3. Грамматикалық кідіріс.Грамматикалық кідірістің (бұл кейде «өлең аралық» немесе «тасымал кідірісі» деп те аталады) эмоциялылығы жоғары. Бұған әр сөзді бөліп, ашық, түсінікті, тыныс белгілеріне орай кідіріп оқу жатады.
Грамматикалық кідірістер – тыныс белгілеріне байланысты қойылатын кідірістер. Жазуда белгілі бір нормативті басшылыққа ала отырып, сөйлемге тыныс белгілерін қоямыз. Тиісті тыныс белгілерін сөйлемнің мән-мағынасына байланысты қою – сауаттылықтың негізі. Ал осы сөздерді оқуда тыныс белгі қойылған жерге грамматикалық немесе нормативтік кідіріс жасау – мәнерлеп оқудың негізгі шарты. Әрбір тыныс белгіге кідіріс жасаудың өзіндік ерекшелігі бар. Хабарлы сөйлемнің соңында қойылатын нүктеге кілт тоқтамай, сөз соңындағы сөз немесе тіркес бояу созылыңқырай оқылады. Сол сияқты бастауыштан кейін қойылатын сызықшаға арнайы тоқталып, кідіріс жасамаса, бастауыштың синтаксистік қызметі өзгеріп кетуі мүмкін. Мысалы, Ол – инженер Асыл. Ол инженер – Асыл. Дикция (үн реңі).Мәнерлеп оқуда дикцияның мәні зор. Дикция– сөйлеудің тазалығы мен ашықтығы. Бастауыш сынып мұғалімдерінің дикциясы ашық, таза болып, сөйлеу тілінде мүкіс болмауы керек. Ол үшін мұғалім дыбыстардың жасалуының артикуляциясын жақсы біліп, сөйлеу барысында оны дұрыс қолданып, оқушыларынан да соны талап етіп, түрлі артикуляциялық жаттығулар жасап отырғаны жөн.
Мұғалім өз сөзін анық, айкын айтуға тиіс. Оның сөзі – балаларға үлгі, оқушылар мұғалімге еліктейді, кейде қате айтқан сөзін де ұғып алады. Сондықтан мұғалім өз сөзіне мұқият болып, өте тез асығып сөйлеу сияқты кемшіліктерді жібермей байқап отыруды дағдыға айналдыру керек.
Анық, таза сөйлеу дәрежесіне үнемі артакуляциясын жаттықтыру арқасында жетуге болады, яғни сөйлеу мүшелерінің қажетті дыбыстарды айтуға ыиғайлап, бір қалыпты қозғалуы мен позициясы жағдайында ұстау. Бұл жаттығулар еріннің қимылына, жақтың жылдам ашылуына, тілдің жылжымалығына, кей дыбыстарды (р, ш, с) дұрыс айтуға дағдыландырады; тез сөйлегенде, созып сөйлегенде т.б. кездесетін кемшіліктердің болмауына көмектеседі.
Дыбыстардың сөйлеудегі артикуляциясын қазақ тілі сабағында фонетиканы өткенде жетілдіреді. Фонетиканы жақсы білу дикцияны түзеуге берілген жаттығуға көмегін тигізеді.
Дұрыс дыбыстауға жүргізілетін жаттығулар алғашында мұғалімнің басшылығымен жүргізіледі де, кейін оқушылар өздері әбден дағдыланып, сөйлеуде жіберілетін қатені де тауып түзейтіндей жағдайға жеткенде, өз беттерінше шұғылданады.
Оқу кезіндегі меңгерілген дауыс кідірістері оқушылардың ойын әсерлі жеткізуіне көмегі тиетіндігі сөзсіз. Мәнерлеп оқуды дұрыс жолға қою жұмысы көркем шығарманың эмоциялық жақтарын бере біліп оқумен де тығыз байланысты. Шығарманың мазмұнына қарай мәтіннің бір жері қуанышты, шаттық сезіммен оқылса, екінші бір жері – жарамсақтық мінез-құлықпен, үшінші біреуі ызғарлы, ашулы дауыспен оқылады. Әрине, мұны талап етіп тұрған жазушының немесе ақынның сөз қолданысы кейіпкерлердің бойына құйған қуаныш-қайғысы, толғаныс-тербенісі, қасірет-мұңы болып табылады. Сол үшін көркем сөз мәтінін оқыған уақытта автордың және кейіпкерлердің ой-сезімінің түрлі реңкін сазына келтіріп оқи білуге жаттықтырылады. Шығарманың әуен-сазы, ырғақ-ұйқасы, барлық интонациялық құрылымы дауыстап сөйлегенде ғана көрінеді. Сондықтан ырғаққа аса көңіл бөлген жөн. Өйткені ауызша сөйлеуде де, мәнерлеп оқуда да ырғақтың орны бөлек. Ырғақ дегеніміз – өлең сөз бен қара сөздің сөйлемдерінде дауыс толқынының бірде бәсең, бірде көтеріңкі келіп отыруы.
Бастауыш мектеп оқушыларында оқу тәртібі мына шамада өтіледі: 1. Балаларды оқығанда тыңдауға дайындау. Бұған жататындар балаларды алдын-ала психологиялық тұрғыдан дайындау, естігенін ұғатындай жағдай жасау, оларды ұйымдастыру жағы.
2. Балаларға шығарманы оқу. Оқу кезінде көркем туындының образын нақтылай түсуге немесе қорытындылауға иллюстрация, сурет, диапозитив, кесте тағы осындай көрнекті құралдар қолданылады.
3. Оқылған шығарманы мазмұны бойынша пікір алысу, әңгімелесу. Бұған жататындар балалардың өздерінің пікір айтуы, мұғалімге қоятын сұрақтары, оның қайтаратын жауабы, мазмұндап айтып беруі, оқылған мәтін бойынша балалардың шығармашылық жұмыстары (сурет, бейне, жабыстыру, әңгіменің аяғын жалғастыру т.б.).
4. Көркем шығармада суреттелген өмір шындығының елесі жайлы балалардың түсінігін қорытындылау. Қорытындыны оқылған әңгіме, өлең бойынша мұғалімнің қойылған сұрағына балалардың жауап берулері немесе тақырыпты аша түсу үшін мұғалімнің толықтыру әңгімесі арқылы жасауға да болады.