Дайындаған: Уразалы Аяжан Жаңабайқызы, қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының студенті (ЖезУ)
Жезқазған
Бір ғана тіл?
Шынайы өмірде ешқашан іске асырылмайтын, әртүрлі гипотетикалық жағдайлар туралы ойлау, қашан да қызықты. Адамның ойлануға көп уақыты бар, сондықтан кейде қиялға ерік беріп, түрлі оқиғаларды елестетуге болады. Кейбір жандар болашағын, отбасын немесе түрлі қиындықтарын ойласа, ал мені “егер барлық адам, бір тілде сөйлесе не болады?’’ - деген мәселе толғандырады. Бірінші кезекте, барлығымызға бұл істің тек позитивті тұстары елестейді. Соларға тоқтала кетсек. Әлемде бір ғана тіл болса, барлығымызға үлкен мүмкіндіктер есігі ашылатыны сөзсіз. Кез - келген елге оңай саяхат жасалып, территориялық шекаралар болмас еді. Фильм, кітап, музыканың бәрі түпнұсқалық қолданыста болады. Мысалы, дубляж жасалып, редакциядан өткен кітаптар мен фильмдерде автордың тұтынушыға жеткізгісі келген ойы, үлкен өзгеріске ұшырауы мүмкін. Ал түпнұсқада болса, біз автордың өзіндік стилін, сол бір жеткізгісі келген ойын жақынырақ сезініп, түсінеміз. Бұдан бөлек, өзге тілдегі мәліметтер оңай қолжетімділікте болады. Елдер арасында қақтығыстар азайып, тіл білмеу мәселесі жойылады. “Біздер’’, “олар’’, “аналар” деген топқа бөлінулер, тіптен болмайды. Осыған байланысты адамдар, өзінің жан қалауына байланысты, кез - келген мемлекетке барып жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Қарап тұрсақ, әлем керемет болатындай, иә? Ендігі кезекте, бұл ойды кеңінен қарастырайық. Біріншіден, бүкіл әлем бір тілде сөйлесе, ең алдымен әр ұлттың өзіндік даралығы жойылады. Адамдар бір - біріне ұқсап, кімнің қай ұлт өкілі екендігін ажырату қиындық туғыза бастайды. Уақыт өте әлемдегі мәдениет пен дәстүр түрлері азайып, олар барлығына ортақ болады. Әр халықтың өзіне тән ерекшеліктері аз және басқа халықтармен ортақ болғаннан кейін, жаңа мәліметтердің пайда болуы бәсеңдейді. Шет елге барғанменен, ол жақта біз білмейтін өзгеше ешнәрсе болмайды. Өйткені бір тіл, бір дәстүр, бір мәдениет. Бұның барлығы адамдардың ойлау қабілетін төмендетеді. Себебі, тіл - ақылдың өлшемі. Келесі мәселе, тіл мамандарының және осы салада білім беретін оқу ордаларының сұраныстан алынып тасталуы. Дубляж және субтитр жасаудың керегі болмай, бұл мамандықтардың да маңызы жоғалатыны айдан анық. Осылайша, мидың дәл осы тіл білу бөлігі, тіптен жұмыс жасауын тоқтады. Адамдардың сөздік қоры азайып, тілдік ерекшеліктер жоғала бастайды. Енді, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін келтірсек. Тілдің ұлт өмірінде, даралағында, дәстүрі мен мәдениетінде маңызды рөл атқаратындығы анық. Пілден де күшті, сүйегі жоқ болса да, сүйектен өтетін 300гр - дық еттің құдыреті шексіз. Сондықтан да тілімізді өлтірмей, тірі өлген елге айналмайық.