Пантомима
Мен бала кезімде киноактер болуды армандайтынмын. Мектепте бастауыш сыныптан
бастап қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуды жаным сүйетін. Көшедегі балаларға кинодан
көргенімді, кинодағы актерлердің дауыстарын айнытпай салып беретінмін. Оның үстіне, пан-
томиманы меңгеріп алғам. Кәсіби деңгейде болмаса да, жұртқа ұнайтынын байқайтынмын.
Мектепте бір шара бола қалса, мені осы пантомима нөмірімен мектеп басшылығы сахнаға
шығарып қоятын.
Бір күні мектептің көркемөнерпаздарын бағалауға ауданнан комиссия келетін болды.
Комиссияның төрағасы – менің туған нағашы ағам Бақыт. Бақыт аудандық музыка мектебін
ұзақ жылдар басқарды. Мені домбыра үйірмесіне де апарған сол. Алайда менен музыкант шыға
қойған жоқ. Домбыраны, ұят болса да айтайын, әлі де жөндеп тарта алмаймын.
Бақыт ағам келе жатқанын біліп, мені мұғалімдер пантомимамен сахнаға шығуға үгіттей
бастады. Ауылда кім кімнің жақыны екені белгілі емес пе. Әрі шешем біздің мектепте сабақ
береді. Ол кезде ол Қалаңға екінші ұл сыйлап, декретте еді.
Бақыт ағам менің өнерімді көрсе, мектепке жақсы баға беріп кетеді деген ұстаздарым-
ның тапқан қулығы. Содан байқау басталды. Мектептің беткеұстар көркемөнерпаздары барын
салып, өнерін көрсетіп жатыр.
Шарықтау шегінде сахнаға мен жүгіріп шықтым. Алақандарымды жайып, мөлдір, шыны
қабырғадан өте алмағандай әлектенем. Сосын ауада ұшып жүрген шыбынды ұстап алып, оны
әйнекке «быж» еткізіп жабыстырамын. Одан кейін үтік болып қызып, қызарамын да «пыш»
етіп жанып кетем. Осындай бірнеше іс-қимылдардан тұратын нөмірім әрең аяқталды. Бақыт
ағам төмен қарап отыр. Концертіміз аяқталысымен, елдің бәріне мақтау қағазы беріліп жатты.
Ол тізімнің ішінде мен ғана жоқ боп шықтым.
А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
39
Жетімдер үйі
Менің мектепке баратын жолымда Жетімдер үйі тұратын. Жетімдер үйінің тура бұры-
шынан солға бұрылғанда кішкене соқпақ жол шығатын. Соқпақ жолмен ылдиға түссеңіз, алды-
ңыздан сай шығады. Сайдың түбінен ағаш көпірден өтесіз. Көтерілген бойда алдыңызда екі
қабатты ескі мектептің сұлбасы көрінеді. Біздің мектепке барар жол осы.
Бұл жерден күнде өтіп жүрген соң, әлгі үйдің өзім құралпы тұрғындарына жиі назар
аударатынмын. Жетімдер үйінде тұратындар – көбінесе орыс балалар. Өңдері жүдеу, жүздері
сынық болатын олардың. Өзімнің де аса жетісіп тұрмағанымды іштей сезем. Қалай болғанда
да менің бүйрегім әлгі үйдің тұрғындарына ерекше бұрып тұратын. Дегенмен, неге екенін
білмеймін, бұл үйдің тұрғындары маған қарағанда, бақыттылау боп көрінетін.
Бірде мектептен шыққан бойда Жетімдер үйіне бас сұқтым. Ұзын дәліздің екі жағында
кішігірім бөлмелер орналасқан. Бір бөлмесіне кіріп қарасам, қаз-қатар тұрған төсектер,
әр төсектің қасына кішкентай аласа шкафтар қойылған. Бөлменің бір бұрышында астауы
сарғайып кеткен қолжуғыш тұр. Бөлменің иісі ұнамады. Бөлме ішін күлімсі иіс пен құлазыған
жетім ауа жайлаған. Дәлізге атып шығып, ас бөлмесіне бардым. Екі бала бірәндікпен шай ішіп
отыр. Олар маған ошарыла қарады. Мен үнсіз ғана қолымды көтердім. Сәлем дегенім. Олар да
ишара жасады. Қастарына барып отырдым. Ересектеу біреуі алдында тұрған пешенені ақырын
ысырып алдыма жылжытты.
– Мына жерде тұрған ұнай ма сендерге? – деп сұрадым.
– Болады…
– Мамаларың қайда?
– Мұндағы балалардың әке-шешелері әр жақта. Бірі түрмеде, бірі өліп қалған, келесі бірі
тастап кеткен… – деді беті секпіл, ересектеу орыс баласы.
– Менің мамам тірі…
– Онда үйіңе барсайшы! Бұл жерде неғып жүрсің?
– Үйге барғым келмейді. Сендермен тұрсам бола ма екен?
– Оны тәрбиеші апайдан сұрау керек…
Жетімдер үйінен алабұртып шықтым. Бірақ маған осы үйде еркіндік бардай көрінді.
Үйге келе сала, болған жағдайды анама айттым. «Сол үйге барып тұрсам қалай болар екен?» –
деп сұрадым. Анамның ойланып қалғаны әлі көз алдымда…
Бірақ Құдайдың менің тағдырыма байланысты құрған жоспары мүлде басқа болып
шықты.
А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
40
Достарыңызбен бөлісу: |