтосы үйде де үстінен түспеді. Аяғын
көрпемен қымтанып алған. Тағдыр қол-аяғын бұғаулап қойған
тәрізді. Бірақ соның өзінде ханзададай қасқайып отыр. Танадай
көздер жарқ-жарқ етеді. Танауы қусырылды.
− Мына заман алмағайып, – деді Зиба әпкем. – Соғыс бітіп,
жездең тірі қайтса бір жөн. Ал соғыс бітпей, Мырзагелді қайтпай,
мен сөне кетсем, мына екі баланың күні не болады? Детдомға
өткізер. Өлтірмес. Бірақ детдомда нәсілінен айырылып қалады
ғой. Орыс боп кетеді ғой. Айша әпкеме осыны айт. Бәлкім, өзінің
үш баласына екі жетімді қосып алса, сауабына қалар. Жаман
айтпай, жақсы жоқ дегенім ғой. Шамасы келсе, Айша әпкем
менің көзім тіріде бір көрініп кетсін, осыны ұмытпа.
Көк әңгіні ерттеп қайтар сәтте, Зиба мені құшақтап, арқамнан
көпке дейін сипалап тұрып алды. Үңгір үйінен Көк Кемпір
шығып:
− Әй, тентек, мені жек көріп кетпе! – деді. – Битөрені сұрай
жүр. Көрсең айт, анаң күтіп отыр де. Тірі де! Өлмейді де!
Әлдеқашан өліп қалар едім, үміт өлтірмейді екен. – Кенет Көк
Кемпір: «Битөре - е - е! Битөре - е - е!» – деп жан даусы шыға
айқай салды.
САИД - АКБАР ҚОЖА
Жас баланы: «Ойбай, құбыжық! Кеп қалды. Жеп қояды!»
деп қорқытпаушы ма еді. Бізді мектепте, пионерде, комсомолда:
«Ойбай, қожа, молда жаман! Аулақ, аулақ!» – деп тәрбиеледі.
Мыңбұлақтағы мешітті құлатып, талқандады. Сол құлаған
мешіттің қуыс-қуысына көк қарға ұя салатын. Біз көк қарға
ұстап, мешіттің бұзылған қабырғасын таптап өстік. Табынбадық,
таптадық. Файзолла, Сәмек атты зор молда, қалпе болған
екен, қуғын-сүргінге түсіп жүріп, дүниеден өтті. Тірі жүрген
Дошанай шын мәніндегі молда емес, тәуіпке тән. Сәмектің
баласы Оспаналыға молдалық дарыған екен, бірақ ол өкіметтен
қорқып бұғып жүреді. Тіпті беріде, дінге бостандық берілгенде
де, бүкіл ауыл тілесе де, Оспаналы көнбей қойды. Молдалықты
мойындамады. Аңқау елді алдамайын деген шығар. Бірақ ол
арамза емес, сауаты да мол еді.
Сөйтіп, біз дінсіз өстік. Дін – құқай, дін – апиын. Сәби
санамызға осы сөздер сіңіп қалған ғой. Ал енді Қали атам маған:
− Саид – Акбар қожамен келістім. Сенің ауылыңа, Мыңбұлаққа
барады екен. Сені ала кететін болды, – дегенде, ішімнен «қап»
деп қалдым. Жол жүргенге Шоқай апай жақсы еді, танымайтын,
білмейтін қожа қалай болар екен?
Нағашыларым Сәли, Қали, Бөпетай, Сатай мені орталарына
алып: қалада не көрдің, не білдің деп, менің қалада болғанымды
қызық көрген сияқты. Мен:
− Зиба әпкем сіздерге сәлем айтты. Ауруы асқынып барады.
Огородын қазысып, отын тасып бердім, – дедім.
Нағашыларым: «Ой, азамат, ой бәрекелді!» – десіп
қауқылдасып, желпініп қалды. Бірақ Қали атам қабағы түсіп:
− Мына тұрған Зибаның хал-жайын біліп тұрмаймыз. Мұнымыз
әбес болды. Тым құрыса, отынын тасып беру қолымыздан
келеді ғой, – деп қалды. Басқалары: «рас, рас», – деп, бас изесіп,
әлдеқалай ыңғайсызданып, жүздерін төмен салып, тұқшиысып
қалды.
Сонда әрқайсысы іштерінен: «Әй, әттесі-ай, балапан басымен,
тұрымтай тұсымен, әркім өз күнін күйттеп кеткен қу заман.
Әйтпесе Зиба біздің Құлыхан апамыздан туған өз бауырымыз,
жиеніміз емес пе?!» – деп, опық жесіп қалғандай.
Мұндай ойға салып, түрткі болған – әлгі менің сөзім. Онымен
қоймай:
− Мен ауылыма қайтайын. Сіздерге рақмет. Айшаға жетуім
керек. Зиба олай-былай боп кетсе, кішкентай екі баласына кім ие
болады? Мүмкін, Айша келіп қараса ма? Бұл – Зиба әпкеміздің
сөзі, – дедім.
Нағашыларым мені жаңа көргендей, үндемей бетіме қайта-
қайта қарай береді. Тым кісімсініп, тым ділмәрсіп кетсем керек.
Баланың сөзінен гөрі, кәрі қақбастың сөзіндей етіп сұңқылдатсам
керек. Ақыры Сатай атам:
− Тіл-көзден аман, тірі бол, шырағым! – деді.
− Шертайға тартқан ғой, – деді Бөпетай.
− Бүкіл Бектөбені безілдеткен шешеннің бұзық баласын
бағындырып, әй бір айызымызды қандырдың-ау! – деп, Сәли
атам сылқ-сылқ күлді. Күлмеген тек Қали атам:
− Оған мәз бола бермеңдер. Олар кекшіл келеді. Жазым қылуы
мүмкін. Сондықтан Барсхан ауылына қайтса-қайтсын. Саид –
Акбар қожа Жуалыға жүрмекші еді, сонымен келісейін, – деді.
* * *
Қайтар жол мүлде басқа болды.
Аса өзенінен өткен соң Айша-Бибі ауылы да, Күйік асуы да
алыста қалды да, Саид – Акбар қожа Қаратауды бөктерлей, тура
күннің батысына қарай тартты.
«Неге?» – деп мен сұрамадым. Сұрағым келеді, батпадым.
Сұсты кісі екен. Жоқ, жауқабақ, түкіс емес. Аса реңді, қыр
мұрынды, тұнық қара көзді, дөңгелете қойған бурылша сақалы
өтe кескінді, келбеті сәл тәкаппарлау, бірақ үні жұмсақ, сөзі
жібектей, дөрекіліктен бір белгі жоқ, аса иманды екені көрініп
тұр. Кескін-келбетін көріп-ақ көңілің тойғандай. Міне, мұндай
молда, қожалар қалың халықты аузына қарата алады. Сөзіне,
Құдайдың құдіретіне сендіре алады. Амал жоқ, тәнті боласың.
Ал енді, баз бір молда бар. Бетінде бір тал қылпық жоқ, майға
қуырған бидайдай жып-жылтыр. Ондай беттің қай жеріне иман
ұялайтыны белгісіз. Сорлатқанда сондай молда көп.
Саид – Акбардың жөні бөлек. Бұл – ғұлама. Қали атамның
айтуы бұл. Бұхарда оқыған. Самарқан, Герат, Қорасан, Мәшхат
шаһарларынан тәлім алып аралаған.
Бектөбедегі сіргелі Дәу Қалидың қызына үйленіп, содан
перзент сүйіп, осы елде мүлде тұрақтап тұрып қалған. Қали атам
– тегін емес, аруақты адам. Соның өзі: «Саид – Акбар да молла,
Қарасуды кері қайтаратын зор оқымысты кісі ғой», – деді.
Міне, осындай зор адамның жанында жарбиып елге қайтып
келемін. Бірақ соншалықты ғұлама, аса сыйлы, қасиетті кісі бола
тұра, о да мен сияқты есек мінген. Есегі, бәлкім, менікінен гөрі
бәсеңдеу. Қорбиғандау, басы дәу. Мұндай атақты адам арғымақ
мінсе жарасар. Жорға мінген лайық. Әлде дәулеттің бары осы ма,
әлде заманының ыңғайына қарай аласарып, көзге түспейін деп
әдейі істей ме, әйтеуір, есекке мініп алыпты.
Дегенмен сол қорбиған әңгі жолға жайлы болар, әлде бұл жол
оған әбден үйреншікті шығар. Өйткені Асадан өтіп, елсіз далаға
шыққаннан қожекем көзін жұмып алып, ұзыннан-ұзақ сарынға
салып, әлде дұға, әлде бәйіт айтып, жұп-жұмсақ қоңыр дауыспен
әуендетіп, cap далада сарнап барады. Есек түзу жүріп келе ме,
әлде басқа жаққа бұрылып кетті ме – онда шаруасы жоқ.
Мен өмірі мұндай әуен, мұндай зарлы әлде сағынышты сарын,
тұла бойыңды шымырлатып, тас боп қатқан жүрек болса да
елжіретіп, көкірегіңе мұз қатып қалса да жібітіп, көзіне еріксіз
жас келтірер керемет әуенді естіген емеспін. Ұлы дария толқыны,
шетсіз, шексіз ғалам сарыны, ғарыш үні уілдейді.
Сөзін түсінбеймін. Қай тілде айтып келе жатқанын білмеймін.
Мен естімеген, мен білмеген тіл. Бәлкім парсы, бәлкім арабша,
әлде көне түрікше ме – оған миым жетпейді.
Бірақ сөзін біліп керегі де жоқ. Сары алтынның саумалындай
сарнаған сарын айтады: бұл жалған дүние өткінші, бір күндік
қу тамақ үшін алысып-жұлысып, ағайын мен ағайын ренжісіп,
ұрсысып жүргендері құр далбаса...
Мысалы, Тасбеттің өз боғымен жасты баламен ерегісіп,
өшігісіп, қуғындауы, ағайын әлдекімнің айтағымен туысқанның
үстінен арыз жазып, абақтыға қаматып, аттыртып, шаптырып,
итжеккенге айдаттырып жіберуі, бір уыс бидайға бола жазалауы
– бәрі-бәрі екі құмырсқаның төбелескеніндей қыбыр-жыбыр
қу тіршілік. Осының бәрі өресіздік. Біреуді біреу қанап, біреуді
біреу қамап, қорлап, зорлау – санасыздық. Адам – адам болған
соң, хайуанаттан артық жаратылып, ақыл-есті болған соң,
бәрінен биік тұруы керек қой. Құрт-құмырсқа, бақа-шаяннан
айырмашылығы айдай әлемге әйгіленіп тұрсын.
Саид – Акбар қожа, мен білсем, осылай деп келеді. Сен бүгін
күшті болып, өзіңнен әлсізді қорлап, әділетсіз өмір сүргеніңмен,
ертең қара жердің қойнына кірген соң, сол әлсізбен бірдей
боласың, Тіпті молаңа алтыннан күмбез тұрғызған күннің
өзінде де әлгі әлсізбен бірдей боласың. Алтын күмбез сені құрт-
құмырсқадан сақтай алмайды. Құрт сені де, әлсізді де жейді.
Екеуің де жемсің. Бұл – тәнің.
Ал жаныңның қай халде боларын, о дүниенің қай қиырында
қаларыңды бір Алла өзі біледі. Бірақ жалған дүниедегі ізгілігін
болса – ізгілігің, залымдығың болса – залымдығың ұмытылмайды.
Алланың таразысы қылаудай қате жібермей, бәрін шотқа салып
отырады.
Жалған дүниеде мыңды, миллионды, күллі халықты алдай
алатын айлан болғанмен, о дүниеде Алланың таразысын алдай
алмайсың. Жалған дүниеде істеген жақсылығын да, жамандығың
да алдыңнан шығады. Әсіресе жетім мен жесірді қорлап,
зорлағанның кінәсі батпан-батпан ауыр дейді. Жуанқұл мен
Тасбет соны неге білмейді. Білер еді, иман сабағы жоқ. Сабақ
айтатындарды сабады, қамады, атты, шапты.
Сол сабақты мына Саид – Акбар қожа айдалаға, қарабауыр
Қаратауға, тозаң жұтқан боз жусанға, қураған сасырдың сояуына,
тас мия мен ащы кекіреге айтып келе жатыр. Пыр-пыр ұшқан
қараторғайларға, ұялас ұшқан жабайы көк кептерлерге, құс
біткеннің жалқауы марғау құладынға, құладынға ұстатпай жол
бойында жылтың-жылтың, қутың-қутың еткен саршұнаққа оқып
келе жатыр.
А, бәлкім, осы ғарыш үндес сабақ маған арналған шығар.
Саид-Акбар қожаға менің дүниеде барым-жоғым «пішту»
сияқты. Бектөбеден шыққалы бері бір назар салған жоқ. Өзімен
өзі. Екі көзі жұмулы.
Ол Аспанмен, Алламен сөйлесіп келе жатты. Ауылда, тар
үйде, тар жерде айта алмаған арманын мына кең дүниеге, елсіз-
жұртсыз оңашаға шыққан соң ағытқан сияқты.
Қаратаудың бұлым-бұлым бөктерінен анда-санда киіз үй
тіккен қойшылардың қосы көрініп қалады. Олар жол бойынан
едәуір алыста. Оңашада, оқшауда қойшылардың иттері де ерігетін
болуы керек, сонау қараша үйден арпылдап, әупілдеп шығып,
айдалада келе жатқан бізге қарай ерінбей-жалықпай жүгіреді.
Тамағы тоқ, қайғысы жоқ әумесер немелер ғой. Керер едім, мен
сияқты қарны ашып келе жатса...
Бектөбеден сәске түсте шығып едік, енді түс ауып, күн бесінге
таяды. Әлі жүріп келеміз, әлі нәр татқан жоқпыз. Қоржынымда
Қалатай апам, Шолпан апам салып берген жүгері нан, ежігей
құрт, қауынқақ бар. Бірақ алып жеуге батпаймын. Әулиеге ілесіп
келе жатып, бұралақтап аузыма жүгері нан тыққаным қалай
болады? Құл неме демей ме? Қали атам айтқан: «Саид - Акбар
қожа сенің әкеңді біледі» деп. Сонда Саид - Акбар екі көзі
жұмулы; аспанмен, Көк Тәңірмен сөйлесіп келе жатса да, менің
бұралақтап нан жегенімді сезіп қойып:
Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген,
Жақсыдан жаман туса оңбас деген, –
деп ойламай ма?
Қаратау қойнауындағы қойшылардың иттері ерігіп әупілдегені
жақсы болды: Саид – Акбар қожа көзін ашып, басын көтерді.
Жол жағалай бізбен арпылдасқан иттерге, жанында келе жатқан
маған таңдана қарап:
− А, балам, шаршаған жоқсың ба? – деді.
Шаршадым десем – осалдығым, шаршамадым десем – жалған,
не айтарымды білмей, әлгі абалаған маң төбеттерге қамшы сілтеп
әуре болғансып, үндемедім.
Сонда Саид – Акбар қожа әлгі иттерге:
− Тәйт! – деп бір қарап еді, мені менсінбеген төбеттер лезде
жым болып, құйрықтарын бұттарына қысып алып, ауылына
қарай қыңсылап зыта жөнелді.
Бұл не деген құдірет екеніне ақылым жетпей, аң-таң болып
мен қалдым. Әлгі иттер арттарына қарай-қарай безіп барады.
Көздеріне не көрінгенін ешкім білмейді. Бірдеңе деп қыңсылайды.
Иттің тілін мен түсінбедім.
Саид – Акбар көзін қолымен көлегейлеп, аспанға қарап:
− Бесін намаз болды-ау деймін, – деді. Ол менің қостауымды
керек қылмаса да:
− Иә, иә, болды, болды, бесін намаз болды, – дей беріппін.
Жан қиналса, осылай жалпандайсың.
Қожекемнің өзіне бұрыннан таныс, бұрыннан талай рет сая
еткен жері болуы керек, жол бойындағы дәу бәйтеректің жанына
тоқтап, көліктен түстік. Екі борбайым қарысып қалыпты.
Бәйтеректің түбіне мөлдіреп аққан бұлақ бар екен, алдымен
есектер өңмендеп, бұлақтың аяғын ала суға бас қойды.
Қожекем дәрет алып, жуынып-шайынды. Қоржыннан кестелі
жайнамазын алып, көгалдау жерге жайып, құбылаға қарап, бесін
намазын атқарды.
Қоржынымды алып, оның бір басынан жүгері нанды шығарып
қойып мен отырмын. Намаз кезінде малжаңдап нан шайнамайын
деп, тілімді тістеп шыдап-ақ бақтым.
Мұңым елеусіз қалмаған тәрізді. Саид – Акбар қожа намазды
тәмәмдап, тамақты көріп, маған тұңғыш рет бағамдай қарап,
жылы жүзбен:
− Қарның ашты, ә, балам. Ал, жеп ал! – деді.
− Сіз... Алыңыз, – дедім үнім дірілдеп.
Қожекем өзі ыдырап, үгітіліп тұрған наннан бір шөкім
сындырып алып, аузына салды. Қайтып қол созбады.
− Құдай қаласа, ақшам шамасында Қанды асудың аузында
отырған Айтқұл ауылға жетеміз. Сонда түнеп, демаламыз, – деді.
Бірі Күйік, бірі Қанды... Қаһарлы асулар...
Көліктеріміз едәуір тыңайып қалыпты. Тағы да күнбатысты
бетке алып, жортақтатып келеміз. Қожекемнің қас-қабағына
қарасам, көңілі хош сияқты. Көмейіме келіп тіреліп тұрған бір
сұрақты тәуекел деп қойып кеп қалдым:
− Қожеке, Күйіктің асуымен неге жүрмедік? – дедім. Қожекем
бетіме бір қарады да:
− Күйік асуын көрдің ғой. Енді Қанды асуын да көр. Көрген
жақсы, білген жақсы, балам. Әсіресе Қаратаудың бұл жақ тарабы
тұнып тұрған тарих. Әулие-әмбиелердің мекені. қарсы алдында,
сонау күннің батар жиегінде, Баба Түкті Шашты Әзіз әулие
жатыр. Соның, түстігін ала, Бәйдібек бабаң жатыр. Одан әріректе
Бала Бөген мен Ұлы Бөген тоғысар жерде, Домалақ анаң жатыр.
Білесің бе Домалақ ананың кім екенін?
− Айшадан естігенім бар. Жете білмеймін.
− Ә - ә, жете білмейсің, әрине. Айшадан естігеніңе де шүкір.
Қазіргі балалар мылқау, мәңгүрт боп өсіп келеді. Жеті атасын
білмейді. Ұлы ата-аналарың білмейді. Жеті атасын білмеген
– жетім. Түп атасын білмеген – тексіз. Ал сен, балам, тексіз
емессің. Тек зердеңде жүрсін. Халық «Домалақ» деп кеткен
Нұрилә, жаның жаннатта болғыр, сенің ұлы Анаң, менің ұлы
Апам. Үрмәттің, яғни, арабтың қызы. Мұхаммед пайғамбардың
ұрпағы. Өскеннен кейін басына барып дұға қыл, құран оқыт.
Сауабын аласың. Рухы сені желеп-жебеп жүретін болады. Саған
тағы бір айтарым: мені Қали атаң сияқты «Қожеке» демей-ақ қой.
Жай «ата» де. Сенің Қали атаң арқалы молла, бірақ коммунист.
Екіұдай: Құдайды да сүйеді, коммунистерге де қызмет қылады.
Қайғы хал деп осыны айтады.
Ел орынға отыра, бір аңғардың аузында бұйығып қана жатқан
шағын ауылға келдік. Жаппа тезектің түтіні аңғардың ішін аралап,
иісі бұрқырап тұрған кез екен. Иттер шәуілдеп, енесінен адасқан
бұзау мөңіреп, тіршіліктен белгі береді. Аңғардан лекілдеп ескен
кешкі самалда әдемі әуен бар. Ықыласпен құлақ салсаң ғана
естіледі. Әр жерден жылтырап әлсіз сәуле көрінеді. Жермай
шырағданның сәулесі – миллион жылдық жол жүрген алыстағы
жұлдыздың сәулесіндей әрі нәзік, әрі аяулы. Сол сәуле барда
тіршілік бар, үміт бар. Дүниенің бір қуысында, бір Алланың
уысында тығылып жатқан ауылдың да алдан, жақсылықтан үміті
бар. Иә, Алла, жар бола гөр!
Айтқұл деген кісінің үйіне түстік. Қожаны алақанына
салғандай аялап, қол қусырып, кеш те болса тоқты сойып, жаны
қалмады.
Шәйдан кейін мен ұйықтап қалыппын. Түннің бір мезгілінде
біреу сипалап оятты. Қарасам, Саид – Акбар қожа: «Тұр. Тамақ
пісті. Қолыңды жу», – деді.
Қазақтың қонақжайлылығы осы.
Таңертең тағы жолға шықтық. Қанды асудан ары асып
түскенде, Тәңіртаудың шыңдары күнге шағылысып жарқ етті де,
айбынданып, айдынданып Жуалы деген жер жаннаты құшағын
ашты.
− Өй, тентек, сен қайда кетіп қалдың? – деді Жуалы.
− Осы жерде өстің сен, Мыңбұлақ суын іштің сен! Алысқа
ұзап, адасып кетіп жүрме, – деді Жуалы.
Әлденеге танауым қусырылып, тынысым жиілеп, тамағыма
бірдеңе тірелгендей, көзімнен бір опасыз жас бұршақтап бұрқ
ете түсті.
− Ауылыңды әбден сағынған екенсің ә, қызталақ?! – деді Саид
– Акбар қожа. – Отан деген осы болады.
− Айшаға сәлем айт. Баяғыда, әлі сен тумай тұрғанда, қолынан
дәм татқанмын. Мұртаза рахметлік ұдайы қолқа салып, қонаққа
шақырушы еді... Ол қазір жаннатта. Жамандықтан жырақ,
жақсылыққа жақын еді, марқұм. Оның жаны қазір жаннатта.
− Оның жаны жаннатта. Ал біз тозақта тұрмыз. Сонда Мұртаза
жаннаттан қалай рахат табады? Қожеке, иә... ата, сонда аруақ
бекер болғаны ма?
Саид – Акбар қожа маған оқыс бір қарап алып:
− Балам, бәле-жаладан, тіл-көзден аман бол, – деді. – Аруақ
алдамайды, бір жақсылық болады. Ашынба!
− Ашынбасқа амал жоқ қой, ата. Бастықтар жүндей түтіп
жейді. Содан Айша аурушаң болды.
Қожа басы салбырап үндемей қалды. Содан Мыңбұлақтың
шетіне келгенде бір-ақ тіл қатты.
− Мен Тәжібай ақсақалдың үйіне түсемін. Айша сол үйге
келсін. Сәтін салса, ем қонар, – деді.
Тәжібай деген кесе тақуа, Құдай деген иманды, текті кісі еді.
Саид - Акбар қожа ылғи да сол үйге түседі.
Сөйтіп, Саид – Акбар қожамен бірге болған екі күндік жол-
сапар аяқталды.
− Ата, рақмет сізге, – дедім.
− Алла есендікте жолықтырсын. Аруақ, Құдай жар болсын,
балам!
Тағдыр жазса, алда тар жолда Саид – Акбар қожамен әлі талай
кездесеміз. Ол әңгіме кейінірек айтылады.
ТЕНТЕК КӨШЕ
Құдайдан патшаны адалынан, әділінен, ақылдысынан бер деп
тілейміз. Баяғы һарон әл -Рашидтей патша қайда?! Наушарбандай
патшалар енді қайтып туа ма, тумай ма, кім біледі? Патша тұра
жүрсе, халық та түзу.
Басшы ақылсыз болса – елге азап. Бастық, әрі ақымақ, әрі
араққұмар болса – нағыз тозақ. «Мына бастық оңбаған, орнынан
алынсын!» – деп жақ ашып, айбат қылар біреу жоқ. Соғыс заманы.
Біздің Мыңбұлақтың бастығын түлен түртіп, елдің ішін
бүйі тигендей бүлдірді. Бірің қалмай, жаппай жаңа қонысқа
көшесіңдер, – деді. «Біз әлі жабайымыз, мәдениетіміз төмен
қараңдаршы ана Евгеньевкаға, мына Андреевкаға! Көшелері түп-
түзу. Біз де көше салып, соған көшеміз. Бұған көнбегендеріңді
колхоздан аластап, итжеккенге жер аудартамын!» – деді.
Былай қарасаң, мұныкі әбден дұрыс. Рас, көше салу керек.
Қазіргі үйлердің бәрі тозған. Балшық. қыштан салынған үйлердің
көбінің күнбатыс жағын Шақпақтың бораны мен дауылы мүжіп
жеп қойған. Сол қабырғалар құлайын деп тұр.
Сондықтан бастықтың айтқаны өте дұрыс. Әр сайдың басына
шошайып-шашырап жатқан ауыл бір көшеге жиналса, құба-құп.
Бірақ дәл қазір емес қой. Дәл қазір тұяқтары сіңіріне ілініп,
«шықпа жаным, шықпа» деп отырған ел қайдан үй салады?
Соғыс бітсін, ер-азаматтар оралсын. Әне сонда, сәл-пәл әлденіп
алғанда, хан сарайын салып аламын десең де жарасады.
Жаңа көшенің бас жағынан үш-төрт үй де пайда болып қалды.
Шамасы келгендер салған үй.
Бізге жер әлгі көшенің аяғынан тиді. Мейлі ғой. Бірақ Айша
оңайлықпен шыдасын ба мұндай қорлыққа?! Қорлық емей
немене: біріншіден, бізге кесіп берген жері қып-қызыл тастақ.
Екіншіден, көшенің бас жағындағылардан су артылмайды. Сусыз
қурап отырғанымыз. Үшіншіден, бізге жаңадан үй салып алатын
қайрат қайда?!
Осыны айтып, Айша едәуір арпалысып көріп еді,
бастықтардың жүрегі жібімеді. Көшесің, көшпесең, күшпен
лақтырып тастаймыз деді. «Ескі үйлерді қиратып, орнына егін
саламыз. Топырағы құнарлы. Айналаңа егін салып тастағанда,
соның ортасында жалғыз үй отырмақшысың ба? Далбасалама!»
– деп Жуанқұл жуандығын жасады.
Сөйтіп, ата-бабамыздан қалған ақ сарайдай үйімізден қуып
шығарып, жүгімізді әлгі жаңа көшенің аяғына апарып, түсіріп
тастады.
Амал жоқ, көртышқаншылап жертөле қаздық. Әскерге кеткен
Нәметқұлдың қырғыздан алған Седеп дейтін қатыны бар. Сол
көмектесті. Екі үй бірігіп, бір үйге тұратын болдық. Жеке-жеке
қазуға шама жоқ.
Бір біз емес, елдің көбі жертөле қазып, соған кіріп алды.
Сөйтіп, тұтас бір ауыл көртышқан халіне түстік те қалдық. Жерді
үңгіп, астына түсіп кетті. Содан мұны жұрт «Тентек көше» деп
атады.
Мен Әулиеата сапарынан қайтып келсем, колхоз қызылын
жинап болып, бәрін элеваторға өткізіп, енді қызылша қазуға
кірісіп жатыр екен. Оқу басталып кетсе де, оқушыларды қызылша
жинауға қуалапты. Бесінші кластың партасына отырмай жатып,
тәтті түбір науқанына мен де араласып кеттім.
Тасбет мені бұл жолы итжеккенге айдаттырған жоқ. Жамбыл
жаққа қашып кетіп, жарты ай жүріп қайтқанымды итжеккенге
баласа керек. А, бәлкім, мен Саид – Акбар қожамен ілесіп
келгенімді есітіп, сол пірден қорыққан шығар.
Олай дейтінім, Саид – Акбар қожа осыдан бір жыл бұрын
Тәжібай бір андарының үйінен бір қап бидай алып, еліне қайтып
бара жатқанда, Теріске жетер-жетпесте алдынан Тасбет шыға
келіп, әлгі бидайды тартып алып қалған екен. Сонда Саид –
Акбар:
− А, шырағым, адал бидайымды алсаң ал. Бірақ соны менің
үйіме әлі өзің әкеліп беріп жүрме, – деген ғой.
Айтса айтқандай, Тасбет мұрттай ұшып құлайды. Тілі
байланып қалады.
Не керек, қожекем айтқандай, бір қаптың орнына екі қап
бидай апарып беріп, жаны әрең қалғандай ғой. Сол Саид – Акбар
қожамен бірге Барсхан ілесіп келгенін бүкіл ауыл көріп отыр
ғой. Әй, осы бәлеге тиіспей-ақ қояйын деген болар. Тасбет маған
неге кеттің, неге келдің деген жоқ. Бірақ оның есесіне көкіректен
кетпес тағы бір қорлыққа салды. Бұл Тасбет емес, тасжүректің
несін алғанымызды білмедім. Қыр соңымыздан қалмады. Әлде
кезінде Мұртазадан бір қиянат көрген жайы бар ма? Айшадан
сұрасам, әкең адам баласына қиянат қылған емес дейді.
Тастақ жерді өгіз жеккен соқамен әрең жыртып, тасын теріп
еккен жасымық пен зығыр су ішпей қурап кетті. Таласбай
бұлақтың суы Тентек көшенің аяғына жетпей-ақ қойды. Күн суи
бастады. Қыркүйектің түні салқын тартты. Үңгірде жата берсек,
үсіп өлетін түріміз бар. Әлі де болса күз ғой. Қыс келгенде не
боламыз? Сонда Айша айтты:
− Қараң қалғыр, қараң қалсын бүйткен өмірі! Бердімбет
байдың ұрпағы үңгірде қатып қалыпты дегізбей, не де болса
Мұртазадан қалған үйге барып өлейік, – деді.
Сөйтті де арбакеш Қуанышбайды көндіріп, өгіз жеккен сатылы
арбасын ешкім көрмесін деп түнде алып, оны-мұны жүгімізді
артып, өрдегі өз үйімізге қарай көштік те кеттік. Құдай Тасбеттің
бар өнерін жамандыққа арнап берген шығар. Әйтпесе, ел орнына
отырған қараңғы түнде ербиіп алдымыздан Тасбет шыға келе
ме?! О да бір мезгіл үй иесі болып, тыныштық тауып, отбасында,
бала-шағасының қасында отырса қайтеді?!
Жоқ, жол торыған қарақшыдай болып, астындағы атын
ойқастатып, Бердімбет сайдың қабағынан шыға келді. Келді де:
− Әтәңә нәләт, көнтрә! Тәртіп бұзып, елге іріткі сәліп, көшкенің
не?! – деп, аттың үстінен өгіздердің мойынтұрығындағы темір
самияндарды суырып-суырып алды. Самиян алынған соң, әккі
болған өгіздер шаңырақтай мүйіздерін шайқап-шайқап қалып
еді, ағаш мойынтұрық сақыр-сұқыр етіп жерге түсті. Мойны
босаған өгіздерді Тасбет қамшысымен ұрып-ұрып, алдына салып
айдады да кетті.
Сөйтіп, арба Бердімбет сайдың аяғында, орта жолда қалды.
Түн іші, енді кімге барып жалынамыз? Тәпе-тәннен мұндай
сұмдықты күтпеген Айша, ә дегенде сөз айта алмай қалған
Айша, есін жиып алған соң, арынының аузы ағытылып, айқайға
бір басты дейсің:
− Тасбе - е - е - ет! Көріңде өкір, Тасбе - е - ет! Көріңде өкір!
Аш ішегің аяғыңа оралсын, кәпір, тоқ ішегің тобығыңа оралсын,
кәпір! Сендей имансыз кәпірді қара жер қалай көтереді? Қақ
айырылып астына неге тартып кетпейді сендей қара қабанды?
А? Бесіктен әлі белі шықпаған жас балаларымның жанына жара
салдың. Сенің де балаларың осылардай шулап қалсын!
Атаңа лағнет, Тасбе - е - ет! Аруақ, Құдай бар болса, осы
көрсеткен қорлығын алдыңнан шықсын. Бұл сасық дүниеде
болмаса, о дүниеде!
Айша аспанға қарап қолын созып, алақандарын жайды.
Саусақтары салалы еді, Ай сәулесімен садақтың жебесіндей
болып, одан бетер ұзарып кетті. Ұзара-ұзара Айдың өзін барып
түртетіндей. Жер бетіндегі мынадай қорлық пен зорлыққа,
қаныпезер қатыгездікке, әділетсіздікке биіктен көзін жұма
қарайтын Айды, Ай арқылы Құдіретті түртіп оятпақшы
болғандай.
− Уа, Көк Тәңірі! Жастайымнан жесір қалып, біреудің, ала
жібін аттамаған, ешкімге қылдай қиянатым жоқ, бейнеттен басқа
рахатым жоқ мына менің жазығым не? Не жаздым? Не жазып
едім саған, Құдай? Мені жазғырсаң жазғыр, мына үш жетімнің
не жазығы бар еді?
Кенет арбаның үстінен үрпиісіп отырған үшеуімізге бұрылып
Айша:
− Барсхан, Барсхан, Құрманқұл! Тұр, түрегел! Қолдарыңды
жайыңдар! –деді.
− Уа, Көк Тәңірі! Ая біздей бейбақтарды!
− Қайталап айтыңдар – деп бұйырды бізге.
− Уа, Көк Тәңірі! Ая біздей бейбақты! – деп шырылдағанымызда,
Тәңіртау теңселіп кеткендей болды. Содан соң Айша айтты:
− Ал бүйтіп далада қалған жарамас, – деді. – Барсхан, сен түс.
Мына мойынтұрықтың бір жағына мен, бір жағына сен жегілесің
Батырхан, Құрман! Сендер арбаны артынан итеріңдер!
Айшаның айтқанын істеп, өгіз орнына өгіз болып, ап-ауыр
мойынтұрыққа басымды сұғайын. Айша – он жағында, мен – сол
жағында.
− Түстіңдер ме, ей? – деді Айша Батырхан мен Құрмашқа.
− Иә, иә, – Тоңған, жаураған дауыстары дірілдеп шығады.
− Ал онда итеріңдер!
Айша екеуміз алға тарттық. Ана екеуі арттан итерді. Бірақ
арба орнынан былқ еткен жоқ. Алдымыз тым өр еді. Үстіндегі
жүгі жеңіл болса да, арбаның сүйегі ауыр. Мойынтұрығының өзі
мойнымды үзіп, желкемді қиып барады.
− Таста! – деді Айша.
Мойынтұрықтан басымызды шығарып, ауыр ағашты жерге
тастай салдық. Оқтығымен қоса сақыр-сұқыр құлады.
Айша көрпе-жастықтар буылған теңді шешіп, Құрмаш пен
Батырханға:
− Ал, жатыңдар, – деді.
Сөйтіп, сол қыркүйектің сап-салқын түнінде далада қонып
қалдық. Көпке дейін ұйқы қашты. Арбаның үстінде аспанға
қарап жатып не көресің? Айды көресің, баданадай-баданадай
жұлдызды көресің. Бектөбедегі Қалатай апамның қуырған
жүгерісіндей шашылып жатқан жұлдыздарды санамақ болып
бақырайып жатырмын. Бірінен соң бірі екі жұлдыз аспанды отпен
сызып, ағып түсті. «Мұртаза мен Әміреқұл, – дедім мен ішімнен.
– Біздің мына түрімізді көріп, шыдамастан жандары шырқырап
жерге құлады. Бізге көмектеседі». Бірақ көмекке ешкім келген
жоқ. Күдер үзіп, көзім енді іліне бергенде, Айша:
− А, Барсхан, – деді. – Не?
− Бұл елден кетпесек болмайды екен. Ұйқым шайдай ашылды...
АРТЫНА БҰРЫЛЫП МӨҢІРЕГЕН СИЫР
− Бұл елден кетпесек болмайды екен, – деді Айша. Жат бауыр,
бөтен ел сияқты етіп айтты. Айша торыққанмен, менің санам
көнбейді. Жат жерде жарты ай жүргенімде, осы елді, осы ауылды,
Мыңбұлақты, Тәңіртауды қалай сағынғанымды айтып жеткізе
алмаймын. Сөзбен айтып, Айшаға түсіндіре де алмаймын. Жарты
айға сондай болғанда, мүлде көшіп кету деген не сұмдық Онда
мен сарғайып өлетін шығармын.
− Кетпей-ақ қойсақ қайтеді, заман түзелер.
− Зорақы заман түзелмейді! – деді Айша зілді үнмен. – Оның
үстіне Зибаның тілегін өзің айтып келдің. Туған бауырым қан
түкіріп жатқанда, қасында болмасам, бізге емшегімен сүт берген
анамыз Құлыханның аруағы атпай ма? Менен басқа кімі бар
Зибаның? Ауагүл әпкем қанша бауыр дегенмен, емшектес емес.
Рахман болса, тайқы маңдайымызға сыймай кетті. Жоқ, Барсхан,
көшеміз, – деді. – Алдағы қыстан аман қалмаймыз. Не отын жоқ,
не шөп жоқ, не азық жоқ. Жуанқұл мен Тасбеттен болса да қайыр
жоқ. Олар бізге өлім тілеген құзғын қарғалар.
− Мен өсіп қалдым ғой, енді бой бермеспіз.
Бұларды біз жеңе алмаймыз. Қыстың күні жаман ашығамыз.
Амал жоқ, ұрлық істейсің. Сені ұры қылып өсіргенімше, өлгенім
жақсы. Соттатып жібереді. Бұл жерде жартымды оқу да жоқ.
Қалаға барып оқисың, көшеміз! – деп кесті Айша.
Айтқанының жөні, қисыны бар. Қарсы келе алмадым.
Ертеңіне арбадағы жүгімізді үйімізге біртіндеп жаяу тасып
болған соң, Айша Борандыға кетті. Әулиеатаға пойызбен
бармақшы.
Үйге бас ие боп мен қалдым. Тасбет келіп:
− Шешең қайда? Қызылшаға неге бармайды? – деді.
− Шешем сенің қорлығыңнан ауырып, емделуге кетті.
− Қайда?
− Әулиеатаға. Саид – Акбар қожаға, – дедім әдейі.
Саид – Акбар қожадан қорқып қалған. Үндеместен атының
басын бұрып алып, кете барды.
«Шақыртып жатыр» деген соң, мектепке бардым. Сөйтсем, оқу
басталған екен. Жұмыс, жұмыс деп жүріп, оқуды да ұмыттырып
жіберген екен. Ауданнан уәкіл келіп, балаларды қызылшадан
босаттырыпты. Сабақ уақытында басталмасын, мектеп жабылып
қалсын деген заң жоқ. Заңды қолдан жасап, қалталарынан суырып
алып жүрген колхоздың бастықтары. Бұл үшін олар заң алдында
жауап беруге тиіс. Бірақ олар бар кінәні соғысқа аудара салады.
«Бәрі де майдан үшін!» деген ұран бар. Ол ұран тұрғанда, басқа
заңдар артын қысады.
Бесінші класқа кіріп, ең соңғы партаға барып отырдым. Не
кітап, не дәптер жоқ. Оқуға деген құмарлық, құштарлық сөніп
қалған тәрізді. Әйтеуір, кластан класқа көшіреді, бірақ білім
жоқ,. Білім беретін мұғалімнің сиқы – былтыр жетінші бітірген
Әбжанның Сейдін деген қызы есептен сабақ береді. Өзі білімнен
ақсақ мұғалімнің шәкірті – тоқсақ.
Қоңырау соғылып, демалыс болғанда, шұбар мұғалім апайдың
тәмпіш мұрын тәлпіш қызы жаныма келіп: «Қайда жүрсің,
көрінбейсің?» – деді.
− Енді мүлдем көрінбейтін шығармын, – дедім.
− Неге?
− Әулиеатаға көшетін шығармыз. Бірақ сен ешкімге айтып
қойма, – дедім. Қыз тәлпіштігін тыйып, ойланып қалды:
− Папам әскерден келсе, Әулиеатаға біз де көшер едік, – деді
мұңайып.
Бұл да мұңая алады екен. Шіңкілдектеу, тым белсенді еді.
Сөйткен бұ да уайымдайды екен.
Әулиеата жақ туған елі ғой.
− Хат жазып тұрсаң жақсы болар еді, – деді қыз үні тым
жуасып.
− Жазамын ғой, – дей салдым.
Сөйтіп айтуын айтсам да, «мен кеткен соң Жолдасбек сұм
сумаңдап, қырыңдайды-ау» деп ойлауым мұң екен, өзегімді бір
жалын осып өткендей болды.
− Тезірек көшсеңдерші, – дедім қызға.
− Папам келмей, көше алмаймыз ғой, – деп сыбырлады ол.
− Папаң келсе, арттарыңнан іздеп барады ғой.
− А - а - а...
Қоңырау соғылып, сабақ басталып кетті. Көк көз татар
жеңешеміз Ғалияның сабағы еді. Бірақ жеңеше демейміз. Апай
дейміз.
− Ал, балалар, іштеріңде Махамбет ақынды білетіндерің бар
ма? – деп сұрады Ғалия жеңеше-апай.
Кластың іші тым-тырыс. Жолдасбек күңкілдеп:
− Ол қай ақын тағы да? – деді.
− Махамбетті білмеген – мақау, – дедім алдымдағы партада
отырған Жолдасбектің желкесінен түртіп.
− Ал, білгіш болсаң, айта қойшы, –деді.
− Иә, Барсхан, айта қойшы, – деп апай да қостай кетті. Айша
«Октябрь балалары» деген газет алдырып, маған ылғи оқытатын.
Кейін сол газет келмей кетті. Сонда «Исатай – Махамбет» деген
ұзақ өлең басылған. Әрі десе, Машанның кітабынан Махамбеттің
өлеңдерін жаттап алғаным бар. Апайға осыны айттым. Апай:
− Онда бір өлеңін жатқа айта қойшы, – деді.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Көл қорыған сен едің.
Сен де айырылдың көліңнен.
Ел қорыған мен едім,
Мен де айырылдым елімнен.
Сені көлден айырған
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған...
Ар жағын білсем де айтпай тұрып алдым. Ғалия апай
шыдамсызданып:
− Ал, ал. Біліп тұрсың ғой, неге айтпайсың? – деді.
Мен: «Тасбет иттің екпіні» дей жаздап барып, әрең дегенде:
«Хан Жәңгірдің екпіні» дедім-ау.
Балалар ауыздарын ашты да қалды. Онымен қоймай Хан
Жәңгірдің кім екенін айтып бердім.
Хан емессің, қасқырсың,
Қара албасты басқырсың... –
деп шұбырттым.
− Мынау бір пәле шығар. Мұның бәрін саған айтып беретін
жының бар ма? – деді Жолдасбек күліп.
− Міне, бұл әдебиетке деген махаббат, – деді Ғалия апай.
− Махаббат деген немене, апай? – деп қыңырайды Жолдасбек.
Ол енді Ғалияның ең жақын қайнысы. Еркінсіп тұрғаны содан.
Жолдасбек – Жәрімбет бидің немересі, Ғалияның күйеуі
Әнуарбек – Нұрымбет байдың немересі. Яғни, Жәрімбет пен
Нұрымбет ағайынды.
− Махаббат деген – құлай сүю, – деді Ғалия салмақпен. –
Махаббат – Отанды сүю, ата-наны, туған-туысқанды сүю, жақсы
көрген адамын сүю...
− Қыз Жібек пен Төлеген десеңізші, – деді Жолдасбек
мүләйімсіп. – Ондайлар біздің класта да бар, – деп, көзінің
астымен Әсемге бір, маған бір қарап қойды.
Ғалия мұғалім қатқылдау үнмен:
− Жә, жарайды, сабақты жалғастырамыз, – деді.
Сабақ біткен соң мектептен шығып сайға түсіп,
Жалбызбұлақтың
жанына
барып
отырдым.
«Біз көшіп кетсек, сенен енді кім келіп су алады?» – деймін.
Қайнардың түбі бүлкілдеп, ұлпа құмды қайнатып жатыр. Сүмбіле
келіп, су суыса да, шекшек шырылдайды. Ақырғы көбелек
қалбаңдап ұшып, әлі сола қоймаған шашыратқының көкшіл
гүліне қалтырап қонады. Көбелек жаздағыдай жайраңдамайды.
Құйқылжып, ойнақ салып, ойнақтап, өрнек салып ұшпайды.
Неден, қалай пайда болатыны белгісіз, ақ жібегін шұбалтып,
мизам ұшып барады. Құстар қайтып кетті.
− Біз де ұшамыз, – дедім мен.
Аспанда түйдек-түйдек бұлттар қалқып барады. Соңғы
ақшылын тәмпіш мұрын тәлпіш қызға ұқсаттым:
Тәмпіш мұрын тәлпіш қыз... Енді оны ойлағанда, Айша
баяғыда бір айтқан өлең есіме түседі. Жаугершілік кез көрінеді.
Сонда үдере көшкен елдің көрінісі:
Барады аулым көшіп таудан асып,
Таудан асқан бұлтпен араласып.
Бірге өскен кішкентайдан, беу, қарағым,
Жүрерсің әлдекімге бауыр басып...
Тәмпіш мұрын тәлпіш қыз... Мен Әулиеатаға кеткен соң
«үйшік-үйшікті» кіммен бірге ойнар екен? Кімге бауыр басар
екен? Бәлкім, енді «үйшік-үйшік» ойналмайтын шығар. Біздің
класстағылар, осыдан екі-үш жыл бұрынғыдай емес, өсіңкіреп
қалды. Балалық дәуірден өтіңкіреп, ертерек есейді. Әрі десе,
бұрынғыдай Мұса бауы жоқ. Өткен қыста отынға қырқылып
кетті. Енді баяғыдай құстар ұя салып шуылдамайды. Туырлықтай
түйежапырақтар өспейді. «Үйшік-үйшіктің» бас иесі Тұрымтай
дейтін қыз да жоқ. Ерте жетілген шыбыштай боп, бір шалға жем
боп кетті.
Тағы бір үлбірек үмітім бар: Айша Әулиеатадан қайтып келіп
«Көшпейтін болдық» десе...
Әй, бірақ бос қиял. Өйткені кенеттен келетін ғажайып жоқ.
Тек ащы шындық бар. Ол шындық айтады: биылғы қыстан
сау шығуың неғайбыл дейді, қыстан шыққаныңмен көктемнің
көкөзегі деген бар. Аш адамдар көбінесе көктемде қырылады
дейді. Қырылып қалмас үшін, уақытша жан сауғалап, алыстағы
жекжат-жұрағатпен жалғасу керек. Ауылдағы ағайын, әйтеуір,
аман болсын, бар болсын, бірақ бізді қорғай алмайтынына көз
жетті. Қорғар еді, егер Нәметқұл мен Махан болса, Орха мен
Ноха болса, Сейсенбай болса. Олар жоқ қой. Сәл-пәл айбат
қылар Дүйсенбайдың өзі бас сауғалап, темір жолдың жұмысына
кіріп кетті.
Жалбызбұлақ. Мыңбұлақтың бір бұлағы. Мен кеткен соң
қаларсың сен жалғызсырап. Анда-санда кетпенмен көзіңді ашып,
тұнба балшығыңды аршып тұратын кім бар енді...»
* * *
Үш-төрт күннен кейін, Әулиеатадан Айша қас қарая келді.
Қасында Сәли атам бар. Екі доңғалақты есек арба. Енді
көшетінімізге шын көзім жетті. Кештетіп келгендері, сірә,
Айшаның амалы. Ел көзіне түспей-ақ қояйық дегені. Намыс қой.
Айша есек арбамен көшіп кетіпті деген намыс қой. Дос күліп,
дұшпан табалайды.
Есі бар ел болса, күлмеу де керек, табаламау да керек. Есі
бар басшы болса, колхоздан бір адам емес, тұтас бір үй көшіп
бара жатқанда, етінен ет кесіп алғандай болмай ма? Кетпе,
көмектесеміз, асыраймыз, өлтірмейміз демей ме?
Ондай басшы табылмайды. Қайта «кеткеніңнен келме,
жатқаныңнан тұрма» деп артымыздан топырақ шашты.
Таң қылаң бере жолға шықтық. Айша түнімен оны-мұны,
кәкір-шүкірді түйіншектеп, арбаға артуға ыңғайлап қойды. Оған
мен көмектестім. Қаңырап бос қалып бара жатқан үйге арнап
Сәли атам дұға оқыды. Айша үйдің ортасындағы тіреу ағашты
құшақтап жылады.
Қайран да менің Отаным,
Қайтып келер күн бар ма? –
деп аңырады.
Көрші-қолаңнан жалғыз Баян келіп, Айшаға:
− Қой, өйтіп жылама. Құдай қайта қауышуға, қуанышқа
жазсын, – деді. Айша оған:
− Мына иесіз қалып бара жатқан үйге баскөз болып жүрерсің,
– деді. – Біз жоқта аруақтар келсе, адасып қалып, күйзелетін
болды-ау... – деп өксіді.
Сүйегі ауыр заттар сол Баянның үйінде қалды.
− Рәсім жасап, бір бозқасқа сойып, ел-жұрттың батасын алып
көшсе болар еді, оған шама жоқ, – деді Айша. – Ұрлық қылған
адамдай жасырынып барамыз. Иә, ата-бабаларымыздың аруағы,
Мұртазаның аруағы, назалана көрме, – деп жалбарынды Айша. –
Кешіре гөр!
Айша аруақтардан неге кешірім сұрауға тиіс? Маған осы жері
түсініксіз. Айшаның не жазығы бар? Жазығы – жастайынан
жесір қалып, үш жетімді жетілдірсем деп жанталасқаны ма?
Мұртазаның, Бердімбеттің, Үкібастың, Тоқсанбайдың осы бір
бұтағының ұрығы үзіліп қалмасын деп, жалаңаяқ жер кешіп,
қызылаяқ қар кешкені ме?
Қайта кешірім сұрайтындай қабілеті болса, аруақтар кешірім
сұрасын Айшадан. Рақмет айтсын, желеп-жебеп жүрсін.
Бай болған деседі. Байлығына – байпағым. Сол мыңғырған
байлықтан бізге мұраға тышқақ лақ та қалған жоқ. Тісімізге бір
түйір қызылы тиген жоқ. Қайта сол атам заманғы байлық, бізге
ішпей-жемей бәле болып жабысты. Мына туған үйді, туған елді
тастап, безіп бара жатқанымыз да сол қызығын біз көрмеген
байлықтың кесірі.
Батырхан мен Құрмаш арбаның үстінде. Сәли атам мен Айша
арбаның алдында. Есектің ноқта жібі Сәли атамның қолында. Арт
жақта қара сиырды жетектеп мен келе жатырмын. Жар дегенде
жалғыз тұяқ. Бұзауын бір қап бидайға айырбастап жібергенбіз.
Дәсері қаптай сол бидай қазір арбаның үстінде.
Кейде ескі сүрлеумен, кейде жолсызбен тартып келеміз.
Балағымызға кәріқыз тікен жармасады. «Кетпе, қайда барасың?»
деп бір адам айтқан жоқ. Алабота мен қарасора, қызыл жантақ
пен торы тобылғы айтты. Тілсіз тіл. Аяққа сары шырмауық
оралады.
Сәли атамның кебіс-мәсісі бар. Тірсегіне тікен кірмегені
сондықтан. Бірақ тобығына шырмауық оралғанда, жығылып
қала жаздайды, жарықтық. Сондықтан оған Айша:
− Нағашы-ау, арбаға отырсаңшы. Балалар жаяу-ақ жүреді ғой,
– дейді.
Сәли атам күлімсіреп:
− Сонда мен баладан нашар болғаным ба? – дейді.
Былтыр Қали атам екеуі ақалтеке мініп келгенде, құдіреті
күшті сұлтандай еді. Биыл бізді көшіріп әкету үшін есек арбамен
келгеніне көңілім қаяуланып қалды. Тәңіртаудай тұлға тұтып,
медет етіп жүрген нағашым аласарып қалған сияқты болды.
Шынында да, қартайып қалған секілді. Әй, бірақ адам екен.
Өртеніп жатқан біздің үйге қанатымен су сепкен қарлығаштай
болып, Қаратау асып, Әулиеатадан жаяу келуі ер емей немене?
Пейіш, жұмақ дегеннің бар екені рас болса, Сәли атамның жаны
қазір жаннатта жайнаса керек. Лайым солай болғай!
Ал сол 1944 жылдың тары піскен қыркүйегінде, ер-азамат
зорға шыдайтын азапты жолда, қос доңғалақты арбаны есекпен
бірге сүйретіп, қабағын бір шытқан жоқ. Қалың бурыл қасы
жапқан көзі күлімсірейді де тұрады.
Темір жолға дейін жолсызбен жүрдік. Қураған шырыштың
сояуын, сиырқұйрықтың сабағын арба басып өткенде, қайбірі
қайтадан бой түзеп, бізбен қоштасқандай тербеліп тұрады.
Айша мен Сәли атамның әңгімесі таусылмайды. Әңгімемен
жол қысқаратын шығар. Әңгіме Есей байдан басталады. Есей
бай Айшаның әкесі, Сәлидің жездесі. Жігіт кезінде Сәли сол
жездесінің жүйрік атын мініп қашқан көрінеді. Есей бай артынан
кісі жіберіп, жүйрігін екі құлынды биеге қайтадан айырбастап
алғанын айтады. Айдалада екеуі әлдеқашан өтіп кеткен заманның
әңгімесін айтып күледі. Құдай күлгеннен айырмасын.
Бірақ менің көңілім сергімеді. Біз алыстаған сайын артыма
бұрылып қарасам, ақбас шыңдар биіктей түсіп, жүрегімді
шымырлатады.
Осы шыңдарсыз өткен өмір маған өмір емес сияқты көрінеді.
Таусыз елдің адамдарының көңіліне келмесін, мен көзімді
жыртитып ашқаннан бері көргенім осы таулар болса қайтейін.
Көзіме оттай ыстық көрінеді. Осы асқақ шыңдар болмаса, үстіме
аспан құлап кететін сияқтанады да тұрады.
Анада Әулиеатаға кетіп қалып екі апта жүргенімде, осы таулар
көзден таса болғанда, сағыныштан әрең шыдап едім. Ендігі күнім
не болады? Екі аптаға емес, белгісіз мерзімге кетіп барамыз. Мен
құсалықтан өлетін шығармын.
Айналайын Тәңіртау! Ая мені. Кетіп қалды деп қарғама. Дүние
осылай боз боран бола бермес. Түзелер. Жуанқұл мен Тасбеттер
мәңгілік емес қой. Олар да тұғырынан таяр. Ақ жарылқап заман
туып, азап қарыған арқамыз жылынар да жадырар.
Осы оймен келе жатқанымда ап-ашық аспанды бұлт торлапты.
Тәңіртау көрінбей қалды. Әуелі Шақпақ жақтан желдетіп
барып, артынан себелеп жаңбыр жауды. Шаң тұтқан жусан мен
дермен шөптің кермектеу иісі бұрқ ете қалды. Бізді аяп адамдар,
ағайындар төкпеген жасты аспан төкті. Аспан бәрін сезеді. Аспан
бәрін көреді. Аспанның мейірімі түскен адам қор болмайды.
Мен мұнда қайтып оралғанша Қамқа тірі болар ма екен?
Қоштаса да алмадым. Бата сұрау керек еді. Дошанай атам, Әбіш
атам...
«Мұртазадай бозымнан қалған Барсхан» деп солар басымнан
сипаушы еді... Бастан сипай салғанда тұрған не бар? О, оны
сендер білмейсіңдер. Жетім болып көрмеген білмейді. Жетімнің
басынан сипаған алақан жер астында жатса да шірімейді.
Адамзат әр алуан. Біреулер сипаса, біреулер сол басты жарғысы
келіп тұрады. Дүние содан ала-құла.
Терістің бойы «ен тоғай». Саздау жағалауда сыңсыған Сәмбі
тал. Бұйра тал. Әлі жап-жасыл. Мыңбұлаққа қарағанда Теріс
өзенін жағалап отырған елде береке бар шығар. Өйткені біз
сияқты орман-тоғайын отай бермепті. Атың Теріс болса да, бетің
түзу болып, бізге ақ жол тілей гөр, қасиетті қасқа су! Шақпақ
таудан бастау алып сен шығысқа тарттың, Арыс батысқа тартты.
Күннің шығысына қарап тіке тартқан басқа бірде-бір өзен жоқ.
Сондықтан сенде сыр да көп, мұң да көп, жыр да көп. Сонымен
де қасиеттісің, қайран Теріс.
Сәмбіталдың ара-арасымен жүріп жол тауып, судың жағасына
да шықтық-ау. Терісті бойлап, жайдақ жерін іздедік. Ендігі кең,
суы жайылыңқы тұсына тоқтап, әуелі «тексеріп» көрмекші
болдық. Мен түсейін деп едім, Айша жібермеді.
− Аяғың қысқа, шұңқыры болса батып кетесің, – деп, шөлкейін
шешіп, сұр шинелінің етегін түріп өзі түсті.
Құдайға шүкір, Терістің суы жуас екен. Айша арғы бетке
өткенде, кебіс-мәсісін шешіп, арбаға жегілген қара есекті
жетектеп Сәли атам өтті.
Балағымды түрініп, қара сиырды жетектеп, ең соңынан
мен түстім. Су салқын екен, екпіні кәдімгідей, мені едәуір
тәлтіректетті. Өзеннің ортасынан өтіп, арғы жағаға жақындай
бергенде, жетегімде келе жатқан қара сиыр мүйізін шалт шайқап,
мойнын оқыс бұрып қалғанда, қолымнан бұйда жіп шығып кете
жаздады. Қара сиыр артына бұрылып, алыста-алыста бұлдырап
қалған Мыңбұлаққа қарап тұрып, үш қайтара мөңіреп-мөңіреп
жіберді.
Содан кейін... мойнын қайта бұрып, жасаураған үп-үлкен,
мөп-мөлдір көздерін маған қадап, танауларын едірейтіп, «пыс - с
- с» етті. Сөйтіп, мен бұйдасынан тартпай-ақ, өз еркімен жайлап
басып жағаға шықты.
Біз пенделер «сасық» деп қорлайтын сиыр атты хайуанның өзі
отын оттап, суын ішіп жайылған жерін қимай, артына бұрылып
тұрып, үш қайтара меңірегенде, адам деген аты бар біз пақырға не
шара? Терістің арғы бетінен ауылға қарап аңырап алдық. Өкпе –
бауырымды біреу бұрап-бұрап, сығып-сығып, суын шығарғандай
көзімнен жас ыршып-ыршып кетті.
Сонда Зеңгібабада едәуір сезім болған-ау. Зеңгібабада қасиет
бар. Бәсе, Үндістанда зор шаһарлардың кешесінде сиыр жатса,
оны орнынан тұрғызбай, кім де болса тағзым етіп, айналып
өтеді-ау.
Өз мекені, өз Отанын мал екеш мал қимай бара жатқанда,
адам жыламай қайтсін. Небір боздақтар Отанына аман-сау орала
алмай, армандар ағысы мұхитқа айналған заман.
Бәлкім, сол Орха мен Нохалар сияқты мен де осы Отанды
сағынып, зарығармын.
Ал оз Отанын сағынбайтындарға таңғаламын. Туған елін,
өскен жерін іздемей, сағынбай, қарны тойған жерде жүре
беретіндер... О, солар қиын.
Ащының алқабына шықтық. Алқап бірте-бірте қусырылып,
бізді Күйік асуының тас аузына қарай тартып бара жатты.
Күйіктен асқан соң басқа бір өмір басталмақ.
Алда бізді не күтіп тұр?
Менің ғұмырыма жаңа кезең келмекші.
Он екіден асып, он үш жас көп сынаққа түседі дейді.
Аман-есен өтерім, әлде құлап қаларым әзір маған беймәлім.
Алдымызда - Әулиеата.
Шақпақтың желі қатая түсіп, қара қарғалар қалбаң-қалбаң
ұшты.
Қарғаларда қайғы жоқ. Қайғысыз-мұңсыз адам көп жасайтын
көрінеді. Ал қарғалар үш жүз жыл жасайды деседі. Әрине,
жасайды. Терістің жағасы толған тоғай. Ағаштың басы толған ұя.
Қарғалар салған ұя. Үй мәселесі деген бұларда болмайды. Бас-
басына ұя бар. Қарғалар қайғырмайды.
Ал біз болсақ қой «Тентек көшеге» үй сала алмай, жаз бойы
жеркепеде зәбір көрдік. Бізді Мұртаза салдырып берген үйден
бездірмек болды. Ақыры, бездірді. Безіп келеміз. Терістің
суынан өтіп келеміз. Туған жерден, туған елден, туған үйден
безіп келеміз. Біз қайдан үш жүз жыл жасаймыз. Қадам басқан
сайын қайғы.
Кәріліктен бозан тартып кеткен қартамыс қарға қарқылдап,
Айша туралы:
«Ой, мынау әйел баяғыда келіншек боп келе жатқанда, дәл
осы Терістен алтын-зермен жабулаған ақбоз ат мініп өтіп еді...
Енді сирағын сидитып жалаңаяқ кешіп өтті» деп қыр-қыр етті.
Табалағаны ма, таңданғаны ма, біле алмадым...
Шақпақтың желі арқамыздан итермелейді. Күніміз жалғыз
есекке қарағаның көріп, көмектескені ме, жоқ, тезірек жоғал
дегені ме, біле алмадым.
Ебелек ұшып, домалап бізден де озып бара жатыр.
Түйе қарын қаңбақ ебелекке қарағанда ебедейсіздеу болса, о
да домалап барады.
Ай, Шақпақ жел, Шақпақ жел! Кімді ұшырарыңды білмейсің-
ау. Біз сияқты жеңіл-желпі қаңбақтарды домалатқанша, жердің
бетін, Жуалы жүзін арамдардан, әділетсіз хайуандардан тазартсаң
еді... Дүлейсің ғой, дүлейсің, Шақпақ желі!
Достарыңызбен бөлісу: |