2-мәтін Құсбегілік – бүркіт, ителгі, қаршыға, қырғи, тұйғын, тұрымтай, сұңқар, лашын сияқты жыртқыш құстарды қолға үйретіп, аңға, құсқа салатын саятшылық өнер. Құсбегілік қазақ, қырғыз халықтарында ежелден келе жатқан үлкен өнер ретінде саналады. Құсбегілер қыран құсты тор құрып ұстайды немесе қарақанат балапан кезінде ұядан алады. Оның аяғына балақбау мен шыжым тағып, көзіне томаға кигізеді. Құсты әуелде шыжыммен ұшырып, қайыруы жеткен соң семіртіп түлетеді. Бұдан кейін құсты ақжеммен асырап, бос керілген арқанға қонақтатып, ұйқысын алып арытады. Жеңіл ұшып, жеңіл қонатын күйге келгенде аңға салады.
Тарихи деректерге қарағанда, құсбегілік өнері бұдан үш мың жыл бұрын пайда болған. Орта ғасырлардағы итальян саяхатшысы Марко Полоның жазбаларында Құбылай
ханның саятшылық мақсатта қолға үйреткен 500 ақсұңқары және басқа да қыран құстары болғанын және оларды баптап, күтуге арнайы 10 мың құсбегі ұстағанын жазады. Орта ғасырларда Орталық Азия мен Қазақстан, Қырым, Еділ бойын билеген патшалар мен хандар да өз сарайларында арнайы құсбегілер ұстаған. Олар сарай қызметкерлерінің құрметтісі саналған. Сондықтан да хан сарайындағы құсбегілік қызметке тек ақсүйектер, бектер, әмірлер тағайындалған. Кейбір тарихи деректерде Шыңғысханның ұлы Жошының 3 мың бүркітші ұстағаны туралы жазылады.
Құсбегілік өнері қазақ ауыз әдебиетіндегі аңыз әңгімелерде де ерекше орын алады. Мәселен, қазақтың әйгілі құсбегісі Жалайыр Шораға байланысты аңызда «Аспанға ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады», – деп қыран құстар мұң шағады екен. Қазақ және басқа түркі тектес халықтар көбінесе бүркіт асыраған, ал Еуропа мен Ресей билеушілері сұңқарларды қолға үйреткен.
ulttyqsport.kz