ҰЛЫ ДАЛА тарихы
224
Ауғанстан, Солтүстік Үндістан мен Иранды қамтыған мемлекеттің билеушісі
болып ресми түрде бекітілді.
Көп ұзамай Селжүктердің пайда болуы Орталық Азияда үлкен саяси
өзгерістерге жол ашты. Ұлы Селжүк Сұлтаны Мәлік-шах (1072-1092) 1082
жылы Мауренаһрды жаулап алып, Өзгентке (Ферғанаға) келді. Шығыс
қарахандықтардың билеушісі Хасан хан оның үстемдігін мойындады.
Қарахандықтар селжүктердің вассалына айналды. 1141 жылы Самарқанның
маңындағы Катван шөлінде селжүктер мен қарахандықтар қарақытайлардан
жеңіліп, бағынышты болады. Орталығы Баласағұнда орналасқан моңғол тектес
қарақытайлар түрк-моңғолдардан құралған жасақтарымен Жоңғария мен Жетісу
аумағын өзіне қаратты.
Қарахандықтар мемлекетінде билік көне түрк мемлекеттік дәстүрлеріне сай
жүргізілумен қатар, мұсылмандық дәстүрлер де жүзеге асырылды. Лауазымдар
мен билік жүйесі Түрк қағандығындағыдай болды. Қарахандық билеушілер
иемденген «қара» (ұлы), «арслан», «тоңа» (барыс), «боғра» (бура, еркек түйе)
лауазымдары көне түрк кезеңінен бастау алады.
Ислам дереккөздерінде Қарахан әміршілеріне қатысты «Афрасияб ұлдары»
деген сипаттама жиі қолданылды. Яғни, қарахандықтар өздерінің арғы тектерін
өте көне замандарда әлемнің ең қуатты түрк билеушісі ретінде аңыз болып
айтылатын Афрасиябтан тарады деп санаған. Дереккөздерде Афрасиябтың
лақап немесе түркше аты Алп Ер Тоңа деп айтылады. Осы дәуірде Орталық
Азияда ислам өркениетіне зор үлес қосқан ғалымдар мен ойшылдар тобы
шықты. Қашқар, Тараз, Баласағұн, Исфиджаб, Үзгент, Бұхара, Самарқан
қалалары ислам мәдени орталықтарына айналды. Осы дәуірде ұлы түрк
ойшылдары Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, Ахмет Ясауи және басқа түрк
ғұлама ғалымдар өмір сүрді.
Достарыңызбен бөлісу: |