мəртебесі биіктеп, абыройы асқақтады.
А.
9
24 шілде,
№30 (458)
Əсілі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ
ғасырдың басында əлемдік философиялық-
эстетикалық ой-танымда Шəкəрім мен
Толстойдың есімдері қатар аталады.
Қоғамдық танымда, тіршіліктің барлық
саласында
орыс
білімпаздарының
жолын ұстана отырып Шəкəрім сол орыс
білімпаздарының ішінде Лев Толстойды
ерекше қасиет тұтқан. Неге? Мəселен,
Шəкəрімнің
«Танбаймын,
шəкіртімін
Толстойдың» деген сөзі тек қана əдебиетке
қатысты емес деп түсінеміз. Дүниеден
өтер шағында болсын Толстой Ислам
дінін қабылдап, жүзін құбылаға бұрған.
Ниет етіп, Алланың мəңгілік екеніне жəне
Мұхаммед пайғамбардың оның елшісі
екендігіне
сенген.
Солай
данышпан
жазушы өзін мұсылманмын деп есептеген.
Ал ол заманда Ислам дінін мойындаған
адамдардан қарағанда, атеистік көзқараста
тəрбиеленген адамдар көп болды. Ал
Шəкəрімнің Толстоймен рухтастығы Алланы
тану жолында болып отыр. Шəкəрімнің
Хақты танудағы пікірі өлеңдерінде де
көрініс береді. Сол замандағы исламшыл
діндарларға ғана емес, кертартпа дін
атаулының өкілдеріне Шəкəрімнің «Ақиқат
сырымды айтсам, Толстойдың, мың сопыны
алмаймын тырнағына» деуі – жоғарыдағы
сөзімізді растаса керек-ті. Жəне Шəкəрімнің
Толстойдың ізгілік пен бауырмалдықты
уағыздаған «Ассирия патшасы Асархадон»,
«Үш сауал», «Крез патша» əңгімелерін өз
тілімізде сөйлетуі бос харекет емес. Дала
ойшылы Шəкəрімнің Толстойды өзіне үлкен
ұстаз санауы даналар үндестігі болып
табылады. Себебі, Шəкəрім Толстойға
ұстаз ретінде қараған жəне өзінің көзқарасы
ұстазымен үндес келетіндігін жасырмаған.
Мəселен, Шəкəрім «Үш анық» атты əйгілі
еңбегінде Ар ілімін өте тереңнен қарастыра
отырып, ынсап, əділет, мейірім деген
ұғымдары арқылы ұждан мəселесін тағы
көтере отырып, Толстой дүниетанымының
көзқарасымен түйісер жерін байқайды.
Əйгілі жазушыны ғұлама білімпаз деген
пікірін растай түседі.
Мəселен,
Шəкəрім
Құдайбердіұлы
1912 жылы «Айқап» журналына «Алланың
адамды жаратқандағы мақсұты не?» деп
басталатын бес сауал жолдады. Əрбір
адам Алланың адамды жаратқандағы
мақсұтын əрқалай түсінеді, өздерінше
байлам жасайды. Бірақ, Шəкəрім ұстаз
ретінде Толстойдан жауап сұрады. Бірінші
сауалында Шəкəрім «Адамның арына
тиетін жағымсыз қылықтардың өзім білетін
бəрін тізіп жаздым да, осылардың ішінде
жəне біз білетін, арға ең ауыр тиетін не?
Соны сұраймын» дейді. Толстой оның
бұл сұрағына «Осы жазғандарыңның
бəрі адамшылық арға тиетін нəрселер.
Меніңше, арға ең ауыр тиетін іс бар. Ол –
егер адам көпшілікке, не жалпы қоғамға
зиян келетін хақиқат істі біліп, соны үш
нəрседен қорғанып, сол хақиқатты айтпай
қалса, сол арға өте ауыр тиеді. Бірінші,
сен өте бай болып сол хақиқатты айтсаң,
малыңа зияны тисе, екінші, сен мансап иесі
болып, сол хақиқатты айтсаң, мансабыңнан
айырылатын болсаң, үшінші, сол хақиқатты
айтсаң, басың жазаланатын болса. Міне, осы
үш түрлі зардаптардан қорғанып, көпке зиян
келетін хақиқатты біле тұра айтпай қалсаң,
арға ең ауыр тиетін осы» деп жауап береді.
Екінші сұрағында Шəкəрім Толстойдан
«Ірі шығармалар жазуға бет алдым. Бұған
қандай кеңес бересіз?» деп сұрағанда,
данышпан жазушы «Көп адамдар қатысқан
көлемді шығарма болсын, не ұсақ əңгіме
болсын, алдымен сол əңгіменің уақиғасына,
сол уақиғаның ізі, сыры, қоғамға байланысты
əрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік
болуға керек. Олай болмаған күнде əңгіме
дəл, қызықты болып шықпайды» деп жауап
береді. Ал, Шəкəрімнің «Жазушы, оның
ішінде мен өз жазғанымның дұрыс, терісін
сынай алмаймын. Өз шығармасының
қатесін қандай əдіспен көріп, сынап-түзеуге
болады?» деген үшінші сауалына Толстой
«Жазушының артық қасиеті – өз қатесін көріп,
соны түзей алуы. Бұл əркімнің қолынан келе
бермейді. «Біреудің қатесін біреу көреді»
деген де бар. Бəрінен, адам өз қатесін
өзі көріп, өзі түзегені артық. Өз қатесін өзі
түзей алатын қасиет адамның өз бойында
бар. Ол адамға біткен ақ жүрек. Егер
адам істеген ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне
сыната білсе, ақ жүректің нəзік сезімін
ашып бере алады. Ақыл толғауынан өткен
қорытындыны жүрек елегінен өткізу керек.
Жүрек ымбалына беріліп дағдыланған адам
өз мінін де, басқаның мінін де көре алады.
Сондықтан, əділ сыншың – ақ жүрегің» деп
жауап қайырады. Қос хакім жөнінде мұндай
мысалдар жетерлік.
Толстой граф, жоғарғы сославие өкілі
болса, Шəкəрім ұлы дала өміріндегі аса
ықпалды тұлғалар болған Кеңгірбай би мен
Құнанбайдың ұрпағы жəне ұлы Абайдың
немере інісі еді. Шəкəрім мен Толстойдың
өзара рухани үндестігімен қатар, екеуінің
өмір сүру салтында да үндестік бар. ХІХ
ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы
адамзат қоғамындағы айтулы төңкерістер
туғызған қатыгездік, дүниетанымы кең
тұлғалардың бірлесе қимылдауына алып
келді. Дүниенің, болмыстың адамзат
қоғамының болашағы туралы жазылған екі
тұлғаның шығармалары алдағы уақыттарда
салыстыра зерттеуді қажет етеді. Соңғы
жылдары Шəкəрім мен Толстойдың өмірі,
көзқарасы туралы жазылған еңбектер
қатары толығуда. Ал, Шəкəрім мен Толстой
үндестігінің Абайға барып тірелетіндігі
туралы да алдағы уақыттарда көптеген
дүниелер жазылуы тиіс.
Екі
ойшыл
өзара
рухани
жақындықтарына қарамастан, эстетикалық
құндылықтарды тануда екеуінің де таным
ерекшеліктері өзгеше. Мəселен, əдемілік,
мейірімділік жəне ақиқат ұғымдарының
ішінде Шəкəрім ақиқатты биік қояды. Себебі,
ақиқатты Алла жақтайды. Содан кейін
Шəкəрім жақсылық пен əдемілік атаулыдан
тұратын ұжданды үш анықтың соңғысына
жатқыза отырып, оған «Үш анық» атты
пəлсапалық трактатында ерекше тоқталады.
Толстойдан Шəкəрімнің ерекшелігі осы
болса, Шəкəрімнен Толстойдың ерекшелігі
ол мейірімділікті бірінші орынға шығарады.
Жəне Толстой өзінің «Өнер дегеніміз не?»
деген еңбегінің сүбелі бөлігін эстетиканың
аса маңызды мəселелеріне арнаған. Жалпы
Шəкəрім мен Толстойдың бүкілəлемдік
ой-таным мəселесіндегі үндестігі терең
танымды қажет етеді.
Жарты ғасырдан астам уақыттан
еріксіз үзілістен соң халық санасында қайта
жаңғырған Шəкəрім Құдайбердіұлының
халқымыздың əдебиеті мен мəдениетінде,
жалпы ой дүниесінде алатын орны
ерекше.
Ұлттық
құндылығымыздың
бастауы саналатын Ислам дінімен де
қайта қауыштық. Ұлы дала төсіндегі
данышпандардың
шығармашылықтағы
басты миссиясы Ұлы Алланы тану, оның
құдіретіне тамсану болды. Алла – мəңгілік,
Алланы ұлықтаған шығармалардың да
ғұмыры ұзақ болмақ.
ОНДА-МҰНДА
Ойбаян
Толстой мен Шəкəрім
Толстой мен Шəкəрім
«Оятқан мені ерте Шығыс жыры», «Жасымнан жетік білдім түрік тілін»
деп өзінің төл əдебиетімізден тысқарғы ең алғашқы өнеге мектебін еш
бұрмалаусыз нақты атаған, классикалық Шығыс поэзиясы мен тамырлас
халықтарға ортақ ортағасырлық түркі əдебиетін де таныған Шəкəрімнің
айрықша қадір тұтқан шайырлары Хафиз, Физули жəне Науаи болатын. Жəне
Шəкəрімнің Фирдоуси мен Сағдиді де, Иасауи мен Софы Аллаярды да жете
танығандығы еш күмəн келтірмейді. Осынау данышпан ақындардың ішінен
Шəкəрім Хафизді жанына ерекше жақын тұтады. Ұлы Абайдың тəлімін
көрген Шəкəрім өмірінің екінші жартысында Еуропа əдебиетіне, оның ішінде
орыс əдебиетіне айрықша ден қояды. Сөйтіп, дүниежүзілік ақыл-ой иелерін
жанына жақын тұтқан Шəкəрім өзінің барлық парасат-пайымын Алланы тану
жолына бағыштады. Бұл ретте жоғарыда аталған ақындардың Шəкəрімге
əсері болмай қойған жоқ. Кемел ойдың, пайымды парасаттың ең биік бастауы
Алланы тану, оны ұлықтау болып табылады. Бұл ретте көптеген шығыс
ойшылдары сияқты Шəкəрім де Алланы мадақтады, күллі жаратылысқа
талантымен таңданды.
Хамит ЕСАМАН
Оразаға орай
ЖАРАПАЗАН АЙТА БІЛЕСІЗ БЕ?
ЖАРАПАЗАН АЙТА БІЛЕСІЗ БЕ?
ЖАРАПАЗАН – РАМАЗАН АЙЫНДА ҮЙ АРАЛАП
АЙТЫЛАТЫН ДІНИ ӨЛЕҢ. КӨНЕДЕН ЖАЛҒАСЫП
КЕЛЕ ЖАТҚАН БҰЛ ДƏСТҮР ҚАНДАЙ ТҰСТА ДА
ӨЗІНІҢ МАҢЫЗЫН ЖОЙМАЙ, ОСЫ КҮНДЕРГЕ ЖЕТІП
ОТЫР. БҰЛ ӨЛЕҢНІҢ БАЛАЛАРҒА ТƏРБИЕЛІК
МƏНІ БІР БӨЛЕК. БІЗ БІР ЖАҚСЫЛЫҚ МЫҢ ЕСЕ
САУАПҚА ЕСЕЛЕНЕТІН ҰЛЫҚ АЙДА ОБЛЫСТЫҚ
ДЕҢГЕЙДЕГІ БІРҚАТАР САЯСИ ҰЙЫМ, БАСҚАРМА
БАСШЫЛАРЫНАН ӨЗДЕРІНІҢ БАЛА КҮНІНДЕГІ
ЖАРАПАЗАН
ЖАЙЛЫ,
СОЛ
ДІНИ
ӨЛЕҢНЕН
ЕСТЕРІНДЕ ҚАЛҒАН ШУМАҚТАР ТУРАЛЫ СҰРАҒАН
ЕДІК.
«ƏКІМ ҮЙІНЕ ЖАРАПАЗАН АЙТЫП, АТ
МІНГЕНІМІЗ БАР»
Масат БЕРІК, «Нұр Отан» партиясы
облыстық филиалы төрағасының бірінші
орынбасары:
– Бала күнімізде, əрине жарапазан айттық.
Ауылдың топырағына аунап өскен көп баланың бірі
болдық. Үш-төрт көшені жағалап, үй қалдырмай
жарапазан айтушы едік. Ол діни өлең «Айтамыз
жарапазан жапсарыңа, құт береке дарысын
бастарыңа» – деп басталатын-ды. Одан əрі:
Адыр-адыр таулардан,
Айғыр мініп мен келдім.
Бұдыр-бұдыр таулардан,
Бұғы мініп мен келдім.
Бұғы басын тарта алмай,
Дəл осы үйге тез келдім, – деп екпіндететінбіз.
Сонда əр үйден кейде əжелер, кейде жеңгелеріміз
шығып, құрт-май, ірімшік берсе, соған мəз
болатынбыз. Ол кезде ешкім тиын-тебен бермейтін.
1998 жылы айтыскер ақын Серік Қалиевпен
бірге
Жамбыл
ауданының
орталығы
Аса
ауылындағы жақсылардың үйін жағалап, жарапазан
айтқан жағдайымыз бар еді. Сол кездегі Жамбыл
ауданының əкімі Досжан Тоқбергенов үйіне
жарапазан айтып, жақсылық тілегеніміз үшін
бірімізге ат, бірімізге тана, бірімізге қой атап,
ақшалай ізет жасаған болатын. Қазіргі күні қалталы
жомарт жігіттер жарапазан айтқан балалардан
теңгесін аямай беретін болыпты. Мұның бəрі, əрине
жақсылықтың белгісі, имандылықтың нышаны.
«ҰЛЫҚ АЙДА АЙТЫЛАТЫН КЕРЕМЕТ
ДІНИ ӨЛЕҢ»
Үртай САПАҚОВА, облыс əкімдігі тілдерді
дамыту басқармасының басшысы:
– Біздің бала күнімізде жарапазан өлеңі жиі
айтылды. Мен мұндай өлеңді көп айта қойған
жоқпын. Бірақ, əдемі əуезін көңіліме қондырып,
оңашада ыңылдап айтатынмын. Қалай дегенде
де осындай жақсы дəстүрдің бізге де жағымды
əсері болды. Ауылдан Таразға көшіп келгенімде
жасөспірім балалар біздің үйге де жарапазан айтып
келді. Оларға алма, өрік, кəмпит үлестіріп жүрдік.
Ал, енді жұпыны, жетім жандар жағалап келсе,
оларға басқаша ықылас танытатыным бар. Бір жолы
қолында сырқат баласы бар келіншек үйге келді.
Ол кісілерге ақша ұсынып, жаңа киімдер беріп,
қолымнан келгенше қайырымдылық көрсеттім.
Бұл қайырымдылық, мейірім айының осындай да
жақсылығы бар ғой. Ал, биыл үйімізге жарапазан
айтып келген баланы байқамадым. Бұл мүмкін
өзімнің сыртта көбірек жүргендігімнен болар.
«ҚАЗІР ДЕ ЖАРАПАЗАН АЙТУШЫЛАР
ТАБЫЛАДЫ»
Нұркүл ОСПАНБЕКОВА, облыс əкімдігі
мəдениет, мұрағаттар жəне құжаттама
басқармасы басшысының орынбасары:
– Мойынқұмның Көктерек ауылында өткен
алаңсыз балғын күндерімізде жарапазанның əуезі
құлаққа бір жағымды болып естілетін. Бірақ, сол
əуезді үннің айтылатын өлең шумақтары жадымда
қалмапты. Əйтеуір «Көкем мініп қайыққа, Бара
жатыр жайыққа. Жарапазан айтты деп, Бұйырмаңыз
айыпқа» – деген жолдары еміс-еміс есте қалыпты.
1980 жылдары Таразға (сол кездегі Жамбыл
қаласы) жер үйге көшіп келдік. Сол кезде де
жарапазан айтып балалар келіп жүрді. Қазір
де жарапазан айтушы жасөспірімдерді байқап
қаламын.
«ОЛ КЕЗДЕ АПАЛАРЫМЫЗ ТЕК 200
ТЕҢГЕ БЕРЕТІН»
Еркебұлан ҚҰРАЛБАЕВ, облыс əкімдігі
жастар саясаты мəселелері басқармасының
басшысы:
– Біздің бала күніміздегі жарапазан айту
қызықты болып көрінетін. Ол өлең былай өрілуші
еді:
– Жарапазан Жайыққа,
Көпір менен қайыққа.
Жарапазан айтты деп,
Бұйырмаңыз айыпқа, – деп басталып, одан əрі
былай жалғайтынбыз:
– Ай туыпты, туыпты,
Туып толқын болыпты.
Жарапазан айтатын,
Уақытым болыпты.
Үйің үйің үй екен,
Үй жағалар шие екен.
Сандық, көрпе бүйе екен.
Бұл қай байдың үйі екен?
Ақбөкендей қойы бар,
Ақ сарайдай үйі бар,
Сарыбайдың үйі екен.
Айтамыз жарапазан жапсарыңа,
Құт-береке дарысын бастарыңа.
Құт-береке дарытып бастарыңа,
Адалдық берсін Құдай астарыңа.
Мұхаммед үмбетіне жарапазан,
Оразаң қабыл болсын ұстаған жан!, – деп одан
соң:
Анау ауылға барып ем тайлақ берді,
Тайлағын ала жіппен байлап берді.
Осы үйдегі жеңешем аппақ қана,
Сақинасын береді сақтап қана.
Пайғамбардың мінгені қара қасқа,
Қара қасқа ат шабады тастан тасқа.
Мұхаммед үмбетіне жарапазан,
Оразаң қабыл болсын ұстаған жан!
Кейбір үйдегі жеңгелеріміз кешігіп, үйінен
шықпай жатса:
Бол, бол жеңеше,
Астымдағы ақ атым,
Жатайын деп барады.
Қасымдағы жолдасым,
Қашайын деп барады, – деп үйден адам
шыққанша өлеңдете беретінбіз. Сонда үй иелері
алма, өрік, тоқаш берсе де мəз боламыз. Сол берген
тəттілерді алып тұрып бата беріп кетеміз.
Батам батам батпасын,
Батам жерде жатпасын.
Осы үйдегі отағасын,
Бүкіл ауыл мақтасын, – деп бата береміз. Кейде
əжелер шығып, тек 200 теңге ғана беретін. Бұл 200
теңге біз үшін үлкен ақша. Ол кезде тіпті көңілденіп,
жарапазан өлеңін ұзақ айтатынбыз. Сөйтсек, сол
күндердің өзі өзінше бір тəрбие екен. Жарапазанды
біздің кезімізде де, қазіргі жасөспірім балалар да
ауызашар кезінен кейін айтады. Жарапазан өлеңі
негізі сəресінің кезінде айтылған. Оның бір себебі,
ораза ұстаған кісілер сəресіге ұйықтап қалмасын
деген игі тілек екен.
ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫ ОЯТҚАН ЖЕЙДЕЛЕР
ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫ ОЯТҚАН ЖЕЙДЕЛЕР
Қазақ ұлтының дегдарлығы, намысшылдығы сынды қасиеттері өзге ұлт арасында
жоғары бағаланады. Өзінің ұлыларын мақтан тұтып, соларды рухани демеу көретін
ұлт өзгелерге де қадірлі. Кеудесінде ұлттық намысы атой салып, қанында алдаспандай
рухы ойнаған қазақты жай ұлттың қатарына жатқызуға əсте болмайды. Керек кезінде
қанын шығарып кесіп айтатын, тілінің түйінін шешіп сөйлейтін ұлттың ұлылығы да
осында.
Ғаламтор желісінде жаһандағы соңғы
жаңалықтардан құлағдар болып, кейбір
мəселелердің мəнісіне тереңірек бойлап
жататынымыз да бар. Ғаламның кеудесіне
ғаламтор еніп, ол қазақ ұлтының аспанын
айналып өтпей, бізге сіңісті болғанында да
оған «біртүрлі» қарағанымыз рас. Алайда,
ғаламтор кей сəттерде жақсы дүниелерді
жарнамалаушы,
сəтті
нəрселерді
сүйіншілеуші болып та халыққа қызмет
көрсетіп келеді. Соның бір дəлелі...
Қазақ халқының ұлттық бірлігі мен елдік
тұтастығы жолында жанын берген алыптар
болды. Олардың есімі ұрпақ жадына сіңіп,
ерлігі өнеге болып өрілді. Сондай тарихи
тұлғалардың суреті салынған спорттық
жейде сатылымға шықты. Патриоттық
жобаны іске асырған жас дизайнер-суретші
Дулат Үсенбаев деген алматылық жігіт
екен. Құптарлық-ақ дүние. Мəселен, ақ түсті
жейдеге Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып
Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев
сынды Алашорда қайраткерлерінің суреті
салынған, «Алашорда» сөзі жазылған.
Ал, екінші бір ақ түсті жейденің кеудесіне
данышпан Абайдың «Біріңді қазақ, бірің
дос, көрмесең істің бəрі бос» деген өлең
жолдары жазылыпты. Əрине, қазақтың
азаматы, сол елдің перзенті ретінде мұны
көргенде кеудеңді мақтаныш сезімінің
билейтіні рас.
Бұл жобаның жүзеге асқаны қуанышты
жайт, əрине. Ендігі жерде біздің тараптан
Абылай хан, Абай
Қ ұ н а н б а е в ,
Шоқан Уəлиханов, Ыбырай Алтынсарин,
Бауыржан
Момышұлы
секілді
алып
тұлғалардың суреттері мен тағылымды
сөздері жазылған спорттық жейделер
шықса деген ұсыныс та бар. Əрбір қазақ
баласының кеудесінде ұлттық рухымызды
көтерген тұлғалардың бейнесі жүрсе, несі
ерсі. Онсыз да сапалы, сапасыз жейделер
легі шекара асып келіп жатқанда, ұлттық
өнімді тұтынғанымыз абзал ғой. Əрі өзге ұлт
өкілдерінің алдында да абыройымыз артып,
беделіміз биіктей түсетін еді.
Тарихи тұлғаларды құрметтеу, олардың
өнегелі
істерін
халыққа
насихаттау,
жастардың санасына сіңіру – негізгі міндет.
Мұны алматылық жас суретші Дулат
Болатұлы да мықтап көкейіне түйген
секілді. Бұл үрдіс əрбір өңірде де қолдау
тауып, жастар жағы ұлттық руханиятты
насихаттауға көңіл бөлсе, мақсаттың
орындалғаны да. Егемен елдің, Тəуелсіз
Қазақстанның негізгі мақсаты да туған
өлкеміздің тарихи тұлғаларының рухын
асқақтату, оларды мақтан тұту болып
келеді. Енді бұл заман талабына сай жүзеге
асса, қолдарлық жағдай.
Х.ЕРБОЛАТҰЛЫ.
Құптарлық дүние
Оқыдық, пікір айтамыз
Құмы
жердің
құдіретін
танытып,
сексеуілі сыңсыған Мойынқұм өңірінің
жаратылысы бөлек. Осындай жерлерде
құм мінезді қаламгерлердің болмауы мүмкін
емес еді. Өлең шіркіннің өмірдің өзіндей
шынайы, көңілдің көркем болғаны ғажап.
Көркемдік пен шынайылық таза əдеби
жеміс, шығармашылық жеңіс.
Болатбек Əбішев осы күнге дейін
оқырманға «Өмір – дария, Өмір – өлең»,
«Қозғалтсаңшы кеудемнің бір жартасын»,
«Шөкім бұлт» секілді поэзиялық жинағын
берді. Шығармалары шынайылығымен,
көркемдігімен баурайды. Оны ел, заман,
туған жер, дара тұлғалар жайы əрдайым
толғандырады. Əсіресе, туған жері туралы
азаматтық тебіреніспен жырлайды.
Киелі Мойынқұмның түлегімін,
Сəт сайын адал соққан жүрегімін.
Тиіспес бүгін ешкім, тисе егер,
Қорғауға дайын тұрған білегімін, – дейді
ақын. Атақты Биназар батырдың туған жері,
даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың
тер төккен өлкесі ақын үшін қашанда
қасиетті, қастерлі. Əрбір азамат өзінің туған
жерін арқа тұтып, сонымен мақтануы керек-
ақ. Сонымен қатар, қазақ ұлтының жетістігін
жырлап, оған сүйсіну де азаматтықтың
белгісі.
Сан ғасырлар бейбіт күнді аңсаған,
Бүгін міне, шаттанамын, əн салам.
Тəуелсіз деп қазағымды Əлемге,
Кеудем керіп, шын айқайлап жар салам,
– дейді тағы бірде. Үлкен жүрекпен, ізгі
тілекпен жырлайды. Болатбек Əбішевтің
шығармашылығының негізі ел егемендігін
жырлау болып келеді. «Əрбір ақын өз
заманының жыршысы» деген қағиданы
ескерсек, ақынның бұл ой төңірегіндегі
миссиясы орындалғандай. Ақын Тəуелсіздік
толғауын толғаудан жалықпайды.
Тəуелсіздік санамызға əл беріп,
Қаламызға, даламызға сəн беріп.
Ғажайып бір бесігінде тербейді,
Құлақ тұнған, бұлақ тынған əн беріп
– деген жыр жолдары да оқырманға
ой салмай өтпейді. Əрине, ақынның
шығармалары жеткілікті. Үш жинақтың да
айтар ойы біреу – ұлт тəуелсіздігін жырға
қосу, оны келешек ұрпаққа насихаттау,
бабалар ерлігін ұрпаққа аманаттау. Əрбір
жинақ көркемдік кеңістігімен баурайды.
Ақынның «Өмір – дария, Өмір – өлең»
жыр жинағына қазақтың қабырғалы ақыны
Қадыр Мырза Əли алғысөз жазған екен.
Айтулы ақынымыз Болатбек Əбішев туралы
жақсы лебізін білдірген екен. Əдеби ортадан
шалғай жүрсе де əдебиетті дамытуға
өзіндік үлес қосып келеді. Ақынның басты
мақсаты – жақсы өлең жазу, оны көркемдік
көрігінен шыққандай етіп жырлау болып
табылады. Бұл тұрғыдан Болатбек Əбішев
өзінің ақындық міндетін орындап келеді деп
айтуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: