Халықаралық ұйымның Қазақстан экономикасына әсері қандай? Жанар Айтжанова, ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі: Мен үшін бүгін 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 24 жылдығын атап өтіп жатқанда осы биік мінберден ДСҰ 162-ші жаңа мүшесі ретінде баяндама жасау - үлкен мәртебе.
Біздің ДСҰ мүше болуымыз оңай болған жоқ. Бұған келіссөздердің ұзақ болуы ғана емес, талқыланған мәселелердің күрделілігі де дәлел.
Қазақстанның осы ұйымға мүше болуы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың нарықтық экономика жағдайындағы батыл реформалары мен сауда-саттық жолдарын жеңілдетуі нәтижесінде мүмкін болды.
ДСҰ мүше болуы арқылы Қазақстан тек өндіруші салаға ғана емес, терең өңдеу саласына да ірі шетелдік инвесторларды тарту мүмкіндігіне ие болады.
Себебі шетелдік компаниялар қандай да бір елге қаржы салмас бұрын осында өндірген тауарын басқа елдерге қалай экспорттай алатынына қарайды.
Ал, ДСҰ мүше болу арқылы біз осы шарттарды жеңілдеттік. Кедендік салықтардың азаюы өз кезегінде тауарлардың арзандауына әкелуі тиіс.
Жанар Айтжанова, ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі: Үкіметтің Қаулысы бойынша Қазақстан 1300 тауарға ЕЭО қарағанда төмен импорттық баж салығын қолданатын болады. Ол ең бірінші көлік тауарлары, импортталатын дәрі-дәрімекке өтпелі кезеңнен кейін 0 пайыз кедендік баж қолданамыз.
Өнеркәсіп мұнай газ, тау-кен саласында қолданатын құрал-жабдықтарды үшінші елдерден 0 пайызбен импорттау. Осы өтпелі кезеңде біз ЕЭО елдеріне қарағанда төмен кедендік баж салығын қолданатын боламыз.
Бұдан бөлек, ірі инвесторлардың негізгі қаржы табу көзі саналатын қызмет көрсету саласына қатысты келісімдер де Қазақстанға әлемдік компаниялардың келуіне мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жаңа технологиялардың келуіне ең бастысы қызмет сапасының жақсаруына және арзандауына алып келері сөзсіз.
Жанар Айтжанова, ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі: ДСҰ өту барысында келіссөздер нәтижесінде біз осы қызмет көрсету саласына шетелдік инвесторлардың келуіне жағдай жасадық. Атап айтқанда, дамыған мемлекеттерде ІЖӨ құрамында қызмет көрсету саласы 70-80, кей мемлекеттерде 90 пайызға дейін болады. Ал, біздің елде бұл 54 пайыз. Сондықтан, бізде осы саланың өсуіне әлі үлкен жағдайлар бар. Сондықтан, біз өзіміздің қазақстандық инвесторларға мүмкіндік жасауымыз қажет.