Дәріс № 5 Тақырыбы: Химия тілін түсінуді жетілдіру жолдары.
Тапсырманы орындауға нұсқау. Химиялық таңбалардың ішіндегі ең маңыздысы – тіл. Басқа таңбалар осы тілдің негізінде жасалады да, тіл арқылы тікелей іске қосылады. Осы тұрғыдан қарағанда, таңбаның мәні мен мағынасы – пікірталас туғызатын мәселелердің бірі. Философтардың пікірлері бойынша, таңбаның мәні – белгілі бір нәрсе не зат туралы беретін информация. Феноменологиялық теория тұрғысынан кез келген таңба ой мен нәрсені ұштастыру құралы ретінде қарастырылған. Бихевиористердің көзқарасы тұрғысынан, таңба – іс-әрекет, басқаша айтқанда реакция (рефлекс). Прагматиктер таңбаның мәнін оның іске жаратылуы немесе ол арқылы іс-әрекеттің реттелуі деп түсіндіреді. Психологияда ассоциация теориясы бойынша нәрсе мен таңба арасында қарапайым түрдегі ассоциациялық байланыс бар деп қарайды.
Химия ғылымының тілін химиялық терминология, химиялық номенклатура және химиялық символика деп үшке бөліп қарастырып келді. Бұлардың әрқайсысының өзіндік мағынасы, құрастыру тәсілдері және танымдық қызметі бар. Химиялық символика мен номенклатураның әрі қарай да жіктелуі бар.
Бақылау сұрақтары: Химия тілін түсінудің семиотикалық негіздері.
Химиялық тілдің негізгі бөліктері
Дәріс № 6 Тақырыбы: Оқушылардың білімін және білігін тексеру.
Тапсырманы орындауға нұсқау. Оқытудың нәтижесін шығару – оқыту барысындағы аса маңызды бөлік. Оқыту мақсатының орындалуы, мазмұны, құралдары, әдістері және ұйымдастыру формаларының тиімділігі оқушылардың білімі мен білігін тексеру арқылы анықталады. Тұтасынан алғандағы оқытудың барысы тәрізді білім мен білікті тексеру де үйрену, тәрбие беру және оқушылардың ақыл-ойын дамыту мақсаттарын көздейді.
Оқушылардың білімі мен білігін тексеру арқылы мұғалім өз ісіне талдау жасайды, қолы жеткен табыстарын молайтып, жіберген кемшіліктерінің себебін ашуға ұмтылады. Оқыту мазмұнына, ұйымдастыру формаларына, құралдары мен әдістеріне өзгерістер енгізеді, жетілдіреді.
Жүйелі жүргізілген тексеру оқушыларды әр сабаққа әзірленіп келуге машықтандырады, өз ісіне деген жауапкершілігін арттырады, жолдастарының алдында есеп беруге, өз ойын анық және дәл жеткізіп сөйлей білуге үйретеді.
Білімі мен білігін күнделікті, тоқсандық, жылдық және қорытынды тексеру арқылы оқушылар сыныптан сыныпқа көшіріледі, мектеп бітіру емтихандарында сыналады.
Сонымен, оқушылардың білімін, білігін тексеру мен бағалау, бақылау, оқыту, тәрбиелеу міндеттерін атқаруды қамтиды және дағдысын тексеру дидактикалық жағынан алғанда бақылау, үйрету, бағдарлау және тәрбиелеу міндеттерін атқарады. Мұғалім оқытудың әр кезеңінде оқушылардың өтілген материалды қалай меңгергенін бақылайды. Бақылау нәтижесін талдау арқылы оқушыға бағыт-бағдар нұсқайды, білім алу жолындағы мақсатын орындауда қажырлы, адал және шыншыл болуға тәрбиелейді.