БТ-05 Тастан Шұғыла Философия 3-ші апта Ежелгі Қытай философиясы Біздің заманымыздан бұрын VIII—VI ғасырлар аралығында қазіргі Қытай мемлекетінің жерінде құлдық қоғам толық қалыптасқан. Мифологиялық дүниетанымның орнын философиялық ілімдер ала бастайды. Олардың барынша гүлдену кезеңі Хань династиясына сәйкес келеді (б.ж.с.д. 207ж.-б.д.220 ж.). Зерттеушілер бұл кезенді «гүлденген жүз философиялық мектептің өзара тартысы» деп атаған. Мысалы, Хань дәуіріндегі тарихшы Сьма Тань (б.ж.с.д. 110 ж. қайтыс болған) солардың ішінен алты философиялық бағыттарды атап көрсеткен: 1. Инь және Ян мектебі. 2. Конфуций мектебі немесе әдебиетшілер. 3. Моистер мектебі. 4. Атаулар мектебі. 5. Заңгерлер мектебі. 6. Күш пен жол мектебі (дао цзя). Осылардың алғашқысы, яғни Инь және Ян мектебі өз бастауын «Өзгерістер кітабынан» (б.ж.с.д. VII-VII ғасырда) алады. Бұл кезең мифологиялық дүниетанымның тарих сахнасынан көшіп, философиялық көзқарастарға орын босата бастаған кезі болатын. Инь және Ян — әлемнің бастауында тұрған мәндер. Бірақ олар туралы ілім дуалистік сипатта емес, себебі барлық болмыс ол екеуінің біртұтастығы арқылы ғана бар бола алады. Демек, олар диалектикалық бірлікте болатын қарама-қарсылықтар. Инь және Ян қағидалары аспан мен жер, ұрғашы мен еркек арасындағы қатынастармен тығыз байланысты, әрі олардың дамуына нұсқайды. Белсенділік көбіне Янға тән болады да, Инь енжарлық танытып отырады. Бірақ олардың бірлігі — диалектикалық дамудың көзі. Нәтижесінде заттар мен құбылыстар өзгерістерге ұшырайды. Мұндай өзгерістер адамдарға да қатысты болады. Аспан, жер, адам — бұлар үшкілдік бірлікте белгілі бір даму жолымен (дао) тіршілік кешеді. Екінші мектеп Конфуцийдің атымен тығыз байланысты. Конфуций (қытайша Кун Цю, Кун Чжунни, ал әдебиетте көбінесе Кун-цзы, ұстаз Кун деген атпен белгілі) б.ж.с.д. 551 79 жылдары Лу патшалығында өмір сүрген. Ол кедейленіп қалған ақсүйек әскербасының семьясында дүниеге келді. 22 жасынан бастап ұстаздық жұмыспен айналысты, атағы бүкіл Лу патшалығына жайылды. Конфуций мектебінде, негізінен, төрт пәннен дәріс оқытылатын. Олар – тіл, ахлақ, саясат және әдебиет. Конфуций елу жасында Лу патшалығында көрнекті саяси қайраткерге айналды. Алайда, сарай төңірегіндегі саясатшылардың жаласынан он үш жыл бойы ел аралап қаңғырып кетуге мәжбүр болды. Бірақ та басқа Қытай мемлекеттерінде оның жаңа ілімі ешқандай қолдау таппады да, 484 жылы туған Отанына қайта оралған еді. Конфуцийдің ілімі туралы оның шәкірттері жазып қалдырған «Лунь юий» («Сұхбаттар мен пікірлер») атты еңбектен мағлұмат аламыз. Онда Конфуцийдің ойлары мен тұжырымдары, қағидалары мен пікірлері жинақталған. «Лунь юий» — біздің заманымызға дейін сақталған бірден-бір мәдени ескерткіш. Конфуций ілімінің ерекшелігі сол, ол адамгершілік мәселелерін бірінші кезекке қойған. Ал рух, аспан денелерінің қозғалу заңдылықтарына еш көңіл бөлмейді. «Өмірдің не екенін білмей жатып, өлімнің, рухтың не екенін қайдан білейік», — деген екен ол. Алайда, көкті пір тұтқандығы ақиқат, көк тәңірісіне құрбандық шалуды оған деген адамдардың көрсеткен құрметі деп түсінген. Кейіннен Қытайдың «аспан асты империя» деп аталуына да осы ұғым өз әсерін тигізген сыңайлы. Жоғарыда айтылып өткендей, Конфуций өз ілімін адамға бағыттаған. Ол — алғаш рет адамның кісілік тұлғасы туралы ой қозғаған философ. Оның ілімі, жалпы алғанда, үстем таптың мүддесін қорғады, құлдықты сөкет көрмеді, сондықтан да ұзақ жылдар бойы мемлекеттік ресми идеологияға айналып, Қытайдағы қоғамдық өмірдің барлық салаларына өз әсерін тигізді. Конфуцийдің қазасынан кейін оның ілімі сегіз тармаққа бөлініп кетті. Олардың ішіндегі ең негізгілері идеалистік бағыттағы Мэн-цзы мектебі мен материалистік бағыттағы Сюнь-цзы мектебі. Бұл екі бағыт та Конфуцийдің шәкірттері Мэн жэне Сюньнің аттарымен аталады. Мэн-цзы Конфуций ілімдерін жинақтап, бір жүйеге түсірумен ғана айналыспаған, сонымен қатар, жаңа ойлармен толықтырьш отырған. Моизм мектебінің негізін салушы Мо Дидің (б.ж.с.д. 479-391 ж.) баса көңіл аударған негізгі мәселесі әлеуметтік ахлақ болып табылады. Бұл мектептің ілімі Конфуцийге мүлдем қайшы келетін. Өйткені, оның негізінде дерексізденген жалпы сүйіспеншілік жататын. Теориялық іспен айналысу — бос уақыт өткізумен бірдей. Адамдарға керегі нақтылы дене еңбегі, оның пайдалы нәтижесін, өмір үйлесімділігін көкке тән жігер реттеп тұрады-мыс. Кейіннен Мо Дидің ізбасарлары таным мәселелеріне көңіл бөліп, ұстаздарының қош көрмеген онтологиялық сұрақтарға жауап іздеген көрінеді.