Көру түйсіктері. Көру мүшесі болып табылатын көз — анатомиялық құрылысы күрделі сезім мүшесі. Оның негізгі бөлімі — көз алмасы. Көз алмасы үш түрлі қабықпен (ақ түсті, тамырлы және торлы) қапталған шар тәріздес нәрсе.Екі бүйірінен қысылғандай ұзарыңқыраған шар тәрізді көз алмасын қоршап тұрған үш қабығы болады. Сыртқы қабықты ақ қабық деп атайды. Ақ қабықтың алдыңғы жағы дөңестеніп қалың қабыққа айналады. Көздің торлы қабығына жарық сәулесі осы қасаң қабық арқылы өтіп отырады. Сыртқы ақ қабықтың астыңғы екінші қабығы — тамырлы қабық. Тамырлы қабықтың алдыңғы бөлігі — нұрлы қабық деп аталады. Көздің түсі осы нұрлы қабықтағы пигментке байланысты түрліше болып келеді. Нұрлы қабықтың ортасында қарашық орналасқан.Көз дистанттық рецепторға жатады, өйткені ол сезім мүшелерінен біршама қашықтықта жатқан заттар мен сыртқы дүниеде болып жатқан кұбылыстар жөнінде білім береді.Көру түйсіктері біздің көзімізге электромагнит толқындарының әсер етуінің нәтижесінде пайда болады. Егер бір уақыттың ішінде көзімізге ұзындығы 380-нен 780 миллимикронға дейін (миллимикрон мм-дің 1/1000 000 бөлімі) электромагнит толқындары әсер етсе, біз жарықты сеземіз. Белгілі ұзындығы бар әр түрлі толқындар әсер етсе ғана көз заттардың түсін (бояуын) ажыратады. Мәселен, қызыл түс ұзындығы 700 миллимикрон, жасыл түс 300 миллимикрондай ұзындықтағы электромагнит толқындарының әсер етуінен пайда болады. Спектрге (спектрум – латын сөзі, қазақша көріну деген мағынаны білдіреді) қараған кезде одан табиғаттағы жеті негізгі түсті және олардың сансыз реңдерін айыруға болады. Ересек адам түстің 180-дей жеке түрлерін және он мыңнан астам реңктерін ажырата алады.Заттар мен құбылыстардың түстері хроматикалық (қызыл, қызғылт, сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін) ахроматикалық яғни бояусыз (ақ, қара және барлық сұр түстер) болып екіге бөлінеді. Хроматикалық түстер үш түрлі сапамен (түстің ашық болуы, реңкі, қоюлығы), ахроматикалық түстер тек ашық болуымен ғана ажыратылады.Заттардың түстерін көру «үш түсті көру» теориясымен түсіндіріледі. Осы теорияны алғаш ұсынған ұлы орыс ғалымы М. В. Ломоносов болса, кейіннен оның көзқарасын неміс ғалымы Г. Гельмгольц зерттеп жалғастырған. Осы аталған ғалымдар көздің тор қабығында үш түрлі жұмыр клеткалар бар, олардың бір-бірінен айырмашылығы жарық сәулелерінің әсерін түрліше сезетіндігінде деп жорамал жасады. Егер көзге ұзын толқынды сәуле әсер етсе, онда бірінші жұмыр жасушалар қозу күйінде келеді де, осының нәтижесінде адам қызыл түсті түйсінеді, екінші жұмыр жасушалар қозса — онда жасыл түсті түйсіну пайда болады да, үшінші жұмыр жасушалардың қозуы — күлгін түсті түйсінуге мүмкіндік береді. Осы үш жұмыр жасуша қатар қозатын болса — адам ақ түсті түйсінеді, ал бұлардың қозу күші түрліше болса — аралық түстерді түйсінеді.
Заттың түстерін дұрыс айыра алмау көздің тор қабығындағы осы аталған үш түрлі жұмыр клеткаларының жұмысына зақым келуден болады. Кейбір адамдардың көзінің түстерді айыра алмайтын кемістігі болады. Айналадағы заттардың бәрі ол адамға қоңыр болып көрінеді. Көздің осындай кемістігін — дальтонизм дейді. Ондай адам, әсіресе, қызыл және жасыл түсті айыра алмайды. Ер адамдардың 4-5 пайызы дальтондық болса, әйелдер 0,5 пайызы ғана. Сонымен кӛру түйсінуі дүниені тану процесінде өте маңызды орын алады.Мұндай адамдарды кейбір мамандықтар бойынша жұмысқа қабылдамайды. Мәселен, паровоз машинистері, жүргізушілер мен трамвай жүргізушілер түстерді жақсы ажырата білуі қажет. Өйткені светофорда тек қызыл және жасыл түс қана болады. Осы түстерді ажырата алмай қалушылық, транспорттың апатқа ұшырауына себеп болады. Сондықтан осындай жұмыстарға адам алғанда олардың түсті айыра білу қабілеттерін дәрігерлік комиссия арқылы анықтап отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |