ҰЛЫ ДАЛА тарихы
289
үстемдігін нығайта түсу мақсатында Ресейге елшілер жіберіп, патша ағзамға
бағыныштылығын білдіреді. Ал, кең-байтақ қазақ жерін басып өтіп, Түркістанды
тұтастай табанының астына салуды көздеген, әрі осы мақсатта “жабайыларды
жабайылардың қолымен қыруды” ойлаған Ресей патшалығы қалмақтарды
қолдап отырды, тіпті, I Петр “сенім білдіріп” Аюке ханға Ресейдің оңтүстігін
көшпелілердің шабуылынан қорғауды тапсырады. Ресейдің тілін тапқан әккі
Аюке хан 1690 жылы күллі мұсылманның орталығы халифатқа хат жолдап,
бағыныштылығы мен адалдығын білдіріп, Ыстанбұлға елші аттандырады.
Османлы үкіметі елшілерге берген жауабында, егер Қырым ханымен және
мұсылмандармен тату тұрар болса Аюкенің өтінішін қабылдап, оны өз қанатының
астына алатынын мәлімдейді. Араға жылдар салып Ыстанбұлға қайта елші
жіберген Аюке хан, халифаның ілтипат-мейіріміне рахмет айтады. Халифаның
айтқанын екі етпей орындағанын мәлімдеген ол, хатында мұсылман башқұрт
халқымен одақтасып Ресейге қарсы шыққанын, бұдан былай да Ресеймен
күресе беретінін әспеттеп жазады. Бір ескерер жайт, мұрағаттардағы хаттарда
Аюке хан туралы “қыпшақ ханы” деп жазылған. Демек, халифаның көңілін табу
үшін ол өзін мұсылман үмбетінен, қыпшақ қауымынан етіп көрсеткісі келсе
керек. Міне, осы кезеңде қалмақтардың Османлы еліне елші жібергенін естіп
қалған Қайып хан, Сейітқұл (Османлы мұрағатында толық аты-жөні «Сейіт
Мұхаммедқұлы» деп көрсетілген) батырды Ыстанбұлға суыт аттандырып,
Аюкенің қитұрқы тірлігі мен жымысқы әрекетін әшкерелейді. Екі жүзді қалмақ
ханының шын мәнінде Ресеймен одақтас болып, мұсылмандарға озбырлық
жасағанын айтқан Қайып хан, хатында былай деп жазды: «...Сізге елші жіберіп
бағыныштылығын білдірген Аюке берген сөзінде тұрмай, сатқындық жасап,
Мәскеумен одақтасып, мұсылмандарға шабуыл жасады. Содан кейін, малғұн
қалмақты екі рет шауып, жазасын бердім... Бауырым Қырым ханының да тап
осылай жасауын сұраймын.” Хаттың соңына Түркістан хандарынан Қазақ
ханы Қайып Мұхаммед хан деп қол қойылған. Демек, тарихта Қайып хан деген
атпен белгілі бұл ұлы тұлғаның азан шақырылып қойылған толық аты – Қайып
Мұхаммед болса керек. Сонымен қатар, хаттың соңына тұтас қазақтың, яғни үш
жүздің ханы ретінде қол қойған Қайып хан, осылайша Əз Тәуке ханның мұрагері
һәм ұлы хандықтың толық иесі екенін аңлатады. Тұтас қазақтың атынан сөз
сөйлеген оны 1718 жылы Ресей императоры І Петрге де хат жазуға итермелеген
осындай жауапкершілік сезімі болса керек.
Айта кетерлік жайт – Ыстанбұлдағы мұрағат қорының «Наме-и хумаюн
дәптері» бөлімінде сақталған Қайып ханның хаттары Османлы тілінде жазылған.
Бұдан шығатын қорытынды – Қайып ханның жазған хаттары Ыстанбұлда Осман
түріктерінің өзі кейде түсіне бермейтін «Сарай тіліне» аударылып, халифа-
сұлтанға ұсынылған. Дәстүрлі үлгі бойынша халифа-сұлтанның құрметті лақап
аттары мен ұлық дәрежесіне мадақ айтылып басталған хаттар, сол кездегі
|