Шартты рефлекс туралы ілім.
Шартты рефлекстер - бейімделуші, уақытша және қатаң түрдегі жеке рефлекстер. Олар үйретілген немесе табиғи ортаның әсеріне ұшырайтын түрдің бір немесе бірнеше өкілдеріне ғана тән болады. Шартты рефлекстер біртіндеп, белгілі бір ортада түзіліп, үлкен ми сыңарларының қалыпты жетілген қыртысы мен мидың төменгі бөлімдерінің атқартын функциясы болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда, шартты рефлекстер шартсыз рефлекстермен байланысты, өйткені олар белгілі бір материалдық субстраттың – нерв тканінің жауап әсері болып саналады.
Егер ұрпақтан-ұрпаққа рефлекстерді қалыптастыру жағдайлар тұрақты болса, онда рефлекстер тұқым қуалау, яғни шартсыз рефлекстерге айналуы мүмкін. Қызылшақа және қанаттанбаған балапандардың оларды азықтандыруға ұшып келген құстың ұяны қимылдатуына тұмсығын ашуы осындай рефлекске мысал бола алады. Ұяның қимылдауы азықтандырумен ұштасқандықтан, ал мұның өзі барлық ұрпақта қайталанатындықтан шартты рефлекс шартсыз рефлекске айналады. Алайда шартты рефлекстердің бәрі де жаңа сыртқы ортаға бейімделу әсерлері болып табылады. Ми қыртысын алып тастағанда шартты рефлекстер жойылып кетеді. Ми қыртысы зақымданған жоғары сатыдағы сүтқоректілер мен адам нағыз мүгедекке айналып, қажетті күтім болмаса, өлімге душар болады.
Шартты рефлекстердің түзілуі. Олардың түзілуі үшін мынадай жағдайлар қажет: 1) индифферентті (келешектегі шартты) тітіркендіргіш шартсыз тітіркендіргіштен бұрын әсер етуі тиіс (қорғану қимыл рефлексі үшін ең аз уақыт айырмашылығы 0,1 секундқа тең). Бұдан өзгеше реттілікте рефлекс қалыптаспайды немесе өте әлсіз болады да, тез сөнеді; 2) шартты тітіркендіргіштің әсер етуі белгілі бір уақыт бойы шартсыз тітіркендіргіштің әсер етуімен ұштасуы тиіс, яғни шартты тітіркендіргіш шарттсыз тітіркендіргішпен бекітіледі. Тітіркендіргіштердің осылайша ұштаса әсер етуін әлденеше рет қайталау керек.Сонымен қатар үлкен ми сыңарлары қыртысының қалыпты функциясы организмде ауру процестері мен бөгде тітіркендіргіштердің болмауы шартты рефлекс қалыптастырудағы міндетті шарт болып табылады. Олай болмаған жағдайда, қалыптастырылатын және бекітіле түсетін рефлекстен басқа, бағдарлау немесе ішкі мүшелер (ішек, қуық және т.б. ) рефлексі де пайда болады.
Достарыңызбен бөлісу: |