БҚму хабаршы №2-2016ж


МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ӘЛЕМІ



Pdf көрінісі
бет30/40
Дата28.02.2017
өлшемі4,16 Mb.
#5072
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   40

 
МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ӘЛЕМІ 
 
Аннотация.  Бұл  мақалада  М.Жұмабаев  поэзиясының  көркемдік  әлемі 
талданып,  өлеңдеріндегі  сөз  қолдану  ерекшеліктері  салыстырылып,  үндестігі 
айқындалады.  Мағжан  поэзиясының  өзегі  болып  табылатын  махаббат, 
сүйіспеншілік  тақырыбының  мәні  сипатталады.  Ақынның  этногеникалық  текпен 
байланысты символистік тәсілді шебер қолданылуы қарастырылады. 
Тірек сөздер: поэтика, символизм, романтизм, фольклор, поэзия, проза, образ, 
символикалық меңзеу, этногеникалық тек, ырғақ.  
 
  
Мағжан  Жұмабаев  поэзия  әлеміндегі  жарық  жұлдыз,  қайталанбас  құбылыс. 
Оның  қуатты,  бойға  жігер,  жүрекке  от  беретін  рухты  үні,  ізденістері  мен 
жаңашылдығы  қазақ  әдебиетін  ХХ  ғасырдың  басында-ақ  Еуропа,  орыс  әдебиетінің 
биік деңгейіне көтерді.  
Мағжан  поэзиясының  тіл  кестесі,  лирикасындағы  сыр  сезім  тоғысы, 
суреткерлік  пен  ойшылдық  оқырманын  талай  рет  тамсандырып,  небір  дуалы 
ауыздардың  ілтипатына  ие  болып,  өзіне  тәнті  еткен.  Атын  атауға  жасқанып, 
бұқпантайлаған  заманда  да  тасты  жарған  тас  бұлақтың  суындай  нәрлі  поэзия 
жасырып оқыған талай жүректі өзіне баурап, өзгеше күйге бөлегені шындық. Мағжан 
поэзиясының  осынау  құдірет  күшін  өз  замандастары  толық  мойындап,  кейі  ашық, 
кейі жұмбақтап болса да жазып та, айтып та кеткен.  
Мағжан  шығармашылығының  биік  деңгейге  көтерілуінде  халық  ауыз 
әдебиетінің  маңызы  зор  болған.  Поэтикасының  пайда  болуы,  көркемдік  стилінің 
тууы, образ жасау принциптерінің дамуын, шығармасындағы халық тілінің айшықты 
кестелерінен дәстүрлі фольклордың элементтерін кездестіруге болады, фольклордағы 
көркемдеуші құралдарды пайдалануда да өзіндік стиль ерекшелігі болған [1, 208 б.]. 
Мағжан  Жұмабаев  өлеңдерін  оқи  отырып,  өзі  көп  айтатын  тылсым  буғандай 
әсерге енесің, таңғаларлық күй кешесің, ойлар мен толғамдардың терең тұңғиығына 
сүңгіп, әсем суреттер дүниесіне кіресің, не суық, не жылы, әлде жарық, әлде көмескі 
сезімнен  хабар  беретін  алуан  бояудың  сырларына  қанығып,  ақынның  құдіретті 
шеберлігін мойындайсың. 
Ақын тау туралы толғансын, не дархан даланың кеңдігін  жырласын, тіпті көл 
немесе  жазғы  таңды,  қысқы  кешті,  егінді,  не  жар,  күн,  ай  жайында  айтсын,  бірінші 
кезекте  өзінің  дүние  түсінігі,  ішкі жай күйі тұрады, сонысымен айнала  әлемді  бірге 
толғандырып, бірге тебіренеді. 
Ақын  жырларында  табиғат  пен  адамның  жан  дүниесі  бірге  өріліп,  бірге 
қанаттасып  жатады.  Әлем  құбылысы  санамен,  көңілмен  үндесіп,  сұлу,  сырлы,  тіпті 
кейде  ақыл-ойға  сыймайтын  фантастикалық  суреттерді  көз  алдыңа  келтіреді.  Сөз 
көбіне  ойдың  білінер-білінбес  сыртқы  қауызы  ғана  сияқты  көрінеді  де,  ақынның 
құдіретті  шабытымен  кестелеген  түпкі  мағына  сурет  болып  санаңа  еніп,  сезіміңді 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
240 
қалай билеп алғанын білмей де қаласың. «Жазғы жолда» деген өлеңінде ақын былай 
дейді: 
 
 
Дала. Дала. Сар дала! 
Жапан түзде бір қара... 
Шілде. Оттай ыстық күн. 
Дала – өлік. Жоқ бір үн. 
Ж.Аймауытов  Мағжанның  ақындық  өнері  туралы:  «Суретті,  кестелі,  көркем 
сөз  Мағжаннан  табылады,  Мағжанды  ақындық  жағынан  сөзсіз  Пушкинге  теңеуге 
ауыз барады»,  - деп анық та ашық жар салды.   Мағжанның ақындық табиғатын тап 
басып таныған ол Мағжанды «ұлт ақыны», яғни ұлтын сүйген ақын деп біледі. Оны 
Пушкинге теңеуінде де осы негіз жатыр. Мұның өзі ұлылардың ең алдымен ұлтына 
қызмет  етерінің,  ұлтына  еткен  еңбегі  арқылы  өзгелердің  де  жүрегіне  жол  табарын 
танытады.  Ал  Мағжанды  ақындық  шеберлігі  мен  суреткерлік  шеберлігі  жағынан 
Пушкинге  теңеген  тек  Жүсіпбек  Аймауытов  қана  емес,  Валерий  Брюсов  те  оны 
«қазақтың Пушкині» деп атаған [2, 331 б.]. 
С.Мұқанов М.Жұмабаевқа:  «Әдетте  Абайды философ  ақын, Мағжанды лирик 
ақын  дейміз.  Абай  ақылдың  ақыны  да,  Мағжан  сезімнің  ақыны»  деп  баға  берген. 
Махаббат  –  әлем  поэзиясындағы  Абай  арқылы  жаңаша  жаңғырды.  Ол  жырлаған 
«Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» сияқты өлеңдері махаббат сезімдерін 
асқақ  гимнге  айналдырып  жіберді.  Ал  табиғатынан  лирик  М.  Жұмабаевтың 
шығармашылығында да махаббат тақырыбы айрықша орынға ие. Мағжан Жұмабаев 
поэзиясынан  кеңес  тұсында  датталмаған,  күйе  жағылмаған  өлеңді  табу  қиын. 
Махаббат  лирикасына  дейін  сынға  ұшырады  [3,  38  б.].  Мағжанды  өз  кезінде  ақын 
ретінде  танытқан да осы махаббат  жайлы  өлеңдері болатын. Бұл  туралы кезінде  Ж. 
Аймауытов «Ақын махаббатқа сенеді, жүрегі сезеді, махаббатсыз өмірде мағына бар 
деп  білмейді.  «Көңілді  ашатын,  жалынды  басатын,  жалғыздыққа,  зарыққанда, 
талыққанда  жүрекке  ем  болатын  жалғыз  ғана  махаббат,  адам  шын  сүйсе,  махаббат 
жүректі жыралайтын тікенек! Жар сүйсе жүрек жазылады, сүймесе өледі, махаббат – 
бір тәтті у, дүниенің у-шуы махаббаттай күшті әсер бере алмайды» – міне ақынның 
махаббатына  көзқарасы.  Бірақ  махаббатты  мәңгі  деп  ұқпайды.  Кейде  махаббат  тез 
сөніп  қалуға  мүмкін  деп  қарайды»  деген  пікір  айтқан.  Бұл  жолдарды  Жүсіпбек 
Мағжанның «Махаббат не?» өлеңінен жазған. 
Махаббат – бір тікенек, 
Жүрекке барып қадалар. 
Бақытсыз ғой бұл жүрек, 
Тамшылап одан қан ағар [3, 38 б.]. 
«Сүйгенім  анық»  атты  өлеңіндегі  сезімнің,  яғни  махаббаттың  да 
өзгеретіндігін жырлаған. 
Алдағаным жоқ, 
Арбағаным жоқ, 
Сен сөзіме, сұлу қыз! 
Тап сол сағат 
Сүйгенім хақ, 
Куә мынау көп жұлдыз!    
деген жолдарды меңзеп отырғандай.    
Әйел сүйем, бірақ емес сендерше, 
Мен сүйемін, жан-денесін бергенше. 
Жан денесін бірдей алам, улаймын, 
Қысып сүйем, құшағымда өлгенше, -  

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
241 
деп   жырлаған ақын үшін  махаббаттан күшті нәрсе жоқ. Өмірдегі ең  қымбат, 
ең  асыл  –  махаббат.  Ол  оны  тақ  пен  тәжге  де,  тіпті  дүниенің  бар  байлығына  да 
айырбастамайды. Өйткені шын ғашық болудан артық бақыт жоқ. Ақын: 
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да! 
Жылы, тәтті у тарады қаныма. 
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін 
Патша тағы, бүкіл дүние малына», -  
деп  жырлайды.  Сезімді  бұлайша  асқақтата  жырлау  бұрын-соңды  қазақ 
поэзиясында кездесе бермейтін. Мағжан Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасындағы» 
«саған құрбан мал мен бас» деген ойларды ары қарай дамыта, тереңдете алып кетіп, 
махаббаттың  сиқырлы  сезімінің  құдірет  күшін  жан  дүниесімен  жайып  салады. 
Сүйіспеншілік сезімдерінсіз адамдардан адамдық істер күтуге болмайды. Махаббат – 
адам өмірінің мәні. Ақын тағы бірде ғашығыңды: 
«Жалындап күйіп, 
Бір ғана сүйіп, 
Өлсең де болмай ма?» –  
деп  сауал  тастай  жырлайды.  Өйткені  адамды  адам  қылатын,  ақынды  ақын 
қылатын  –  махаббат.  Гүл  болмаса,  бұлбұлдың  сайрамайтындығы  сияқты,  ғашық 
болмаған  ақын  да  жырлай  алмайды.  Шын  сүйген  ақын  ғана  шабыттанып,  шын 
жырлай біледі.  
Сүйіспеншілік – Мағжан поэзиясының өзегі, қаны, жаны, жүрегі. Оның «Сүй, 
жан  сәулем»,  «Төгілген  шашы»,  «Күміс  нұрлы  ай»,  «Шолпан»,  «Сүйгенім  анық», 
«Хор  сипатты  қарындас»,  «Жас  сұлуға»,  «Сәуле»,  «Гүлсім  ханымға»,  «Жұлдызды 
жүзік, айды алқа ғып берейін» т.б. өлеңдерінде адам жанының сүйгеніне деген не бір 
тылсым  сырлы  әсем  өрнек  тапқан.  Осы  өлеңдерінің  қай-қайсы  болса  да  өзінше  бір 
әлем,  бір-бірін  қайталамайды.  Шетінен  самалдай  соғып,  жібектей  желпіп,  жүректі 
тербетіп, ғажап бір күйге бөлейді [3, 39 б.]. 
Символизм  алғаш  әлем  әдебиетінде  романтизммен  бірге  болды.  Кейін 
романтикалық  сарын  өршіл  және  кері  тартпа  болып  екіге  бөлінгенде,  ойды  бейнелеп 
жеткізуде  шындық  пен  жалғандықтың  ара  салмағын  өлшеп  көрсететін  әдеби  құралға 
айналып,  ХІХ  ғасырдың  ортасында  әдебиетте  романтикалық  сарын  мен  реалистік 
шындыққа қосымша жаңа әдеби әдіс болып, Еуропа және орыс әдебиетінде қалыптасады.  
Нәтижесінде символизмге  реализм  тәсілі енеді де,  сол  арқылы  символизмдегі 
образдап  айтар  ойдың  аясы  кеңейіп,  мазмұны  өзгеріп,  романтикалық  сипаты 
реализмге ауысады. Қоғамдағы саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты, бірде күшейіп, 
бірде жоғалып отырады. Оны пайдаланушылардың да көзқарастары әр түрлі болады. 
Өмірдің  шындығын  шығармада  ашып  жазудың  қажеті  жоқ,  оқыған  адам  қалай 
қабылдаса солай болуы  керек дегендер, сөз сиқыры арқылы айғақ образды ойларын 
оқырман  санасына  сендіру  арқылы  жеткізіп  қайғыртып,  қуантып,  түрлі  көңіл  күйге 
бөлеуі керек деушілер де табылды.  
Сондай-ақ  символизм  –  қоғамдық  басқару  жүйесіндегі  кемшіліктермен 
көзқарасы  келіспегендерді  қоғамнан  аластаудағы,  қоғамдық  бәсекелестік 
күшейгенде, тәртіп сақшыларының қолданған қаруы да болған. Бұдан символизмнің 
үлкен күрделі процестерді бастан кешіп, дамып келе жатқандығы, оның өміршеңдігі 
ғана  емес,  тағдырының  да  көп  жағдайда  қоғамдық  билікпен  тікелей  байланысты 
болғандығына дәлел.  
Себебі ашық айтылған ой бақылауға  алынып қудаланса, баспасөзде  жазылған 
пікірлерді  цензура  жібермеді.  Осыдан  келіп  мағынасы  сырғымалы,  ойы  екі  ұшты, 
тұманды  тұйыққа  тірейтін,  абстрактылы,  философиялық  шығармалар  пайда  болды. 
Ол бастапқыда поэзияда көрініс берсе, кейін прозаға ауысты [4, 19 б.]. 
Мағжан  өзінің  «Толқын»  деп  аталатын  өлеңінде  сөзден  сурет  жасай  отырып, 
толқындардың  тебіренісі  әр  түрлі  болып  келетіндігіне  назар  аудартады.  Сондықтан 
оның  толқындары  нәзік,  сырттай  қарағанда  өмірге  қатер  тудырмайды.  Сылдырап 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
242 
аққан бұлақтың бетінде бірде көпіршіп, бірде иіріле ағатыны зиянсыз. Еркелей күліп, 
еріне басып, бірін-бірі қуалай ойнап, жылтырай жылыстап, сырғанай сырғып ағатын 
арық  сулары  мен  бұлақтардың  бетінде  мың  бұрала  билейтін  қарапайым  толқындар. 
Оны  Мағжанның  қызықтайтын  себебі,  су  аққан  кезде  табиғаттың  өзі  тудырып, 
қызықтырып  барып  тарап  кететін  құбылысынан.  Қасына  жақындағысы  келгенді 
шетке  қақпайтын  жылы  мінезді  болғандығынан  қатерлі  емес.  Солай  көрінсе  де 
Мағжан оның қимылына, біріне-бірі жұтып жіберетін адамдардың жымысқы әрекетін 
көреді. Толқынмен толқын сырласып бірін-бірі қуалай алдап, еркелей ойнатып, жар-
жағалай  жарыса  жүгірген  болып,  абайсызда  итеріп  құлатып  жіберген  соң,    өтірік 
жылап көз жасын сүртіп, жағалауға кейін қарай шегініп, өзге толқындардың соңынан 
ілесіп, көрінбей кететін адам әрекетінің образын ойға салады. Жартасқа сүйеніп көз 
жасын  сүртіп,  сылқ-сылқ  күліп,  бірінің  ізін  бірі  аңдып,  қуалай  жорғалап,  жоғалып 
жататын адам тағдырымен астарлайды. Осылайша философиялық қиялында өмірдің 
толқынды құбылысының қозғалысын ойға салғандай образдайды. Бұл  – Мағжанның 
сөз  суреткері  екендігіне  куә.  Онда  адам  өміріне  қатер  төндіретін  таудай  үлкен 
толқындар  болмағанымен,  сыбырлай  сылдырлап,  былдырлап  ұрланып  аққан 
толқындардың  да,  назарға  іліге  бермейтін  қатерлі  тұстары  бар  екендігін  аңғартқандай 
болады.  Мағжан  ескі  қоғамдағы  маманның  орнын  жаңаның  ауыстыруын  су  бетіне 
көтеріліп  келіп,  көрінбей  жоғалып  кететін  толқынның  образында  бейнелейді.  Бұл  – 
ұрпақты ұрпақ ауыстыратын өмірдің философиялық құбылысы. Өлеңнің сыртқы суретінен 
табиғаттың көркем көрінісін көрсек, ішкі астарынан адам тағдырын танимыз [4, 24 б.]. 
Мағжанның  символистік  тәсілін  екі  арнада  қарастыруға  болады.  Алғашқысы, 
этногенетикалық тегімізбен байланысты. Себебі, Мағжанның шығармашылығы қазақ 
әдебиетінің  ояну  дәуірімен  тұстас  келгендіктен,  ұлтының  көне  тарихын  тірілту 
арқылы  ұлттық  санасына  қозғау  салуға  ұмтылды.  Екіншісі,  Еуропа  және  орыс 
әдебиетінің  озық  тәсілдерін  пайдалана  отырып,  қазақ  әдебиетін  жанрлық  және 
көркемдік  жағынан  байытты.  Этногенетикалық  тарихымызға  назар  аударсақ,  қазақ 
символизмінің алғашқы бастауы тау шатқалдарындағы  қашап салынған суреттерден 
басталған.  Ата-бабаларымыз  дүние  танымдарын  аңдардың,  құстардың  образында 
бейнелеп  отырған.  Бұл  сол  кездегі  ата-бабаларымыздың  ойларын  суреттермен 
образдап  айта  білгендігін  дәлелдейді.  Демек,  қазақ  даласындағы  тау  шатқалдарына 
қашап  жазылған  суреттер  образды  ойлау  адам  жаратылысымен  бірге  келе 
жатқандығын дәлелдейді.  
Тұспал  сөз  бен  астарлы  сөзде  халықтардың  өмір  салты,  жеке  адамдардың 
тағдыры,  олардың  арасындағы  қарым-қатынастар  мен  іс-әрекетіне  қозғаушы  болған 
себепкер  сөз  болады.  Тұспалдап  тудырудың  тәсілі  шексіз,  ол  ақынның 
тапқырлығына,  ұшқыр  қиялына  да  байланысты  болып  келеді.  Себепсіз  ән  тумайды. 
Ән  бойындағы  астар  мен  тұспалдың  мәнін  ашу  үшін  оны  тудырған  өмірлік 
жағдайларды  анықтамаса,  мәнін  түсіну  де  қиын.  Тұспалдап  айту  Ақан  серінің 
өлеңдерінде  мол  кездеседі.  Ақан  Жамал  деген  қыздың  атын  арабтың  үш  әрпімен 
жұмбақтаса,  Ыбырай  өз  сүйіктісін  «Гәкку»  дейді.  Біржанның  «Ләйлім  Шырақ», 
«Көлбай-Жанбай»  әндерінің  негізі  шідерді  «жоқтау»  тәрізді  болып  көрінсе  де, 
шындығында кәріліктің аяғына тұсау бола бастағандығын білдіреді. 
Символист ақындарды ақсүйектер әдебиетінің өкілдері дейтін сыры да осыдан. 
Ендеше ойды бейнелеп айту тәсілі, этногенетикалық қанымызбен қабысып, көнеден 
келе  жатқан  дәстүр  десек,  С.Кенжеахметов:  «Қазақ  халқының  символизмі,  ұлттық 
психологиямызға  негізделген.  Ол  ішкі  сезімдер  мен  іс-әрекетті  сөзбен  айтпай, 
ыммен,  ишарамен,  қимылмен,  еппен  сездіретін  ұғымдар  болып  табылады.  Мұны 
әдет-ғұрып деп атайды», - дейді. Осы әдет-ғұрыптарды өзінің пайдалану тәсілдеріне 
қарай  қолданудың  нәтижесінде,  ішкі  көңіл-күй  сезімдерін  тапқырлықпен  сыртқа 
шығарып  отырған.  Ым  мен  қимылды  іс-әрекетте  қолдану  көп  сөзді  шығындамай, 
ойды  астарлай  айтудағы  бір  тәсілі.  Ата-бабаларымыз  ыммен  білдіретін  ойларын 
орынсыз қолданбай, белгілі мақсатқа бейімдеген. Ол поэзияға түскенде көркем әдеби 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
243 
тәсілге  айналған.  Сондықтан  тілмен  айтып  жеткізе  алмаған  ойды  ишарамен,  ымдап 
білдіру  ұлт  ғибратының  бір  қыры  деп  қарағанымыз  жөн.  Бұдан  ел  ішіндегі 
алауыздықты  пәтуалы  сөзбен  тоқтату  үшін,  бет  пішіндегі  мимикалық  қозғалыс  пен 
сесті  қимылдарды  да  қолданғандығын  байқаймыз.  Ендеше,  ойды  бейнелеп  айтудың 
да адам тәрбиесінде маңызды міндет атқарғандығына көз жеткіземіз [4, 37 б.].   
Елінің  мұң  мен  зары  кенеуінен  асып  тұрған  кезеңдерде  жазылған  «Қысқы 
жолда» деген өлеңінде жасырын тұрған символикалық меңзеу бар. 
Қараңғы түн, сар дала, 
Көрінбейді айнала. 
Боран соғып тұр борап, 
Жолды басқан құр сорап, 
Астымдағы жануар 
Құлағын қайшыландырып, 
Зорға борт-борт желеді, - 
деп, сол кездегі қазақ  халқының басына  түскен ұлы  нәубеттен ұлтының аман 
шығарына  Мағжан  көңілі  күдікпен  қарайды.  Лирикалық  қаһарман  мінген  Қаракөк 
«Зорға  борт-борт»  желеді.  Борт-борт  желіп  келе  жатқан  ақынның  көңіл  күйі, 
ақынның  ғана  емес  тарихтың  айрық  жолы  тағдырын  шешпек  халықтың  көңіл  күйі. 
«Ашуы ашыған у, ойы кермек» болған ақын бұдан әрі: 
Боранын тәңірі ашпады, 
Жол білінбей бастады 
Көрінген бір жарық жоқ, 
Босаңсиды Қаракөк 
Сар далада адасып, 
Суық кебін жамылып 
Қаларын кім біледі?- 
деп,  қазақ  халқының  алған  бағыты,  бет  бұрған  күрес  жолы  дұрыс  па  деген 
сұрақ қояды. Ақын жаны жауап таба алмайды, күмәні көп.  
«Суық кебін жамылып,  
Қаларын кім біледі?»  
деген күдікті көңілде күңіренген күрсініс бар [5, 341 б.]. 
Жүрегі  сезімтал,  ойы  жүйрік  ақын  қазақ  халқының  алдында  тұрған  сан  тарау 
жолдың қиындығын ерте сезгендей. «Жазғы жолда» деген өлеңіндегі: 
Айнала – өлім, ешбір үн, 
Жапан түзде жалғызбын. 
Перісі неге келмейді.   
Немесе: 
Жол жыландай иіріліп, 
Шаң ерініп үйірілген, 
Ешбір леп жоқ, тып-тыныш. 
Аңсап есім жия алмай, 
Көзімнің жасын тыя алмай, 
Өлсем екен тұншығып, -   
деген  өлең  жолдарынан  ақынның  нәзік  жанымен  астасып  жатқан  түйіткіл 
мұңды танимыз. Жаздың жадыраңқы суретінен де, қыстың қытымыр түрінен де ақын 
жаны  тыншу  таппайды.  Табиғат  суреті  мен  ел  тағдырын  салыстыра  бейнелі  де 
бедерлі сурет жасайды. «Қараңғылық қоюланып келеді» деген өлеңінде: 
Пеш ішінде шоқ ақырын сөнеді, 
Сөнген шоқты үріп бала күледі. 
Ой басты ма? Әлде көзім талды ма? 
Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді, - 
деп,  қазақ  халқы  үшін  қараңғылықтың  бұрынғыдан  бетер  қоюланып  келе 
жатқандығына, қазақ елін жарық таңға жеткізер сәулелі үміттің алыстығына налиды [5, 342 б.]. 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
244 
«Сағындым»,  «Сарғайдым»,  «Түс»,  «Анама»,  «З-ға»  сияқты  өлеңдері 
Мағжанның түрмеде жазған шығармалары. «Сарғайдым» деген өлеңінде ақын: 
Сарғайдым күннен-күнге қуат кеміп, 
Қалың ой – жылан жүректі еміп. 
Ақырын бітіп барам жанған шамдай, 
Көзіме ыстық жастар мөлт-мөлт келіп. 
Жасаған! Тез алатын ажал жоқ па? 
Қинама, тез өлейін, ұшыр оққа! –  
деп, түрмеде ауыр хал кешіп, темір торға қамалған ақын жанының арпалысын 
танытады.  Ақынның  тілегені  –  өлім  емес,  ерлік.  Өлім  түрмеден  де  табылады,  ақын 
ондай өлімді місе тұтпайды, ерлік өлімді қалайды. Ол өзінің «Алдамшы өмір» деген 
өлеңінде осы рухтағы өршіл ойын нәзік сезімге көмкеріп береді: 
Өмір, шіркін, бықсып ақырын сөнеді, 
Үміт, шіркін, тотығады өледі. 
Өлді үміт, мен де ұзамай өлемін, 
Соққы жеген сорлы жүрек біледі.  
Өлең шумақтарын оқып отырып ақынмен бірге егілесің, мұңаясың. Бірақ ақын 
үмітінің  сөнбейтініне  сенесің.  Бостандықтағы  ой-армандарының  орындалмай 
қалғандығы  ақынды  уақытша  налытады.  Торыққан  көңіл  жанына  саяны  өлімнен 
іздейді. Ақын сөнген үміттен өлімді артық көреді [5, 345 б.]. 
ХХ  ғасырдың  басында  әдебиет  әлемінде  қатар  қанат  қаққан  ақындардан  Мағжан 
Жұмабаевтың  басты  ерекшелігі  өлең  өрімінің  өзгеше  сұлулығы  мен  саздылығында, 
бұрынғыдан ақталған ырғақ пен әуезділік үрдісінің жаңа үйлесім табуында. 
Мағжан туған табиғатты жырлап, кіршіксіз тазалықты, сезімнің тұнба тұнығын 
содан іздейді.  Ақынның шерлі жүрегі соған ғана  тағат тапқан. Ол туған табиғаттың 
сұлулығын  паш етіп,  адам мен  табиғат  бірлігінен  нақтылық  іздейді.  Ақынның  табиғатты 
жырлаған  өлеңдері:  «Қайық»,  «Жел»,  «Толқын»,  «Көкшетау»,  «Алатау»,  «Жазғытұры», 
«Күз» және т.б. Оның лебінен жылылық ескен әдемі өлеңінің бірі – «Жел». 
Мазасы жоқ жел ерке, 
Оянып ап тым ерте, 
Жорғалай басып кетеді. 
Тыныш жатқан түс көріп, 
Көлдің бетін кестелеп, 
Оны әуре етеді. 
Мұнда  ақын  желдің  «ерке  мінезін»,  ешкімге  мойынсұнбас  еркіндігін  баса 
жырлайды. Өйткені ақын жаны да сол еркіндікті аңсайды.  
Мағжан  –  қазақ  поэзиясының  саздылығын,  әуезділігін  арттырған,  соған  көңіл 
бөле  отырып,  арғысы  француз,  бергісі  орыс  символистерінің  өлеңдерінен  дәстүр 
тапқан  ақын.  Еуропа  ақындарының  шығармашылығындағы  мөлдір  бұлақтан 
сусындай  отырып,  оны  қазақ  поэзиясының  сұлулығымен  үндестіре  білген  ақын. 
Мағжанның  жаңашылдығын  осы  тұрғыдан  таныған  жөн.  Мағжан  –  қазақ 
поэзиясының  жарық  жұлдызы  ұлы  Абайға  еліктей  отырып,  ұлы  ұстаз  жолын 
ұстанғанмен өзінше жол табудан жалықпай, көп ізденген жан. Өлеңдеріндегі табиғат 
суреттері,  оның  тылсым  шақтары  ақын  көңіл-күйімен,  мұң-қайғысымен,  қуаныш-
шаттығымен  қат-қабат  келіп  отырады.  Осының  бәрі  тұтаса  келіп,  Мағжан  суреттеп 
отырған  дәуірдің  бейнесін  толық  ашып  береді.  Сондықтан  да  бейнешілдікті  ең 
шырқау  биігінде  көрсету  үшін,  ақын  өз  басындағы  қайғы  мен  қасіретті,  мұң  мен 
зарды халық басындағы ауыр күндерін астастыра жырлайды. Ол қандай сөз қолданса 
да  талғап,  ой  таразысынан  өткізіп,  өлеңнің  ішкі-сыртқы  тұтастығының  сай  келіп 
отыруын  көздеген.  Өйткені  оның  өлеңдерінен    басы  артық,  бос  сөздерді  кездестіре 
алмайсыз.  Қай  өлеңін  алсаң  да  белгілі  бір  ырғақпен,  әдемі  әуезбен,  сөз  өнерінің 
сиқырлы  әлеміне  тарта  береді.  Сондықтан  да  Мағжанның  «суретті,  кестелі,  көркем 
сөзі» ешкімге ұқсамас өзіндік өрнек.  

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
245 
Мағжан  –  қазақ  поэзиясында  өзіндік  жаңашылдығы  мен  дәстүр 
қалыптастырған,  соны  ізденістері  арқылы  өзіндік  өнерпаздығына  ғана  тән  әдеби 
әдістер  әкелген  ақын.  Ол  қазақ  лирикасына  сыңғырлаған  нәзік  әуез  нәрін  құйып, 
ұлттық рухты ұлттық сезімнен қуат алған өзгеше үнмен жырлады [5, 351 б.]. 
Мағжан  Жұмабаев  –  ұлтымыздың  мақтанышы,  халқымыздың  бағына  туған 
жарық жұлдызы. Мағжандай ақынның өлеңдерімен сусындап өскен ұрпақ – бақытты 
ұрпақ.  Ол  жастарға,  яғни  бізге,  үлкен  сенім  артып,  еліміздің  атақ-даңқын 
шарықтататын жас ұрпақ екеніне кәміл сенген.  
 
Әдебиеттер: 
 
1.
 
Қанарбаева Б. Жырымен жұртын оятқан. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 232 б. 
2.
 
Әбдиманұлы  Ө.  ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ  әдебиеті:  оқулық.  –  Алматы, 
2012. – 408 б. 
3.
 
Ысқақұлы Д. Әдебиет алыптары. – Астана: Фолиант, 2004. – 304 б. 
4.
 
Қанарбаева Б. Мағжан символист: Зерттеу. – Алматы, 2007. – 288 б. 
5.
 
Жұмабаев  М.  Өлеңдері,  прозасы  және  әдеби  зерттеулер.  –  Петропавл, 
2006. – 428 б. 
 
Кадыров Ж.Т., Жамбек С.Н., Кошанова Ж.Т. 
Художественный мир поэзии Магжана Жумабаева 
 
В данной статье путем анализа художественного мира поэзии М.Жумабаева, 
сравнения  особенностей  применения  слов  выявлены  особенности  созвучия  его 
стихов.    Описываются  значение  темы  любви,  влюбленности,  которые  являются 
актуальными  в  его  творчестве.    Рассматривается  мастерское  применение 
элементов символизма, связанных с этногенетическим происхождением поэта.  
Ключевые  слова:  поэтика,  символизм,  романтизм,  фольклор,  поэзия,  проза, 
образ, символическое направление, этногенетическое происхождение, пауза.  
 
Kadyrov Zh.T., Zhambek S.N., Koshanova Zh.T. 
The artistic world of magzhan zhumabayev’s poetry 
 
The 
given 
article 
deals 
with 
the 
analysis 
of 
the 
artistic 
world                                          
of M. Zhumabayev’s poetry through the comparative interpretation of the peculiarities of 
vocabulary use and the common features of assonance. It also  focuses on the concepts of 
love and amorousness – relatively topical themes in his works. 
The  paper  scrutinizes  the  proficiency  of  application  of  the  symbolic  elements 
connected with the ethnogenetic background of the poet. 
Keywords: poetics, symbolism, romanticism, folklore, poetry, prose, image, symbolic 
direction, ethnogenetic background, pause. 
 
*** 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
246 
 
 
 
 
УДК 81(574)  
Абуханова А.Г. – кандидат филологических наук,  доцент, 
 ЗКГУ им. М.Утемисова 
Кожахметова Р.Б. – магистрант ЗКГУ им. М.Утемисова  
E-mail: rauwan_91@mail.ru 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет