Болмаған балалық шақ



Pdf көрінісі
бет27/30
Дата22.07.2023
өлшемі2,2 Mb.
#104632
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30
 
Шарик
 
Біздің үйде Шарик деген ит болды. Адам көрсе, абалай беретін қабаған еді. Жеңгелерім
қолыма шылапшындағы жуындыны ұстатып: «Итке құйып кел» деп жұмсағанда, мен Шарик-
тің алдындағы итаяғын таяқпен түрткілеп тартып, құя салып кері итеретінмін.
Ол мені баласынып, арс ететін де, жуындыны сұғына, сақылдата ішетін. Мен кері секіріп,
кейде шалқамнан түсіп, амалсыздан Шариктің көздеріне қарайтынмын.
Кәрі иттің шүңірейген көздерінің ең түкпірінде күшік кезінен бері жазылмаған жара мен
аса бір қуатты ыза тұратын-ды. Түсі ақ болатын. Ақ емес ау, бурыл ма дерсің. Ылғи байланып
тұрғандықтан мойыны қатып қалған еді. Аяқтары да қысқа болатын. Күнұзақ сырттағы есікке
өшпелі жанарымен біреуді күтіп, тесірейіп жататын.
Бір күні Шарик босанып кетті. Біздің үйдегілер асып-сасып бірі қораға, бірі үйге жүгірді.
Тіпті бірі гараждың төбесіне шығып кетті.
Шарик шатырдағыны да, қорадағыны да елемей, шарбақтың қуысынан сып берді де,
өзенге қарай тартты. Өзен біздің қораның іргесін ала, арқан тастам жерде жылтырап ағып жата-
тын. Шөптердің арасында арқасы қылаңдап сол жылтырға кетіп бара жатыр.
Әр жерде қашып жүрген жұрт үйге жиналды. Бірі: «енді келмейді», – деді. Бірі: «кәрі
ғой, жақсы ит өлгенін көрсетпейді», – деді. Енді бірі: «қайтып келеді әлі, ит тойған жеріне
деген бар», – деп соқты.
Мен сыртқа Шарикті іздеуге шыққан бетімде сұлбасын алыстан байқап қалдым да,
аңдуға көштім. Өзенге түсіп жатыр екен, байғұс. Суға денесі батқан сайын көздері жұмы-
лып-жұмылып кетеді, бейшараның. Сосын жағаға шығып ап, пырылдап тұрып сілкінді.
Керілді. Сосын жатты. Маңайды шола қарап, маңғаздана жатты. Есінеді. Енді оны ешкім ұстай
алмайды. Оны Шарик те, біз де білеміз. Шарик өзінің «қабаған ит» деген атағына сенетін. Біз
де одан сескенетін едік.
Шарик міне бір тәулік болды еркіндікте жүр. Мен қораның төбесінен атамның дүрбісін
салып, күнұзақ оның бар іс-қимылын бақылаймын: суға түсті, құмға аунады ма, секірді ме,
тышқан аулады ма, әбден еркінсіді. Тағдырына налып ұлыды. Әлі тірі екендігіне, еркіндігіне
жеткеніне қуанып үрді де.
Ертесінде ауылдың ту сыртында төрт ит ерткен бір кісі келе жатты. Иттері семіз, бойла-
рынан күш ескен кеуделі иттер екен. Бір пәлені ішім сезіп, жүрегім ауызыма тығылды. Минөт
санап, әлгі жолаушы мен оның иттері Шарик «шал» жатқан жерге тақап келеді. Арақашықтық
аса бір жылдамдықпен қысқара бастады.
Міне, әлгінің иттері Шарикті көрді. Көрді де, тұра ұмтылды. Мен қолыма ілінген айырды
ала сала өзенге жанұшыра жүгірдім. Алыстан шаң көріп келем. Айқайлап келем. Көзімнің
алды жас парлап, ойбайлап келем. Аяғым жүре қойсайшы, мұндайда!
Алапай-талапай боп жатыр. Әлгі кісі: «әй, қайт, үй, қайт», – деп иттерін қамшысымен
сабап жүр екен. Әбден құтырған ызалы иттер қоя ма, Шарикті армансыз талап, аяусыз керіп
жатыр. Жылап келем. Жете алмай келем ғой ит болып! Шариктің талауға түсіп қыңсылыған
дауысын естіп келем. Жалмауыз иттерді қарғап келем.
Үлгермедім. Әлгі кісі иттерін алып кетті. Мен оған бірдеңе деп айқайлағаным есімде.
Жалмауыз төбеттері бар жолаушының екі қолын жайғаны есімде. Сосын… Сосын шалажансар
Шарик жадымда. Ол ештеңе түсінбей жатыр. Ол ештеңені түсінбеді. Түсініп те үлгерген жоқ.
Ауызын ашты да…
…Ол еркіндікке үйренбеген еді.


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
68


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет