Қойшы бала
Мамырдың жиырма бесінен тамыздың отызына дейін, ала жаздай атамның қойын баға-
тынмын. Ауылымыздан үш шақырым жерде Сарытайпақ деген тоғай бар. Сарытайпақ – менің
қойларымның жайылатын өрісі. Табиғаты мал бағуға қолайлы Шұбартау – Үржардағыдай
жеміс-жидекке бай болмағанымен, төсінде жусан мен ақкөдеден бастап, шөптің не түрі өсетін,
даласында киік көшіп, тауында арқар ойнаған ұланғайыр өлке.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында болған дағдарыс елді біраз күйзелтіп, шаруа-
шылығын шайқап жіберген-ді. Менің атам сияқты өз ісіне ұқыпты һәм еңбекқор адамдар ғана
бұл дағдарыстан арқасын алдырмай шықты. Атамның малы әжептәуір көп еді. Мен бағатын
қойдың саны, қозы-лағын қоспағанда, қошқары-ісегі мен саулығының өзі үш жүз бастан асып
жығылатын. Ірі қараның басы жиырмаға жететін. Далаға қоя берген екі-үш үйір жылқысы тағы
бар. Бір үйірі, кем дегенде, он-он бес жылқыдан тұратын. Атам жылда бие байлап, қымыз
ашытатын еді. Мен ауызымнан қымыз үзілмей, құрт сорып, ет жеп өскен қазақтың қарапайым
әрі денсаулығы мықты баласымын. Атқа мініп, қой бағудың, шалғы ұстап, шөп шабудың қыр-
сырын мен атамекенім – Шұбартауда үйрендім. Осы құтты мекенде менің есею жылдарым да
өтті.
Менің жасым қазір он бесте. Атамекеніме оралған мен бүгінде кәдімгі қойын құрттап,
айранын ұрттап, табиғатқа еркелеп, Тәңірге сиынатын нағыз қазаққа айналып қалған шағым.
Төбелес пен күрестен шыныққан мен – құрдастарымның алдымын. Және сабақ үлгерімім де
жақсы. Сондай-ақ көрші-көлең балаларына үнемі үлгі қылып, мақтап отыратын табиғатта өте
сирек кездесетін қойшымын. Олай деуге менің толық хақым бар. Сіз оны қазір түсініп қалар-
сыз.
Атам мені таңғы бесте тұрғызып, қойды өргіздіретін. Таңғы бес ұйқының ең тәтті кезі.
Тұрғың келмейді. Мен түгілі, құсұйқы шалдардың өзі, кемпірінің қасынан бас көтере алмай,
бұл кезде ұйқының рахатына бөленіп жататын. Ал, мен болсам, бір кесе айранды төңкере
салып, арқама ертоқымды артып ап, қойды айдап бара жатам.
Арқамдағы ертоқымды тұсалған құла жорғамды ұстағанша, Биікжардың маңайында
өскен қалың шеңгелдің түбіне тастаймын да, айнала жарық болғанша соған басымды қойып,
қорылға басам. Бірақ ұйқың ұйқы болмайды. Біраздан кейін күннің отты шапағы маңдайы-
ңды қыздырып, бар маң малдың азан-қазан дауысына көміліп, тұрғызып жібереді. Ертоқымды
қайтадан арқаға лақтырып, безілдеп атымды іздеуге беттеймін. Бұл кезде менің қойларым, Ақ
үшкөлден
(Ақ мектеп қой)
ары асып кетеді. Оған дейін төрт шақырымдай жер бар. Атымды
ұстап, бар даланы басыма көтеріп ән салып, жорғамды тепеңдетіп, қойыма жетем.
Атам: «Таңғы шыққа бөгіп жатқан шөпке жайылған мал тез семіреді әрі еті жұмсақ
болады», – деп мені ерте шығарып салатын.
Кейде бала болғасын ұйқымды қимай, төсектен тұрмай қоям. Сондай бірді-екілі еркелі-
гімді байқаған атам қулыққа басты.
– Әй, балам, сен таңертең Сарытайпақ жақтан «әуіп-әуіп» деген қорқынышты дауысты
естіп пе едің?
– Иә, ата, естігем.
– Не екенін білесің бе?
– Жоқ, ата!
– Ол кәдімгі сусиыр ғой!
– Қойыңызшы, рас па?
– Еі…
– Мәәә, ол біздің Сарытайпақта қайдан жүр?
А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
51
– Ол бұрыннан сол тоғайды мекендейді ғой. Түні бойы ағаң екеуін шабатын көк мияға
жайылады да, сылқия тойып, таң бозымен осылай өкіріп жатады.
– Неге өкіреді, ата?
– Сиырларды шақырады дейді…
– Сиырларды?
– Иә, кәдімгі сиырларды.
– Оларды жей ме ол?
– Хехехехе… Жоға, жақсы көреді сиырларды…
– Қызық екен. Ол адам жей ме?
– Ұнамаса, жейді екен. Оған алыстан қарап, көріп алмасаң, судың астына алып кетуі мүм-
кін
– Оh!
– Ол сусиырды көрген адам некен-саяқ. Ал, егер көрсең, бір тілегің орындалады дейді.
– Ол қай жерде жайылады, ата?
– Тоғайдың арғы жағындағы қалың қамыстың ішінде, Аяз бидің Қара суын білуші ме ең?
– Білем ғой, ата!
– Міне, сол қап-қара батпақты, сазды судың ішінде тұрады ол. Егер таңғы бесте сол жерге
ертерек барып алып, тығылып жатып бақыласаң, көресің. Сосын ол түннің бір уағына дейін
судағы үйіне сүңгіп кетіп, ұйқыға батады.
– Мәссаған, атааа…
– Солай, балам. Оны бірден көрем деп ойлама. Күнде сол уақытта барып тығылып жатсаң,
көресің!
– Болды, ата, ертең ерте тұрамын. Соны көрсем, шынымен тілегім қабыл бола ма?
– Шынымен қабыл болады, балам!
Осы әңгімеден кейін менен ұйқы қашты. Ертесінде атамның өзі шырт ұйқыда жатқанда,
қойымды өргізіп, Сарытайпақ жақты бетке алдым да, тартып бердім. Қойымды Көкқамыстың
маңында қалдырып, қап-қараңғы тоғайдың арасымен жаяу-жалпылы Аяз бидегі қарасуға
қарай жүрдім.
Табиғат-ана ұйқыда. Ара-арасында аяғымның астынан пыр-пырлап ұшқан құс қана
зәрені алады. Алагеуім шақ. Күн әлі шыға қойған жоқ. Нағыз сусиырдың жайылатын бере-
келі кезі. Оқта-текте аспаннан ағып түскен жұлдыздың өлеусіреген жарығы көрінеді. Алыстан
талып жеткен шегірткенің шырылы үдеп барып, қайта өшеді. Өзге дыбыс жоқ. Тек аяғыма
оралған шөптің сытыры. Және менің жиілеген тынысым.
Міне, Аяз би Қарасудың да маңайына жақындадым. Түнде жатарда сусиырды аңди-
тын тұсты шамалап қойғам. Сол жерге қарай жылжып келемін. Жақындай бастаған кезде,
еңбектеуге көштім. Алдымда қалың қамыс, бір шетінен батпақты қара су анық көрінуге тиіс.
Қамыстың сол жақ шетіне қарай еңбектеп жетуге тиіспін. Сусиыр қайткенде даланың жануары
ғой, аса сезгіш болуы заңды деп ойлап қоям. Сондықтан мейлінше сақ қимылдап, екі аттап
бір тыңдаймын.
Тынысым тарылып, жүрегім атқақтай соғып тұр. Тізелерім дірілдеп, бойымды үрей
билей бастады. Сонда да қызығушылығым жеңді. Қызығушылықтан бұрын, айтар тілектің
күші алға жылжуыма дем беріп жетелеп келеді. Домалап, еңбектеп, кей жерлерде бұғып жүріп,
ақыры қамыстың бір шетіне жеттім-ау.
Тура осы кезде маңайды азан-қазан қылып, ту сыртымнан «әуіп-әуіп-әуіп» деген қуатты
бір дауыс шықты. Бойым қалтырап, тілімді жұтып қоя жаздадым. Бісмілдә! Сусиыр мені бай-
қап қойған екен! Енді апандай ауызымен мен байғұсты бір-ақ асайды да, қара батпақтың
түбіне шырылдатып сүйреп әкетеді. Шырылдағанмен, не пайда?! Жақын маңайда тірі жан жоқ.
Қанша бақырғанмен батпаққа тұншықтырады қазір. Шаруаң бітті, Ақберен! Апыр-ай, адам-
А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
52
ның жаны мұнша тәтті болар ма еді. Ес жиғалы небір сойқанды көрген мен бейшара, бұлай
қорықпаған едім.
«Әуіп-әуіп-әуіп!» деген жаңағы дауыс тағы шықты. Бұғып жата қалдым. Мүмкін көр-
мейтін шығар?! Бәлкім, ол мені әлі байқамаған күйі, ауылдан өретін сиырларды шақырып
тұрған болар. Тіпті, үстімнен таптап өтсе де, дыбысымды шығармай жата берем деп ойлап
қоям. «Әуіп-әуіп-әуіп!». Бісміллә, бәсміллә… Бісмілләдан басқа не шара? Бір шамада он метр
жердегі талдың ішінен дүр етіп, бірнеше құс ұшып шықты. Дәу де болса, сусиырым талға
жақындаған болу керек. Не де болса, қыбырламай тыныш жатқаным дұрысыр-ақ.
Қанша уақыт өткенін білмеймін, солай жатып ұйықтап кетіппін. Сусиыр мені байқамаған
сықылды. Маңай тұп-тұнық әйнектей, жан-жағым жап-жарық болып кетіпті. Бірақ әлі құды-
ретті Күн шуақты сәулелерін жер бетіне жамырата қойған жоқ.
Бір заматта көзіме керемет көрініс оттай басылды. Қарасуға жетер-жетпес ағып жатқан
Бақанастан сирақтары жіптіктей, көздері мойылдай, теңбіл-теңбіл қос елік су ішіп тұр!
«Бұрындары осы маңда елік болатын, бірақ кейін тұқымы сиреп кетті» дегенді жиі естуші
едім. Енді міне, өз көзіммен табиғаттың қос сұлу жаратылысын көріп тұрмын. Ғажап! Мамы-
қтай жұмсақ, қап-қара тұмсықтарымен суды мейірлене ішеді екеуі. Құлақтары қандай әсем!
Қайшылап-қайшылап қояды. Біреуі су ішсе, екіншісі тың тыңдағандай жан-жағына елеңдеп
қарайды. Бір кезде дене тұрқы ірілеуі тұяғымен суды шалпылдатып, тарпып-тарпып жіберді.
Екіншісі басын асықпай көтеріп, әлгі тентектің мойынына басын қойып, еркелеп қасынды.
Суды тарпып тұрған еліктің кішкене мүйізі бар екенін енді байқадым. Қасындағы сұлуына
дүрдиіп, мақтанып тұр кәдімгідей! Сусиыр далада қалды. Мынандай сұлу көріністі көрген
менің жанымды ғажайып хәл билеп алды. Жұмақта тұрғандай әсердемін. Дәл осы шақта
сусиырды іздегенім, оны көргенде айтатын тілегім, бәрі-бәрі ұмыт болды.
Кенет мүйізі бар елік мені көріп қойды. Көріп қойды да, үңіліп ұзақ қарады. Қорық-
пайды! Мен де көзімді тайдырмай қарап жатырмын. Екінші елік те жан-жағына жаутаң-жаутаң
етіп тұрып, мен жаққа жанарын аударып, қарай қалсын. Мөлдіреген жанарымыз түйісе кетті.
Қазір дүр етіп қаша жөнеледі деп ойладым. Жоқ! Екеуі де көздерін аудармай, маған тесіліп
қарап тұр. Осы шақта іштен бір дауыс: «Тілегіңді айт!» – деді. Мен ақырын ғана тілегімді
күбірледім. Екі елік бастарын изегендей болды. Сосын таңдарын жарқыратып, бөкең желіске
салып өзеннен алыстады да, қамыстың ішіне орғып-қарғып кіріп кетті де, ғайып болды.
Мен сең соққандай состиып тұрып қалыппын. Сіздерге өтірік, маған шын, сол тілегім
кейін айна-қатесіз орындалды.
Ал атамның айтып жүрген сусиыры кәдімгі әупілдек деп аталатын қоңыр құс боп шықты.
Әупілдек біздің ауылға ерте көктемде келіп, жаңа айтылған Аяз би қарасудың маңын, Бақанас
өзенінің жағасында өсетін қамыстарды күздің орта шеніне дейін мекен ететін. Әлгі оқиғадан
кейін мен сол құсты да қатты жақсы көріп кеттім. Себебі, бұл құс та менің таң-тамаша хәліме
куәгер болған еді.
***
Жалпы, мен ата-анамнан, туған-туыстарымнан көрмеген жақсылық-жылылықты табиғат-
тан мейілінше көрген баламын. Тал-терек менің әке-шешем болса, шөп-шеңгел, құрақ-қамыс
бауыр-туысым, жусан мен алша, итмұрын мен тобылғы аға-апаларым сияқты еді.
Мен тал мен шеңгелге, тобылғы мен бір түп шидің өзіне қаншама сыр ақтардым
десеңізші! Ішіме жиналған зар-тілегіме, болашақта атқаруға тиіс мақсат-мұраттарыма осы
Шұбартаудың барлық өсімдік әлемі куә-дүр. Өйткені мен жан баласымен бөліспейтін
сырымды табиғат-анама ғана ақтаратынмын. Мен анау заңғар Көкте мамырлап көшкен бұлт-
тармен де, айдарымнан еркелете сипап өтетін самал желмен де жалпы жаратылысқа ортақ бел-
гісіз бір тілде ұғысатынмын.
Талай рет келіншек талды құшақтап тұрып, анамды сағынып жылағанда, ол мені
бұтақтарымен қаусырып, аялай құшақтайтын. Мен талай рет іштен мүжіліп, қай-қайдағыны
А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
53
ойлап енді кемсеңдей бергенімде, шеңгел екеш шеңгел де сылдырмақ бұршақтарын сылдыр-
латып, сәби баланы уатқандай, мені ойнатып жұбататын.
Өмірден түңіліп, тіпті анау ағып жатқан Бақансқа мойыныма тас байлап, батып өлейінші
деп ойлағанымда, айналадағы тал-тоғай шулап, ілезде төбемде қара бұлт үйіріліп, дауыл жел
тұратын. Сол шақта әлгі Бақанастың өзі бұл ойымды жақтырмайтынын танытып, беті әжім-
дене жыбырлап, толқи да толқи қалатын. Бағанағы самалым табан астында ашулы желге айна-
лып, бетіме топырақ шашып, ұрысатын. Құстар маңайды азан-қазан қылып, өсімдік біткеннің
жүйкесі тікенектене тікірейе қалатын. Қамыс-шидің өзі ысқырып, талдар орындарынан арбаң-
дай қозғалып, мені орталарына алып ап сөгетіндей, жойқын күшпен буырқанатын.
Сол кезде мен бәрін түсіне қалатынмын. Әлгіндей сұмпайы ойлар желге ұшып, өзегім
өртенсе де, ызалы күлімдейтінмін. Сол кезде Күн де жақындап кеп, нұрына мені шомылды-
ратын. Долданған жел самал күйін қайта тауып, Ұлы даланың гүлдерін билетіп тербей бастай-
тын. Бақанас өзені де сабасына түсіп, тұңғиықтана ойға шоматын. Мен сол сәтте өлім туралы
ешқашан ойлауға болмайтынын, бұ дүнияда жалғыз емес екенімді, мені қоршаған мынандай
ғаламат әлем, сұлу әлем, шуақты әлем барын сезініп, жұбанатынмын.
Жалғыздық деген дерттен дегенмен арылу қиынның қиыны емес пе! Ол сенің жұдыры-
қтай жүрегіңді кеміргенде жер бетіне сыймай, сансыз бөлшекке шашырап, жарылып кеткің
келеді. Бірақ бұл ойлар – ең сатқын, саған зиян шектіретін аса жауыз ойлар. Биік арман-мақ-
саттарың көз алдыңда алып таудай зорайып көрінеді.
Нұр ішінде қалқып тұрған мына ғажайып жаратылыстың көшінде мәңгілікке ұласып
бара жатқан Ұлы Ғарыштың әр бөлшегі маған «Ақберен, сен жалғыз емессің, Ақберен, сен
жалғыз емессің!» – деп айқалайтын, кейде ақырын сыбырлайтын.
Мен сол шақтан бері табиғаттың әр қимыл-қозғалысынан ишара-белгі көруді, жараты-
лыстың құдіретті тілін танып, түйсінуді үйрендім. Жалғыздық атты ұстазым менің бойыма
осындай керемет ілімді дарытқан еді.
***
Жаз бойы қой бағып жүретін мен үшін осы бір шуақты шақ талай қызық сыйлайтын.
Балық аулап, өзенге шомылып, ат мініп, қымыз ішіп шымыр боп шыңдалып өсіп келе жаттым.
Жалғыздан-жалғыз қыр жақта жүріп, түс ауа алдымдағы қойымды Сарытайпаққа қарай қай-
ырғанда, кеудені бір қуаныш билейтін. Өйткені бұл аумақта қозы-лағын бағып жүрген бала-
шаға бар, ірі-қарасын сыртынан көздеп қоятын бірді-екілі үлкендер жолығатын. Солармен тіл-
десудің өзі – қуаныш. Уақыт өтеді, үйге барып, тынығатын кез де жақындайды.
Анау көзәйнегінің қалыңдығы екі елі шал – Дәуіт. Көзі нашар көретіндіктен шашау
шығармай иіріп бағамын деп, алдындағы малдың аузын шөпке тигізбей күйдіретін. Мен бұл
шалға қатты еркелейтінмін. Қойымды қайыра сап, Дәуіт ақсақалға шауып келем. Қойлары
бытырай қашады. Жау қайдан келгенін білмей сасқалақтаған қария, жан-жағына алақ-жұлақ
қарап, шапанының етегі жалп-жалп етіп, шабан атын тебініп, ойбайға басады.
– Мен ғой, ата, қорықпаңыз, енді! – деп мен қойшы атамды сабасына түсіре бастаймын.
– Ой, Орынғалидың күшігі, сенбісің–ей?! – деп шал қуанып қалатын.
Сосын қанжығасына байлап алып шыққан торсықтан қымыз ұрттататын. Дәуіт ақсақал
– көне қиссаларды жатқа соғатын ауылдағы даңкөкірек қария. Мен сол үшін де оны жақсы
көрем. Ол бір талдың саясына түсіп, маған талтүске дейін қисса оқушы еді. Мен қой алыстап
бара жатса, атқа қарғып мініп, екі үйдің қойын екі жаққа қайырамын. Сосын шалға ауылдағы
жаңалықтарды айтам. Қаншама құпия арманымды да осы бір қасиетті қарияға ғана ашқан едім.
Ол арман-қиялыма кәдімгідей ден қойып, тыңдап, бауырсақтай быртиған қолдарын жайып,
бата беруші еді. Түске таман, қолындағы бишігін ербеңдетіп, қойын қорасына айдап кетіп бара
жатушы еді. Мен малымның басын Сиректас жаққа бұрамын. Сосын бір қырдың түбіне қой-
ымды иіріп тастап, кітап оқуға кірісем.
А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
54
Кітап демекші, осы бір әдетімнің арқасында талай қойды жоғалқанымды айта кетейін.
Осыдан талай аузы күйген атам, таңертең менің қойын-қоншымды тінтіп кітап іздейтін. Талай
кітапты тауып алып, тартып алған кездері де болды. Мен кітапты тығудың керемет амалдарын
білетінмін. Соның бірі, кешке кітапты пакетке орап, оны бір қойдың бауырына шпагат жіппен
байлап қоямын да, межелі жерге жеткенде қойды қуалап жүріп ұстап аламын. Кітап қолда!
Шетел әдебиетінің жауһарлары мен қазақтың киелі әдебиетінің бай мұрасымен мен осылайша
далада жатып-ақ танысып қойғам.
Әңгіме кітаптан шығады. Біздің ауылдың нақ ортасында кітапхана бар еді. Оның мең-
герушісі Ләйла апайымыз. Қылқылдап кітап сұрай берген маған, ол ешкімге айтпа деп кіта-
пхананың қосымша кілтін бере салған. Мен кітапты кәдімгі қаппен арқалап әкеп, қораның
артындағы көнге көміп тастаймын. Соны таусылғанша, талғажау етуші едім. Кілтті Алматыға
кетерде, рахметімді айтып Ләйләға тапсырғанмын.
Қазір ол кітапхананың орыны ғана қалған. Қирандының әр жерінен сарғайып кеткен кітап
парақтары жалбырап шығып жатқанын көргенімде жүрегім жаман езілген еді. Кітапханашы
Семей маңындағы Шар қаласына көшіп кетісімен, ауылдың пысықтары кітап үйінің кірпішіне
таласып, бұзып тастапты. Кітаптардың дені тамызыққа айналған.
***
Қой бағу демекші, бір күні мынандай қызық әрі тылсым оқиға орын алды. Менің қойым-
ның ішінде бір сумаңдаған кәрі қой болатын. Әлгі сумақай қой ешкіден бетер зуылдақ-тұғын.
Кірмейтін тесігі, шықпайтын төбесі қалмаған. Алдыңдағы бар малдың түр-түсін есте сақтау
қиын ғой, бірақ осы бір мазасыз саулықтың тұрқы күні бүгінге дейін көз алдымда. Басы қара,
көзі сарғыш, өзі сүйкімсіз неме еді. Сол қой Құдайдың бір апақ-сапақ кешінде алдымдағы
отарда болмай шықты. Әншейінде ол бар отардың алдына шығып ап, басын қайқаңдатып кетіп
бара жататын. Енді, міне, үшті-күйлі жоқ! Ойпыр-ай, қайда кетті десеңізші! Соны байқаған
кезде жүрек байғұс су ете қалды. Жалғыз тұяғы есебіне сәйкес келмесе, жанымды қуыратын
атамның өңменімнен өтетін ызғарлы көзі елестей кетті. Қамшысының ауадағы суылын да есті-
гендей болдым. Барлық қой бар, әлгі шұбар қой жоқ! Масқара! Бітті деген осы.
Көз байланып қалған шақ. Отардың басын ауылға қарай бұрдым да, өзім жанұшыра әлгі
шұбар пәлені іздеп кеттім. Іздегенде мына қызыл іңір қашып, төңіректі түннің қара бояуы
қымтаған кезде ол қағынғырды қайдан табасың?! Шапқылап ана бұтаға бір барам, қарайған әр
тобылғыға қарай жүгірем. Жоқ!
Алыста ауылдың шамдары көріне бастады. Ол жаққа жету үшін, кем дегенде, бір сағат-
тай уақыт керек. Қойымның алды тұяғымен тастақ жерді сытыр-сытыр еткізіп кетіп қалғалы
қашан! Малдың аты мал, басқа жаққа көшін бастап кетсе, онда тіптен тындым дей бер. Не
керек, әбден састым! Бір уақытта бойымды қорқыныш билеп, жыламсырай бастадым. Оңай ма
екен, айдалада, алды-артыңды көре алмайтын қараңғылықта қалып қою деген?! Әйтеуір, алы-
стан жымың-жымың етіп тұрған ауыл оттары бар. Бірақ онда дәл қазір баруға еш болмайды.
Қойды таппай, ауылға бару деген – өліммен тең. Жүрегім ауызыма тығылды. Бір жағынан
әлгі топалаң келгір шұбарға деген ызам бар, бір жағынан атамды ойласам, қорқыныш қысады.
Шарасыздығымнан жылап жібердім. Шара жоқ болса да жан-жаққа әлі де жүгіріп жүрмін.
«Шәйт, шәйт!» – деп қарлыққан дауыспен айқалап қоям. Оны естіп жатқан не тірі жан, не қой
жоқ.
Бір заматта еш амалымның жоқтығынан, иен даланы басыма көтеріп жылап тұрып:
«Папа-ау, папам-ау, көмектесші! Көмектесші маған!» – деп қалай айқайлағанымды өзім бай-
қамай қалдым. Қараңғы даланың бір жерінде состиып тұрып, аспанға қарап: «Папа, егер мені
естіп тұрсаң, ана қойды тауып берші! Папа-а-а-а!» деп еңіреп тұрғаным есімде.
Арада көп уақыт өткен жоқ, тура қасымдағы бұтаның түбінен шұбар қойым маңырап
шыға келсін! Іздегенің табылғанда адамда нендей қуаныш болады?! Сол қуаныштың мыңға
көбейткен түрі болды ішімде! Алақай, алақай! «Қалған қойды тастап, қайда қаңғып жүр-
А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
55
сің-ей?!» дейтін атама да жауабым дайын. «Мына қой жоғалмасын деп даланы шарлап келдім,
әйтеуір таптым ғой» деп айтарға да жақсы.
Бәрін айт та бірін айт, сұмырай немені алдыма салып, дедеңдетіп ауылға қарай қуып
бердім. Зырылдап келеміз. Ауылдың оттары да үлкейіп, әнеееу жерден жылт-жылт етіп жатқан
өзен де көзге іліне бастады. Өзенге жақындап келсем, мәссаған, қойым иіріліп жағада жатыр!
Өзеннен өтпей тұрып қалған ғой. Мұндай да болады екен-ау. Әншейінде үйге жақындағанда
желе-жортып, қорасына қарай асығатын отарым, мені маңқиып күті-і-і-п жатыр!
«Шәйт, шәйт!» деп қойларымды тепкілеп жүріп, тұрғызып алдым да, өзеннен өткізіп,
үйге тырқыратып қуып әкелдім. Келсем, атам қораның сыртында дегбірсізденіп күтіп тұр екен.
– Ой, айналып қана кетейін, амансың ба, құлыным?
– Аманмын, ата.
– Неге сонша кешіктің? Мына қараңғыда адасып кеттің бе, не болды?
– Уақытты дұрыс есептемей, қойды жайып жүре беріппін. Күн тез батып кетті, ата.
– Айналайын, құлыным-ай, қойы бар болсын, өзің аман келгеніне тәуба Құдайға. Айда-
лада ит-құс талап кетті ме деп екі көзім төрт боп тұрғаныма бір сағат болды. Қырсық қылғанда,
ана Айдарбек те бір жаққа кетіп қалыпты. Әйтпесе, трәктірінің жарығымен іздеп шығайын деп
едім. Таппай қалдым, иттің баласын!
– Ата, уайымдамаңыз, келдім ғой!
– Жалғыз бауырымның артынан ерген жалғыз тұяқсың ғой, қарағым. Құдайым-ай, сен
өлсең, мен ертең әкеңе барғанда не деп айтам. Жарығым-ау сол, келе ғой!..
Атам мені құшақтап ап, еңкілдеп-селкілдеп жылап жіберді.
А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
56
Достарыңызбен бөлісу: |